Торғын Жолдасбекқызы. СӨЗ

 

  Көктем шығысымен, кері қайтамын. Тірі болсам, оралам. Тек сол кезге дейін, соған дейін...

Шеше байғұс егілді. Алайда орыстың сары кемпірі оның бұл сөзіне де, мөлтілдеген көзіне де жіби қоймады. Мелшиіп бір қарады да, қақпаны тарс жауып, ішке кіріп кете барды.

Рысбала болса, өйте алған жоқ. Сол орнынан тырп етпей ұзақтау тұрып, аула ішіне телміре қарай берді. Сондағы қия алмағаны: бірінен-бірі аумайтын екі кішкене домалақ көз, сары қыздары – бес жасар Ажар мен үш жасар Базар еді. Ал шешенің мына тұрысын да, ойындағысын да өзге жетімдер арасында алаңсыз ойнап отырған ол екеуі еш сезіп-білген жоқ. Рысбаланың жүрегін осы да тіле түсетін. Бірақ олай етпеске амалы болмады. Қалай ғана, қалай ғана «кетіп барам», «тастап барам» деп ашықтан-ашық айта алмақ? Сол себепті жылады. Бала болса да, мұны қасында тұрған жеті жасар Ысқақ ұққандай, қақпа арасынан қарындастарына сығалап қараумен болды. Тағы бірер уақыт тұрған соң, өмірден толық жеңілгендей көңілмен Рысбала ақыры кері бұрылып, ұзақ жолға шықты. Қарындастарына бір, анасына бір жалтақ қарап қойып, Ысқақ та бірге ілесті. Бұл олардың соңғы көрісуі боларын сол күні ана байғұс білген де жоқ...

1931 жылдың күзі. Аштық. Есік қаласы. Жетімдер үйі. Кеш қарауытып бара жатқан кез болатын. Бүгін де Базарды қасынан бір елі жібермеген Ажар күні бойы қақпа күзетумен болды. Күтеді. Әлгі орыстың кемпірінен соңғы апта бойы анасының қайтып келмесін, енді күтудің қажеті жоғын естісе де, жасымады. Керісінше бір көргеннен жылы тартпаған кемпірге тістене қарап қойып, ары қарай күтті. Осы қылығы үшін сөз де естіді. Шыбықтың да дәмін татты. Бірақ, еш қайтпады...

...1932 жыл. Көктем. Жетімдер үйіне күн сайын бір бала тірі кірсе, енді бірін керісінше, ажал жетектеп әкетіп жатты. Бүгін де дәл сондай күннің бірі болатын. Әдеттегідей балаларды аулаға шығарған тәрбиешілер бір уыс тарыны жаңа шыққан көк шөп үстіне шашты. Аштықтан әбден қалжыраған жетімдердің біразы мұны көрісімен дәл тауықтың шөжесіндей шұрқырасып, соларды іздеуге көшсе, енді бірі тіпті бойын көтере алмай шетте қалды. Іздегені тапса да, қаншалықты ауыз толтырып шайнайды дерсің?! Десе де, соған айналады. Алданады. Бұған балалардың да, ересектердің де еті үйреніп кеткелі қашан. Енді қайтпек? Заман сондай болатын...

Ажар мен Базар да қалыспады. Еңбектеп жүріп дән іздеді. Екі жасы үлкен Ажар шапшаңдау қозғалып, тапқанының бірін өз аузына салса, енді бірін Базардың аузына тықты. Бірақ бүгін Базар бұған қанағат ете алмады. Жерге отыра кетті де:

  Ажар, менің қарным ашты. Менің қарным ашты. Нан жегім келеді, – деп, боталай жылады. Ажар қарап тұрмады. Маңында тізерлеп жүргендерді күшпен шетке итеріп тастады да, шөп арасын асығыс қарап жатып:

    Базар, жылама. Міне, қазір саған тарының бір уысын жинап беремін. Бүгін тойып жейсің, – деп, сендіре сөйледі.

Осы кезде әпкесінің сырт айналған келбетіне Базар бір қарады да, кішкене ғана уысына қыса ұстаған шөпті қомағайлана аузына салды. Сол сәтте-ақ сұлқ құлады. Манадан шөп арасын тінтіген Ажар мұны көрісімен бірнеше тарының дәнін ұстап қасына жетіп:

          Базар, тұра ғой. Саған тары әкелдім. Осыны жеп ал. Сосын одан да көбін әкелемін, – деп, иығынан жұлқып, жан дауысы шықты.

Бірақ Базар басын қайта көтермеді. Тарыны да жемеді. Нан сұрап жылаған да жоқ. Көздері сәл ашылған қалпы дәл бір қарны тоқ баладай әпкесіне жымия қарап жата берді. Ажар оны:

   Тұршы. Ертең Ысқақ ағамды ертіп апам келеді. Бәріміз үйге қайтамыз, – деп алдап та көрді.  Бірақ нәтиже болмады.

Дәл апаларының енді өздерін іздеп келмесін білетіндей үнсіз. Ажар да берілер емес. Сіңлісінің мына жатысын біреу-міреу көріп қоя ма дегендей айналасына жалтақ қарап қойып, жалына түседі. Бекер болды мұнысы. Манадан мына көріністі сырттай бақылап тұрған әлгі орыстың кемпірі дәл екеуінің қоштасуларына уақыт бергісі келгендей біраз тұрды да, ақыры қастарына келіп, үн-түнсіз өлі баланың қолынан сүйреп, кете барды. Әншейінде Базардың жанына тірі жан жуытпайтын Ажар бұл жолы жолын бөгемеді. Аттандап артынан жүгірген де жоқ. Тек үнсіз ере жүріп, қақпаға дейін шығарып салды да, сол маңда тұрып, бұл күні өзге де балалардың панасына айналған сай жаққа көз тікті. Ойлағанындай ақ, Базардың денесін де жотадан асыра лақтырған әлгі кемпір сол маңда біраз жалғыз тұрды да, кері қайтты. Қақпадан кіре берген ол уақытынан бұрын есейген қаршадай қыздың өзіне тесіле қараған жанарынан бар азасын көрсе де, айтпағын ұқпағандай қасынан өте шықты. Енді қайтпек? Қайбіріне ет жүрегі езіліп, егіле бермек? Заман сондай болатын...

Қыс. Таңға жуық кез. Базары кеткелі өзге балаларға қосылмай, оқшаулау жүретін Ажар терезе түбінде бүрісіп ұйықтап жатқан болатын. Түсіне Базарды жетектеген шеше кірді. Бірақ бұл жолы да соңдарынан еруге мұрша бермей, шапшаң басып кете барды. Осы сәтте ұйқысынан оянған ол өзінің астау ішінде отырғанын ұқты. Қасында жотасын тіреп, басын демеген әлдебіреу тағы бар еді. Есін жия келе оның жүзінен орыс кемпірді таныса да, не болып жатқанын ажырата алмады. Дәл он екі мүшесі семіп қалғандай әрекет те ете алмады. Қарсыласуға да мұршасы болмады. Сол кезде тәрбиешінің біріне қараған әлгі орыс кемпір:

    Тірі. Тірі екен. Тоқтама. Құя түс, – деді бұйырғандай.

Мұны естіген өзге әйел қолындағы ожаумен төбесінен жып-жылы су құюды жалғастырды. Мұнысы желдің күшімен ашылып кеткен терезенің түбінде жатып, тұла-бойын мұз шалған баланың тәніне қан жүгіртіп, жанына рақат силады. Сәлден кейін есін толық жиған сары қыз бойын көтеріп, астау қасында бұл сезімді дәл өзіндей сезіне алмаған бірнеше баланың өлі денесі жатқанын көрді...

1933 жыл. Жаз кезі. Бұл күнде жаппай тәркіленген малдың бір бөлігі елге қайта қайтарылып, жұрттың аузына аз да болса нан тиіп, ел ішіндегі жағдай сәл де болса қалыпқа келе бастағандай еді. Жетімдер үйіне де, аштыққа да әбден еті үйренген Ажардың күтпеген жерден іздеушісі табылды. Ол әкесінің Құлпы есімді қарындасы болатын. Жаныс руынан шыққан ағайынды үшеудің үлкені Нұрпейістің жұбайы екен. Нұрпейіс үш інісімен колхоздың азын-аулақ жылқысын бағатын. Ортаншы қайнысы Байқоныста бала болмаған соң, Ажарды сол кісіге беруді жөн көріпті...

Осылайша Ажар әпкесінің соңынан еріп, жаңа өмірге аяқ басты. Бұл күні жасы не бары жетіде болатын. Жолаушыларды жетімдер үйінен үнсіз шығарып салған әлгі орыс кемпір дәл арба қозғалар сәтте:

      Қайда жүрсең де, аман жүр! – деп қоштасты да, алғаш күндегідей емес, қақпа аузында біраз кідіріп, қаршадай Ажардың соңынан ұзақтау қарады.

 Мұны көрген бала да арба үстінде отырып, соңына жалтақтай берді. Екі жылда біріне-бірі еш қабақ жазбаса да, бүгін екеуі қимай қоштасқандай еді. Әйткенмен бала Ажардың есінде бұл кісі есімсіз орыстың сары кемпірі болып қана жатталды.

Жетімдер үйінен алыстаған сайын Ажар үш жылдың ішінде балалардың сүйегінен-ақ өсіп шыққан жаңа төбешікке қарайлай берді. Ол төбе Базарды ғана емес, талай қазақтың ұрпағын жұтып қойған болатын. Сіңлісінің соңына қарайлай беруінен болашаққа деген үрейінің барын сезген Құлпы:

   Ажар, бала болсаң да, көпті көрдің. Өзіңнің алдыңда кінәлімін. Қырбалтабайдағы бар малынан айырылғанға дейін, ағам бәрімізге бас-көз болды. Бірақ басына күн туған сәтте біріміз жәрдемдесе алмадық. Базар екеуіңді жетімдер үйіне өткізіп, пана іздеп келген шешеңе де қол ұшын соза алғам жоқ. Аманатын да орындай алмадым. Себебі аштық бәрімізді бірдей қысты. Өзгеде жоқ нан бізде де болмады. Енді, міне, Қанат ағамнан өзіңнен өзге көз қалмады. Әттең! «Қайтсем де ұрпақ жалғар ұлды аман алып қаламын» деген шешең дәл осылай боларын білген бе?... – деді де, сөзінің аяғын жұтып қойды.

Бұдан артық сөздің қажеті болмады. Ажар әпкесінің өзіне айтқан қаралы хабарын ұқты. Бала жүрегімен сезінді. Сол себепті ары қазбалап еш нәрсе сұрамады. Тек қайта басын кері бұрды да, алыстап бара жатқан әлгі төбеге көз тігіп отыра берді. Бірер жер жүрген соң, Құлпы қойнынан жарты уыс қуырылған бидай шығарып, жарымын балаға ұсынды. Әлгіні «шашып алмайын» дегендей, абаймен алған Ажар бірден аузына апармай, алақанына біраз қарап отырған соң, ақырын ғана:

     Осы бидай болғанда, Базар өлмес еді... – деді де, уысын жұмды. Бұл сөзге қосып-алары болмаған соң, әйел үнсіз жанарын алысқа ала қашып, терең күрсінді...

Кешқұрым. Талғар маңындағы Энгельс колхозы. Арба Байқоныстың үйінің ауласына келіп тоқтағанымен, Ажар түсуге асықпады. Жүрексінді. Осыны сезгендей қасына жақындаған Құлпы:

     Ажар, түсе ғой. Үйге келдің, – деп тіл қатты. Бұған бала:

    Сенімен жүрсем болмай ма? Саған бала болуыма бола ма? – деді өтінгендей.

Осы кезде үйдің есігі ашылып, іштен шыққан ер адам:

   Кеп қалдыңдар ма? Ажармысың? Неге отырсың? Жүр, үйге кіріңдер. Әй, қатын, қайдасың? Бері шық! – деп бұларды ішке шақырды.

Дауысындағы жылулықты естіген соң ба, жоқ әлде басқа себеп болды ма, Ажар бірден арбадан түсіп, соңынан ерді. Үйге кірісімен Байқоныстың әйелі Әйім сығырайтып май шамның білтесін тұтатып, дастарқанға бидайдың кебегінен пісірілген сорпа қойды. Сорпаның не екенін ұмытқан бала сылдыр астың өзін маңдайы жіпсіп отырып ішті...

1934 жыл. Мамыр айы. Өгей өгейлігін көрсетпей тұра ала ма? Алғаш кездері ерінің өтінішімен өзгенің баласына сәл де болса шыдамдық танытуға тырысқан Әйімнің бұл күнде беті ашылған. Таңның атысымен сіркесі су көтермей, жүйкесі жұқарып тұрады. Ажардың отырысы да, тұрысы да, сөзі де, өзі де қытығына тиеді. Ал бір ай бұрын көптен күткен өз перзенті ішін жарып шыққалы, мұнысы тіпті асқынды. Өзі де жарымаған асқа мына бөтеннің ортақтасатыны қаттырақ бататын болды. Сол себепті таң атпай жатып Ажарды орнынан тұрғызып, бар байлығы екі бұзауды қырға апарып жайып келуге жібереді. Бұған Ажардың еш қарсылығы жоқ. Керісінше, осылай ен далада түртпексіз жүргенді артық көреді. Оның үстіне Талғардың тауларындағы жабайы алмалар түйін сап қойған. Көк те болса тойып жеп, артынан бұлақ суын ішіп, құрсақ толтырады.

Бүгін де дәл солай болды. Таңнан бұрын оянған қыз екі бұзауды алдыға салып, көкке кетті. Әдеттегідей, алғашқыда үстіне киген жұпыны көйлегін беліне дейін көтеріп байлап алды. Біраз жер жүріп қырға жеткен соң, биік шөптің таңғы шығына малынып әбден су болған дамбалын шешіп алып, бұта басына жайды да, етегін төмен түсірді. Осыдан кейін бұзау шөпке, өзі алмаға кіріп, әбден қарын тойдырды. Түс қайта кепкен дамбалды қайта киіп, бұзауларды қайырып, үйге оралды. Келген бойда есік аузында тұрған атты танып, Байқоныстың бауыры Байжаныстан туған Хамиттың келгенін ұғып, көңілі жадырап сала берді. Бұзауларды қораға қамай салысымен, үйге жүгіріп кірді. Мұны көрген Әйім бірден:

     Иә, неменеңе далаңдайсың? Қамқоршыңның келгенін біліп, есіріп тұрмысың? – деп зірк етті. Нәтижесіз емес, Ажар есік аузында сылқиып тұрып қалды. Әйім болса, баласын сырт қарап емізіп отырып:

    Өзіміз жемесек те, «осы жесін» деп, барымызды алдына ысырамыз. Жылы жерде жатып, қанғанша ұйықтайды. Ал сонда біз не пайда көреміз? – деп әдеттегі әніне басты.

Мұнысына еті үйреніп қалған Хамит:

 Жеңеше, сол себепті Ажарды менімен Ормақайға жіберіңіз. Жайлауда қасымда жүрсе, біраз нәрсе үйреніп, әлі үйге табыс әкелетін бала болады. Ал мына үйде отыра берсе, қазан-ошақтың астын тырмалағаннан басқа не бітіреді дейсің? – деп көндіре бастады.

    Жоқ, бармайды.

Осы кезде ішке кірген Байқоныс мән-жайды бірден ұққандай:

   Барсын! Барып келсін. Ұстама, – деді де, дастарқанға отырды.

Еріне қарсы келе алмаған Әйімнің мысы құрыса, біріне-бірі қуаныса қарасқан екеу асығыс сыртқа шықты.

Еркіндік сыйлайтын жайлауды Ажар жанындай жақсы көрді. Оның үстіне қасында алғаш көрген күннен өзіне мейірімін төгетін Хамит ағасы бар. 17-18 жасар жігіттің қан туыстығы болмаса да, жан жақындығы бар еді. Туған қарындасындай қамқор. Реті келсе, ылғи осылай өзімен ертіп жүргенді ұнатады. Оған «қыз баласың» демей, керісінше, еркек баладай еркіндік сыйлайды. Алғашында тайға отырғызса, сосын жорғаға мінгізіп, енді, міне, ат ерттеп берді. Онымен қоймай, қолы боста өзі шамалас өзге ер балалармен күрестіріп, жігерін қайрай түседі. Бұған Ажар да еш қарсы емес. «Қолымнан келмейді-ау» деп жасып та көрген жоқ. Жалпы, бұлай деу оның өжет табиғатына мүлдем жат болатын. Ал Хамиттың қасында жүрсе, әлі жетпесе де, таяқ жемесін сезген соң, алдына келген ұлдардың бәрін бірдей жайпайтын. Ондай кездерде Хамит бар даусымен қарқылдай күліп, арқасынан қағып: «Әй, бәрекелді, жігіт екенсің», – деп мақтайды. Өзгеден жылы сөз естуден ерте қалған жанға бұдан артық не керек?..

Ормақайдағы бұл жаз осылай Хамит ағасының қасында асыр салумен өтті. Жасы сегізге келген сары қыздың бітімі өз қатарластарынан біраз ұсақтау болса да, бұл жазда едәуір ет жинап, өсіп қалғандай еді. Күздің қоңыр салқыны сезіле бастаған кезде, жылқышылар елге қайтуға жиналды. Бұны жан тәнімен қаламаса да, Ажардың да таудан түсіп, өз үйіне оралуына тура келді.

Энгельстегі сабаннан тұрғызылған екі ауыз үйіне дейін жеткізіп салған Хамит, асығыс өз жөнімен кетті. Ажар болса, бірден ішке аяқ басқысы келмегендей, сыртта бөгелді. Мұны байқап, баласын көтеріп, үйден шыққан шешесі сырттағы тапшан үстіне отырып жатып:

– Неменеңе тұрсың, мелшиіп? Әлде алдыңнан шығып, қарсы алғанымды күтемісің? Ойының қанып келген боларсың? Ал менің күнім болса, мынау. Балам бір жақта, үйім бір жақта. Омырауыма түйін қатырып алдым. Ыстығым түспегелі бүгін үшінші күн... – деп зарлай жөнелді.

 Үш айда шешесінің күңкілінен біраз шығып қалған бала не істерін білмей, біресе от жақпақ болып ошақ басына, біресе құдықтан су әкелмек болып, шелекке жармасып, әбігерге түсті. Мұны көрген Әйімнің одан бетер ашуы қозғандай:

   Неменеге тапырақтайсың? Саған су ысыт деген кім бар? Бері кел, мына емшектегі түйін кетпей, менің бетім бері қарамас. Балаға емізсем, іші өтеді. Сол себепті соны сен еміп, түкіріп тастауың керек, – деп бұйырғандай сөйледі.

Мұны естіген Ажар сілейіп бір орында тұрып қалды. Әйім болса:

  Еее, қаншық. Мынаны қара! Егер сені жетімдер үйінен алып, үлде мен бүлдеге орап, қарныңды тойдырып отырмасақ, сенің күнің не болар еді? Өзгелердей сен де жерде жатар ең. Сол жақсылығымыздың далаға кеткені-ай. Сені асырағанша, ит асырағанымыз жақсы еді. Жеген асың арам... – деп әкете жөнелді.

Тұл жетімдігін де, барар жерінің жоғын да айтпай-ақ білетін бала бұл зарды ары да тыңдап тұра беруге шыдамағандай, ақырын ілгері басып, шешесінің қасына жақындады. Дәл осылай етерін білген әйел:

   Осылай тұра беремісің? Бүк тізеңді, әлде оқтау жұтып алдың ба? – деп жатып, ауырсына ісінген омырауын ашты.

Бұл күн де өз зілімен сары қыздың есінде мәңгілікке жатталды...

1940 жыл. Күздің қара суығы. Ажардың жасы биыл он үшке толған. Бұл күнде сары қыз аттың құлағында ойнап, көкбар мен бәйгеге шабатын шабарман болған. Түзде оны бәрі «жүйрік қыз» деп қана біледі. Ал үйде Әйімнің қыспағының астында өсіп келе жатқан соң, жүрегі әбен қатайып, ауыр сөзге де, арқаға тиген шыбыққа да еті үйреніп кеткен. Қорқу да, қобалжу да жоқ. Әр кез үйдің де, сырттың да, жұмысын қатар алып жүріп, долы әйелдің зарына құлақ түрмей, ісін қамдай береді. Бірақ кейде шешесіне мұнысы да бататындай көрінеді. Ондай кездерде «қайтсем жанды жеріне тиемін» дегендей ілік іздейді. Табады да.

Бүгін де солай болды. Әкесінің үйде жоғын пайдаланған Әйім ошақ қасында отпен алысқан қыздың қасынан кетпей құлақ етін жейді. Қызда ләм-мим деген жауап жоқ. Көбіне осылай құтылатын. Кенет тапшан үстінен тұра келген шеше:

   Ажар, ананы қара, Әбдіреш келеді. Жүгір, алдынан шық, – деп жарқын-жарқын сөйледі.

Манадан бықсып жанған дымқыл жыңғылдың түтініне қақалса да, шешесінің әр сөзіне төзген қыз бұлай деуіне көне алмады. Ошақтан басын жұлып алып, Әйімге жалт қарады. Мұны байқаған шешенің жаны кіргендей:

  Қане, тұр орныңнан. Беті қолыңды жу. Әбдіреш келіп тұр емес пе? – деп піскілей түсті. Сонда қайта ошаққа бұрылған қыз мұрын астынан:

   Келсе қайтейін? – деп күмбірледі. Онысын анық естісе де, Әйім қасына жетіп келіп:

   Не дейсің? Естіртіп айт! Мынаны қара! Қасарысқанда қайда барасың? Мен сені әлі Әбдірешке байға беремін. Көр де тұр! – деп мысқылдай сөйледі. Мұны естіген қыз қайта жалт қарады да:

   Қаласаң, сол Әбдірешке өзің тиіп ал, – дегенін өзі де аңғармай қалды.

Ылғи осылай болатын. Тіл қайтармай қанша шыдап бақса да, қарсы шықпасқа мүмкіндік қалдырмайтын. Артынан жазасы қатты боларын білсе де, бүгін де дәл солай болды. Өзі де соны қалап тұрған әйел:

    Мына қаншық қайтеді-ей? Қап, бәлем, сені ме? – деді де, ошақ аузында жатқан қып-қызып көсеумен арқадан осып-осып кеп қалды.

 Сәл бетін бүркегені болмаса сары қыз еш қашқақтаған жоқ. Сол отырған орнында қала берді. Осы сәтте қастарына екі аттап жеткен Әбдіреш Әйімнің қолындағы көсеуді бас салып:

  Әпке, оның не? Ұрмашы. Ұрма, – деп өтінді.

Тек сол кезде басын көтерген қыз, өшін кімнен аларын білмегендей орнынан атып тұрып, жігітті көкіректен бар күшімен итеріп-итеріп кеп жіберді де:

– Жек көремін сені. Жек көремін! – деп үйден аулақ тоқтамай жүгіре жөнелді.

   Ажар, тоқташы. Кетпеші! Тоқтай тұршы! – деп жігіт тоқтатпақ еді. Қолынан шап берген келіншек:

– Ұстама, кете берсін. Барсын. Қайда сияды дейсің? Менен басқа кім керек қылар екен, көрерміз. Өзі-ақ алдыма жорғалап келер... – деп көкбеттеніп қыздың соңынан айқайлап қала берді.

Тоқтамады. Тоқтар ойы да жоқ еді. Қараңғы мен қатар суықтың күшейгеніне де мән бермей жүгіре берді. Зорығып жүгіре берді. Екі өкпесі өрт боп жанса да, кеудесінен жаны шығып кетсе де, енді көнгісі жоқ еді. Бұл қорлыққа мойынұсынғысы келмеді. Бұл күні Ажардың жанын жаралаған өгей шешенің таяғы емес, жетімдігі де емес, ерік жігерін одан бетер жығу үшін, өгей шешенің жиен інісіне «қатындыққа беремін» дегені еді. Қорқатын. Бұл жолы да көне салса, өле өлгенше өгей шешенің таяқ астынан басын көтере алмай өтерінен қорқатын. Өзінен үш жас үлкендігі бар Әбдірешті жақсы көрмегендіктен емес, сол арқылы өзін жеңгісі келген шешенің әміріне көне алмаған соң тулайтын. Мейлі, Әбдірештен осы күнге дейін еш жамандық көрмесе де, керісінше әркез әпкесінің таяғына араша түсерін білсе де, көнгісі жоқ еді. Оған қоса Әйім осылай мазағымен жотасын тілген сайын, Әбдірешті одан бетер жек көре түсетін. Сол себепті соңғы күші қалғанша тоқтағысы келмей, әкесінің қарындасы тұратын базды бетке алып, жүгіре берді. Бірақ адам тәні қаншалық шыдар дерсің? Әбден қараңғы түскен шақта зорығып, жығылды. Жығылды да, сол жерде етпетімен біраз жатқан соң, шалқасынан түсіп, аспанға қарады. Қап-қараңғы шексіздікте жұлдыздар жымыңдайды. Ай да мінсіз. Бірақ алқымын баса алмай, әлі де жөткірініп, өз деміне қақалып-шашалған қызды бұл көрініс жұбата алмады. Сол себепті мына жапан түзде өзін көрер көз болмаған соң, сезімге ерік берді. Онда да еңкілдеп, зарланбады. Жәй ғана жанарын бір жеңімен жасырды да, егіле берді. Кенет қыр жақтан қасқырдың ұлыған дауысы естілді. Қорықпады. Керісінше, іште жиналған ашуды шығарар сәт жеткендей орнынан атып тұрды да, бешпентінің көкірегін жұлқып ашып тастап:

 Қасқы-ыр, қасқы-ыр, кел! Тоқтама. Кел. Мені жеп кет! – деп айқай салды.

Осыдан кейін айналасына өшіге қарап біраз тұрды да, қасқырдың өйте қоймайтынын түсінгендей, алдыға қарай жылжыды...

Таң ата дәл базға жетер беттегі өзеннен өте алмаған сары қыздың біраз кідіруіне тура келді. Онда да қарап тұрмады. Бірнеше рет долы өзенмен де айқасып көрмек боп суға түсті. Бірақ суық су өңменінен өтіп, буырқанып, бой бермеді. Осылай тұрғанында баз жақтан жездесі Нұрпейіс келіп, арғы бетке өткізіп алды. Үйге кірген сары қыз тіл қатпай, есік аузында басын төмен түсіріп тұра берді. Сіңлісінің мына кейпін көрген Құлпы бір егіліп алды да, су ысытып, аяғын жылы суға салып, ыстық сорпасын ішкізіп, күтті. Ажар онда да тіс жарып, болған жайтты айтпады. Тек әпкесі үстіне киген жұқа бешпентін шешіп, арқасына түскен күйікті жуып жатқанда ғана:

   Енді ол үйге қайтып бармаймын, – деп кесіп айтты.

Құлпы жіпсіп кеткен мұрнын ішке тартып пышылдағаны болмаса, тіл қатпады. Олай етуінің де себебі бар. Абысыны мейірімсіздеу болғанымен, қайнысын сыйлаған соң, өзі апарып қосқан баланы қайта бөліп ала алмасын білді. Өйтсе бауырлар арасына іріткі саларын ойлады. Бірде аш, бірде тоқ, өз балалары тағы бар. Сол себепті Ажарды үйіне үш күн қондырып, көңілін аулаған соң, барынша басу айтып, ақыры кері қайтарды.

Энгельске келген уақытта әкесі үйде болатын. Сол себеп болды ма, абысынының келгенін көрген Әйім бересе тентек қыздың болмашы нәрсеге бола таза бүлініп, қаша жөнелгенін, біресе бала болған соң, ақымақтық жасамай тұрмайтынын айтып, мәйек болды. Осымен бар мәселе шешілгендей болып, ағайын жақсы тарқасты. Бір көрген жанға ғана, әрине...

1941 жыл. Жаз аяғы. Соғыс. Ел ішін үрей жайлады. Ерлер жаппай майданға тартылып, жас балалар мен әйелдер еңбекке жұмылдырылды. Бұл заңдылық Байқоныстың шаңырағын да шет айналмады. Жаратқанға жалбарынған шеше мен бала әкені қатері көп сапарға шығарып салды. Үйді-үйді аралаған тексеруші келіп, он төрттен он беске қараған Ажардың бидай бастырығына жұмысқа түсетіндігін жеткізді. Келесі күні таң атар-атпастан арба келіп, қызды өзі шамалас балалармен бірге Талғардың шет жағына жеткізді. Бір сәтке тоқтамаған комбайнның әупілдеп құлақ жарар үні, көкке бұрқылдап көтерілген шаң тозаңы бидай бастырығын алғаш көрген жанның мазасын алады. Алайда адам неге болса да бейімделгіш келмей ме, бұған да үйренді.

Жаңа келген балаларды қабылдап алған Жақып есімді жасы алпыстан асқан бригадир бұларды өзімен бірге ертіп жүріп, гүрілдеген мәшінемен жарыса:

  Мына комбайн күндіз-түні тоқтаусыз бидайды сұрыпқа бөліп, сабанын ажыратады. Біздің мақсатымыз – осы мәшіненің жұмыс істеуіне бар жағдай жасау. Ол үшін арбамен қатарласа жүріп, кері жолда кедергі болмау үшін бөлінген сабанды тездетіп төгіп отыруымыз керек. Ұқтыңдар ма? – деп дауысы қарлыға жұмыстың қыр-сырын түсіндірді.

Балалардың өзін түсінгенін көрген ол Ажар мен Нұрсұлу есімді қызға ат арба беріп, комбайнмен қатарласа жүруді тапсырды. Осылайша қыздың бірі арба үстінде тұрып, бөлінген сабанды мая-мая етіп жинаса, екіншісі ат жетектеп, сабанды төгіп келіп отырды...

Арада бірнеше апта өтті. Ажар құрбысымен күн демей, түн демей еңбек етті. Бригадирдің бақылауымен тәулігіне бір рет өзгелермен орын ауыстырып, үш-төрт сағат ұйықтайды. Басқа кезде көретіндері бір сабан ғана. Жұмысқа ілесу тұман іспеттес шаңнның қалыңдығына қарамастан күндіз бір шама жеңіл болса, түнде тіпті оңайға соқпады.

 Дәл сондай түннің бірінде Ажар аттың кедергісіз жүруі үшін алдыға түссе, Нұрсұлу бөлінген сабанды жинап, арба үстінде еді. Төрт-бес айналымнан кейін орын ауыстырар уақыт жеткен соң, арбаға жақын келген Ажар Нұрсұлудың өз орнында жоғын көрді. Құрбысының аяқ асты қайда кеткенін ұқпаған ол мәшіненің үнімен жарыса айқайлап, шақыра бастады. Жауап болмады. Мәшінені жүгіріп айналып та шықты. Таба алмады. Ақыр болмаған соң кабинаға қарғып мініп, жүргізушіден молотилканы тоқтатуды талап етті. Сол-ақ еді, айнала жым-жырт болып, тынышталды да қалды. Адам құлағына тыныштық та жат көрінетін кез болады екен. Мәшіне төбесіне шыққан жұмысшылар бір дауыстан айқайлап, қалың тұманға үңіле қарайды. Бұл жолы да жауап болмаған соң, өлі де болса денесін таппақ болып, қолдарына айыр алып, шөп арасын тіміскілеуге көшті. Бірер уақыттан соң, әлдебірінің айыр сұққан жерінен қыз баланың баж еткен жан дауысы естіліп, сол маңға жүгіріп жеткен барша топан арасынан Нұрсұлуды дін аман тапты. Тек сұққан айыр оң аяғының бәшпәй арасына кірген екен. Сөйтсе, ұйқысыз әбден қалжыраған бала арба үстінде қалғып кетіп, үстіне мая жиналғанын да, бір айналымда сабанмен бірге төгілгенін де сезбей қатқан екен. Мән-жайды ұққан көпшілік баланың молотилка жолында қалмай, немесе айырдың жанды жеріне кірмей аман қалғанын айтып, «әлі дәм-тұзы таусылмаған екен» десті. Осыдан кейін Жақып өз шапанының астарынан кішкене мақта шығарып өртеп, соның күлімен Нұрсұлудың жарақатын зарарсыздандырды да, аяғын таңып қойды. Артынша мәшіне қайта іске қосылып, жұмысшылар түк болмағандай еңбекке кірді...

Арада тағы бірнеше апта өткен кез болатын. Түс кезі. Ажардың қасына жақындаған Жақып қария:

   Тездет, сені Василий Андреевич шақырып жатыр, – деді.

Мұны естіген қыз бірден колхоз басшысына жетті. Бөлмеге аптығып жүгіріп келген қызды көрген Вася ағай:

   Ажар деген сенбісің? Байқоныстың баласысың ба? – деп жөн сұрады.

  Иә, менмін.

    Ендеше, тыңда, әкелерің баққан бір табын жылқыны бағуға ие шықпаған соң, Бәтиді үлкен шопан, ал сені кіші шопан етіп тағайындауды ұйғардық, келісемісің?

Ажардың қарсы емес екендігі жүзінде тұрды. Жылқыны жанындай жақсы көретін баланың бұдан асқан қалауы жоқ еді. Мұны байқаған Вася ағай:

   Ендеше, қазір саған аттардың бірін берейін. Бүгін үйіңе қайт. Екі күн тынық. Содан кейін жұмысқа кірісесің, – деп ойын түйіндеді.

Мұны естіген қыз қуанышы қойнына симағандай болып үйіне жетті. Алайда оның қуанышына қосылып, бірге қуанар шеше қайда? Үйдің тірлігінен қашып бара жатқанын айтып, бар өткен-кеткенді еске алып, біраз шер тарқатты. Содан кейін біраз үнсіз отырған соң, аяқ асты:

    Мейлің, барсаң бар. Бірақ мен ертең бір күнге төркініме барып келемін. Сен үйге бас-көз бол. Қасыңа Әбдірешті қалдырып кетемін, – деді де, «қайтер екен» дегендей қызға тесіле қарады.

Жүзінде ерсі күлкі бар еді. Мұнысын ұнатпаған Ажар бірден:

   Қажет емес. Өзім-ақ қаламын. Әбдірештің қажеті жоқ, – деп шыж-быж болды.  

  Сенен рұқсат сұрап тұрғам жоқ. Сені алаңдайды ғой деймісің? Саған сенбеген соң, солай істеп отырмын. Мен жоқта қамбадағы асты жоқ қылып жіберсең қайтемін?

Шешесінің сырын білген соң, бұл жолы да жалынғаннан нәтиже шықпасын түсініп, үнсіз қалды. Келесі күні таңда жеті жасар ұлын ерткен Әйім көрші ауылдағы төркініне жиналды. Бұл кезде өткен жылғыға қарағанда бойы біршама өсіп, дауысы гүрілдеп, бала мұрты шыққан Әбдіреш те келіп жеткен болатын. Қуанышы қойнына симай, алып ұшып келген інісін көрген әйел:

  Ал, енді үй де, қыз да сенікі. Өзің бас көз боласың. Ерік өзіңде... – деді де, сықылықтай күліп, жолға шықты.

Мұны естіген Әбдірештің құлағына дейін қызарып, әпкесіне бір, Ажарға бір қарап, әбден састы. Десе де, мына жағдайға ол да дән разы еді. Ажар да қызара бөртті. Бірақ қуаныштан да, ұяттан да емес, оны қысқан ашу болатын. Сол себепті қос жұдырығын тас қып түйген ол шеше отырған арбаның қозғалғанын күтпей, бірден қора жаққа қарай беттеді. Өшін кімнен аларын білмей, қораға кірді де, қолына күрек алды. Сөйтті де, өзі жоқта жиналып қалған қидың төбесінен қойып кеп қалды. Не керек, жазығы жоқ қиды ұрды да, соқты да, лақтырды да, бастырды, әйтеуір қора тап-тұнақтай болғанша дамылдамады.

Әбдіреш ше? Әбдіреш те қора маңында жүрген болатын. Бірақ ішке кіруге батпады. Себебі ол қыздың сырын білетін. Әпкесінің сөзіне бола дәл қазір оның қиды емес, мына өзін жазалағысы барын да түсінетін. Сол себепті қасына жоламады. Жәй ғана анадайда тұрып, өкпелі қыздың әр қимылын бақты.

Түс болды. Ажар әлі сыртта. Демалып, бел де жазған жоқ. Ас та ішпеді. Манадан қасына бармай, анадайдан қиыла қарап қойып, өзімен бір жүрген Әбдіреш те соған ілесе қолына біресе күрек, біресе айыр алады. Бірде отын тасып, бірде тезек басады. Сол арқылы сәл де болса кінәсін шайғысы бар. Бірақ мұнысын ұққан қыз қайда? Өзін «келеке етеді» дегендей, одан бетер тістенеді. Жұмыс істеген болып, қасына сәл жақынырақ жолап кетсе, бар көзімен қадалып, өшіге қарайды...

Бар жан дүниесімен қаламағанымен, қараңғы түсе Ажардың үйге кіруіне тура келді. Күздің кеші де едәуір салқын болған соң, олай етпесіне қоймады. Осылайша ұзақ ойланып, өз үйіне сескене кірді де, төрде отырған жігітті көріп, бір сәтке есік аузында абдырып тұрып қалды. Жігіт болса орнынан атып тұрып:

  Саған айран құйып қойдым. Таңнан нәр татпадың. Нанмен жеп ал, – деді ақырын ғана. Дәл айран емес, у ұсынғандай едірейе қараған қыз:

   Жесең, өзің же. Менің қарным аш емес, – деді де, жылдам басып, төр үйге кірді.

Айранды алып, соңынан ерген қараторы жігіт мұңлы жүзбен:

  Ажар, сенің маған өкпелі екеніңді білемін, бірақ жалынайын, бір ашуыңды берші... – дей беріп еді:

  Сөйлеме, атымды да атама. Естігім келмейді, сенімен бір бөлмеде отырғым да келмейді, – деген қыз қайта далаға атып шықты. Қолындағы айранды дастарқанға қойған жігіт:

  Қайда барасың? Қараңғы түсті. Түн салқын, – деп, соңынан ерді.

Сол жүргеннен тоқтамаған Ажар қамбаның аузын ашып, ішке кірді. Жігіт те қалмады. Сөйтті те соңынан шапшаң басып жетіп, жотасынан құшақтай алып:

  Неге өйтесің? Мені неге осынша жек көресің? Ант етейін, өзіңді өле өлгенше аялап өтемін. Ешкімнің ренжітуіне жол бермеймін. Тек рұқсатыңды берші, – деді ентіге.

Алайда оның мына әрекетінен де, сөзінен де зәресі қашқан қыз дәл отқа түсіп қалғандай, баж етті. Артынша жұлқынып уысынан босап шықты да, анадайда тұрған орақты ала салып:

    Жолама маған, естимісің?! Қазір тура мынамен сені бір қоямын, айтпады деме... – деп үркіте сөйледі. Жігіт болса:

   Ажар, саған расымен жамандық жасайды ғой деймісің? Өйтпеші! – деп, қолын алдыға соза беріп еді, ілулі тұрған бір қарын майға көзі түскен қыз асығыс соның қасына жетіп:

  Енді маған жақындасаң, мына майдың быт-шытын шығарамын. Ал шешем келгенде, мұны сен істедің деймін, – деп қорқытуға көшті.

Жігіт расында осы сөзден зәресе қашты ма, жоқ басқа себебі болды ма, әйтеуір есік жаққа бұрылып бара жатып:

  Қамбада түнесең, тоңып қаласың. Үйге кіріп жат. Енді қасыңа жоламауға сөз беремін, – деді де, сыртқа шығып кетті.

Қолындағы орақты көтерген қалпы біраз тұрған қыз айналасына қарайлап ойын жинақтап алған соң, әлгі қарын майды шешіп алды да, қамбаның бір бұрышына барып отырды. Қолындағы орағын да тастамады. Мейлі үсік шалса да, бүгін осында түнегенді жөн көрді...

Түннен тоңып шыққан Ажар күн шығысымен шешесінің келуін күтпестен жолға шықпақ болды. Осы оймен үйге кірді. Дәл өзіндей далада түнемесе де, таңға көз ілмей, қамба мен үйдің арасында жүріп шыққан Әбдіреш те ояу болатын. Ажарға бір қараған жігіт кешегіден кейін қасына жақындағанды былай қойғанда, тіпті үнсіз тұрса да, оған енді сүйкімді бола қоймасын бірден ұқты. Сол себепті бөлме ішінде зыр жүгіріп, киім кешегін жинастырған Ажарға мұңая қарап, бір шетте тұрды.

Сәлден кейін бар затын дорбасына салған қыз асығыс сыртқа шықты. Әбдіреш те сөйтті. Соңынан үнсіз басып, қораның қасына барды, атын жетектеп шыққанда да, ерттеп үстіне мінгенде де тіл қатпады. Тек орнынан қозғала бергенде, жүгеннің бір шетін бас салып:

  Ажар, менің жасым он сегізге келді. Үйленуім керек. Бірақ өзіңнен басқа пендеге жолағым жоқ. Сол себепті қанша күт десең де күтейін, тек бетімді қайтармашы. Титтей үміт силашы. Маған деген бір ауыз жылы сөзіңді қишы, – деп өтінді.

Алайда бұған да жіби қомаған қыз:

   Күтпе. Алатын қатыныңды ала бер. Өлсем де саған тимеймін. Тұр былай жолымнан! – деді де, аттың бүйірінен қысып кеп қап, орнынан қозғалды. Әбдіреш болса, соңынан қимай қарап қала берді...

1943 жыл. Қыс. Соғыстың соңы көрінбеді. Бар азық пен киім-кешек, қару жарақты майданға жөнелтіп отырған халықтың жағдайы мәз емес еді. Десе де, көнбестен басқа шара болмады. Қатын да, бала да піскен.

Ажардың жылқы баққанына, міне, биыл екінші жылдан асты. Алғашқы жылы Хамит ағасының шешесі Бәпи жеңгесімен бірге жүрген ол, әбден тәжірибе жинаған соң, соңғы жыл жалғыз. Жылқы сақау ауруына шалдығып, емдеу керек болған кездерде жұмыс күрт ауырлай түсетіндіктен, елден Хамит пен әйелі Жамал көмекке келеді. Осының бәрін ескеріп, басқа халықты жарытпаса да, колхоз басшылығы мал баққан адамды жалақыдан айырмады. Еңбегі толық бағаланып, шәй-тұзбен де, кендір көйлек киіммен де, герзі етікпен де қамтамасыз етіп отырды. Ажардың бұл тапқан табысы бүкіл әулетті асырауға жетіп тұрды. Одан қалғанын жер ана өзі береді. Жаз бен күзде Талғардың тауына жайлауға, күзеуге шығып, тамылжып пісіп тұрған жабайы бүлдіргенін, қарақаты мен басқа да толып жатқан жемістерін азық етеді. Ал қыс-көктемде Іленің бойын жағалап, қыстау мен көктеуге аттанады. Малшылар Іленің бойын «Іленің көпірі» деп атайды. Сол жылдары осы маңдағы Қамыс зауыты да, Іленің өзі де, малшыларға көп жәрдем берді. Әр кез бұрқанып жататын асау Іленің бойы қаңқылдаған қаз-үйрек, қамыс-қоғаға бай. Сол қаз-үйректің өзі де, жұмыртқасы да азық. «Қиын қыстау кезеңде не тау жағала, не көл жағала» деп халық бекер айтпаса керек.

Бүгін де Ажар жылқыларымен Іленің бойын жағалаған болатын. Жаздағыдай емес, қыста қасқырдың шабуылы көбейетіндіктен, қойшылар қатар жүргенді жөн көрді.

Таңғы төрт-бес шамасы. Үскірік аяз. Әлденеден сезіктенген жылқышы қыз тыныш жата алмай, жыңғылмен от жағып, ұйқы қашыру үшін отқа ет қақтай бастады. Әдеттегідей өзі мінетін аттың шылбыры білегінде. Атты жіберуге әсте болмайды. Алда-жалда жылқы үркісе, жапанда жаяу қаласың. Ондай бола қалса, аман қалуың екі талай.

 Кенет жақын маңдағы қойшының жан дауысы шықты. Орнынан ұшып тұрған Ажар қойшыларға қасқыр шапқан екен деп шешті. Сөйтсе, қасқыр қойшыларды емес, мына өзін айналдырып жүріпті.  Мұны сезген ақ айғыр аяқ астындағы қарды боратып тулап, жылқы үркіп, тайлар кісінеп, алай-дүлей болды да кетті. Мән-жәйді енді ұғып, ес жиған қыз атына қарғып мініп, айқай сап, жылқы ішіне кірді. Сөйтті де, жұмыр байталының сілейіп, құлағалы тұрғанын көрді. Артынша айналасына қайта алақ-жұлақ қарап, қасында жатқан қасқырды байқады. Зәресі қалмады. Осы кезде ауаға мылтық атып, қасына жеткен қойшының бірі байталды айналшықтап жүріп:

   Шабына жармасқан екен, жарып жіберіпті.  Ал мынаны қара, айғыр қара құстан тепкен екен, өзі арланға ұқсайды. Ол да сеспей қатыпты,– деп жатты.

Мұны естіген қыз, өлі байталды үйірден бөліп әкетіп бара жатқанда да, оны қимаған айғырдың тулап кісінеген кезінде де, өң мен түстің арасындағыдай күйде еді. Бұған дейін де жылқы малына жақын жүрген оның, адамгершілгі жоқ кей адамнан осы жануарды артықтау көретіні осыдан басталса керек. Үйірін қорғап, жауын жықса да, байталынан айырылып қалған айғырдың зары да сары қыздың көкейінде өмір бақиға жатталады...

Келер жылдың көктемінде қыстан аман-есен шыққан малдың толық санын айтып, есептету үшін Талғардағы конторға келген қыз бар шаруасын бітірген соң жалақысын алып, үйіне келді. Бұл жолы да бар тапқанын қолына алған шешесі мәз. Ас үйде жүріп, ыңылдап ән салады. Алайда оның бұл қуанышының астарында не жатқанын Ажар әбден кеш түсе бір-ақ білді. Кешкі астан кейін сыртқа шығып, қорадағы атына жем-шөбін салып ішке кірген оған ауыз үйде отырған шешесі:

   Қарғам, төр үйге саған арнап төсек салып қойдым. Жуынып келсең, жайланып жата бер, – деді жымия.

Бұл күнге дейін мұндайды естіп көрмеген қыз бір жамандықты іші сезгендей, бөлме ішіне сұқтана қарады. Сөйтті де, іште екі төр көрпенің қатар төселіп, екі адамға арналған жатын орын әзірленгенін көрді. Мұның себебін ұқпағанын түсінген шешесі көп күттірмей:

  Бүгін үйге Әбдіреш келіп қонады. Оны өз қасыма алып жатпаймын ғой, сол себепті төсекті сенің қасыңа салып отырмын, – деді сықылықтай.

Бір сәтте Сары қыздың төбесі шымырлап кеткендей болды.

  Мен мына орынға жатпаймын! – деп зірк етті. Мұны естіген шешесі:

  Мынау қайтеді ей... Сені кім қатын көріп тұр? Сенен басқа қыз құрып қалды ғой деймісің? Әлдеғандай болма. Жат та, ұйықта. Бұл үйде әкеңнен қалған орын жоқ. Сендей тұл жетімге баспана бергеніме алғыс айт... – деп арқасы қоза кетті.

Осы сәтте ішке Әбдіреш кірді. Ең болмаса, өзгенің көзінше өзін жерге теңегенін естігісі келмеген соң, екеуіне бірдей тістене қараған қыз түпкі бөлмеге кіріп, дайын төсекке жатты да, бетін көрпемен бүркеп алды. Сондағы бар ойы, қайтсе де осы түннен жанжалсыз аман шығып, таңның атысымен конторға барып, тиесілі демаласынан бас тартып, қайта жұмысына кіру еді.

Мұны көрген шешесі Әбдірешке жымыңдай қарап:

   Жүр, шырағым. Тамақ ішіп ал. Содан кейін сен де жатып, деміңді ал, – деп есіктің шымылдығын жапты.

Қараңғы бөлме ішінде көрпе астында біраз жатқан Ажардың сәлден кейін беті буланып, тынысы тарылды. Бірақ бүгін тұншығып қалса да, басын көрпеден шығарғысы жоқ еді. Бірақ келесі сәтте-ақ әлдебіреудің қасына келіп жатқанын сезісімен орнынан ыршып тұрғанын өзі де байқамай қалды. Үстіне жамылған көрпесін уысынан шығармаған қалпы айналасына тінти қараған ол, төсектен өзімен қоса көтерілген жігіттің шошынған жүзін көрді. Артынша есікке таңылған шымылдыққа қарап, өзге бөлмедегі май шамның сөнгенінен шешенің жоспарын ұққандай болды. Бойын бірден ашу биледі. Соның екпінімен бірден қарсы шапшып, алдында тұрған жігітті қабырғаға қапсыра тақап тұрып, бәсең дауыспен:

   Айтпады деме, осыдан маған жолайтын болсаң, өлтіре саламын. Менің жоғалтар түгім жоқ, айтқаным-айтқан, – деді.

Жігіт қарсы келмеді. Осыны көрген соң ғана, Ажар кері шегініп, едендегі өзіне салынған төр көрпені жұлып алып, алақандай бөлменің арғы бұрышына апарып төседі. Осылайша түннің бір уағына дейін қабырғаға қарап жатып, бөлме ішіндегі дыбысты аңдып, кірпік қақпады. Оны да аз көретіндей ара-арасында арт жаққа жалт бұрылып қарап та қояды...

Арада тағы бірнеше сағат өткен. Бұл кезде торуылдан әбден шаршаған қыздың көзі ілініп кеткен болатын. Тыныс алуы да бірқалыпты. Неше сағаттан бері осыны күткендей қыбыр етпеген жігіт кенет орнынан көтеріліп, қыздың бас жағына барып отырды. Осы сәтте бойын сан қилы сезім керді. Олай етуіне қанша тырысып бақса да, уысына түсіре алмай-ақ қойған мына қаршадай қырсық қыздың алаңсыз ұйқыдағы бейнесі себеп болды. Моп-момақан көрінді. Мінезі де тіпті асау еместей. Сол себеп болды-ау, жігіт еріксіз қолын созып, сүйіктісінің маңдайын сипады. Қап! Дәл осы әрекеті үшін өзін не күтерін білмеді-ау. Қолын жинап үлгермеді, орнынан атып тұрған қыз жігітті жығып, үстіне қарғып мінді де, қос беттен ащы тырнақпен осып-осып кеп қалды. Сөйтті де, тіл қатпай қайта орнына барып жатты. Ал екі бетін алақанымен басқан жігіт дыбысын шығармауға тырысып, сыртқа шығып кетті. Бұл түні кері оралмады.

Таң атар-атпастан орнынан тұрған қыз малды тексермек болып қора жаққа бет алды. Жол-жөнекей ауланың арғы басында сырт қарап тұрған жігітті байқаса да, көрмегендей сыңай танытып, қасынан өте шықты. Мал жайғап біраз жүрген соң, үйге кірген бойда Әйімнің де, інісінің де оянғанын байқады. Өзін көрісімен жадырап шыға келген ол:

   Ал, болашақ күйеудің қойнында түнің қалай өтті? – деп тістей сөйледі.

Ажар тіл қатпай, таңғы асқа шәй-пәйін әзірлей бастады. Онда да қытығына тиюдің жолын іздегендей, шешесі:

   Әбдірештің таңғы асын дайындап жатырмысың? Оның дұрыс. Жұмысқа тоқ барса, табысы мол болады. Балам, жүгір ағаңды асқа шақыр, – деп ұлын жұмсады.

Әлі де тіс жармаған Ажарды көзден таса етпеген Әйімнің жүзінен күлкі кетпеді. Тек ұлымен ере ішке кірген інісінің бетін көрген кезде езуі сап жиылған ол:

    Ойбай, Әбдіреш-ау, бетіңе не болған? Мынауың не? – деп асығыс қасына жетіп, бетіне созыла беріп еді, қолын қағып тастаған Әбдіреш:

     Алаңдама. Түнде жылқылар осқырына берген соң сыртқа шығып ем, шеңгелге жығылып, бетімді жырып алдым, – деп қысқа қайырды да, асқа отырды.

Осылайша шындықты білер екеуі дәл бір келісіп алған жандай күннің келесі бөлігінде де бұл жайтты қозғап, тіс жармады.

Түс кезі болатын. Конторға барып, өтініш жазса да, жұмысқа шығуға рұқсат ала алмаған сары қыз қайда барарын білмей Талғарды біраз аралаған соң, Хамит ағасының үйіне келді. Мұның келгенін байқаған Жамал жеңгесі бірден шәйін қойып жатып:

          Еркем, жақсы келдің. Жолымыз болғанда ағаң да жайылымға кеткен. Өзіңмен бір жүздесіп, сөйлесудің жолын таппай жүрген ем, – деп  оңаша отырғандарына қарамастан айналасына елеңдей қарап қойып, дауысын бәсеңдете сөйледі. 

          Жеңеше, тыныштық па?

          Тыныштық қой... Еркем, мына Талғардың тауының көп бөлігінің иесі Ақмолда қартты білемісің?

          Естуім бар. Бірақ өзін көргем жоқ. Жәй ма?

          Қалқам, ендеше, тыңда. Өткен айда ағаң екеуіміз базарға барғанымызда сол Ақмолданы кезіктірдік. Қасында он жетіге енді толған ұлы бар. Сол кезде ойламаған жерден әлгі Ақмолда ағаңды бір қызық әңгімеге тартты. Сені ылғи сырттай бақылап жүргенге ұқсайды. Еңбекқорлығың ұнаса керек. Саған құда түскісі бар көрінеді.

Мына сөзді естіген Ажар бірден:

          Сонда мені өзіне тоқал етем дей ме? – деді зәресі қалмағандай.

          Еркем, дұрыс ұқпадың. Өзіне емес, жалғыз ұлына алып бергісі бар екен. Есімі Шайқы көрінеді.

          Жеңге, сонда сол бай осы маңнан менен өзге қыз таппай қалып па?

          Сенің қай жерің кем? Қалқам-ау, сен де дәл ағаң тәріздісің. Ол да бірден сондай ойға келді. Сол себепті бұл жайлы өзіңе айтуыма рұқсатын бермеді. Бірақ, жарығым, мен сенің сүйгеніңе барғаныңды қалаймын. Соңғы көріскенімде шешең сені Әбдірешке бергелі отырғанын айтып қалды. Ол жайында не ойың бар?

Мына сөзді естіген қыз тұнжырап:

          Жеңеше, Әбдірешке тисем менің күнім не болмақ? Сонда өмір бойы өгей шешенің қыспағының астында өтемін бе? Қалай көне саламын? – деді.

          Олай болса, мына жігітпен бір көріскенге қалай қарайсың? Бәлкім, жарасып кетерсіңдер.

Біраз ойланып үнсіз отырып қалған Ажар сәлден кейін:

          Мейлің, көрсем, көрейін, – деді ақырын ғана.

          Олай болса, мен жігітпен кезігудің жолын қарастырайын. Жаңалық болса, өзіңе бір хабарын берермін...

Келісім осы болды. Келесі күні таңертеңнен үй шаруасымен жүрген Ажар есік алдына салт атты келіп тоқтағанын байқап, сыртқа шықты. Үйде құрақ құрап отырған Әйім да қоса ерді. Келген Жамал болатын. Амандық-саулықтан кейін үйге кіріп шәй ішіп, ананы-мынаны сөз еткен ол:

-           Жеңеше, рұқсатыңызды берсеңіз, Ажарды бірнеше күнге киіз басуға алып кеткелі келіп ем, – деп келгендегі себебін түсіндірді. Мұны естіген Әйім:

-           Бұл қыздан маған еш пайда болмайтын болды. Қысы-жазы жылқының соңында. Ең болмаса, осы демалысында төркініме барып қайтсам деп ем. Сол себепті көп күнге жібере алмаймын. Барса, бір күнге барып, ертең кешке кері қайтсын. Мен арғы күні жолға шығамын, – деп шешімін айтты.

          Жақсы, ендеше солай-ақ болсын, – дескен соң, Ажар жеңгесімен бірге жолға шықты.Үйдің маңынан ұзай бергенде, Жамал артына бір қарап қойып:

          Қалқам, кеше хабар беріп ем, жігіт бірден жауабын айтып жіберіпті. Бүгін түс қайта кездесуге келмекші. Өзгенің назарына ілікпеу үшін базар маңында жолығасыңдар. Сол себепті осы жүргеннен бірден Талғарға тартамыз. Атқа қамшы бассақ, дәл уақытында жетеміз. Бөгелмейік, – деп мән-жайды түсіндірді.

Мұны естіген қыздың жүрегі зырқ ете түскендей болып, үнсіз қалды. Тек келісілген уақытта базар маңына жақындай бере:

          Жеңге, сонда көріскен кезде мен оған не деуім керек? Қобалжып тұрғанымды қарашы. Бармай-ақ қойсақ қайтеді? – деп аттың басын бұрды. Жамал болса:

          Қалқам, саспа. Еш нәрсе деудің қажеті жоқ. Тек бірің-біріңді көріп, сынап қайтасың, – деп сабырға шақырды. Бірақ Ажар келісімін беріп үлгерген жоқ, жеңгесі:

          Әне, өзі де тұр, – деп ағаштың саясында тұрған екі жігітті көрсетті.

Неге екені белгісіз, мұны естігенде қасқырдан қорықпаған сары қыздың жүрегі тарсылдай жөнелді. Аяқ-қолы суып, маңдайын суық тер басқандай болды. Соның әсері болса керек, жақындай келе жеңгесі аттан түскенде, бұл өйтуге асықпады. Мұны байқаған жеңгесі жігіттермен амандасып жатып:

          Қалқам, қане, аттан түс, – деп, жүгенді қолына алды. Біраз қипақтаса да, қыз жеңгесінің дегеніндей қылды. Осыдан кейін жігіттің біріне қараған Жамал:

          Шайқы, үй ішің, әкеңнің хәлі жақсы ма? – деп сары қыз естісін дегендей нақтылай сұрады. Бұған:

          Иә, шүкір! Аман-есен, – деді орта бойлы, аққұба келген сымбатты жігіт.

Осы кезде манадан жанарын көтере алмай қысылған қыз басын көтеріп, жігітке тіке қарады. Шайқы да сөйтті. Іле-шала өжет қыздың қарай беруге дәті шыдамай, жанарын қайта ала қашты. Ары қарайғы жеңгенің дегенінің бірі де есінде қалмады.

Ұзаққа созылмаған кездесуден үйге оралған Жамал:

          Қалқам, не айтасың? Жігіт көңіліңнен шықты ма? – деп сұрады. Ұзақ ойланбаған қыз:

          Жеңеше, ұнағанда қандай. Осы адаммен үш жыл үй болып, бір жүрсем де арманым жоқ, – деді күлімдей. Бұған жеңге:

          Айналайын, ендеше, жігіттің жауабын күтейік. Сүйгеніңе қосылшы, сүйгеніңе... – деп батасын берді.

Уәде еткендей келесі күні үйіне оралған Ажар «ертең кешке кері қайтамын» деп төркіндетіп шыққан шешесін жолға шығарып салды. Келесі күні түске дейін үй ішінде біресе ананы, біресе мынаны істесе де, еш ойын бөле алмады. Көз алдынан Шайқының бейнесі кетпеді.

Түс ауған шақ болатын. Қора маңында жүрген қыз Жамал жеңгесінің келгенін көріп, жаңалық барын ұқты. Аттан түскен келіншек бірден үйге кіріп:

          Қалқам, Шайқыдан хабар жетті. Әкесі рұқсатын берген көрінеді. Бүгін кештен қалдырмай өзіңді алып кетпекші. Барамысың? – деп сұрады.

          Барамын, жеңге.

          Ендеше, жинал. Сағат сегіз шамасында келеді. Шешең келгенге дейін кетіп үлгерулерің керек.

Осыдан кейінгі сәт сағаттай созылды. Ажардың жинастыратын киімі де жоқ еді. Бар көйлегі оңып, тозығы жеткен. Сол себепті үстіне ең жақсы кендір көйлегін киіп, жігіттің келуін күтті. Келісілген сағатта үй маңына салт атты екі адам келіп тоқтады. Екеуінің бірінің бойынан Шайқыны таныған Жамал Ажарды ертіп, сыртқа шығуға асықты. Кеш қарауытып келе жатқан. Өкіметтің аты болған соң, Ажар өз атын қалдырып, Шайқының атына міңгесті. Дәл жүрер алдында қайын сіңлісін құшақтаған Жамал:

          Айналайын, қайда жүрсең де, аман жүр! – деп жылап шығарып салды.

Жастардың ұзап кеткеніне көзі жеткен соң, жылдам басып қора маңына келіп, қуғыншының жүрісін баяулату үшін байланып тұрған аттың ер-тоқымы мен қамшыны жасырып тастады. Сөйтті де үйге кіріп, Әйімнің келуін күтті...

Әбден қараңғы түскенде Ақмолданың шаңырағына түскен Ажарға өз үйінен кейін мына үй зәулім сарай көрініп, бірден ішке кіруге жүрексінді. Жастардың келгенін естіп, жігіттің жеңгелері бірінен кейін бірі сыртқа шығып, келінге шашу шашып, басына ақ орамал жауып, үйге кіргізді. Маңында шұрылдасқан әйелдерді көрген соң, біраз көңілі тынышталып, ішке кірген қыз бөлменің төрінде отырған Ақмолда ақсақалды көріп, есік аузында сілейіп тұрып қалды. Бұған сақал мұртын жіберген қайын атаның сұсты жүзі себеп болса керек. Осыны түсінгендей, бір жөткірініп алған қария:

          Осы үйге еңбегің сіңіп, құтты келін боларыңа сенейік... – деп қысқа қайырып, батасын берді.

Осымен сары қыз келін атанып, жаңа өмірге аяқ басты...

Ажардың қашып кеткендігі жайлы хабар Әйімге де, конторға да тез жетті. Келесі күні қуғыншы боп келген Жамал жеңгесінің сөзінен шешесінің бұл жаңалықты көтере алмай, көп тулағанын естіді.

Арада бірнеше күн өткен соң, шақыртудан бұрын колхоз басшысына барған Ажар арыз жазып, енді жылқы бақпай, жеңгелерімен бірге егістікке шығуға сұранды. Осылайша бұл мәселе де шешілгендей еді.

Алғаш кездері жаңа түскен келін жаңа үйін де, қасында жүрген күйеуін де жатсынып жүрді. Оның үстіне сұсты қайын атаның мінезі де жұмсақ емес еді. Бір дегенін екі айтпай айналасындағыларды бір көз қараспен-ақ басқаратын. Бұл әмірі тек өз үйінде емес, өзінен кіші төрт іні мен келінге де жүріп тұрды. Мұны бөлек тұрса да, екі күннің бірінде қайын ағаның үйіне келіп, шаруасын істейтін келіндердің ісінен анық көруге болатын. Ақмолданың үйіне келін түсерін естігенде, қуаныштарын жасырмағаны да содан болса керек.

 Арада бір аптадай уақыт өткен. Түйдей құрдас, 17 жасар Шайқы мен Ажар ерлі-зайыптыдан гөрі жас балаға көбірек ұқсайтын. Осыны қызық көрген жеңгелер ата жоқта, қырмандағы жұмыстан қолдары қалт етсе, екеуін күрестіріп, мәз болады. Қарсыласынан жеңіліп көрмеген қыз Шайқыны бірде жықса, бірде жыға алмай, мазасы кетеді. Десе де, жеңгелердің арасында еркін жүрген бұл күніне өзі іштей разы еді. Бар ғұмырындағы өзін шексіз бақытты сезінген уағы да осы болса керек...

Таңда ерте оянған Ажар күндегідей егістікке кеткенге дейін үйге су әкелмек болып, құдық басына келген. Ақырын әндете жүріп, шелегін құдық ішіне тастады да, тетігін орай кері көтере бастады. Алаңсыз болатын. Сол себепті әлдебіреудің ту сыртынан келіп қалғанын аңғармады. Тек арт жақтан:

          Ажар! – деген дауыс естіген кезде ғана селк етіп жалт бұрылып, қарсы алдында Әбдірештің тұрғанын көрді.

Бұл көрісуге дайын емес еді. Таңырқағаны сонша қолындағы жіпті жіберіп алып, шелегі құдық ішіне қайта күмп етті. Он шақты күннің ішінде жігіт жүдеп кеткендей көрінді. Мұңлы көзбен үнсіз қарайды. Неге екені, Ажар оның алдында кінәсі бар адамдай:

          Сен мында қайдан жүрсің? – деп бірінші боп тіл қатты.

Бірақ жігіт жауап бермеді. Тағы біраз үнсіз қарап тұрған соң:

          Ажар, сүйген байыңа жеттің бе? – деп сұрады.

Дауысында аз діріл бар еді. Ұзақ ойланбаған қыз: 

          Иә, жеттім! – деді нық, қобалжуын көрсеткісі келмей. Дәл осылай жауап берерін іштей сезген жігіт күшпен жымиды да, қалтасынан бір жапырақ қағаз шығарып:

          Ажар, маған да шақырту келіпті. Соғысқа аттанып барамын... – деді ақырын ғана. Артынша біресе көкке, біресе жерге қарап, ойын жинақтай алмағандай біраз тұрды да:

          Ажар, сені қаншалықты сүйетінімді білсең ғой... Өмірдегі жалғыз жарығым өзің ең. Сені өзге түгілі, өзімнен қызғанушы ем. Енді өмірімде еш мақсат қалмады-ау. Ең болмаса, артымда жарым болып, сен қалсаң, мен кері оралу үшін бәрін қылар ем... Бірақ ондай жоқ. Сол себепті мен майданға оралу үшін емес, өлім құшу үшін барамын, – деді де, көкейіне тығылған өксікті басқысы келгендей, терең тыныстады.

Әншейінде жігітке ауыз аштырмай тулайтын қыз, бүгін олай ете алмады. Жәй ғана жігітке тесіле қарап, сілейіп тұра берді. Тек біраз ентігін басып алған соң, Әбдіреш қайта:

          Ал, саған Ажарым, тілерім... – дей бергенде еріксіз бірнеше адым кері шегінді. Жігіт болса:

          Саған тілерім – өмірде байға жарыма! Бұл өмірде кімді артық сүйсең, соған жете алмай, зарығып өт. Сонда бәлкім, менің хәлімді ұғарсың. Мына мені де бір аярсың... – деді де, көзден тамып кеткен жасын көрсеткісі келмей, сырт айналып кете барды. Сол жүргеннен тоқтаған жоқ. Кері бұрылып та қарамады.

Ажар болса дәл кісенделген жандай тұрған орнынан тырп ете алмай қала берді...

1946 жылдың жазы. Соғыс біткеніне бір жылдан астам уақыт өтіп, майданға кеткен жауынгерлердің соңғы легі де оралған. Өкінішке орай бұл сұм соғыс көпті аямады. «Біреудің жары, баласы, жалғызы» деп қарамады. Жалмады. Талай ер оралмай, мәңгілікке сол майданда қалды. Оның ішінде Ажардың баққан әкесі Байқоныс та, Әбдіреш те бар еді...

Бұл күні тоғыз айлық тұңғышы Тілеуді жотасына байлап алған Ажар қырманда еңбек етіп жүрген болатын. Бұл көрініс соғыстың кесірінен ер адамының саны күрт кеміп, ауыр жұмыс әлі де әйелдің иығынан түспеген бүтін халыққа тән құбылыс еді. Бірақ соғыстың, жоқтықтың дәмін татқан ел бұған налымайтын. Қиналып, күпір етпейтін. Осы күніне де шүкірлік ететін. Оны қырман басынан да, жайылым далалардан да шығып жататын әндерден байқауға болатын.

Бұл үш жылға жуық уақыт ішінде Ажар өзі сүйіп қосылған Шайқы мен мінезі зіл қайын атаға да үйренісіп қалған болатын. Жеңгелерімен де тату. Солармен бір жүргелі, үй шаруасындағы құрақ құрау, кесте тігу, киім пішу сынды тірлікті меңгеріп, қолы іс біліп қалған еді.

Кешкілік өзге әйелдермен бірлесе ат арбадан түскен Ажар үйіне қарай бет алды. Бұл күннің өзге күннен еш айырмашылығы жоқтай көрінді. Бірақ олай емес боп шықты. Өміріне орасан өзгеріс әкелетін адам өзі келіп, мұны үйде тосыпты. Қақпадан кіре бергенде есік алдында отырған Шайқыны байқады. Жабырқаулы еді. Себебін келесі сәтте-ақ үй ішінен шығып жатқан өз шешесінің ащы дауысын естігенде түсінді. Қасына жақындай келіп, қолындағы баланы алған Шайқы:

          Шешеңнің келгенін естіп,  жұмыстан ерте келуіме тура келді. Кәзір ішке кірмегеніміз жөн. Өздері бір келісімге келер, – деп, ойымен бөлісті.

Бұл Әйімнің осы үш жылда төртінші рет шағым айтып келуі болатын. Келген сайын Ақмолда қарияға бағып-қағып өсірген аяулы қызын қалың малсыз, тегін алғанын айтып бүлік шығаратын. Бүгін де:

-           ... бір әулетті асырап отырған қызымыздың пайдасын жалғыз көріп жатырсыз. Бәлкім, сіздің көксегеніңіз де сол болар... – деп ашына сөйлеп жатты.

Мына сөзді сыртта тыңдап тұра беруге шыдамы жетпеген Ажар ішке бет алды. Бірақ келесі сәтте-ақ қайын атаның:

          Өзің не айтып тұрсың? Қызды тегін алсақ та, осы үш жылда бергенім аз болды ма? Әрбірден кейін, осынша құн төлейтіндей мен біреудің қадірлі қызын алып па ем?. Мейірімім түсіп, есігінің алдындағы құлын алғам, – деген сөзін естіді де, төбесінен жай түскендей сілейіп тұрып қалды.

Бір сәтте үш жылдық баянды өмірі көз алдынан өте шықты. Өткені де, келері де бұлыңғыр тартты. Онысын ата да, шеше де байқады. Сол кезде атадай емес, Әйім дәл осылай болғанына қуанғандай күле қарап тұрып:

          Еее, Ажар, түн жамылып қашып кеткеніңде осы сөзді естіріңді біліп пе ең? Қалағаның осы ма еді? – деп одан бетер жүрегін тіле түсті де, үйден шығып кете барды.

Ажар болса, атаға тесіле қарап қала берді. Жанарында тамшы жас жоқ. Өкпе бар. Мұны ұққан қария:

          Несіне сонша таңданасың? Естігенің өтірік емес. Мұны өзің де білесің! – деді де, кетпек болып, кері бұрылды. Осы кезде ішке кірген Шайқы:

          Әке, мұныңыз қалай? Ажарды сүйіп, өзім таңдап алғанымды білесіз емес пе? – деді ренішін жасыра алмай. Ажар болса атасының жотасына қарап тұрып:

          Мен енді бұл үйде қалмаймын! – деп кесіп айтты. Мұны естіген қария одан бетер түнеріп, кері бұрылды да:

          Мейлің! Өзің біл. Ешкімді ұстамаймын, – деп зірк етті. Сонда Шайқы:

          Ажар, жинал! Дәп қазір кетеміз, – деп сыртқа бет алды.

Кеш қарауытып келе жатқан кез еді. Ат арбаны қақпа алдына қойған Шайқы көрпе-жастықтарды арба үстіне тиеп жатқан болатын. Қасына киім кешек буылған түйіншекті көтеріп Ажар да жетті. Осы кезде үйден шыққан қайын ата сақалын сипап тұрып:

          Әй, Ажар, сенің мына дүниеге жармасқаныңды қалай ұғайын? Әлде сенің бұл үйде әкеңнен келген зат бар ма еді? – деді қоңыр дауыспен.

Бұл сөз тиер жеріне дөп тиді. Ажар қолындағы жүкті тұрған жеріне тастай салып, күйіп қалғандай кері шегінді. Мұны байқаған Шайқы:

          Ажар, көтер жүкті. Бері әкел! – деді бұйырғандай.

Ажар олай ете алмай, атасына бір, жүкке бір қарады. Сонда Шайқы арба үстінен қарғып түсіп, жүкті көрпелер арасына апарып салды. Сонда атасы:

          Байқаймын, келін, сен ұмытайын деген екенсің... Ал мен ұмытқам жоқ. Бәрі есімде. Және осы күннің де туарын сезгендей, сенің бұл үйге кіргендегі көйлегіңді қамбаға ілдіріп қойған ем, – деді мысқылмен.  

Рас айтатын. Ол көйлектің үш жыл бойы қамбада ілулі тұрғанын өзі де күнде көретін. Бірақ оның себебі дәп мұндай боларын ойлаған емес еді. Күллі өмірінің күл талқаны шыққандай болды. Бір сәтте бойын ашу да, намыс та, өкініш те, өкпе де қысты. Қайсы күштірек екенін өзі де ұққан жоқ. Бірден қамбаға қарай жүгірді. Жеткен бойда ішке кірді де, шегеде ілулі тұрған көйлекті көрді. Тұла бойы мұп-мұздай болып шыға келді. Онда да бөгелген жоқ. Үстіне киген киімін шешіп тастап, өз көйлегін киді. Сөйтті де, кері шығып, Шайқыға:

          Бұл үйден бір ине әкетпеймін, – деп кесіп айтты. Бұған Шайқы:

          Көп сөзді қысқарт, әкел қалған жүктерді, – деді ашуы келіп.

Ажар аяқ баспады. Сонда атасы ұлына қарап:

          Шайқы, саған қатын табылар, ал әке табылмас. Есіңді жи. Кетем десең, өзің біл. Таңдау сенің еркіңде. Бірақ есіңде болсын, қатынды таңдасаң, соның қолында барды қанағат етіп, құр алақан кетесің, – деп сонғы сөзін айтты.

Осы кезде Шайқының жүзіне бір қараған Ажар оның жоқшылық өмірге еш дайын еместігін түсінді. Сөйтті де, мына үйде тұншығып бара жатқандай болды. Сол себепті сыртта текемет үстінде отырған баланы қолына алып:

          Шайқы, саған барыңды тастап, соңымнан ер демеймін. Мен саған тигенге дейін де, бір көйлекпен тәп-тәуір күн көріп келгем. Енді де өлмеймін. Сол себепті қалам десең, өзің біл, – деп қақпаға қарай бет алды. Өзін бұлай оңай қия салғанына таңырқап Шайқы тұрса, ата өйтпей:

          Тоқта! Кетсең, өзің жалғыз кетесің. Жалғыз немеремнің сенімен кеткеніне жол бермеймін, – деп тағы бір соққы жасады. Бұған Ажар:

          Мен баланың шешесімін. Мен қайда барсам, бала менімен барады, – деп қарсы шықты. Сонда қария:

          Ажар, бері қара... Сен кімсің? Мен кіммін? Саған баланы кім береді? Араша сұрап, кімге барасың? Осы елдің дауын шешер ақсақалдың бірі менмін. Ал сенің кімің бар? – деп, баяу үнмен сенімді сөйледі.

          Жалғыз болсам, болайын, бірақ баланы бермеймін. Маған ақсақалдардың еш керегі жоқ. Бірден сотқа барамын.

          Мейлің, дегенің болсын.

Солай болды. Әп-сәтте бір шаңырақ жақ-жаққа бөлінді. Басқасы әділ болмаса да, өкімет өзін қорғарына сенген Ажар таңның атысымен прокурордың алдына жетті. Ақмолда мен Шайқы да бір жүрген. Шағын бөлме ішінде «сот адамымын» деп бұларды Ажар есімді қырыққа тақаған әйел қарсы алды. Екі жақтың дегенін бөлмей тыңдап, біраз ойланған ол:

          Бұл жағдайда кім болса да, баланы Ақмолда қарияға беруді ұйғарар. Себебі ол күніне бір кісі жалдаса да, оны жеткізеді. Бұған билігі де, пұлы да жетеді.  Ал шешеде ондай жоқ. Бұл менің ойым. Сөзіме «құлақ аспаймын» десеңдер, өздерің біліңдер. Арыздарыңды қабыл алайын, – деп өз шешімін айтты.

Өзімен аттас адамның аузынан шыққан мына сөзді естіген Ажардың сағы сынғандай күйде еді. Мұны байқаған қайын ата:

          Ажар, көрдің бе? Қолыңда билік болмаса, бұл өмірде сенің сөзіңді сөйлер адам табылмас. Сен енді баланы ойла. Дәл өзіңдей бір қайыршының өскенін қаламасаң, Тілеуді маған қалдыр. Не болмаса, сабаңа түс. Мен сені қуғам жоқ, кетем деген өзіңсің... – деп ашығын айтты.

Сонда Ажар бауырындағы Тілеуге біраз үнсіз қарап тұрды да, ақыры бір байламға келгендей, өз ішін жарып шыққан шарананы Шайқының қолына ұстатып, ләм-мим демей кете барды...

Қайда барады? Расында, кімі бар? Талғарды біраз жаяу кезген соң, ақыры жаяулатып отырып, Енгельстегі өгей шешенің үйіне қайтып келді. Дәл осылай боларын білгендей, оны сырттан күтіп алған шешенің сөзін де, мазағын да естіген жоқ. Дәл кеудесінде жаны жоқ адамдай сүйретіліп, ішке кірді де, өзі өскен бөлменің еденіне жата кетті. Тіл қатқан жоқ, жылаған да, ұйықтаған да, жәй ғана қабырғаға қарап жата берді. Ал келесі күні Шайқымен өмір сүрген үш жылдық өмірді де, өзі туған баланы да, өткен күнге қалдырып, келер күнге қарсы жүріп кете барды...

Қалайша қия салды? Әрине оңайға соқпады. Жаны да, ет жүрегі де қан жылады. Әсіресе, сүтке толы қос омырау сыздаған кездерде жанын қоярға жер таппай аласұратын. Бірақ намыс одан күштірек болды. Сол себепті еш кері қайтпады. Сағыныш аяғын матамау үшін қызу еңбекке кірді. Таң атар-атпастан егістікке келеді. Егеді, түптейді, орады, суғарады, жемісін жинап, қапқа сап, арба үстіне лақтырады... Өзін еш аямады. Аяудың не екенін білмеді. Тек күресуді білді. «Алдыма келгенді не мен жығамын, не мені жығады» деп күн кешті.

Арада осылай жыл өтті. Бүгін де әдеттегідей шешемен көріспеу үшін егістіктен ең соңғы арбамен қайтты. Бірақ бұл жолы Әйім ұйқыға кетпей, май шамның жарығымен өзін күтіп отыр еді. Ажар үйге кірісімен:

          Отыр. Өзіңе айтар шаруам бар, – деп бұйыра сөйледі.

Ажар қарсы шықпады. Сөйтті.

          Төрт жыл бұрын менің дегеніме қарсы шығып, Шайқыға байға тидің. Не шықты оныңнан?...

Ажар тіл қатпады. Шеше болса:

          Әбдіреш сенің кесіріңнен өлді. Енді сенің таңдап байға тиер қақың жоқ, – деді ескі әңгімені қозғап.

Бұл сандырағын тыңдап отыра бергісі келмеген Ажар:

          Менің байға тиер ойым жоқ. Тиер байыма тиіп болдым, – деп орнынан көтерілмек еді, шеше:

          Олай деме. Сен менің алдымдағы борышыңды өтеген жоқсың. Сені баққан еңбегімнің өтемі қайда? Ақмолдадан алған төрт-бес бас қара оның орнын жаба ма? – деп ұзақтан әкеле жатып еді, шыдамы таусылған Ажар:

          Енді маған не істе дейсің? Айт, дегеніңе көнейін, – деп сөзін бөлді.

Мұны естіген шеше лап ете түскендей:

          Әлгі Айтбайдың құдасының соғыстан келген жиен немересі бар екен. Әке-шешеден ерте айырылған көрінеді. Жасы отыздан асса да, әлі қатын алмапты. Сені айттырып келмекші. Байдан шыққан қызды айттырып, қалың мал төлегенін қайдан көрдің? Бағың жанғалы тұр... – деп қызға мейірімі ашылып, жылы сөйлеп жатыр еді, орнынан көтерілген Ажар:

          Мейлі! Қалағаның болсын, – деді де, бөлмесіне кіріп кете барды.

Бұлай оңай көне саларын өзі де күтпеген Әйім аңтарылып қарап қала берді. Ал Ажар болса, жай ғана өзіне жабысқан, түбі жоқ қарыздан құтылғысы келетін. Жылқы баққан кезінде тапқаны да, мына соңғы жыл еңбек еткендегі табысы да орнын жаппады. Осыдан шығар басқа жол көрмеген соң, еш қарсыласпай көнді.

Әйім оның ойынан айнып қаларынан қорқып, бұл істі ұзаққа созбады. Осылайша Ажар өзі өмірі көрмеген көрші ауылдың Сәдір есімді жігітіне күйеуге тиіп кете барды...

1949 жылдың күзі. Соғыста бірнеше жерден оқ алған Сәдірдің күнара ұстамасы ұстап, жүйкесі сыр береді. Ондай кездерде ол өз тән жарасының азабынан құтылу үшін алдына келген жаннан өш алады. Соңғы жыл бұл таяқ тек Ажарға келіп тиеді. Аямайды. «Әйелсің-ау, ай-күнің жетіп тұр-ау» демейді, соққыға жығады. Оны аз көрсе, «қыс демей, жаз демей» жапан түзге апарып, «өлігіңді табармын» деп жалғыз қалдырып кетеді. Ор қазып, соған тастап, бетін топырақпен жауып кеткен кезі де бар.

Ажар ше? Ажар... Бұған да еті үйренген тәрізді. Топырақты қазып шығып, жаяулатып үйіне оралады. Бұл ісінің бірін Сәдір өзі білсе, енді бірін білмей де жатады. Соғыстан тапқан қасіреті сол болатын...

Бүгін де сондай күннің бірі болды. Ұстамасы ұстаған Сәдір іште жеті айлық баласы бар Ажарға қамшы ала жүгіріп, бірнеше рет арқадан осып-осып жіберді де, басы ауған жаққа жөнелді. Бұл жолы оңай құтылғанына қуанған Ажар тоқып жатқан ши алашасын ары қарай жалғастыра берді. Осы сәтте қақпа қағылып, ішке ер кісі мен келіншек кірді. Келушілердің кім екенін ұға алмаған Ажар орнынан тұрды. Осы кезде ер адам:

          Ажар, сенбісің? – деп сұрады. Дауысы едәуір дірілдеп шықты.

          Иә! Менмін. Өздеріңіз кім боласыздар? – деп сұрады Ажар. Сонда жігіт:

          Мені танымадың ба? Әрине, қайдан танисың? Сен ол кезде тіпті кішкене ең... Мен Ысқақпын, Ысқақ... – деді де, беторамалымен бетін бүркеді.

Осы кезде Тілеуінен өз еркімен бас тартқан кезде де, Сәдірдің қамшысының дәмін татқан кезде де, көзіне бір тамшы жас алмаған келіншек жерге отыра кетті де, үнсіз мөлтілдеп жылады. Жігіт те сол тұрған жерінен қозғалмай, егіле берді. Сәлден кейін басын жоғары көтерген Ажар:

          Қайда жүрдің? Ең болмаса, бір жылға ерте келсең болмас па еді? – деді де, қайта үнсіз қалды.

Осы кезде ғана қасына жақындаған аға тізесін бүгіп, Ажарды құшағына алып:

          Кеш келгенім үшін кешірші. Кешірші... – дей берді.

Он сегіз жылдан бері бірін-бірі өліге санаған мына екеуге ет жүрегі езілмей қарай алмаған Қатира да өксігін бір баса алмады.

Өмірдің сыры біте ме? Шіркін, шіркін, сәл ерте келсе, сөйтсе, бәрі басқаша болар ма еді?...

Әбден кешке дастарқанға отырған Ысқақ басынан өткенін баяндады:

          Өкіметтің әкеміздің бар малын тәлкілегені, көпке ұзамай әкенің өлгені, Базар екеуіңді жетімдер үйіне қалдырғанымыз да, бәрі-бәрі есімде. Анам сол күні көп жылады. Бірақ үшеуімізді бірдей аман алып қала алмасын білген соң, әкенің «ең болмаса ұл аман болсын, артымда тұяқ қалса екен» деген соңғы тілегінен аттай алмай, солай етуіне тура келді. Сол күні екеуміз Есіктен шығып, Талғарға жол тарттық. Қараңғы түсісімен, үскірік білінді. Жолымыз болғанда, айдаладан шамның жарығын байқап, бір тоқал тамға кезіктік. Иесі жасы қырықтардағы ер кісі болып шықты. Түн түнеуімізге рұқсатын берді. Сұрай келе, әлгі үйде жеті адамнан жалғыз қалғанын білдік. Сол түні қарнымыз тоймаса да, жылы жерде жатып ұйықтадық. Таңда жолға шығарымызда, үй иесі көктем шыққанға дейін сонда қалуымызды өтінді. Бірақ анам оған көнбеді. Тағы бір күн жаяулатып, Талғарға да жеттік. Бірақ әкенің туғандарының жағдайы да мәз емес боп шықты. Бізге пана бере алмады. Арада бірнеше күн өткен соң, өзге балалармен даладан қурай теріп келген мен шешемнің мені Құлпы әпкеме аманат етіп қалдырып, өзі төркініне жолға шығып кеткенін естідім. Бір сәтке бөгелгем жоқ. Өзгені соңыма ілестіргем де. Шешемнің соңынан тұра қаштым. Шешемнің «төркінім Ұзынағашта, Екей деген рудың қызымын. Ұзынағашқа жету үшін, Алматыны басып өтесің» деген сөзі бір сәт жадымнан шықпады. Сол себепті Алматыны бетке алып, күн-түн демей жаяулата жүріп отырдым. Ақыры түнделете ел ішіне кірдім. Неше күннен бері нәр татпаған соң, буын-буыным әлсіреп, күннің суығына шыдаудан қалдым. Сол себепті көзіме іліккен үйдің қақпасының астынан өттім де, қорасының аузына барып, бүрісіп отыра кеттім. Біраздан кейін бойымды ұйқы басып, көзім ілініп бара жатқанда, үйден орыс қария шығып, мені көтеріп, үйіне кіргізді. Тапқанын беріп, бойымды жылытты. Сөйтті де, келесі күні таңның атысымен мені жетектеп, жетімдер үйіне келді. Міне, сол жетімдер үйінде кәмелеттік жасқа дейін болдым. Одан шыққан күні соғысқа іліндім. Татар тұзым болыпты. Үш жыл қару асынсам да, аман қалдым. Соғыс бітіп, кері қайтар мекен-жайды жазар қағазға Ұзынағашты жазып, шешемнің туған жеріне келдім. Көптен сұрап, ақыры Екей руын да таптым. Бірақ шешеме сол бойы Ұзынағашқа жетуді жазбаған екен...

Ағаның әңгімесін бөлмей тыңдаған Ажар осы сәтке дейін шешенің де тірі боларына үміті бар кісідей терең күрсінді. Ысқақ болса:

          Ұзынағашта бір жыл тұрған соң, Алматыға келіп, соғысқа қатысқан жетім ретінде тегін оқуға іліктім. Ұстамын. Бір жыл бұрын жеңгеңмен бас қостым. Есімі – Қатира, – деп әңгімесін тәмамдады...

Осылайша Ажардың бір қарыннан шыққан ет жақыны табылды. Қарындасына бұдан былай сәл де болса жақын жүргісі келген Ысқақ колхоз басшысына арыз жазып, көрші ауылдың біріне қоныстанды.

Бірақ бұдан Сәдірдің қыспағы азая қоймады. Қыстың қақаған суық күнінің бірінде Ажар дүниеге Айна есімді қыз әкелді. Осыны естіп келген аға-жеңге бала мен шешенің тастай суық үйде отырғанын көрді. Сол жолы көп өтініштен кейін Сәдірдің рұқсатын алып, олар ақыры Ажарды өз үйіне алып келіп, үш ай бірге тұрды. Жеңгенің мейірімі ағадан да асты. Осы үш айда Ажар күтімнің не екенін біліп, жүрегі сәл жұмсарғандай болды. Алайда көктем шығысымен Сәдір келген соң, бұрынғы өміріне кері оралуына тура келді. Сол күні Ажарды әкетіп бара жатқан арбамен қатарласа жаяу жүрген жеңге Сәдірге:

-           Жалынайын, тек ұрмашы. Енді ұрмашы. Ұра көрмеші... – деп боталап жылап, біраз жерге дейін шығарып салды.

Өкінішке орай сол жылдың күзінде Ысқақтың оқуының өтемін өтеу үшін маман жетіспеген өзге алыс аймаққа кетуіне тура келеді. Соның кесірінен аға мен қарындас ұзақ жылдарға қайта айырылысты.

Арада тағы жыл өтті. Сәдірден туған қыздың жасы бірден енді асқан. Алғаш отау құрған жылы Сәдірдің өзін ұрып-соғуына да, басқаға да жол берген Ажар бұл күні қарсыласуды шығарды. Әсіресе, балаға қауіп төнген кездерде, қарап тұрмайды. Таяқ астында қалса да, жолын бөгейді. Соның арқасында өз бойында кез-келген ерге қарсы тұрар күш барын ұқты.

Осыдан үш күн бұрын да ашуын белі қатпаған баладан алмақ болып шапшыған ерге ойланбастан қарсы басты. Еш қорықпады. Сөйтті де, әлгінің қолын бұрап, үйден сүйреп шығарды да, қақпаға қарай бар күшімен итеріп кеп қалды. Осыдан кейін топыраққа бетпен бұрқ еткен ерге қарап тұрып:

          Мені ұрдың. Шыдадым. Бірақ балаға тимейсің! – деді де, бұрылып кетпек еді, жерден тұруға асықпаған Сәдір соңынан:

          Айтпады деме, бір күні сені өзім буындырып өлтіремін, – деп үркітті. Сонда Ажар:

          Не істесең, соны істе. Ал мен өлмеймін. Мен тірі қаламын. Көмсең де мейлі, атсаң да, өртесең де, мен тірі қаламын, – деді де, бұрылып кете барды.

Бұл көрініске манадан Құсайын есімді көрші ер әрекетсіз қарап тұрған болатын. Сол келіп Сәдірдің орнынан көтерілуіне көмек бермек еді, қолын қағып тастаған Сәдір ашуға булығып кете барған. Содан бері үйге оралмады. Десе де, Ажар соңына түсіп іздемей, өзі қайтып келерін күтті.

Түс кезі болатын. Қызды жотасына байлап алып, егістікте жүрген Ажарға колхоз басшысының шақыратындығын айтып, кісі жетті. Сонымен ілесіп конторға келген ол іште бес-алты кісінің жиналғанын көрді. Арасында әлгі Құсайын есімді көршісі де бар еді. Ажардың кіргенін көрісімен, бәрі бір кісідей орындарынан тұрды. Сөйтті де ішіндегі бірі:

          Соңғы рет күйеуіңді қашан көрдің? – деп сұрады.

          Үйге келмегеніне үш күндей болды? Тағы не бүлдірді? Біреумен араздасып қалып па? Көктем кезі ғой. Күз-көктемде жүйкесі басқа кездегіге қарағанда көптеу сыр береді, – деген Ажар әдеттегідей мән-жайды түсіндіре бастады. Сонда әлгі:

          Қойшылардың бірі бүгін таңда Сәдірдің өлі денесін өзен маңынан тауып алыпты. Пышақталғанға ұқсайды, – деп тоқетерін айтты. 

Сонда Ажар дәл мынадай хабар күтпеген кісідей, сілейіп тұрып қалды. Ах ұрып жылаған да жоқ. Тек сәлден кейін:

          Сонда... Өліп қалған ба? – деп сұрады, әлі де сене қоймай. Ойы шашыраңқы еді. Бірақ келесі сәтте әлгінің:

          Өлтіріп кеткен. Соңғы рет екеуіңнің араздасқаныңды естідік. Үйден желкелеп қуып шыққан екенсің, – дегенін естіп, дәл біреу желкесінен қойып кеп қалғандай бойын жинап:

          Не дейді? Сонда мен өлтірді дегің келе ме? Мұны саған кім айтты? – деді де, бойын ашу мен өкпе қатар билеп, бөлме ішіндегілерге кезек қарады. Сонда екі жылдай бір тұрған көршісі:

          Мен мұны өз көзіммен көрдім, – деді басын төмен салбыратып тұрып. Мұншалық әділетсіздікке төзе алмаған Ажар:

          Әй, Құсайын, менің Сәдірді ұрғанымды көріпсің. Ал осы екі жылда Сәдірдің күн санап мені ұрған кезінде қайда жүрдің? Ол кезде қалайша көр соқыр болдың? Бұның қалай? Өлігің үйге жетпегір, Құсайын ау, Құсайын!!! – деп күйігі ішке симай, ашынып тұрып, наласы мен қарғысын қоса айтты. Дәл осы сөзінің өз иесін табарын білген бе?...

Сәдірді жер қойнына тапсырып, жетісі өткен күні көрші Құсайынның үйіне де қаралы хабар жетті. Қырманға кеткен он жеті жасар арыстай жалғыз ұлы комбайнның молотилкасының астында қалып, қаза тауыпты. Онымен қоймай, дәл Ажар ашу үстінде дегеніндей, бөлшектенген өлігін үйіне де жеткізгенді былай қойғанда, сол жақта жерлеуге сүйек таппаған...

Бұл да сары қыздың маңдайындағы онысыз да аз емес сорына сор болып қосылып, Ажардың өзі туып өскен мекенін тастап, алыс жерлерге көшіп кетуіне тура келді. Өкімет баспана берем деген соң, қолына баласын көтерген жас келіншек Ұйғыр ауданындағы Ақтам ауылынан бір-ақ шықты. Бұнда да Ажардың қалқаны еңбек болады. Өзгеге жетімдігін де, жесірлігін де көрсетпеу үшін қызу жұмыс арасында жүрді. Сол еңбекқорлығының арқасында елге сыйлы болып, көпке сіңді.

Арада жеті жыл өтіп, 1958 жыл кірді. Төрт жылдам астам уақыт жалғыз жүрген Ажарды осыдан үш жыл бұрын алты ересек баласы бар жасы елуден асқан елге сыйлы Сабыр есімді ер әйелдікке алған болатын. Бұл кісінің атына заты сай Сабыр десе Сабырдай-ақ, байсалды, дүние күйіп жатса да, балаға да, қатынға да қабақ шытпайтын мейірімді жан еді. Ұзақ уақыт келісімін бермеген Ажар ақыр соңында осы мінезі үшін көнген. Онысына өкініп көрген емес. Себебі өткен күннен қалған өшпес жан жарасы бар Ажардың өзін де, өмірдің өзін «бір үлкен күрес» деп білер қызбақандылығын да түсініп, көтеретін де осы ер. Балажандылығы тағы бар. Өзгенің баласы демей, Ажармен еріп келген сегіз жасар Айнаға да өз баласындай қамқор.

Жаз кезі болатын. Таңда мазасы кетіп оянған Ажар ай-күннінің жетіп, босанар сәтінің келгенін ұқты. Бірақ неге екені бұған дейін екі рет балалы болса да, бұл жолы бойын бөтен сезім биледі. Мұның не сезім екенін өзі де ұға алмады. Әйтеуір үйден шықты да, басы ауған жаққа жүре берді. Алдынан жолыққан ауылдың медбикесіне де жағдайын айтпай, толғағы жетіп тұрғанын барынша жасырды. Бірақ мұны көреген келіншек сөзсіз ұғып, жасырын соңынан ерді. Сонда ауыл ішін біраз шарлаған Ажар сырт көзден жасырынып, жаңа салынып жатқан мектеп ішіне кірді. Аз уақыттан кейін дүниеге айдай аппақ қыз келді. Осыны көре сала қасына жеткен келіншек ойламаған жерден қайта қарсылыққа тап болды. Бойын түсініксіз қызғаныш билеген Ажар оның өзіне жолағанын қаламай, баланы етегімен жасырып жатып:

– Неге келдің? Тиме. Бұл менің балам, – дей берді. Сонда әлгі әйел:

– Иә! Бұл сенің балаң. Қорықпа, сені одан ажыратқалы тұрғам жоқ. Жағдайын тексерейін, үйге апарып кіндігін кесейік, – деп абаймен баланы қолына алды да:

– Сен мектепте туған баласың. Есімің Мектепхан болсын, – дей беріп еді, Ажар:

          Мейлі, солай істейік. Бірақ баланы өзім алып жүремін, – деп, құшағын жайды...

 Ажардың сол күнгі осы балаға деген қызғанышы күндер өте аздап тарқағанымен, толық жойылмай, өмірінің әр кезеңінде өзімен қатар жүрді. Араға бірнеше жыл салып, дүниеге Мәлік, артынан Әлік есімді ұлдар әкелсе де, бұл сезім өзгермеді.

Уақыт сездірмей, өз ағымымен өтіп жатты. Биыл кішкене сары қыз Ажардың жасы 37-ге жеткен. Сабырмен бір жүрген жеті жыл бар ғұмырындағы алаңсыз өткен кезең болатын. Жарық дүниеге келгелі тек арпалыспен күн кешіп, өмірмен тек күресе білетін оның бұл күні мінезі де аздап өзгерген. Өзгеге сене біледі. Бұл өздігінен емес, әр кез «қарғам, көппен бір жүрші. Ағайын-туыс, дос-жаранның ішінде жүрші. Сенің жалғыз еместігіңді көріп кеткім келеді» деп өз жанынан еш тастамай ертіп жүретін Сабырдың арқасы болса керек.

1962 жыл болатын. Соғыссыз, аштықсыз сүрген бейбіт өмірге не жетсін? Ел ішіндегі жағдай түзеліп, ауыл-ауылға мектептер, ауруханалар салынып, халықтың жағдайы біршама жақсарған. Қиын-қыстау күнді бастан кешірген жанға бұдан артық не керек? Әр күнін «тәубамен» сүреді.

Соның бірі Ажар болатын. Емізулі кенжесі Әлікті ұйықтатып, төсек үстіне жатқызған соң, аулаға шыққан Ажар қазан-ошақ қайнатып, көмбе жауып, тірлігін жасады. Осыдан бірнеше ай бұрын қылтамақ дертіне шалдыққан Сабыр көрші Шонжы ауылында ауруханада жатқан болатын. Кешке келіп, таңда балаларға ас әзірлегені болмаса, уақытының көбін Ажар соның қасында өткізеді. Бүгінгі күннің де еш айырмашылығы болмады. Таңда ерте оянған келіншек асығыс еді. Алайда жарын іздеп бүгін барудың еш қажеті болмады. Сабыр үйге өзі келді.

Ошақтың астындағы отты күшейтпек боп, бір құшақ тезекті қора жақтан көтеріп жете бергені сол еді, қақпа алдына көлік келіп тоқтады. Сөйтті де, бір сәттің ішінде Сабырдың шаңырағының берекесін қашырды. Дем арасында ағайын-туыс, көрші-қолаң лық толды. Бірі атойлап, бірі сыңсып, бірі талықсып та жатты. Баладан да маза кетіп, азан-қазан болды да қалды. Тек Ажар өйтпеді. Тіпті де өйтпеді. Алғашында құшағына басқан тезекті «бермеймін, ас әзірлеуім керек. Сабырға барамын» деді. Сосын оның қажеті жоғын түсініп, енді не істеуі керегін ұқпаған жандай тапшан үстінде сілейіп отырды. Артынша ыдыс-аяқ көтеріп, көрпе-жастық тасыған қатындарға көмектескісі келгендей мең-зең күйде үйге кірді. Кірді де, төсек үстіне биіктетіп жиналған көрпе-жастықты көріп, әп-сәтте есін жиғандай:

          Бала қайда? Әлікті қайда жібердіңдер? – деп сұрады.

Ешбірі мардымды жауап бере алмады. Сол кезде төсек қасына жеткен қатынның бірі, жүкті жығып тастап:

          Ойбай, ойбай-ай, қайда қарадыңдар? Бала жүктің астында қалып кетіпті ғой, – деп астындағы баланы суырып алды.

Алғаш сәтте бала бозғылт көрінді. Дыбыс та шығармады. Алайда әлгі әйелдің құйрыққа қойып кеп қалғанынан кейін жанына батқандай шырқырап жылауға көшті. Осыны көрген көрші әйел баланы өзі қарайтындығын айтып, Ажардың қолына да ұстатпай, іле жөнелді. Бұған ешкімнің қарсылығы болмады. Дәл сол кезде бұл жағдайдың салдарын бірі де болжап білмеді ау...

Кеткеннің артынан кетпек бар ма? Бәрі қалды. Үй де, қорадағы мал да, қатын-бала да. Араға жылдар салып, Сабырдың бірінші әйелден көрген балаларының бәрі аяқтанып, өз алдына отау тігіп, бөлек шықты. Ажардың да балалары есейді. Қайсар ананың тәрбиесін көрген олар әкенің жоқтығын сезініп, өздерін өзгеден кем көрген кезі болмады. Керісінше өзгелерден батылдау болып, арман қуып, ертеңгі күнге үмітпен қарады. Солай бола беруі үшін бар күшін салған шеше Мектепхан мен Мәлік орта мектепті тәмамдасымен, Алматы қаласына көшіп келді. Сондағы қалағаны өзінде болмаған мүмкіндікті соларға беру еді. Шешенің тілегі қабыл болып, Мектепхан Қыздар Педагогикалық Институтына түсіп, ән салып, өнер жолын таңдады. Бала күннен қағазға жақын Мәлік суретшінің оқуына түсті. Айна оқу емес, отбасын таңдап, тұрмыс құрды. Араларында болашаққа жоспар құрмаған Әлік қана болатын. Оған оның еш қажеті жоқ еді. Әке кеткен күні қатты шошынудың салдарынан ақылы екі жасар баланың санасынан көтерілмеген ол онсыз да бақытты болатын. Аңғал да, таза еді. Таңның атысынан күннің батысына дейін бір сөзді жүз айтып былдырлап, күнде көрген затына алғаш көргендей таңданып күн кешетін. Өкініштісі, өзіне-өзі қызмет ете алмай, дәл сол екі жастағы баланың күтімін де қажет етті. Бірақ Ажар онда да қаймығуды білмеді. Бар затты қабылдады. Жеңіліп кері кетпей, Әлікті алдыға сүйреді.

Бар өмірін еңбекпен өткізген анаға үлкен қаладан да жұмыс табылды. Бір күн бос жүрмеді. Тәулікте жиырма төрт-ақ сағат болған соң, еңбек ете беруіне күш емес, уақыт қана жетпеді. Соның нәтижесінде тапқан табысы оқудағы балаға да, қаланың қақ ортасынан үй салуға да жетті.

1980 жылдың жазы болатын. Бұл күні Ажар қыздың үлкені Айнадан төрт бірдей жиен көрген. Тағдырдың жазуымен Айнасы өзі туып өскен Талғар қаласына қоныстанған соң, Ажардың өткен күнді жиі еске алуына тура келді. Жиендерін көруге әр келген сайын, жайқалған қалаға айналған Талғардың көшелерін ұзақ жаяу кезеді. Дәл біреуді іздейтін сияқты. Ойламаған жерден кезіктіріп қалып, тани кеткенге үміт артатын сияқты. Бірақ онысын тіс жарып, ешкімге айтпайды.

Бүгін де солай болды. Ұзақ жаяу жүрген соң, әзер іздеп тауып, бір кездері өзіне зәулім көрінген үйдің алдына келіп тоқтады. Бұл жолы тозығы жеткен мына үй аса үлкен көрінбеді. Қақпасынан сығалай біраз тұрған соң, кері қайтпақ болып бұрылып еді, дәл қарсы алдынан шыққан орыс кемпір:

          Кімсің? Өзгенің үйінен не іздедің? – деп зірк етті. Бұған Ажар:

          Бір кездері мына үйде Ақмолда деген шал тұрып еді. Шайқы деген ұлы бар, – деді дәл ақталғандай кейіппен. Мұны естіген үй иесі:

          Ондайды білмеймін. Бұл үйде тұрып жатқаныма он бес жылдан астам уақыт болды. Үйді әкесін енді жерлеген Тілеу есімді жігіттен сатып алдық, – дей беріп еді, Ажардың бойынан үскірік жүгіріп өткендей бозарып, біраз тұрды да, кемпірдің ары қарайғы дегенін еш естімеген адамдай кете барды.

Қыздың үйіне қалың ойдың астында жетті. Дәл өткен күннің өкініші өре тұра келіп, бойын билеп алғандай болды. Өжет шешенің мынадай кейпіне көзі үйренбеген Айнаның сұрақтарын да елемеді. Жәй ғана үнсіз түпкір бөлмеге кіріп, еденге көрпе де жаймай, қабырғаға бет бұрып жата кетті. Бұл күні қайта бой көтермеді.

Ал келесі күні азанмен қайта әлгі орыс кемпірге келді. Сұрастыра келе Тілеудің қолы іс білер ұста екенін білді. Базар маңынан іздесе табарын да естіді. Сол себепті бірден базарға бет алды. Кемпір жалған айтпапты. Тілеудің еңбекқорлығы да, қолының шеберлігі де көпке аян боп шықты. Осыны ести бергісі келгендей, өзі шамалас ер адамның қасында тұрған шағында, әлгі:

          Әне! Өзі де келеді, – деп жол бойын сілтеді.

Неге екені белгісіз, өзі іздеп келсе де, Ажар бірден жалт қарауға батпады. Тіпті, сол тұрған жерінде тұра беруге де дәті шыдамады. Дәл әлгі кісінің сөзін естімеген адамдай, алдыға түсті де, шапшаң басып кете барды. Сол жүргеннен тоқтамай, үйдің табалдырығын аттады да, не істегенін жаңа түсінгендей қатты өкінді. Ең болмаса, жүзін бір көрмегеніне күйінді. Сол себепті қайта айналып, жүгіріп базар маңына келді. Бірақ бұл жолы әлгі кісіге қайта бармай, базар ішін шарлады. Кімді іздейтінін білсе де, қандай жанды іздейтінін ұқпады. Десе де, әр өткен ер адамның бет-жүзіне үңілді. Кенет дәл алдынан бір жан көрінді. Ана жүрек ұлын бірден таныды. Танымау, тіпті, мүмкін емес еді. Сырт келбеті дәл Шайқыдан аумады. Тек өзі білген он жеті жасар Шайқы емес. Есейген жігіт кезі болатын. Ажар кілт тоқтады. Дәл бағынудан қалғандай, аяқтары алдыға баспай қойды. Қарсы алдында тұрған бейбақ әйелді Тілеу де байқағандай болды. Бірақ ол анадай кідірмеді. Сенімді басып жүрді де, Ажардың қасынан тоқтамай өте шықты. Бұл көрісуді соңғы отыз бес жылда қанша ой елегінен өткізсе де, Ажар дәл осылай боларын күтпегендей еді...

Сол жылдың күзі болатын. Оқуының соңғы жылында жүрген Мектепхан жатақханасынан келіп, ананың маңын біраз айналшықтады. Шешенің өзіне деген көңілін білген соң, көкейіндегіні айтуға батпағандай, бірнеше рет оқталды. Осыны сезген Ажар әдеттегідей ұзаққа созбай:

          Мекеш, оқуың жақсы ма? Аптаның ортасында неге келдің? Маған айтарың бар ма? – деп сұрақты төтесінен тастады.

Мекеш ойлағандай-ақ, құданың келетіндігі жайлы хабар анаға қатты батты. Бала күннен күллі әлемнен қызғанып келген бұл қызын жасы келіп қалса да, өзгеге қиып бере салуға еш дайын емес еді. Бірден қарсы шықты. Тулады. Бірақ жүрегі нәзік баласының бар дегенін үнсіз тыңдап алған соң:

          Жақсы. Егер сен қарсы болсаң, көнейін, – дегенінен кейін, оңай болмаса да, келісті.

 Осылайша құда келер күн жетті. Таңнан жүрек тұсы сыздаған ана жанын қоярға жер таппады. Бірақ онысын барынша жасыруға тырысып бақты. Бәрібір құданың жеткенін естіген бойда сырын жасырып жетістіре алмады. Ішке бес-алты адамды бастап «жігіттің шешесімін» деп өзі шамалас қара домалақ әйел адам кіргенде-ақ текті жердің жұрты келгені белгілі болды. Бірақ бұл да Ажарды жұбатпады. Бірден:

           Жігіт қайда? Қызымды кімге бергелі отырғанымды көрейін, – деп салқын сөйледі.

      Іле-шала сырттан сәл қысыла амандасып, келіскен қараторының сымбаттысы – Қайрат есімді күйеу жігіт кірді. Бір көзқарастың өзі жеткілікті болды.

          Мен өзімнің айдай аппақ қызымды, сендей күйе қараға бермеймін! – деген сөз естіді.

Бұл бөлме ішіндегілердің бәріне бірдей ауыр тиді. Құдалар да қызды алмайтындығын айтып, өкпелі қайтты. Десе де, арада бірер уақыт өткен соң, екі жастың сезімі мұны жеңді. Алайда құдалар арасында сол күн мәңгілік сызат болып қала берді.

Отау тіккен жастар оқу бітірісімен, бірі ән ансамбліне, бірі жоғарғы оқу орнына оқытушы болып орналасты. Алайда қызының таңдаған жарымен баянды күн кешіп жатқанын көрсе де, шешенің қызғанышы мен күйеу балаға көңіл толмауы артпаса, еш кемімеді. Тек араға екі жыл салып дүниеге дәл Ажардың өзіндей сары қыз келген күні Мекешінен кіндігі ажырағандай күй кешті. Себебі ендігі бар назары кішкене Қарлығаға ауды. Мекешін жұрттан қызғанса да, жетімдік көріп өскен ана бұл күнге дейін бір баласына жылулық сыйлай білмеген еді. Ал мына сары қыз Ажардың жүрегін жібітті. Ыстық болғаны сондай – қасынан ұзаққа ажырай алмады. Оның үстіне соңғы кездері Мекешін әлдебір әлсіздік басқан соң, Әлікті Айнасына тапсырып, күйеу баланың үйінде жүрді. Осы жылдарда таңның атысынан кеш батқанға дейін баланы, тіпті, туған әкеге ұстатпай, жотасына байлап, арқалап жүрді. Бұл заңдылық, тіпті, араға үш жыл сап дүниеге Қаршыға есімді қыз келгенде де өзгермеді.

1985 жылдың көктемі. Өткен жылдың қысында болған жастардың көтерілісі кезінде суденттерін сыртқа шығармай ұстап отырудың орнына, алаңға бірге шыққаны үшін басы кетпей, жұмыстан қысқартылғанына «тәуба» деген күйеу бала өкіметтің бұйрығымен шалғайдағы ауылдың біріне көшіп келген болатын. Үш жасар сары қызын тізесіне жастық сап тербетіп, әлдилеп отырған Ажар есік алдына көлік келіп тоқтағанын терезеден байқап, сыртқа шықты. Бұл Мекештің Қаршығаны босанып келген күні болатын. Көліктен түскен күйеу бала артқы орында отырған Мекештен баланы алып:

          Апа, Қаршыға есімді қызды болдық, – деді жымия.

          Еее, ғұмырлы болсын. Өз қыздарыңа жеттіңдер ме? – деген Ажар қолына көтерген сары қызының маңдайынан иіскеді. Сонда Қайрат:

          Апа, жиеннің жүзін көрмеймісіз? – деп сұрады.

 Олай етуінің өз себебі барын білмеген Ажар баланың қасына жақындай келе жүзіне қарады да:

          Ойбуй, байғұсым-ау, мынаны Қайрат құртып кетіпті ғой, – дегенін өзі де аңғармады.

Ажардың қызын алғалы өзінің қара екенін жақсы біліп қалған күйеу балаға мұнысы мүлдем батпады. Керісінше:

          Иә, апа, солай сияқты... – деп қарқылдай күліп, келіншегіне қарады.

Мекеш болса бұл сәтте көліктен баяу түсіп жатқан болатын. Сол күні Қайрат та, шеше де жас анаға соңғы жылдары жабысқан әлсіздіктің күрт үдегенін байқады. Десе де, дәл сол күні бұның әлі неге әкеп соғарын ешбірі болжап біле алған жоқ.

Арада тағы бірнеше жыл өткен. Мекеші күн санап әлсіреп, солып бара жатты. Қайрат тартынбай, халық ішіндегі аты шыққан бақсы-балгер, дәрігер дегеннің бәрін аралады. Көрші тұрған Ресей еліне де барды. Шипа болмады. Табиғатынан ұстамды қыз бұған сабырлықпен қарап, мойынұсынғандай еді. Ал шеше көне алмады. Еш бір қарсыласына беріліп көрмеген оған әппақ қызының аурудан жеңіліп бара жатқаны қатты батты. Қол қусырып, қыздың үйінде отыра беруге де төзе алмады. Сол себепті Алматыға оралып, қайта қызу еңбекке кірді. Жұмыс талғап жатпады. Ауруханалардың күзеті болды, саяжайларда қассада отырды. Одан қала берсе, аула да сыпырды. Сондағы бар ойы, ең болмаса тәнін шаршатып, ауыр ойдан арылу болатын.

1988 жыл. Мәлігі жақсы жердің қызын алып, келінді болды. Араға бір жыл салып, немере сүйді. Айнасының ұл-қызы да жетіп, ұядан ұшып жатты. Өткен жылы ұзақ уақытқа байланысын үзіп алған ағамен қайта қауышқан. Соның арқасында әкесі Қанаттың соңғы тілегі қабыл болып, Ысқақтан туған тоғыз баланың ұрпақ жалғап, күн санап көбейіп жатқанын да көрді. Былай қарағанда аппақ қызының осалдығы болмаса, бар өмірі баянды, тілеуі қабыл болғандай еді.

1995 жыл. Елдің бар аймақтарындағы колхоз-совхоздар толық таратылып, егін алқаптарындағы арнайы мәшінелер мен өкіметке тиесілі мал жекеменшіктелген соң, жұмыс жоққа жақындап, ауылдағы қара халықтың жағдайы мәз емес болатын. Қайрат пен Мекеш тұрып жатқан Ащысу ауылында да шамасы жеткеннің бәрі үйлерін бұзып алып, қалаға қарай тартылған. Соның салдарынан бір кездері дүркіреп тұрған ауылдың бұл күнде көркі қашқан еді. Қайраттың да көштен қалғысы жоқ еді. Алайда тұла бойы семіп, жүруден де, бойын тік ұстаудан да қалып қойған келіншегінің қамын ойлаған соң, үйреншікті жерден жылжуға батпайтын. Мұны іштей біліп, қынжылса да, сырттай тек күлімеп отырар Мекешінің жүзін көру Ажарға да күн санап ауырлай түсті. Алайда бұл жолы жұмыс жағалап, шетте қала алмады. Қасында болып, қол ұшын созды. Осы күндері Қайратқа деген көзқарасы өзгерген. Бұрынғыдай қаралығы да батпайтын. Тіпті, кей кезде беріктігі үшін алғыс айтқысы да келетін. Бірақ қатал болмысы бұған сол бойы мұрша бермеді.

Соңғы апта Мекештің тән осалдығы өкпеге жетіп, саулығы күрт нашарлады. Тынысы тарылып, ұйқыдан да қалды...

Кеш түсіп келе жатқан кез болатын. Сырттағы тірліктерін бітіріп, үйге кірген шешеге Мекеш:

          Тәте, қашанғы шапқылай бересің? Қасыма отыршы, – деп өтінді.

Айтқанындай қылып, арқасын бірнеше жастыққа сүйеп отырған қызының төсегінің аяқ жағына отырған Ажар:

          Жаңа ұйыған айраннан бір кесе әкеп берсем, ішемісің? – деді басқа қолдан келер шара болмаған соң. Алайда қыздың қалағаны айран емес еді.

          Тәте, сен өте күштісің. Өжеттігіңе таңым бар. Биыл 68-ге келдің. Осы жасқа келгенше бізге бір де бір рет қайғырып, уайымдағаныңды көрсеткен жоқсың. Тіпті, жылағаныңды да көргем жоқ. Жетім болдың, жесір болдың. Соның біріне өкпе айтпадың. Әлде расында өкінішің жоқ па? Олай болуы мүмкін бе? Мүмкін, ішіңдегіні бір рет болса да сыртқа шығарып көрерсің. Басыңа қайғы үйірілсе, жылағанда тұрған түк жоқ. Бұлай еткеннен өмірден жеңіліп қалмайсың. Өзіңе мұнша қатал болмағаныңды қалар ем... – деп байыппен әңгіме қозғады. Бірақ онысына құлақ аспаған шеше:

          Оны айтқаннан маған біреу шешесін бере сала ма? Қой, ондайды айтпа. Жетім болған да, жесір болған да, жалғыз мен емес. Заманымның тең жартысы соны көрді. Өкініштен өлген ешкімді көргем жоқ. Сен мені ойлама. Маған сенің жазылғаның керек, – деп қағып тастады.

Мекеш ары әңгіме қозғамады. Жәй ғана шешенің алдында зор кінәсі бар адамдай біраз қарап отырды да, дем алғысы келетінін айтты. Мұны естіген Ажар өзге бөлмеде отырған қыздардан дыбыстарын шығармауларын талап етіп, өзі Мекештің төсегінің қасына орындығын тақап, қызының ұйқысын күзетті. Бәлкім, жақсылап дем алса, ширап тұрар деп үміт артты. Бірақ, оны жазбады. Не бары 35 жастағы әппағының бұл ұйқысы мәңгілікке ұласты. Мекешінің өзіне ашық айта алмағанын сонда ұққан шеше алғаш рет сезімге ерік беріп, дауыс шығарып жылады...

Мектепханның қырқы өткенге дейін Ажар Қарлыға мен Қаршығаның жанында болды. Бұл күні қыздың үлкені он үште, ал кішісі он жаста болатын. Осы екеуін бір күні қатар тұрғызған шеше:

          Қане, бері келіңдерші. Екеуіңде шешелеріңнен не қалғанын көрейін, – деп жиендерінің жүзіне мұқият қарап шығып:

          Сары қызым, дәрі қызым, шешесінен аумай қалған екенсің. Ал, қане, қара торғайымда не бар екен? – дей беріп еді, бадырайған көздерін сәл қыса түскен Қаршыға қайтсе де, шешеге тартқысы келгендей қасына жетті. Соның әсері болды ма:

          Сені түгел әкеңе тартқан екен десем, мұрын шешенікі екен ғой! – деген Ажар баланы біршама көтеріп тастады.

Осыдан кейін қасында отырып-ақ Мекешінен көз жазып қалған шеше қайта Алматыға жол тартты. Олай еткен себебі, қызы отырған үй де, артында қалған екі көз де өлген қызды еске сап, жігерін әлсірететін. Ал бала күннен күреспен өткен Ажарға бұл өліммен тең еді. Сол себепті қайта айқасқа шықты. Зейнет жасына келгеніне де қарамады. Жұмысқа кірді. Бір сәт қол қусырып отырмады. Жұмыстың бірінен шықса, үйге қайтпай, екіншісіне енетін. Соның арқасында тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа буыны қатайып келе жатқан жас елдің ауырлау кезеңінен өзгелердей емес, тарықпай шықты.

Алайда жасы 73-ке келген жылы жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында жаппай зейнет жасындағылар еңбектен шеттетілген соң, Ажардың жұмыстан қол үзуіне тура келді. Бұл жағдай өзіне қатты батты. Сол себепті Мәлігі мен келіннің кешкілік жұмыстан келгенін күткен ана асқа отырысымен:

          Ес білгелі еңбекпен қатар келемін. Ал осы күндері мына екі қолды қайда жіберерімді білмеймін. Мен өзгенің әзірлеген дайын асын ішіп, қол қусырып қарап отыра берсем, үш күнде өліп қаламын. Сол себепті өзім туып өскен Талғарға көшпекпін, – деп тосын әңгіме бастады. Бұған Мәлігі:

          Апа, оның не? Жасың жетпістен асқанда бөлек шығамын дегенің қалай? Ел-жұрттан ұят емес пе? – дей беріп еді:

          Елдің сөзінен бұрын да қорыққам жоқ, әзір де үркімеймін. Оның үстіне Талғардың тауға жақын шетінен жақсы үй де қарастырып қойдым. Қалтамда сол үйді алған соң, іші-сыртын сылатып жаңартуға жететін қаражатым бар. Ауласында үлкен бақшасы тұр. Әлікті таза ауаға қоямын да, өзім бақша күтемін. Сенен рұқсат сұрап отырғам жоқ. Шешімімді айтып отырмын, – деп ойын нық жеткізді.

Шешесінің ойына алғанын қылмай қоймасын білетін ұлдың көнбестен басқа амалы болмады. Осылайша туған жерге қайта жеткен сары қыз еңбекке толы өмірін ары жалғастырды. Бұл күнде Талғардың завод-фабрикалары толық жабылып, крандар мен өзге де құрылыс мәшінелері тот басып, іссіз тұрған болатын. Соның кесірінен өзін-өзі қамтамасыз ете алмаған қала біртіндеп жүдеп бара жатқан еді. Алайда Ажарға керегі фабрика емес болатын. Оның бір кездері өзі тастап кеткен ұлға жақын жүргісі келді. Бетіне топырақ жабылғанға дейін, алдынан бір өтіп, кешірім сұрағысы келетін. Бірақ бұл оңайға соқпады. Соңғы жиырма жылда Талғарға келген сайын өзін қанша іздеп барса да, бір ауыз «кешір» деген сөзге батпады. Тек алыстан үнсіз қарап, амандығын тілеп кетіп жүрді. Бір күні ізіне түсіп, үйіне дейін еріп барып, екі қыз, бір ұлының барын білді.

2001 жылдың жаз кезі болатын. Бақшасында піскен шиені базарға апарып өткізіп, үйіне бет алған Ажар өзінен бірнеше көше жоғары тұратын Тілеудің есігінің алдынан өтті. Әдеттегідей, қақпасына жақын келмей, анадайдан аулада кімнің жүргенін, не өзгеріс барын мойын соза қарады. Алайда ешкімді көре алмаған соң, өз жолымен кете барды. Бірақ ұзақ жүрмеді. Соңынан «Апа!» деген дауысты естіп, жалт бұрылды. Қарсы алдында жасы алпысқа тақаған ұлы тұр еді. Ажар тырп етпеді. Жәй ғана сілейіп тұра берді. Сонда ақырын басып қасына жеткен Тілеу амандаспастан, баяу үнмен:

          Сіз кеткеннен кейін жылға жетпей-ақ атам көз жұмған екен.  Әкем қазақтан да, орыстан да әйел ауыстырса да, бойынан өзіңізге тән қасиет таба алған жоқ. Еш шешем үйімізге ұзақ тоқтамаған соң, мен де олардың біріне бауыр басып үлгермедім. Өмірінің соңында әкем жұбанышты тек ащы судан тапты..., – деді де, қойнынан тозығы жетіп сарғайған бір жапырақ қағаз шығарып шешесіне ұстатты.

Әлі де тіл қатпай, алақанындағы суретке қараған Ажар он жеті жасар бала Шайқы мен өз бейнесін көрді. Сол сәтте-ақ көңілінің астан-кестеңі шықты. Дәл осылай боларын білді ме? Мейлі, атаны кешіре алмады. Ал еш жазығы жоқ баланы қалай қиды? Бір рет болса да, кері оралмағаны қалай? Сөйткен болса, Тілеуі жүрегінде өзіне деген алып ренішті осы күнге дейін арқаламас па еді? Көрсе де, «шешем»деп мойындамайтындай өзін жек көрмес пе еді? Жек көрсе де, мына тозығы жеткен қағазды аялап сақтап, өзін мұншалық сағынбас па еді?...

Ақ қағаздан біразға дейін жанарын көтере алмаған шеше, енді не десе де, Тілеуінің алдындағы кінәсін жуа алмасын түсінгендей, сол бойы ләм-мим демей, бұрылып кете барды.

Алайда Тілеудің осы анаға деген алғашқы қадамы шеше мен баланың қайта табысуына негіз болды. Жылдар өте келе оңай болмаса да, қайта тіке қарауға шеше де үйренді. Кешірімге ұл да үйренді...

2005 жыл. Бақша күтімді қажет етпейтін мезгілдерде үйге сыймайтын Ажар Сабыры жерленген Ақтамға баратын. Сабырдың қалауы орындалып, бұл күні жасы сексенге тақаған сары кемпірді жұрты ерекше ықыласпен күтетін. Ол да құр қалмай, қолындағы барын беріп, Сабырдан қалған ұл-қыздың той-томалағына араласып, қоян-қолтық жүрді.  Дәл солай ауылдан оралғанына бір аптадай уақыт өткен күні ойламаған жерден үйге Қарлығасы мен Қаршығасы кіріп келді. Бұл күні қыздың үлкені оқуын тәмамдап, Алматыда дәрігер болса, кішісі жоғарғы білімін алып жатқан. Осының арқасында қыздар бұрынғыға қарағанда әжеге бір табан жақындай түскен болатын. Екеуінің қақпадан кіргенін көрген Әлік, елпілдеп алдарынан шығып:

          Ооо, Қарлыға мен Қаршыға келді. Мекештің қыздары келді. Мекештің шашы тізеге жететін ұзын болатын. Бірақ Мекеш өліп қалды. Ой-ой-ой, көміп тастады ғой. Болды, өлді. Оны көміп тастады... – деп әдеттегі әңгімесіне басты. Бұған бойлары үйреніп кеткен қыздар:

          Әлік, апам қайда? Мә, ала ғой. Апам көріп қоймай тұрғанда мына кәмпитті жеп ал, – деп қолына бір уыс кәмит ұстатты.

Әлгі кәмпитті бас салған Әліктің қуанышы қойнына симай, бақша жаққа тайып тұрды.

Екі қызын көріп, марқайып қалған Ажар бар дәмдісін шығарып дастарқанға қойды. Сөйтіп ең жақсысын сары қызының алдына ысырып отырып:

          Әкелеріңнің қалы қалай? – деп сұрады. Әдеттегідей бірінші жауап беруге асығатын қара торғайы:

          Жақсы. Тәтеміздің аяғы ауыр, – деді де, үстел астынан әлдебіреу аяғын шымшып алғандай, астыға бір, әпкесіне бір қарап: 

          Оның несін жасырасың? Ода тұрған не бар? – деп тақ етті. Бұны естіп:

          Әрине! Тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Әкелеріңе несіне ренжимін. Шешелеріңе қарады. Екеуіңді жеткізді. Енді ол да өмір көруі керек,– деген Ажар артынша:

          Екіншісі ме еді? – деп сұрады. Бұған сары қызы:

          Төртіншісі, апа, – деп түзеді.

          Аман жүрсін! Шешелеріңді қызғанған соң, араларына сөзбен көп түстім. Алайда Қайрат бір де бір рет қарсы сөйлеп көрген жоқ. Сыйлады. Осы күні соны дер кезінде ұға алмағаныма өкінемін. Алайда өткен қайтып келе ме?!.

Бұл күндері жасы егде тартқан соң ба, Ажар өткенді еске көп алатын. Біріне мақтанса, енді біріне өкініші барын жасырмайтын.

Астан кейін қыздардың «үйіңді жинап берейік» дегеніне үзілді-кесілді қарсы болған соң, ең болмаса ыдыс жумақ болып сыртқа шыққан қара қызына біраз қарап отырған Ажар:

          Әй, қызым, андағы ыдысты несіне сонша сипайсың? Ондай әлжуаз болма. Адамның бойында жігер болу керек. Күш болу керек. Әкелші, көрсетейін, – деп табаққа құйған суын өз алдына ысырып алып:

          Міне, былай, былай... Кез келген жұмысты бұрқ-сарқ еткізіп, төгіп-шашып, шайпап істеу керек, – деп, бар ыдысты жуа бастады. Мұнысына екі қолды айқастырып қойып күле қараған Қаршыға:

          Апа, сонда бұл бес кесені төкпей-шашпай шайқай салсам болмай ма? Міндетті түрде, бұрқылдатуым керек пе? Маған берсең, бұл ыдысты далаға шығармай, үйде ақ жуып-шайып алар ем... – деп тістей сөйледі.

Ылғи солай болатын. Шешелерінің бойынан көре алмаған жігерді қыздарының бойынан іздейтін. Мұны қара қызы ол уақытта ұққан ба?..

Кешкілік төсек-орын салмақ болып, еппен көрпе-жастық көтерген Қарлыға да дәл осылай сөгіс естіді. Артынша апасының:

          Мен он бес жасымда үйір-үйір жылқы бағып, қап-қап картоп арқалап... – деп әдеттегі әніне басқанын естіген Қаршыға:

          Әй дәрі қыз, өзің кінәлісің. Көрпені неге жұлып алып, қопарып-қопарып салмадың? Енді өз апаңның әңгімесін де өзің тыңда, – деп түкпір бөлмеге кірді. Алайда іле-шала апасының:

          Ол кезде мен не бары он жеті жаста ем... – деген сөзін ести сала:

          Мәә, апа, сонда сен он жеті жасыңда жігітіңмен қашып кеттің бе?– деп қастарына жетті. Сәлден кейін әжесінің әңгімесі бітуге тақаған кезде:

          Қарлыға, осы сенің жасың нешеде? – деп тосын сұрақ қойды.

          Жиырма бірдемін.

          Ойбуй, әпкем-ау, қартайып қалыпсың ғой. Енді сенің көзіңді сықситып кім алады?..

Тете өскен екеудің болмысы екі бөлек болатын. Бірі бұлақ суына ұқсас мөлдіреп тұрса, екіншісі өзен суындай тулайтын. Мұны Ажар да жақсы білетін. Сол себепті үнемі сары қызының жағына шығатын. Бұл күннің де өзгешелігі болмады...

Тағы бірде кештетіп жаңбырлата қара қызы жалғыз келді. Үйге кірген бойда қалтасынан ұялы телефонын шығарған ол:

          Апа, көрдің бе, енді телефонымызды өзімізбен көтеріп жүреміз, – деп мақтанды. Ойлағанындай-ақ, әжесі:

          Ой, жарықтық-ай, сонда мұның сымы қайда? Осы өкіметтің ойлап таппайтыны жоқ, – деп таңырқады.

Осылайша заманның өзгергенін айтып, астарын ішіп, ұйқыға жатуға ыңғайланған уақытта ас үйдің төбесінен жауын суы сылдырлап аға жөнелді. Мұны көрген Ажар:

          Ойбуй, не болды екен? Қап, шатырым тесіліп қалды ма екен. Қане, Қаршыға, жүр, көріп қайтайық, – деп сыртқа асықты. Сіркіреп жауған ақ жауынның кесірінен түн одан бетер қоюлана түскендей еді. Аулаға шығысымен айналасына қараған Ажар:

          Сатым бақшада қалған екен ғой. Кеше шие жинап ем, – деп енді бақшаға жүгірді. Соңынан бір елі қалмаған қара қызы:

          Апа, мына жауында сатыны не істемексің? Аққан судың астына шелек қойып қояйық. Таңғы жарықпен көрерміз, – деп қарсыласып көрмек еді:

          Қой, таң атқанға дейін ас үйдің төбесінің сылағы құлайды. Сатының бір басын ұста, – деген әже шапшаң басып алдыға түсті.

Артынша сатыны қабырғаға тақаған ол:

          Мен үстіге көтерілемін, сен сатыны мықтап ұста, – деді бұйырғандай. Мұны естіген жиен зәресі қашып:

          Жоқ. Өзім шығамын. Жауынның кесірінен төбе тайғақ,– дей беріп еді:

          Көп сөзді қой, сен қай жердің тесілгенін білмейсің. Мен көтеріліп қараймын да, кері қайтамын,– деп бетін қағып тастап, сатыға өрмелей берді.

Қарсы соққан екпінді жауынның кесірінен жоғарыға қарап, көзді ашып тұра беруге шамасы жетпеген Қаршыға кенет әжесінің «жәй қараймын да, түсемінді» қойып, төбеге шығып кеткенін көріп:

          Апа, оның не? Төбеге неге шықтың? – дей берді аузына басқа сөз түспей. Бұған төбеден шатыр үстіне жата кетіп төмен қараған Ажар:

          Шатыр сынып кеткен екен. Үйге кіре берер жерде қара қағаз жатыр. Соны әкел. Уақытша тесікті бітегенге жарайды, – деп айқайлады.

Не керек жауынның суына малынған Ажар төбені бітеген соң кері қайтты. Апасының сатыдан түскенінше «тәубесін» жүз айтқан қыз қауіптің сейілгенін көрісімен:

          Апа, мұның қалай? Қашанғы осылай жүре бересің? Ұлың да бар, қызың да бар. Бірінің қолына неге бармайсың? Жасың келді ғой. Қорқу дегенді неге білмейсің? – деп бұрқылдай жөнелді. Бұған үйге қарай бет алған Ажар:

          Қой, қорыққаны несі? Қорықпаймын! Тіпті, бала күнімде де қорыққам жоқ. Шатырға шыққанда тұрған түк жоқ. Он бес жасқа толған күнімде алдыма үйір-үйір жылқыны салып алып, тауға да, тасқа да шыққам. Қасқырдың арасында қалып қойған кезім де болған, – деп ескіні жаңғырта бастап еді. Соңынан бір елі қалмай үйге кірген Қаршыға: 

          Қойшы, апа! Білемін. Жылқы баққаныңды да, картоп арқалағаныңды да білемін. Бірақ сен қазір он бесте емессің. Сексенге тақадың. Осындай шаруаға өзің шабыла бермей, өзгеге сеніп тапсырар күнің келді ғой. Ал төбеден аяғың тайып құлап кетсең, не болар еді? – деп батыра сөйледі. Алайда артынша апасының:

          Құлап түссем, орнымнан тұрып, үстімді қағамын да, алдыға қарай жүре беремін. Менің әзір күшім бар. Мен өзгеге «әй, қайсың барсың-ей, ананы бүйте салшы» деп отырғанға төзе алмаймын. Олай болғанша, болмаған тіпті артық емес пе? Шамам барда тірлігімді өзім істесем ғана мен өзімді тірі сезінемін. Маған өмір сүру үшін осындай айқас керек. Күрес керек, – дегенін естіген соң, сап тыйылып, жуасып қалды...

Ал келесі күні таңда Қаршығаны жолға шығарып салмақ болған Ажар сөрелердің бірінен қағазға оралған бір шөлмек тосапты алып шығып:

          Мынау – қарақаттың тосабы. Өз бақшамнан жинадым. Содан кейін оны мұздай суға үш рет жуып тазаладым. Сосын ет тартқышпен де тартуыма болар еді, бірақ мен өйткем жоқ, әр қайсысын қолмен турадым. Тәттілігі басым болсын деп, қантты да артық қостым... – деп тізе бастап еді, Қаршыға:

          Ұқтым апа, ұқтым. Өзім бір қасығын да жемеймін. Сары қызыңа апарып беремін, – деді жымия. Бұған Ажар:

          Сөйте қойшы, қара торғайым. Сары қызым жесін. Сенің әпкең жаңа туған кезде екі айға жуық тоқтаусыз жылайтын. Сөйтсек, анаңның омырауында сүт аз болыпты. Содан мына заманның кеңінде әке тұрып, шеше тұрып, мен жүріп байғұс қызымды ашықтырғанымызды ойласам, әлі күнге тамағымнан ас өтпей қалады. Ал сен бірінші күннен ширақтау болатынсың. Ерте отырдың, ерте жүрдің. Сөйледің. Бір жолы анаң екеуміз тапшан үстінде отырып, шәй іштік. Сен жерде тәй-тәйлап жүр ең. Артынша «мені де тапшан үстіне шығар» дегендей, жатып кеп ұмтылдың. Алайда құлап қалмауың үшін олай етпедік. Алайда біраздан кейін сол тапшанға тыртыңдап жатып шығып алған сен, аяқты малдас құрып қойып, екеуімізге «ал, не істеп аласыңдар?» дегендей қарадың... – деп ақталғандай болды. Бұған Қаршыға:

          Қап, дәл сол қылығым үшін тосаптан құр қаларымды білсем, өйтпес ем, – деп қалжыңдай сөйледі.

2009 жыл болатын. Ажардың өмірі бір қалыппен бала-шаға, немере-шөберенің арасында өтіп жатқан. Немеренің бірі білім қуып, мұхит асып шет елге кетсе, енді бірі өз елінде өсіп-өніп жатты. Қаршыға да жақсы жерге келін атанып, балалы болды. Өзінен тараған балалардың осы жақсылығын көзбен көрген шеше бұл күнде жатса-тұрса шүкірлік ететін болған. Оны тек осы күндері сары қызының өзіне келмей кеткені де, тұрмыс құрмағаны да мазалайтын. Мұны естіген Қаршығасы да, өзгелер де, Қарлығаның жұмыстан қолы тимейтіндігін айтып сендіріп-бағатын. Сонда да қолқалап болмаған соң, келмеуден басқа амалы қалмаған бір күні сары қызы да жетті. Мұны естіген қарт ананың қуанышында шек жоқ еді. Алайда келесі сәтте дәрі қызының қос аяқты сілтіп басқан жүрісін көріп, жүрегі зырқ ете түсті. Осылай боларын білген Қарлыға бірден:

          Апа, алаңдама. Жұмыста жүгіріп жүріп, жығылып қалдым. Содан тобығым тайып кетті, – деп сендірді.

Қарт ана бұған қатты сенгісі келіп, көне кетті. Алайда уақыт өтсе де, сары қызының жүрісі оңалмады. Керісінше күн санап, дәл шешенің ізін басып әлсірей берді. Алғаш уақыттарда мұны жасыруға қанша тырысып баққанымен, жылдар өте бәрінің мойындауына тура келді. Әдеттегідей қарт ана бұған оңайлықпен көне алмай, ем іздеп, шипа табу керегін айтып аласұрды. Не шара...

Арада төрт жылдай уақыт өткен болатын. Өз еркімен жүріп-тұрудан қалған сары қызы әкесінің қолында еді. Хәлін білгісі келіп, қарт ана телефон арқылы өзімен сөйлескен сәттерде өзі де, қара қызы да бір ауыздан:

          Сары қыздың қалы жақсы. Әкенің үйінде қолдың құрт-майын жеп отырған адамның қалы қалай жаман болсын, –деп алдарқататын.

Алайда шешенің көңілі тыныштық таппады. Мұның негізсіз еместігі 2013 жылдың жазы білінді. Мекешінен айырылғалы қарт анаға бір түс жиі кіретін. Әр кез өзі аппақ қызын шаршап-шалдығып іздеп жүреді. Алайда еш таба алмайды. Бүгін де дәл сол түсті көрді. Алайда бұл жолы түс соңында сағынып-сарғайып іздеген аппағы жолдың арғы бетінде, анадайда қол бұлғап тұр екен. Соған қарай беттей берген сәтте оянды. Сол күні Мәлік пен келіні үйге кеп қонып жатқан болатын. Келіннің ұйқыдан тұрғанын күткен ене таңғы шәй үстінде:

          Бүгін түсімде Мекешімді көрдім. Екеуіміздің қосылатын күніміз жақын қалған екен. Сол себепті сен Қаршығаға хабарлас, қайтсе де Қарлығаны алып осында келсін. Соңғы уақытта, тіпті, Қаршығаның өзі де хабарсыз кетті. Менің қанша күнім қалды дейсің? Екеуін бір көріп қалайын, – деп ойын ашық айтты. Сонда біраз ойланып отырып қалған келін, жәймен:

          Апа, өзіңізге айтуға батпадық. Қарлығаның денсаулығы сыр беріп жатыр. Екі айдан бері ауруханадан шыққан жоқ. Қасына өзгелердің кіруіне рұқсат жоқ екен. Бекем болыңыз, – деп шындықты айтты.

Уайымға салынып, дүние кезіп кетсе, Ажар Ажар бола ма? Өйтпеді. Әдеттегідей өжеттік танытты. Жатса-тұрса қызының саулығын тілеп дұға етті. Қолында барын берді. Алайда арада тағы бір айдан астам уақыт өтсе де, жақсы жаңалық естімеді. Сонда қаладағы келінге қоңырау соғып:

          Мен Алматыға шыққалы жатырмын. Мән-жайды ең болмаса қасында жүрген Қаршығаның өзінен білейін. Қайтсе де келсін, сендердің үйлеріңде кезігейік, – деп қара қызын шақыртты.

Мұны естіген Қаршығаның ары да қашқақтай беруге мұршасы болмай, дегеніндей қылды.

Түс кезі болатын. Апасының келіп қалар уақытында нағашысының үйінің маңына келген Қаршыға күйеу баламен бірге ішке кірмей, көлік ішінде отырып күтті. Олай етуінің өз себебі болатын. Кенет жол жақтан көрінген қартты көріп, екеуі бірдей көліктен түсті. Бұл кездесуге қанша дайындалып келсе де, қара қыз қобалжуын баса алмай, қос көзге кезек үрледі. Алайда мұның еш көмегі болмады. Сол себепті кеп қалған апасын әдеттегідей жымиып қарсы алуға тырысқанымен көзге әмірі жүрмеді. Сонда қасына жақындай келе қара торғайының жүзіне анықтап қарап алған қарт ана:

          Әпкеңді арашалаймын деп шаршап жүрмісің, қара торғайым? Мықты бол! Қорықпа. Еш қорықпа. Алла, ұлық. Сен! Аллаға сенген адам құстай ұшады. Адамға сенген адам мұрттай ұшады, – деп қызынан бұрын өзіне рух бергісі келгендей өтімді-өтімді сөйледі. Бұған Қаршыға:

          Иә! Иә! – дегеннен өзге мардымды жауап бермеді. Сонда қарт ана:

          Ең болмаса, бір сәтке сары қызымның жүзін көруіме бола ма? – деп өтінді. Осы кезде бірден бойын жинаған қыз:

          Апа, бұйырса өзі жазылып шыққан соң, саған келеді. Әзір қасына кіруге рұқсат жоқ, – деп қарсылық білдірді...

Сол күні Қаршыға көп нәрсе жасырып, сары қызының енді келуі екі талай екенін де, тек өзін аяған соң әпкесімен кездесуіне рұқсат етпегенін де ашып айтпады...

Арада он шақты күн өткен. Сары қызының жағдайына алаңдаған қарт ана өз үйіне қайта алмай, Алматыдағы ұлдың үйінде жатқан болатын. Алайда жаңалықтың сырттан келетінін күткен шеше үйдегі келін мен баладан бірнеше күннен бері маза кеткеніне мән бермеді. Төр бөлмеде оңашаланып, дұға етумен болды. Кенет ақырын басып ішке кірген келін, жасыған кейіппен  қасына отырып:

          Апа, Қарлығадан айырылып қалдық, – деп суық хабарын жеткізіп, терең күрсінді.

Мына сөзді анық естісе де, ене жауап қайтармады. Келіндей боп ағыл-тегіл жылаған да жоқ. Үнсіз орнынан көтерілді де,  терезенің алдына барып тұрды. Келінінің:

          Апа, өзіңіздің денсаулығыңызға алаңдаған соң, осылай болғаны дұрыс деп шештік. Бүгін таңда жерлеуге барып келдік. Сізге ауыр тиерін білген соң, солай еткеннен өзге амалымыз қалмады, – деп ақталғанын да керек қылған жоқ. Сол қалпы алысқа көз тігіп тұра берді.

Бұл үнсіздік келесі күнге дейін ұласты. Айналасындағы жандарды керек етпеді, нәр татқан да жоқ. Тек кешкілік есік қағылып, Қаршығаның келгенін естігенде, жанарын көтеріп, есікке көз тікті. Сөйтті де, бұл өмірдің өзіне арнаған соңғы соққысы емесін ұқты. Күйеу баланың қолынан мықтап ұстаған қара торғайы өзіне қарай қос аяқты сілтіп басып, зорға жүріп келе жатты. Соңғы кездері қараторғайының да өзімен кездесуден қашқақтауының себебін шеше сонда ұқты. Сөйтті де, одан бетер үнсіздікке үңілді. Қаршыға да тіл қатпады. Көзге де ерік бермеді. Үнсіз басып келіп, жанына отырды да, қойды. Осы қалыпта біраз отырған соң, қарт ана терезеден жанарын тайдырмай:

          Шешең түсіме кірді. Алғаш рет өзін іздеп таптым. Әне, дәл анадайда тұр екен. Ана ағаш тұрғандай-ақ қашықтықта. Сол себепті шешең мені ертіп кетуге келген екен десем, ол сары қызын жағалап жүріпті ғой... – деді де, тағы үнсіз қалды.

Қаршыға тіл қатпай жанарын жасырды. Ара-арасында көрсетпей, алақанының сыртымен бетін сүртіп, тарс бітіп қалған мұрнының дыбысын естірткісі келмегендей, тек аузымен тыныстады. Бәлкім, өзгеге бұл жат көрінер, бірақ дәл мына екеуі бүгін басқаша істей алмады. Олай етпесе, күйіктен мүлдем бой көтере алмай қалатындай еді. Сол себепті дәл осылай сезімін тұншықтырып, көз жастарын әлемнен жасырды...

2016 жыл болатын. Ажар әлі де Талғардағы өз үйінде тұрып жатқан. Сыртқы есік қағылып, ішке Қаршығаны жотасына көтерген күйеу бала кірді. Бәрі мәз-мейрам. Әдеттегідей күйеу баланың сүйікті асын дайындап, шәйін беріп болған қарт ана ойламаған жерден:

-           Балам, жұмыстан шаршап келген боларсың. Өзіңе арнап жұмсақтап төсек салып қойдым. Демал! – деп таң қалдырды.

Өзіне оңаша айтар әңгімесі барын ұққан қыз да мұнымен келісе кетті. Осылайша ас үйде екеуден екеу қалған соң, сонау балалық шақтан әңгімесін өрбіткен шеше, сөз соңында:

          Сол себепті, қара торғайым, саған айтар өсиетім, сөзге сақ бол. Мейлі, өз сөзің болсын. Мейлі, өзгенікі болсын. Өзіңді де, өзгені де ауыр сөзге қима. Тек жақсы сөйле. Мен, міне, тоқсан жасқа келдім. Өміріме өкпем жоқ. Шүкір етемін. Жас күнімде кемпірлердің іш көйлектерінің етектеріне кесте салып беруші ем. Сонда олар маған ылғи «Қатарыңның алды бол! Қатарыңның алды бол!» дейтін. Мен бұл сөздің мәнін ұқпай, өзімді бай болады екем деуші ем. Бірақ өзгеден асып, бай болғам жоқ. Алайда мен қазір қатарымның алдымын. Менімен бір жүргеннің бәрі кетті. Қалғанының жағдайы менікінен өзгерек. Ал менің көзім ашық, құлағым сақ, санам тұнық. Өзің көріп тұрғандай, әлі өзгеге бағынышты болғым жоқ. Үш ұл, екі қыздан, тоғыз немере, он бес шөбере, үш шөпшек көрдім. Бұған жетпеген қаншама? Мысалға, ашығып өлген Базарым өмірден не көрді? Сол себепті тәубе етем. Алайда мен пендемін ғой, ашуға міндім, тіліме ерік бердім. Өзгені аяғам жоқ, өзге де мені оңдырмады. Шайқыға қосыларда «үш жыл бір жүріп, бөлек кетсем де арманым жоқ» деп өз өміріме өзім үкім шығарғанымды да білмей қалдым. Атаның сөзін көтере алмай, зор қателік жасадым. Көз жұма қарасамшы, шіркін-ай. Жетім екендігім де, бір көйлекпен келгенім де өтірік емес еді ғой. Еее, енді несін айтайын, өр көкіректігімнің кесірінен шешесіз өскен Тілеуімнің ғұмыры бөлек тарих... Өгей шешемнің сүйектен өтер сөзіне төзе алмай, басымды ие білмеген соң, Әбдірештің көз жасына қалғаным тағы бар. Бұл күнде оны да аяймын. Құсайынның молотилка астында кеткен ұлы да көз алдымда тұрады. Алайда өкінгеннен не өзгереді дейсің? Болған іс болды. Ол кезде басқаша істей алғам жоқ. Білгенім сол болды. Енді, міне, өмірімнің көбі кетіп, азы қалды. Сол аз күнімде сенің тілеуіңді тілеймін. Сол себепті, қара торғайым, сен еш қорықпа. Қанатыңды кең жай. Биіктеп, жоғарылатып, құлаштап ұш. Алыстарға самға. Сенің қасыңда қамқор күйеуің бар. Жаратқан соған ұзақ ғұмыр берсін. Орталарыңда дәнекерің – балаң бар, әкең аман, мейірімді енең бар. Сол себепті сен өжет бол. Алға ұмтыл! Және бұдан былай маған келмей-ақ қой. Мен де сені іздемейін. Көрмей-ақ та қояйын. Тек өзгелерден «Қаршыға ел қатарына қосылыпты. Шапқылап жұмыс істеп жүр екен. Күшті екен» дегенін естіп, өмірден өтіп кетейін. Осыдан басқа арманым жоқ... – деп ойын түйіндеді.

Қыз күніндегідей емес, бұл күндері Қаршыға көп ойын іште ұстайтын болған. Сол себепті апасының әр сөзін мұқият тыңдап, ойын бөлмеді...

Қара қызын шығарып салған соң, терезеге жақын тұрған төсек үстіне Ажар қыз келіп отырды. Мейлі, беті мен жүрегіне терең әжім сызат салса да, бұл тоқсан жасты артта қалдырған сол баяғы кішкене сары қыз болатын. Осы тоқсан жылдың ішінде оның көргені де көп, көрмегені де. Соны қайта біраз еске алған соң, дәл әлдебіреудің жауабын естігісі келгендей баяу үнмен:

          Әбдіреш-ау, Әбдіреш... Ал, міне, қарашы, мен не болдым? Сен не болдың? Расында, маған осыны тіледің бе? Маған қолың жетпегенде, шынымен-ақ осылай қиналдың ба? – деп тіл қатты. Алайда еш жауап болмады...

Адам баласы өз қолында орасан күш, жойқын қарудың барын біле ме? Әсте білмейді-ау?! Білсе, осыншалық сөзге салғырт бола ма?..