ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ. ҚАМШЫ САБЫНДАҒЫ ӨЛЕҢ

Найзағайлы қара бұлттардың қанатының сілкінгенін көріп пе едіңіз? Ол сілкінгенде тау өзендері дүркірей жүгіріп, дала бұлақтары жарқырап көзін ашады. Алаштың айбоз ақыны АҚСҰҢҚАРДЫҢ Серігінің жырларын оқысам осы сурет көз алдымнан жөңкіле көшеді. АҚСҰҢҚАР ақын – өз әлемін жасау бақытына ие аздың бірі. Ал, ол әлемнің дауылы мен жауыны, жарқылдаған жасыны, күлім қаққан күнгейі ауысып тұрады.

Ақсұңқар – Ақын! Ақын болғанда да тамырына сәуле түнеген, арлыдан қалған бір өлең… Сол жалқы өлең Әсет пен Қасымның, Әлихан мен Ақбайдың Жақыбының жұртында көзін ашқан.

… Менің тағдыр – таланым да біртүрлі,
Асау жүрек туа ұлтына ұмтылды.
Ақсораңға түспесе егер кіндігім,
Аляскаға түсуі де мүмкін-ді…

 

Кіндігімнің түскен жерін қарашы,
Алаш екен адамзаттың дарасы!
Алланың бір құпиясы сенде тұр,
Атырау – Арқа – Алатау – Алтай арасы…

Бұл Серік ақынның «Құпия» деген өлеңінен. Болмыстың құпия – жұмбағын кім шешкен? Ақынның өзегіне өрт боп түскен сауалдардың бәрі құпия. Оның түйініне талдау, иініне барлау жасау үшін ақын болып, ақын болғанда да Ақсұңқардың Серігі секілді ақын болып туу керек.

Әйтпесе, Хакім Абай: «Жүрегімнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла», – деп, Аманжолдың Қасымы: «…Бір күй бар домбырамда тартылмаған, бір сыр бар көңілімде айтылмаған…» – деп бебеу қағар ма еді?!

Алланың бір құпиясын іздеп Ақсораңнан алысқа қиял жүгірткен, 18 мың ғаламның Оман дариясына қайық салған Ақсұңқардың баласының Алаш жұртының алдында ақтарылғалы бері де талай тас мүжілді, талай су ақты. Жүрегінің түбіне кір жасырмай хан баласындай қасқая сөйледі, қалтырап емес, жарқырап сөйледі. Хан баласындай демекші, орыстың ғажайып ақыны Марина Цветаеваның: «… Мы были дочери почти царя, почти царевны» – дейтін жолдары бар еді.

Биылғы жылғы Қазақстан Республикасы әдебиет пен өнер саласындағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына үміткер шығармалардың соңғы айналымына «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» атты ақын Серік Ақсұңқардың ғажайып жыр кітабы өтті. Үмітін үкілеген үздіктер шоғыры да қалың. Бір Аллаға сыйынып, асығымызды иіріп, тілектестер жиылып, қиқулап мәреге қарап тұрмыз.

Аламанда – Ақсораңның Ақсұңқары!

Ізгілік пен ібілістің, Ақ пен қараның, қараңғы мен жарықтың мәңгілік майданында шын Ақын тағдырмен тайталасқа түседі. Адам – Ата – Хауа – Ана заманынан солай. Моцарт пен Салъери, Пушкин мен Дантес, болмаса Махамбет пен Шәкәрімге ажал құштырған, Абайды сабап, Қасымды қаңғыртқан жауыздықтар шын ақынның майдан алаңы.

Серік Ақсұңқарұлы екеуміздің ұлы ұстазымыз Тұмағаң – Тұманбай Молдағалиев айтады:

«… Бірде Пушкин мен Дантес атысқан жер – Қара Өзенді іздеп бардым. Бейне Пушкин атысуға кеткендей. Мен сол ұлы ақынның соңын ала үйден шыққандай әсерлендім. Қара өзенге келдім. Атыс өтіп кетіпті. Пушкин өлгеніне 150 жыл уақыт өтіпті. Пушкинді ажалдан арашалауға мен жүз елу жыл кешігіппін. Қара өзен жылап ағып жатыр. Пушкинге ескерткіш тұр. Дантес жендетке лағынет айтып, қара аспан қаһарын төгіп тұрғандай. Пушкин ескерткішінің қасына келдім… «Алыстан мені іздеп келген аяулы балам менің. Мен өлгем жоқ, мен тірі қалдым. Жаңа менің Мойкадағы үйіме кіріп шықтың емес пе? Баяғыда Оралға барған сапарымда, мен сол Оралда қалып қойғам. Мына атысып, ажал тапқан менің көлеңкем ғой. Көлеңкелер атыса береді. Көлеңкелер өледі, күн өлмейді, өлең өлмейді», – деп ескерткіш тіл қатты. Мен Пушкинді тебірене тыңдап, көңіл күнделігіме жазып алдым».

Қайран, Тұмағам! Әулие, ұстазымыз біздің! Бар болсаңыз, «– Әй-әке» деп қойып, Ақсұңқардың Серігі туралы осы мақаланы сіз жазып отырар едіңіз.

Дүние мынау – қараңғы,
бол, бол, Ақын,
Келіп тұрмыз кезеңге толғанатын.
Тілді Тәңірі келтірер кәмилаға,
Қара түнек серпілер…
Ол да – жақын.

 

Тарих заңын тезіне сала ма ақыл,
Тезге салмай, тентіреп қала ма құр?
Шүберекке жүрегін түйіп Алаш,
Алла менен Абайға бара жатыр…

Бұл Ақсұңқардың «Абайдың мақамынан» өлеңі. Екі шумақ естіге ой салар ерен жыр. Үміт пен күдік, арман мен аңсар, иман атаулының бәрі алғы күнге алдағайлап ұмытылатындай.

Серік жыры – көшпенді бабасы мен өркениеттің арасына алтын көпір болардай – РУХ жыры. Жаһанданудың жалмауыз аранына жұтылып, аждаһаның азуына ілініп кетуден құдай сақтасын!

Осы жинақта «Суицид» деген өлең бар.
Батыстан көшіп бізге базар келді,
Түспейді одан басқа назарға енді.

Базармен бірге ілесіп, Алашқа бұл
Қолына арқан ұстап, ажал келді.

… Айласын сұм мен пасық асырып бір,
Дүние тылсым сырын жасырып тұр.

Елге бір тұтқа болар деген ерім,
Алдында есігінің асылып тұр!

Қандай қорқынышты сурет. Алаң да, алаң, алаң жұрттың ішінде ақынның ақиқаттың ақ туын көтеріп, «егеулі найза қолға алып, қоңыр салқын бетке алған» кезін көремін.

… Байдан асқақ қойған арлы жарлыны,
Шөжелердің сап болды ма зарлы үні!
Ақыны жоқ ұлт болмайды, болса егер –
Қырт болады ондай жұрттың барлығы!

Осы жинақтағы кез келген өлеңнен, «Сайтанның сайран салуы» поэмасынан ерек ақынның, бөлек ақынның, биікке ұмтылған шайырдың бөлек үнін, ерек даусын естимін.

Шын ақындық – ғажайып пен ғайыптың арасындағы тылсым құдірет. Сол құдіреттің өз болмысы, өз табиғаты бар. Көл боп шалқып, шөл боп қуаратын кезі, дауылды, жауынды шақтары бар. Ақсұңқар жырын оқыған сайын өрнегі мен әшекейі асылдан жасалған жыр сарайын аралап кеткендей күй кешесің. Жабырқаған жанымен, жүрегінің қанымен жазылған жырлар бірде көктем боп күліп, бірде сәуле боп жарқырап, бірде найзағай боп шатырлап көз алдымызда дүниедүрмек жөңкіліп көше жөнеледі. Серік – тек өз тілінде сөйлейтін, өзінше көретін, өлеңді өмірім деп ұғатын сиректің сирегі. Осы жерде Рашид ад-Дин жазып қалдырған Шыңғысханның өсиеті ойыма оралып отыр. Онда былай делінген: «Әр тайпа өз тілінде сөйлей берсін. Оны менің тілімде сөйле деп зорламайық. Әр құсты тәңір жаратқан, әрқайсы өзінше сайрайды. Егер дүниеде тек қара қарға қалса, қайтер еді, немесе, тек бүркіт, тек тотықұс қалғанмен, қызық болмас еді. Ал күшіген ғана жайласа тіпті сорақы болар еді.

Әр сөзіңді безбендеп өлшегендей салмақтап айт»

Өлең – жүрек сөзі, ол сөз біткеннің асылы. Ақсұңқар – поэзия ауылына ақ отауын емес, ақшаңқан сарайын бірден құрған ақын. Оның шаңырағы шашақты, керегесі бұтақты.

Құзғынның жайпап кеткен жұртын көріп,
О, жүрек, жұлқын келіп, бұлқын келіп.
… Дүниеге шыр-шыр етіп жылап кеп ем
Дариға-ай, кетіп барам күлкім келіп! – дейді ақын «Ақсораңның басында» өлеңінде. Осы жалғыз шумақта қаншама образды ой, санаға салмақ салар, сезімдіні селт еткізер құдірет бар. Ақын жүрегі – небір жекпе-жектердің ашық алаңы. «Құзғынның жайпап кеткен жұртынан…» Рух болып оянып, Қарқаралының тасынан тағдыр іздеп, Ақсораңның басынан «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» деп саңқылдап Алаш-Анасына тіл қату бақыты Ақсұңқардың баласына бұйырған. Оның жырларының әр жолында тағдырдың таңбасы бар. «Менің өлеңдерімдегі лирикалық сезіну мен орасан образдылыққа, оқушы, назар салыңқырауы қажет» – депті Сергей Есенин. Ұлттық поэзиямыздағы бұрын-соңды кездесер өрнек, өлшемдермен бірге батыс-шығыс жауһарларын бойына сіңіріп өзіне соны соқпақ, жаңа жайлау тапқан ақынның екпіні ерек, дауысы бөлек. Ал мына жинақ толысып, толған шайырдың жанының жарқылы, көңілінің нұры, өмірінің жыры. Ел қонбаған ен жайлаудағы жусаны жұпар шашқан жазғытұры мезгілде шаңырағын көтеріп, керегесін керетін. Ақбоз үйдің туырлығы жабылып, түндігі түрілген сәтін көру – екінің бірінің пешенесіне жазылмаған бақыт. Аттың жалына жармасқан ақын қамшының сабына өлең жазады.

Шаң басып тұрып енді осы арада,
Өрімім қиқуға үнін қоса алар ма?
Сайтанның төбесіне ойран салмай,
Сайқалдың арқасында сайран салмай, –
Қалам ба қайдағы бір босағаңда?!
(Қамшының сабындағы өлең)
Қамшының өрімі қиқуға үнін қосқанда қандай!

Ақсұңқар ақын – диапазоны кең, политрасы бай, жалған пафос, жалаң дидактикадан ада бөлек суреткер. Авар ақыны Расул Ғамзатов: «Айтшы, халқым, баламай-ақ, іріге, жырларымда Менің жаным тірі ме?» – деп өзіне де, өзгеге де сауал тастайды. Ол кез келген ақын үшін мәңгілік сұрақ.

Заманалардың дырау қамшысы қашан да ақынның басына тиген. Тигенде де оңдырмай осып-осып өткен. Серік ақынның 60 жылдығын тойлауға Қарағандыға бардық. Сәкен театрында поэзия кешінің басталғаны сол еді, «театрға бомба қойылған» деген қоңырау түсіп, жедел қызметтер бәрімізді тым-тырақай етті. Қызғаныштың қызыл иті ішін күйдірген бір қаскүнем кісәпірдің тірлігі екен. 70 жылдығының күні белгіленіп қойғанда коронавирус деген бәле жолын тағы кес-кестеді…

Секең ана бір жылы Анадолы еліне сапар шеккен. Анкарада жүр деп естігем… Шабыттың Шалқұйрығына мініп, желілерде жырларын жариялай бастаған. Келесі күнгі таңғы жаңалықтардан Анкарада жарылыс болғанын естідім.

– Ақсұңқар аман ба екен – деп телефон құлағына жармасқам. Сол сәтті Серік ақынның өзі жолжазба-эссесінде былай деп жазыпты:

«… Амасиядан Болу шаһарына бет алғанда Алматыдан Ғалым Жайлыбай телефон шалды. – «–Аман-саусың ба?» – деген. Дауысы – зілді.

«– Аманшылық, не болып қалды?! Мазаң қашып тұр ғой?» – деймін мен.

«– Анкарада бомба жарылды, сендер амансыңдар ма?!

«– Біз Анкарадан кетіп қалғанбыз»

«– Жолшыбай хабарласып жөніңді айтып отырсаңшы? Сен жүрген жерде бомба жүретін болды ғой».

…Арасында Ғалымға Түркияда жүріп жазған өлеңімді жіберем. Алматыдан ол да телефон шалып, маған арналған экспромт-әзіл өлеңін де жіберіп қояды. Меніңше, сол өлең Ғалымның есінде жоқ болуы мүмкін:

… Түркияның желпілдеп тұр түндігі,
Арқа – салқын. Анкарада күн жылы.
Анкарадан тез қайтсаңшы Арқаға –
Қара өлеңнің мойнындағы інжуі!


Сеніменен жаным бірге, бір кіндік,
Сапарыңа алаңдаған жұртыңды, ұқ!
Көп ақынның арасында – Айбозым
Төрт теңіздің жағасында – бір құрлық!


Самғап барып Сарыарқаның төсінен,

Жарылыста бастан не күй кешіп ең?
Ұшар жерге, беу, Ақсұңқар байқап ұш –
Ақтоғайдың –
Анкарадан несі кем,
Жаңаарқаның –
Ыстамбұлдан несі кем?!

Жылап отырып, күлесің деген – осы. Менің 60 жылдығымдағы театрдағы дүрмек есіме түсе кетті…»

Не деген көп жарылыс! Ақын жүрегінде күніне қанша бомба жарылатынын ғылым әлі есептей алған жоқ.

Осы жолғы бәйгеде кездейсоқ жарылыстар болмай, қызғаныштың қызыл иті абаламай Ақсұңқардың Серігінің маңдайы жарқыраса екен.

 

Ол – Ақын! Сый мен құрметке лайық Ақын!