18

«Жезбұйдалы жылдардың» жаңғырығы

 

Жарық жалған көрдім, таттым ырысын,

Сағынғаннан келгенім жоқ, құрысын!

Бүгінге есем кетпейтіні ақиқат,

Ғұмыр кешем жыр үшін.

 

Арызымды айтсам айтам тіріде,

Қарызымды жүктемеймін біріңе.

Елеңдетер келер-кетер ұрпақты,

Өлең жетер түбіме.

 

Жан емеспін жалыны кем, тамырсыз,

Ақын, ақын болалмайды тағдырсыз.

Өлең өрсем өздеріңе қадірсіз,

Қалдырыңдар қабірсіз.

Бұл ақын Талапбек Тынысбекұлының өлең өлкесіне аяқ басар алдындағы, сөз киесіне, рух иесіне берген серті. Тәңір текті сөз құдіреті алдындағы ішкен қасам, берген анты. Азат басы құл болар шақтағы, ұлы жолға түрен салар тұстағы ішкі байлам. Азаматтық ұстаным. Ақынның «Серт» өлеңін біз осылай қабылдадық.

Адам ата арғы жағым,

Бергі тегім Алаштан.

Тақымымда арғымағым,

Белгі төрім ағаштан.

 

Жасырмадым бар шынымды,

Бас ұрмадым ешкімге.

Аллаға аян жан сырымды,

Адам ұқпас бес күнде.

 

Тұлпар мініп, ту ұстаған,

Сөз ұстаған бабамды.

Ұрандасам ұлыс далам,

Ұйқысынан оянды...

Арылмас дуа, азапты ой, жегі дертпен бетпе-бет келген ақын өз мінезін осылай шыңдайды. Өйткені, мінез – адам баласының, сөз ұстартқан өнер иесінің жалғыз сауыты. Құрыштай берік қорғанысы. «Ұлтқа қызымет ету мінезден» дейді Ұлт көсемі. Сөзге, өнерге адалдық та мінездің тұрлаулылығынан басталады. Тағы да Хакім сөзіне жүгінсек «Асыл ер айнымас». Мінез бен ішкі серт – ақынның қос ескегі, айдынға тартар ақ желкені. Әз жанының алауы. Өнер мұқитының дүлей дауылы мен қанды жауыны да мұқалталмас жігері. «Жалаңаш барып жауға ти, Тәңірі өзі біледі, ажалымыз қайдан дүр» дейтін ұлы ұрыс майданы – өлеңнің де нартәуекел алаңы. Ғалымның сиясы шәһиттің қанынан ауыр болатыны да содан. Ақын Талапбек Тынысбекұлы «Арғы жағы Ертістің бергі жағы» жыр кітабының беташарын осы екі өлеңмен ашуы тегін емес. «Мінездеме» мен «Серт» – ақынның поэзия әлеміне алған жолдамасы. Кейінгі өлеңдері мен азаматтық күрес жолындағы құбыланамасы. «Әр қазаққа әр өлеңі көз маржан болған» дұғасы.

Талапбек Тынысбекұлы – өлеңі мен өмірі бітеқайнасқан ақын. Кәдуелгі қарапайым қазақы өлеңдері мен өмірлік ұстаным, азаматтық пренциптерінің арасында ұлғаусар айырмашылық жоқ. Сөз бен істің арасы, жер мен көктей алыстап бара жатқан заманда, бұл көп ақында бола бермейтін опалы қасиет. Оның өлеңдерінде таң бозымен таласа оянып, асығыс үй жығып, атан қомдап, ат жалдап келесі мекенге асыққан көштің мазасыздығы, асығыстығы бар. Сүле-сапа, жүрдім-бардым емес, тиянақты көштің тынымсыздығы. Алқа-қотан емес, ақжарма көш. Талапбек өлеңдері осындай қозғалыстан, ішкі ағыстан тұрады. Ат жалында өскен, күн түбіне күңірене жортқан бабалары сияқты. Айтарын алыстан аунатып әкелетін, ыңырана сөйлеп, ауыр қозғалатын би-шешендей емес, қан майданда тұрысатын, қанжығада көрісетін батырлардай кескекті сөз. Атқан оқтай қайрылмайтын, қайта түзеп әуреленбес мәрт сөз. Олпы-солпы тірлігіндей кей ұйқастары олқы түсіп жатса, үнемі көш үстінде, үнемі жол үстінде жоқ қарап жүретіндігінен шығар деп түйдік. Есенғали Раушановтың «Жолаушы шығып өлмейді ақан, жоқ қарап жүріп өледі ол» деп келетін ақындықтың бір бітімі – осы Талапбек поэзиясының ұстынына құрылғандай.

Тынысбекұлының жыр кітабын парақтай отырып, ақынның бар болмысы – жоқ іздеген жанкешті жолаушыдай суыт, сұсты екенін аңғардық. Қауымдасынан бір бас биік тұрған, есін ерте жиып, ерте оянған азамат қана, төңірегін түгендеп, айналасын адақтап, соқа басын тау мен тасқа өзі тілеп соғар болар дедік.

Ақынның «Қарт арманы», «Тәуелсіздік», «Атамекенді аңсау», «Қабаның қысы», «Көкдөненмін», «Жылқы жыным буады» сияқты бозбала шағында жазған жырларының дені, атқа ерте қонған азаматтың тағатсыздығындай күл-білтесіз, күмілжусіз, пышақ кесті жырлар екенін аңғармау мүмкін емес. Талапбектің өлеңдері – таңғы ұйқыңнан «шырылдаған сәбидей мазаңды алар» өлеңдер. Осы мазасыздық жүре келе ақынды үлкен жортуылдарға салды. Қазақстанға қарай ұшқан туған жері Қабаның қарғасы мен қара суы құрлы жоқпын ба деп, елдің алдыңғы легінде Атажұртқа ат байлады.

Жер менікі аманаты түркінің,

Төр менікі салихалы ғұрпы мың.

Көл менікі, шөл менікі бұл шыным,

Ел менікі кіндіктесім, бір түбім. - деп еңсесін тік ұстады. Табанын нық басты. Жас едім, жат едім демеді. Қанат-құйрығы жетілмей ел ісіне араласты. Артынан келген қандасын алаламай жол көрсетті. Бітпейтін дау мен толастамас қағаз-құжаттың бел ортасында, жылағанның жасын сүртіп, сүрінгенді сүйесті. Міндеттсінген жоқ. Қашанғы әдетімен бел шеше кірісіп, өкпе тұстан ұрандатып азу көрсете білді. «Алтыншаш апам айда жүр, 1500 бала қайда жүр» дейтін топалаң тұста, Алматы мен Астананың арасын тоздырып, тентіреп қалған жастардың құжатын реттесті. Бұның бәрін, Тынысбекұлының көп сүйінер тынымсыз еңбегіне емес, өлеңнен туған ойдың ыңғайына қарай айтып отырмыз. Өйткені, қай өлеңін алып оқысаңыз да ел мен жердің тағдыры, Алтайдан ауған елдің зар-мұңы, ауыр тарихы жатыр. Әр өлеңінде «Бір жоқты бір жоқ табар» дейтін аласапырандық бар. Ұлы көштің теңі аумасын деген ниет пен харекет басым. Жыр кітабы – атына, заты сай. Ертіс дейтін Ана-дарияның екі жағалауында қалған жұрын жұрттың жанайхайы. Тамыры бір арнаға байланған, түбі бір тоғысар елдің тағдыр-тәлейі.

Екі мыңыншы жылдардың басындағы «Жас алаш», «Жас қазақ» сынды апталық басылымдарға шығып жатқан «Оралман студенттерді ойландырған он мың теңге», «Қара қытай қаптап келеді», «Келгендер кеберсіп, кеткендер көбейгені несі?», «Қазақстан қазаққа толмай, Тәуелсіздік баянды болмайды», «Қаражорға қазақтың қасиеті» сынды «улы сия, долы қолдан» (Абай) шыққан мақалалары, талай түйткілді мәселелердің шешім табуына себепкер болғанын көз көріп, құлақ естігесін айтамыз. Өзі құрып, өзі жетекшілік еткен «Қаражорға» өнер ұжымы, алыста жүрген талай өнерпаздың бағын ашып, Алматыдағы үлкен өнер ордасына келіп ат байлауына себепкер болғанын да жақсы білеміз. Осы шаруалардың көбі, өзі төрағалық еткен «Жезбұйда» жастар қоғамдық бірлестігінің аясында атқарылып жатқанын да жобалаймыз. Осылардың бәрі бір қарасаң айтуға жеңіл, жазарға оңай. Сол жолда жеген таяғын, көрген қорлығы мен құқайын біз ұмытсақ та, Талапбектің өзі ұмытпағаны анық. Газетте айбар, журналисте сес бар, оқыған жұрт жүйелі сөзге жығылар, бір беткей билік орынды уәжге илігер тұста, отты мақалалары әлдебіреулердің көлденең табысына кедергі келтіріп, әлдекімдердің қызыметтік өсуіне тосқауыл болып, атжалмандар қара күштерін жұмсап, ауыр соққыға жығылып, он жеті күн жансақтау бөлімінде ес-түссіз жату, обал-сауабын былай қойғанда, ұмытылар кеп емес қой. Осы соққылардың біреуі қара бастың қамына келіп тисе жөншілігі басқа дер едік. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» деген намысшыл жігіттің жандауысы еді... Жә, бұл да бір «Жезбұйдалы жылдардың» жаңғырығы делік. Қайырын берсін!.. Құдіреті күші құдайдың қайырын бергені осы ғой, Қазақ елі – құтты қазығы, апайтөс Сарыарқа – сары жұрты. Алтын тамырлы бағзы мекенінде ұрпақ өрбітіп, ақын Талапбек өлеңнен өлеңге өсіп, кітаптан кітапқа биіктеп бара жатыр. Ұзағынан сүйіндірсін!

Ұзағынан сүйіне тұра, жоқ қараған ақынның өлеңі негі мұңлы, неге шерлі. Әрине, езілген, жаншылған мұң емес. Көзінде оты, жүрегінде шоғы бар, парасатқа суғарылған мұң. Біз аңдаған, ақынмен бірге жанымызды шабақтаған мұңның алауы – «Тибеттегі бала бейіті», «Қоңыраутас» поэмалары мен «Бас», «Намыс», «Аңдату» сынды зар-толғауларынан, «Үрімжі. Халық алаңы», «Москва. Қызыл алаң», «Босқын мұңы», «Қапастағы қыран», «1986. Ызғырық», «Майдандамын», «Қайшылық», «Мінез» сынды өлеңдерінен анық байқалады. Бұл заңды құбылыс.

 

Арда Алтай арысың көп ардақтарға,

Саяңнан сан саңлақты, самғатты Алла.

Ел қонған осы өлкенің ен байлығы,

Жем болған, Қытай, Орыс, Қалмақтарға.

 

Ерсіме елім үшін елбеңдесем,

Қазақтың қасіретін белден кешем.

Тарқамас туған жерді көрмей шерім,

Алтайдың ауасымен емделмесем.

 

Аңыз ғып атыңды айтсам ел сенбеген,

Ер оңбас ерлігіңнен енші ембеген.

Анадай пейіліңе алтын Алтай,

Баладай алты Алашың кемсеңдеген.

«Қоңыраутас» поэмасы осылай басталады. Сарысүбе қаласына барар күре жолдың бойында қоңыраулатып, сыңсыған желге зар қосып, әртүлі үн шығарып тұратын тасты байырғы жұрт Қоңыраутас атап кеткен. Поэмада ақын тарихтың тірі куәгері Қоңыраутастың атынан сөйлейді. Соның көрген-білгенін баян етеді. Қоңыраутас бірде Абылайдың ақ туын көтерген Жәнібектей ұрандатса, бірде қол бастаған Қожаберген баһадүрдің қалқанындай, Арқалық батырдың найзасындай айбат шегеді. Бірде қапияда қылыш кескен Бөке мен Зуқаның басындай тіл қатады. Бірде Бейсенбінің күйіндей бебеулесе, бірде Ақыттың азалы жырындай күңіріенеді. Бірде ашулы Оспандай ақырса, бірде Есімхан, Ырысхандай қаһарын төгеді. Бірде Сұлубайдай сұңқылдаса, бірде Бүркітбайдай «Ой, Ғайшалап» кетеді. Бірде маңғаз Мағазша мұңға батса, бірде Жақсылықша (Сәмитұлы) «Қаһарлы Алтайдай» аһ ұрып, әр қиырдан сыр ақтарады. Осылайша Қоңыраутас ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырда Алтай бетінен өзі көрген тарихи-шежірені таспихтың тасындай тізіп шығады.

Қария таудай күңіреніп, қайыра қайта жыл санамай-ақ, көкірек көзге көрініп, санаға зілдей салмақ түсіріп тұрған бір жайыт – көз алдымызда тұтастай бір дәуір көшіп барады. Ол – ұлы Шығыс Түркістан дәуірі. Ол – Қытай қазақтарының дәуірі. Шөккен таудай, мұжылған мұздықтардай көз алдымызда батып барады. Оның қайта түлеуі, бізге болжаусыз кейіпте қайта өркен жаюуы, біз ой жеткізе алмас басқа кейіпте бой көтеріп, жаңғыруы, қазірше қауашағымызға сияр дүние емес. Ел, жермен бірге мәдениет, өртенген кітаптармен бірге өркениет күлге айналып барады. Атажұртқа жеткен шашыранды қазынаның шашауы шықпай, бір арнаға тоғыспай тұрғаны тағы бар. Атақонысына қазық қаққан қаламгерлер қаламының ұшында, рух-қоржынында – кебеже түбіндегі кепиетті астай солардың жұрнағы, қазан түбіндегі құты бар. Ең кемі біз сол жұрын жұрттың жұрнағын, бізге жеткен бір шоғыр сөз асылын ардақтай білгеніміз ләзім. Талапбек Тынысбекұлының поэзиясы бізге соны ескертеді. Қолымыздан қапияда сусып бара жатқан сол қастерлі дүниені қадағалауды байыптайды. Өйткені, ілкі дүниеде бәрі өз орнын табады. Алтын, гауһар, меруерт, асыл тас та құмға айналады. Болат, құрыш, темір де тозады. Ұрпақ озады, дүние алмасады. Қара жермен бір жасасып келе жатқан сөз ғана өлмейді. Шығыс Түркістанның тағдыры да солай. Сөзді жоқтатпайық!..  

   

Ұмтыл Зарыққан