Ертіс-Баян өңіріне Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Бақыт Беделханұлы, Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы келді.
Керекулік қаламгерлер мен әдеби орта үшін, осы өңірдегі руханият пен мәдениет үшін бұл шараның маңызы айрықша болғандығын атап өту керек.
Қазақстан Жазушылар Одағы Павлодар облыстық филиалы мен облыс әкімдігі бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясындағы өткізіп отырған бұл басқосуды қаламгерлер де ұзақ күткендей еді.
Әуелі Ертіс-Баян қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, ғылымының қабырғасы қаланып, қызыл шоғы қызған өлкесі екендігі, қазақтың кәсіби романының алғыш жазылып, Алашқа бағдар болған жері екендігін қайталап атап өткен жөн. Бүгінде сол нарлардың жолын жалғап жүрген жас қаламгерлердің тыныс-тіршілігі, шығармашылық әлеуеті қандай? Қазақ әдебиетінің осы өңірдегі дамуы үшін әкімдік пен басқарма болып, қауым болып қарекет етпек керек. Одақ төрағасы арнайы бастап келіп, ат басын тіреуінің негізгі себебі де осы еді.
Қадірлі қонақтар алдымен Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Артынша аймақ әкімінің қабылдауында болып өңірдегі әдебиеттің мәселерін талқылады. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Жазушылар Одағының өңірдегі өкілдігімен тығыс жұмыс істеуге ынталы екендігін білдірді, Одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің иығына шапан жауып, құрмет білдірді.
Одан соң Жазушылар Одағының Павлодар облыстық филиалы табалдырығын аттады. Әдебиеттің жай-күйі мен тыныс-тіршілігі жайлы әңгіме өзегі осы жерден бастау алды. Төраға Ұлықбек Есдәулет әдебиетті дамыту жолында мемлекеттің алып отырған бағытын, бұл істегі жергілікті әкімдіктердің рольін, одақ филиалының міндеттерін, кітап шығару, қаламгерлердің ганорары, грант бөлу мәселерін тілге тиек етілді. Ешкімнің де руханият ісінен тартынып қалмағаны жөн, әдебиет ел үшін, әдебиет үшін. Төрағаның ҚЖО филиалындағы сөз түйіні осы тұжырымға саяды.
Шара Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың конференция залында жалғасып, онда ҚЖО-ның мүшесі, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Арман Қанидың биыл жарық көрген «Туған жер төсінде», «Кереку жырлары», «Замандастар» атты сериялы жинақтарының және ҚЖО-ның мүшесі, жазушы, сатирик, Ғалымбек Жұматовтың «Антивирус» кітабының тұсауы кесілді.
Алматыдан, Нұр-Сұлтаннан арнайы келген қонақтар Керекулік қаламгерлер мен оқырмандар үшін ақжолтай жаңалығын да ала келген екен. Керекулік алты қаламгер Одаққа мүшелік билет тапсырылды. Ертіс-Баян өңірінде қалам тербеп, әдебиетке өзіндік өрнек салып жүрген ақын Бағдат Дүйсенов, ақын, өлкетанушы Бейбіт Бөжен, ақын Қуаныш Шарманов, ақын, аудармашы Айбек Оралхан, ақын, сатирик Алпысбай Әбділұлы, ақын, Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің редакторы Еламан Қабділәшім сияқты қаламгерлерге Одақ төрағасы салтанатты түрде табыс етті. Мүшелікке жастардың қабылдануы әдебиетке деген жанашырлықтың жарқын үлгісі екендігін айрықша атап өтті.
Меймандар Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне де ат басын тіреп, ондағы қастерді мұрларды тамашалады. Музейде Рамазан Тоқтаровтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Әдебиет алыбы» бұрышы арнайы ұйымдастырған. Онда жазушыдан қалған жәдігерлері, қолжазбалары топтастырылған. Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет музей төрінде өткен дөңгелек үстел барысында Рамазан Тоқтаров жайында естеліктерімен бөлісе келе, Павлодар қаласының бір көшесіне жазушы есімін беру керектігін де атап өтті. Бұл қазақ әдебиетіндегі ең көп роман жазған қаламгер рухына деген құрмет болмақ.
Ертіс-Баян өңірінде өткен «Қаламнан туған қасиет» жиыны алдағы уақыттағы әдеби тыныстың бағыт-бағдарына негіз болады деген үміт зор.
Жанасыл СЕРІКБОЛ