Аяғым күп боп ісіп кеткен соң, ауруxанаға келгем. Әлемдегі бар бәле бір маған жабысады да тұрады екен... Тойып кетемін кейде.
Кезек күтіп отырмын. Ыстық. Сөйтсем орыстың кемпірі өлгелі отырғанын айтып, алдыма түсуді сұрады. Өмірі осы ғой. Қайда жүрсем де, уступать етіп жүремін. Менде жан жоқ сияқты. Үйдің үлкені болған соң, бала күннен үйдегі бар ауырлық маған түсетін. Тамақ, сабақ, артымдағылар... Онымен қоймай, бір нәрсе бүлінсе, таяқты жейтін де мен.
- Өтіңіз! - дедім.
Демесем де, сөйткелі тұрғанын көріп отырмын ғой. Осы неге менің маңдайыма күту жабысып қалды екен. Оқуға түсе алмай, үш жыл күттім. Түскен соң да, жеңіл болмады. Баланы зарығып, ол күтіп, төртінші жылы көтергем. Сол төрт жылда бар өмірім өтіп кеткен сияқты. Байға да, басқаға да жақпадым. Көздеріне күйік боп. Қылт етсе бетіме басылып...
- Кіріңіз! - деді бір кезде.
Сөйттім. Көңілім онысыз да жабырқаулы болатын. Қағаздарыма қарап отырған дәрігер:
- Кіші дәреттің анализдері қайда? - деп сұрады.
- Міне, - деп ұсындым.
- Қап! - деді ол. - Бүйректеріңізге салмақ түсіп тұр. Істен шығуы мүмкін. Күтім керек. Тамағыңызды жөндеңіз. Ащы, тұзды жемеңіз, ішімдік ішпеңіз. Мына дәрілерді алуыңыз керек. Бір апта ем алыңыз. Болмаса, учетқа аламыз, арғысын тағы көреміз.
... дәріxанадан шықтым. Қу ақша. Қашан жетіп еді?! Бүгін тіпті жетпеді. Аяғым ауыр болғанда да, жарытып ас ішкем жоқ, енді қайдан ішейін. Балалардың сабағы бар, тамағы, жолы...
Безіп кеткім келеді кейде, бірақ, қайда сиямын? Төркінге де, төрт баламен төрт күннен артық симайсың. Келіннің қабағына қарап... Ол жақтың келіні де адам.
Ал мен өмірі соңғы орындамын. Ең болмаса, "Ауруың бітпеді" деген сөз естіртпесе екен Алла. Кіргеннен "тамақ істемедің" деп бетімнен алары анық қой. Басқа не үшін керекпін? Тамақ тұрса, барымды байқасын ба?! Өліп кетсем, сонда ғана білер қадірімді. Сонда ұғар. Бағалар. Орнымды көрер...
Кенет шалынып кеттім. Екі-үш аттап барып, құладым. Алақан мен тізе жарылды. Зорға алған дәрімнің жартысы сынды. Төзбей кеттім. Қашанғы? Қашанғы сорлай беремін? Бір басымның соры неге осынша еселі? Неге жей беруім керек таяқты? Осыншалық не жаздым? Көзім қашан ашылады?
- Таза көтермейсің! - деді кенет біреу.
Жылап келе жатқам. Жалт қарадым. Шал екен. Сонда ол:
- Таза көтер! Басыңа түскен сынды таза көтер. Жыласаң, тек мына аяқ-қолыңдағы жара үшін жыла. Дәп кәзіргі қиындығың жара ғана. Еселеме. Асыра сілтеме. Берген жүкті де таза көтермесең, астында қаласың. Көзіңнің ашылғанын қаласаң, жәй ғана көзіңді шындық алдында жұмба. Аштық келсе, аштықты таза көтер, соны көр. Ауру келсе, оны да сөйт. Көтеріп болдың ба, орнына қой да, аттап кет. Қалдыр. Несіне иығыңа артасың? Тәніңе түскен жараны жеңу үшін де, күш керек. Алысқа барамын десең, өз еркіңмен бойыңа алған зілден арыл. Андағы аяғыңның күп боп ісуі де, басқа емес, содан. Алдыға жылжығың жоқ, - деді де, менің айтар уәжімді тыңдамай кете барды.
Міне тұрмын енді не ойларымды білмей? Таза көтергені несі тағы? Осы өмір бақи и так, бар жүкті өзім арқалап келе жатқам жоқ па? Тыраштанып. Оны бірақ кім көріп жатыр дейсің...
Таза көтерейік!