ЖАҢАЛЫҚТАР
«АЗИЯ ЕЛДЕРІ ҚАЛАМГЕРЛЕРІНІҢ І ФОРУМЫ» ӨТЕДІ

Қазақстан Жазушылар одағы  ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019  жылдың 4-6 қыркүйек  күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамыту һәм егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді.

Азия елдері қаламгерлерінің І форумында  аталмыш құрлықты мекен еткен 44 мемлекеттен Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN әдеби жүлдесінің жеңімпаздары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының Төрағалары сынды 90-ға жуық  ақын-жазушылар мен  еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған қаламгерлер бас қосады.

Әдеби форумның БАҚ қызметкерлеріне арналған баспасөз конференциясы 3 қыркүйек күні сағ.15.00 де Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметі алаңында өтеді.  

Баспасөз конференциясына:

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы – Ұлықбек Есдәулет;

Қазақстан Жазушылар одағы  басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары – Ақберен Елгезек;

ҚР Мәдениет және спорт министрі  – Ақтоты Райымқұлова;

Әлемдік әдебиетте есімдері қалыптасқан қаламгерлер – форум делегаттары қатысады.