ЖАҢАЛЫҚТАР
ОЛЖАС АҚЫН ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

 

Елордадағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарайтын №5 Балалар кітапханасында ақын, ҚР Үкіметінің "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Олжас Қасым №38 мектептің оқушыларымен кездесті. «Санадағы ырғақтар» атты шараны кітапханадағы Қоғаммен байланыс және көпшілік шаралар ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сағыныш Сейдахметова жүргізді. Әуелі арнайы видео көрсетіліп, мектеп шәкірттері жас ақынның шығармашылық өмірбаянымен танысты. Сондай-ақ, әр жылдарда халықаралық және республикалық жыр бәйгелерінде алған жүлделері жайлы мәлімет алды. Одан әрі Олжас ақын туған жер, балалық шақ туралы өлеңдерін және ізгілік, мейірім, адамгершілікті насихаттайтын «Глобус туралы балладасын» оқып берді.

 

 

Кеш барысында «Өрлеу» тобының жігіттері ақынның сөзіне жазылған «Жаса, қазақ!» және «Өрлейік, жігіттер!» әндерін орындап, жиналған қауымды бір серпілтіп қойды. Олжаспен кездесуге арнайы келген замандас жас ақындар Айжан Тәбаракқызы, Айдана Сегізбаева және Алпамыс Файзолла да кезек-кезек сөз алып, оның поэзия, аударма, журналистика салаларында жемісті еңбек етіп, өндіріп жазып келе жатқанын және үлкен ізденістегі қаламгер екенін айтты.

 

Кездесу кезінде шәкірттер де белсенділік танытты. Көкейіндегі сауалдарын қойып, тұщымды жауапқа қанықты. «Шығармашылық қабілеті бар екенін сезген адам өзін жетілдіру үшін не істеу керек?» деген сұрағымен талаптылығын байқатқан Әсем Исатулла есімді оқушыға Олжас ағасы шара соңында арнайы әкелген кітапты сыйға тартты. Қорыта айтқанда, бұл ақынға шабыт сыйлап, ал жас оқырмандардың арманына қанат бітірген кеш болды. 

qalamger.kz