«ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ» МЕКТЕП БАҒДАРЛАМАСЫНА ЕНЕТІН БОЛДЫ

 Қуанышты хабар! 2018 жылдан бері мектеп бағдарламасына «әлем әдебиеті» пәнін қосу мәселесі көтеріліп келе жатқан болатын. Бұл жайлы алғаш Қарағанды қаласында өткен жас-ақын жазушылар форумында ақын Жанат Жаңқашұлы «мектеп оқулықтары қатарынан “русская литератураны” алып тастап, орнына “әлем әдебиеті” пәнін кіргізу керек» деген ұсыныс айтқан еді.  Сол ұсыныс зиялы қауым арасында да, әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатты. 2019 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «“Орыс әдебиеті” емес, “әлем әдебиеті” керек» атты дөңгелек үстелде Мекемтас Мырзахмет, Құлбек Ергөбек, Төлен Әбдік, Темірхан Медетбек, Сұлтан Ыбырай секілді қазақ әдебиетінің классиктері бір ауыздан осы ұсынысты қолдайтынын айтып, ақын Жанат Жаңқашұлы:

- Біздің елдің мектеп оқулығынан «русская литература» деген пәнді жойып, орнына «әлем әдебиеті» пәні кіргізілуі керек. Егер болашақ ұрпақтың алдында жүзіміз жарқын, арымыз таза болсын десек. Бұл мәселені біздің билік пен ұлт зиялылары, ақын-жазушы атаулы, әнші-күйші, ғалым һәм ең аяғы мұқым қазақ бірауыздан қоштаса, ешқандай даусыз, дабырасыз, өз ағысымен шешілетін мәселе. Әлбетте, бірден бұл пәнді жойса, «орыс әдебиеті» пәнінің мұғалімі жұмыссыз қалмақ. Әрі «әлем әдебиетінен» дәріс оқитын ұстаз да даяр емес. Бірақ, қайткенмен, бірінші қадам жасалуы керек. Ол – «русская литература» пәнінен сабақ беретін кадр даярлауды тоқтату. Екінші қадам – «әлем әдебиеті» пәніне ұстаз дайындау. Үшіншісі – христоматиялық оқулық жасау. Осының өзінде бұл іс кемі жиырма жылсыз шешілмейін деп тұр. Тағы бір жыл кешіксек, жиырма бір, екі жыл кешіксек, жиырма екі жыл, үш жыл кешіксек… Осылай сырғи береді!

Бірінші қадамның басқа да жолы бар. Егер үкімет тәуекелге бел байлап, «орыс әдебиеті» пәнінің жабылуына байланысты ұстаз зейнетке шыққанша өтемақы төлесе, бұл процестің жолы жеңілдеп, мерзімі жақындар еді. Екінші қадамның да жарасы жеңіл. Ал үшінші қадамда Жазушылар одағы мен Білім және ғылым министрлігі меморандумға қол қойып, арнайы комиссия құрып, аударылатын әдебиеттер тізімін жасауы тиіс һәм оны аударатын аудармашыны дұрыс таңдау мәселесін бірлесе шешуі керек. Біз осы уақытқа дейін әлем әдебиетін орыс тілінен аударып келдік. Қазір қазақта тіл білетін жас жетерлік. Технология да дамыған. Мәселе түпнұсқадан әуезі мен бояуын бұзбай қотаруда. Реңі қашып кетсе – оқушыға обал.

Масқара қылғанда, біз оқушыларға «русская литература» сабағын орыс тілінде оқытып келеміз. Ал «әлем әдебиеті» пәні ашылса, ол қазақ тілінде оқытылар еді. Шекспир, Омар Хаям, Хафиз, Пушкин, Хемингуэй, Камю, Ги де Мопассан, Экзюпери, берідегі Ю Хуа, Холед Хоссейни, Пауло Коэльо секілді авторлар қазақ тілінде сөйлер еді. Тиісінше, жаһанның жауһар туындыларын өз тілінде оқып, оқушының да көркем әдебиетке ынтасы артар еді. Көркем әдебиет оқыған қоғам кемел қоғам болмақ. Біз бір пәннің орнын ауыстыру арқылы қаншама болашақта кесел болатын біршама мәселені шешер едік. Осыны біздің билік білсе дейміз... – деген еді.

Жарқын болашақ үшін жанын салып жүрген қаламгерлердің көтерген осы бір мәселесі оң шешімін тауып, кеше ғана «Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасы: негізгі бағыттар» тақырыбында өткен брифинг барысында ҚР БҒМ Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба:

- Ұлттық жоба Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленіп, қазақстандық қоғамның мәдениет, ағарту және ұлттық рух деңгейін арттыруға бағытталған. Негізгі міндет мемлекеттік тілді дамыту үшін жағдай жасау болып табылады. Бұл міндетті орындау үшін нақты іс-шаралар белгіленді. Осы уақытқа дейін «Қазақ әдебиеті» пәні мазмұнында «Әлем әдебиеті» үлгілері қоса оқытылып келсе, енді «Әлем әдебиеті» жеке оқытылады. «Қазақ әдебиеті» мазмұны тек төл шығармаларды қамтиды. Қазақ тілін оқыту әдістемесі жетілдіріліп, қазақ тілі мұғалімдерінің біліктілігі арттырылады - деп мәлімдеді.