Бұл өзіміздің Тасемен ғой. Жастайынан облыстық театрда әртіс боп бастап, кейін бірер өнер мекемесін дөңгелентіп әкеткен. Орта бойлы, жалпақ бет, жарғанат құлақ, жайдары немені бұл өңірде танымайтын адам кемде-кем. Оңтайыңды тауып, оң жағында үйірілген жанды кім жек көрсін? Кешегі жекешелендіру кезінде де жем жеп қалды. Нарықтан да қысылмай нар түйе жетектеп шықты.
– Әкесі Дәуіт аузына торғай кіріп кетсе де білмес аңқау еді жарықтық. Шайтантөбеде суға түсіп жатқан бір топ қызды пері деп ойлап, ат бауырлатып сабап, сотталып кете жаздаған. Ал баласы мына заманға аузын тосып, түкіргізіп туған қу екен. Өнер мекемесін басқарып, байыған жалғыз осы, – десіп бәзбіреулер қызғаныштың қызыл шоғын көсеп-көсеп жіберетін. Мейлі ғой.
Бірақ жұрттың көзі мен сөзі текке кете ме, соңғы кезде облыс әкіміне жақпай-ақ қойды. Баталы құлдай алдында бәйпең қағып көрген, сазарған неме ішін алдырмады. Сосын: «Қой, жасым елуден асқанда кімнің алдында кішірейіп жүрем. Мә, ендеше», – деп қызметін өткізіп берген. Екі-үш ай үйінде тым-тырыс жатып бақты. Іздер жан жоқ. Өзге түгілі үйдегі қатынбаланың алдында бетінің ажары таусылып бара жатқан соң, жеке концерттік мекеме ашқан. «Тасемен и К» деп айдарлап ат тақты. Бұрын қарауында қызмет еткен екі әнші келіншек пен бір айтыс ақынын алып гастрольге аттанған. Ел-жұртты адақтап, әуелетіп ән салдырып, әзіл айтып халықты қытықтап күлдіргісі келген. Аса мазалы тірлік шықпады.
Алматы мен Астананың аспанында қаптап кеткен жас жұлдыздар алдарын орап, нәпақаларын қағып әкете берді. Жарнамалары мықты. Ылғи дәу бастықтармен, күшті бизнесмендермен көзқыспасы бар олар тұрғанда жұрт бұларды қайтсін?!
Ақыры той-домалаққа асаба да боп көрген. Оны да келістірмеді. Лыпылдап тұрған жас жігіттер қаланың бар қыздырма қызығын теңдей бөлісіп алыпты.
Сөйтіп, иті шөп жұлмай, қырбай тартып тұрғанда Астанадан Айбар Асқаров телефон шалған. Кәдімгі мұнайдың алтын бұлағын өз қолымен ағызып отырған нағыздың өзі.
– Қалқам Тасеке, – деген үні жуасып, – әкем түнде дүниеден озды. Көзі тірісінде «Олай-бұлай бола кетсем, туған топыраққа жамбасымды тигізерсің» деуші еді. Сүйекті ертең жеке рейспен алып ұшамыз.
– Иманды болсын, ағеке-ау, – деп көңіл айтса да соңғы жылдары төменшіктеп қалған көңілі кәдімгідей марқайған. Кісі танитын азамат қой, айтары не?! – Қандай тапсырмаңыз бар? Көппен бітетін шаруа. Айтыңыз, әзірмін!
– Ертең – күзеті, қонақтығы. Арғы күні жерлейміз. Елде жігіттер көп қой, бірақ осы шаруаның басықасында болуды өзіңе аманаттағалы отырмын.
– Айтқаныңызға құлдық! Қаралы жиынды өзім басқарып жүргізіп отырамын.
– Оның дұрыс. Өзің басқар! Сосын жаназасын шығаратын молда тап!
– Жарайды.
– Сенен жасырар не бар? – деген Астанадағы дауыс құмығып. – Қалқам Тасеке, әкемнің сол елге сіңірген еңбегін өзің жақсы білесің. Өңірі орденнен босамай кетті ғой…
– Айтары бар ма?
– Соны айтып жоқтайтын, атам-ау деп жылайтын үйдегі жалғыз жеңгең қазақшаға шорқақ. Ұл-қызымызды, немерелерімізді түгелдей орысша, ағылшынша ауыздандырып алдық.
– Қарындасыңыз Бәтіш ше?
– Ол қазір Дубайда. Сауда саласында. Жетіп үлгерер. Бірақ оның да… Осы күні жұрттың көзінен жас шықпайтын боп барады ғой.
Екеуі мектепте қатарлас оқыған. Байқатпай келіп біз сұғып алмасаң былқ етпейтін пәле еді. Оның да әкесін жоқтап, ебіл-себіл жыларына Айбекең де сенбей тұр ғой.
– Аға, – деді бұл мән-жайға жедел қанығып, – жаназа шығарар молда да, қандай қадірлі қариядан айырылғанымызды айтып жырлайтын ақын да, тіпті жоқтау айтатын әйелдерді де әзір етем. Тек сүйекті қолымызға тигізсеңіз болды.
– Бәрекелді! – деді Айбекең тынысы кеңіп. – Күткенім осы ғой. Еңбегің еленер, қалқам!
Сол сол-ақ екен, Тасекеңнің қиялында жаңа бизнестің жобасы жоталанып сала берген.
Дереу айтыс ақынын шақырып алды. Әнші екі келіншекті жинады.
– Бұл – тұтас спектакль! – деді қарауындағы үшеуге алдағы істің мән-жайын ұғындырып. – Қаралы жиынды өзім жүргізіп отырамын. Сосын сен жыр төгесің. Молда жаназасын шығарады. Кейін сүйек жөнелтілерде екеуің жоқтау айтасыңдар. Бұрынғыдай билет кесіп, касса аңдып, ін аузындағы саршұнақтай шақылдап отырмайсыңдар. Еңбектерің қолмақол төленеді.
Оларды осылай нығыртып болып, енді молда табамын деп отырғанда, салдыр-гүлдір Қайсардың кіріп келгені. Алыстан қосылар жиендігі бар, өзі алаңғасар да аңғалдау. Орталық мешітте біраз жыл кассир боп істеп, ақша жеп, онысы бойына жұқпай түрмеге түскен. Екі жыл отырып шыққан беті осы. Мына бизнеске ол да ортақтасқысы кеп жанып түссін.
– Мен де ән айтамын. Керек болса билеймін, – деп, ортекедей әрлі-берлі секіріп, «Три танкиста, выпили по триста…» – деп аңырасын.
– Тоқтат, ойбай! – деп жатып зорға қолға тұрғызды. – Сенсіз де әнші көп. Бізге енді молда керек, молда!
– Мен әрі молдамын. Түрмеде мешіт ұстағам. Тасекең алыстан қосылар жиенінің жүзіне сенім-
сіздеу қарады.
– Тісіңе не болған?
– Түрмеде өңкей тентектерді намазға жығам деп төбелесіп жүргенде ұшып кеткен, – деп екі күрек тісінің орнына қып-қызыл етіп тілін қыстыра қойды.
– Салдырып алмайсың ба, сорлы-ау?!
– Түбірі мықты. Қышқашпен қанша күштеп тартса да жұлынбай қойды.
– Сақалың да оңып тұрған жоқ.
– Өсіргем…
Өсіруін өсіріпті. Тек «Кері кеткеннің сақалы кеңірдегіне шығады» деген, бір-бірінен қашып тұрған он шақты тал қыл-қыбыр жел жыққан қамыстай бір жағына қисая қалыпты. Жосықсыз адамға қаумет сақал қайдан біте қойсын?
– Бір аятты оқып көрші. Мақамыңды білейін.
Тиын сауып, ақша жеп жүргенде біраз нәрсе құлағына қонған ғой. Кісіні ұйытып тастайды екен. Орталық мешіттен молда табар-ау, бірақ ол түпкілікті боп жарыта ма? Жұрттың штаттағы молдасын қашаған жылқыдай қашанғы тізгіндеп отырасың? Одан да өзіңнің басыбайлы молдаң болғанға не жетсін?
– Жарайды, бар, – деді біраз ойланып. – Кештетіп кел! Шапаның мен сақалыңды әзір етем. Сенімен ұзақ дайындық жасамаса болмас… Бұл – тұтас спектакль!
Аяулы ақсақалдың сүйегі жеке рейспен туған топыраққа жеткен беттен бар билік Тасеменнің қолына көшкен.
Айбар ағасы қалың нөпірдің көзінше тек қана өзімен ақылдасады.
Қазақшаға шорқақтау жалғыз жеңгесі ұсақ-түйек шаруаны тек мұнымен ғана сыбырласып шешеді.
Осыдан кейін-ақ Тасемен үш-төрт жыл бұрын қапияда көз жазып қалған қайратына қайтадан мінсін. Орта бойлы, жалпақ бет, жарғанат құлақ жайдары неменің әр қимыл-әрекетінен мына тірлігіне аса пейілді екені анық сезілді.
Қаралы жиынды өзі бастап ашты. Іле екі күн бойы бұлбұлдай сайратып әзірлеген айтыс ақынын ортаға шығарды.
Елуге ентелеп келіп қалған құстұмсық, қасқабас ақын домбырасын қағып-қағып жіберіп, көзін шегірейтіп ащы айқайға бассын.
Аяқты тым әріден алып, беріге тартып сүйегі сартап боп жатқан Асан Қайғы, Алпамыс пен Қобыландыны бір-бір аунатып, со-ноу Қарасай – Қази, Орақ – Мамай, Исатай мен Махамбеттен қалған бұ дүния деп…
– Өтті-ау, шіркін, талай ерлер, – деп мұны естіген қариялар көздеріне жас алысқан. Тіпті орнынан жер таянып тұрып жүрген кейбірі ертеңгі күні бақиға көшкенде өздері де осы әуезге құлақ түріп аттанғылары кеп іштей армандасқан.
Қай ерлігін айтып, қай кетпенді шаптырып жатқанын кім білсін, кеудесі қызған көріктей дембілдембіл көтеріліп-басылып:
– Тарсылдатып шапқанда даладағы тай үркіп, қорсылдатып шапқанда қорадағы қой үркіп, – деп бір қойды.
– Колхоз заманында ащы терін тамызып жүріп еңбек етті ғой жарықтық, – десіп үш-төрт көңілшек кемпір бір-біріне көз астынан абайлап қарасты.
Байғыздай сайраған ақын еңку-еңку жер шалдырып келіп фәни мен бақидың, уақытшалық пен мәңгіліктің, сынақ пен жауаптың, туһ, тіпті жұмақ пен тозақтың бәрін бір басынан өткізген жандай жаназаға жиналған елдің қойны-қонышын құрт-құмырсқаға толтырып жіберген.
Осылай бусанып, бұлқынып, тіпті жұлқынып барып жырын аяқтағанда, жеңілтек біреулер концертте тұрғандай шапалақ ұрысты. Әне, өнердің құдіреті!
– «Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп Абай атамыз жайдан-жай толғанбаған шығар, – деп Тасемен де дереу іліп әкеткен.
– Рас, рас, – десті былайғы жұрт амалсыз құптап.
Келін, немере, қыз-күйеулері кессе қан шығармай бедірейіп тұрғанымен, әкесінің осы елге сіңірген еңбегі жыр тіліне түскенде, қандай дегенмен, Айбекеңнің жүрегі жұмсақ қой, бірер мәрте кемсең қағып кетті.
Қаралы қауымды жел диірмендей айналдырып тұрған Тасемен келесі кезекті Қайсар молдаға ұсынған. Күндіз-түні дайындаған еңбегі зая шықпапты. Театрдан бақандай бес мың теңгеге сатып алған жасанды сақалды жапсырып, грим салып, тобықтан төгілтіп шапан, милықтатып ақ қалпақ кигізіп еді. Сол қалпы қалың елді қақ жарып ортаға шыға келгенде өзі әзер таныды. Қоңқақ мұрын, қарасұр, тар маңдай, таскөз молдасы аузын ашса көмейінен көр көрінетін қасқаның өзі бола қалыпты.
Жаназаға жұртты қаз-қатар тұрғызып:
– Халқымыз аман, еліміз тыныш, нанымыз көп болсын. Аспанымыз ашық, дұшпанымыз қашық болсын. Крезистің желкесіне жеті шиқан шығып өпірем кетсін, – деп алдымен салиқалы сөз сөйлеп барып жаназаға кіріскен.
Қос құлағын күректей алақанымен басып, жауар күндей күркіреп:
– Бісімілә… Рахима… Алоу… – деген.
Соңында өріп тұрған жұрт алғашқысында молдекең әйеліне телефон шалып тұр-ау деп ойласқан. Бақса, жаназа намазын осылай бастап кеткен екен.
– Шамасы, Ыстамболдан оқу бітірген бала болдыау!
– Көрдің бе, тіпті мақамы өзге, – дескен былайғы жұрттың сыбыр-күбірін естіп барып Тасеменнің жүрегі орнына түсті.
Жаназа жөнімен бітіп, сүйек енді жөнелтіледі деген абыр-сабырда екі әншіге де кезек тиді.
Басына ақ орамалды шарта таңып алған Бағила бойы бәкене болғанымен тығыншықтай, талабы байдан қайтпаған, тақымы асаудың өзі еді. Бірақ Жасаған ием өзіңе бұйырмысты ғып басы бүтін байлап бермесе болмайды екен. Әркімнің күйеуіне көз сүзіп, тартып ала бергенімен құтая ма? Қайтадан өз қорасына қашып кіреді. Сол:
– Дүниенің алтын шегесі суырылып, топсасы бос қалды ғой, айналайын халқым-ау, – деп бар маңайды әнші даусымен жаңғырықтырып жіберді.
Екінші жоқтаушы – Айым. Кезінде өнерлі-ақ еді. Ұзын сирақ, тырна мойын, тандыр бет, тыраштау. Жас дәуренінде көн етіктіні менсінбей, көк етіктіге көп ерген… Жасы қырықтың қырқасына көтерілсе де қылықты. Ол да зарлы үнмен:
– Елімнің құшағына әрең сыйған ағеке-ау, қара жердің қойнына қалай сыярсың? – деп қостай жөнелсін.
Бағила мен Айым осылай алма-кезек жұлып әкетіп жоқтағанда, қайта-қайта талып, беттеріне су септіргенде, байқатпай келіп біз сұғып алмасаң былқ етпейтін Бәтіштің өзі көзінен екі тамшы жас берді.
Сөйтіп, жырлатып-жылатып, қайтадан жұбатып Айбар ағасын шексіз ризашылыққа бөлеген алғашқы спектакль сәтті аяқталған.
Жақсының ықыласы жарым ырыс қой. Содан бастап Тасеменнің осы бизнесі гүлдей жөнелді. Автобусы, молдасы, жыршысы мен жоқтаушысы, тіпті қаралы жиынды басқарар асабасы, дауыс күшейткіш асай-мүсейіне дейін дап-дайын. Тірі тұрмақ, өлі марқұмға да осыдан артық не керек?
Тасеменнің мекемесі ашылғалы жұртқа тіпті рақат болды. Бар міндеттен сытылып шыға келді. Айтса айтқандай, осы күнгі келін-кепшіктің көзінен жас шықпайды. Суалып қалған. Оқта-текте шық ілінсе де, екі ауыз сөздің басын құрап жоқтау айта алмайды. Тіпті немере-шөберелерінің ойын-сауықта жүргендей ойнақтап басып қызмет көрсететіндерін қайтерсің?
Мұның ел сеніміне кіргені сондай, ұзақ сапар шегерде, қымбат өлкенің курортына кетерде, тіпті бәз біреулердің: «Біздің әулеттегі шал-шауқанның бірі шетіней қалса, Тасеке, өзің бас-көз боларсың. Андағайлап жеткенмен ажалға араша тұрмаспыз», – деп қиылатындарын айтсаңшы. Ал керек болса!
Содан бастап көзапара бәсекелестік қызды:
– Болмашы бір уыс қана ана ру көкелерін осылайша жоқтатқанда аспан мен жердің ортасын тіреп тұрған біз неге әкемізді былайша азалатпаймыз? Қай жеріміз кем?
– Давай, Тасеке, жоқтау айтатын әлгі екі әншің бұрын үш реттен бетіне су бүріктіріп жүрсе, ертең бес мәрте талықсып кетсін. Еңбегі, міне, – десіп қалталарын қопарысады.
Ал табаның қызбай көрсін!
Десе де, ара-тұра мекемесінде жиналыс ашып, Тасекең төсайылдарын тартып-тартып қояды. Сен жақсысың десең, өңшең желбуаз неме… Талай жерде ұятқа қалдыра жаздап… Ауыздық бермей кетеді бұлар.
Бүгін де соның оңтайы келіп отыр. Төрт көздері түгенделген соң салған бетте ақынына тиісті.
– Демеген өлгенде атын шатастырып Тебеген деп көсілдің. «О баста азан шақырылған есімі осылай екен» деп ел-жұртты әрең бастым, – десін ежірейіп. – Қайыр шал бақи көшкенде, «Тірлігінде көп ішіп, көп жеген азамат адам еді» деп сөз бастадың.
– Енді өмір бойы бастық болды ғой.
– Жекен қарияның қазасында «Жетпіс бес жасқа дейін ойбайлатып кемпірін сабаған ер көңілді еді» деп лепірдің. Кемпірі жылайын деп көзі боталап тұрған, әлгі сөзден соң көкшеңдеп кетті.
– Енді көзіміз көрді ғой.
– Ит-ау, тірлігінде кім не бүлдірмеді? Соның бәрін моншақ қып жіпке тізу міндет пе? Сатымда істегенің анау. «Сағынай саптыаяққа сиіп өлген» деп ырғап тұрып алдың. Екеуінің арасында қандай байланыс бар?
Үкілі домбырасын бауырына басып тыңқылдатып отырған құс тұмсық, қасқа бас ақын көзін шегірейтіп өзіне тарпа бас салсын.
– Бар, – деді жұлып алғандай. – Бұл – атақты Ілиястың жыры. Сағынай – паң Нұрмағамбеттің әкесі. Сатым болса қуығы байланып, ауына тамызып жатты. Демек, екеуінің диагнозы бір. Мәселе – фактінің қисынын табуда.
– Оның дұрыс, – деді бұл еріксіз мойындап. – Бірақ өзіміздің рудан шыққан Тоқсанбай шалды да келістіргенің шамалы.
– Енді мақтадым ғой.
Тоқсанбай жарықтық аяқасты алжып, көктемде үй іргесінде тұрған қораға барып, қозы-лақтармен сүзісіп ойнайтынды шығарыпты. Бала-шағасы көзтаса етпей қашанғы бақсын? Бірінде… Қозы деп сүзіскені қошқар боп шығып… Тап сол жерде жантәсілім етіпті.
– Бар мақтағаның «Тоқаң сүзісіп жүріп жастығын ала жығылды. Не десеңіз де, батырдың тұқымы ғой. Тоғыз жасар қошқар да мертіккен» деп салдың.
– Қайтейін енді?
– Жарайды. Бірақ сенің бір жаман әдетің бар. Екі көзіңді тарс жұмып алмасаң шабытың келмейтіндей… Лағып бара жатқанда ымдап ескерту жасай алмай қор боласың.
– Ол рас енді.
Құрсын, әрлі-берлі қараса болды, арқасы қозып кететін ақынмен айтысып опа таппас. Мұның да ішкі есебі өзінде. Қалтасын қыздырып қоймасаң, марқұмның тірлігіндегі ісіне бояу жағып, әрлемей-сырламай бар шындықты бадырайтады да отырады. Шындығы түскірдің қайбір таймас ажары бар?
Келесі сыбаға молдекеңе тиді.
– Әй, – деді бұл салған бетте, – ақшаны күреп тауып жүрсің. Ана екі күрек тісіңді қашан салдырасың, а? Іннен шыққан жыландай ысылдайсың да отырасың.
– Түбірі мықты.
– Ой, түбіріңмен қоса… Тіпті Алла деген сөздің өзін де дұрыс айта алмайсың.
– Енді оның тоқсан тоғыз атауы бар, қайсысын айтып жатқанымды жұрт қайдан білсін?
– Түрменің көк шалабына ындының әбден кеуіп қалған. Жемсауың кең. Тамаққа тоймайсың. Кісі өлімді жерде қолын табаққа сыпайы жүгіртіп, шекіп жеп, көбіне уағыз айтып, бұ дүниенің иттігін, жожоқ, баянсыздығын байыптап мүлгіп бақпас па? Сен болсаң, басты кеңсірігіне дейін қопарып, жамбасты жалаңаштап жалаңдайсың да қаласың.
– Енді әйел жоқ…
– Қап, мынаны-ай! Өткен жолы тіпті өгіздің тоқпан жілігін шағып, майын сорамын деп балта іздетіп жұрттың зықысын шығардың. Сенің де тамақ көргенде ымға түсінбей бедірейе қалатының бар. Әдейі!
– Нағашы, жарар енді!
Алыстан қосылар жиендігі бар дегенмен, түрме көрген неме ғой, одан әріге тереңдемеді.
– Сен екеуіңнің, – деді сосын Бағила мен Айымды көзбен арбап, – дауыстарың әдемі. Жоқтауларың жақсы. Ел мақтап жүр. Бірақ маған айтпай той-домалаққа барады деп есіттім.
– Ағай, ақша үшін емес. Тапсақ сізбен бөлісеміз ғой.
– Туыс-туған қуанышына шақырысады. Қалай қарап тұрасың? – деп екеуі екі жерден безілдеп кетті. – Бүгін де…
– Жарайды енді, – деді Тасекең терісі кеңіп, жиналысты жабарда. – Ертеңгі жаназаға ақын керегі жоқ. Демал! Еңбек етіп жарытпаған біреу. Өңірінде бар-жоғы жалғыз медаль екен. Оның өзінің қажала-қажала аты өшіп кетіпті. Молдеке, қос ару жауапкершілік керек. Әрдайым уақытында… Бұл, анау-мынау емес, тұтас спектакль! Өзім «Мерседеспен» тікелей барам. Хош!
Ертеңіне әдеттегідей жаназа намазы оқылған. Енді жоқтау айтылар тұста… Таңға дейін той-тойлап есірік меңдеген бәкене бойлы Бағила сайтандікіндей сапсары шашын жалбыратып, микрофонды қолына ала сала:
– Қуаныш құтты болсын! Ұзағынан сүйіндірсін! – деп дауыстап жіберіп, Шәмшінің әйгілі махаббат әнін бастап кеп бергені. Онымен қоймай шоқ басқан тауықтай секектеп билейді. Сасып қалған Қайсар молданың өзі мынаның есін жиғызғысы кеп:
– Бісімілә!… Рахима!.. Алоу!.. – деп азан шақырғандай айқайлап салды. Оған да селт етер емес.
Тасемен жаны қысылып, жан-жағына жалтаңдап бағып еді. Тентек ауылдың жігіттері қарасын ба, бірден ортаға алды.
– Әдейі істетіп отырсың. Масқарамызды шығардың! Тірімізді қойып, енді өлігімізді саудаға салдың! Атаңа нәлет! – десіп қолдарына іліккен итаяқпен қақ бастан қонжитты.
Күндіз-түні бағып отырған итаяғы Тасеменнің басында кеткен соң Ақтөс қайтсін? Ит те болса ақылды, мына қаза үстінде әркімге бір арс етпей, үйшігіне кіріп, басын ғана көрсетіп мөлиіп жатқан. Сасқанынан үстіндегі үйшігін көтере қашты. Онысы адымын аштырмай домалап, бажылдап қаралы елді үркітті.
Тентек ауылдың жігіттері бір көтерілмесін деңіз.
– Тап әкеңді!.. Сен сияқты сақаудың шығарған жаназасымен жұрт жұмаққа кіріп жарымас, – деп енді молданың сақалына жармасқан. Театрдан бақандай бес мың теңгеге сатып алған жасанды сақал жұлынып, әлгілердің алақанында кетті.
Түрме көрген молдекең Тасемендей тасырлап тұра қашпады. Өзі де төбелесті көптен сағынып жүрсе керек, шапанын шеше сала жағаласып жатты.
Бәкене бойлы Бағила мана шоқ басқан тауықтай секектеп билеп жүргенде-ақ бір жыңғылдай келіншектің қолына түскен.
– Мынау әлгі көрші Әлиманың байын сиқырлап әкетіп, үш ай қойындасып кері қайырып беретін жүзіқара ғой. Ә, көріндің бе көзіме?! – деп келе шаштан бүрген. Шеткерілеу тұрған топ әйелдің ортасына бастаңғыға соятын тоқтыдай дырылдатып сүйреп кірген.
– Азалы жерде айқасу салтымызға жат! Тоқтат! Өңшең имансыз! – деген ақсақалдың айбынды даусы ғана бәрін жым-жырт басты.
…Соңғы спектакль осылай жабылды. Шымылдық түсірілсін!