ҮЛФАТ ӘЛ-ИДЛИБИ. КЕК

Университетті бітіргеннен кейін Мунир досымды көрмеп ем. Үйді-үйімізге тарап кеткенімізге бес жыл өтіпті. Жолым болмай, әжептәуір дайындалған адвокаттық қызметімді тастап, саудамен қызу айналысып кеттім. Коммерсант әріптестерімнің ішінен жаңа достар таптым.

Университеттегі жолдастарым­мен, тіпті Мунирмен байланысты үзіп алып едім.
Бірақ тағдыр оны тағы кездес­тіруге жазыпты. Бұл тіпті кездей­соқ, қыстың бір кешінде, сауда ісімен барған қалада болып еді. Іңір кезі-тін. Немен айналысарым­ды білмей, үлкен трактирге атба­сын тірегенше көшелерді, базар­лар­ды аралап келдім. Бұл орын­­­­­дарға баруды суқаным сүй­мейтін, тек сол бір кеште неге өйткенімді әлі күнге түсіне алмай­мын. Үстеліме жақын жерде ұрты салбыраған бір ер адам отырды. Ол бокалдан соң бокал толтырып, онысын сол мезет «төңкеріп тас­тайды екен». Содан соң түрегеліп, аяғынан зорға тұрып, жас қыз бен жігіт отырған үстелдің қасына барды. Олардың сөзін бөліп, әлгі қызды қылжақ қылып, өз үстеліне сүйремек болып еді, қыз жұлқынып шығып кетті. Әлгі кісі оның жеңі­нен қатты тартып қалды. Жас жігіт бұлардың тынышын кетірмеуін айтып, масты жақсылықпен көндірмек еді, бірақ балағат сөздің неше атасы мен соңғы оспадар қылық оның төзімін тақа тауысты. Жақын тұрған үстелден тостағанды жұлып алып әлгі кісінің басынан бір ұрды. Шекеге түскен жырықтан қан бұрқ етті. Кісі еденге құлап, есінен танып қалды. Трактир іші абыр-сабыр болып кетті. Қызмет­шілер жүгіріп келіп жаралыны еден­нен көтеріп алды. Менің қа­сымнан әкетіп бара жатқан кезде, міне, оның Мунир досым екенін таныдым. Иә, бұл сол еді!
– Бұл мырза осында ойын қойып, екі кештің бірінде қарық қылып жүр бізді! – деді қызмет­шілердің біреуі.
Мен Мунирді ауруханаға апару­ды борышым санап, оның есі кірмей тұрған кезде сол жерге қалдырдым. Қонақ үйге қайтып келген соң ұйықтамақ болдым, бірақ досымның өмірі туралы әртүрлі ойлар келіп, кірпік қақпай шықтым. Студенттік жылдарды еске алып, мінезі сабырлы, ақыл­ды, қуатты, жастық шақтың көп күнәсі мен теріс қылығынан таза, салмақты жас жігітті көз алдыма ойша келтірдім. Содан соң өткен кештің суреті – ойран салғыш маскүнем, жастығына қарамай алжа-алжасы шыққан кісі, трак­тир­дегі жаманшылық көрінісі келе қалды; қыдырманың күнде сала­тын ойранын еске алып: «Құдай сақтасын!..» – деппін.
Түні бойы ұйықтай алмай, таң атысымен ауруханаға елден бұрын жетіп бардым. Мені көріп Мунир айран-асыр болды. Мен оны кеше палатаға жеткізіп салғанымды білмейтін. Осы жөнінде айтқаным­да біздің кездейсоқ кездескенімізге өкінетінін айтты.
– Сені, әрине, мына жағдайым таң қалдыратын шығар? – деп үстемеледі біраздан соң.
– Әрине! Мені, әлбетте, жараң қы­зықтырмайды, ол ештеңе ет­пейді ғой.
– Сенем, достым, дегенмен емі жоқ жара бар ғой, менде. Тән жа­ра­сы тез бітеді, жан жарасының емін қайдан табам?
– Үмітсіз – шайтан, бәрін ем­деуге болады емес пе?!
– Сенің, сірә, басымнан өткен оқиғаларды білгің келіп тұр ғой. Есіркеп-мүсіркеп, ақыл-кеңес бер­гіштеп жатпасаң, айтып берем.
– Бұл міндетті шарт па?
– Иә, бәрін білгің келсе!
– Қайттік енді, күштеп көндіру ердің қылығы емес!
Келістім
– Онда тыңда! Мунир күлді. – Мен кек алып жүрмін!
– Кек алып жүрмін! – Қайран қалғаным сонша, даусым шығып кетті.
– Иә, өмірімнің осылай болға­нын қалаған өз әкемнен кек алып жүрмін. Ызалана күліп Мунир төсегіне түзеліп, тік отырды.
– Менің Эльгамға – шешемнің немере сіңлісіне, менің нағашы қарындасыма деген махаббатым есіңде ме?.. Университетте оқып жүрген кезімізде ол туралы саған айтқанмын. Бұл махаббатты құмарлық, жындылық немесе есалаңдық – қалай атасаң, өзің біл, бірақ бар ойым мен сезімімді сол жаулап алып, бүтін әлемде тек бір қызды – Эльгамды ғана көре­тінмін! Университетте үш жылым­ды өткіздім, осы уақытта шын ба­қытты едім. Сүйгеніме ұзыннан ұзақ хат жазып, болаша­ғыма зор үміт артып, арман те­ңі­зіне батып кететінмін. Тамаша қосақ болаты­ны­мызға сенімді едік. Мен, өзің білесің, әке-шешемнің жалғыз ұлымын ғой, мол байлық келе­шек­те мұрагерсіз қалмасын деп әкем менің үйленгенімді күтіп жүретін. Университетпен қош айтысып, үйге қайтып келіп, бір­ден Эльгам туралы әңгіме бас­та­дым. Әке-шешем, қалай болса да, әсіресе жаңалықты шын қуана тыңдаған шешем үйленуге қарсы болмады. Әкем. Рас, біршама тымырсық, тіпті суықтық танытты, онысы мені аң-таң қылды.
Келесі күні барлық жайтты Эль­гамға, оның үйіне хабарлау керек деп шешілді. Құда түсетініміз туралы хабар қызметші жұрттың арасына тарап кетіп еді. Кенет бір кәрі қызметші әйел шешеме жү­гі­ріп келіп, сес көрсете айғай сал­ды:
– Аспан айналып жерге түссін! Мунирдің Эльгамға үйленетіні рас па?! Ағасы қарындасына үйленді деген не сұмдық?! Олар ағалы-қарындас емес пе?! Екеуін мен өзім мына омырауыммен емізіп едім ғой! Бәйбіше, сіз не, мұны ұмыттыңыз ба?
Шешем таңданыс білдірді:
– Ештеңе есімде жоқ, білгем жоқ!
Қызметші әйел айтқанынан қайтпай мені мен Эльгамды қатар емізгемін деп сұмдық қарғанды…
Бұл әшкере сөз төбемнен жай түсірді, көктегі Күн жалп етіп өшіп қалғандай еді. Шешем менің қайғымды мейірімділікпен, аяу­шылықпен жеңілдетуге, кез болған сордан серпілтуге тырысты. Әкем де мұңға батқандай еді. Ойлана келе, бұл жаңа жағдайға керемет бір маңыз бермейінші деп шештім: өйткені менде Эльгамға деген аға мен қарындасқа тән сезім жоқ еді. Осы шешімім туралы естігенде әкем қарсылық білдірді, жаратқан­ның қаһары туралы айта бастады: бұл реттегі діни заңдар ап-айқын ғой. Ақыр соңында көнуден басқа амал қалмады. Бәрі бытысып кет­ті: сөйтіп, Эльгамды сүйіктім деп емес, қарындасым деп тануым керек болды.
Шамам жеткенше одан қаш­қақ­тай бастадым… Қайран қыз қатты тұйықталып кетті. Махаб­батыма күдік келтіріп, әсіресе қыз­метшінің әлгі сөзі өз міндетінен құтылу үшін менің ойлап тапқан қулығым деп ойлағаны маған ауыр тиіп, жүрегімді жаралады.
Эльгамды үміт үзер сұмдық бір торығу жаулап алды, жастық дәу­рені тез сола бастады. Нәзік өркен қатал соққыны көтере алмайды. Эльгам қайтыс болды.
Қатты қайғырдым. Шешем шамасы келгенше жұбатты. Уақыт бірте-бірте жарамды емдей бас­тады. Тіпті, қанша әділетсіз, қатал болса да, әдетте тағдырдың жаз­ға­нына көнетініміз рас қой?!
Бір жыл өткен соң әкем сәтті жағ­дайды таңдап бір ағайымның қызына үйлен деп маған ұсыныс жа­сады. Бұл кезде ағайым өлген, оның жалғыз қызы әкемнің қамқорлығында қалған еді, ол бай туысын тәрбиелі қыз деп, келешек нағыз келін деп танитын. Басты нәрсе, әрине, басқа еді: некеміз қиыла қалса, біздің байлыққа жаңа дәулет келіп құйылар еді…
Маған келсек, ол қызға деген ешқандай сезімім жоқ еді, оның үстіне үйленуді болмай қоймайтын шара деп қабылдадым. Өзіме ұнай­тын қыз таба аламын, ал ме­нің жүрегімді жаулап алады деген үміт менде тіпті жоқ еді; Эльгаммен өткен күндерім басымнан шық­пайтын.
Тойдан кейінгі өмір сүреңсіз, сұрғылт қалыпта өтіп жатты. Күн­де­лікті аралас әйелім екеуіміздің арамызды жақындатты, әсіресе шешем көз жұмған соң. Қосағым­нан мейірімділік пен аяушылық таптым. Ол – Алла куә, жылы жүректі, көркем мінезді, әңгіме тыңдап, тіл табыса алатын әйел.
Содан, бір күні өміріміздің қалыпты ағысын бұзған кез келді. Мені мен Эльгамды емізгемін деген, қарғыс атқыр қызметші әй­ел терезе жуу үшін сатымен шығып келе жатқан. Кенет саты құлап, қызметші еденге гүрс ете түсіп, оң қолын сындырып алды. Жақы­нырақ тұр едім, жақтырмай жүрсем де, көмектесуге ұмтылдым!
– Құдай жазамды берді, е, мырзам! Қолымды қиратып алдым! – деп зар иледі қызметші. Қатты ауырғандықтан өзіне тән сабырды жоғалтып алып: «Мен өтірік ант ішіп, сені мен Эльгамды айырып жіберіп едім! Бірақ ол менің күнәм емес! Әкең ақшаға қызықтырып, өзінің бай ағайынының қызына сені үйлендіру үшін осы қылмысқа шырмап қойып еді…».
Осы мойындаудан кейін, дос­тым, өз әкеме деген менің сезімім­нің қандай болғанын баяндап жатпай-ақ қояйын. Оның жексұ­рын қылығына арландым. Масқара ғой! Жек көріп кеттім, әкемді. Оны­мен бір үйде тұру жиренішті болып кетті. Өзімді-өзім өлтірейін деп шештім, әйткенмен баяу өлім­ді таңдап, шарапқа салындым. Көріп отырсың, ойланбай, ақылға салмай, әзәзілдің жолында басым­ды жоғалтып ішіп келемін. Міне, соның ақыры! Әкемнің жүзінен мұң көрген сайын алынған кегім­нің шаттығын сеземін. Ол ешқа­шан сыртынан ұрпағына қарап сүйсіне алмайды! Иә, достым, жақсылық пен мейірім күткен адамым бақытсыздық әкелді.
Мунир әңгіменің майын та­мыза­тын. Ол ептеп басқа тақырып­қа көшіп, мұңды оқиғаға қатысы жоқ басқа нәрселерді айтып кетті.
Қайтатын уақыт келгенде соңғы кездесуіміз осы екенін сез­гендей қимай қоштастым. Көзім­нен жылт еткен жасты көріп Мунир мысқылдай жымиған.

Аударған
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ.