ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақын Мұрат Пұшатайұлының шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді

22 қаңтар күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Мұрат Пұшатайұлының шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Конференцияға Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Дәулеткерей Кәпұлы,  Сондай-ақ, ақынның курстасы, белгілі қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,  Әділғазы Қайырбеков Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері ақын, Сұраған Рахметұлы бастаған зиялы қауым өкілдері және «Әдебиет порталы», «Qalamger.kz» порталы мен басқа да БАҚ өкілдері қатысады деп жоспарлануда.

Мұрат Пұшатайұлы – ақын, қоғам қайраткері 1954 жылы Монголияда дүниеге келген. Ақын орта мектепті Монголиядағы Баян-Өлгей аймағында бітіріп, 1973 жылы ҚР Алматы қаласы, Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Ақынның шығармашылық жолы осы кезден басталады. Ақын оқу бітірген соң елге оралып, мәдениет және ақпарат саласында қызметтер атқарған. Мұрат Пұшатайұлы 1999 жылы өмірден өтті.

Мұрат Пұшатайұлының «Студент дәптері» атты өлеңдер жинағы көзі тірісінде жарық көрсе, сонымен қатар аударма саласында Петровтың «Қара Ертіс» романын орыс тілінен қазақша тәржімалап, «Шұғыла» әдеби журналына жариялаған. Кейін, Алматыда Отандастар қорының қолдауымен өлеңдер жинағы жарық көріп, шығармашылығы үнемі насихатталып келеді. Ақынның «Ел көшкенде», «Ақ сапар» атты әндері бүгінде халық арасына кеңінен танылып, шетел қазақтарының гимніне айналып үлгерді деуге болады.