РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВ. SOR

Саин көшесінің төбесінен жұлдыз аққан. Жіп сәулесін соз-зып... Таудан ескен самалдың өңеші тұп-тура Жандосовтағы айналмада тұрғандай. Салқын, сызды ауа қыздарды тітіркентіп жіберген. Түн ортасы ауып барады.Іңір қараң ғысында өзен бойлай өскен шоқ тоғайдай қарасы   қалың еді. Сирей-сирей селдіреді.Соңғы күйек сақал біреу бұларды қоймай айналсоқтап баққан. Сұрмас неме мырза қолын қалтасына қайта-қайта сұққанымен, түрінен сескенді ме, көңілін берер қыз табылмады. Ақыры екі-үште бөлініп,Ташкент  даңғылына қарай құлаған. Ара-тұра жеңіл көліктің өткір жарығы ғана ылдиға дедектеген қыздардың тырна бұттарын сүзгілеп өтеді. Бәрінің де дидары бірдей-тін. Ай нұрының өзі абайлап аймалардай. Тек аттары ғана өзге. Оны да өздері ойлап тапқан. Жалдаған үш бөлмелі пәтерге топырлай енді. Әдеттегідей сықылық атып сайран да салмады. Көпіртіп ақша да санамады.  Ерте көктемнің сәтсіз күніне өкпелі еді.

-Ертең кеш саунаға барамыз.«Мама» Катя звон-дады, – деді бір оймақ ауыз.

  Рах-хат,–деді жанындағы күлімкөз сағыздай созып.

– Үйреніп қалдық.

– Шықпайықшы содан.– Алиса ғашығын көреді.– Өзіміз ғой. Айсара десеңші...Айсара тозығы жеткен кереуетте бетін бұрышқа беріп бүрісіп жатқан. Суық алған бойы жылынып, ұйқы меңдей бастады. Кірпігі айқасқан тұста әжесінің «Тоңдың ғой, қарғам» деген даусын тағы да еміс-еміс естігендей болды.

– Түйе жүн көрпеңді жапшы, әже...Ылғи  осы. Көзі іліне бастаған  ұйқылы-ояу шақта құлағына ұя сап қалған осы үн алыстан талып  барып  жетеді.Көрпенің бұрыш-бұрышын қымтап жатқан аялы алақанның жылуын сезеді.

  Сағындым,– деді сосын үзіп-үзіп күбірлеп.

  Алып кетші...

– Депутатын айтып жатыр, – деді оймақ ауыз.

– Ертең барасың. Асықпа, – деді күлімкөз.– Дәмесінің зорын! – деді аш белі солқылдап тұрған бірі сүт тайлақтың өркешіндей омырауын селкілдете күліп.

– Қойыңдар, қыздар,–деді естиярлауы тар төсекке әрең сыйып жатқан  құйрығын  аударып-төңкеріп.

  Әлі уыздай ғой. Он екіде бір гүлі...

– Қайдағы? Бес-алты гүлі ашылып қалған. Ду ете түскен. Тәтті ұйқы тереңіне тартқан Айсара үй төбесінен үріккен кептерлер екен деп ойлады. Әне, қоймай қанат қағып барады. Әжесін сағынған. Сосын жіңішке ауру айналдырған шешесін, биыл мектеп бітіретін    жалғыз інісін. Ауылға деген аңсары осымен ғана шектеледі. Өзгесіне келгенде ойы бұрып қашып, кібіртіктей береді.Айнаның бетін бермей қылтиып өскен. Ашаң әде мі жүзі, қыр мұрны, қиғаш  қасы,тілерсек қаққан толқынды шашы...

– Қарағым, ертең құда келіп... Той жасап ұзатып... Тәуір төрде, төрт қабат көрпенің үстінде құдағи атанып отырар ма екем?–деп қолтоқпақтай қара кемпір өз ойына өзі семіретін.

– Қойшы, әже, – дейтін бұл іштей өзі осы сөзді қалап тұрса да құлағына қызыл шауып.

  Мен де сендей болғанмын, – дейді әжесі пейілденіп. Ондайда  көзі нұрланып, бетіне батқан әжімдері тарайды.

  Әлде әке-шешемнен осындай кемпір боп туды дейсің бе?

О несі-ай?!

– Атам аларда құда түсті ме?

– Түспей кетсін, – дейді әжесі қызыл иегін көрсете күліп. Күлсе күлгендей... Жер бетінен жарты құлаш шығып тұрған жер үй болса керек.Төбесі қамыс, күбірмен жабылған. Ортасын  ойып қондырған жалғыз терезе. Оның өзі жартылай  әйнекті, қалған  жеріне қойдың қарны жарыса  кептелген. Үйге елең-алаң жарық   түсіріп, аспанды сығалайды да тұрады.

  Аршыған пияздай боп оң жақта отырған кезім. Атаңды көріп жарымадым. Сырттай атастырып қойыпты. Өлтіріге деп жарты қап тары, бір тоқты атапты. Кешкі алаң-құлаңда құдалар сау ете түсті. алап отыра қалдым, – дейді әжесі тап бір отыз күн ойын жасап жырғаған қыздай қызықты жерін теріп айтып. Атасы жас кезінде жылдамшыл болған көрінеді. Құдаларды табалдырықтан  аттата сала аттарды аулаққа апарып қаңтарыпты. Өзі жер үйдің маңын торуылдап жүріп алыпты. Қашанғы жүрсін, қалыңдығын көргісі кеп ынтызары аумай ма? Еңбектеп жетім мұржалы жер үйдің төбесіне көтеріліпті. Әлгі аспанды сығалап тұрған жалғыз  терезеге екі бүктетіліп еңкейіпті. Барын базарлап отырған құдалар   алдарына табақ толы етті енді ала бергенде...

– Төбе омырылып, терезе ұшты. Онымен қоса атаң құлады.Көкала шаң. Шешем баж етіп талып түссін. Пері деп ойлапты.

– Сосын?

– Ынтығуын. Мойнына терезені қамыт қып іліп алған атаң қақ ортада. Ес-түс жоқ. Туралып жатқан еттің үстіне төбесімен шаншылып қалған. Әкем жарықтық сырбаз адам, «Бір табаққа бір бас та жарайтын еді ғой» деп болашақ күйеу баласын қолтығынан сүйеп жатыр дейд. Әжесі өткен күннің елесіне арбалып, қызыл иегін көр сетіп күледі. Күлсе күлгендей...

  Сөйткен байды да соғысқа қидық. Жұрт құсап жолдан бала  тауып, «әлди-әлди, ақ   бөпем» деп ортекедей секіртіпотырсақ қайтер  еді? Жалғызды алданыш қып қалдық. Оны да Құдай көпсінді, – деп әңгімесінің аяғын да кемсең қағып кететін...

Айсара оянып кетті. «Уф-ф» деп жеңіл күрсінді. Қыздар тегіс ұйқыда. Бірқалыпты, жарыса тыныстайды. Әлден уақытта оймақ ауыз тісін қытыр-қытыр қайрап басылды.

– Рах-хат! – деп қол созым жерде жатқан күлімкөз сөзін сағыздай созады. Ұйқысырап, үстіндегі жеңіл жамылғыны шапалап тебеді.  Тоқ балтырлар торға түскен ашқарақ шортандай арпалысып жатып тыншыды.Жаурап кеп қатты ұйықтағансоң ба, денесі жадырап қалыпты. Көзін жұмып еді, көңіл мен көкіректе қонақтап  қалған көп көрініс әдеттегідей ерік бермей кетті... Мектеп бітірер жылы ғой, көрші ауылдың көркем жігітіне ғашық болатыны. Әскерден жаңадан босапты. Жездесінің үйіне қыдырып келген беті екен. Би кешінде танысты. Бойлы-сойлы,қараторы, қоян   көздеу жігіт содан басқан ізін баққан.  Қайыс белбеуінің жез тоғасы жылтырап ауладан сығалайды да тұрады. Қарап жүрмей  бесінші сыныпта оқитын інісін жарылқапты. Әскери арзанқол төсбелгінің жыл тыратып өңіріне күнде бірін тағып келеді. Орнына  тәтемді берем деп саудаласса керек. Уәде қысып, мұрнының ұшы тершіп: «Шықсаңшы,күтіп қалды ғой»,– деп дігір салып бітетін. Тостырып барып көрінетін. Сол көктемде бала махаббат оянып,  құшағына ала түсті ...Бұл кезде қолтоқпақтай қара кемпірден де  маза қашқан. Қора-қопсыны тінтіп жүріп қойдың жабағы-күземін  жинастырған. Ақ көбік қып жуып, ақ сабау мен төпелеп сабап ұйысын  жазған.  Көрші-қолаңды  адақтап кетіп түйе нің жүнін, құстың мамығын тауып қайтқан.

   Қой жүнінен төсек көрпе тігемін. Түйенікі жамбасыңды қыздырып жатқызбайды. Жамыл көрпе жасаймын. Құс мамығы – көпшікке. Ертең қарғамды ұзатқанда... – деп әжесі сүрініп қабынған.

– Қойшы, әже,– дейді бұл жіңішке ауру айналдырған шешесінің аузына сусын тосып жатып. Өзбектің батсайы жолақ жібегінен төсек көрпе оңай ті гілді. Есесіне жамыл көрпе әжесін әбден әуреге салды. Екі адамға еркін жететін көрпенің тысына түйе жүнін  қайтіп  жазып  төсеуді  білмей  дағдарды. Соңғы қоңыраудан соң үйіне келсе, тым-тырыс. Үйдің үлкен жағының  жартысын алып жатқан көрпе тыстың бір бұрышы ғана бүлкілдейді. Бақса, әжесі. Жүнді уыстап алып, көрпе тыстың бір шетінен еңбектеп кіріп кетіп жүрген. Жай жүрген жоқ:

   Ертең қарғамды ұзатқанда... –деп  күбірлейді. Есіктің жақтауына сүйеніп, сілейіп тұрып қалыпты. Артынша қолтоқпақтай қара кемпірдің басы көрінді. Іннен шыққан қонжықтай сығырая қарайды. Аузы-басы дымқылданып, қылшық-қыбыр жабысыпты.   Сыңқ етіп күліп жіберді.

– Әкең тірі болғанда, әлпештеп... – Теріс айналған. Бұрқ етіп көзіне жас келді... – Алла маған бір бай бере-жақ, – дейді естиярлауы қорылын үзіп, тар төсекке әрең сыйып жатқан құйрығын әрі-бері аунатып.

– Дәмесінің зорын!– дейді аш белі солқылдап жатқан қыз бастығырылып...

Күзге салым ойды-қырды кезіп, бауырымен жор-ғалап өсек жеткен. Көрші ауылдың көркем жігіті колледж бітірген мұғалім қызға сөз салыпты.

  Тең сыйласып, құйрық-бауыр жесетін құдамыз болса жоқ. Жетім нарша. Өзі оқымаған.Теңіміз емес. Аулақ жүрсін, – деп шешесі ұлының адымын аштыр-мапты. Ашаң, әдемі жүзі қуарып сала берген. Қыр мұрны қусырылып, тілден қалған. Ұйқы қашып, үсті-басы күйіп-жанған. Содан оңала алмады. Кісікиік боп бара жатты.Үйге кірсе алдына әжесі тіккен төсек-орын шығады.  Қызылды-жасылды боп қаз-қатар жиналған көрпенің үстінен екі көпшіктің құлағы едірейіп «енді қашан?» деп бұған қарайды да тұрады. Бетін бұрып әкетеді. Келер көктем Алматыға аттанды. Оқуға ниеттенген. ҚызПИ-ға құжат өткізген. Қырсық шалды. «Құладың»,– деді. «Жер  көтерер»,– деді іштей қатайып... Ары қарайойлауға зауқы жоқ.Иә, иә, әжесі... Енді не істеп жүр екен?   Ылғи кешкісі інісіне жыр оқытатын Аттың тоқымындай ғып алдына  «Қозы Көрпеш–Баян  сұлуды» өңгеріп алған інісі:

...Дінсіз шал ақылы жоқ өрге қашты,

Қызымды жетім ұлға бермеймін деп, –деп заулата жөнелгенде:

–Тоқта!Кеше ғана берем деп еді ғой. Кері оқышы, деп оң құлағын кимешегінен шығарып,оңтайлап отырған әжесі күйіп-піседі...

Мейрамханаға даяшы боп орналасқан. Сонда ғой әлгі бизнесменмен танысатыны. Қияқ мұрт, қырма сақал, келісті-ақ жігіт. Көңіліңді айтпай ұғып, аяқ ұшымен елпілдейді де тұрады.  Күндіз базарда борбайлап шауып, сауда-саттығын қыздырады. Кештетіп алқынып жетеді. Келе-келе жетім көңіл жібіді. Сүйкімі артты. Оңаша қыдырып, ойнады-күлді…

  Әжем ауылда көрпе-көпшігімді әзірлеп отыр, – деген ұяң ғана. Қияқ мұрт, қырма сақал, келісті жігіт жарқылдап күледі.

– Аламыз бәрін... Үйленерміз. Әзірге, мә, қажетіңе жарат, – деп қолына мың доллар ұстатқан. Сол күні ешкімге айтпай дүкен кезді.   Болашақ тойы ма деп әдемі ақ көйлек сатып алды. Ұйқастырып

ақ төпли таңдады. Алматының ақ сарайдай әдемі мейрамханасында той өткізер. Екі жарылып дуылдап «Жар -жарлап» тұрған қалың елді қақ жарып қол ұстасып келе жатыр. Әлде ақ көйлегін малынтып, етектің ұшынан ақ төплидің сүйкімді тұмсығын ғана көрсетіп, қолына әлдилеп көтеріп алар ма? Даяшы қыздар ақ білектерін әуелетіп аспанға атып шашу шашар. Асаба жігіт жағын сауып «Беташарға» басар. Домбырасының басын бұлғап-бұлғап жіберіп «Қайын атаңа бір сәлем» деп қалғанда, бақыттан бал-бұл жанып тұрған бұл сәмбі талдай иіле берер-ау.

Иә, иә, әжесі... Қамзолының қаусырма белдігін Әспеттеп тағып тойдың төрінде тұрар. Жалғыз інісі таң-тамаша қалып әжесіне тығыла түсер. Мұндай сән-салтанатты бұрын-соңды көрді дейсің бе? Тек жіңішке ауру айналдырған шешесі ғана...Име қастың үстінен ұсақ-ұсақ әжімдер жүгіріп өтті. Келесі жолы сүйіктісін алып-ұшып қарсы алғанда, алыста жатқан бір салқындықты сезген.«Жұмысым мазасыз, дұшпаным көп,аттап басқанымды  аңдиды»,–дейтін. Құлазыған көңілін соған сайған. Алматының төрінде арпалысып жүру оңай дейсің бе?

–Үш айлық сияқты...    деген ерін ұшымен жатырын алақан үгіртіп сипап.

– Ә, жақсы екен. Күт! Ораламын! Содан ұшты-күйлі жоғалды. Күте-күте зарығып үйін жағалаған. Жалдаулы пәтер екен. Иесі өзгеріпті. Қаптаған дұшпаны табысын көре алмай зақым жасады

ма деп табанынан тозды. Бай болып, барша мұратына жеткізер    әдемі ертегі еді. Еліктіріп-солықтырып ақыры әр көшеде   адастырды. Жүрегі сазды. Көзі қарауытып отыра кеткен. Көкірегінің басында түйіншек боп тұрып алған өксік кептелсін.  Сол сол-ақ  екен, ыстық жас еріп төгіліп, әл бермей кетті. Даусын шығармай, ернін тістелеп жылаған. Мынау жарық дүниеге деген бар өкпесі мен өкініші кеудесіне тарам-тарам боп құйыла берді. Тас көшеде тағалы аттай тық-тық басып бара жатқан қалалықтар селт етер емес. Жанына келгенде белеңі бар бестідей басын қайқаң еткізіп өте кетеді. Өтсе кетсін... Сауық-сайран театрынан  шығып келеді екен. Жанып тұрған жұлдызбын дейтін әнші қыз қол тығында. Жалаңаш белінен жапсыра құшақтап, алшаң-алшаң басады. Жайнаң қағып, жарқылдап күледі. Теріс айналғысы келген. Бұрыла алар емес. Бойына діріл жүгіріп алқынды. Сосын жылдамдап басып кеп:

–Тоқтаңызшы! – дегенін біледі. Жатырындағы титімдей тіршілік иесі де бүлк ете түскен.

– Ыш-то?

– Кішкене кідіріңізші.

– Танымадым, қарындас. – Келісті жүзі кеберіп кетті.

– Бұл кім өзі? – дейді әнші қыз жігітке еркелей басын сүйеп.– Какая-та дура!..

– Білгенбіз, табанына сынап жаққан алаяқ, – десті даяшы қыздар.

– Әйелі, екі баласы бар.

– Тоқалын және ұстап отыр.

– Екі күндес ақшаға таласып шаштасады да жатады деседі.

– Айтпадыңдар ма маған? Жыртақтап күледі:

  Туып алсайшы балаңды... Асырайсың ғой. Мейрамханадан  қалған тамақты жеп онсыз да тауыса алмай жүрміз. Іштей қатайған. Ашаң жүзі сылынып, арықтап, қыр мұрны қусырылып,  тілден қалған. Көкірегінде ұят пен ыза беріш боп қатып тұрып алды.Ұйқы қашып, үсті-басы күйіп-жанған. Кісікиік боп бара жатты. Иә,иә,әжесі... Мұның мына халін көрсе не дер еді?Тәтті үмітті талғажау ғып жүрген қолтоқпақтай бейшара бір уыс боп бүрісіп  қалар. Тобанаяқ боп табалдырықтан аттауы мұң болар.

   Біліп едік. Айтқанымыз айнымай келді. Қырық үйден тыйым көрмеген қыз осылай ойнақтап от басатын, – деп көрші-көлем шешесін жерлеп бітер.–  Шоқ, шоқ!

– Кешір, – деді сондай арпалысты шақта жатырын сипап.

– Дүниеге тағы бір алаяқ, алдампазды әкелмеу үшін мен сенен құтыламын. Кешіре гөр мені!..Араға алты ай салып Саин көшесінде тұрды. Таң қылаң беріп қалыпты. Жанындағы қыздар тәтті ұйқының құшағында. Естиярлауы ғана тар төсекке әрең сыйып жатқан құйрығын әрі-бері аунатып, баяу қорылдайды. Кірпігі қамасты. Әжесінің «Тоңдың ғой, қарғам...» деген даусы алыстан талып жетті. – Түйе жүн көрпеңді жапшы, әже...Сәскеде оянды. Жуынып-шайынды, боянды.–  Айсара,  хат  келді,–деді дүкеннен оралған күлімкөз.

– Алақай, бір шөлмек виски, – деді оймақ ауыз бір езуіне тілін қыстырып.

– Ішеміз, – деді аш белі солқылдап тұрғаны темекі түтінін қолымен қуалап.

 – Желікпеңдер... Қазір саунаға барамыз. «Мама» Катя келеді, –деді естиярлауы қабағын шытып. – Кә-не, шай ішейік. Хат биыл мектеп бітіретін жалғыз інісінен екен. «Алтыннан  ардақты,   күмістен салмақты Айсара апамызға сағынышты сәлем,-деп  бастапты. – Апам тәуір боп келеді. Алла жазса, Алматыға сені оқуға өзім алып барам деп отыр. Бәрі қызымның арқасы,жұмысы жақсы, табысы мол екен деп сенен көп ақша алған күні қуанып, көрші-көлемге шай берді. Бәрі саған батасын беріп тарқасты. Әжем «Қозы Көрпеш    Баян сұлуды» әлі оқытып жүр. Көп жерін жаттап алдым. Шудан Аягөзге қашып көшетін жеріне келгенде «Жүзіқара  «балалардың бағын байламайық» деп байына неге айтпайды?» деп Қарабайдың әйелімен араздасы қалды. Алматыда жаңадан шыққан ғашықтық эпос болса салып жіберсейші... Қашанғы бір жырды оқи берем?..Айтпақшы, әжем кеше саған арнап тіккен көрпе-көпшіктің бәрін сыртқа шығартып  маған қақтырды. Шаң тұтып қалған екен, қайта жинап қойдық...» Айсараның көзінен ащы жас үзіліп, оқушы дәптеріндегі жазу бір-біріне қосылып кетті...

Бәрінің  бауыр басып қалған саунасы осы. Көп тостырмады. Көздері оттай жанып бес-алты еркек кіріп келе жатты.

– Ө-о, – дейді әукесі салбыраған біреуі қаз-қатар тұрған қыздарды көзімен сыңарлап шығып.

 – Жәке,таңдаңыз! Мына қыздың  омырауы тастай екен, –  деп шұнтиған біреуі жалбаң қағады. –Сізге лайық. Бізді қойшы.

  Ө-о, – дейді онысы сүзісе-сүзісе мүйізі мұқалған кәрі бұқа құсап. – Әуелден сұлу жайы сізге мәлім. Төсек  бағасы  төленді... Судан  шыққан тауықтай үрпиісіп әрқайсысы бір-бір бейтаныс еркектің  құшағында кетті...

Оңашалықты бағып екінші қабатқа көтерілген. Әдеттегі терезе алдына келді. Көрші коттеджге көз тікті.  Депутаттың үйі. Алдымен  теледидардан  көрген. Орта бойлы, орнықты азамат халқым деп  қабырғасы қайысып сөйлеген.Елім деп еңіреп, жерім деп бәз  біреулермен жаға жырты суға барған. «Бар екен ғойнамысты ер», – деген Айсара сонда көңілі алып-ұшып. Кейін  табақтай-табақтай  суретімен қоса газеттерден де көрді, радиодан да лебізіне құлақ түрді. Сөзі неткен сіңімді?! Қара тырнағыңа дейін жыбырлатып жібереді.

– Арзан үй керек жастарға, жұмыс керек, күй керек, –  деп күңіренген.– Шетелге бала беру – қылмыс! Аналар дың жұмыс күнін төрт сағатқа дейін қысқарту керек! – деп қазаққа көп керекті теріп айтып әлдекімге ақырған. Тусаң ту! Шын жақсының қандай  болатынын алты алашқа сөйтіп танытқан. Жай ғашық емес, мұндай жанның жолында садаға кетсе аз. Ержетіп қалған екі ұлы, сілеусін көз әйелі бар. Онысы керім пысықай көрінді, аяғы қозғалса, аузы жалпылдап тыным таппайды. Қайтсін, үйдегі үш еркектің қас-қабағын бағу оңай ма? Бір жылдан бері осы  саунаның терезесінен біреу байлап тастағандай телміреді де тұрады. Ел құрметіне бөленген ерді сыртынан болса да бір көруге зар.

Өзінің де осы терезеге бірер  мәрте  қомағайлана, тоймай қарағаны бар. Алыстан ынтық, өзіне шексіз берілген бір қыздың мынау жалғанда бар екенін сезген шығар, бәлкім? Тірліктің мың тарау айла-шарғысына жіпсіз байланып қалған тәні – тәрік, жаны – есен бір мұңлықтың шырылдаған даусы торғайдың үніндей боп құлағына жеткен де. Әкеден көрмеген, өзге еркектен таппаған, ішкі жан дүниесін әлдилеген бір жылы ағысты ылғи осы адамнан сезетіні несі? Әне, жеңіл киініп аулаға өзі де шықты. Қабағы қату. Әрлі-берлі теңселіп жүріп алды. Халық мұңына кәтепті қара нардай арқа тосу қайдан жеңіл болсын?! Өз арманына осылай өзі тойып, тоқ басып тұрғанында:

– Ғашығың жүр ме? – деді жанына мысықтабандап жеткен күлімкөз. – Депутатыңды айтам. «Мама» Катя келе жатыр. Ашулы көрінеді. Саған.

– Мен не жаздым?

– Оймақ ауыздан сақ бол дедім. Ұшып-қонып сол жеткізіп жүр...

– Кімге?

– Мен ештеңе көргем жоқ. Айтқаным жоқ... Сол сәтте сарт етіп есік ашылған. Сақпанның тасындай атылып ішке сілеусін көз әйел кірді. Соңында «Мама» Катя. Онысы жуасып тұр.

– Қайда әлгі қаншық?! Қайсысы?! – деді көрші бәйбіше салған бетте.Қаз-қатар тұрған қыздар қамыс басындай қалтырап кетті.

– Мынаусы, – деді Айсараны сұқ саусағымен нұқыған қамқоршысы. Осы!

– Ә, сен бе менің күйеуіме көз салған?! – деп келе бес саусақты бойлатып шаштан бүрді. – Көрсетейін ғашықтың қандай болатынын! – Беттен осып кеп жіберді. – Біздің саунада сайранды салғаны аздай...  Сайқал неме...

Бұл қалай?..  Не дейді мына сілеусін көз әйел? «Біздің саунасы»      несі?! Халықтың  қамқоры, аузындағы қызыл тілі, жарқыраған қос жанары сол, сол емес пе еді? Бетінің ажары қашқан, көптен тумысы бөлек тұлға емес пе еді?! Жасындай соққан осы ой Айсараның арманын аяусыз таптап, жанын шабақтай түсті. Осы күнге дейін қиналса да құлатпай сақтап келген сүйеніштерінен қас қағымда айырылып қалған-ды. Қапелімде қарманарға қара таппады.

– Мен жай ғана... Тәте, сырттай ғана... Көз алды жарқ етіп, қызылды-жасылды оттар шашырап құлады.

– Жай ғана...  Дүниені құртқан сайқалдың сөзін көрдің бе сен? Оң көзі аштырмай, езуінен аққан қан сүп-сүйкімді иегі не сырғып бара жатты.

– Әй, қатын, не сілейіп қалдың? Сені де қудыртам жұмыстан! Күйеуіме айтып.

Осыны тосқандай «Мама» Катя да біз өкше төплимен бүгіле берген мұны іштен ышқына тепкен. Тізіле қалған орындықтарға  соғылып, домалап түсті. Зорға еңсе тіктеді.

– Тоқтаңызшы! – деді жан дауыспен.– Сауалым бар!

– Айт, албасты!

-Менің де ғашық болуға қақым бар шығар? Менің де бай ұстап, бала сүюге... Менің де өмір сүруге... Тым құрығанда армандауға...

– Жоқ! – деді сілеусін көз бәйбіше одан бетерқұтырынып.

 – Өңкей құл-құтан! Бізбен теңескісі келеді. Жоқ!

 Төбесінен таяқ жауып кетті. Аулада жатып есін жиды. Жер таянып тұрды. Езуінен аққан қанды алақан жүгіртіп сүртті. Айналаны шола қараған. Ерсілі-қарсылы шапқылаған у-шуды ұлы қаланың ынсапсыз өңеші  жұтып жатқан сынды. Жым-жырт. Қыздары да зым-зия жоғалыпты. Күн де шоқтай қызарып,  көкжиекке  еңбектеп қашып барады екен. Алатаудың басын ақшулан бұлт шалыпты.

«Тоңдың ғой, қарғам!..»

 

* * *

Сол күні Саин көшесінің төбесінен тағы бір жұлдыз аққан. Жіп сәулесін соз-зып...