ЖӘУДІР НАРТАЙ. ҰЛЖАН

 

Менің ол кісіні жақыннан көрмегеніме біраз жылдың жүзі болды. Мен оны үнемі автовокзал  маңындағы орындықтардың бірінен көремін.  Алматының  автобусын күтіп отырады.

Егер жанына таянып, қолын алып сәлем берер болсам, ол  әуелі жалғыз көзін ажырайтып маған қадала қараушы еді, сосын екі түйіншегін тастай салып жас балаша қуанып, екі бетіменен кезек шөпілдетіп сүйер еді. Сон соң барып иегі кемсеңдеп ағылда тегіл жылар еді...

-Анау жетпегірдің баласы...деп бастаушы еді әңгімесін. Анау жетпегердің баласы деп ішіне шемен боп қатқан сырды көкірегі лықсып отырып ағытар еді.

 Айтқан да өзімсініп, бір жылы сөз күтіп, айтар еді.

Біздің ауылға Ұлжанның қашан пайда болғанын білмеймін. Әйтеуір мен есімді білгенде оның домбырамен ән салатын, жанынан өлең шығаратын, Ұлжанға қарағанда анағұрлым келбетті, сұңғақ бойлы, келісті күйеуі болатын. Кейде сол күйеуін Ұлжанға қимаған  ауылдың жесірлері;-шебер құдай да сорпасы бірікпейтін, адамдарды бір-біріне әкеп қосып қояды екен-ау-деп қызғанып қалатын. Ұлжан өзінің ажарсыз, ал күйеуінің көп көрім түрі бар, келбетті екенін жақсы білетін. Сондықтан да Сағынтайдың қасында жүргенде ол өзін - дүниедегі ең сұлу, ең бақытты әйел сезінетін. Сағынтайдың бар кемшілігі көп ішетін еді, ақыры сол ақаң түбіне жетті. Бір күні ізім-ғайым жоғалды, келесі күні денесі шу өзеніне қалқып шықты. Сол күні көп ішіпті дейді көргендер, ал қалай өлгені жұмбақ күйінше қалды. 

  Сонда Ұлжан өз бетін өзі тырнап көп жылады. Үйіне көңіл айтып келген әлгі жесір қатындарға қарап, -"жалмауыздар, неменеге еңіреп отырсыңдар? Өз байымды өзіме қимаушы едіңдер, соқыр Ұлжанға, құбыжық Ұлжанға қалай қараған деп күндеуші едіңдер ақыры жалмадыңдар ма-деп жалғыз көзіне жас толып аңырады-ай! Сол жерде отырған қатқан қара қайыстай ескі бет әйел, екі көзі шақшиып, жағасын ұстады;

-Ойбай құдай есалаң, өз байыңды өзің жалмап ап, бізден көріп отқаны нес мынаның,  жаппа бәлеңді өйтіп, жалмасақ өз байымызды жалмаған шығармыз, сенің байыңда неміз бар -деп бетінен түгі шығып долданды.

-Сендер жалмадыңдар, Сағынтайдың алдында сирақтарың сидаңдап қоймаушы едіңдер, алдап арақ беруші едіңдер армандарыңа жеттіңдер ма ақыры -деп Ұлжан кеудесін ұрғылай жылады. 

-О сорлы ауыш, бұған жанымыз ашып, көңіл айтып кеп отсақ, беттен алғаны нес түге-деген ескі бет әйел былай шыққан соң;

- байы өлген Ұлжан ауып қапты - деп әңгіме қылды.

Ұлжанның сол күйеуінен бір ұл бір қызы қалды. Одан бөлек ауылда ешкімі жоқ еді. Не ағайыны, не туысы. Кейде той-жиында біреулермен ілік-шатыс болғанына Ұлжан балаша қуанатын "Ой Алла-ай! Жәпек менің нағашым екен ғой, бәсе деймін-ау далақбайлығы өзіме тартқан, ал анау Хадөш бишара менің бөлем екен"- деп мәз болатын.

Мен Ұлжанның жасының дәл нешеде екенін білмеймін, бір білерім менің балаң күнімде ол кісі- кемпір болатын. Бүгін де арадан қаншама жылдар сырғып өтсе де ол кісінің әжіміне әжім қосылғанын, я болмаса, шашының ағына ақ араласып бурыл тартқанын, бұрынғысынан да шау тартып жүдегенін көргенім жоқ. Ол сол баяғы сауыс-сауыс кемпір қалпы. Сол баяғы жаман-жәутік көйлек орамал, сол баяғы көне кебіс. Күлгенде көртышқанның апанындай үңірейген аузынан көрінетін жалғыз ғана күрек тіс. Бәлкім ол өмірге дәл солай - кемпір күйінше келді ме екен? Кейде мен оның жас күнін ойша елестетіп көретінмін. Ол қыз болып қылымсып, қынама белдемше киді ме,  аяғына биік тақасы бар туфли киіп сылаң қақты ма, би кешіне барды ма, ернін қызылға бояды ма, анау сау көзіне сүрме жағып, соқыр көзін кекілімен көлегейледі ме екен деп ойлаймын. Қанша ойласам да ой түбінен жалғыз көзі ғана жылтыраған Ұлжанның жүдеу бейнесі көлбең ете қалатын.

Менің Ұлжан туралы алғашқы естелігім, бұдан бөлек еді, басқаша еді. Күн сәсіге қараған шақ-тын, біздің үйдің шарбағына жарғанатша жабысқан ауылдың күлді қара сирақтарымен бірге, менде көшеде бейсауыт өтіп бара жатқан адамдарды бақылап, кейде олардың қимыл-қозғалысын қайталап, арасында келемежғып күліп отырғанмын. Кенет бойы бір қарыс ғана мықшиған  кемпірдің қолына қамшы ұстап, біздің көшені кесіп өтіп бара жатқанын жерінен көрдім. Жанымдағы балалар - Ұлжан келе жатыр, қаш тығыл деп тым-тырақай қаша жөнелді.

Келе жатқан Ұлжан еді. Жалғыз көзінің қарашығы айналып, жасаурап кетіпті. Және сол жүрісінде дүниенің күлді қарғысын әлдебір " жетпегірге" әлдебір "қараңқалғырларға" жаудырып келеді. 

-Қараң өшін қараң өшкір жетпегір, қолың сынсын ессізғана қалғырдың баласы! Ұялмағыр қитақ! Бетіңессейін! Балаларың шетінен өзің сияқты  жетесіз-деп даусы қарлыға айқалап бүткүл көшені басына көтерді. Әлден уақыттан соң, сол көшені кері сызып өңкиген баласын алдына сап айдап бара жатты. Баласының бет ауызы көнектей боп ісіп, қабағы жарылып ырсиып қалыпты. Онысы екі иығы селкілдеп, өгіздей өкіріп келеді. Ұлжан ұлын аяған жоқ, қолындағы қамшымен баласының жон арқасын  осып осып жіберді де - қанша айтым мен саған қитақтың тұқымына жолама деп ойбай құдай қанша айттым деп айғайға басты. 

-ищ-ай! апа ұрмаш иии өзімнің де сау жерім қалмады деп өкірді ұлы.

-Өшір үніңді сүмелек! Түс алдыма! 

Кейін сол баласы мектеп бітірген соң, Алматы кетті, кеткенде де ұзақ кетті. Бір жола кетті. Ақыры үйленіп сонда қалды. Қарашаңыраққа әкеп, келіннің жүзінде көрсетпеді. Ұлжан ұлан-асыр той жасамады. Сүйіншілемеді. Сонда Ұлжан әбден жылады -мойныма бұршақ сап құдайдан көп тілеп туған тұңғышым еді, есейгендегі көрсетейін дегені осы ма өзі өскен үйін қораш көріп, бір көзі жоқ соқыр шешесіннен ұялып қарасын көрсетпеді жетпегірдің баласы, келмеді. Мені масқаралап, бір қатынның соңынан кетті. Қайынжұртым бақуат дейді шешек-деп қалтасынан көнетоз орамалын шығарып, бет-аузын сүртті. Сонда көршілер Ұлжанның жотасынан қағып, -келеді Бекжаның келеді, ақылы бар бала еді ғой "-деп жұбатқан болатын.

Ұлжанның біздің үйге де әлгіндей жорта туысқаншылдығы бар еді. Шешемді Сағынтайдың қарындасы дейтін, сондықтан да үйге келгіш еді, ондайда шешемнің өтірік ұйықтап қалатын әдеті бар-тын. 

-Осы сіз Ұлжан апа келсе неге өтірік ұйықтап қаласыз дегеніме, бір айтқан сөзін мың айтады дейді шешем. Содан бері Ұлжан келе жатыр дегенді естігеннен кереуетте ұзынынан түсіп өп-өтірік ұйықтай қалды. Ұлжан кемпір шешемнің қасына келіп-"құдайым білер өтірік ұйықтап жатсың ғой Тұмаркүл тұрш деймін әй, тұрсай деп әр жерінен түрткілейді. Шешем аз-мұз қозғалақтап, керенау есінеп теріс қарап бүк түсе қалады-"Әй тұрсай қатын-ау жаңа ғана құйымшағың шошаңдап есіктің алдында жүр едің ғой,  шәй қойш, аузым құрғап кетті"-дейді. Ұлжанның жуық арада кетпейтін түсінген, шешем ұйқысы бұзылған адамша, бір көзін жыртита ашып;

-Әәәә....еее Ұлжан апа сіз ба едіңіз...-деп созалаңдап орнынан тұрады.

-Мен ғой -деп ырабайсыз ыржияды Ұлжан. Шешем самаурынға шәй қайнатады. Ұлжан сипақтап қасында жүреді. Арасында өзі дастархан жазып, серванттағы тәттілерді үстелге қояды. Біраз уақыт өткен соң кеседегі сүт қатқан қызыл күрең шайға екі қасық шекер салып, оны асықпай араластырып отырып, өзінің  интернатта тәрбиеленген жылдарын, сегіз жасында сол инернатта бір бұзақы баланың көзіне ине сұғып алғанын, содан соқыр болғанын, одан екі әйел жіберген Сағынтайға 29 жасында күйеуге тигенін, қарнын жарып екі бала туғанын, жырғап  айта бастайды. Шешем ол әңгімені жетпіс жетінші мәрте естіп отырса да, нақ бірінші мәрте естіп отырған адамдай асқан ыждақаттылықпен көздерін ашып-жұмып  ойпырмай әәәә.... тух пәлі-ай! әй ер екенсіз Ұлжан апа! - деп тамсана тыңдайды. Мен сол сәтте шешемнің әртістігіне ішегім қата күлетінмін.

Бір уақыттарда мен Ұлжаннан қатты қорқатынмын. Ол кезде Сағынтай да тірі еді. Қас қарая біздің көшенің балалар Ұлжан мен Сағынтай туралы  небір қорқыншты әңгімелерді айтқанды жақсы көретін. Ондайда ұзын сирақ Ашоктың көздері жайнап кететін- Ұлжан кемпір періден туған екен, былтыр қыста қайтыс болған гараж жақта тұрған орыс бар емес пе?

-Иеее содан дейміз бәріміз Ашоктың аузына қарап....

-Сол орыс жеті қарағыда Ұлжанды көріп жүрегі жарылып өліп кетіпті дейді. Түнде Ұлжанның жалғыз сау көзі, оттай лаулап жанады екен. Тістері ақсиып, тырнақтары жезтырнақтың тырнақтарындай ұзарып кетеді екен дейді. Осы тұста нанды бұралақтатып отырған Аян, Ашоктан асып түсем дегендей, 

 -Ұлжан - Дю екен екен дейді. Түн болса мысық сияқты мияулап сөйлейді екен. Сағынтай екеуі мысық аулап жейді екен дейді.

    Кейде Ұлжаннан ауылдың балалары түгілі үлкендері де қорқатын. Оған әсте Ұлжанның бір көзі жоқ соқырлығы немесе адамға тосыннан қарап,  жұмбақта үрейлі жымиятындығы да емес, әңгіме тіптен әрі де жатыр еді. Ол әңгіме де кейде ауыл балаларының әңгімесіне көп ұқсаушы еді.

   Ол кез Нұрлаштың әйелі - Күмістің үшінші сәбиіне жүкті кезі-тін, бүлдіршіндей екі қыз тапқан соң, үшіншісі ұл дегенде Күміс қатты қуанды. Нұрлашта қуаныштан төрттағандап жатып төрт күн ішкен. Бесінші күні барып есін жиып, сақал-шашын күзеп, вахтадағы жұмысына кеткен.

Сондай түннің бірінде, Күміс терезенің тегінен мысық сияқты мияулаған үн естиді. Әлгі үн; 

- Күміс есікті ашшы деп жалынышты мияулайды екен. Әуелі Күмістің кіші қызы төрт жасар - Айша шошып оянып шар етіп жылап, анасының қойнына тығылды. - мама қойқам дейді, анда мышық сөйлеп жатыр дейді. Кенет әлгі мысық дауыс зорайып, -Күміс есікті ашшы - деп сыртқы есік жақтан естілді.

Күмісте анау-мынаудан өздігінен секем ала қоймайтын еркек тақылеттес әйел-тін.

-Әй қайссың ай бұл жеті түннің ішінде ойнақ сап тұрған Нұрлаш жоқ үйде жұмысқа кеткен баланы шошытпай ары ойна - деп  әдейі даусын зорайтып айғайлайды.

-Мен ғой көршің-дейді әлгі мысық дауыс. 

Күміс тұрып жарықты жағады.

-Әй кім бұл әй!-дейді тағы.

-Мен ғой Ұлжан дейді әлгі дауыс. Есікті ашшы, дейді тоңдым дейді.

-Мойның осылғыр Әлімжан шешек құдай біледі  сен ғой ойнап тұрған-дейді көрші үйдегі қылжақбас қайнысы екен деген Күміс.

-Мен Ұлжан дейді әлгі мысық дауыс жердің астынан мяулағандай ішегін тартып.

Ұстап алсам тура жерге шегеғып қағып жіберейін тұра тұр бәлем - деген Күміс халатын желбегей жамылған қалпы сыртқы есіктің ілгегін босатады. Желмен бірге жұлқына ашылған ағаш есіктің ар жағынан, қою қараңғылыққа жартылай сіңіп, шаштары жалбыраған жалғыз көзді дюдың тұрпатын көреді.

Алла.... Алла-ай! Сақтай гөр-деп шыңғырып жіберген Күміс тұла бойын тер жуып жерге сұлап түседі.

Сол дю - Ұлжан еді дейді барлығы. Жеті түнде Сағынтайдың құқайынан қашып шығып, Күмісті пана көріп келіпті.  Жазған Күміс содан кейін бала көтермеді. Әлгі балалардың дю дейтұғыны сол оқиға еді.

  Ұлжан кемпірдің менен екі жас үлкен қызының есімі - Талшын еді, өзі еліктің лағындай, аққұба өңіне қан жүгірген, талдырмаш қыз болып бой түзеді. 

-Құдай да шебер ғой Ұлжан құбыжықтан осындай қыз туыла ма десті көршілер

-Ееее.... жындыдан сау туылушы ма еді, қазір жастықпен сүйкімді болғанымен көн қатса қалыбына деген, түбі  жатырына тартады да -деп әңгіме қылысатын әйелдер.

Сол Талшынды бір күні су әкеле жатқан жерінен лақша бақыртып бір топ жігіт өңгеріп алды да қашты. Ұрылар да ізін суытпай хабар жіберді. Ұры деп жүргеніміз қыр басына шықса қисық шатыр көрінетін тракторшы Сәпеннің қоянтіс баласы - Қалжан екен.

-қызыңды Сәпеннің қоянтіс баласы алып қашты дегенде орнынан үш ұмтылып барып зорға тұрған Ұлжан төрде ілулі тұрған сары ала қамшысын алып, Сәппеннің үйіне қарай құстай ұшты. Сонадайдан басындағы жаулығы сыпырылып, шаштары жалбырап, бүткіл ауылды басына көтерді,

- Әй Сәпенді, жаныңшыққыр қу Сәпенді- деп айғайлайлады. Әуелі Сәппенің ағаш шарбағын теуіп құлатып, әулісіне ойқастай кірді де, қолындағы қамшымен ауаны қақ тіліп, осып-осып жіберді.

-әй Сәпенді! әй Сәпенді шығар қызымды дейді. О заман да бұ заман Сәпендіден әпенді туылмаса, жібі түзу еркек туылушы ма еді, нағып отырсың анда мұздаған боқ құсап, бүлдіршіндей қызымды сенің көк соққаныңа беріп қойып, қарап отырар жайым жоқ шығар ойбай! -деп даусы шаңқ етіп жаман шығады.

Сәпен тапшанның үстінде тер сіңді  тақиясының кірін тырнап төмен қарап отыр екен;

-Әу Ұлжан-ау несіне ашуланасың айып бізден. Бір ашуыңды бер. Қызың жақсы болған соң ұрладық, жаман болса қасынан қия басамыз ба тәйірі дейді, сақалы тұқшиып төмен қараған қалпы.

-Далбасалама дейді Ұлжан. Ұйладық дейді ғой беті бүлк етпей, қорамнан қозы ұрлағандай не көкіп тұрсың ай өзің. Қызымды сенің әпендің үшін туғам жоқ. Көтіне қарамай көженің ыстығын-ай деп, сенің қоянтісіңе де көрікті қыз керек болып қалып па?! Қараш ей бұларды?! Әлде сендер де басынуға жарап қап па едіңдер?! Қызымның ағасы қаңғып кеткен, шешесі мына тұрған жерге жете алмайтын шор аяқ деппе едіңдер? Сағынтай бишара тірі болғанда қызымның маңдайынан да шертпеуші едіңдер, әкесі жоқ, сұрауы жоқ деп қу көздеріңнің сұғын қадаған екенсіңдер ғ..о..ыы-деп сөзінің соңын жұтып қыстығып барып тоқтады. Сонда Сәпен желкесін қасып,

-Ұлжан балдыз-ау, қызың толықсып бойжетіп отыр екен, ертең менің балам емес, басқа біреу алып қашса да осылай ішің ашитын еді, қайта бөтенге кеткенше деп өзіміз болып ертерек қам жасап дегендей, оның үстіне екі бала сөз байласыпты....дей беріп еді

Ұлжанның талағы тарс айырылды;

-Әй Сәпенді не гөйтіп тұрсың ай өзің! Танауың көтеріліп қалыпты ғой ааа. Баяғыда биттеп құрттап жатушы едің, маңдайыңа көк трактор бітіп, битің төгілейін деді ма? Талшынның Ұлжаннан туылғаны рас болса, сенің қоянтісіңе берген уәдесі жоқ! Мына қамшымен қақ маңдайыңнан осып жібермей тұрғанда шығар қызды-дейді Сәпенге тап тап беріп.

Осы кезде бағаналы бері аңырая қалған сол үйге қарасты қатын-қалаш кемпір-сампырмен қоса ұлардай шулап Ұлжанға қарай лап қойысады. Арадан екі сағат өткен соң, ауылдың ақсақалдары мен көксақалдары жиылып Ұлжанды сабырға шақырып, бата сұрайды. Ауыл ақсақалдарының қандай сиқыры барын, Ұлжан демде жуасып, сау көзіне келген жасты тарамыс саусақтарымен сылып тастады да, мұрнын бір тартып ух- деп терең дем алды. Сосын барып;

-Қыз бишара мүсәпір екен-ау, қыз мұраты - кету екен-ау. Ауылда не көп қағылып соғылып жүрген қыз көп, сол көп қыздың ішінен бүгін қызым Талшын  өз теңін тапқан екен қайтейін, іші-бауырым уылжып отыр дейді ормалмен бетін сүртіп. Талшын шешесіне жалт бұрылып, өз құлағына өзі сенбей көзінің қарашығы үлкейіп бақырайды да қалды.

Ұлжан сөзін ары жалғады.

-Сәпенді маған бөтен емес, бір кездері жездем-тін, марқұм Күләш апекемнің көзі тірісінде талай жақсылығын көріп ем,  қыз-ау дейтін, қыз-ау екеуміз бір елденбіз ғой білесің ба дейтін. Мені ерекше іш тартып, жақсы көруші еді жарықтық, нан сұрасам сындырмай бүтін беретін, су сұрасам, сүт беретін. Сол Күләш апекемнен туған бала болса, жаман болушы ма еді тәйірі, қызымды жылатпайды деп ойлаймын- деп толғанды Ұлжан.

Сонда Талшын тұңғыш рет шешесіне бақшия қарап;

-мама...мама мұның не? Қалжанға берген сөзім жоқ. Менің өз сүйгенім бар. Бұлар мені еріксіз алып қашты- деп жерге сұлқ отыра қап, Ұлжанның аяғына құлап, ағылда тегіл жылады-ай. Сонда Ұлжан қызына ақырғы рет мойнын бұрып -"мені қарабет қылмай осында қал, өлмейсің бір ауылдың ішіндеміз, бөтен ел емес, көзің бақшиып қайтып келуші болма"-деп тастап жүре берді. 

-Ойпыр-ой дәті берік екен Ұлжанның, қызы жылап еңірегенде жүрегі жібіп, бір "мәу" демеді-ау - десті кемпірлер.

-Ееее алысқа көз сатқанша қыр басына шығып жақыннан қарап жүрейін дегені да байғұстың, деп бір кемпір жаулығының ұшымен жасын сүртті.

Содан бері, екі жаз, екі қыс өтеді. Талшын Сәпенге келін, Қалжанға жар болмады.  Сол түні-ақ көрші ауылдағы сөз байласқан адамына хабар жіберіп Қалжанның айран-асырын шығарып қашып кетеді.  Мұны естіген Ұлжан ауырып жатып қалды. Көршілер жиылып:-өз қолыңды өзің кесесің ба, қызың жақсы жерге барыпты, қуан алдында мыңғырған малы бар көрінеді барған жері бақуат екен "-дейді. Сол сөз ес болды ма, Ұлжан қызын үйіне шақырып бата береді. Күйеу баласы да аңқылдаған ақ жүрек адам екен;

-Апа-ау дейді, бізбен жүр дейді. Сен мұнда жалғыз отырғанда біз қалай тыныш өмір сүреміз дейді.

Талшын да;

-Мама өзіңнен басқа кімім бар, менің қолыма кел дейді. Қалқайып қасымда отыр дейді. Күйеуім жақсы адам. Өз шешемнен кем көрмеймін деп отыр-деп жалынғандай болады.

Сонда Ұлжан;

 - Ұлым тұрып қыздың қолына кіріп алсам, мына жұрт артын ашып күлмей ме? Ойбу Ұлжан бишара қызының қолына қарап қапты деп табаламай ма? Өлсем де Бекжанымның табалдырығына барып өлем деп, екі түйіншегіне бір киер көйлек орамалын салды да, Алматыға қарай тартып отырды. Сол кеткеннен араға екі жыл салып, Ұлжан көктем шыға жалғыз қабат сыз үйіне қайта оралады. Ұлжан келді дегеннен Талшын артынып-тартынып, жасқа толған тұңғышын құшақтай келді. Шеше мен қыз мауқы басылғанша көп сырласты, арасында бір-бірін құшақтап солығы басылмай көп жыласты. Ұлжан Бекжанның әйелі жайлы сөйлегенде- Бір қарасаң басы қақшаңдап сымпиып жүреді, енді бір қарасаң қарны шермиіп қоян құсап көжектеп жатады. Тапқаны ыңғай қыз сонда да Бекжаныма мінез көрсетіп тұштаңдай кеп тұштаңдайды. Ай жазған қатын-ау туғаның шашы селдіреген төрт қыз несіне жетісіп тұштаңдайсың-ай-деп едім, көзі тұздай боп долданады кеп долданы, - мама дейді менің тапқаным төрт қыз, сенікі біреу-ақ дейді, Талшыныңа кет дейді бір күні. Ееее кетем дедім, ақымақ басқа адырайған көз бітеді деп, адырайтпа  андағы көзіңді дедім. Қойш құрсын несін айтайын, беті құрсын кәпірдің, оған күнім түспесін де, күнім түскен күні арам қатам, енді Алматысын желкемнің шұқыры көрсін - деп дізесінде отырған жиен немересінің тұлымынан искей сүйеді. 

Бағдаршамның қызылы жанғанда мен отырған көлік автовагзал маңында аял қылды. Ұлжанның маған бұрыннан таныс әжімді келбеті, алыстан қарағанда өспей қалған баладай болмыс-бітімі, соншалық қымбат еді. Қымбат еді. Кейде мен осы бейнені жоғалтып алудан қатты қорқатынмын. Егер жоғалтып алсам, тұтас балғын шағымның естелігінен айырылып қалардай едім, жадымнан мәңгіге өшіріп алардай едім. Ұлжан маған ешқашан жақын не алыста болыпта көрінген жоқ, бірақ оның көп ішінен жалт еткен жалқы бейнесі мені сұмдық бақытқа бөлейтін. Сондықтан да мен кей сәтте Ұлжанды қызғыштай қорушы едім.

    Ол автобус күтіп отырды. Жалғыз өзі. Қолында түйіншегі бар. 

Мен бір сәт түйіншегінде назар тоқтатып, қарадым. Қашан көрсеңде қолынан түспейтін осы түйіншегінде, Ұлжанның бір киер таза көйлек орамалы, жолға алған азығы бар шығар. Әлде сол түйіншекте Ұлжанның ой-шұқыры көп тағдыры түюлі жатыр ма еді? Кенет ол менің ойымды оқып қойғандай, түйіншегінің бауын шешіп, ішінен сықпа құрттың жарымын шығарып аузына тастап ұртын мылжыңдатты. Енді бір қарағанымда сол түйіншегін көтеріп мықшыңдап автобусқа мініп бара жатқанын көрдім. Ұлжанның бір қолында баяғы сары ала қамшысы бар еді....

Баяғы сары ала қамшы....

Көріскенше Ұлжан! 

 

Жәудір Нартай