.jpeg)
2026 жылғы 18–19 маусым күндері Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығында» ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті және Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті» атты республикалық курс өтті.
Курсқа еліміздің 16 өңірінен тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органдардың 25 маманы қатысты. Іс-шара мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін дамытуға және қоғамдық коммуникация сапасын арттыруға бағытталды.
Шараның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан сөз сөйлеп, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетінің маңыздылығына тоқталды. Ол қазіргі ақпараттық қоғамда маманның кәсіби біліктілігі атқарған жұмысымен ғана емес, оны көпшілікке түсінікті әрі әсерлі жеткізе алуымен де бағаланатынын атап өтті. Сондай-ақ ойдың жүйелілігі мен сөздің анықтығы тыңдаушы сенімін қалыптастыратынын айтып, көпшілік алдында сөйлеу дағдысы бүгінде кез келген маман үшін маңызды екенін жеткізді.

Екі күндік бағдарлама аясында қатысушылар психологиялық дайындық, шешендік өнер, медиа-коммуникация және дауыс қою бағыттары бойынша шеберлік сабақтарына қатысты.
Оқу бағдарламасының 80 пайызы практикалық жұмыстарға негізделді. Қатысушылар жеке және топтық тапсырмалар мен жаттығулар ды орындау арқылы өз дағдыларын жетілдірді.
Курс соңында тыңдаушыларға сертификаттар табысталды.