164

Ақжол ҚАДЫЛБЕКҰЛЫ. КІНДІК ҚАН

Түс кезі еді.

Ауыл ішін тылсым тыныштық басқан. Кенет ауылдың іргесінен сықырлаған арбаның дыбысы естілді. Иттер абалап, үйді-үйдің адамдары есік алдына шыға бастады. Арба ауылдың үлкен көшесін баяу жүріп өтті де, нағашы атамның үйінің алдындағы қақпаға келіп ат басын тіреді.

Арба үстінде қырық жамау көнетоз шапан жамылған, бет-аузы күнге тотығып, өңі әбден шаршаған бір адам сұлық жатыр. Арбаның тізгінін ұстап отырған - қаршадай қыз. Қос өрім шашы күнге шағылысып, бейкүнә жүзінен әлденеге алаңдағаны байқалады.

Нағашы атам мән-жайды сұрап жатпастан:

— Түсіңіз, құдайы қонақ! Жол жүріп шаршаған боларсыз, — деп, әлгі бейтанысты арбадан түсіріп, үйге бастай жөнелді.

Мен де есім шығып, қонақтармен бірге ілестім. Үйге адам келсе, қазан көтеретін қазақтың дәстүрі ғой, нағашы апам да күздіктің етін қазанға салып, дастарқан қамына кірісіп кетті.

Мен болсам, апамның қасына барып сыбырладым:

— Апа, мына кісі кім? Қызыр пайғамбар емес пе?

Нағашы апам езу тартып, әзілмен жауап берді:

— Иә, балам. Дәл айттың. Қайдан естідің мұны?

Мен мақтана:

— Әжем айтқан. “Қызыр пайғамбар кейде бейбақ кейпінде, кейде жұпыны киіммен келуі мүмкін. Егер жақсы қарсы алып, қуантып қайтарсаң, ол үйдің бағы артады” деген.

Апам ауыр күрсініп:

— Әжең дұрыс айтқан, қарағым. Бірақ бүгінгі құдайы қонағымыздың жөні басқа. Бұл — Асқар. Біздің аяғымызды басып қалған бейбақ…

— Қалай?

— Ол жайында айтар әңгіме көп, балам. Асқар тағдырлы жан.

Сұраулы жүзбен нағашы апама;

– апа, маған Асқар жайын баяндап берсеңіз деп өтіндім.

Апам, әңгімесін сабақтай жөнелді.

Жол ұзақ.

Көлік терезесінен сыртқа көз тастаған Асқар туған ауылына жетуге асық. Қанша уақыт болды, бұл жаққа аяқ баспағанына? Әкесінен қалған қара шаңырақта жалғыз анасы отыр. Соңғы уақытта анасы жиі ауыратынын естіген, сол үшін де жұмысынан уақытша демалыс алып, ауылға бет түзеген.

Ауылға кіргенде таныс көріністер жанын жылытып өткендей болды. Тақтайдай түзу көшелер, бала күнінде асыр салған бұралаң соқпақтар, қайыңды сай… Барлығы сол қалпында. Қарашаңырақтың ауласында шай қойып, терең ойға шомып отырған анасы ұлын көргенде жүзі жадырап сала берді.

— Балам, келдің бе? Сағындым ғой…

— Апа! Қалайсыз? Жақсысыз ба? — деп анасының маңдайынан иіскеп, қарсы алдына отырды.

— Жақын-жуық аман ба, апа?

— Шүкір, қарағым… Тек… Кенже қайыным төсек тартып жатқалы біраз болды. Бүгін бір бақсы келіп, ұшықтап жатыр дейді…

Асқар бірден тіксініп қалды. Әкесінің жалғыз інісі еді ғой. Өткенде телефонмен сөйлескенінде жай-күйін сұрамағанына өкінді.

— Мен қазір барып қайтайын, апа. Көңілін сұрап.

Асығыс шығып, кіші әкесінің үйіне жетті. Үйден әлдекімдердің күбірлеген дауысы естілді. Ішке кіргенде көргені — кірпіштен өрілген ошақ басында аласа бойлы бақсы, айналасында ала шапанды бейтаныс адамдар. Ал төсекте көзі алақтап, сандырақтап жатқан кіші әкесі.

— Асқар, келдің бе? — деп кіші шешесі суықтау үн қатты.

— Ағайыма не болды?

— Ауырғалы біраз болды. Бір ем қонбай қойды… Айтпақшы, сенен бір өтініш бар, қарағым.

— Айтыңыз…

— Ата-бабаларың жатқан қорымнан бір уыс топырақ әкеліп берші. Мына балалар әлі кішкентай, бара алар емес. Ағайыңның беті бері қараса дейміз.

Асқар ойланып тұрмады. Ауыр ойға батып тұрған кіші шешесі мен науқас ағайына жаны ашып кетті. Асығыс қорым жаққа бет алды.

Қорым… Сонау бала күнінде әкесі ертіп барып, ата-бабасының рухына құран оқытатын. Ол кезде мына құлазыған төбешіктерден қорқатын еді. Бірақ бүгін ол қорқыныштың бәрін ысырып, шытқа бір уыс топырақ түйіп алды да, үйге қайта оралды.

Келісімен түйілген топырақты кіші шешесінің қолына ұстатты. Құдайдан ағайының тез сауығып кетуін сұрап, дәл табалдырықтан аттай бергенде… суық леп сезілді.

Жалт бұрылды.

Кіші шешесі… Ту сыртынан мысықша тіміскілеп, суық жүзімен тесірейе қарап тұр. Көзі мұздай. Бұрын-соңды дәл мұндай сұсты кейіпте көрген емес.

Кеудесін белгісіз үрей биледі. Денесін ыстық тер жуып, жүрегі атқақтай соға жөнелді.

— Апа… Көк желкем тартып тұр… Апа…

Жүрегі атқақтап, әрең дегенде үйіне жетті. Анасының алдына келіп, бір тізерлей отырып, басын ұстады.

— Балам, түсің бұзылып кетіпті ғой…

— Білмеймін, апа… Біртүрлі күй кешіп тұрмын…

Осы күннен бастап Асқардың өмірі күрт өзгерді. Бастапқыда басы айналып, аяқ-қолы ұйып қалатын болды. Кейіннен бейнебір санасы тұманданып, өмірдің мәнін жоғалтқандай күй кешті. Кейде әлденелер күбірлеп тұрғандай сезініп, кейде мүлде үнсіз күйге түсетін.

Сөйтсе, кіші шешесі мен бақсы тіл біріктіріп, ауыр науқастың дерті бейкүнә жанға ауысса, сырқат жазылады деп сенген екен. Бұл қақпанға түскен Асқар екенінен бейхабар еді.

Анасы осы қасіреттің салдарынан ерте дүние салды. Ал өзі… Өз өмірін біреудің обалына айырбастап жібергендей күй кешті.

Кеше ғана ауданда әкімнің орынбасары болған азамат енді біреудің босағасында күнелтетін қаңғыбасқа айналды. Ел кезіп, біресе оңтүстіктен, біресе батыстан табылатын бейбаққа айналды.

Тек арагідік ақыл-есі кіргенде, отыра қалып күңіренетін.

— Болашағыма балта шапқан ет жақындарымды кіндік қан атты…

 Жалғандыкі ақыретке кетпейді екен…

Бұл оқиғаны күллі Құлыстай даласы көпке дейін аңыз қылып айтып жүрді. Кейіннен естігендері — кіші әкесінің шаңырағы ортасына түсіп, бақсының отбасы бақытсыздыққа душар болғаны.

Апам көз жасын сүртіп, үнсіз отыр. Мен де не дерімді білмей, тілім байланды.

— Балам, - деді нағашы апам ақырын ғана.

Бұл өмірде ең ауыр нәрсе ет жақыныңның опасыздығы.

Мен үнсіз ғана терезеге қарадым. Далада бейтаныс қонақ — Асқар нағашы атамның ескі шапанына оранып, бейғам отырған еді…