Ақтөбеден шығатын «Адырна» республикалық әдеби-көркем, көпшілік журналының өз жұмысын уақытша тоқтататынын барлық оқырмандарға, жанашырларға, әдебиеттің шынайы тілеулестері мен оның үздіксіз өркендеуіне алаңдайтын барлық нәті қазақтарға, ұлттық рухтың болашағына жаны мен жүрегі алаңдайтын бауырларға өкіне отырып хабарлаймын.
Осы журналдың алғашқы саны 2016 жылдың қараша айында жарық көргелі бері жаңа басылымға деген елдің ықыласы мен қадау-қадау азаматтардың қамқорлығы, қара халықтың риясыз сүйіспеншілігі арқасында басылымның жағдайы күрт жақсарып, «Адырна» есімі мейлінше танымал дәрежеге көтеріліп еді.
Адалына жығылсақ, журналға қажетті қаржыны белгілеп, жүрген жерінде шынайы насихаттаған сол кездегі Ақтөбе облысының әкімі, ірі мемлекет қайраткері Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың өзі еді. Өкінішке орай, 2020 жылдан бастап «Адырнаның» жағдайы күрт төмендеді: облыстың ішкі саясат бөлімінің басшысы қаңтар-ақпан айларында өтетін тендерді маусым айының аяғына дейін созды, ал тендер өткен соң, «қаржының аз бөлінгенін» айтып, ақыры шілде айында екі миллион қаржыны бергізіп, алдарқатты да қойды.
Мен, Мейірхан Ақдәулетұлы, қаржының түбі болатынын айта беретін әкімшілікке сеніп, барлық қаржыны өз қалтамнан төлеп жүрдім де, қазан айының орта шенінде облыс әкіміне кіріп, келесі жылға жазылуды тоқтататынымды, оқырман үшін желтоқсан айында соңғы номерін шығаратынымды, әкімшіліктің уәдесіне сеніп шығынданып келгенімді баяндадым.
Оңдасын Сейілұлы қаржыны жергілікті қорлар арқылы өтейтінін, журналдың 2021 жылы да шыға беруі керектігін айтып, тыныштандырды. Уәде тым созылып кеткен соң биылғы ақпан айында әкімге тағы кірдім. Бұл жолы да әкім сәл күту керектігін, қаржының табылатынын тағы да айтты және менің Қазақстанның 30 жылдығына байланысты ұсынған жобаларымды қуана қолдап, тиісті адамдарға тапсырма берді. 2021 жылғы қаңтар, ақпан айларының номерлерін шығарып, журналдың наурыз, сәуір, мамыр айларының номерлерін баспаға әзірлеп қойдық... Ал әкімшіліктен әлі нақты хабар ғана емес, осы мәселеге бас ауыртатындай ниет жоқ.
Өз оқырманы қалыптасып, елге танымал болған журналдың осы жағдайы мені тығырыққа тіреп, басылымның шығуын уақытша тоқтатуға мәжбүрлеп отыр. 2019 жылы үлкен әдеби бәйге жарияланып, соның қортындысына 5,5 млн теңге жұмсап әдеби форум өткізген, халықтың өз әдебиетіне деген ықыласын оятып, облысқа, облыстың әкіміне аброй әперген «Адырнаның» осы бейшара күйге түскеніне, тиражы үш жыл ішінде «Жұлдыздан» асып түскен журналдың ешкімге енді қажетсіздігіне және... ресми биліктің «уәдесі» арқасында өз басым 19,0 млн ақшаны әкімшіліктің үздіксіз уәдесіне бола өз қалтамнан төлегеніме ғана емес, «рух, т.т.» деп сайрағанда алдына жан салмайтындардың қазақы рухты осылай да қорлауға боларына қайранмын. Оны сот арқылы шешуге талпынармыз, бірақ «Адырнаны» қорлыққа саларлықтай ештеме істемеп едік.
Сонымен... әзірге әлі де үміттіміз.
Барлық тілеулестерден кешірім өтінемін.
Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ,
«Адырна» журналының бас редакторы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚЖО басқарма мүшесі,
ақын, көсемсөз шебері. «Құрмет» орденінің, Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлықтың иегері.
20 сәуір, 2021