«Егер Алла қаһарланса, 18 мың ғаламды бір тарының қауызына сыйғызады!» деген тәмсілді бала күнінен естімей өскен қазақ жоқ...
Бірде адайдағы әйгілі Жары Мәтжан биге біреу: «Бұрынғының бәрі әулие» деуші еді. Бірақ кейде бұрынғылар да асырып айта беретін сияқты. Жүмілә ғаламды бір тарының қауызына қалай сыйғызады?! Осынысы тым шоқыбелдеу ғой» десе керек. Сонда Мәтжан атамның Көккүмбеттің күмбезіндей алып кеудесі көтеріліп-басылып, тайқазандай басындағы тұмағы тулап, шаратабақтай жүзіне шаракөзі сыймай кетіпті-ау! Түбінде дария мөңкіген «Дүңгірлек» шыңыраудың күмпіген қауғасындай қартатереңнен шыққан ерен даусымен сөйлеп кетті дейді: «Ей, зәрредей сасықсідіктен жаралған ғафыл пенде! Сенің мынау алақандай бетіңде көйлектегі ілгектің жыртығындай ғана көз бар. Ішінде қарбыздың башағындай қара нәсте бар. Соның қақ ортасында «қарашық» атты тарыдай қара ноқат бар. Ол ноқатта иненің жасуындай саңылау бар. Сол саңылаудан сығалап осы қазір жарты әлемді көріп отырсың. Сенің көзіңдегі болымсыз жыртыққа осынша кең дүниені сыйғызып қойған Құдайға, өзі жаратқан әлемін тарылтам десе, тарының қауызына қамаймын десе, қиын болып па?!.
Осынау екі-үш айдың ішінде ғана көзге көрінбейтін бір вирус жершарының апшысын қуырып, нәнсінген, паңсынған, сомсынған, батпансыған, астамсыған адам баласының күнін бір уыс қылды! Жеке адамың не, бүкіл аспан астын қара тозаңмен кептеп отырған айлапат державалар не істерін білмей тәнтәнай күйде қалды.
Бұрынын айтпағанда, өткен екі-үш жыл мұғдарында ғана Қытай аз ұлттарды, оның ішінде мұсылмандарды, оның ішінде қасқа да маңдай қазақты қандай қылып қан қақсатты! Көзіміз бақырайып, шегараның арғы бетінде зариғапқан қандастарымызға қылар қарлығаш-достығымыз болмай күңіренген күндеріміз ергізде естен кетер ме?!
Біздің елді 30 жылдан бері кенеусіз илеген, ауып қонған Бақ пен ғайып келген Байлыққа шенеусіз күйлеген - иманнан күскен, адамнан азған ңөң маймылдар Қытайға екідүниелік Құны мен Құтын сатып отырса да тағы да талқыға түскен ҚАЗАҚ ТАҒДЫРЫНА араласпай қойғаны көз алдымызда өткен ақиқат! Ұлы жіңгір жыйында күллі естияр адамзат естіп, жанынан шошып, құлағын қымтап, көзін құлыптаған жойдасыз қиянат туралы айтқан шетелдік қазаққа қарап: "Мен оны естіген жоқпын!" деген кездегі Рейімсіз Сөз бен Мейірімсіз Көз біздің жүрегімізді дар-дар жыртқан қара түреннің тісі еді! Сондағы сүйектен өткен қорлық - тәні көннен, ЖАНЫ ӨЛГЕН нәндерді төрінде тыныс тапқызар-ау, алайда мәңгі тірі әулие ата-баларды көрінде тыныш жатқызар ма?! Ол әулиелердің мынау Ібіліс жүгендеген, Тажалға тізерлеген, Яжуж-Мәжуж шідерлеген әщадыларға бәддұға жасамағанына кім кепілдік бере алады?!
Ол аздай, бұтаға қорғалаған бозша торғайдай болып шегарадан өз отанына қашып келген бейшараларды соттап масқара қылмады ма тебір-тексіздер?!
Енді, міне, сол Ғаршыға айбаттап, Күрсіге жайғаспақ ниеттегі өз етін өзі жеген, барша адамзаттың қазанына арамнан ас салып отырған, Алланың хақ кәламы құранды қорлаған кәпір қытайдың (ішіндегі адал адамдар кешірсін) күні не болды?! Әрине табам емес, тобам. Көз алдымызда - өз елдері өздері үшін түрмеге, шаһарлары дүрбеге, тұрғындары мүрдеге айналып кетпеді ме?!
Жаралғалы һарамнан жиіркеніп көрмеген қытайды айтасың, "ерендердің есігі, әулиелердің бесігі" болған қасиетті қазақ топырағы жан шошырлық күнә мен ар шошырлық күмәнға толып алғалы қай заман?!
Басқасы басқа, сөздерін Құдай атымен бастап, істерімен ібіліске айналып кететін дін атын жамылған саудайыларға тыйым сала алмаған елімізден, соларға құрық берген сатымсақ биліктен сауал алынбас деймісіз?!
Отарлық езгіден азып-тозып әзер шыққан еліне пана болудың орнына, "жау шапса, бірге шауып", ғылыми-рухани ордаларымызды күйретіп, өндіріс ошақтарын қиратып, сырттан құйылған инвестиция атты сілең-топанның қайдан келіп, қайда ағып кететіні туралы ешкімге есеп берілмей, жеті ұрпағымызды "ит басына бір сүйек қарызға" батырып, ұланғайыр жеріміздегі барлық қымбат қазыналардың мәліметі Жалғыз көзді Құбыжық пен екіжүзді қыбыжыққа ғана әйгіленіп, жаһандық ұры-қарылармен жең ұшынан жалғасып, Бағзы мен Бүгіннің, Ұлт пен Ұрпақтың бүкіл несібесін жатқа жем қылған зәндамылар жауаптан сытылып кетер деп пе едіңіз?!
Адамзатқа қажетті бүткіл Құдайлық қазынаны сақтаған қасиетті тілімізді сақтай алмай Өз Отанымызда босағадан телміртіп қойған нәсілсіздігіміздің қиуазын қайтармаспыз деп ойлаймысыңдар?!
Шет-шегі жоқ қасиетсіз реформалармен Білім жүйесін опат, ұрпақ санасын атала қылған қылмыс әшкере болмайды деп жүрген кім?!.
Шырқырап жатқа сатылып кеткен нәрестелердің дауысынан қабірге кіріп те құтыла алмасыңды әлі бағамдай алмай жүрмісің?!.
Көздері мен мыйларын қоқыстарда қарға-құзғын шоқып, бұралқы ит пен мысық қалжалаған тастанды шақалақтардың құны сұралмас деп ең?!.
Ұлттың Ары - қыздарын кім-көрінген бұралқыға төсек, ұлттың Намысы - ұлдарын тентіренді нәкөстерге есек қылып қойған дәйістер баянсыз жалғанның мәңгі меймандары емес екенін ұқпаймысың?!.
Бұрынғы - Ұятпен кежімделген, Иманмен кебінделген аналарымыз "дәретсіз қадам баспаған, ғұсылсыз кәлам ашпаған" құтты топырақта жалаңбұт жезөкшелер шерулеп, ерсекілік ерулеп жатқаны із-тозсыз жоғалар деп едің?!.
Иманға суарылған Даналық аяқасты болып, шайтанияттың шибөрідей шулаған шоумендері "жұлдызға" айналған "қарақұрдым-аспанның" Ұяты алқымыңнан алмастай көресің бе?!.
Осылардың бәріне орай Жаббар-Хақ Қаһһар сипатымен жаза тағайындай қалса, біздің күніміз не болмақ?!.
Ақыл-Сананың иесі - Құдайдың жердегі халифасысың (орынбасары) ғой Сен, ал, кәні, бағамдап көр. Жер бетін ортақ індет жайлағалы не болып, не қойды, өзі?..
Ыбырайым пайғамбарым салғалы неше мың жыл адам аяғы құрғамаған қасиетті Қағба жабылды!
"Жұма-намаздар" үйде оқылатын болды.
Шіркеулер қаңырады.
Олимпиададан бастап, есірік қаққан адам әулетінің әулекі ойын, бостекі жыйындарына шейін түгел кейінге ысырылды!
Заманауи "намруд"-кәпірлер мен нәнұрыит-жәһілдердің һарам қаржыларына тұрғызылған барша "шәддат-бақ", "эдем-бақтар" адыра қалды! Қалсын мәңгіге!..
Атжалман-алпауыттар ашқан дүнияуи "динозаврлар" (супермаркет, гипермаркет, казино, сауықжайлар, гей-клубтар, стриптиз клубтар, түнгі барлық жыбылысханалар т.б.) тынысын тоқтатты. Тоқтағай біржола!..
Туризм тұралады! Табиғат тыныс тапты. Ғұсыл-дәретсіз, ұсыл-бәлексіз азғындар таптаған жер-ана демін тереңнен алды...
Әлемді экономикалық тұрақсыздық жайлап, құндықағаздар бағамы желетек қатынның көңіліндей құйқылжып, қысқа күнде қырық құбылып, болжалсыз болашақтың мінезін танытып бағуда.
Өндіріс ошақтары мен кәсіпшіліктер әлмеғайып күй кешуде.
Жерінде шексіз байлық бола тұра, тырын жатқа сатып, тысқа тасыған, шикізатқа ғана сүйенген дарақы елдердің тағдыры тырақы тұғыры тұралап қалған делқұлының күнін кешуде...
Даңғазалық пен дүбәралыққа, әулекілік пен әуейілікке, далбасалық пен ысырапқа бола ғана өткізілетін рәсуа тойлар, астатөк астар тоқтатылды...
Осының бәрі Сені әлі де ойландырмай ма?!
Көне кітаптардың айтуынша, бұл әлі адамзат көрежақ ғаламаттардың басы ғана. Нағыз шиқыман - алда! Жә, оны кезінде көрерміз. Қазір осы таршылықты Сынақ деп қабылдап, тарымшылықтың өзін пайдамызға шығарып, Құдайдың құдіреті мен кеңшілігіне нануға, әулиелерден медет сұрауға, иманымызды күшейтуге, тәубаға келуге, тәртіпке бағынуға, боссөз бен босжүрістен арылуға, таным-пайымды арттыруға, ЖҮРЕКТІ ТІРІЛТЕТІН ілім-білімді игеруге талаптанып қалсақ қой...
Тым құрыса, қазақтың Қазақстаннан басқа отаны, қазақтың қазақтан басқа туысы жоқ екеніне көз жеткізсек қой...
Әй, бірақ қайдам?..
...Есіме Мәтжан атама қыңыр сауал қойған "зәрредей сасықсідіктен жаралған ғафыл пенде" түсіп отыр. Неге екен?..
Айт-Ман. 28.03.2020.