ЖАҢАЛЫҚТАР
Жетісуда 20 жас қаламгердің кітабы жарық көрді

Жетісу төрінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 томдық Жетісу кітапханасы» жобасымен жарық көрген 41 жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

    Биылғы «100 томдық Жетісу кітапханасы» жобасының бір ерекшелігі - 20 жас қаламгер жинағының жарық көруі және оның ішінде 18 автордың тұңғыш кітабының оқырманға жол тартуы болды. 
Ауа температурасының 41 градусты көрсеткеніне қарамастан, "дөңгелек үстелді" айнала отырған қатысушылардың қарасы қалың болды. Бәрі де баспадан шыққан судай жаңа автордың туындысымен танысуға асық. Жиынды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев жүргізді. Сонымен қатар, Жетісу әдебиетінің алтын сарайы С. Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасының ұжымы да атсалысып, авторлардың еңбегін насихаттауды қолға алғандарын мақтанышпен жеткізді.


Тұсаукесерге аймақтағы еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылар, басқа да танымал адамдар қатысты. Жиналған қалам иелері алдында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев: 
«Бүгінгі оқырманға жол тартып отырған жаңа басылымдардың барлығы облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жарық көрді. Соның тең жарымы ертеңінен үлкен үміт күттіріп отырған жастардікі. Олардың арасында аймағымыздың мақтанышына айналған өткір ой, шұрайлы тілімен бүкіл елімізге танымал бола бастаған небір үздіктер бар. Сондықтан жалпы қаламгерлердің қаламына қарым, өздеріне ерекше дарын тілейміз», – дей келе жиынға жиналған қаламгерлермен бірлесіп, кітаптардың лентасын қиды.


Осыдан соң Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан жалпы кітап авторларын көңіл қуанышымен құттықтап, ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан өңір басшысына айрықша алғысын білдірді. Әрі алдыда әлі талай бірлесе жұмыс атқаратындарын айтты.
Бұл Жастар жылына орай Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе жұмыс істеген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасы. 
– Жыл сайын облыс әкімінің қолдауымен аймағымыздағы ақын-жазушылардың көптеген кітаптары жарық көреді. Мәселен, өткен жылы 37 кітап жарық көрсе, биылғы жылдың алғашқы жартысында, мінекей, 41 кітап баспадан шықты. Осы кітаптар жастардың алғашқы шығармашылық өміріндегі алтын қазығы, тіпті, Жетісудың, қазақ әдебиетінің өміріндегі үлкен бір тарихи сәттердің бірі болды деп санаймын, – деді Ерлан Төспайұлы.


Иә, өмірдегі алғашқы баспалдақтардың әрбірі жүрек төрінде құйма алтындай таспаланып қалатыны даусыз. Бүгінгі кештегі жастардың жалыны күннің сәулесінен де ыстық болды. Аға толқынның ізін өкшелеп келе жатқан жас буынның жүзі қылыштай өткір, жасындай жарқын. Оған сол кеште көзіміз анық жетті. Өлең оқып, таңдайына салиқалы сөз бүрлеген жас ақын-жазушылардың әдебиеттегі сапары оң болуын тіледік. Шара соңында естелік суретке түсерде бір-біріне еміреніп тұрған олардың жанарынан үлкен бір ізгіліктің ұшқынын аңғардық.