58

СТУДЕНТТЕРДІҢ СҮЙІКТІ МЕКЕНІ

Рухани, мәдени иммунитеті мықты елдің іргесі берік, сапасы жақсы болары анық. Бұл қанша ғасыр жылжыса да, қоғам техникалық тұрғыдан қанша дамып, өсіп-өркендесе де өзгермейтін тұжырым. Қай мәдениеттер тоғысында да адамзат әрқашан өркениетке ұмтылған. Тәуелсіз Қазақстан жолында да кітап оқу ғадеті жалпыхалықтық сипат алуына күш салып келеміз. Бүгінде оқитын ұлт қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысы бірқатар бастама көтеріп, тікелей назарында ұстап отыр.

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Иә, Президент айтқандай, кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Осы ретте Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кітапханасында оқырманға барлық заманауи жағдайды ұсынып, ғылымның даңғыл жолына түскен әр ізденушіге шырақ болуға әрқашан ниеттіміз. Жас буынның санасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жұмыстары да біз үшін әлі өзекті болып келеді.

Ізденген студенттің сұранысын өтейтін кітапханамызда оқу және ғылыми әдебиеттерге арналған абонемент, сондай-ақ 830 орынды 12 оқу залы жұмыс істейді. Ғылыми кітапхана қоры 1,4 млн данаға жетеді. Университет кампусы аумағында әлемдік 25 электрондық кітапханалардың жүйесіне еркін кіру мүмкіндігі бар. Ал электрондық каталогта 200 мыңнан астам баспа және электрондық ресурстардың библиографиялық жазбалары, сондай-ақ 85 мың толықмәтінді құжаттар жинақталған. Электрондық кітапханалық жүйелер мен деректер базасында жалпы көлемі 500 мыңнан астам электрондық басылым, оның ішінде архивпен бірге 10 мың толықмәтінді ғылыми журнал бар.

Ғылыми кітапхананың кеңістігі үлкен. Жалпы кез келген кітапхана кітап қорынан бөлек ми шынықтыратын, ой жарыстыратын орынға айналуы керек. Бұл мақсатты біз де ұстанамыз. Кітапхананың әр бұрышы түрлі танымдық жобаларға арналған. Мәселен, «American Corner and Maker Space» ақпараттық ресурстар орталығында ағылшын тілі мен ақпараттық-технологиялық білімді дамыту бағытында бірнеше клубтар жұмыс жасайды. «Speaking Club» ағылшын тілін үйреніп, еркін сөйлеуге бейімдесе, Пікірсайыс клубы кәсіби даму мүмкіндіктері мен халықаралық медиа сауаттылықтың жаңа тенденцияларын талқылайды. «Back to School» клубы өмірлік мақсатқа жетудің жолдарын, жылдам оқу, уақытты басқару, көпшілік алдында сөйлеу қабілеті сынды дағдыларды меңгеруге көмектеседі.

Сондай-ақ «Maker Space» зертханасында техникалық идеяларды дамытуға арналған шеберлік сағаттары өткізіледі. «Business Maker» курсында қатысушылардың кәсіпкерлік негіздерін талдап, бизнес-жобалар жасалады. Жақында өткен робототехника бойынша төрт айлық курсқа қатысқандар жақсы нәтижеге жетіп, WRO (World Robotics Olympiad), KazRobotics, WorldSkills, Robotek Grand Tournament алаңдарында жеңімпаз атанды. Бұдан бөлек «3D модельдеу», электроника негіздерін үйренетін «Arduino club», өнер-каллиграфия саласына баулитын «Motion design course» клубтары тұрақты жұмыс істеп келеді. Қарап тұрсақ, «American Corner and Maker Space» орталығының өзінде жыл сайын 400-ден астам өткен іс-шараға 50 мыңға жуық оқырман қатысады екен.  Жыл сайын университет қызметкерлерінің 12-15 жас балалары үшін танымдық ойындарға толы жазғы лагерь «Summer Camp» өткізіледі.

Биыл Ұлттық кітап күнін екінші рет атап өттік. Атаулы мереке қарсаңында кітап апталығы, әдеби поэзиялық кештер, интеллектуалдық іс-шаралар, танымал тұлғалармен кездесулер ұйымдастырылады. Халық санасында енді жаттала бастаған рухани мерекенің қоғамдық сипат алуына кітапханалардың тигізер үлесі мол деп ойлаймыз.

Кітапханадағы басты байлық – кітап қоры болса, кітапханашы мамандар да рухани орданың өзегі сынды. Кітапхана қызметі көзге көрінбегенімен, мазмұны күрделі және жауапкершілігі жоғары сала. Кітапханашылар тек оқырманға кітап ұсынумен шектелмейді, олар дерек қорын жүйелейді, ақпаратты саралайды, қажет мәліметті дәл таба білетін кәсіби талдаушыға айналған. Бұл үздіксіз білім мен жоғары біліктілікті талап етеді. Сондықтан кітапханашылардың кәсібилігі ешқашан маңызын жоғалтқан емес. Бұл мақсатта да түрлі курстар өткізіп келеміз. Атап айтсақ, тәлімгерлікті дамыту, қашықтықтан оқыту курстарына қатысу, өз білімін өзі жетілдіру, ағылшын тілі курстарына қатысу, еліміздің және шетелдердің кітапхана қауымдастығымен кәсіби ынтымақтастықты кеңейту, қызметкерлердің мақала жариялау белсенділігін көтеру бағыттары қамтылып отыр. Кәсіби тәжірибесі мол мамандар өз білімдерін жас кітапханашылармен бөлісіп, тұрақты түрде оқыту тренингтері, біліктілікті арттыру курстары мен тағылымдамалар өткізеді.

Дәстүрге айналған «Жоғары оқу орындарының кітапханасының қазіргі әлемдік даму тенденциялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына 200-ге жуық адам, оның ішінде алыс және жақын шетелдерден мамандар қатысады. Біз қай уақытта да – заман жаңарған сайын, жас толқын жаңғырған сайын соған сай кадр ұсына алуымыз керек. Оқитын ұлт қалыптастырудың алғышарттары осыдан басталса керек.

Университеттің биылғы 30 жылдық белесі тарихында ойып тұрып орын алатын кітапхана әрқашан білім мен ғылымның алтын ошағы бола білді. Жаңа технологиялармен жабдықталған, кітап қоры бай руханият ордасы бүгінде білім іздеген жастардың бас қосатын орнына айналған. Бұл тек ақпарат сақталатын орын ғана емес, білім беру, ғылым және инновацияны тоғыстыратын заманауи зияткерлік орталық қызметін атқарып отыр. Цифрлық технологияларды, электрондық ресурстар мен заманауи сервистерді тиімді енгізумен рухани ордамыз академиялық қауымдастықтың ақпараттық мәдениетін дамытуға, ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық білім беру кеңістігіне қосылуға ықпал етіп келеді.

 

Бақытжан ОРАЗАЛИЕВ,

ЕҰУ Ғылыми кітапханасы директоры