Торғауыт ауылдық үкіметтің бухгалтерия бөліміне кіргенде кеңседе есепші қыз жалғыз отыр еді.
– Сәлеметсің бе, қызым! – деді Торғауыт үстелге жақындай беріп.
– Сәлеметсіз бе! – деп қайталады есепші қыз да көзін алдындағы қағазынан алмай.
– Мені танисың ғой, қызым, – деді Торғауыт қыздың қарсысына келіп, бос орындыққа отырып жатып.
Қыз оның бетіне жалт қарады. «Иә, танимын» дегелі аузын аша беріп еді, жүрегі зу ете түсті. Айғайлап жібере жаздап барып тоқтады. Алқымына бірдеңе кептеліп, дыбысы шықпай қалып еді. Екі көзі шарасынан шыға жаздап, өне бойы қалтырап, сөзге аузының икемі келмей, көгерген еріндері дірілдей берді.
– Мұнда келмегеніме де көп болып кетті-ау, ұмытып қалған жоқсың ба? – деді Торғауыт.
Есепші қыздың «жоқ» деуге шамасы келмеді. Бақырайып, отыра берді.
– Менің атым Торғауыт қой. Оралманмын. Анау көшенің ең басында, №79үйде тұрамын. Алдыңа талай келіп едім ғой.
«Иә, білем» дегісі келді есепші қыздың. Бірақ айта алмады. Тілі байланып қалып еді. Мелшиіп, сірескен бойы қозғалуға да дәрмені келмей қалтырай берді.
– Анау әлгі әлеуметтік жардемақы, мүгедекке көмек дейтін тиын-тебенімді алайын деп келіп едім. Өзі де бір мәз дүние емес. Десе де алты айдан бері біраз ақша болып құралып та қалған шығар, – деді Торғауыт ойында түк жоқ.
Есепші қыз сол мелшиген бойында есеңгіреп, бірталай отырып барып, не заман дегенде ғана әрең есін жия бастады. «Қозғалсам… қыбырласам…пәле болып жүрер ме екен» деп ойлауға шамасы әрең келді. Алдындағы адамнан көзін алмай, тесірейе ұзақ қарады. «Иә, соған ұқсайды. Аруақ сияқты емес. Дәл соның – өзі. Бұл таныс болған, екі жылдан бері үстінен бір түспеген кең кәстөмі. Аласа бойына шақ келмей, қолқылдап тұрған сол кейпі. Терең-терең көп сызық түсіріп, әжім басқан маңдайынан жоғары қарай түп-түзу тараған аппақ шашы… Бәрі сол қалпы. Көзіне қарап еді, құйрығы қиықшалау келген кішілеу шегір көздері де баяғысынша жылы қарайды.
Ол екі көзін алдындағы шалдан алмаған бойы қалтыраған аяғын еденге тіреді.
– Қазір, – деді ерні дірілдеп. Дыбысы шықты ма, шықпады ма, оны тіпті өзі де анық біле алмады. Ерні жыбырлаған сияқты.
Ол шалдың қасынан лып етіп өте шықты. Қорыққаны сонша, есіктен сенделектеп шықты да, дәл қарсыда тұрған әкімнің есігіне зорға жетіп, тұтқаға қолын әзер іліндірді. Диванға әрең жетті де сылқ етіп отыра кетті.
– Не болды? Өңің бұзылып, құп-қу болып кетіпсің ғой. Бір жерің ауырды ма? – деді әкім оның түсіне тіксіне қарап.
Қыз басын шайқады. Әкім ұсынған бір стақан «Арасан» суын қылқылдатып, шапшаң жұтып жібергеннен кейін ғана тілге келді.
– Ағай, сұмдық!
– Не болды?
– Шошып кеттім.
– Не жетті сонша тапа-тал түсте?
– Әлгі көктемде өліп қалған шал келіп отыр, – деді қылғына, әзер сөйлеп.
– Өліп қалған шал дейсің бе? – деді әкім де елең етіп, қызға ажырая қарап, – Қайсы шал ол?
– Әлгі оралман шал.
Әкім ойланып қалды.
– Қайсы шал ол? – деді есіне түсіре алмай.
– Мұғалім шал бар еді ғой. Ылғи қолқылдаған кең кәстөм киіп жүретін.
– Ой, иә, енді білдім, – деді әкім. – Ол өліп қалып еді ғой.
– Иә, өліп қалған. Сол келіп отыр.
– Басқа біреу шығар, – деді әкім қипыжықтап.
– Жоқ. Нақ соның өзі.
– Қате танып, басқа біреумен шатастырып отырған жоқсың ба?
– Жоқ, ағай, өзі де айтып отыр ғой, «Торғаутпын» деп. Әлеуметтік жардемақымды алайын деп келіп едім дейді. Сап-сау.
– Құдай сақтасын! – деді әкім де дауысына діріл араласа.
Соның арасынша есіктен асықпай аттап, «ассалаумағалайкө-ө-өм» деп, қашанғы әдетінше соза сәлем беріп, Торғауыт та кіріп келе жатты.
– Әне, өзі де келе жатыр, – деді есепші қыз үрейлене сыбыр етіп.
– Марат бауырым, қалайсың? Сайлаудан жеңіп шыққаныңды естіп жатырмын. Құтты болсын орынтағың! – деді Торғауыт қолын ұсынып.
– Рақмет, аға, – деді Марат қолы аздап дірілдеп.
Торғауыттың арық саусақтары жып-жылы екен. Көзіне қарап еді, баяғы сол мүләйім қалпы.
– Жаным жақсы көретін, жүрегі жұмсақ, қайырымды бір бауырымсың. Қазақстан азаматтығын аларда әкім басыңмен, бұлданбай, қыл-аяғы документтерімді де өз қолыңмен толтырып беріп едің. Өзім ауру жағдаймен келе алмасам да, сен сайлауда жеңіп шықты дегенде қуанып жаттым, – деді Торғауыт баяғысынша аңқылдап, ақтарыла сөйлеп.
– Рақмет, аға, – деді Марат тағы қайталап. Бірдеңе дейін деп еді, аузына басқа сөз түспей қалды.
– Осы арадан алатын аздаған тиын-тебенім бар ғой. Соны алайын деп келіп едім, – деді Торғауыт енді сөздің бетін келген бұйымтайына аударып.
Марат үндемеді. Бағанадан ойланып отырған. «Сен шал, өліп қалып едің ғой» дейтін емес. Ол тұста сайлау кезі болатын. Кішкентай бір ауылдың сайлауы болса да, дабыралы үлкен сайлаулардан кем болған жоқ. Бақандай төрт кандидат. Түгел сен тұр, мен атайын. Ел де быт-шыт. Ру-ру, топ-топқа бөлініп алған. Соның әлегімен жүріп, кімнің өліп, кімнің тіріліп жатқанына да толық көңіл бөле алмаған. Әйтеуір, бір рет Қатыран деген біреу келіп «Торғауыт ақсақалды жерлеуге» деп ақша сұрағаны бар. Ауылдың азғана қаражатынан бөліп, оған он бес мың теңге бергені де есінде. Енді сол шал өзі келіп отыр.
Марат осы арада басқаша жол тапты:
– Жаңа мына қызыңыз да соны айтып отыр еді. Қазір кассада ақша болмай тұрған сияқты. Бір-екі күннен кейін хабарласпас па екенсіз, – деді ештеңе сездірмей.
Торғауыт біраз қипақтап қалып еді.
– Апыр-ай, шұғыл бір қажеті болып еді. Бірдеңеге қысылып тұрғаным, – деді тарыққан рай білдіріп.
– Қанша керек еді? Тіпті қысылып тұрсаңыз мен сізге біраз сома бере тұрайын, – деді Марат мына аруақ шалдан ақы беріп болса да тез құтылғысы келіп. Сонан қапшығын ашып, он мың теңге алып берді. – Жанымда бары осы екен. Әзірше, керегіңізге жарата тұрыңыз.
– Рақмет! – деді Торғауыт орнынан көтеріле беріп, – Жақсылығың Алладан қайтсын.
Марат пен есепші қыз Торғауыт есіктен шығып кеткеннен кейін де бір қауым уақыт үн-түнсіз, сілейіп отырып қалысты.
– Қарашы. Кетті ме? – деді Марат не заман дегенде иегімен есік жақты нұсқап.
Қыз қорғана басып, есікке барды да қайта бұрылды.
– Кетіп барады. Құдая тәуба! Мұндай да сұмдық болады екен-ау. Қандай шошығанымды білесіз бе? Тура шалқамнан түсе жаздадым, – деді Маратқа жақындап келіп, ентігін басып, кеудесін кере тыныс алып.
– Сені қойып мен де қайтерімді білмей қалдым, – деді Марат та шынын айтып, – Кетіруге асыққаным да сол, – деп бір күрсініп алды. – Әйтеуір, бір жол құтылдық-ау мөлшері. Нақ сол ма өзі?
– Сол. Нақ өзі.
– Бұл шал, қане, қашан өліп еді? – деді Марат есіне түсіргісі келіп, қабағын шытынып, – Сайлау кезі емес пе еді?
– Иә, наурыз айында, – деді қыз оны анықтай түсіп.
– «Өлгені туралы дәрігердің куәлігі» бар ма еді?
– Бар ғой.
– Қайда олар?
– Бар. Менде. Бір нұсқасын көшіріп алып қойып едім.
– Алып келші.
Есепші қыз жүгіре басып шығып кетті де көп айланбай қайта оралды.
– Міне, – деді қыз бір папка қағазды әкімнің алдына жайып жатып.
Марат алдындағы қағазға ерекше құнытпен шұқшия түсіп, бар зердесін соған аударды. Ең алдымен дәрігердің «өлу туралы куәлігіне» көзін салды да орысша жазылған куәлікті қазақшаға аударып, күбірлей бастады. «Торғауыт Бесбайұлы. 1936 жылы Қытайда туған. Алексеевке ауылы, Шақантай батыр №79-ы үйдің тұрғыны. Жүрегі өліеттенген. 2001 жылы наурыз айының 16-ы күні қайтыс болды. Георгиевке аудандық аурухананың бас дәрігері Ян…» – деп өзіне керектісін ғана білгісі келіп, оқып шықты.
– Ғажап екен, – деді ол сәлден соң орындыққа шалқая отырып, ойлана көзін жұмып, – Шынында да ғажап болды. Әрі қорқынышты, әрі қызық оқиға екен. Қайтсек болар екен? Әлде аудандық көші-қон полициясынан сұрасақ па екен?
Ол бір талай ойланып отырды да есепші қызға бұрылды.
– Сенше қайтсек болады мұны? – деді шын дағдарған раймен.
– Қытай деген елден не сұмдықтың бәрі шығады дейді ғой. Әнеугүні мен бір кино көрдім. Сонда өліп қалған бір қытай әрі-бері серейіп жатты да орнынан қарғып тұрып, сөлбірейген шапанының екі шалғайын қанат қып, етегін құйрық етіп жазып жіберіп ұшты да кетті. Мұның да сондай өнері болып жүрмесін. Оның үстіне біз дәл Қытай шекарасының түбінде отырмыз ғой. Полицияға хабарлап қоймасақ, өзімізге қиын болып жүрмесін, – деді есепші қыз ауыл әкімін әдейі сақтандыра сөйлеп.
Марат телефон тұтқасын көтеріп, аудандық көші-қон полициясында біреулермен сөйлесіп жатты.
– Біздің ауыл шекараның түбінде ғой. Әйтпесе… Үш жүз қырық километр, – деді Марат телефонда жауап беріп. – Жол дейсіз бе? Жол онша жырғап тұрған жоқ. Дегенмен үш-төрт сағатта… Жақсы… Күтем, – деді ол тұтқаны орнына қойып. Содан кейін есепші қызға қарап сөйледі: «Дегенмен осы ақылың дұрыс болды-ау. Келетін болды. Түске таяу бір жерден тамақ дайындатып қой».
Бесін ауа жеткен полицейлер келе салып іске кірісіп кетті. Мараттың түсініктемесінен кейін жорамал сұрақтар қойды.
– Нақ соның өзі ме?
– Егіздің сыңары емес пе?
– Ауылға келген бейсауат ешкім жоқ па еді?
– Қытай техникасы дамып кетті ғой. Адам клондап жүрмесін?!
– Қайда жерленіп еді, бәлкім, тіріліп кеткен шығар?
– Шын соның өзі ме? Маска киіп алған басқа біреу болмасын?!
Ақыры екі полицей мен ауыл әкімі Марат үшеуі Торғауыттың үйіне барды. Торғауытты оңаша алып, сұрақтар жаудырды. Ойында түк жоқ Торғауыт білгенінше жауаптар беріп отырды. Сонан бір кезде полицейдің бірі одан жеке куәлігін көрсетуін талап етті. Торғауыт сумка, папкаларынан іздеп таба алмады. Әйелінен сұрап еді, ол да білмейтін болып шықты.
– Мен көп ауырдым ғой. Қытайда жүргенде жабысқан науқас еді. Сол жарымжандығым себепті пенсияға да ерте шыққанмын. Қазақстанға жетсем, сүйегім тарихи отанымда қалса деген ниетпен келіп едім. Тілегімді Алла қабыл көрді ме, туған жердің ауасы мен суы шипа болды ма, әлде дәрігерлердің емі дауа болды ма, әйтеуір осында келгеннен кейін жазылып кеткенмін. Жеңіл-желпі жұмыстарға өзім жүгіріп, сергіп қалғанмын. Бар-жоғы екі-ақ жыл. Осылайша мәз болып жүрдім де бір күні аяқ астынан жығылып қалыппын. Содан бері міне, дәрігерден дәрігер, емшіден емші. Сары төсек болып, төрт ай жаттым. Орнымнан тұрып жүре бастағаныма да бірер айдың ғана жүзі болды. Сол жеке куәлік дегенді қайда қойғаным да есімнен шығып кетіпті. Бәлкім, балалар бір жерге қоя салған болса, табылып та қалар, – деді бәрін басынан бастап түсіндірмек болып.
Полицейдің бірі сумкасын ашып, қайшымен орта тұсынан тұмаршалап қиып алған жеке куәлікті алып шығып, Торғауытқа көрсетті.
– Мынау емес пе? – деді қолына беріп.
Торғауыт оны аударып-төңкеріп қарап шықты да көзі бажырайып кетті:
– Осы ғой. Кім қиып тастаған? Сіздер мұны қайдан алып жүрсіздер? – деді шаншыла қадалып.
Полицейлер оған жауап берген жоқ.
– Қатыран деген кім? – деп сұрады төтесінен.
– Ол менің бажам еді.
– Қазір қайда?
– Бар, осында.
– Балалардың біреуін жіберіп шақырта аласыз ба?
– Міне, қазір, – деді Торғауыт әлденеге алаңдап, қалбалақтап, есікке қарай жүгіріп.
Үй арасы жақын екен. Бірер минутта Қатыран да жетіп келді. Көп сұрақтардан кейін оның жауабы мынау болды:
– Торекең (Торғауыт) наурыз айында ауруы ұстап, аяқ астынан жығылып түсті де ес-түссіз қалды. Машина жалдап, аудандық ауруханаға апардым. Он неше күн сонда болдық. Соңында ондағы дәрігерлер: «Ем қонбайды. Адам болмайды. Алып кет. Бала-шағасының қасында көз жұмсын», – деді. Азамат балалары – екі ұл, екі қызы түгел Қытайда болатын. Құжаттарын дайындап, келе алмай жүрген. Дәрігерлердің шешімі маған қиын болды. Көріп қалсын деген. Балалары алыста. Жүгіріп поштаханаға барып, Қытайға телефон соқтым. Балаларына әкесінің науқасын айттым. Олар жылап-сықтап: «Бізге тездетіп телеграмма жібер. Әйтпесе, Қытай жіберетін емес», – деп шуласты. Әрине, жай телеграмманың ешқандай пайдасы жоғы белгілі. Сондықтан дәрігерлерге қайта жалындым. «Адам болмайтыны рас қой. Онда «өлді» деген куәлік бер. Болмаса, балалары топырақ салсын» деп зарладым, – деп Қатыран осы арада бір тоқтап, ойланып алды. «Өлді» деген куәлік беруге басында дәрігерлер де көнбеген. «Басымыз екеу емес» деп отырып алған. Сонан Қатыран қытайша есеп соққан: ауыл мен аудан арасы 340 шақырым. Автобус та жоқ. Одан келу деген де бір машақат. Неше күндік сарпалдаң. Қаншама ақша керек. Осыларды есептей келіп, ол ақыры амалсыздан қалтасына қол салып, қол салғанда мол салып, Американың көк ала қағазының күшімен «өлді» деген куәлікті әрең алып еді. Қазір онысын жасырып қалды да сөзін онан ары жалғастырды. – Сонымен «өлді» деген куәлік алдым, – деп ол Торғауыттың бетіне бір қарап қойды.
– Астағыпыралла! – деді ол шегіне беріп.
Қатыран сөзін ары қарай сабақтай түсті:
– Құдай кешсе, Тореке, сен де кешір. Содан осында келдік. Ес жоқ, түс жоқ сен жаттың. Бала-шаға, қатын-қалаш жылап-сықтап, ес-ақылды алды. Сөйтіп, шулап жатқанда анау төменгі №15 үйдегі шал келе қалды. «Ей, тоқта. Босқа тарықпа. Мынау көрші ауылда пәлен деген емші бар. Соған бір көрсетші. Тым болмаса қарызы қалмасын» демей ме? Шапқылап, соған бардым. Аузында иманы бар ақсақал адам екен. Келіп емдей бастады. Үшкірді. Дем салды. Аузына қасықтап қайнатқан дәрі құйды. Сояу-сояу, бұжыр-бұжыр тамыр дәрілер. Солардың арасынан менің танығаным – тастың майы ғана. Біз жақта да көп. Біз де емге қолданатынбыз. Ақсақал тағы бір дәрілерді айтып еді, ауданға барып іздейтін, оны сатып ала қоятын ақшамыз да қалмаған болатын. Кімнен аласың? Жайдан-жай жалынғанға кім бере қояды? Ақша дегенді сұрап алу үшін де бір сылтау керек қой. Сонан әлгі «өлді» деген куәлікті алып, мен мына әкім бауырыма бардым. Осындайда-осындай, «жерлейтін ақша керек» дедім. Дәрігердің куәлігін, мұның жеке куәлігін мен апарып тапсырдым. «Алдымен жаны қалсыншы. Өлмей жатса қалғанын тағы көрерміз» деп ойладым. Өз атымнан арыз жазып қол қойдым. Ол кезде Торекеңнің мұндайды сезіп-білетін шамасы жоқ еді. Кейін Торекең бара-бара оңалды да ақыр аяғында жазылып кетті. Міне, өздеріңіз де көріп отырсыздар, – деді Қатыран әңгімесін аяқтап.
– Құлақ естіп, көз көрмеген таңғажайып бір оқиға болды-ау, – деді Марат көңілі енді жайланып, – Тораға, өлмегеніңіз жақсы-ақ болды. Бірақ сіздің барлық құжаттарыңыз архивке кетіп қалды ғой. Енді соларды міне, мына куәліктен тартып, ту басынан қайта жасату керек. Әйтпесе, сіз жәрдемақы да, мүгедектік қаражат та ала алмайсыз.
– Апырай-ә, – деп қиналды Торғауыт күрсініп, басын сипап. – Осы құжаттарды жасатып, сол игіліктерге қол жеткізу үшін мен қанша жүгірдім. Екі жыл уақытым кетіп еді ғой. Мына шашымның жартысы соlан ағарған. Сол әурешіліктен енді құтылдым-ау деп қуанып жүргенде, қиын болды ғой.
– Басқа амал жоқ. Қайта жасатасыз, – деді полицейдің бірі.
– Негізі бар ғой. Бұрынғыдай қиын бола қоймас, – деді Марат жұбатып.
* * *
Торғауыт аудандық көші-қон полициясына барды. Паспортный үстелден тартып, көп бөлімді аралады. Бәрінің жауабы біреу ғана:
– Жоқ, болмайды. Біз шеше алмаймыз.
Таңертең келген. Әр бөлімге кезекке тұрған. Түсте демалыс уағында екі сағат далада отырған. Түстен кейін арып-шаршап алдына әрең жеткен сары келіншек мұны тіпті адам ғұрлы да көрген жоқ. Сөзіне құлақ қояр да емес. Біреулермен орысша былдырласып отырып алды. Ақыры бұл да шамырқанайын деді.
– Мен сізге сөйлеп тұрмын ғой, – деді Торғауыт шытынып, оның алдына жақындап.
– Менің алдыма келетін жалғыз сіз ғана емессіз, – деді анау бұған көз қырын да салмастан.
– Андағы қыз мүлде кезексіз кіріп отыр ғой.
– Онда сіздің жұмысыңыз болмасын. Бұл менің досым болады.
– Ал мен – оралманмын.
– Оралман болсаң қайтейін. Сені мен шақырып келгем жоқ.
Торғауыт оқыған, көзі ашық адам. Өзінің мемлекеттік көші-қон квотасымен келгенін алдыға тарта сөйледі:
– Үкімет, Назарбаев шақырды ғой.
– Онда соларға бар.
– Әй, сен қалай сөйлейсің? Мен де өзіңдей Қазақстан азаматымын ғой.
– Онда куәлігіңді көрсет.
Осы араға келгенде Торғауыт бөгеліп қалды. «Азат басымды екінші рет тағы да тәлкекке салдырғаным-ай» деп күйініп те кетті. «Сен мені қорласаң, сені құдай қорласын» деп айтайын деді де «бұл құдайды қайдан білсін?» деп ойлады. Жаңа бұл кірген кезде үстел үстінен жинап алып жатқан колбасаны көз алдына келтіріп. «Адам емес, шошқа екенсің ғой жарылғалы тұрған» деп те айтайын деді оның жардай жуан тұлғасына көз тоқтатып. Бірақ өзін-өзі сабырға шақырды. «Амалым жоқ. Менің күнім бұған түсіп тұр ғой. Онан арман қырсығып алып жүрмесін» деді де шығып кетті.
Осы ашумен начальниктің кабинетіне кіріп еді, «әттең!..» деп, тісін басып барған. Начальник жоқ болып шықты.
Начальникке ертеңінде де кіре алмады. Сонау ит арқасы қияннан қайта-қайта салпақтап жүріп, үшінші күн дегенде әрең жетті-ау алдына. Ыза болғаны, қорланғаны сонша, шү дегенде не айтарын білмей, сөйлей алмай, көпке дейін тығылып отырып қалды.
– Апырай, қарындасым-ай, «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дегендей, жұмысымның бітпегені өз алдына, мына қол астындағыларыңыздың адам ғұрлы көрмегеніне қиналып кеттім. Өз жерімде жай біреу емес, инабатты ұстаз едім. Енді мұнда қайдағы жаман қыз-келіншектер… – деді дауысы тарғылдап, сөзінің аяғын тауысып айта алмай.
– Не болды, ағасы? Кейіп отырсыз ғой. Ашуыңызды басып, айтарыңызды маған түгел айтыңызшы, – деді начальник бұған жылы қабақ танытып.
Қой көзді, аппақ, жазық маңдайлы, қыр мұрынды, сұлуша келген қызыл сары келіншектің сөйлеген сөзіне бір ауыз орысша қоспай, тап-таза қазақ тілінде «ағалап» отырған мейірін көріп, Торғауыттың көзіне лық етіп жас тола қалды. Әнтек іркіліп отырып барып, бәрін басынан айтып шықты. Кешегі семізден көрген қорлығын да жасырған жоқ.
Начальник те күрсінді. Мұның басынан аяғына дейін қайтадан бір шолып шықты. Ойланып басын шайқады:
– Ағасы, ол үшін сізден мен кешірім сұрайын. Ренжімеңіз. Үш жүз жыл бойы орыстың боданында болдық. Одан қалса сүйекке сіңіп кеткен коммунистік бюрократтық, орыстық алкеуделік бар. Шеттен келген бауырлардың көңіл күйін түсінбейтіндер көп қой. Кім дедіңіз? №13 кабинеттегі қыз ба? Бақыт қой. Оған өзім сөйлесіп қояйын. Ал сіздің жұмысыңызға келсек, – деді ол хатшы қыз әкеліп берген папкаға қарап отырып, – бұл қиындау екен. Көңіліңізге келмесін, құжат бойынша сіз өліп қалған адамсыз. Біз мынау Кеңес одағы кезінен бері тек қағазға ғана сеніп, сол арқылы жұмыс жасап дағдыланып кеттік қой.
Ал сіздің қолыңызда ешқандай куәлік жоқ.
– Айттым ғой, бұл әлгі Қатыранның кеселі деп, – деді Торғауыт екі алақанын жайып, – Ол байғұс та маған жамандық ойлаған жоқ қой, – дегенді қосып қойды.
– Түсініп отырмын, ағасы. Бұл жұмысты ту басынан қайталап істеу керек. Ең алдымен сіздің тірі екеніңізді дәлелдеу қажет. Онан соң жеке куәлігіңізді қайта жасату керек. Жәрдемақы, мүгедектік көмек, басқа игіліктенулер сонан кейінгі шаруа.
– Түсініп отырмын, – деді Торғауыт басын шұлғып.
– Онда, сіз, аға, былай істеңіз. Біріншіден, ашуланбаңыз. Қайдағы бір қыз-қырқын дұрыс жауап бермеді екен деп өкпелейтін түк те жоқ. Ауырып қаласыз. Аңсап келген атамекеннің қызығын көріп, әлі де бір он бес жыл, жиырма жыл жүрмейсіз бе?! Оқыған, мұғалім адамсыз. Жоқ нәрсеге тарылмаңыз. Екіншіден, ауруханаға барып, өзіңізді емдеген, анау жаман куәлікті берген врачпен сөйлесіңіз. Меніңше, бұл – ең керекті және ең бірінші қадамда шешетін мәселе. Дәрігердің куәлігінсіз ешнәрсе бітпейді. Қайталап айтайын, аға, бұл өте қиын шаруа екен. Жүйкеңізді біраз тоздыруға тура келеді. Дегенмен мен сізге қолымнан келгеннің бәрін аямаймын. Бұдан былай маған еш кезексіз, төте кіре беріңіз. Менің атым «Құралай», – деді Торғауыттың туған қарындасындай, шын ниетімен іззетілік танытып.
Құралайдан шыққан соң Торғауыт ауруханаға барып, өзіне куәлік берген әлгі бас дәрігерді іздеді. Аты-жөнін Қатыран айтып берген. Ол бүгін жұмыста жоқ болып шықты. «Ертең болады» деді біреулер.
* * *
Бас дәрігер армиян жігіт екен. Бұйра қара шашты, қауметімен жалғасқан қалың қара сақалын әдемілеп қырыққан, қошқар тұмсық, зор денелі, атпал азамат. Торғауыт бастырмалатып қанша сөйлесе де бір ауыз ұққан жоқ. Торғауыт амалсыз медбикелердің біреуін шақырып келіп, сөзін соған аудартты. Бас дәрігердің көзі бақырайып кетті.
Өмірімде естімеген сұмдығым екен, – деді таңғалып. – Оның үстіне сендей адамды көріп тұрғаным – осы. Қашан келіп едің?
Наурыз айында.
Бас дәрігер ойланып тұрды да басын шайқады.
– Мүмкін емес, – деді қолын сілтеп қалып.
Оның мына райынан сөздің аяғын тоспай кетіп қала ма деп қорыққан Торғауыт ендігі дәтін шапшаң-шапшаң айтты:
– Бұл кісіде жазық жоқ. Мұнда келетін аурулар да көп қой. Қайсыбірін есінде сақтай береді дейсің, – деді ол амалсыздан жағымпаздана сөйлеп. – Оның үстіне ол кезде мен ес-түссіз жатыппын. Бұл кісімен сөйлесіп жүрген Қатыран ғой. Сол Қатыран. Менің бажам.
– Жоқ. Білмеймін. Мұндай адамды көргенім жоқ, – деді врач екі алақанын жайып.
Торғауыт бұл күні ертерек қайтып кетті де ертеңінде Қатыранды ертіп қайта келді.
Бас дәрігер оны шырамытқандай болды. Бірақ таныстық бере қоймады.
– Білмеймін. Көргем жоқ сені. Өлмеген адамға ондай куәлік берілмейді бізде, – деді шорт кесіп.
Қатыран кеше ауылдық үкіметтің кеңсесіне барған. Сондағы архивтегі «өлгендігі жөніндегі куәліктің» көшірмесін түсіріп алған. Врачтың алдына соны қойды. Врач куәлікке және ондағы өзінің қойған қолына қарап алып, ұзақ ойланып тұрып кетті.
– Сол осы ма? – деді Торғауытты нұсқап.
– Иә, осы, – деді Қатыран лып ете қалып.
– Торғауыт деген мен ғой, – деді Торғауыт та қуанып алдыға таман бір аттап.
Врач мұның бас-аяғын шолып шықты:
– Кәне, куәлігіңді көрсет, – деді оған қарап, шытына қолын созып.
Торғауыт Қатыранға қарады. Қатыран мән-жайды түсіндіре бастап еді, бас дәрігер қолын бір-ақ сілтеді.
Жоқ. Болмайды. Мұның кім екенін мен қайдан білемін. Бәлкім, Қытайдан келген басқа біреу шығар. Осы мамандық бойынша отыз жыл жұмыс істеп келе жатырмын. Өліп қалған адамды тіріліп кетті дегенді бірінші рет естіп тұрмын.
Енді Қатыран да ашулана бастады:
– Ей, сен ақшаны білесің, – деді бір ауыз шала-пұшық орысшасымен. Бір жағынан ымдап та ұқтырмақ болып жатыр. – «Денге. Американский доллар», – деді үш саусағын көрсетіп. Три сто. Бердім ғой мен саған. Сен алады. Қойынға салады. Енді бүгін танымайды.
Врач сыртқа шықты да тағы бір қызды шақырып келді: «Мына есуас қытайларға түсіндіріп айтшы. Маған ақша бердім дейді. Кім көріп тұр. Дәлел бар ма?! Бұл сөзді енді екінші рет қайталайтын болса, мен сотқа арыз берем. Албасты оттамасын. Немене, мен бұлар сияқты ақымақпын ба?! «Тірі адамға «өлгені туралы куәлікті» ақшаға бола өтірік беріп едім» деп қайтадан анықтама беретін мен жынды болып қалыппын ба? Менің басым екеу емес екенін айтып қой бұларға. Енді қайтып бұл туралы менің алдыма келуші болмасын. Керек болса, әкімге барсын. Заң орындарына барсын. Түсінікті ме?» – деді де кетіп қалды.
Осыдан қайтып барғаннан кейін Торғауыт үш ай бойы үйінен шыға алмай жатып қалды. Сарпалдаң жүріс шаршатқан. Ескілікті ауруы да сыр бере бастағандай болған. Оның үстіне ылғи келеңсіз жайттерден көңілі қайтып, тауаны шағылып, сағы сынып, жасып қалып еді.
Наурыз айының бас шенінде бір күні Алматыдан қоңырау соғылды. Қыздар институтында, дайындық курста оқитын қызы бар еді. Сол машина шырғалаңына ұшырап, ауруханаға түсіп қалған. Торғауыт шұғыл қамданды. Жол пұлын дайындап алды да, жүргелі тұрған автобусқа отырып, ауданға келді. Одан Алматыға жетті. Жүргізуші оны орталық көшелердің біріне түсіріп кетті.
Ол жан-жағына алақтай қарап, біраз тұрды. Алматыға бұрын бір-екі рет келген. Онда таныс-білістері ертіп жүрген. Енді ойлап тұрса, өзінің қайдан келіп, қайда тұрғанын білетін емес. Көктен түскен сияқты. Алдымен қызы оқитын иниститутқа барсам, сонан ұғысармын деп ойлаған. Қазір қызы қайда, иниститут қайда, аурухана қайда? Қай жағына қараса, қайшалысқан машина. Әркім өз бетімен кетіп жатқан қалың ел. Бір-екеуіне жақындап, сұрамақ болып еді, ешкім тоқтайтын емес. Алматыда да Қытайдан келгендер көп деп еститін. «Таныс біреу, яки Қытай жақтан келген бір қазақ кезігіп қалмайды-ау» деп, әрі-бері өтіп жатқандардың бәріне тінте қарап тұр. Көңілінде алаң басым. Байқаусызда бір танысы мұны көрмей өте шығатындай елеңдеп көз салады.
Жазғытұрымғы қара суық. Жер қара болғанымен, күн шытқыл. Шыңылтыр аяз сүйегіңді қабады. Денесі тоңазып, аяғының башбайлары шымырлай бастады. «Ойпырай, тағы да түнге қалып жүрмейін» деп, аспанға қарады. Буалдыр түнек басқан Алматы аспанында, бір қабат сұрғылт перденің ар жағында жылуы қашқан, мүсәпір сарғыш күн құлақтанып, төбеден ауып барады екен. Торғауыт аздап қобалжи бастады. Түнге қалса… Құдай сақтасын!
Маңайын жіті барлап, әрбір топқа сүзіле қарап, алақтап тұрған Торғауыттың көзі көшедегі бір тәртіп сақшысына түсе қалды. Қуанып кетті. Әуелі өзі қазақ екен. Қап-қара мұрты да сүйкімді. Таныс біреуге ұқсайтын да сияқты. «Ой, әлгі пәленшекеңнің баласы болып жүрмесін» деп, Алматыға көшіп келген әлдекімді есіне алғанда, тіпті жүрегі жылып сала берді. Соған қарай ұмтылды. Тезірек жетпесе кетіп қалатындай көріп, жолдағы адамдарды кие-жара құлдыраң қағып жетіп барды.
– Амансың ба, бауырым, – деді оның қарсы алдына келіп.
– Аман, – деді анау мұның үсті-басын бірден шолып шығып.
– Қарағым, мен анау алыстағы Алексеевкеден келіп едім. Осында қыздар институтында, дайындық курста оқитын қызым бар еді. Сол бір ұшыққа шалдығып қалды деп естіп, үйде шешесі де қорқып, асығып жетіп едім. Маған жол көрсетіп жіберші, айналайын, қазақ баласы екенсің, – дед аузы-аузына тимей.
– Кім боласың? – деді сақшы.
– Кім дейсің бе? Атым – Торғауыт, руым…
– Қайдан келдің?
– Айттым ғой, Алексеевкеден
– Шыныңды айт. Бұл жақтың адамы емес екенің көрініп тұр ғой.
– Иә, солай ғой. Оралманмын. Назарбаевтың шақыруымен Қытайдан келгем.
– Кім шақырды дейсің?
– Назарбаев деп тұрмын ғой, Президент Назарбаев!
Сақшы жігіт мырс етіп, суық күлді:
– Кәне, документіңді көрсет.
Торғауыт қайтерін білмей қалды. Қалталарын сипалап, сасқалақтап, көздері бақырайып кетті.
– Документ дейсің бе? Документ жоқ қой менде.
– Жеке куәлігіңді көрсет.
– Жоқ еді, айналайын. Соны ала алмай жүрмеймін бе?!
– Қытай паспорты да жоқ па?
– Жоқ, айналайын. Ештеңем жоқ. Сенен жасырып тұрғам жоқ. Шыным – осы.
– Куәлігің неге жоқ?
– Ой, былтыр әлгі Қатыран оны қайтадан тапсырып жібермеді ме білмей қалып. Ауруханаға ес-түссіз барыппын ғой…
– Мынауың не? – деді сақшы оның мылжыңын бөліп, қолындағы шүберек сөмкесін нұсқап.
– Бұл ма? Бұл Нәзікешке шешесінің жіберген сәлемдемесі ғой. Бір-екі тәтті тоқаш, бір уыс құрт. Қолда ештеңе болмай қалып, асығыста… – деді Торғауыт кір қожалақ, Қытайда көбінде солдаттар ұстайтын сары брезент сумканы умаждай түсіп.
– Анау беліңдегі не? – деді сақшы енді оның шалбарының белбеуіне іліп алған қынын көрсетіп.
– Пышақ қой бұл.
Сақшы Торғауыттың қынынан мүйіз сапты сары пышақты алып, аударып-төңкеріп қарап көрді. Бармағына тигізіп байқады. Қызылды-жасылды болып нұр ойнап, қыл қауып тұр. Өте шебер, шіліңгір ұста соққаны ап-айқын.
– Мұны неге алып жүрсің?
– Ойбай, қарағым-ау, еркек адамға құр жан жүрген деген қиын ғой. Әсіресе мынадай түнде жүргенде…
– Бұл жерде мұны алып жүруге болмайды.
– Ой, бауырым-ау, мұнда не тұр. Атам қазақтың жосыны баяғы.
– Жоқ. Бұл мұнда суық қару есептеледі, – деді пышақтың жетесінен ары тұтамдап көрсетіп.
– Суық қару дейсің бе? Астағыпыралла! Мен өмірімде тіпті тышқан өлтіріп көрген жан емеспін. Тіпті қой да бауыздап көргем жоқ. Ылғи Қатыран сойып беретін. Сол үшін әйелім де ұрсып… Енді бұл әншейін қазақы салт қой. Оның үстіне біз тістен айырылғалы қай заман. Міне… – деді ол аузын ашып, қиқы-шойқы кетік тістерін көрсетіп.
– Жүр менімен! – деді сақшы түсін суыққа салып.
– Қайда? Қыздар институтына ма?
– Барғанда көресің.
– Пышағымды бер.
– Сол арадан аласың.
Торғауыт сақшының қабағына қарап, сезіктенейін деді.
– Әй, бауырым, сен мені қайда апара жатырсың? – деді оған жақындай түсіп.
Сақшы жауап берген жоқ. Оны қолтығынан алып дедектеткен бойы анадай жерде бір машинаның қасында тұрған біреуге ертіп барды. Орысша бірдеңелер айтты. Екеуі мұның үсті-басын шола қарап, біраз тұрды. Сонан біреуі мұны машинаға отырғызып, бір жерге алып барды. Бір есікті ашып, соған итеріп кіргізіп жіберді.
Торғауыт есіктің сыртынан құлыптанып жатқан сылдырын таныды. Босағадан ілгері аттамай, қалтиып тұрып қалды. Үлкен зал екен. Жиырма шақты адам бар көрінеді. Түгел тақтай еденге жайғасқан. Біреуі шекпенін жамылып, біреуі одеялын төсеніп дегендей, әркім өзінше тірлік көруде. Біреу отыр, біреу жатыр. Бәрі де ер адам. Жасы да, жасамысы да бар.
Торғауыт босағаға таяу отырған егделеу өзбектің қасына келіп тізе бүкті.
– Бұл қай жер? Түрме деген осы ма? – деп сұрады одан.
– Иә, түрме, – деді анау күліп. – Түрме болмаса да соған таяу. Көрдің ғой жаңа сырттан құлыптап кеткенін.
Торғауыт мұнда екі тәулік түнеді. Өзінің баласындай бір жап-жас қазақ жігіттері мұны ұзақ-ұзақ тергеуге алды. Торғауыт та ештеңесін жасырған жоқ. Бар шынын айтты.
Үшінші күні таңертең бірге жатқан өзбек, тәжік, қырғыз тектестерді бірден санап автобусқа шығарды. Абажадай кең бөлмеде бес-алты-ақ адам қалды. Үндіс пе, парсs ма, қаба сақалды бірнешеуінің ішінен Торғауыт жалғыз қытайды жазбай таныды.
– Ой, лаошяң (жерлес), қайдан жүрсің? – деді оған шала-пұшық қытайшасымен. – Сені неге ұстады?
– Паспортым жоғалған. Өзіңді ше?
– Иә, менің де паспортым жоқ. Бізді қайтеді бұлар?
Қытай мырс етіп күліп қойды:
– Қайтеді ғой деп едің. Шекарадан өткізіп, Қытайға қайтарып тастайды.
– Қытай соттайтын шығар?
– Ой, жоға. Баяғыдағы Маоның заманы дейсің бе? Бұрын аздап айыппұл алатын. Қазір оны да қойды. Мен осымен бесінші рет қайтып барамын. Ақшам болмай қалды. Әйтпесе… Сонда да бәрібір. Барамын да бір аптадан кейін қайтып келемін.
– Мені де қайтарып тастай ма? Менің үйім осында, Қазақстанда ғой.
– Ақшаң бар ма?
– Бір-екі мың теңгем бар, әрине, жол жүретін…
Қытай қарқылдап күліп алды:
– Ми жоқ, қазақ, – деді мұны қарақұсынан нұқып, – Онда екеуміз сапарлас болады екенбіз.
Торғауыт шошып кетті. «Шекарадан ары өткізіп тастаса… Онда мына қытайға тиіспейтін шығар. Ал мұны текке қоймайды. Айыппұлға төлейтін ақшасы да жоқ. Оның үстіне екі жылдың алдында Қазақстанға көшіп келген. Енді қайта барса, тыңшылықпен келдің деп қамап тастауы да мүмкін. Бала-шағасының жартысы мұнда… Нақ сорлаған деген сонда болады…».
Торғауыт жүгіріп барды да есікті шарқылдатып ұра бастады.
– Не болды? – деді ар жағынан күзетші.
– Маған бастық керек.
Сақшы кешегі тергеуші жігіттердің бірінің алдына алып барды.
– Неменеге айғайлайсың? – деді ол сызданып.
– Мені ана қара қытаймен бірге Қытайға қайтарып тастамақсыңдар ма?
– Қазақстан топырағында заңсыз жүргендер түгел отанына қайтарылады.
– Ойбай-ау, менің Отаным – Қазақстан ғой.
– Кәне жеке куәлігің?
Торғауыт екі күн зар илеп, ештеңе түсіндіре алмағаннан кейін бұл жолы күндегі «әләулайын» қайталаған жоқ. Басқа жол тапты.
– Ей, сен, тоқта. Бері қара. Мені кім деп отырсың өзің?! Мен анау Георгиевке аудандық көші-қон полициясының начальнигі Құралай Бесбармақованың ағасымын ғой.
– Соқпа өтірікті!
– Сөйлеспейсің бе андағы телефоныңмен, – деді Торғауыт бұл өтірікті қалай соғып қалғанын өзі де байқамастан. Айтарын айтып алса да жүрегі дір-дір етті. «Құралай деген албаты біреу. Жай адам емес, полиция начальнигі. Менің ондай ағам жоқ десе құрыдым-ау» деп қалтырап кетті.
Тергеуші телефон жалғады. Құлағын төсеп, Торғауыт та шошып тұрды. Сәті болғанда шықпай-ақ қалса екен деп те ойлады.
– Алло! – деді ар жағынан әйел адамның дауысы.
Торғауыттың жүрегі дүк-дүк соқты. Орысша бірдеңелер айтысып жатты. Торғауыттың бар ұққаны өзінің аты-жөны ғана. «Бесбаев Торгауіт, да, Бесбаев Торгауіт..» деп, зыр-зыр етеді тергеуші. Сонан бір заманда трубканы мұның өзіне бере салды.
– Мен Торғауыт ағаң ғой, – деді Торғауыт дауысы қалтырап.
– Алматыда неғып жүрсіз?
– Осында қыздар институтында оқитын қызым аварияға ұшырап. Сонан асығыс келіп едім. Мыналар мені ұстап алып қамап отыр. Үш күн болды. Куәлігің жоқ дейді. Қытайға өткізіп тастаймыз дейді. Қытайға өткізіп тастаса…
– Дінсіздер ғой бұлар! – деп кіжінді Құралай мұның сөзін бөліп, – сөйтеді бұлар. Сіздің қазақ екеніңізді біліп тұрып… Адам емес, құлтемір ғой шетінен. – Телефон тұтқасынан оның ысылдаған ашулы үні ап-анық естіліп тұр. – Маған хабарласқаныңыз қандай жақсы болған. Әйтпесе… Енді қорықпаңыз. Бастығымен сөйлесем. Босаттырып алам. Телефон тұтқасын андағы полицияға беріңіз.
Сонымен, құдай қолдап, Торғауыт Қытайға емес, өзі тұрған Георгиевке ауданына қарай жолға шықты. Автобустан түсе салып, Құралайды іздеді. Алқына ұшыртып, оның кеңсесіне қалай тез жетіп келгенін де сезбей қалды. Құралайдың төбесіне түйген тоқпақтай қара шашының сұлбасын көргенде-ақ дауысы дірілдеп:
– Айналайын, қарындасым-ай, қандай әулие адам едің! Жасың ұзақ болсын, қарағым. Бала-шағаңның қызығын көр! – деді ол жүрегін жарып шыққан сансыз алғысын бірінің артынан бірін бастырмалатып. Өзін-өзі тоқтата алмай, еңкілдеп жылап та жіберді. Бір кезде Қытайда жаңа мода болғанымен, бұл күнде жұрт назарынан қалған, көнетоз драп палтосының өңіріне тырс-тырс етіп, кесек-кесек тамшылар түсті. Қалтасынан жұмарланып, ұйпа-тұйпа болып қалған кір-қожалақ шытын алып, бітіп қалған мұрнын сүртті.
– Босамаңыз, аға, – деді Құралай Торғауытқа шын жаны ашып, – бір жөні болар. Дегенмен қиындау да болып тұр. Мұнан кейін тым алысқа ұзап шықпаңыз. Мынау бір өтпелі дәуір. Адаммен емес, ақшамен сөйлесетін заман. Көпті көрген жансыз. Бұл да өтер. Патша да ауысады, базар да тарқайды деген сияқты, – деп біраз ойланып алды да ақырын күрсініп қойды. – Аға, сізге енді жалғыз-ақ жол қалды. Ол – сотқа арыз беру.
– Сотқа дейсің бе?! – деп Торғауыт шошып кетті. – Осы өмірімде сот алдына барып көрген адам емеспін. Пәле болып өзімді соттап жіберіп жүрмей ме? Кешегі Алматыдағы үш күнімді ойласам… үш жылдай болып сезілмеді ме?
– Жоқ. Қорықпаңыз. Бұл – халық соты ғой.
– Қытайда да солай атайтын. Соттың қай-қайсысы да халықтыкі емеспіз демейді ғой. Бірақ халықты соттайды.
Құралай езу тартып, ақырын жымиып алды. Қырықтан асып қалса да бетінің шұңқыры ап-айқын көрініп тұр. Дөңгелек жүзінде қашан көрсең кетпейтін бір жылы нұр бар. Әдемілеп сызған жіп-жіңішке қара қасын көтеріп, керіп алды.
– Онда не істейміз енді?
– Құралай, сенен жасыратын емес, көкейімде көптен жүрген бір арманым бар еді. Қытайда туып-өстік қой. Жалпы халықтық сайлау дегенді естігеніміз болмаса, соған қатынасып көрмедік. Енді атамекенге, зайырлы, демократиялы еркін елге келдім ғой, сондай сайлауларға қатынасатын шығармын. Парламент сайлауының ішінде болармын. Әсіресе тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Назарбаевты қайта сайлауға да бір билет тастасам деп соны қиялдаушы едім. Азаматтықты да сол үшін асығып алып едім. Әйтпесе, менің Қытайдағы пенсиям бұл жақтыкын бес орайды ғой,– деді жүні жығылып, кезерген жұқа еріндерін жалап қойып.
– Міне, дұрыс айтасыз. Салауатты өмір сүру деген сол ғой. Біреудің қабағына қарап жалтақтамай, терезең тең тұрғанда ғана өзіңді бақытты сезінесің, – деді Құралай оны қостап.
* * *
Торғауыт ақсақал сот мәжілісінен де көңілсіз шықты. Екі ай бойы осыдан бір үміт болар деп күтіп жүруші еді. Енді ол дәмесі де зая кетті. Судья бұған: «Торғауыт Бесбайұлының Қазақстан азаматтығын қайта алу жөніндегі арызын қарап шықтық. Арызданушының өзі тірі тұрып «өлу куәлігін» қалай алғандығы турасында көрсеткен себептері дәлелсіз. Адамдық, материалдық фактілер жоқ. Қазақстан азаматтығын алу жөніндегі арызы азаматтық істер заңына сай келмейді. Сондықтан арызданушының талабы қанағаттандырылмайды» деген шешім шығарып, қолына ұстатты.
* * *
Бұл күнде Торғауыттың көңіл күйі де басқаша болып өзгеріп кеткен. Ары өткен, бері өткен адамдарға да көз қырын салмастан, өз кезегін күтіп, мүлгіп отыра береді. Өздігінен ешкімге тіл қатпайды да. Алда-жалда қасына келіп аты-жөнін сұрай қалсаң, бетіңе ұзақ қадалып отырып барып:
– Мен бе? Менің аты-жөнімді сұрап отырсың ба? Мен өліп қалған тірі адаммын, – деп қиқарлана жауап береді.