АСЫЛБЕК ЖАҢБЫРБАЙ. САРМЫС БАТЫР

 

Адай деген ел едік –
Әруағы бұлттай торланған,
Есепсіз дәулет қорланған.
Екіталай іс болса,
Бір жағын күшпен қолға алған.
Батырлық, байлық, биліктен
Жоқ еді жерім құр қалған.

Зәкария Сағындықұлы  

1. Туған жермен тілдесу

 

Маңғыстау – үш қиянның өткен жері, 
Жерленбей жеті жұрттың кеткен жері. 
Иеленіп ен даланы, елсіз жерді,
Атамыз Адай мекен еткен жері.

 

Түмен Балтабасұлы

 

Әрайна, а, Маңғыстау, қасиеттім,

Тегімді тумысымнан асыл еттің!

Біз жүрміз бір Алладан үміт үзбей,

Көрсек те мың нешесін қасіреттің.

 

Сыр бүгіп жатқан анау боз төбе-ді,

Таулардай биік қылып көз көреді.

Таулардай биік қылып сөйлеп кетсем,

Жыр болып таусылмайтын сөз келеді.

 

Сөзімді «бісмілләсіз» бастамадым,

Атыңды дұға қылсам тастамадым.

Атыңнан айналайын, Атамекен,

Арзу-дүр қарт далама жас талабым.

 

Жаралған задың нұрдан, Бабакүлдік,

Сен едің бөлек болмыс, дара құрлық.

Өзіңде тәубе деумен кеш батырдық,

Өзіңде шүкір деумен таң атырдық.

 

Қаласаң – әруағымды шақырайын,

Қаласаң – дұшпанымды жапырайын.

Көне сыр, ескі әңгіме, бағзы баян –

Қат-қабат тарихыңнан дәп ұғайын.

 

Өр өлкем, атың – аңыз, затың – абыз,

Сендік дәт – сол дүрлердің дәті нағыз.

Өшкен жоқ көкейіңнен қанды із әлі,

Айтпайды босқа сарнап ақын арыз.

 

Шаңдақ қыр, кемиек құм – жатыр бәрі,

Мылқаудай үндемейді тақыр кәрі.

Ту тігіп, тұлпар мінген, қанын төккен,

Жанын да қиған – елдің батырлары.

 

Алдымен тарихыңды түгенделік,

Кеудемді мен сол кезде жүрем керіп.

Бойласам көне сүрлеу таусылмайды,

Төсіңді шимайлаған білемденіп.

 

Осынау топырағыңды тіреу көріп,

Жатады біреу кетіп, біреу келіп.

Секілді тарам-тарам қан тамыры,

Созылған жолдарың көп білеуленіп.

 

Мына жол талай көзді талдырыпты,

Мына жол талай жанды жандырыпты.

Бұл жолмен бұрынғылар қаңғырыпты,

Бұл жолмен бүгінгілер жаңғырыпты...

 

Көш түзеп, таудан асып ел қайтады,

Зарлы әнін салған сайын желге айтады.

Жел ғана түбегіңнен мұң тербеді,

Жел ғана жүрегіңнен шер байқады.

 

Жел сөзді мен жазайын өлең қылып,

Қалмайын шатпақ сынды төмен бұғып.

Таңдайын тақтақ сынды туралықты,

Барлайын бәйітпенен өреңді ұғып.

 

Болсаң да зарлы қиян, қанды қиян,

Жолыңда есіл ердей жанды қиям.

Кім келіп, кім кетпеген мына саған,

Аспаған әулиеңнен сан зымиян.

 

Қоныссың үш жүз алпыс әулиеге,

Қаруын дарыта алмас жау киеге.

Жетеді таңда айтылған шүкір Хаққа,

Жетеді кеште айтылған тәубе Иеме!

 

Құс сынды шырылдаған ұя баптап,

Көп қондым қорымдарға зияраттап.

Бабалар аманат деп тапсырған соң,

Қимаймын титімдей де қиянатқа-ақ.

 

Намысты ұл менен қыз туса мұнда,

Өзіңсің – менің мәңгі сусарым да.

Қаным бар сіңіп қалған топырағыңда,

Жасым бар сіңіп қалған жусаныңда.

 

Түйіршік тасыңды да қастерледім,

Ар үшін шу асаудай бас бермедім.

Құдайды танымаған, Адай түгіл –

Кәпірдің көрдім талай ғаскерлерін.

 

Кер заман туды еліме қан жалақтап,

Тіктедім еңсемді әрең – қалбалақтап.

Тарпаңдай жардан аттап өтсем дағы,

Шайтандай кете алмадым ардан атап.

 

Жар болды Пір Бекетім жебеп келіп,

Тәңірім тұрғаннан соң медет беріп.

Баптайық қазанатты Көкмойнақтай,

Сақтайық азаматты – керек делік!

 

Дертті күн шерлі келер көңіл түбі,

Сертті күн белгіленер өмір құны.

Басты арман – абыройды сақтап қалу,

Ешкімді жібермеген өлім тірі.

 

Қорқыныш емес мүлде – өлім деген,

Жатсам да сені ойлаймын көрімде мен.

Өлмейтін, шаһит кешкен ерім – берен,

Жұмақ қып жүрегімнің төрін берем.

 

Дұшпанды батырларым қуған белім,

Қырғында кекпен жүзін жуған-ды елім.

Қазақтың тыныштығын тілеп тұрмын,

Әрдайым сен аман бол, Туған Жерім!..

  

2. Шежірелі шалдарым

 

Мақтаныш етіп сөйлесем,

Біз – Адайдың көбіміз.

Ішінен Бекет пір өткен,

Туына елді түнеткен –

Әли менен Бәйімбет,

Жаулы менен Шоғымыз.

 

Сүгір Бегендікұлы

 

Шежірем – хатқа түскен әр дастаным,

Шалдарым – асыл текті алдаспаным!

Құдайым берген бақтың арқасы ғой –

Ғасырдан ғасырларға жалғасқаным.

 

Ел едім – өрлеу үшін жаратылған,

Ер едім – өлмеу үшін дара тұрған.

Сондықтан мен айтайын өз жайымды,

Кім десең топты жарып баратырған.

 

Қолдады құт иесі – Қызыр келіп,

Қырсықты Ібіліс те ізімде еріп.

Иілмей кетсе керек пенде басым,

Пері мен Періштенің жүзін көріп.

 

Алдымнан шартарапқа шығар бағыт,

Алыста манар тау тұр мұнарланып.

Тозыңқы көрінгенмен маңғаз дала,

Көркіне көз тоймайды құмар қанып.

 

Маңғыстау – сол баяғы маң қияным,

Кезіп жүр самал желдей сан қиялым.

Түзде өстім, құла майдан қырда туып,

Бұл жолда жортып жүріп жан қиямын.

 

Төсі – кен, топырағы – майлы, құтты,

Талайлар киесінен қаймығыпты.

Әруақты ерлерімді тентек дейді,

Жүрегі патшаның да шайлығыпты.

 

Озалдан Адай жайлы – айтарымыз,
Маңғыстау, Үстірт, Арқа – байтағымыз.
Жырлайын ерлік жырын алқаңызда,
Жамиғат, жақын келіп жай табыңыз!

Болғанда қалың Адай сегіз арыс,
Құдайке, Келімберді – шері нағыз.
Қосайым – жол бастаған үлкен ауыл,
Бар бізде ол жайында небір аңыз.

Жазылды батыр баба туралы көп,
Ұрандап – жер түгілі, шулады көк...
Қосайда қара қылды қақ жаратын
Қалдыбай би болыпты «туғаны» жоқ.

Ол заман бейне сасқан секілді үйрек,
Тұрған шақ пара дейтін «өкім» билеп.
Алдына айыпты бай бара алмаған,
Атапты ел Қалдыбайды «Жетім би» деп.

Қашады қырға қарай ой-қысырақ,
Біткен бе келушілер сойды сынап?
Жұртынан əлде Табын, əлде Əлім,
Бір кісі Жетім биге қойды сұрақ:

– Биеке, айтыңызшы Мұңал жайлы,

«Бекет» деп Адай біткен ұрандайды.

Кім шыққан бұл Мұңалдан одан басқа,

Тағы да кімді мақтап жыр арнайды?

 

– Мұхаммед – Мединада Пәруарым,
Қожа Ахмет – Түркістанда Сәруарым!
Хақ діннің силсаласын жалғастырған
Пір Бекет – Маңғыстауда Әруағым!

Айтамыз Алладан соң Бекетті біз,
Бекер іс – келген болса кекеткіңіз.
Атамыз – мұсылманға ортақ адам,
Тура жол көрсететін жетекшіміз.

Мұңалым – елдің Қарашаңырағы,
Мың тұлға керек десең табылады.
Айтулы Мұңал-Ошақ қазылған үй,
Адайдың оты сонда жағылады.

Біліп ал бұл Мұңалдың сырын менен,
Мұңалдан Мұхаммедтің нұрын көрем.
Жарық боп қырық шырақтай жанып тұрған
Ауыл бар қырық ахунды Құрым деген.

Ұғып ал бұл Мұңалдың жырын тыңдай,
Содан соң жөніңді тап қырын тұрмай.
Бір емес, қырық рудың дауын шешкен
Ауыл бар қырық билі Қырымқұлдай.

Қырын ал бұл Мұңалдың біліп, түртіп,
Ерлігін ерлерім тұр шын ұқтыртып.
Қырымның қырық батыры сияқтанған
Бір ауыл – қырық батырлы Қырықмылтық.

Өмірдің көрген талай азабын мың,
Барлығы – өз ұлдары қазағымның.
Үш ауыл – құты Қарашаңырақтың,
Үш бұты Мұңал-Ошақ – Қазанымның.

Танытқан тумысынан тектілікті,
Ұмытсаң еске салар Көк Түрікті.
Адайдың берекесі – Мұңал деген,
Айтқаным үш ауылды – жеткілікті!..

Жетім би бұдан артық мақтамады,
Кісі еді – танытатын ақ-қараны.
Кешегі жырауларым жырлап кеткен
Төрт Мұңал түгел болса бақ табады.

 

Тік тұрған төрт қабырға – төрт Мұңалым,

Үлкен үй құламасқа серт қыламын.

Адайдың ақ ордасы аман-сауда,

Дұшпанға маза бермес дертті ұғамын.

 

Қартым бар – шежіре боп жатталатын,

Салтым бар – ереже боп сақталатын.

Талайлы тарихыма қарап тұрсам,

Жайым жоқ жаза басқан, ақталатын.

Біз жүрдік бабалардың жолыменен,
Күтулі алдымыздан соны белең.
Əли де, Бəйімбет те, Жаулы да – дүр,
Кенжесі Қырықмылтық – Шоғы дер ем.

Астына ақбоз атты мінген Шоғы,

Үстіне сауыт киіп жүрген Шоғы.

Қолына толғамалы найзаны алып,

Толғай да толғай дәурен сүрген Шоғы!.. 

 

3. Қырықмылтықта – қырық батыр

 

«Қырықмылтық» екен лақабы,
Сөз айтайын Шоғыдан.
Желі аумаған оңынан, 
Өткелдің дария толынан, 
Кетпеген дәулет қолынан. 
Қанша мейман келсе де 
Қазаны піскен толыдан. 
Алыс шығып кеткен жоқ 
Шариғаттың жолынан. 
Арланатын жерінде 
Жеңбей қалмас соңынан. 
Жауласатын жерінде 
Қашпаған жаудың оғынан. 
Есекей, Жолай болғалы 
Жүйріктері озған тобынан. 
Дұшпанға қатты ыссы еді 
Таскөмірдің шоғынан. 

 

Ыбырайым ахун Құлбайұлы

 

«Жауға қой найза бер де Кіші Жүзді»,

Таныттық талай тұста сұсымызды.

Алшыннан Адай болып бөлініппіз,

Енші алып, жөнге салып ісімізді.

Адайдың сегіз арыс баласы бар,
Байұлы – он екі ата саласы бар.
Желкеде Жетірудай жағасы бар, 
Арқада алты Əлімдей ағасы бар.

Адайдың асыл задын қош көремін,
Зарпынан зəузат болып өскен едім.
Қозғалып Əзіреті Алатаудан,
Сауранды үш айналып көшкен елім.

Адайдың Алғи-Нұрда жолы жатыр,
Отпанда жебе таңба – оғы да тұр.
Төрінен Түркістанның тұрақ тапқан
Шер еді-ау шөбересі – Шоғы батыр.

Таланды ит дұшпанға шетте қазақ,
Бұл өзі неткен қасірет, неткен азап?!
Сардардың бірі болып қаһарманым,
Сауран мен Түркістанды еткен азат.

Ұқсайды ақыл барда сай тасына,
Ұқсайды атылғанда жай тасына.
Қатысты алыптардың айқасына,
Қатысты қазақ-жоңғар шайқасына.

Мұңалдан туған көзі шоқтай жанып,
Сондықтан Шоғы болды оттай қарып.

Лайықты сардар болды әскеріне,
Жауына көк найзасы оқтай дарып.

Өмірде түрлі-түрлі атақ көп-ті,

Және де атақ жайлы шатақ көп-ті.

Шоғының қырық мылтықты сарбазы бар,

Ел сосын «Қырықмылтық» деп атап кетті.

Өрлеген Қырықмылтықта қырық батыр,
Көнбеген баһадүрлер ырыққа кіл.
Ел шеті, жау өтінде жүрсе де олар –
Өлмеген, шейіт болып тыныпты ақыр.

Шоғының қабыландай қос берені –
Есекей, Жолай дүреп өскен еді.
Бүгінде бұл екі ата ұрпақтары

Айтылған өсиетті ескереді.

Сол уақта екеуінің тіл қатқаны:

«Біз едік Шоғы батыр ұрпақтары.

Бұйыртса, бір рулы ел боламыз,

Өскен ел сақтап қалар бір тақтаны.

Тараған зәузат болсаң кіндігімнен,

Танылың бірлігіңмен, тірлігіңмен.

Бірақ та барлығыңа ескертемін,

Қыз беріп, қыз алмаңдар бір-біріңнен!»

Жыл түгіл, содан бері ғасыр өтті,

Орнады небір заман қасіретті.

Өсиет сақтап қалды қасиетті,

Өсиет ата текті асыл етті!

Шоғының қабыландай қос берені –
Есекей, Жолай дүреп өскен еді.
Бәкілік, Жарас туып Есекейден,
Жалғаумен баба жолды – көшке ереді.

Шындәулет, Сарба, Сатақ – Бәкіліктен,
Атынан дұшпан қорқып, ат үріккен.
Есімін Ақжігіттің ел ұмытпай, 
Бейнеуде бір ауылға аты біткен.

Жарастың артындағы бар қызығы,
Қалады Ер Тікенек – жалғыз ұлы.
Әкенің бейнесі жоқ қыршын кеткен,
Ананың жадында бар зарлы жыры.

Батырлық – бастың емес, қауым қамы,
Тікенек – өніп-өскен ауыл дағы:
Ерлерім – Құттықадам, Қармыс, Сармыс,
Бозша мен Сексенбайлар – бауыр бәрі.

Атанған «Бес Тікенек» – бұл бес бөрі,
Иттерге қиын соқты бірлескені.
Тарайды бесеуінен кіл мықтылар,
Жазайын солар жайлы жыр дестелі.

Заманның алағайын, бұлағайын
Басынан көп өткізген дүр Адайым.
Қармыстан – Басшы, Қосшы бас көтерді,
Сармыстан – Әуезберді, Құдабайым.

Сармыстың төрт құбыласы – төрт қосағы,

Он екі ұл, тоғыз қызы – отты ошағы.

Қылыш би, Төле молда, Күсеп палуан –

Кілең шер бір төбеде топтасады.

Айтайын Ер Сармыстың Қарағұлын,
Танытқан бойындағы даралығын. 
Серғазы, Қабаш, Асар – үш оғланы,
Солар-дүр асыл туған нар-алыбым.

Серғазы жадымызда жатталыпты,
Ерлігі есімізде сақталыпты:
Қапыда үш жүз түркпен шапқан кезде,
Аламан – алпыс Адай аттаныпты...

Баласы Құттықадам – Аткелтір-ді,

Танытқан дұшпанына өктем түрді.

Ұрпағы Айбас пенен Түбірқұлдай

Батырлар бұл мекенде өткен пірлі.

Баласы Құттықадам – Ер Қуат-ты,
Құдайым сұпылық пен берді бақты.
Қуаттан Дәуімшар бар – жауды көрсе
Астында азынатқан кер құла атты.

Ұрпағы Дәуімшардың аманында,
Итбатыр, Өмірбайлар – дара мұнда!

Баласы Өмірбайдың Түркпенбай бар,

Солар ғой жау ала алмас қамалым да.

Ұрпағы Дәуімшардың аманында,
Баласаң Шолақ биді бала мыңға!

Қуандық – Шолақ бидің немересі, 
Батыр да палуан болған заманында.

Бозша да аты шыққан шалдың бірі,
Бозшаның Самы – нағыз жанның дүрі.
Байлық пен батырлығы қатар бітіп,
Атына арқау болған – Самның құмы.

Сұрасаң, Самның ұлы Бақтыбай бар,

«Шейіт» деп бұл ерге де тақтық айдар.
Бұл сабаз – Құлшар-Күйдің атасы ғой,
Құдіреті тілің менен жақты байлар.

Бозшаның Жанықұлынан – Өтеміс-ті,
Жампоздай ел қайғысын көтерісті.
Жауда өлген Дәуімшарды алып шығып,
Көрсеткен жойқын еді-ау төте күшті.

Шоғының Жолайынан Жолмамбет-ті,
Жолмамбет ел-жұртына қорған бопты.

Бодан да батыр еді – бірге туған,
Босатқан кеудесіне толған кекті.

 

Даңқы мен дабыстары дүбірлеген

Ерлерді еске аламын бүгінде мен.

Боданның Көтеке мен Саршасы бар,

Кенжесі Кенжебай да дүрім дер ем.

Қаржау мен Қайырбек бар Кенжебайдан,
Қанатын қыран құстай кеңге жайған.
Қотырбас – Қайырбектің лақап аты, 
Ер еді-ау тисін деген елге пайдам.

Келтірмес Қотырбастың атына кір
Ұлдары – Шолан менен Кәкі батыр.
Алысса арыстандай ақыратын,
Жұлысса жолбарыстай жапыратын.

Баласы Жолмамбеттің Төлеген-ді,
Бұлар да болмысынан бөлек енді.
Сарт, Темір, Орақ туып Төлегеннен,
Дұшпанға қауіп болып төне берді.

Баласы Жолмамбеттің Жаңғабыл-ды,

Ұрпағы иеленген сан дабырды.

Ерлерім – Қарағұл мен Тәумен батыр,

Бояған шайқасқанда қанға қырды.

Баласы Жолмамбеттің Жарылғап-ты,
Батырлық бұл әулеттен арылмапты.
Аман, Есен һәм Түгел, Көкетік пен
Қарабас – «Бес Жарылғап» арындапты.

Түгелдің Есетінен – Рақ батыр,
Жасынан басын салған сынаққа кіл.
Аққұйрық тұлпарымен жауға шауып,
Сексен төрт жасқа жетіп құлапты ақыр.

Рақтан – аты шыққан Жарықбас-ты,

Жасынан жойыт болып қалыптасты.

Жараулы бура құсап күркіресе,

Іргесін дұшпан аулақ салып қашты.

Рақтың Қияқ батыр – бір туғаны,
Бөрідей жау жәумітті мың қуғаны.
Егіздей есімдерін ел жаттаған
Ерлер көп Қырықмылтықта дүр тұлғалы.

Айгөшек, Қангөшек бар Қарабастан,
Атағы алыстарға тарап асқан.
Бөгежан, Нұрбаулы мен Бекберді де
Жауымен өле-өлгенше жағаласқан.

Бес берен «Бес Қарабас» атаныпты,
Бас бермес бесеуі де сақа, мықты.
Жарылғап әруағымен жарылғапты,
Бес батыр атасынан бата алыпты.

Барлығы кеңге жайып жапырағын,

Жайлады бабакүлдік атырабын.

Баласы Тобышбайдың Ершуақ бар –

Ішінде Бекбердінің аты мәлім.

...Көңіліне Нұрбаулының толды алаңы,
Қинапты баласының болмағаны.
Ер Сармыс ұлды олжалап келген кезде,
Асырап алған екен сол баланы.

Сауғасын берді Сармыс ағасына,
Ал өзі жас қызды алды панасына.
Жеңгесі Ақзон сонда ырым жасап*,
Майкөт деп ат қойды орыс баласына.

 

*Ақзон анамыз үстіне ақ көйлек киіп, баланы киімінің ішіне салып, бауыздалған жас құлынның қанымен етегін қандап, өзі туған болып ырым жасайды.

 

Ананың ет жүрегі мейірленіп,

Кеңіпті тар құрсағы пейілденіп.

Жібіпті тас емшекті көкірегі,

Төрт ұлы майқұйрықтан кейін келіп.

 

Нұрбаулы – бір ру боп Шоғыдағы,

Көп тарап ұрпақтары молығады.

Майкөті Үркімбаймен, Кенебаймен,

Тайшымен, Мырзабаймен толығады.

Майкөттің Сегізбайы, Қожалағы –
Ерлікте қатарының озағаны.
Кенжесі Қарағұл да аршылан ғой,
Заманның төнген кез ол зобалаңы.

Адайда Қожалақты кім білмейді?
Батырдың жүрген жері сүргін дейді.
Ерегес екіталай болған шақта,
Хас жырау Қалнияздан жыр дүрлейді:

 

«Ей, Адайда батыр белгілі

Майкөттің ұлы Қожалақ,
Айбарың артық арыстан,
Жүрегің берік құрыштан.
Аман шыққан ер едің

Талай соғыс-ұрыстан.

Ақиқатын айтқанда,
Ерлігің сенің кем емес
Кешегі Төлеп, Қармыстан.

Арыдан айта келгенде,

Ағаларың бұрынғы

Есенқұлдың Есегі

Таутайлақпен алысқан,

Жезтырнаққа жабысқан.

Сармыс, Шотан, Ер Жанақ

Қалмақ жаумен шабысқан.
Атағозы, Ер Лабақ
Дұшпанды қуған қоныстан.

Тарихыңды қарасам,

Есекей Шоғы ауылда

Сармыс батыр белгілі

Өзіңнің атаң Майкөтті

Олжалап келген орыстан.

Ер Сармыстың тұқымы
Дәуімшар мен Құдабай
Патшаға қарсы ұрысқан.
Атаға тартып ұл өсіп,
Ерлігі саған жұғысқан.
Егесер жері келгенде
Ер өлмейтін бе еді намыстан?!

Тайғақ тірес жерлерде,
Ылайық емес ерлерге
Дұшпанды көріп ығысқан.

Сен – Адайдың сойылы,
Жауды көріп жасқанып,
Жиылмаған айылы.
Ерлігіңді сөз қылған
Адай түгіл, Байұлы.
Қазақ асып, түркпенге
Қожалақ атың жайылды.

Жалған айтты демеңіз

Қалнияз ағаң шайырды.

Қалың Адай ел үшін

Шейіт болды Қарағұл,

Болғай соңы қайырлы.

Қол бастаушы Қожалақ,
Жасақты жауға қалдырып,
Бұрма, батыр, мойынды.
Жәуміт қашты, біз қудық,
Құралық солай ойынды!..

Ақ ордасы Адайдың –

Үлкен үйім – Мұңалсың.

Батыр да өзің, пір де өзің,

Ұлы жиын құралсың.

Төрт Мұңалым тұрғанда,

Басқасы келіп Адайдың

Қолыңнан қалай ту алсын?!

Қарағұлдың қаны үшін,

Ағайын-елдің ары үшін,

Қожалақ батыр, қол баста,

Артыңнан Адай шұбалсын!
Әруаққа сыйынып,
Ұрандап жауға ат қойсаң,
Келімберді, Құдайке –

Сегіз Арыс Адайды
Ізіңе ертіп лап қойсаң,
Әруағың сонда аспай ма,
Дұшпаның қорқып қашпай ма?

Жауды жеңіп қайтқанда,
Ертең елге барғанда,
Ерлігің сөз болғанда –
Қалың елің қарсы алып,
Алдыңнан шашу шашпай ма?!.»*

 

*Қалнияз Шопықұлының (1816-1902) жорықта шығарған жыры.

 

Шегінбей сол Қожалақ батыр кері,

Біткенше шайқасады ақыр демі.

«Кімде-кім жаудан қорқып қайтар болса,

Қатыны – талақ, өзі – кәпір!» – деді...

 

Сөз айттық Адай деген жұрт хақында,

Адайдың жақсысы көп ұлтқа тұлға.

Тоқталдық Ер Шоғыдан тарайтұғын

Шоқтығы биік тұрған қырық батырға.

 

Жырладым баяғы өткен ақындарша,

Талайдың аты аталмай жатыр қанша?

Шіркін-ай, мына бізде арман бар ма,

Ғұмырды кеше білсек батырларша?!.

  

4. «Бес Тікенек» – бес бөрі 

Тікенектің тұқымына

Аса біткен мал да бар,

Жауға кетпес ар да бар,

Салтанат сәнді орда бар.

Алма мойын, аршын төс,

Жарқылдаған жар да бар.

Асыл киім киініп,

Кір жұқтырмас паң да бар.

Мінуге жүйрік жорға бар,

Тізе-тіркеп, қатарлап

Артуға атан нар да бар...

Ыбырайым ахун Құлбайұлы

 

Өлеңді қара сөзден оңай көріп,
Жырладым тұрған кезде орай келіп.
Адайда Қырықмылтық атап кеткен
Шоғыдан Есекей мен Жолай дедік.

Тарқатсам Есекейдің Жарасынан,
Жарастың шейіт болған шамасынан.
Ауылда Айша анамыз жесір қалды,
Ерінен айрылған соң – наласы нән.

Жорықтан Жарас батыр оралмады,
Опат боп отызға да тола алмады.
Жаманы – бірге кетті көп арманы,
Жақсысы – жары жүкті бола алғаны.

Келместі күрсінеді күте көңіл, 
Жалғаннан жоқ іздеумен бітеді өмір.
Қыршынның артындағы тікен болып,
Дүниеге келді солай Тікенек ұл.

 

Тілекті қабыл етті Жаппар Алла,

Жүрекке сабыр екті Саттар Алла.

Құрсаққа ұл біткенін сезген екен –

Ер Жарас жауға қарсы аттанарда.

 

Жалғыз ұл көрген емес жетімдікті,
Атасы үйретті оған не тірлікті.
Әлімнің Кетесінен қыз алмаққа
Тікенек ер жеткен соң ниетін қыпты.

 

«Сөз сөйлесек төтелеп,

Айырып талдап, жекелеп.

Жалғыз ұлы Жарастың –

Халыққа мәшһүр Тікенек.

Өзіне сай алғаны

Асыл қызды некелеп.

Тікенектен табылды

Дүние қажет – не керек.

Ажарын айтсақ болғандай

Алтын шайған кеселеп.

Тікенектің айбары –

Жалынғандай дұшпан «көкелеп».

Шешен еді таңдайы,

Тапқандай сөзді өте көп.

Баһадүрдей маңдайы,

Топ түскендей ортаға –

Тозғындайды дұшпаны

Тікенек келсе тікелеп.

Надандарды түзетті

Салып тезге жетелеп.

Мұнан артық қайда бар? –

Ақылың жетсе есеп ет!..»*

 

*Ыбырайым ахун Құлбайұлының «Адай шежіресі» дастанынан.

 

Жас жігіт өзі бастап көшті келед,
Қашанда көш бастайтын есті керек.

Ұлдары – Құттықадам, Қармыс, Сармыс,
Бозша мен Сексенбайлар – «Бес Тікенек».

Түспеген ол заманда батыр аттан,
Атсыз ер – бір кем емес ақымақтан.
Біз үшін бұл – Тікенек, жауға – найза,
Қадалса көбелерді қақыратқан.

Зуылдап уақыт желдей есіп тынған,
Талай жұрт өтті солай көшіп қырдан.
Айналды «Бес Тікенек» бес терекке –
Жайқалып жапырағы өсіп тұрған.

 

Қиын ғой жұртқа тегіс ұнауың да,

Сын айтар, сын дегенің – шын ауыр ма?..

Бес ұлдың нағашысы Құлманбет би

Қонақ боп келді бірде бұл ауылға.

 

Қазаққа Қыдыр болып құт келеді,

Құдасын Есекей қарт күткен еді.

Әңгіме-дүкен құрып отырғанда

Бес ұлдың қатысуын құп көреді.

 

– Биеке, жауап берші сұрауыма,

Ризамын сөз жүйесін құрауыңа.

Болжап көр бес жиеннің болашағын,

Не дейсің көздерінше сынауына?

 

– Өзіңнен Құттықадам өте туған,

Ал мына Қармыс соған жете туған.

Сармысың жаудан қайтпас, сырын айтпас,

Меніңше, осы болар жеке туған.

 

Бозшадан өнер қуған ұл туады,

Ұл туса домбыраға күн туады.

Сексенбай – төртеуінің ортасында,

Білмедім, бәлду-бәлду, кім туады?..

 

Құлманбет осылайша толғады кеп,

Тигендей нысанаға болжамы дөп.

Сармыстың қан майданда өтті өмірі,

Жорықтан көп оралды олжалы боп.

 

Батырдың беті жаудан қайтқан емес,

Кісіге сырын ашып айтқан емес...

Салғанда орыс ойран, қалмақ қырғын,

Шығарар тыныш жүрер жайттан егес.

 

Кілең жау – казагың да, башқұртың да,

Айласын айналдырған астыртынға.

Қорқаулар талағанда жан-жағынан –

Сесімен сескендірді қасқыр тұлға.

 

Секілді сұмырайлар қаптаған бұлт,

Тасадан қорқақтарша атпақ аңдып.

Бір шеттен Хиуаның зәбірі өтті,

Ортада отқа оранды ақтабан жұрт.

 

Бір басқа астаналы елдің жөні,

Жорықтан басталады ердің жолы.

Мың нәлет атасына ата жаудың,

Бар менде шеменденген шердің зоры.

 

Жаз шықса даламызды шаңдатыпты,

Қыс түссе мұзбен қоса қан қатыпты.

Шапқында орыс жеңіп, қалмақ ұтты,

Жазықсыз қазағымды зарлатыпты.

 

Қағылды мал бағатын жайылымнан,

Хан-патша жұрдай болды қайырымнан.

Төлеумен қара халық рамат, салық,

Қолдағы бар малынан айырылған.

 

Дұшпаным Жайық пенен Еділді алды,

Қоныссыз еңіреген елім қалды.

Шыбын жан қысылғанда шырқырайды,

Кеудемде тарқамайтын шерім бар-ды.

 

Және алды Тептерім мен Қиғашымды,

Кәпірге қалай берем қимасымды?

Қу дүние тар қапастай тарылғанда,

Білмедім кең мекенге сыймасымды.

 

Аңсадым азаттық пен теңдігімді,

Азаптан сынбаса да бел бүгілді.

Жоғары баға беріп өткен күнге,

Қараймын биігімнен мен бүгінгі.

 

Қашанда дәті менен серті берік,

Алладан ел қорғайтын ер тіледік.

Болмасын қызымыз күң, ұлымыз құл,

Сол үшін жүрек сырын шертіп едік.

 

Өтті ғой қан кешу де, жан кешу де,

Жорықтың соңындағы шаң көшуде.

Кеудеде жанып тұрған рух оты бар,

Сол жалын тиіс емес мәңгі өшуге!..

 

Сармыс та шықты талай бастап қолды,

Әруақты ер ат үстінде асқақ болды.

Ханға да бас имеген қайран батыр

Паңсыған патшаны да жасқап көрді.

 

Ер Сармыс – алты Алаштың ақтангері,

Белгілі жауға қарсы шапқан жері.

Шаң болып ала қырда ізі қалған,

Қан болып қылышында қатқан кегі.

 

Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл – қонысы еді,

Оймауыт, Сам, Матай құм – өрісі еді.

Мәртөк пен Жайсаңды да жаз жайлаған,

Ар жағы – қалың орман орыс елі.

 

Болғанда жоғарғы Адай, төменгі Адай,

Батырым жайшылықта өлер қалай?

Ойдағы ел, өрдегі ел деп бөлер қалай,

Дұшпанның қорлығына көнер қалай?

 

Маңғыстау – сол баяғы пірлі мекен,

Дұшпаны таусылмайтын құрғыр екен.

Ел үшін ерегескен ерлер жайлы

Мен әлі талай жерде жыр дүретем!..

  

5. Төрт анадан – төрт ауыл

 

 

Тікенектің бір ауылы

Сармыс болып келеді.

Елдің арын арлаған,

Ортадан шауып олжа алған

Сармыс атам ер еді.

Қосшы, Шашты, Орал мен

Меруерт атты анадан

Қойылып кеткен түбі бір

Сармыс батыр елі еді.

Мақтамайтын асырып

Есекейдің ішінде

Белгілі ауыл бек еді.

Ананың атын руға

Қойып кеткен шалдарым –

Ақылдың нағыз кені еді.

 

Үбіғали Бақтығалиұлы

 

Әлқисса, сүргін салды Сармыс жауға,

Серт еткен ер ғой ту ғып Арды ұстауға.

Тілеуін тілеп жатты бір Алладан –

Үстірт те, Сарыарқа да, Маңғыстау да.

 

Секілді ер бабасы Шоғы батыр,

Сармыстың самаладай жолы жатыр.

Қаржалмай қазанаты шапқан кезде,

Қайырлы қылған екен соңын ақыр.

 

Дұшпанын басындырмай баспалаған,

Тек қана қалған болар қашқан аман.

Кигені – Дәуіт* соққан пыран еді,

Үстінен кебінім деп тастамаған.

 

*Дәуіт (ғ.с.) – пайғамбар, ұсталық өнердің пірі.

 

Көнекөз тарих сырын шертеді еппен,

Сармыс та – ердің сойы ертеде өткен.

Үстірттің кіндігінде құдығы бар,

Кезінде тіршілігін көркем еткен.

 

Тектіден тентек туған дүр Сармысым,

Не бопты қайнар жазың, құрсар қысың?!

Жұмсаған қамсыз күнге, тыныш түнге –

Бойына сыймай жүрген мың сан күшін.

 

Құдайым оның жолын оңды қылды,

Дүреткен төрт қосақтан он бір ұлды.

Құралған төрт ауыл бар – төрт анадан,

Солардан тарқатайын енді жырды.

 

«Бірінші ана – Сағын-ды,

Руы – Адай Балықшы,

Сатыбалдының қызы еді.

Сұлулығы, келбеті –

Ашылған қызыл гүл еді,

Жарқыраған дүр еді.

Жорыққа Сармыс кеткенде

Саулығын тілеп күтеді.

Бас бәйбіше болған соң

Үйдегі шаруа бітеді.

Ризалықтан «Қосшым» деп

Атамыз айтқан себебі.

Әуезберді, Қалнияз,

Мұты туып Сағыннан –

Өмірге үш ұл келеді...

 

Екінші ана – орыстан,

Демейміз оны жат елден.

Бір ұл менен бір қызды

Олжалап батыр әкелген.

Аттанып барып жорықтан

Еліне аман келеді.

Екі жасар баланы

«Сауға» деп шыққан алдынан

Нұрбаулыға береді.

Майкөт қойып атағын,

Нұрбаулы ата әулеті

Кейін өсіп-өнеді.

Аққу құстай сыланған

Қыз бала екен бойжеткен.

Сұлулығын ананың

Айтуға қалай тіл жеткен?

Оралдан* алып келгесін

Атын Орал қойыпты.

«Ерлік еткен жансың, – деп, –

Осыдан тұқым қалсын», – деп,

Ел билеген үлкендер

Батырға неке қиыпты.

Орал атты анамыз

Біреке, Күсеп, Тағыберген –

Үш баланы сүйіпті.

Ұрпақтары жетіліп,

Мал мен басы молықты.

Орал деген ауылы

Адайға мәлім болыпты...

 

*Орал – Жайық өзені.

 

Үшінші ана – қалмақтан,

Хорен қалмақ қызы деп

Айтып кеткен әу бастан.

Үш әйел алып атамыз

Біріне-бірі жалғасқан.

Ат қоя алмай анаға

Біреулері «Сұлу» деп

Өзара әйелдер алжасқан.

Анамыз сұлу қыз екен,

Бидай өңді ажарлы.

Негізі қалмақ демесең,

Тап қазақтың өзі екен.

Құлақта алтын сырғасы,

Меруерт тастан көзі екен.

Кетедегі Құлманбет –

Нағашысы Сармыстың

Келіп жатқан кезі екен.

«Аты Меруерт болсын, – деп, –

Меруерт тастай судағы

Жарқырап өсіп-өнсін!» – деп,

Атын қойған сол екен.

Меруерттен туған үш бала –

Төле, Қылыш, Құдабай,

Жапырағы жайылған

Назарын салып бір Құдай.

Төле молда би болған,

Құдабай атам ер болған.

Қылыш атам Адайда

Атағы шыққан бай болған.

Меруерт ауылы атанып,

Бір рулы ел болған...

 

Төртінші ана кім десең,

Жеменейдің қызы еді.

Бес Өрдектің ішінде

Кенже болып келеді.

Қойсары-Қонай батырға

Туысы бір қарындас

Шашты сұлу дер еді.

Он сегізде жасы бар,

Қиылған қара қасы бар,

Қырық бұрым, бұраң бел

Өкшеге түскен шашы бар.

Атағын естіп арудың

Қырықтан асқан шағында

Ғашық болып сұлуға

Атамыз Сармыс барыпты.

Құда түсіп, күйеу боп,

Кәдесін істеп халқының

Анамызды алыпты.

Қарағұл, Тәжі, Амандық –

Ұлдары нағыз алып-ты.

Шашты шешем ауылы

Адайға өзін танытты...»*

 

Төрт ана – төрт ауылдың шешелері,

Тәңірім бақ-дәулетін еселеді.

Бүгінге аңыз болды айтып жүрер,

Адайдың адуынды кешегі ері.

 

Батырдың Жалғыз Жары – Жаратқаны,

Төрт жардан төрт ауылды таратқаны.

«Сармыстың қайсы ауылы?» – деп сұраса,

Алдымен аталады ана аттары.

 

Сармысқа әруақтар да оң қараған,

Жорықта жүрген ылғи қорғап аман.

Қосшыға әмеңгерлік салтын қылып,

Орал мен Меруертті олжалаған.

 

Өмірде көрген емес малын жиып,

Өтті ғой қанын төгіп, жанын қиып.

Батырдың батырлығы неде десең –

Бәрінен қойғанында арын биік!

 

Жасында жорықтарға көп барыпты,

Ерлігін қырықта да дөп танытты.

Сол кезде өмірінде тұңғыш рет

Айттырып қыз алуға оқталыпты.

 

Жазайын бұл жайында жыр дестелі,

Айтайын оқиғаны бір кештегі.

Ер Сармыс күйеу болып барған сәтте

Шаштымен оңашада тілдескені:

 

«– Қай жақтан келдің, қарағым,

Отырғанда оңаша?

Көркіңді көріп мәз болып,

Қалдым ғой жасап тамаша.

Сөйлеселік, шырағым,

Жаныма отыр жақындап,

Қашықтай бермей тым аса.

 

– Келмей жатып қасыңа,

Бұрма сөзді қаштыға.

Жығылуға рет жоқ

Бауырыңа бас тыға.

Ал, отырдым, не дейсіз

Біздей ұзын шаштыға?

 

– Хабарыңды айта бер,

Отырып болсаң қасыма.

Ұяты жоқ, қарағым,

Жығылғаның асыла.

Сөйлеген соң жөн біліп,

Бұлттан шыққан Күндей-ақ

Кетті ғой көңілім ашыла.

 

– Айтайын онда анықтап

Сұрасаң менің жайымды.

Атамыз батыр белгілі,

Халқына қамқор, қайырлы.

Қызымын мен солардың,

Шашты сұлу атағым

Ел ішінде жайылды.

 

– Олай болса, дегендей

Мен де өзіңнің парыңмын.

Атағы елге белгілі

Сармыс атты нарыңмын.

Ойыңа алып жүргейсің,

Әрқашан ынтызарыңмын.

 

– Ұмытар деп ойлама,

Іздегенім – өзіңсің.

Өзгеменен ісім жоқ,

Маңдайдағы көзімсің.

Қабыл көрсең, біз даяр,

«Ғашығым батыр қайда?» – деп

Әрқашан сөйлер сөзімсің!..»**

 

*, **Үбіғали Бақтығалиұлының «Бабалар баяны» кітабынан.

 

Шаштымен оңашада тілдескені –

Бір соғып қос жүректің үндескені.

Сол бір түн таңғажайып ертегідей,

Есінен кетпей қойды нұр кешкелі.

 

Қалыңсыз қалыңдықты кім алады? –

Екі жүз жылқы болды – сұрағаны.

Тек қана қасқа маңдай, жирен керек,

Аяғы ала болмақ бұлар әрі.

 

Екі жүз бірдей жылқы сұрағаны –

Батырды Кенжелердің сынағаны.

Жарлылау ғұмыр кешкен Сармыс еді,

Екі айда қалың жылқы құралады.

 

Ер Сармыс ойламаған қарын қамын,

Сойына тартқызыпты нар ұлдарын.

Шынжырлы жерден қызды аларында

Төрт Мұңал жиып берген қалың малын.

 

Шаштыға бірдей біткен ақыл, көрік,

Таңғалған қараған жан жақын көріп.

Деген бар «ат – биеден, алып – анадан»,

Дүрлеген ұлдары да батыл болып.

Сын болмас тұлпар атта – тұяқ қалса,
Сын болмас сұңқар құста – қияқ қалса.
Адам да ұрпағымен мың жасайды,
Сын болмас азаматта – зият қалса.

Ер Сармыс аттанғанмен жау жаққа мың,
Ойлады артта қалар зәузаттарын.
Екі жүз үйден асқан бұл күндері,
Жеткізбес жазар болсам қаузап бәрін.

Батырды рухы ғана батыр қылар,
Болған жоқ Сармыс баба қатынқұмар.
Әкесі жалғыз кіндік болғаннан соң,
Әулетін дүретті елдің сапын құрар.

 

Санап көр содан бергі аралықты,

Талайлар туды білем дара, мықты,

Солайша төрт анадан төрт ауыл боп,

Жүрияты Ер Сармыстың таралыпты!

  

6. Атажұртқа оралу 

Атамыз Түркістаннан бері көшіп,

Бір Алла берген екен артық несіп.

Қалмақтың жесірі мен малын алып,

Адайдың кетіп еді өркені өсіп.

Оралып Алағырға келгеннен соң,

Түркпенді жүргізбеді жолын кесіп.

 

Жылгелді Теңізбайұлы

 

Әләйім – жалған дүние лезде өтеді,
Заманнан заман озып тез кетеді...
«Маңғышлақ – түркілердің бір тайпасы»*,

Тоқтасам тоқтаймын мен сөзге, тегі.

 

*Ортағасырлық тарихшы Мұхаммед ибн Наджиб Бекранның «Жаһан-наме» жазбасынан: «Маңғышлақ – түркілердің бір тайпасы, олар осы жерге оғыздармен болған жауластық салдарынан қоныс аударып, Бескүн шығанағына таяу жерге Сиях-Кухтан қоныс тапты. Оларды Маңғышлақтың адамдары деп атайды, олардың өз билеушісі бар, оны хан деп атайды».

 

Алайда жазылған жоқ ақырғы өлең,
Қалам ғой бұйрық күткен – ақын деген.
Әзірше айтатыным – Адай жайлы,
Мен оның қыздарын да батыр көрем.*

 

*Жауынгер әйел – Адай амазонкасы жайлы. Бейіті Шайыр маңындағы Сырлытам қорымынан табылған.

 

Адайдың арғы тегі Дай* болыпты,
Бергісі Қыдырқожа – Бай болыпты.
Мінгенде көк жұлынды Көкмойнаққа,
Беліне бес қаруы сай қоныпты.

Даламның айтылмаған даты бардай,
Бабамның ашылмаған хаты бардай.

Ман ата** – Маңғыстаудың қақпасы-дүр,
Бағзы бір дәуірлерге шақырардай.

 

*Дай (дахи) – б.д. бұрын Маңғыстауды жайлаған тайпа. Көптеген зерттеуші ғалымдар (В.В.Востров, А.Медоев, Е.Өмірбаев ) Дайлар қазіргі Адай тайпасының ата-бабалары деп санайды. «Адай» сөзі оғыздардың тілінде «Арал тұрғындары» деген мағына берген.

**«Ман ата – IX-X ғасырлардағы үстірттік және маңғыстаулық Ман жұртының өкілі. Ол – сол жұрттың реалды тарихи тұлғасының есімі ме, әлде мифтік түсініктеріндегі тұлға ма? Оны тап басып дәл айту мүмкін емес. Тұлғаның мифтік генезисі тұрғысынан қарағанда, «маңғыстаулық Маната үндіарий мифологиясындағы бірінші адам – Ману деген бейнемен бір текті болуы әбден мүмкін» (Серікбол Қондыбай, «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары»).

 

Тау түгіл, әр тасқа да үңілген ем,
Тыңдасам көне сырды күбірлеген.
Қырдағы ат тұяғы жазған жырды
Көшірдім көкірегіме бүгінде мен.

Сондықтан мендік жүрек дүбірлейді,
Түк үнсіз жатқандарға тіріл дейді.
Ғұмырсыз бұл өмірді кешкендер көп,
Оларға бар мен жоғым білінбейді.

Ағайын, дұрыс түсін бұл балаңды,
Қаншама шындығымыз бұрмаланды?
Көмбеміз ашылған жоқ, жасырған көп,
Сол үшін кештік талай шырғалаңды.

 

«Құдайым қашан бұны түс қылады?» –

Ақынның бебеулейді құс-қиялы...

Адыра қалған қоныс Зардоштан* да,

Мына жұрт – Ноғайлының Үш Қияны.

 

*Зардош (Заратуштра) – пайғамбар, зороастризм дінінің негізін қалаушы, б.д. 2000 жыл бұрын Маңғыстауда өмірге келген деген ғылыми болжам бар. Ол «Авеста» кітабында Манды (Ман ата) ерекше қасиет иесі, Ахура-Мазда, яғни Күн Құдайдың Жердегі өкілі деп суреттейді.

 

Айтайын қырық таңбалы Қырым жайлы,

Айтайын он екі баулы Үрім жайлы.

Бұл жерде он сан Ноғай орда тіккен –

Атағы ғана жеткен бүгінге әйгі.

 

Едіге, Орақ, Мамай елдік құрды,

Қарасай, Қази, Әділ ерлік қылды.

Телағыс, Нәрік, Шора – қасқыр туған,

Дұшпанын ту-талақай бөрліктірді.

 

Атқанмен жанарына жас тығып таң,

Ерлерге жараса ма басты бұққан?

Бастайтын Хан Ордалы Сарайшыққа –

Шыққан жол Таскешу мен Тасқұдықтан.

 

Казактың төнген кезде қанды азабы,

Шаһардың жеткен еді мәңгі ажалы.

Сарайшық қирандыға айналды да,

Тарқады думан дәурен, хан базары...*

 

*Жайық казак әскері 1580 жылы бұрын Алтын Орданың, кейін Ноғай Ордасының астанасы болған Сарайшық қаласын талқандады.

 

Қалмақтар қолдау тауып орыс беттен,

Еділден хандық* құрып қоныс тепкен.

Құтырып – қазақ түгіл, ноғай, башқұрт,

Қырым** мен Османға*** да соғысты еткен.

 

*Қалмақ хандығы (1650-1771) – Ресейге вассалды тәуелділікте болған мемлекет. Қалмақ хандығының негізін Дайшын тайшы мен оның мирасқоры Моншақ (Пунчук) қалаған. Бірақ ол дербес хандық ретінде ұзақ тұра алмай, Ресей билігін мойындады.

**Қырым хандығы (1430-1783)Алтын Орда ыдырағаннан кейін Қырым түбегінде құрылған мемлекет.

***Осман империясы (1299-1922) – Еуропа, Азия және Африка құрлықтарында орналасқан ортағасырлық көпұлтты мемлекет.

 

Ит қалмақ ием бар деп үрген екен,

Ел шетін тістеп, талап жүрген екен.

Сол кезде Орманбет би өлген екен,

Ордалы он сан ноғай бүлген екен.

 

Азауды Аюке хан* алған екен,

Бұл Азау Доспанбеттен қалған екен.

Дүние шынымен де жалған екен,

Еділ жұрт шынымен де арман екен...

 

*Аюке (Аюхай) Моншақұлы (1646-1724) – Еділ қалмақтарының ханы (1672-1724). 1673 жылы Ресей патшасының қол астына кірді. 1696 жылы орыс әскерiмен бiрге Азау (Азов) қамалын алады.

 

Маңғыстау – талай тайпа жайлаған жер,

Қылышын талай ерлер қайраған жер.

Сақ, Алаң, Қыпшақ, Оғыз, Қызылбас бар –

Бәрін де тағдыр желі айдаған жер.

 

Содан соң Маңғыстаудан ноғай кеткен,

Әрі асу Тесіктаудан оңай деп пе ең?

Қазтуған, Асан қайғы, Сыпырадан

Қалған жыр мына бізге солай жеткен...

 

Ерлерім толарсақтан саз кешіпті,

Шерлерім шыбын жаннан баз кешіпті.

Әзіреті Алатаудан қозғалғалы –

Демеймін біздің Адай аз көшіпті.

 

Саураннан сапырылып айналыппыз,

Көшіне салтанаты сай халықпыз.

Сыр бойы, Нұр суы мен Алғи шөлден

Бері өтіп Үш Қияннан жайды алыппыз.

 

Өртеніп, о, қаншама жанды өзегім,

Жасасын деп келемін мәңгі өз елім.

Озалдан сан қырғынға куә болған

Екі су – Еділ-Жайық – қанды өзенім.

 

Жем, Сағыз, Қобда, Темір – салаларым,

Тайсойған, Бүйрек құмын паналадым...

Ормандай орыс алды терістікте

Сарытау, Самар, Қазан қалаларын.

 

Ресейдің Ұлы Петр* патшасы еді,

Жетеді жендеттерге – тақса шені.

Қалмақ пен казактарға сүйек тастап,

Болмаған ауруына таппас емі.

 

*І Петр (1672-1725) – орыс патшасы (1682-1725), Ресей императоры (1721), қолбасшы, реформатор. Ресей тарапынан қазаққа қарсы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» (1723) қырғынын ұйымдастырған.

 

Тамырын тәуіп құсап тап басып ед,

Шекті тек дала халқы нақ қасірет.

Жасады Империя озбырлығын –

Қазақты «Азияның қақпасы» деп.

 

Танытты орыс қанға тоймас түрді,

Казакпен көңіл қосып, ойнас қылды.

Қос залым – Тевкелев пен Неплюев*

Сұмдықтың неше түрін ойластырды.

 

*А.И.Тевкелев (1674-1766) – тегі татар орыс елшісі, генерал-майор (1755), шын есімі – Құтлық-Мәмет Мамашев. Әбілқайыр ханның және 29 старшынның (Кіші жүз, Орта жүз) Ресейге берген антын қабылдаған (1731).

И.И.Неплюев (1693-1773) – орыс адмиралы, патшаның құпия кеңесшісі, 1744-1757 жылдары Орынбор губерниясын құрушы және алғашқы генерал-губернаторы болған.

 

Асырды Унковский* зұлымдығын,

Осы екен нағыз өзі жырындының.

Жоңғарға отты жарақ ұстатты да,

Жасағын жасырып кеп ұрынды мың...

 

*И.Унковский – орыс офицері, 1722 жылы елші болып жүріп жоңғар әскеріне қару үйреткен артиллерия капитаны.

 

Қаншама бас көтерді башқұрт елі,

Ар жағы – батыр түркі, қасқыр – тегі.

Қол ұшын созды талай Әбілқайыр*,

Қандаспен бірге тулап тасқын-кегі.

 

*Әбілқайыр Мұхаммед Қазы Баһадүр хан Қажы сұлтанұлы (1685-1748) – қолбасшы, 1710-1748 жылдары билік құрған Кіші жүздің тұңғыш ханы.

 

Алаштың Баһадүр хан – аршыланы,

Майданда қансырады, жан шыдады, –

Қалғанша Ақ Жайықтың тамшы суы,

Қалғанша өн бойының тамшы қаны.

 

Татиды жалғыз тағы қырық құтқа,

Тарихтан ақиқатын шын ұқтық па?

«Ақтабан шұбырынды» тажалынан

Қазақты құтқарғанын ұмыттық па?

 

Өткізген дүлей шақты, алай шақты,

Тепсінген Теке* шәрін талай шапты.

Орыспен ғұмыр бойы шайқасқан ед,

Сатқынға сұмырайлар балай сапты.

 

*Теке – бұрынғы Жайық қалашығы (1613 жылдан бастап), қазіргі Орал қаласы (1775 жылдан бастап).

 

Сескеніп дұшпандары дірдектеген,

Абылай «Аға Хан»* деп құрметтеген.

Жер үшін көңілінен мұң кеппеген,

Ел үшін өмірінен құр кетпеген.

 

*«Аға Хан» – Қаған дәржесімен тең атақ.

 

Сан мәрте Әбілқайыр қол бастады,

Жаужүрек ерлерім-дүр – жолдастары.

Жорыққа аттанғанда қалың әскер,

Адай да елдің шетін қорғаштады.

 

Сан мәрте Әбілқайыр жол бастады,

Сұлудың Бопай ханым* болды асқағы.

Өрлігі – «Көк найзалы Табынайдан»**,

Ерлігі – апамыздың қолдасқаны!..

 

*Бопай ханым Сүйіндікқызы (шамамен 1690-1780) – Әбілқайыр ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан қайраткер, мәмілегер. Жұрт «Бара Бәйбіше», «Хан Ана» деп атаған.

 **«Көк найзалы Табынай» – Табынай Әлменбетұлы, атақты батыр, Бопай ханымның бабасы.

 

Атасын айтпаған жан таныс болмас,

Ағайын, туысқандар алыс қонбас.

Алшыннан таралғалы, енші алғалы –

Адайым батырлықтан қалыс қалмас.

 

Таңбамыз жебе болды – үлескенде,

Үшкілдеп тасқа басса бұл өшкен бе?

Әйтеуір он екі ата Байұлында

Біз едік – беті қайтпас тірестен де.

 

«Алаштап» алашұбар ту алғанбыз,

Ұрандап жауды көрсе қуанғанбыз.

Үш қырлай соққан найза сілтей жүріп,

Қылышты қызыл қанға суарғанбыз.

 

Асауға құрық салып ұстағанбыз,

Саба мен соғым етін ыстағанбыз.

Жаз шықса Сарыарқаны жайлау қылып,

Қыс түссе Қамыттауды қыстағанбыз.

 

Толықсып мал мен басты құрағанбыз,

Тасыған мол дәулетпен шұбағанбыз.

Көлденең Алағырдан аса көшіп,

Маңғыстау Қараойына құлағанбыз.

 

Біз сөйтіп Маңғыстауға оралғанбыз,

Құбашың, Үстірт асып жол алғанбыз.

Тағдырдың айдауымен Құдай жазған –

Бұл жерден бір заманда жоғалғанбыз...

 

Ман ата, Бөрібастан көш құлады,

Қырдағы ел ойға басын жостырады.

Бердалы, Атағозы, Шотан, Есек

Түбектен Айладырды* бостырады.

 

Қонайдың найзасының ұшы мықты,

Лабақтың түнеріңкі сұсы мықты.

Түркпендер Маңғыстаудан ауа көшкен,

Ар жағы баршамызға түсінікті.

 

Құдайым берді бізге қайыр-құтты,

Адайым танытты әбден зайырлықты.

Самсыған Сегіз арыс Сейілханның*

Паңсыған бектері де қайымды ұқты.

 

*Айладыр, **Сегіз арыс Сейілхан – түркпен халқы.

 

Маңғыстау – өр Адайдың атажұрты,

Берілген бабамыздан бата – ғұрпы.

Бақилық болса дағы әруақты ерлер,

Отанын мәңгі қорғап жатады ілкі.

 

Дауласып қамшылылар аңдысты ақыр,

Жауласып қылыштылар қан құсты ақыр.

Тарихтың сахнасына бас кейіпкер

Шықты енді сайыпқыран – Сармыс батыр.

 

Ер Сармыс – сол дүрлердің жалғасындай,

Адайдың қиып түсер алмасындай.

Жау шапса – жанпелімде атқа қонып,

Сүргінмен талай таңды таңға асырды-ай!..

 

7. Шепке шабуыл 

Батырлар өтті әруақты

Қанжығасы қанға малынған,

Бек сауытын жамылған,

Дұшпаннан кегі алынған.

Көрмесе жауын сағынған,

Алмастан қару тағынған.

Қамалға шауып, шеп бұзып,

Жүрегін басқан қабынған.

 

Қашаған Күржіманұлы

 

Төбемде шетсіз-шексіз аспаным бар,

Көлемге сыймай жатқан дастаным бар.

Аспан мен дастан сынды бітіп болмас,

Көзімді талдырып тұр қасқа қырлар.

 

Жүректі жандырып тұр таспа жолдар,

Тәңір жоқ бір Алладан басқа қолдар.

Талай жан тозды білем табанынан,

Тұлпардың төрт тұяғын тас та қорлар.

 

Қу дүние кейде осылай сырт береді,

Жоғалды қаншама рет жұрт дерегі?..

Секілді қаумалаған қара албасты,

Батыстан қаптап қалың бұлт келеді.

 

Қара бұлт бурадайын бұрсанып тұр,

Қат-қабат торғауытын құрсанып тұр.

Қаптатты қатты соққан жел айдаумен,

Құтымды неге алады мұншалық бұл?

 

Еңсемді зіл батпандай езіп барад,

Көгімді тегіс торлап, кезіп барад.

Қағынған қара бұлттан қан жауардай,

Көңілді зәһарлады сезік тарап.

 

Найзағай – қару сынды от бүріккен,

Мен тұрмын арыла алмай көп күдіктен.

Түспесін жайдың оғы төбемізге,

Құдайым, аман сақта тек бүліктен!..

 

Айрылды қалың қазақ қорғанынан,

Қайғырды – мезгіл жетіп сор дарыған.

Кез еді ол Әбілқайыр өлім құшқан –

Барақ пен Күшік* сұлтан қолдарынан.

 

*Барақ (?-1750) – Орта Жүз сұлтаны, Тұрсын ханның ұлы. Ағасы Күшік Орта Жүздің ханы болған.

 

Орыстың алданды екі ит сүйегіне,

Айналды итаршыға, күйеліге.

Арманы Неплюевтің іске асқан соң,

Бұларға қышыған жоқ иегі де.

 

Дұшпанның бар екенін қайғы деп біл,

Дұшпанның жоқ екенін зайғы деп біл.

«Қай жерде өлсем, сонда жерлең!» – деген

Өсиетті Хан моласы* әйгілеп тұр.

 

*Хан моласы – Қабырға өзенінің Өлкейекке құяр тұсындағы қорым. Әбілқайыр хан Ұлқияқ пен Торғай өзендері арасындағы қақтығыста Барақ сұлтан қолынан қаза тапқан еді.

 

Даласы болсын дейміз төрі құтты,

Моласы болсын дейміз көрі құтты.

Екі иттің кешірілмес кесірінен

Екіге Кіші Жүзім бөлініпті.

 

Рулар араздасып үлгеріпті,

Күл қылды өртеді де дүр көрікті.

Нұралы хан* сайланды бір жағына,

Басқарды Батыр сұлтан** бір бөлікті.

 

*Нұралы хан (1710-1790) – Әбілқайырдың үлкен ұлы, Кіші жүз ханы (1748-1786).

 **Батыр сұлтан (?-1771) – Қайып ханның баласы. Әлімұлы руларына хан болған (1748-1771).

 

Ар қашты, әруақ қашты, ақыл қашты,

Бұл пәле жақсылыққа шақырмас-ты:

Ресейге Нұралы хан тәуелді боп,

Хиуамен Батыр сұлтан жақындасты.

 

Бұрыннан қатын патша* пасық-тұғын,

Танытты Нұралы хан жасықтығын.

Ортада жапа шеккен – қара халық,

Көре алмай қор болады нәсіп-күнін.

 

*Елизавета Петровна (1709-1762) Ресей империясының билеушісі (1741-1761).

 

Атойлап казак пенен қалмақ шапты,

Бұхара, Хиуа, Қоқан қан қақсатты.

Қаншама ғасыр өтті, тасыр өтті –

Бәрі де қазағыма салмақ сапты...

 

Жайықтың бергі жағы, арғы жағы,

Ортада ерке өзенім зар жылады.

Ежелден қанды қиян атанған соң,

Жап-жасыл жағасына қан жұғады.

 

Құс құсап қос қанаты қайырылған,

Қазағым айырылған жайылымнан.*

Айдап сап казак, қалмақ, башқұрттарды,

Орыстар жұрдай болды қайырымнан.

 

*Орынбор өлкесінің басшысы И.И.Неплюев 1742 жылы қазақтарға Жайықтың бойына жақын көшуге, 1749 жылы Жайықтан өтуге тыйым салған еді.1755-1756 жылдары қазақтардың шекараға дүркін-дүркін шабуыл жасауына байланысты Ресей үкіметі жазалау үшін үлкен соғысқа дайындалған. Бірақ сол тұста Ресей мен Пруссия арасында жеті жылдық соғыс басталып кетіп, бұл жоспар аяқсыз қалған болатын.

 

Қырғындап, қанға бояп сар даланы,

Салық деп, барымталап малды алады.

Жойылды қаншама ауыл дымы қалмай,

Қара жер үнсіз ғана қарғанады.

 

Ресейдің отарлаған беті күшті,

Қоныстың тарылғаны – өкінішті.

Жолатпай Жайық түгіл, Елекке де,

Жағалай салып жатты бекіністі.

 

Қазағым жинап ноқта-сіргелерін,

Көтеріп көшпек болды іргелерін.

Мардымы құрып тұрған қытаң шақта

Қай тұстан панай таппақ – білмеді елім.

 

Жан-жақтан жау анталап қырғылады,

Қазаққа қанды қақпан құрды бәрі.

«Нұралы таққа мініп хан тұрғанда,

Алаштың болған емес бір мұрады».*

 

Алаштың бастан тайды бағы қалай,

Сол бақты қайтарар күн табыла ма-ай?

«Дұшпанның таңба салған кегін алмай,

Жата алмас бар болса егер қалың Адай!»**

*, **Абыл Тілеуұлының жырынан алынды.

 

Ерлерім жау біткенмен алжасқанда,

Айналар қиып түсер алдаспанға.

Жиналып кеңес қылды қыр басында,

Қол ұшын бермек болып қандастарға.

 

Атаңа нәлет кәпір ашындырды,

Жұртымның жан ашуын тасындырды.

Жайыққа аттанды Адай жігіттері,

Ұрандап шепке қарай басын бұрды.

 

Шыдамай шеру тартып ағындады,

Хан түгіл, патшаңа да бағынбады.

Бек сауыт – батырлардың тағынғаны,

Бес қару – қолдарына алынғаны.

 

Қайтерсің жау көрмесе сағынғанын,

Қайтерсің жүрегінің қабынғанын?!.

Ер Сармыс бастап шықты бұл жорықты,

Айтайын енді соның шабынғанын.

 

Әруағы асып түскен талай ерден –

Қасына Қойсары мен Қонай ерген.

Қатарда Өмір, Темір, Айбас* та бар,

Топ жарып шыққан дүрім көп-ай елден.

 

*Қойсары, Қонай Кенжеұлдары, Өмір, Темір Сүйіндікұлдары, Айбас Арыстанбайұлы – батырлар.

 

Танытқан байлар қанша мырзалықты?!

Көп жұртты Қожаназар* ырза ғыпты.

Атайы батырлардан аямаған

Ат-көлік, қару-жарақ, түрлі азықты.

 

*Қожаназар Жаңайұлы – атақты бай, «қазаққа қайыры тиген Үш Назардың» бірі.

 

Мінгені Ер Қонайдың – шұбар айғыр,

Майданға арқыратып шығады-ай бір.

Жаңайды сараң деген ұнамай жүр,

Қаралау – кешірілмес күнәдай бұл.

 

Мінгені Ер Сармыстың – тарланбозы,

Жұлдыздай жарқырайды жанған көзі.

Бұ жолғы жырымызға арқау болар

Терістік шекараға барған кезі.

 

Майданға түсті қанша өмір-өлім,

Жайықтың қан сасытып төңірегін?!

Күн бұлтты, ай қараңғы болса дағы,

Түн қатып жортты кілең бөрілерім.

 

Ерлердің кекке толып қабынды іші,

Жер – төсек, аспан болды жамылғысы.

Аламан құба жонда түнеп шығып,

Басталды ала таңнан шабындысы.

 

Барды олар Ор өзені жағасына –

Жоғарғы Жайықтың сол саласына.

(Бүгінде Орск* деп орыстар жүр

Қазақтың Жаман дейтін қаласына).

 

*Орск (Ор) – 1735 жылы бекініс қамал ретінде салынған қала. Алғашқы атауы – Орынбор (Оренбург). Қазақтар бұл тараптан көп озбырлық көргендіктен «Жаманқала» деп атаған.

 

Шулы шеп – бекініс бар сол маңайда,

Қамал ғып соғып қойған қорған-айла.

Жортулы жауынгерлер таяп келді,

Әруақтар қиын сәтте қолдағай да!..

 

Ат қойды Сармыс батыр тас қамалға,

Лап қойды соңына ерген басқалар да.

Орыстар опыр-топыр омақасты,

Күтпеген соққы болды қасқаларға.

 

Ерлерім топан сынды қаптап келіп,

Қауіп боп қырдан төнді тап-тап беріп.

Армандап Сармыс жүр ед көптен бері –

Шайтанның шірік шәрін шаппақ болып.

 

Қамал тұр қара нардай ыңыранып,

Барады сұр жебедей ғұмыр ағып.

Қалжуыр, алабілек, жезайырлар*

Саржадан** ұшып жатыр зыңыранып.

 

*Садақ оғының түрлері.

**Саржа – сүйекпен әшекейленген әдемi садақ.

 

Дүниенің шықты лезде топалаңы,

Қалың қол қақпаны да қопарады.

Жарқ ете түскен кезде алмас қылыш,

Солдаттар арамшөптей оталады.

 

Тағдырдың тақалғандай қыңыр сыны,

Жарақат алғандары ыңырсыды.

Бұзылды тоқсан торлы аймауыттар,

Үзілді кіреукенің шығыршығы.

 

Ерлері Қырықмылтықтың қырғындады-ай,

Оқпанды қарулары – күлдір мамай*.

Шапқылап езіп барад жау алқымын,

Иә, әруақ, қанша күтті бұл күнді Адай?!

 

*Күлдір мамай – мылтық түрі.

 

Қарамай борап тұрған оққа түрлі,

Ер Сармыс қарсы ұмтылып отқа кірді.

Бұзылды есік ойран, төр талқан боп,

Гүрс етіп бір уақытта топ* та атылды.

 

*Топ – зеңбірек.

 

Желге ұшып дулығалар торсылдады,

Жер құшып доңыз-дұшпан қорсылдады.

Білінбес жыға ішінде бас жарылса,

Білінбес жең ішінде қол сынғаны.

 

Дей алман «батырларым қапы кетті»,

Білтелі мылтықпен де атып өтті.

Бөрідей бөрліктіріп қойға тиген,

Шетінен қырып жатты әтіретті.*

 

*Әтірет – орыстың отряд деген сөзі, яғни Ор казак әскері.

 

Ерлер де біздің жақтан қаза болды,

Ел-жұртым қаншама рет аза көрді?

Шейіттік сапар шексе өкінбейміз,

Бұл күні қазақ емес, мазақ өлді!..

 

Көрген ек қан кешумен көп мазақты,

Сұм соғыс жан кешумен өтті азапты.

Қазақтың арын арлап, кегін кектеп,

Көрсетті көздеріне от-тозақты.

 

Дұшпанның бір өлгенде жүзі өліпті,

Жүзі де қыршынынан күзеліпті.

Түсірді Сармыс қолға комендантты,

Алдында бас иіп ол, тізе бүкті.

 

– Бастапты Құдай бүгін жолымды оңға,

Былғаман артық қанға қолымды онда! –

Деді де қоя берді өлтірместен,
Комендант зытты содан Орынборға...

 

Келгенде Сармыс батыр ғаниматқа*,

Өңгерді жас сұлу мен сәбиді атқа.

Апалы-інілі екен бұл екеуі,

Толмаған қыздың жасы балиғатқа.

 

*Ғанимат (ар.) – соғыстан түскен табыс, олжа.

 

Олжаны аз ала ма, мол ала ма,

Кім білсін, болған жоқпыз сол арада.

Жас бала – Нұрбаулының Майкөті ғой,

Жас сұлу – өзі отасқан Орал ана.

 

Көпестің қызы дейді бұл аруды,

Нәті орыс болғанымен – құп алулы.

Біз айтқан Орал ана атыменен

Сармыстың бір ауылы құралулы!..

 

8. Шаңды жорық

 

Адай деген ел едік –

Кем болмаған дұшпанға

Әруақ пенен айбары.

Ноқтасыз бастың күнінде

Ерлер шығып ішінен

Қаруын жауға қайрады.

 

Сәттіғұл Жаңғабылұлы

 

Туған жер – шалқымалы төрім екен,

Толған ел – толқымалы көлім екен.

Алаштан ат оздырған, Адай түгіл,

Жігіт аз Сармыс сынды еріме тең.

 

Ақтығы Ер Шоғының – Сармыс батыр,

Бөленген жұрт алдында алғысқа кіл.

Шеніне дұшпан жолап келе алмайды,

Мерт болды талай ойран салғыш кәпір...

 

Жортумен ақ киіктей біз көшкенбіз,

Толқумен боз жусандай түзде өскенбіз.

Тар жолда Тәңір қолдап аман қалдық,

Тайғақта қармен қоса, мұз кешкенбіз.

 

Шыңғыс хан – қазақ үшін ғұлама шын,

Сақтап жүр өсиетін бұл Алашым:

«Жан құрып, құлаш бойым құласа да,

Мәңгілік тіккен туым құламасын!»

 

Естіге бір ауыз сөз ой ұқтырды,

Ессіздер құр ақылға тойып тұрды.

Қағанның «сол қанаты» – Жоңғар* еді,

Қайырып қалың Қытай жойып тынды.

 

*Жоңғар – Шыңғыс хан әскері құрамында «сол қанат», «сол қол» дегенді білдіреді. Жоңғар хандығын (1630-1756) Қалдан Серен қайтыс болған соң Қытай империясы жойды (1758).

 

Қонақтап баста мәңгі бақ тұрмаған,

Қалғаны осы болар тақтың қараң.

Ордасы ойрандалды ойраттардың –

Үш жүз жыл қазағымды шапқындаған.

 

Еділде қалмақ біткен оңбай жатты,

Бақ құсы бұларға да қонбай қапты.

Петербор он мың әскер сұратты да,

Орыстар қыспаққа алып сор қайнаты.

 

Барады бір жағынан аштық қысып,

Тұрмады баяғыдай астық түсіп.

Қазақты құртамын деп жүрген кезде,

Жер тістеп қалды өздері, қастық құшып.

 

Патшаға қалды ақыры керек болмай,

Қоймады бұрынғыша демеп қолдай.

Еділде еркін жүзген бекіре сынды

Қалмаққа құрған еді бөлек торды-ай.

 

Қилы шақ Ұбашыны* қалжыратқан,

Аумай тұр арқандаулы арғымақтан.

Толқыды торғауыты бергі жақтан,
Хошауыт, дүрбіт шулап арғы жақтан.

 

*Ұбашы – қалмақ қонтайшысы (1761-1771).

 

Шығыстың жай-жапсары естіледі,
Көкейін бос қалған жер тескіледі.
Хо-Өрлік* баяғыда бастап келген –
Бұрмаққа ниеттенді көшті кері...

 

*Хо-Өрлік (Хөө Өрлөг) тайшы – Торғауыт (торгут) тайпасының басшысы. Батыс Моңғолиядан 1607 жылы 50 000 отбасы, 250 000 жанды соңынан ерте көшіп,1636 жылы Еділ бойына келіп қоныстанады. 1663 жылы Хо-Өрліктің соңынан оларға Хөндлен Уваш Даян Омбы бастаған 10 мың отбасы көшіп келіп қосылады. Тарихта «Еділ қалмақтары» деген ұғым осылай қалыптасады.

 

Уақыт жоқ ажыратар ақ-қараны,

Қаңтарда атажұртқа аттанады.

Біраз ел арғы бетте қалып қойды,

Себеп боп көк Еділдің қатпағаны.

 

Дегенде шаңды жорық, шаңды жорық,
Кешкені қалмақтардың – қанды көбік.
Қарасы ұлы көштің – жүз сексен мың*,

Қаларын білді ме екен қаңғып өліп?

 

*1771 жылдың 5 қаңтарында 30909 отбасы (шамамен 180 000 адам) көшті. Олардың қарулы күштері – 40 000 жауынгер. Өзеннен өте алмай 11198 отбасы (шамамен 60 000 адам) қалып қойды.

 

Бейне бір айдағандай тозаққа елді,

Қырдағы ауылдарға азап келді.

Қалмақты қайтаруға казак бармай,

Орыстың күні түсті қазаққа енді.

 

Патша үшін қазақ кегі пайдаға асты,

Ал қазақ өш алмаққа майдан ашты.

Тиімді шартын қойып Нұралыға,

Уәдемен мәймөңкелік жайға басты.

 

Атқандай қақ маңдайдан қарғыс елін,

Қорқақтап, қақыратып алғы шебін, –

Қаптады қыл байрақты қалың қалмақ,

Қаймықпай қарсы шапты Сармыс ерім.

 

Сармыстың болат найза – өңгергені,

Тұсында ешкім тайлас тең келмеді.

Дұшпаннан күші артылған батырымның

Белгілі жеңімпаз боп жеңген жері.

 

Сары ала темір сауыт – үстіндегі,

Ашуы – борандатқан қыстың демі.

Орыстың түтеп тұрған қамалына

Белгілі бір шапқанда үш кіргені.

 

Сөйлесе – самұрықтай саңқылдаған,

Бір күлсе – қарқуардай қарқылдаған.

Қабағы қара бұлттай – түйілгенде,

Жанары найзағайдай жарқылдаған.

 

Адамнан артық біткен сойы бардай,

Атаннан асып түскен бойы дардай.

Шекесі дулығаға сыймағанда

Оздырған байтақ жұрттан ойы қандай!..

 

Мұңалжар тауларының сілемінде

Ерлерім басын тікті бір өлімге.

Шайқасты Ор өзені бойында да

Ойран сап түгі барлар жүрегінде.

 

Бір қолды өзі бастап хан Нұралы,

Қалмақты ақыл-естен тандырады.

Бір қолды өзі бастап Ералының*,

Қышуын қолдарының қандырады.

 

*Ералы сұлтан (1720-1794) – Әбілқайырдың Бопайдан туған баласы. Кейін Кіші Жүздің ханы (1791-1794).

 

Салмаған батыр басын қай сынаққа,

Бармаған еркектікке қайшы жаққа.

Дұшпанды қуып жүріп талқандады

Сағызға жақын тұста Айшуақ* та.

 

*Айшуақ сұлтан (1725-1810) – Әбілқайырдың Бопайдан туған баласы. Кейін Кіші Жүз ханы (1797-1805).

 

Қонғандай жау басына түгел сабыт*,

Қолдардай әруақ болып түмен шабыт, –

Қуғыншы топ ішінде Сармыс та жүр,

Бұрсанып, буырқанып, сүрен салып.

 

*Сабыт – тауқымет, ауыртпалық.

 

Қалмақтар жанталаса, аласұра,

Қашқанда Жем өзені жағасына, –

Шүйілді қызыл көрген қыран құсап,

Бас сардар Ер Шотандай ағасы да.

 

«Ішегін ит-құс жыртқан құба қалмақ»*,

Босып жүр айдалада құр амалдап.

Аранға ажал тура айдағандай,

Алдында жол барады бұралаңдап.

 

*Қалмақтар – будда дінін ұстанған, өлікті жерлеу дегенді білмейтін мәжуси халық. Өлген адамдарын ит-құс жесін деп далада қалдырған.

 

Қағынан безген құлан секілденді,

Көңілі қу тақырдай жетімденді.

Қос көзден қан аққанда қалай болмақ? –

Көрсетті өздеріне өкіргенді.

 

Өлісі қара жерді жастанады,

Тірісі «қу толағай бастанады».

Қасқасы қолға түсіп тұтқындалды,

Басқасы Балқаштан да қашқан әрі.

 

Жеткені аз Жоңғарияға қаңғы болып,

Олар жоқ жүрген азат таңды көріп.

Шемен-шер домбырадан төгілгенде –

Күй туды «Қоржын қақпай», «Шаңды жорық».

 

Тарихта қалды «Қалмаққырылған»* жер,

«Мың өліп, мың тіріліп» шығынданды ер.

Қадірін асқақтатар азаттықтың

Азапты күрес құнын ұғынғанда ел!

 

*«Қалмаққырылған» – Қазақстанның әр түкпірінде кездесетін жер атаулары. Бұндай мекендер Қарағанды облысының Ұлытау ауданында, Павлодар облысының Май ауданында, Ақтөбе облысының Темір ауданында бар.

 

Атасын айтсаң қазақ әруақтанар,

Аяулы анасы да ардақталар.

Алағай-бұлағайлы сол заманда

Айтылған: «Қатын алсаң, қалмақтан ал».

 

Талайға ана болған жаны дайра*,

Бұл ұрпақ қалмақ қызын танымай ма?

Алқалы топ алдында, хан ордада

Сөйледі Бұқар жырау Абылайға:

 

*Дайра – дария, өзеннің жалпы аты.

 

«Ай, Абылай, Абылай!

Қатын алма қарадан,

Қара тумас сарадан.

Қатын алсаң қарадан,

Алды кетпес баладан,

Арты кетпес жаладан.

Қатын алма төреден,

Қатын алсаң төреден,

Еркегі болар жау жанды,

Ұрғашысы ер жанды,

Төре берер ұл туса,

Аузы кетпес парадан.

Мал жинасаң, қойдан жи,

Майы кетпес шарадан.

Ит жинасаң, сырттан жи,

Қойды бермес қорадан.

Аталыдан би қойсаң,

Адаспас жол мен жорадан.

Атасыздан би қойсаң,

Босанбас аузы парадан.

Қалмаса қайнар азайып,

Аққан дария суалмас.

Қалмақтан алсаң бір зайып,

Сүйегіңді жоғалтпас.

Абылайымсың алқатқан,

Отының болсын жантақтан,

Қатының болсын қалмақтан,

Қосының болсын қазақтан!

Сегіз қиыр шартарап,

Төрт құбылаңды түгел қып,

Төріңде жатып салмақтан

 

Қалмақтан қатын алған мықты ғана,

Қазақтан талай мықты шықты дара.

Қарадан қатын алсаң бақ қона ма,

Қатының нашар болса құт тұра ма?

 

Өтті ғой зұлмат жылдар сол жаралы –

Халқымның зар заманы, қор заманы...

Үшінші зайып қылып аламын деп,

Ер Сармыс Меруертті олжалады.

 

Ақ Орда, Көк Орда мен Алтын Орда –

Бәрі де ыдырады жарты жолда.

Жауласты көшпенділер бір-бірімен,

Жалмауыз жат қолында талқы болды, ә?

 

Жыр қылдым ұзағын да, қысқасын да,

Қаншама ел тағдыры түсті, ә, сынға?

Сармыстың дүбірлеген дәуірінде

Созылған соғыс бітті үш ғасырға.

 

Бұ дүние бұраңдаудай бұраңдайды,

Әділдік мың орнамай, бір орнайды.

Құдайдың назасына қалары анық,

Қазаққа қас қылғанның түбі оңбайды!..

 

9. Жем бойында – жайлауым 

Ойыл, Қиыл, Жем, Қайнар,
Көлденең өтіп ел жайлар.
Арқаның алпыс саласы –
Алатау мен Сарыарқа
Біздің Адай тең жайлар.

Елеуретіп ерлерім,

Екі жүйрік тең байлар.

Жаз нəубеті жетіле

Қозғалушы ед шарықтап,

Маңғыстаудың Қараойын

Қия алмай шыққан ен байлар.

 

Нұрым Шыршығұлұлы

 

Сахара, майдан дала – толғауымыз,

Жалғасар елдің шебін қорғауымыз.

Ақыры не болғанын білдіңіздер –

Қалмақтай қыл жалаулы зор жауымыз.

 

Дұшпаннан кегі қайтқан намысты Адай,

Қашанда ар сақтайтын арысқа бай.

Семсерін бір қазақ боп сермескені-ай,

Сүңгісін бір қазақ боп шанышқаны-ай.

 

Жүріпті Қырықмылтықтар тобыменен,

Ұқсаттым үйірлескен бөріге мен.

Айналды қырық батыры қырық аңызға,

Шынжырлы шоғыр екен – Шоғы деген.

 

«Қырықтың бірі – Қыдыр», бірі – Сармыс,

Баһадар хәлше жырлап тырысармыз.

Жорғадай сүргін басып уақыт өтер,

Жайнаған жаз кеткен соң құрысар күз...

 

Жем қайда, Ойыл қайда, Сағыз қайда,

Ағысын бұрынғыдай ағызбай ма?

Сағынып, аңқам кеуіп, шөлдеп келсем,

Таңдайға бал суынан тамызбай ма?

 

Бұл Жемді Сергис деген ертеректе ел,

Гем деп те, Ембі деп те еркелеткен.

Одан соң Жембойлықтар* мекен қылып,

Жан сырын Қазтуған да шерте кеткен:

 

*Жембойлық – Жем өзеніндегі бұрынғы Ноғайлы елінің бір тобы.

 

«Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,

Қайран саланың жатқан аңғары-ай!

Ақ шалмалы пірлердің

Мешітке жаққан шамдары-ай!

Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім

Аузы түкті кәпірдің

Күшті болған салдары-ай!

Кәпірден теңдік алуға

Қайта келер деймісің,

Мұсылманның баяғы

Шыңғыстан туған хандары-ай?!

Бұл қоныстан кетпесең,

Мұны талақ етпесең,

Атаңа нәлет кәпірдің

Пайдасына қалмаса игі еді

Ноғайлы, қазақ жұртымның

Кейінгі туған балдары-ай!..»

 

Сол тұста он сан ноғай айырылды,

Қалың ел қазақ сартқа қайырылды.

Қаптаған қалмақ келіп бұл қонысқа,

Жоғалтып алған едім зайырымды.

 

Жырақта ноғай деген туғаным бар,

Жыңғылдытоғай сынды нуларым бар.

Ноғайты, Ебейтідей суларым бар,

Бойынан қалмақтарды қуғаным бар.

 

Толағай, Алшынсайдай құмдарым бар,

Жарқамыс, Шағырайдай қырларым бар,

Шерғала, Зымыстандай тауларым бар,

Хантөрткүл, Әлитаудай шыңдарым бар.

 

Қаракөл, Ақкөл, Көккөл – көлдерім бар,

Көкжиде, Аққұмсағыз – шөлдерім бар.

Тасастау, Қайнар, Желтау, Қарашоқы,

Доңызтау, Шошқакөлдей белдерім бар...

 

Сармыстың сар жайлауы – Жем бойында,
Ұқсайды құтты қоныс кең қойынға.

Ырысы қабыңдаған қалың ел бар

Каспийдің қазыналы белді ойында.

 

Жем бойын құшақ жайған қойнау көрем,

Мұндағы ел дәурен сүрген тойлауменен.

Осында дүн-дүниеге келгендіктен –

Ат қойған балдарына Жайлау деген.

 

Жылыой да – бабамыздың көне жері,
Келіскен келбеті бар кенезелі.
Туыпты Ер Сармыс пен Пір Бекетім,
Жуыпты кіндік қанын Жем өзені.

 

Атырау – сарқылмайтын өлкесі аңыз,
Сұлудай сылаңдайды ерке Сағыз.
Жат емес ана тұрған Ақтөбе де, 
Құшақты бірдей ашып, тең тосамыз.

 

Біздің ел жаз жайлауын Арқа деген,
Озалдан Арқа жұрты – дарқан, өрен.
Қағылған қазығым бар бұл өңірде,
Бүгінде солай қарай тартады өлең.

 

Сарыарқа сағымданып көрінеді,

Жем, Қайнар, Ойыл, Қиыл – төрім еді.

Салтанат, сән-тәрбиет құрылғанда,

Жырларым шеру тартып өріледі.

 

Сағыныш сіңіп қалған жусанында,

Дәурен боп елестейді қу сағым да.

Құмына аунап өскен, суын ішкен,

Нұр текті бабаларым туса мұнда...

 

Мысырдан Арқа жұртын кем көрмедім,

Сүйгенім – Жерұйыққа теңгергенім.

Құлаймын Маңғыстаудың Қараойына,

Мен де бір өрден түскен шермендемін.

 

Көңілімді сайын далам делбепті кіл,

Жанымды шәр ішінде шерлетті қыр.

Алтынды бесік екен құт мекенім,

Баянды бақ дарытты тербеп Қыдыр.

 

Болғанда қос аймағым қатар өріс,

Қарыштап алға басар баталы оң іс.

Сар желген Сарыарқада Сармыс батыр,

Аманат ұрпақ үшін – Атақоныс!..

 

Мұңалжар – ұзын сала Жемнің басы,

Жем суы – зарлап өткен елдің жасы.

Көлденең жатқан мынау қайран өзен,

Оны тек түсінеді жел мұңдасы.

 

Жемнің де бергі жағы, арғы жағы,

Ортада аққан ағын жар бұзады.

Қаражар, Ақжар, Жарлы – жағалауы,

Жанымның Жем секілді жалғыз әні.

 

Жылқысын құлататын жарқабақтан

Байлардың осы жерде таңдары атқан.

Дұшпанға ар түгілі, мал бермеген

Ерлердің қанжығасы қанға батқан.

 

Шеберді шақырмай-ақ Хорасаннан,

Бабамыз қала салмай, мола салған.

Бақашы, Сарнияз бен Ақмешітті*

Артық деп бағалаған қонашамнан.

 

Қарақұл, Тайлан, Сүндет, Сарықасқа,

Нұрмамбет, Есенбайдың сәні басқа.

Дәуімшар, Құдабай мен Асанқожа,

Әсіреп-Мүсірепті** ел танымас па?

 

*,**Барлығы да Жем бойындағы қорым аттары.

 

Ақбота-Сәңкібай мен Алатау бар,

Бөрілі, Құртұрмастай дара тау бар.

Ақкиізтоғай, Бесбай, Аралтөбе,

Қандыарал, Миялыдай* сан атау бар...

 

*Барлығы да Жем бойындағы жер аттары.

 

Қайран Жем, саған қайта бағың қонды,

Сорың да, жоғың болды, барың болды.

Отыз ой, сексен сайды толтыратын

Толқынды дариядай шағың болды.

 

Бір кезде топан құсап тасыдың да,

Бір кезде жылымшылап жасыдың да.

Бір кезде шалшық судай кеуіп кеттің,

Өтінем, құм ішіне жасырынба!

 

Куәсің бұрынғы өткен дәуірлерге,
Куәсің ауылды елге, қауымды елге.
Сен көрдің талайлардың қырылғанын,
Осынау құла майдан жауыр белде.

 

Сен көрдің шыдап тұрып соның бәрін,
Сонда да опынбадың, обылмадың.
Сен көрдің бала болып бабамыздың,
Суыңа ойнақ салып шомылғанын.

 

Сен көрдің ғашықтардың сырласқанын,
Тыңдадың шайырлардың жыр-дастанын.
Сен көрдің шалдарымның мәшһурасын,*,
Аламан басын талай құрласқанын...

 

*Мәшһура (пар.) – мәжіліс, кеңес

 

Оларды мен айтайын кім десеңіз,
Жас талап, ал тыңдаңыз, білмесеңіз.
Шыққан-ды Қырықмылтықтан небір жақсы,
Жақсының алды болар бір көшеңіз.

 

Сармыстың Төлесі – би әрі молда,
Қылыш би, Шолақ би бар – анық ол да.
Ыспан би, Құлтөре би, Кесікқұл би –
Бұларды ұмытпағын, танып ал да.

 

Қарасай, Құлшар, Қартбай, Қалдығара,
Қожахмет өнер жолын салды дара.
Атажан, Теңел, Тәжік, Үбіғали –
Шетінен жүйріктерім жалды қара.

 

Әруағы жауар бұлттай құрыстаған
Сұпылар – Түгел, Байтау дін ұстаған.
Шерліғұл, Сарша, Берді – ишандарым,
Көшербай, Тұрман ахун – тыныс маған.

 

Есназар, Жұмағұл мен Таймағамбет,

Орынбай, Сарыбай мен Аймағамбет,

Орынбай, Сали мақсым – игі жақсым,

Алланың ақ жолынан таймаған бек.

 

Тағы да бір өнер бар асқан қиын,
Түйгенді көріп пе едің тастан түйін?
Қос тамшы – Дәулетнияз, Мәмбетнияз,
Шертеді шеберліктің дастан-күйін.

 

Жалғаса сәулет жолын балдарына,

Мирас боп атакәсіп қалғаны да.

Ұлдары – Мәнқұт, Шопан ұста болған,

Қарасаң салған күмбез, тамдарына.

 

Адайда жігіттер бар айғыр жалды,
Мақтасам жарасады бай-мырзамды.
Танытқан сақилықты Мақан, Қосжан,
Мейірмен жарылқамад қайбір жанды?

 

Қосжаннан туған Мәди бай да – мықты,

Сейістік дәулетіне сай дарыпты.

Жем бойы Әли Тауан асы өткенде,

Тұлпары Қаралаяқ бәйгі алыпты.

 

Ыспанның Берікбайы – бұл кешегі

Жылқының сырын білген дүр деседі.

Ерекше қасиеті – сыншылығы,

Шабатын бәйге атымен тілдеседі.

 

Шоғыдан дүрегені-ай алуан дарын,

Сүлеймен, Боқы, Басшы – палуандарым.

Мұқан мен Қаражігіт күрескенде –

Алқада тізе бүкпес тарландарым.

 

Құм сынды қолда тұрмас сусып арман,

Арманың адыра қалса ушығар даң.

Үмбеттің Ыспаны бар Қырықмылтықта –

Жер тесіп, құдық қазып су шығарған.

 

Ерлерді мадақтадым жырда түрлі,

Айтайын қалып қойған бір батырды.

Ол – Бозша Жаманқұлдың Шобаны еді,

Кезінде қол бастаған бұл батыл-ды.

 

Өсіпті Арғындардың арасында,

Шын аты Шопан десем, нанасың ба?

Ол – Шақшақ Жәнібектің бас батыры,

Жерленген Түркістанның қаласында.

 

Ерлерді жазған сайын жыр қаптады,

Айтайын қалып қойған бір тақтаны.

«Бесқара» деген атпен Арғында жүр

Шоғының Бес Қарабас ұрпақтары.

 

Айтулы талай болыс* Шоғыдан бар,

Әр жылда ел басқарған оғыландар.

Жұт болған зұлмат жылдар жат мекенге

Бөлінбей қатар көшкен тобын аңғар.

 

*Болыстар: Кенебайұлы Дәулетнияз, Тобышбайұлы Ершуақ, Қожайұлы Ыспан, Қарашбайұлы Қали, Қосжанұлы Мәди, Серікбайұлы Амантұрлы, Жоламанұлы Дәрмен, Шақабайұлы Өтетілеу, Қаражанұлы Дәулет, т.б.

 

Қозғасам – дерегі көп жанды шердің,

Қозғасам – кемері көп қанды селдің...

Жырладым сай-саласын Жем бойының,

Жырладым айналасын Сармыс ердің!..

  

10. Үстірттің үсті – қыстауым

 

Кім қалғанын білмеймін

Бұрынғы жолдас ерлерден

Маңғыстау, Үстірт жерінде.

Елек, Қобда, Жем, Сағыз,

Атырау, Жайық өрінде.

Қадірлі аға-жеңгелер

Отырған талай төрінде.

 

Қалнияз Шопықұлы

 

Өлеңнен бұйырғаны-ай несібемнің,

Ғайыптан шабыт келсе шешілермін.

Жайлаудан қозғалайын қыстауына

Хас батыр Сармыс сынды есіл ердің.

 

Тереңнен текті тамыр тартамыз да,

Тамшы нәр тамызамыз аңқамызға.

Бейнеуден борай соққан бесқонақтай

Жел сөзді әшкертейін алқаңызда.

 

Білсем де неше түрін жыр-нұсқаның,

Көп жерде абай қылып тілді ұстадым.

Өзімнен әлдеқайда артық көрем

Кешегі тақтақтардың бір мысқалын.

 

Көшімді бұрған сәтте қырға қарай,

Көңілдің құйқылжытып жырлағаны-ай.

Бұл жердің өрлігі мен қаталдығын

Бойына сіңіріпті шындап Адай.

 

Адайдың қоныс тепкен қалың елі –

Үстірт пен Маңғыстаудың кәрі белі.

Көргенім – бұйра дөңдер, жазық жондар,

Айғыр жал, сусыма құм, шағыл еді.

 

Бір шетте Матай менен Сам қалады,

Асмантай жел соққанға шаңданады.

Шағырлы-Шөмішті ғой шалқып жатқан,

Жетіқақ, Көлтабаным паңданады.

 

Жеткізбей кете берер жол да алыстай,

Тоқсанбай, Тортайдағы толғанысты-ай.

Манашы, Қаратүлей сорын айтсам,

Ер Сармыс түнде жортқан жолбарыстай.

 

Кең Үстірт – сүгір далам, тақта қырым,

Көп көрген сұм өмірдің қақпақылын.

Ол күнде ақ шейітім – ақ батырым,

Өлсе де жыртып өлген жат тақымын.

 

Бұл күнде көпек иттей үрген де көп,

Сұрарым – Хақтан рақым, Пірден медет.

Құба дүз – әруақтардың мекенінде

Күтемін бұдан басқа кімнен көмек?..

 

Қыстауға таптырмайтын бөлек мекен,

Әр тасы, әр төбесі дерекке тең.

Бойлауға «Жібек жолы» аздық етер,

Дауалар жүрек жолы керек те екен!

 

Ежелде «Скиф жолы» болған мұнда,

Өткенге көз жүгіртіп толғандың ба?

Орны бар Бейнеу* сынды қамалдың да,

Орны бар Сам** секілді қорғанның да.

 

*Бейнеу – Хорезм мемлекетiнің солтүстiк батысындағы қамал (X-XI ғғ).

**Сам – солтүстiк Үстiртте орналасқан ортағасырлық қала (XVI-XVII ғғ).

 

Бұрынғы көш жүретін ернеу, міне,

Тоқташы Білеулі мен Белдеуліге.*

Көресің «Ноғай жолын», «Адай жолын»**,

Көресің өз көзіңе сенбеуді де.

 

*Білеулі, Белдеулі – көне керуен сарайлар (XIV ғ).

**«Ноғай жолы», «Адай жолы» – көшу жолдарының бағыты.

 

Көшудің ұзақтығы – мың шақырым,

Тіл қатпас томсырайып тұмса қырым.

Елсізде құйын ғана құтыратын,

Аңсызда дұшпан ғана құрысатұғын.

 

Қаруын жау келер деп жиып бастан,

Қонайлар салып кеткен үйік тастан.

Ой анау – көк теңізге тірелетін,

Қыр мынау – қарақұйрық, киік қашқан.

 

Өр өлкем тұнып жатыр сырға, тегі,

Бірақ та кешірмейді қыр қатені.

Бұл жердің шөл дегені – өл дегені,

Тамшы су тамшы қаннан қымбат еді.

 

Құдайым бергеннен соң бойға талап,

Келемін жаным шөлдеп, ой қаталап.

Қайтейін, Маңғыстау да сусап жатыр,

Көгесем қырда болса, ойда – Талақ.*

 

*Көгесем, Талақ – әйгілі құдық аттары.

 

Ызғарлы қырдың қысы қағынады,

Аптапты қырдың жазы сабылады.

Үстірттің үсті – толған шыңыраулар,

Санасаң төрт мың құдық табылады.

 

Табасың жүріп көрсең көне көшпен,

Көненің шығып кеткен өлеңі естен.

Кей кезде кең далаға сыйыса алмай,

Тентектер құдық үшін төбелескен.

 

Су көзін қай жеңгені иеленген,

Әлсізге мұш-жұдырық тие берген.

Кей ауыл құдық үшін ерте көшіп,

Шөп басын «топ будым»* деп түйе келген.

 

*«Топ будым» – ерте иеленген ауыл суатқа немесе құдық басындағы шөптің басын буып-түйіп байлауы. Бұл дәстүр ауылдың сол жерді иеленгендігінің белгісі.

 

Сондай бір екіталай ерегесте

Айтқаны Аңдақаштың* келеді еске:

«Біздерге ағып жатқан дария ғой –

Табылар құдық болса төбелеске!..»

 

* Аңдақаш (Андықош) Жанқұлұлы – болыс, «Андықош тентек» атанған Бәйімбет Жамбоз Шақаның шақар мінез жігіті.

 

Адайдың жерге сыймай малы-жаны,

Жем бойлап, Сағыз жайлап жарығаны.

Арқадан ауған арқар сияқтанып,

Мың қыстау – Маңғыстауға ағылады.

 

Ер Сармыс өзі қожа құдығына,

Өмірде лайланбады тұнығы да.

Үстіртті қыстап шыққан талай рет,

Өлгенше қонғы* қылған ғұмырына.

 

*Қонғы – тұрақты ескі қыстау.

 

Батырдың жайлы қоныс қыстағаны,

Құдықтың айтар болсам қысқа мәні:

Қыс бойы суы жылы, қатып қалмас,

Жаз бойы суы мұздай, тіс жарады.

 

Ешкімнің бұл құдыққа таласы жоқ,

Аузының иесімен аласы жоқ.

Қалайда мысы басар, сұсы жеңер,

Басқаның төбелесер шамасы жоқ.

 

Мөлшермен қырық құлаш тереңдеген,

Ал аузын тау тасымен шегендеген.

Түйемен су тартқанда қалып қойған

Шығырдың іздеріне елеңдегем.

 

Тұщы су ортаймайды, тартылмайды,

Жер асты ағысы бар – сарқылмайды.

Басында астауы мен әйкелі тұр,

Бүгінде ол маңайда жан тұрмайды.

 

Мал да жоқ, тек орны бар ықтырманың*,

Ел едік сезіп өскен құттың дәмін.

Болмаған ел иесіз, жер киесіз,

Аулақпыз қаралаудан жұрттың бәрін.

 

*Ықтырма – төбесі ашық, айналасы киізбен қапталған қора.

 

Тарихты ұрпақ болсаң керек қылған,

Табылар бабаң жайлы дерек қырдан.

Кезінде осы маңды мекен қылып,

Сармыстың тумаласы Төлеп* тұрған.

 

*Қырықмылтық Бозша Төлеп Өтемісұлы.

 

Байқасаң талай-талай ауыл қонған,

Ауылдың өзі көшіп, қауым қалған.

Тастамас ескі жұртты әруақ қана,

Қорғаумен жүрген шығар дауылдардан...

 

Үстірттің шеті – Хиуа, Түркпен елі,

Шетінен шайтан-түлен түрткен еді.

Қазақтың мал мен жанын аламын деп,

Жылына кем дегенде қырық келеді.

 

Бір келсе сан ауылды шауып кетер,

Қылмаған біздің Адай қауіп бекер.

Аттанды ерлер сонда қуғыншы боп,

Кигені кебін бе екен, сауыт па екен?

 

– Қашанғы түркпендердің қорлығы аспақ,

Қашанғы бақытымыз сорға ұласпақ? –

Соңғы рет соғысуға шыққан екен

Сексеннен асқан Сармыс қолды бастап.

 

Батырым жетті ақыры арманына,

Тағдырдың көнді басқа салғанына.

Соңғы рет қанжығасын қандады да,

Арнады өтіл-сөзін балдарына:

 

«Қырықмылтық деп атанған

Адайдан туған Шоғы едім,

Нысаналап ұрыста

Атылған жауға оғы едім.

Қорған болған жасымнан

Ел-жұртымның бағы едім.

Жорықта айла асырған

Дұшпанымның соры едім.

Өмірге мынау келгелі

Бұл қартың нелер көрмеді?

Сан мәрте тағдыр тезінде

Жеңсе де зауал өлмеді.

Қатер төнген халқыма

Сонау бір өткен шақтарда

Жер қайысқан қолымен

Қалмақ жауым шапқанда,

Дамылсыз сүрен салдырып,

Түндерді жалғап ақ таңға,

Талайлардың жас қаны

Су орнына аққанда –

Аман қалған қу жаным

Найзадан да, оқтан да.

Одан бергі кезеңде

Жайық бойын жағалап

Ағайын біткен жүріп ек

Қонысын қатар паналап.

Күндердің күні болғанда

Намысын жұрттың табалап,

Орысың жөнсіз соқтығып,

Кіргенде елге қамалап,

Асынып қару шығып ек

Күш қосып ылғи азамат.

Жайратып жауды жығып ек

Кегі үшін көптің жазалап.

Арыма арнап садаға

Аллаға қылған аманат

Ажалсыз жаным тағы да

Қалған ед сонда саламат.

Бүгін, міне, осы бас

Кәрілікке болып құл,

Қайратым қайтып, денем де

Майданда жатыр қалып тұл.

Түсінем, қарттық жеңгеннен

Төсекте сырқат тауып құр,

Айқасып дертпен өлгеннен

Шайқасу жаумен – бақыт-дүр.

Алайда мына жатысым

Жаныма қатты батып тұр.

«Қабырғамда қырық жара,

Омыртқамда он жара».

Бәрінен де ауыры –

Жүректегі бір жара.

Тән жарасы жазылар,

Жан жарама не шара?

Ажалым жетті, сеземін,

Таянды басқа көрім тар.

Қартайған кезде қапы ғып

Дұшпанда кеткен кегім бар.

Медеу болар көңілге

Жұбанышым және бар –

Болса Жаббар Ием жар!..

Бойында тұнған намыс-ар,

Артымда қалған күні ертең

Кегімді қуар тегім бар.

Маңғыстау бойын жайлаған

Сегіз арыс елім бар.

Бес қаруын сайлаған

Жаужүрек талай ерім бар.

Соларға үміт артамын,

Есемді менің қайтарар.

Әруағым сол кез бір аунап,

Жаралы жүрек жай табар...»*

 

*Бұл өлең Сармыс батыр ұрпағы Бақтыбай Жайлаудан алынды.

 

Сапарға Сармыс солай қамданыпты,

Жорығы шейіттікке жалғаныпты.

Марқұмның бар күнәсін жуып-шайып,

Денеден сорғалаған қан да – мықты.

 

Өтті ғой сан мыңдаған ала шапқын,

Өтті ғой майданы да ғарасаттың.

Сол бір қан бойында жүр ұрпағының,

Сол бір жан ойында жүр болашақтың.

 

Әркімдер бұл дүниені жалғаншылар,

Бір Алла ақиқатты ардан сұрар.

Бейітін біз білмейміз Ер Сармыстың,

Көлденең Шың бойында қалған шығар.

 

Жаратқан Жаппар Ием соңын берсін,

Бергенде соңының да оңын берсін!

Бұл нағыз керім деген өлім дерсің,

Бұл нағыз елім деген ерім дерсің!..

 

Бейнеуде Атағозы батыр қалды,

Сисемде Шотан сардар жатыр мәңгі.

Әруақты Амантұрлы – Жарқұдықта,

Қожалақ иеленді жақын маңды.

 

Түн қатып баһадүрлер, түс қашырды,

Айталы жыр соңында қысқа сырды:

Солардың арқасында Маңғыстауда

Өткізіп жатыр Адай үш ғасырды.

 

Өлеңім – жақсылықтың жаршысындай,

Теңіздің құмға тамған тамшысындай,

Үстірттің үдей соққан дауылындай,

Қызырдың найзағайлы қамшысындай.

 

Мұңалда өзім – Әли, жаным – өлең,

Нағашым – Жаулы ішінде Жары деген.

Бәйімбет – қадір тұтар қайын жұртым,

Ақынмын һәм жақынмын бәріне мен.

 

Жырдағы жұртым осы Шоғы дер ем,

Төрт Мұңал түгел болды соныменен.

Бұрынғы шайырларды үлгі тұттым,

Кейінгі ағалардың жолыменен.

 

Сынаушы табылар-ау маған қарап,

Бұйырғай оған да бақ, саған да бақ.

Оқушым, риза бол да қош-аман бол,

Тастайын дастанымды тәмамдап-ақ!

 

2018 жыл, Ақтау қаласы.