ЖАҢАЛЫҚТАР
Solaqailar әдеби клубы

Қазақ әдебиеті ұзақ жыл қалыптасқан өлшемдер мен үйреншікті сүрлеудің аясында дамып келді. Поэзияда ұйқас, тақырып, форма, тіпті ақын «қалай жазуы керек екеніне» дейін бейресми ережелер бекіп қалған еді. 2016 жылы Алматыда «Solaqailar» атты әдеби клуб пайда болып, осындай жазылмаған заңдарды бұзды. Олар өлең жайлы жалпы түсініктегі қасаң қағидалардан, ескі дәстүрге, ұйқасқа тәуелділіктен арылуға, әдебиетке басқа қырынан қарауға ұмтылған авторлардың басын қосқан әдеби кеңістік ретінде танылды.

«Солақайлар» тек өлең жазумен ғана шектеліп қалған жоқ, олар қазақтілді аудитория есім-сойын білгенімен, шығармашылығы бейтаныс болып келген әлем әдебиетінің ірі тұлғаларын, олардың кесек шығармаларын қазақ тіліне аударды. Сөйтіп, қазақ оқырманы мен әдебиетшілерінің қоржынына қомақты олжа салды. Осы еңбек арқылы жалпы оқырман жаңа авторлармен, жаңа бағыт, жаңа ағымдармен танысты. Білсем, оқысам деген жас өскіндердің таным көкжиегі кеңейді.

Драматургия, проза саласында да «үйреншікті» тақырыптарға емес, адам жанына, психологиясына үңілетін, терең тақырыптарға құлаш ұрды.

Жалпы Солақайлар мәдениеттер тоғысындағы жеке тұлғаның күйзелісін, Ұлттық әдебиет деген не деген сұраққа басқа қырынан, кеңес әдебиетіне дейінгі қазақ ауыз әдебиеті, мифтік әлемінен жауап іздейді.