СЕРІКБОЛ ХАСАННЫҢ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢДЕРІ

ТАЗАЛЫҚТЫ СҮЙЕМІН

 

Үлкен болдым мен енді,

Үйден шаңды қуамын.

Шүберекпен еденді,

Жалтыратып жуамын.  

 

Шкаф, диван, үстелді,

Сүрттім бәрін жақсылап.

Бойыма бір күш келді,

Одан сайын қамшылап.

 

Сүрттім тағы бүгін де,

Терезе мен айнаны.

Күннің көзі күлімдеп,

Үйдің іші жайнады.  

 

Бір ерекше күйге еніп,

Бөлме кетті жанданып.

Босағаға сүйеніп,

Әкешім тұр таңғалып.

 

ҚОЛЫҢДЫ ЖУ

 

Қолға сабын алып,

Мөлдір суға салып.

Жуу керек жиі,

Ақ көбікке малып.

 

Жасыл, қызыл, ағын,

Қолдана бер бәрін.

Жуынғанда дәйім,

Қолда тұрсын сабын.

 

Қиын емес дым да,

Тазалық бар мұнда.

Таңда, түсте, кеште,

Қол жуудан тынба.

 

Өнем десең гүлдеп,

Осыны қыл міндет.

Тазалық бар жерге,

Жоламайды індет!

 

РОБОТ

 

Қараңғыда жанады,

Жарқыратып даланы.

Жолға қойсаң жайылып,

Көлік бола қалады.

 

Соғылса да сынбайды,

Төбелессе қыңбайды.

Ойыншықтың төресі –

Робот дейді мұндайды.

 

КӨЛІКТЕР

 

Қызыл көлік, көк көлік,

Көшемізде көп көлік.

Шырақтары жанады,

Ошақтағы шоқ болып,

 

Қара көлік, сұр көлік,

Темір тұлпар – бұл көлік.

Мекеніңе барасың,

Көлік мінсең үлгеріп.

 

Жасыл көлік, ақ көлік,

Жүрмеңдер тек тап келіп.

Жолдан байқап өтіңдер,

Сауысқаннан сақ болып.

 

АЮ МЕН ТЫШҚАН

 

Айнымаған дос екен,

Қара аю мен ақ тышқан.

Келе жатып көшемен.

Кездесті олар бір тұстан.

 

Байқап қалды еменді,

Жолда жатты кәрі ағаш.

«Басқаларға кедергі,

Болғаны оның жарамас».

 

Деді де аю сыбанып,

Жолдан алып тастады.

Ісін оның құп алып,

Көрген аңдар қоштады.

 

Тышқан үнсіз қалсын ба,

Мойнын созып қайтпады.

Барлық аңның алдында,

Сондағы оның айтқаны:

 

«Біз не деген күшті едік,

Ғажап нәрсе істедік.

Екі батыр бірігіп,

Жасадық бір ірілік!»

 

ӘЖЕМ АЙТҚАН ЕРТЕГІ

 

Әжем әйбат, себебі,

Ертегі оқып береді.

 

Айтқан кезде ертегі,

Мені еріксіз ертеді.

 

«Ерте, ерте, ертеде,

Алыс-алыс өлкеде.

 

Өзі сондай көрікті,

Бір ерке қыз болыпты».

 

Тыңдап қана жатамын,

Тәтті ұйқыға батамын.

 

Жалғап кетем түсімде,

Жүрем ертек ішінде.

 

Күлбикемен мұңдасып,

Күнекеймен сырласып.

 

Желаяқпен жарысып,

Таусоғармен алысып.

 

Шыдамдылық, сабырлық,

Жомарттық пен әділдік.

 

Жігер, қайрат, намыс, ар,

Ертегіде бәрі бар.

 

Ертегі де – сынақ бір,

Тереңіне құлақ түр!

 

Әжем айтқан ертегі,

Талай сырды шертеді.

 

ҚИЫН БАЛА ҚИСЫМ

 

Жамандыққа қисын кім,

Бауыр еті баласын?

Әдеті осы Қисымның –

Тыңдамайды анасын.

 

Олай айтты ұқпады,

Былай айтты ұқпады.

«Өзің оқы сабақты»,

Деп шатынап шыққаны.

 

Өңі қашты түрінің,

«Сөйлеп отыр бұ қалай?»

Құйрығынан ұлының,

Салып қалды шыдамай.

 

Қисым бетер құтырды,

Басын ұрып бақырды.

Шектедің деп құқымды,

Сақшыларды шақырды.

 

Сәуле болса санада,

Мұндайға адам бара ма?

Ұстап беріп анасын,

Өзі қалды далада...

 

ҮЙШІК

(әні бар)

 

Үйшіктің сан түрі бар,

Бәрін ұғып біліп ал.

Күшіктердің үйшігі,

Тышқандардың іні бар.

 

Адамның да үйі бар,

Әр үйдің өз сыйы бар.

Ұясына ара да,

Тасып жүрер жиі бал.

 

Аюдың бар апаны,

Қыста ұйықтап жатады.

Оятпаңдар аюды,

Оның қатты қаһары.

 

Лақ тұрады қорада,

Осындай да болады ә?

Тасбақа жүр үйшігін,

Арқалап ап далада.

 

Жазда-күзде ол жайлы,

Қыста аяздан қорғайды.

Үйің болса басыңда,

Ештеңе де болмайды.

 

БАУЫРСАҚ

(әні бар)

 

Қызықтырып баланы,

Қызарып от жанады.

Апам ыстық қазанға,

Бауырсақты салады.

 

Біздер үшін барын сап,

Пісіреді бауырсақ.

Ақ жаулықты апамыз,

Бауырсақты сағынсақ.

 

Батасын ап атамның,

Сүйсініп дәм татармын.

Қызыл, сары бауырсақ –

Ақ пейілі апамның.

 

Ол тағамның ғажабы,

Көңіліңді жазады.

Домаланған бауырсақ –

Дастарқанның ажары.