Телефонның беймаза үні қаланың қақ ортасындағы жайлы пәтердің төрт бөлмесін түгел жайлап алған түн тыныштығын дар-дар айырды. Шырт ұйқыдан оянып кеткен ерлі-зайыпты екі адам тынымсыз шырылдаған сыртқы есіктің қоңырауы ма, жоқ әлде телефон ба, оны айыратын халде емес еді. Қанша уақыт бойы кәрі құрлық – Еуропаны шарлап, қызықты саяхаттан енді ғана оралған Аманжол Ахметұлы мен Ақмарал ханым тіпті қайда жатқандарын естеріне түсіре алмады.
Жеті қараңғы түн ішінде бұларды кім мазалауы мүмкін? Жалғыз ұлдары – Марат бағана бұларды әуежайдан өзі қарсы алып, жалт-жұлт еткен су жаңа «мерседесімен» үйге әкеп салған жоқ па? Өзі жол бастап, бірге саяхаттап, шетелге барғаннан-қайтқанға дейін ата-енесін баладай баптап, барлық жағдайын жасап, бәйек болған білдей бір медакадемияның деканы – Майя келін беймезгіл шақта жасы үлкен адамдардың ұйқысын бұзбасы айдан-анық. Жалғыз ұлдан көрген жалғыз немере – Альфия қыз, әкесінің ерке Әлпеші шәй үстінде ата-әжесінің бір-бірімен жарыса айтқан әңгімелерін тыңдап, саяхатта түскен фото суреттерін тамашалап, қастарында аз-кем отырған соң, бағана достарымен қыдырып кеткен.
— «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» деген осы екен ғой! Қанша уақыт көрмей, сағынып келгенде бізді тастап қайда кетіп бара жатсың?-деп әжесі сәл өкпелеп еді, ерке қыз:
— Аташка, ажешка! Сіздер алыс жолдан шаршап келдіңіздер, бүгін жақсылап тынығыңыздар! Ертең де күн бар ғой. Сосын асықпай тағы келермін. Мен сіздерді қатты жақсы көремін!-деп, екеуінің бетінен шөп-шөп сүйіп, алма-кезек құшақтап, әп-сәтте болмашы өкпені тарқатып жіберген. Альфия кетісімен, Марат пен Майя да шәйді шала-шарпы ішіп, үйге қайтуға асықты.
— Ертең, жұма күні бір күрделі операция жасаймын. Ертерек жатып демалуым керек, шаршап тұрмын,-деді Марат қоштасарда. Анасы Жасаған берген жалғызының жазық маңдайынан мейірлене сүйіп, ертеңгі ісіне сәттілік тіледі.
— Сіздермен ақылдасатын бір шаруа бар еді…Жарайды, кейін сөйлесерміз,-деді ол табалдырықта тұрып. Күле сөйлегенімен, көзінде бір терең мұң бар еді. Әйтеуір анасына солай сезілді. Тіпті ыдыс-аяқты жуып-сүртіп жүріп те, жылы душтың астында тұрып та ұлының мұңлы жанары көз алдынан кетпей қойсын. «Не айтқысы келді?» деген жалғыз сұрақ көпке дейін миында шыр айналып тұрып алды. Көзіне ұйқы тығыла бастаған соң, бітпей тұрған үй жұмыстарын ертеңге қалдырып, төсегіне қисайған, жастыққа басы тиісімен, қатып ұйықтап кетіпті. Шырқырап жылаған жас сәбидей жер-көкті басына көтерген телефон үні шырт ұйқысынан оятты.
— Апырмай, беймезгіл шақта бұл кім екен?-деді шалы. Қолы қалтырап, дауысы дірілдеп. Беймаза телефонды ұстауға батылы жетпегендей ме, қалай?!. Неге екенін кім білсін, Ақмарал бәйбішенің де жүрегі дүрсілдеп, ауызына тығылсын. Асып-сасқаны сонша, қалпағы қалбиып керуетінің жанында тұрған түнгі шамды жағуға тетігін таппай, сипалап қалмасы бар ма?! Сосын:
— Түн ортасында мазалайтын тума-туысымыз жоқ. Бізде шаруасы болса, көршілер күндіз хабарласар еді ғой,-деп күбірлей берді. Бейтаныс нөмерден телефон шалған Майя екен:
— Пап, мам, Маратиктен айырылып қалдық,-деді де одан әрі сөйлей алмай еңіреп қоя берсін. Өз құлағына өзі сенбей, Аманжол Ахметұлы:
— Айрылғаны несі?-деді аң-таң болып.
— Түсінсем бұйырмасын! Маратжанға не болды ? Қазір қайда өзі?-деп, үсті-үстіне сұрағын жаудыра берді.
— Бағана сіздерден шыққасын, жол үстінде оған біреу телефон соқты. Дәл сол сәтте біз үйге таяп қалғанбыз. Чемоданымды ішке кіргізе сала, «Қазір келемін!» деп, асығыс шығып кетті. Тіпті қайда бара жатқанын сұрап та үлгермедім. Сосын екі сағаттан соң біреу полиция бөлімшесінен хабарласты. Машинасын тау жақтағы жаңа үйлердің маңынан тауыпты. Алдыңғы есігі ашық жатыр екен. Бірнеше жерінен біреу пышақтап кетіпті. Тұсынан өтіп бара жатқан адамдар көріп, «Жедел жәрдем» шақырған екен, ауруханаға жетпей қайтыс болыпты. Өзі әбден қансырап қалса керек…» – Келіні болған оқиғаны жылап-сықтамай, асқан сабырмен, егжей-тегжейлі айтып жатса да Аманжол Ахметұлы сол сәтте сөз ұғар халде емес еді… Сусылдаған жібек халатын желбегей жамыла салып, телефонға құлағын тақап, шалының қасында еміне тыңдап тұрған аққұба өңді егде әйел, біреу тас төбесінен шойын табамен ұрып қалғандай, тарс етіп еденге құлап түссін. Қол-аяғы қақшия, жансыз қуыршақ құсап жерде серейіп жатқан кемпіріне «Жедел жәрдем» шақыруға шамасы келмеген ақ бас шал көзінен аққан жасы омырауына тамып, іргелес көршілерінің есігін қақты.
***
Жаманат хабар жата ма, өзі басқаратын республикалық үлкен аурухана ұжымы таң атар-атпастан түгел құлақтанған екен. Тіпті қара лентамен қоршалған үлкен портретін көрнекі жерге іліп те үлгеріпті. Көрікті жігіттің жансыз бейнесіне қимастық көңілмен қараушылар қарамы көп еді.
— Кеше ғана жұмыста жүрген адам түнде кісі қолынан қайтыс болды дегенге көңілім сенер емес.
— Белгісіз біреулер пышақтап кеткен дей ме?
— Ой, Алла-ай! Марат Аманжолұлы өмірі көшеде жаяу жүрмейтін еді ғой.
— Әлде ажалы үй тонайтын ұрылардан болды ма екен?
— Жоқ, үйде емес, машинасының ішінде пышақтаған сияқты…
— Бейтаныс біреуді көлігіне мінгізгені ме сонда?
— Мас болып, біреулермен керісіп қалған жоқ па екен?
— Қай-да-ғы-ы?! Өмірі арақ-шарап дегенді татып алмайтын жігіт еді ғой.
— Ия, оның рас. Тіпті басқалардың да жұмыста ішімдік ішуіне қатаң тиым салған жоқ па еді?!
— Басшылық қызметке келгеніне жарты жыл болған жоқ. Көре алмаған біреулер қастық қылды-ау сірә!?
— Адам түгілі тышқан өлтіруге де жай адамның қолы бармайды ғой. Бәлкім киллер жалдаған болар?.. – Қанша адам болса, соншама – болжам. Аурухана қызметкерлері бастары салбырап, алға басқан аяқтары кейін кете, өздерінің жұмыс орындарына лажсыз тарағанымен, күні бойы жабырқау ойлардан арыла алар емес. Біреулері бас дәрігермен бірге жүрген күндердің түрлі сәттерін еске түсірсе, біреулері оны соңғы рет қашан, қайдан көргендерін көз алдарына елестетіп әлек. Жұрттың күні бойғы әңгімесі тек сол жайлы болды:
— Көркіне көз тоймайтын жігіттің сұлтаны еді ғой! Ажалға қимайсың… Қандай тамаша азамат еді!
— Алғашқы еңбек жолын осы ауруханада бастады. Қатардағы хирургтен бас дәрігерлікке дейін көтеріліп еді. Өзінің адал еңбегімен. Ешкім сүйреп-сүйемелдеген жоқ…
***
Тосын қайғыдан қан құсып, кескен теректей құлап түскен Ақмарал ханымға көршілері әлсін-әлі «Жедел жәрдем» шақыртып әуре. Аманжол Ахметұлының да сырты бүтін болғанымен, іші түтін: үйге кім келіп, кім кетіп жатқанымен ісі жоқ. Әлпеші қолды-аяққа тұрмай, шырқырай жылап, ақыры дауысы қарлығып, әлі құрып, бүктісе жатып қалды.
Жылай-жылай екі көзі былаудай ісіп кеткен Майя келін бар шаруаны білек түре өз қолына алды. Біресе моргпен хабарласса, біресе жерлейтін жер мәселесіне кірісіп кетеді. Қазақ шаңырағына келін боп түскелі талай тойды көріп жүргенімен, өлік жөнелту жоралғыларынан бейхабар әйел жөн-жоба білетін көршілермен, өз ұжымындағы үлкендермен ақылдасты. Қонақасы мен жаназаға сойылатын мал, дастарханға қойылатын тамақтардан бастап, сүйекке түсушілерге тарататын киім-кешекке дейін тізімін жасады. Машинасына бір-екі құрбысын отырғызып алып, дірдек қаға дүкен аралап, керек-жарақты түгелдеуге кірісті. Бірақ байғұс қанша тырысса да, төрт-бес жыл бұрын ауылдан көшіп келген көршілердің бірі:
— Марқұмның әйелі қазақ болғанда, «Арманда кеткен қосағым-ай! Асыл жарым-ай!» деп аңырата жоқтау айтып, келген-кеткендермен ара-тұра дауыс сала көрісіп отырар еді-ау! Арыстай азамат жоқтаусыз кететін болды енді, -деп күңкілдеп қояды.
— Ой, тырнақ астынан кір іздегенді қойыңызшы! Ауылда туып, қалада өлген қазақтардың қайсысын қатындары жоқтап қарық қылып еді?!
— Обалы не керек, Майя келін ата-енесін жылда шетелдерге қыдыртып жүр ғой. Ақмарал апа мен Аманжол аға ауыздарының суы құрып, жалғыз келіндерін үнемі мақтайтын.
— Мақтамағанда? Осы отырған қайсымыздың келініміз тап сол құсап, мереке сайын құшақ-құшақ гүлі мен қымбат сыйлықтарын әкеп жүр бізге?-деп, адуындау біреуі жыбыр-сыбыр әңгіме айтқандардың бір елі ауызына төрт елі қақпақ қоймаса, біртіндеп от ала бастаған әңгіме одан әрі лауылдап кетер ме еді кім білсін!.. Алайда, біраздан соң, жел басқа жақтан соқты:
— Шіркін-ай, Маратжан қандай керемет жігіт еді! Әттең, шаңырағына ие болар ер бала қалмады-ау артында! Қандай өкінішті!
— Мына Әлпеші күні кеше кекілі желбіреген, сүп-сүйкімді қыз еді. Атасы мен әжесінің көз алдында алаңсыз ойнап жүретін.
— Ия, менің де есімде: көрші балалармен аулада велик теуіп, жасырынбақ ойнап жүруші еді. Енді соңғы уақытта ұзынтұра біреумен қол ұстасып, сыңғырлай күліп, көшеде қыдырып жүргенін жиі көремін.
— Е, әлгі инеліктей имиген жас жігітті айтасың ба?!
— Жирен шашты…
— Құлағына сырға таққан…
— Екі білегі шимай-шимай суретке толы, -деп, есік алдында қаздай тізіліп отырған көршілер тың тақырып табылғанына қуанғандай, тағы бір әңгімені гулете жөнелсін. «Қазаны басқаның қазасы басқа» дегенді баяғының университет, магистратурада оқымаған дана шалдары бекер айтпаса керек…
***
Аманжол Ахметұлы Қазақстанның теріскей өңірінде туып-өсті. Сондағы қазақша шығатын шағын газетте қырық жылдай қызмет етті. Зейнетке шыққасын, «Түйе қартайса, ботасына ереді» деп, Маратының ізіне ерді. Қысы — жылы, жазы — жайлы жаққа қоныс аударғанына да көзді ашып-жұмғанша жиырма жылдай болыпты. Әйелінің де, өзінің де бірге туған бауырлары жоқ еді. Бірақ баласының туыстай болып кеткен сыйлас дос, жақын жолдастары аз емес екен. Маратымен бала кезде құлын тайдай тебісіп, бірге ойнап-өскен, мектепте бір сыныпта оқып, бір партада отырған жолдастарының арасында тергеуші мен прокурор барын естіген соң, бейшара әкенің көңілінде әлсіз үміт оты жылт ете қалсын. Сол әлсіз үміт оған аз да болса күш, қуат бергендей болды. Өмір атты бәйгеде алдына қара салмай, жалғыз жүйткіп келе жатқан Құлагерінің жолын кескен қаскөйлер көп ұзамай табылар-ау деп үміттенді.
Қаралы шаңыраққа көңілі айта келгендердің қай-қайсысы да Марат марқұмның пейілі кең, жүрегі жұмсақ, қиналған жандардан қамқорлығын аямайтын, қолы да, ары да таза жақсы адам болғанын айтып, тебірене толқып, көздеріне жас алысты. Тосын қайғыдан бір күнде белі бүгіліп, қабырғасы сөгіліп, көзінің жасы күзгі жапырақтай сауылдай төгілген қос қария осындай ұлағатты ұл берген Ұлы Жаратушыға іштей шүкіршілік етті.
Кісі аяғы басылған соң, қара шаңырақтағы ата-әжесімен қимай-қимай қоштасып, Альфия қыз анасымен бірге өз үйлеріне кетті. Көше жақ терезеден телміре қарап тұрған атасы: «Тфә-тфә, тіл-көзім тасқа! Бізге кішкентай көрінгенімен, Әлпеш те бойжетіп қалыпты. Зымырап өтіп жатқан өмір-ай!»-деп күрсінсін. Қаладағы ылғи дәулеттілер мен шенділердің тұқым-тұқияндары ғана оқитын ең беделді оқу орынына өз білімімен түскен Әлпешті қос қария іштей мақтан тұтатын. Бірақ оның ізінен, ең болмаса, тағы бір сәби ермегені ғана кей-кейде күндей жарқырап тұрған көңіл-күйлеріне көлеңке түсіруші еді. Құдай қосқан қосағының көкірек жара терең күрсінгенін құлағы шалған Ақмарал ханым бұл жолы да соған жорыды.
***
Әр бөлмесі ат шаптырым, айнадай жарқыраған еңселі терезелері еденнен төбеге дейін жететін, заманауи соңғы сәнмен әрленген, он бесінші қабаттағы су жаңа пәтер қаңырап бос қалған сияқты. Ойыншылары да, көрермендері де тарап кеткен үлкен стадион тәрізді ме, Құдай-ау!.. Әйтеуір Альфияға солай елестеді. Қаз-үйрегі алыс жақтарға ұшып кеткен айдын көлдің жағасында бір өзі қалғандай көңілі құлазысын. Сұрғылт түсті қалың перделерді жабуға оқталған ол, мың сан оттары жымың қаға, көкжиекке дейін созылып жатқан түнгі қалаға телміре қарап, ұзақ тұрды.
Дәл қазір алып шаһардың қақ ортасында біреулер той жасап, қызық-думанға қарық болып жатыр-ау. Ал, осынау жарық дүниедегі ең жақын адамынан айрылған бұл үшін қызылды-жасылды тіршілік кілт тоқтап қалған секілді. Ол Кеңсай жаққа мұңая көз тікті. Бұның жанындай жақсы көретін әкесі сыз топырақтың астында жападан-жалғыз жатыр-ау… Томпиған төмпешік болып…Тас қараңғы жерде…Енді бұл ешқашан оның аялы алақанының жылуын сезіне алмайды. Енді бұл ешқашан оның жымыиған жылы жүзін көре алмайды. Енді бұл ешқашан оның жанға жайлы дауысын ести алмайды. Енді бұл ешқашан әкесінің кең иығына басын сүйеп, жүрегінің дүрсілін тыңдай алмайды…Бұны аяулы әкесінен айырған жауыздарды қарғыс атсын! Қарғыс атсын! Қарғыс атсын!
Жанары ып-ыстық, ап-ащы жасқа толған жасөспірім қыз екі алақанымен құлағын тарс жауып, өз бөлмесінен атып шықты. Қанша күннен бері киіп жүрген ұзын жең қара көйлегін ауыстырмастан, маңдайына байлаған қара орамалын да шешпестен, тіпті шам да жақпастан анасы кең залдың ішін кезіп жүр екен. Бұны көріп селк ете қалды.
— Мам, мамуля! Отырыңызшы, әңгімелесейік,-деді әкесінің ерке Әлпеші жалынышты үнмен.
— Әңгімелесейік деймісің? Не әңгіме естігің келіп еді?-деді ол қатқылдау үнмен, қызының бетіне бір түрлі тіксіне қарап.
— Жай, өзіңізбен әңгімелескім келген…-деді жанары жасаурап, дауысы дірілдеп.
— Не жайлы?-деді анасы қабағын шытып.
— Мәселен, папам екеуіңіз ең алғаш қашан, қалай таныстыңыздар?
— Е, е, білгің келгені сол ма?-деп, Майя Борисовнаның үні аяқ астынан жұмсарып сала берді. Онсыз да жаны жаралы қызына жай сөйлемегеніне бір түрлі ыңғайсызданып қалды ма, кім білсін.
— Екеуміз мединститутқа бірге түстік. Ол мектепті алтын медальмен бітірген екен. Мен де «медалистка» едім. Бір-бірімізді бір көргеннен ұнаттық.
— Ол сіздің асыл тастай құбылған жап-жасыл көзіңізді, желпуіштей ұзын кірпіктеріңізді, ақ қағаздай мінсіз жүзіңізді, аққудың мойнындай иілген ұзын мойныңызды, түп-түзу, топ-толық балтырыңыз бен жас талдай солқылдаған дене сымбатыңызды бірден ұнатқан шығар, ә?! –деді Альфия.
— Оны сен қайдан білесің?-деп таңғалды анасы.
— Жас кезіңізде түскен фотоларыңызды көргем. Фото альбомыңызды талай ақтардым ғой,-деп мұңая күлді қызы. Жұмсақ та жайлы креслоға жайғаса отырған Майя Борисовна жер тепкілеп жыласа да енді қайтып оралмайтын, сағынышқа толы, жалынды жастық шағына қалай «сүңгіп» кеткенін өзі де сезбей қалды:
— Маратикке бірден ғашық болмау мүмкін емес еді! Ертегілердегі ханзадалар сияқты өте көрікті жігіт болатын. Сымбатты жігітке не кисе де жараса кететін. Көктем мен жазда ылғи ақшыл түсті костюмдермен жүретін. Туфлиіне дейін аппақ еді! Нағыз ханзада дерсің! Отыз екі тісі маржандай тізілген! Екі беті шұқырайып, күлгенде, ақ құба өңі одан сайын тіпті сұлуланып кететін,-деп Майя Борисовна көзін жұмып, басын шалқайтып, біраз уақыт үнсіз қалды.
— Мам, тағы да папам жайлы айтыңызшы,-деді қызы, ұзаққа созылған үнсіздікті бұзып.
— Ол сабағын өте жақсы оқыды. Инситутты қызыл дипломмен аяқтады. Оқу бітіргенше екеуміздің жұбымыз жазылған жоқ. Қыста әр демалыс сайын тауға барып, шаңғы тебетінбіз. Медеуден шықпайтынбыз. Жазда достарымызбен бірге жорыққа шығып, тау-тасты аралап кетуші едік. Біз көрмеген кино, біз бармаған концерт, спектакль қалмаған шығар!
— Не деген романтика! Сосын диплом алған бойда үйлендіңіздер…Солай ма?
— Жоқ. Менің әке-шешем оны мүлде менсінбеді. Қарапайым қазақ отбасында туып-өскен жігіт деп. Тіпті ол туралы естігелері де келмеді.
— Ал оның әке-шешесі ше?
— Олар да Маратиктің маған үйленуіне үзілді-кесілді қарсы болды. Басқа ұлттың қызын алмайсың деп… – Майя Борисовна орнынан керіле тұрып, жұдырықтай қол сөмкесінен оттық пен шылым алды. Асықпай тұтатып, көгілдір түтінді баппен ішіне сорды да, әп-әдемі қыр мұрынан бұрқ еткізе шығарды. Сосын бикештерге арналған жіп-жіңішке шылымды салалы саусақтарымен қысып ұстап, үн-түнсіз біраз отырды. Қызыл шоқтанып сөне бастаған кезде ғана шылымның күлін ақшыл қызғылт лак жағылған сүп-сүйкімді ұзын тырнақтарымен шертіп түсірді… Әшейінде әр затын қызғыштай қорып, баладай мәпелейтін анасының бұл қылығына қызы іштей таңғалды. Еденге төселген, түсі көздің жауын алатын, түгі бір қарыс қымбат кілемнің үстіне көлденең бір қылшық түсірмейтін еді. Сүйікті жары келмеске кеткен соң, енді оған ештеңенің де керегі жоғын, қандай қымбат дүние-мүлік болса да енді ешқашан қызықпайтынын жүрегі сезген Альфия қыз ішінен тынды. Анасы болса, шылымын үсті-үстіне құшырлана сорып қойып, үзілген әңгімесін қайта жалғады:
— Израильде тұратын туысымыз бір бай банкирдің баласымен таныстырды. Әке-шешемнің қалауымен. Ол да әкесі сияқты банкир екен. Швейцарияның Цюрих қаласында керемет үй-жайы бар, жасы отызды орталап қалған жігіт еді. Америкада оқыпты. Мінезі ауыр, жер қозғалса, қозғалмайтынның нақ өзі. Ол мені бір көргеннен ұнатты. Бірақ шынымды айтсам, оны суқаным сүймеді. Алайда шетелдік жігітке күйеуге шығуға келістім.
— Неге?
— Маған енді бәрібір еді. Біздің тұрмыс құруымызға екеуіміздің де әке-шешелеріміз рұқсат бермегесін, тіпті өмір сүргім келмеді. Жаны шырылдап, екі оттың ортасында жүрген Маратикті қатты аядым. Одан әрі оны да, өзімді де қинамайын дедім. Көзіне күйік болып, жанын азапқа салмайын деп ойладым. Қазақстанға жүрегімді жерлеп, сүлдемді сүйретіп, шетелге кетіп, тезірек қарамды батырғым келді. Енді қайтып, оның көзіне түспеймін деп шештім.
— Сосын не болды?
— Сосын не болсын, бір керемет қымбат ресторанда тойымыз болды. Ол той үстінде маған гауһар көзді алтын сырға, жүзік, алқа сыйлады. Тойдан соң бірден әуежайға тарттық. Құдай бірдеңе сездіргендей, оның сыйлаған зергерлік бұйымдарын жол бойы ақырын ғана мойнымнан, саусағымнан, құлағымнан шешіп алдым. Сосын: «Мен жоғалтып алармын, Сізде болсын»,-деп, болашақ «күйеуімнің» қолына ұстаттым. Ол қуана-қуана алды да қорапшасына ұқыппен салып, костюмінің ішкі қалтасына тықты.
Жарқ-жұрқ еткен ұзын лимузиннен түсіп, әуежай ішіне беттей бергенімізде, кенет Маратик қарсы алдымыздан жарқ етіп шыға келгені. Ес жиып үлгергенімше, қолымнан шап беріп ұстады да, сүйрей жөнелді. Бір аттам жерде тұрған машина салонына бірден сүңгіп кеттім… Екеуміз, алды-артымызға қарамастан, сол қашқаннан мол қашып, тау ішіндегі бір шағын демалыс үйінде бір апта тығылып жаттық. Бір-бірімізді көрмегенімізғе тап бір жүз, жо-жоқ, мың жыл болғандай қатты сағынып қалыппыз. Құшағымызды жазбай, көзімізден жас парлап тұрып, бір-бірімізге серт бердік. «Енді ешқашан бір-бірімізден айрылмаймыз!»-деп…
Болар іс болып, бояуы сіңгесін, бір аптадан соң екеуміз қол ұстасып, қалаға келдік. Пәтер жалдадық. Осы Алматының қуыс-қуысында біз тұрмаған баспана қалмаған шығар. Бір жылдан соң өмірге сен келдің…Ата-әжең сүп-сүйкімді, сары үрпек балапан тәрізді сені көрген соң, ашу-реніштерін бірден ұмытты. Бәріміз бір үйде бірге тұрдық. Сосын әкең жұмыс орнынан су жаңа пәтер алды. Жас маман ретінде. Кейін менің әке-шешеммен араласа бастадық. Бәрі тамаша еді-ау! Әттең!.. – Майя Борисовнаның көзінен аққан мөлдір жасы омырауына тамды.
— Әкемді өлтірген жауыздар қолыма түссе ғой, шіркін! Онда олардың бетіне былш еткізе түкіріп, өз қолыммен аямай өлтірер едім!-деді әкесінің ерке Әлпеші кіжіне. Иығына төгілген алтын сары шашын жылмита жинап, тас төбесіне байлап алған, қол-аяғы балғадай, екі беті алмадай ажарлы әйел сөніп қалған сүйріктей шылымын біз өкше туфлиімен мыжғылап таптады да шылым қорабына қайтадан қол созды.
***
Ай артынан ай, күн артынан күн зырылдап өтіп жатыр. Жайнаған жазды сарғайған күз алмастырды. Қос қарияның таңғы шәй үстінде: «Маратжанның өліміне тікелей қатысы бар адамдар қашан ұсталар екен?», «Полиция кісі өлтірушілердің ізіне түсті ме екен?» дегеннен басқа бір-біріне айтар әңгімесі де жоқ еді. Кей-кейде Аманжол ақсақал Мараттың бала күнгі жолдасына телефон шалып, жаңалық бар-жоғын сұрап қояды. Ол да: «Күтіңіздер, хабар өзімізден болады»,-деуден танар емес. Күтеді ғой, күтпегенде қайда кетсін. Тек істің ұзаққа созылып бара жатқаны ғана көңіл алаңдатады. Уақыт ұзаған сайын, із басылып, су аяғы құрдым болмаса жарар еді-ау! Екеуінің қазіргі уайымдары жалғыз – сол.
Жұма сайын такси шақырып, Кеңсайдағы үлкен қорымға барып қайту олардың бұлжымас әдетіне айнала бастаған. Бүгін де екеуі бір-біріне сүйеніп, ентіге демалып, әр жерге бір тоқтап, бейіт басына ақырын-ақырын көтеріліп келе жатқан. Кенет екі-үш жасар ер бала жетектеген, бидай өңді, сұңғақ бойлы, жас келіншек бұларға қарсы кездесті. Жасы үлкен кісілердің тұсынан кердең басып өте шықпай, жол жиегінде сәл бөгелді. Тұнжыр қара көзін төмен салып, ерінін жыбырлата сәлемдесу ишарасын жасағандай болды. Аманжол ақсақал иман жүзді, биязы мінезді, сүйкімді келіншектің соңынан еріксіз қарап қалды да:
— Жастай жесір қалу қандай ауыр! Байғұстың баласы да әлі кішкентай екен,-деді аяушылыққа толы үнмен.
— Қайта, әйтеуір, марқұмның артында ұлы қалған екен! «Орнында бар оңалар»,-деп Ақмарал бәйбіше, оларды көзбен ұзатып салып, көкірек жара күрсінді.
— Ойпырмай, бізден сәл бұрын Майя келін келіп-кетіпті ғой,-деді отағасы ақ кірпіштен соғылған төрт құлақ бейітке жетер-жетпестен.
— Оны қайдан білдің?-деп қайран қалды Құдай қосқан қосағы.
— Маратжанның құлпытасына бір шоқ гүл қойып кетіпті,-деді Аманжол ақсақал. Сиреп, селдірей бастаған шашын көкшіл сұр бояумен бояп, жағын бастыра, мойнын қылғындырып қоңыр орамал байлаған кербез кемпірі:
— А, солай ма? Бірге барайық деп бізге неге айтпады екен онда?-деп таңғалды.
— Қанша дегенмен, ыңғайсызданатын шығар. Басқа діннің адамы ғой,-деп жуып-шайды бұйра шашы ақша бұлттай будыраған, қалың көзәйнекті арық шал. Ол жатқа білетін жалғыз «құлқулласын» қақалып-шашалып, оқып болғасын, Ақмарал бәйбіше:
— Сен өткенде байқадың ба, жоқ па, молда құран оқып жатқанда, біздің келін үнемі әр нәрсені сылтауратып, бөлмеден шығып кетіп жүрді ғой, – деді.
— А, солай ма?!. – Ақ бас шал таңдана бас шайқады.
— Шешесі тұрмақ, осы біздің Әлпештің де алақанын жайып, бетін сипағанын бір көрмедім,-деді кемпірі өкпесі қара қазандай болып.
— Біз өле-өлгенше баламызға құран бағыштаумен өтерміз. Бірақ біз кеткен соң, екеумізге арнап кім құран оқыр дейсің?!-деп шал қамыға бас шайқады.
***
Түн баласы дөңбекшіп, мамықтай төсегі жамбасына тастай батып, көрер таңды көзімен атырған Ақмарал ханым таң алдында талмаусырай жатып, кірпік іліп еді. Түсінде, қалың қорым ішінде екеуіне имене жол берген ибалы келіншекпен тағы кездесіп қалыпты. Қасына ерткен кішкентай баласы: «Ата! Әже!»-деп құлдыраңдай құшағын жая жүгіріп келіп, бұлардың бауырына алма-кезек тығылсын. Атасы оны біресе қос қолымен әуелете көтеріп, біресе, құшырлана иіскеп, құшағына қысады. Бұл да оның томпиған бетінен мейірлене сүйіп, жүрегі елжіреп, көңілі қуанышқа толып жатқанда оянып кеткені. Жаңағы тамаша түстің жалғасын көргісі келді ме, көзін тарс жұмып, жылы төсегінен тұрмастан, сол күні тал түске дейін жатты. Оның бұл жатысын ауырып қалдыға жорыған шалы іштей мазасызданып, ақыры шыдай алмай, немересіне телефон шалды.
Түске таман үйге Майя мен Альфия келді. Үй иелері жабырқау болған соң ба, үйдің іші де күңгірт тартып тұр еді. Ақырын ғана сыбырласып, қайын атасымен амандық-саулық сұрасқаннан кейін, келіні аяғының ұшымен жүріп, сөмкесінен түрлі аспаптарын шығарды. Енесінің қан қысымын өлшеп, жүрек қағысын тыңдады. Қанша дегенмен, күрт күйзеліске түскен ағзада өзгерістер бар екен. Өзімен бірге ала келген түрлі дәрі-дәрмектері мен дәрумендерін берді. Балаша қалбаң қаққан Аманжол Ахметұлы: «Бақытты бол, қарағым! Көзіңнің ағы мен қарасындай жалғыз перзентіңнің қызығын көр!»-деп жүрек жарды тілектерін жаудырсын. Дәмге толы дастархан басында үн-түнсіз шәй сораптай бергенше әңгіме болсын деді ме, сәлден соң:
— Кеше кемпір екеуміз сүйретіліп Маратжанның басына тағы да барып қайттық,-деді.
— Аташка, барғандарыңыз дұрыс болған екен! Біз де барамыз деп көптен бері жоспарлап жүрміз. Мамамның жұмыстан қолы босар емес тіпті. Мен жалғыз өзім Кеңсайға бара алмаймын ғой. Самсаған моладан сескенемін,-деді Әлпеш қолындағы телефонын шұқылаған қалпы. Атасы мен әжесі бір-біріне сұраулы жүзбен жалт қарасты.
— Бізден сәл бұрын біреу әкеңнің құлыптасына бір шоқ райхан гүлін қойып кетіпті. Біз сендер келіп-кеткен шығар деп ойласақ,-деді Ақмарал ханым. Майяның түсі бұзылып, қабағы күрт түйілді. Әлде енесіне солай көрінді ме.
— Маратик кезінде талай адамды ажалдан алып қалған мықты хирург емес пе?! Рухына тағзым етуге келген адамдардың бірі шығар?!-деді сәлден соң Майя Борисовна жайбарақат үнмен.
— Ия, сенің әкеңді жұрт «Қолы алтын хирург» деп бекерден бекер айтпаған шығар, Әлпешжан! –деді атасы.
— Жарығым талайды ажалдан құтқарып еді, ал өзінің ажалына ешкім араша түсе алмады ғой, -деді әжесі дауысы бұзыла, иегі кемсеңдеп.
— Кеше тергеуші жігітпен хабарластым. Ілік болар ештеңе таппай жатыр екен. Қылмыскер өте әккі біреу сияқты. Оқиға орнында ешқандай із қалдырмапты. Қолғап киіп алған-ау, еш жерде саусақ таңбасы да жоқ екен,-деді Аманжол ақсақал. Дастархан басындағыларға шәй құйып, өз ойымен өзі тұқшия тұнжырап отырған Майяның өңі құбылып:
— А, солай деді ме? Түк із қалдырмап па сонда?-деп, төмен салбыраған басын оқыс көтеріп алды.
***
Телефонға телміріп, хабар күтіп қашанғы отырсын, жалғыз ұлынан қапияда көз жазған қария шыдай алмай, таныс тергеушіге өз аяғымен барған. Жылы жүзді, қарапайым жігіт елпілдеп қарсы алды.
— Аманжол Ахметұлы, Сізден несін жасырайын, бастапқыда балаңыздың бас дәрігер болғанын көре алмай, аяғынан шалған бәсекелес, бақталас біреулер болды ма деген күдіктенгенбіз.
— Сосын?..
— Сосын оның бұрынғы жұмыстастарымен де, жақын араласатын жора-жолдастарымен де жақсылап сөйлестік. Бәрі де оның ешқашан ешкіммен дауласпағанын, ешкіммен жауласпағанын, өз ісін жетік білетін мықты маман, ұжымда сыйлы азамат болғанын, адамгершілігі жоғары жігіт екенін айтты,-деді тергеуші жігіт.
— Айналайын-ау, Маратжан керек десең, тіпті сол бас дәрігерлік орынға қызыққан да емес қой. Тәжірибесі мол, жасы үлкен дәрігерлерге жол беріп, ұсынған қызметтен бірден бас тартыпты. «Сен жассың. Күш-қуатың мол. Оның үстіне шетелден алған білімің де, тәжірибең де бар. Сырттан келетін бөтен біреу емес, сенің басшы болғаныңды қалаймыз!»-деп, ұжымдастары қоймағасын, ақыры келісіпті ғой. Өткенде жаназасына келгендер айтып отырды. Өзінің артық-ауыс әңгімемен ісі жоқ еді ғой, біз соның бірін білмейміз, -деді әкесі байыппен.
— Аманжол Ахметұлы, өзіңіз де білетін шығарсыз, қазір мемлекет денсаулық саласына аса үлкен көлемде қаржы бөліп жатыр. Отандық медицинаны жақсарту мақсатында. Рак, СПИД, туберкулез ауруларын емдеу жергілікті халыққа енді тегін. Шынымды айтайын, мол ақша жүрген жерде бір шикілік шығып қала ма деп те қауіптенгенбіз.
— «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деп ойлаған шығарсыңдар. Дұрыс қой…
— Жауапты органдардың білдей мамандары емхананың қаржылық істерін, ішкі-сыртқы шаруаларын қатаң тексерістен өткізді. Оның артынан сөз еретіндей бір ілік шыққан жоқ,-деді тергеуші жігіт.
— Аллаға шүкір! – деп әкесі толқығаннан көзіне келген жасына ірке алмай, үнсіз отырып қалды. Қаққан қазықтай қақшиған, ұзын бойлы, қағылез жігіт білегіндегі сағатына қарап қойып:
— Аманжол Ахметұлы, кешіріңіз, бүгін біраз уақытыңызды алдым. Тергеу жұмыстары әлі біткен жоқ. Қанша уақыттан бері қол қусырып қарап жүрмегенімізді сіздер білсін деп, атқарған ісіміздің шет-жағасын ғана айтып отырмын. Шын қылмыскерді қайткенде қолға түсіреміз. Соған бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Алла жазса, таяу арада тағы кездесерміз. Аман-сау болыңыз!-деп, қатқылдау үнмен, сәл ресми қоштасты.
Баласы қайтқалы еңсесі түсіп, үнемі жабырқау жүретін Аманжол Ахметұлы Мараты үшін ешкімнің алдында қызармағанына мың сан мәрте шүкіршілік етті. Жүрегін бір мақтаныш кернеп бара жатқандай, оған деген ризашылық сезімін ішіне жасыра алмады. «Бала күніңнен ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың. Өзгенің кемесі өрге жүзсе, өзіңнің жетістігіңдей қуанатын едің, құлыным-ау!» деп, үйге жеткенше жалғыз ұлының рухымен тілдесумен болды.
***
Майя Борисовна күндіз жұмысқа алданып, басына түскен бақытсыздығын бір сәт ұмытқандай болғанымен, кешкісін аяғына біреу ауыр тас байлап қойғандай, алға басқан қадамы артқа кетіп, өз үйіне кіруге жүрексінетін. Жұмыстан шаршап шығып, көлік кептелісіне тап болып, үйге құр сүлдесін сүйреп келгенде, шамдары өшулі қараңғы пәтерге кірудің өзі бір ақырет екен. Қызы сабақтан кеш келген кездері үңгірдей үңірейген үйдің әр бөлмесі қандай үрейлі десеңші! Ішке кіруге бетінен басатын. Аяқ басқан сайын жаңғыра күңгірлеп тұратын сияқты ма, қалай өзі?!
Кейде қызы сабағынан ерте келсе, ас үйде май мен жуа шыжғырып, жеңіл-желпі бірдеңе пісіріп жатады. Жаны жабырқау анасының ендігі жалғыз қуанышы – тек Альфиясы ғой. Алдынан шығып, бетінен сүйіп, қолындағы сөмкесін алады, сырт киімін ілгішке іледі. Майя Борисовна тамаққа түк зауқы соқпаса да еліктің лағындай сүйкімді қызының көңілі үшін аузына тамақ салған болады. Қашанғы өз үйінен өзі қаймығып, үй маңындағы дүкендерді аралап, саябақты шарлай берсін, жауын-шашынды күндері амал жоқ, Альфиясының келуін күтпей, ішке кіруге мәжбүр болады.
Ол бүгін тұла бойы қалтырап, денесі тоңа бастаған соң үйіне лажсыз кірді. Жылы су себелеген себезгі астында біраз тұрды да түгі жұмсақ аппақ халатын айқара жамылып, денеге жайлы, көлдей көрпесіне сүңгіп кетті. Әшейінде түнімен кірпігі ілінбей, таң атқанша кең төсекте ауға түскен алабұғадай аласұрып шығатын ол, бірден маужырай бастады. Қалың ұйқыда жатқан, кенет бетіне біреу төніп тұрғандай болды. Бірден көзін ашуға батылы жетпей, өтірік ұйықтағансып жата берді. Керуетті сәл ғана сықырлатып, біреу төсекке жатты. Ұйқылы-ояу: «Е,е…е, Маратик үйге енді келіп жатыр екен-ау!»-деп ойлады ол. Бас дәрігер болғалы, жұмысын сылтауратып, күйеуінің үйге кеш келетін кездері тым жиілеп кеткен еді. Таңғы асты шала-шарпы ішіп, кейде тіпті оразасын ашпастан, үйден асығыс шығып бара жататын жарын енді мәңгі көрмейтіні, оның бұл өмірде жоқ екені кенет есіне түсті. Сол сол-ақ екен, өз ойынан өзі шошып, көпке дейін есін жия алмай қалды. Сонда, кең төсектің арғы басында ақырын ғана тыныстап, ұйықтап жатқан кім болғаны? Оқыс қимылдаса, жанында жатқан белгісіз біреу алқымынан алып, буындырып тастардай зәресі ұшсын. Күні кеше ғана қойындасып бірге жататын Мараты өлген соң үрейлі елеске айналып кеткені ме?
Талмаусырай жатып, таңға жуық көзі ілінді. Түс көрді. Бастан-аяқ ақ шүберекке оранған, өңі де сол ақ шүберектей қан-сөлсіз Марат бұл мінген машинаның артынан қуып келеді екен. Шіркіннің жүйрігін-ай! Тіпті аяғы-аяғына тимейді. Үстіндегі ақ кебіні желмен желпілдеп, жүгіріп келеді. Жалаңаш денесі жарқ-жұрқ етіп, зуылдаған жүйрік қөліктен қалар емес. Біраздан соң оранған шүберегі ағытылып, жерге шұбатылды. Ақыры, көзінің аңғары үңірейген, тістері ақсиған, құлақ, мұрыннан жұрдай қу қаңқа көлікті қуып жетіп, кесе көлденең тұра қалды да: «Менімен бірге жүр! Бол, кеттік!»-деп, бұны қолынан тартқыласын. Қолы қандай тастай еді! Сықырлаған қу сүйек! Оның көк темірдей шеңгелінен қалай құтыларын білмей, қол-ағы ербеңдеп, жанталаса арпалысып жатып оянып кетті. Бірақ, дүк-дүк етіп кеудесін ұрған асау жүрегінің дүрсілін басуға дәрмені жетпей, жаны мұрнының ұшына келсін.
Таң ағарып атқанша көрген түсі көз алдына келіп, қанша ойламайын десе де миында шыр айналып тұрып алды. Сәлден соң, ұйқыашар сағат шырылдап қоя бергені. Ол сол дыбысты арқаланып, орнынан атып тұрды. Бойындағы бар батылдығын жиып алды да төсегінің арғы басына еппен көз қиығын тастады. Шынымен, біреу көрпесін тарс бүркеніп, мұрыны пысылдап ұйықтап жатыр екен. Жүрегі ауызынан шығып кете жаздасын.
Өлгеніне бірер ай болған адам көрден шығып, үйіне келіп, таң атқанша өз төсегінде ұйықтапты дегенді өмірі естімеген ол: «О, Құдайым, ақылым ауысып кетпесе жарар еді!» -деп, көзін тарс жұмып, көкке қарай қолын жайып, ішінен Ұлы Жаратушыға жалынып, жалбарына бастады. Керует тағы сықырлағандай болды. Дереу көзін ашып жіберіп, төсекке қайта қараған: сүп-сүйкімді башпайлар көзіне оттай басылсын. Тырнақтары күрең түске боялған таныс башпайлар. Басын тарс бүркеген балауса қызы ыстықтап, көлдей көрпені теуіп тастаған ба, жіп-жіңішке, түп-түзу бір сирағы сәл ашылып қалыпты. Майя Борисовнаның қуанғаннан көзінен жас шығып кетті. Қазақтардың «Қорыққан мен қуанған бір» дейтіні рас-ау, сасқанынан:
— Тұр, тал түске дейін жата бермей! Сабағыңа кешігесің!-деп қызына айғай салсын.
— Ой, мам, бүгін демалыс емес пе? Адам бір алаңсыз ұйықтайын десе…Не болды сонша айғайлап? – Альфия әрі қарай аунап түсті де қайтадан мұрыны пысылдап, тәтті ұйқыға шым батты.
***
Майя Борисовна соңғы күндері мүлде ұйқыдан қалды. Көзі ілінсе болды: шытырман түстер көреді. Басы да, аяғы да жоқ, ылғи бір үрейлі түстер. Үсті-басы қызы-ала қан Марат сүйретіліп үйге кіріп келе жата ма, Құдай-ау! «Сен қанымның түгел ағып кеткенін күтіп отырасың ба? Неге маған «Жедел жәрдем» шақырмайсың?»-деп ренжиді екен…
Бүгін де бастырылығып жатып, ұйқысынан әзер оянды. Қызы сабаққа кетіпті. Жалғыз өзі кофе қайнатып, таңғы асын ішкелі отырған, кенет ыдыстағы қою қоңыр кофе емес, Мараттың ып-ыстық күрең қаны секілді сезінсін. Ауызына апара бере, лоқсып, ваннаға қарай тұра жүгірді. Түнімен дұрыс ұйықтай алмаған соң ба, түймедей нәрсе көзіне түйедей көріне бастады. Ет асса, тап бір күйеуінің етін пісіріп жатқандай болады. Бір түйір ет жеуден қалды. Жалғыз қалса, дереу марқұм Маратының елесі жанынан табыла кетеді.
Күннен күнге жүдеп-жадап, көзі шүңірейіп, жағы қушиып, қу сүйегі ғана қалған Майяны тек жұмыстастары да, көршілері мен таныстары да іштей қатты аяйтын. Ата-енесі де анда-санда үйге келгенде, оның тірі аруаққа айналған түрін көріп: «Ой, дүние-ай! Екеуі бір-біріне өлердей ғашық болып еді. Қандай қиындықпен қосылды. Жиырма бес жылдай бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір кешті. Бұл байғұсқа сүйген жарынан айрылу қайдан оңай болсын енді!»-деп, аяушылықпен қарайтын. Сосын: «Айналайын, өлгеннің артынан өлмек жоқ. Тірі адам тіршілігін жасайды. Мына жалғыз қызыңның қызығын көруің керек. Қайғыға бұлай беріле берме, оның түбі де, шеті мен шегі де жоқ. Өз-өзіңе қара, дәрігерге көрін»,-деп жалына бастады.
Оның өзі де дәрігерге қаралып, ем-дом алмаса, жағдайының жақсармайтынын түсінді. Қашанғы ұйықтататын дәрімен жүрсін. Жүйке тыныштандыратын дәрі-дәрмекке сүйеніп кетсе, кейін халі не болмақ? Амал жоқ, қызын ата-әжесінің үйіне жіберіп, жыл құстары жылы жаққа қайтып жатқан кезде, өзі жүйке ауруларына арналған аурухана табалдырығын аттады.
***
Ауыр қайғыдан қан жұтып, қабырғалары қайысқан Аманжол ақсақал мен Ақмарал бәйбішені іргелес көршілері мен байырғы жолдас-жоралары алма-кезек «көңіл шайға» шақыра бастады. Бастапқыда екеуі түрлі-түрлі сылтау айтып, ат-тондарын ала қашатын. Артынан жанашыр жұрт қайғымызға ортақтасып, шын ықылас-пейілмен, дәмге шақырып жатқанда, бас тартуымыз ұят болар деп ойлады. Сол «көңіл шайға» барған үйлерінің бірінде жиналған адамдар бастапқыда мың құбылған ауа-райын, орыс пен украин арасындағы соғыстың созылып бара жатқанын, базардағы шарықтап кеткен бағаны тиіп-қашып, тілге тиек етіп отырған. Көп ұзамай, солардың біреуі Құранға қарап бал ашатын бір керемет сәуегей жайлы сөз қозғасын.
— «Алдағыны Алла біледі». Көріпкел, балгер, құмалақшыларға бару – үлкен күнә. Аллаға серік қосу, – деді келген қонақтардың бірі жақтырмай. Сол, сол-ақ екен, бағзы көршілер жан-жақтан өз ой-пікірлерін жапырлай ортаға сала бастады:
— Ой, біздің діндарлар ән салуды да, сурет салуды да күнә дей береді. Бала кезімізде малы жоғалғандар құмалақшы, балгерлерге баратын.
— Құран оқи отырып қара суды теріс ағызатындар жайлы оқып ем…
— Малдың қу жауырынына қарап отырып, алдағы қыстың күн-райын керемет болжайтын мықты сәуегейлер болған ғой баяғыда…
— Психикалық ауруларды емдеуге қазіргі медицинаның қауқары жетпейді. Жынданып кеткен небір сырқат адамдарды ерте заманда тек қасиеті күшті бақсылар ғана емдеп жазыпты.
— Біздің бала кезімізде ауылымызда сынықшы бір әже болды. Жеті атасынан бері тұқым қуған сынықшының ұрпағы еді. Ол кісі қыста шанамен жотадан сырғанап ойнап жүріп, трактор басып кеткен баланы қол-аяғын ақырын сипалап отырып, салып берген. Кейін жер аяғы кеңігесін, әкесі аудандық ауруханаға апарып, рентгенге түсіртсе, быт-шыт болған уақ сүйектеріне дейін орын-орынына түскен екен. Қазір сол жігіт аман-сау, балдақсыз-ақ шауып жүр,-деді төрде отырған шалдардың бірі.
— Ия, ондай кісілерден «күнә» деп теріс айналу, меніңше, дұрыс емес. Жаратушы Жалғыз Иеміз олардың бойына елде жоқ ерекше қасиетті бекер берді дейсің бе? Қиындыққа тап болған, мұқтаж адамдарға көмектессін деп берген шығар. Сондықтан, олардың айрықша қабылеттерін орнымен пайдалану керек,-деп, кеш соңында қонақтар бір мәмілеге келгендей болды.
***
Үйге келген соң да, екі-үш күнге дейін қалың ой құшағынан шыға алмай жүрген Ақмарал бәйбіше: «Сен қарсы болмасаң, мен әлгі жұрт айтып жүрген көріпкелге барайын. Құран аштырып, Маратжанды кім өлтіргенін сұрап көрейін. Егер шынымен де қасиеті мықты болса, баламыздың ажалына кім себепкер болғанын айтар»,-деді. Қаншама жыл облыстық газетте тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор болған Аманжол Ахметұлы «Біздің көріпкел жағалап жүргенімізді таныс біреулер көріп қалса қайтеміз?» – деп, он ойланып, жүз толғанып, бірнеше күн үнсіз жүрді. Ақыры жалған намысты қойып, «Жұрт не ойласа, соны ойласын. Қашанғы басқалардың қас-қабағына жалтақтай береміз?»-деп, бәйбішесінің көңілі үшін, сәуегейге баруға келісімін берді.
Оның бір өзін жібергісі келмей, әркімнен сұрастыра жүріп, әзер дегенде қалаға іргелес ауылдардың бірінде тұратын көріпкел әйелдің үйін тапқан. Тал-терегі мол, тып-тыныш көшенің басындағы қос қабат зәулім сарайда тұрады екен. Кең ауланың бір шетінде кісі қабылдайтын шағын үйшігінің кірер ауызы қаптаған адам. Тіпті ине шаншар жер жоқ..
Кезек күтіп отырғандардың бір-біріне сыбырласа айтқан әңгімелеріне қарағанда, көбі күйеуі көзіне шөп салған келіншектер мен жігіті тастап кеткен қыздар сияқты. Сақалды басымен солардың ортасында отырғанына қымсынған Аманжол Ахметұлы, тіпті келгеніне іштей өкіне бастады. Шешінген судан тайынбас, ақыры келдік қой, сабыр сақтайын деп, өзін-өзі қолға алғаны сол еді, түпкі бөлменің есігі айқара ашылып, қасы-көзі қап-қара, көрікті келіншек басын қылтитты. Бет пішімі ұйғыр, не түрік ұлтына келеді екен. Емшінің көмекшісі шығар деп жорыды бұл.
— Қазір сіздер кезексіз кіріңіздер,-деді таза қазақша. Екеуі асығып-аптығып, сүрініп-қабынып, іркес-тіркес табалдырықтан аттады. Қақ төрдегі биік үстелдің басында жаңағы жас әйел отыр екен. Екі жағында жіп-жіңішке екі шырақ лып-лып етіп жанып тұр. Бұл бөлменің де қабырғаларына алтын әріппен жазылған арабша сөздерді картина құсатып, қатар-қатар іліп қойыпты. Сірә, Құран сүрелері болар деп жорыды.
— Жеке суретін әкелдіңіздер ме?-деді ол бірден. Ерлі-зайыпты екеуі бір-бірінің бетіне жалт қарасты.
— Телефонымызда бар ғой…Қазір, қазір,-деп Аманжол Ахметұлы қалбалақтап, сасқалақтап, қолындағы қалта телефонын ашып, баласының фотосуретін тапқанша қатты абдырады. Ақ орамалды көріпкел әйел суретке кірпік қақпастан қадала қарап отырып, еріні күбірлеп Құран сүрелерін оқи бастады. Сосын көзі жасаурап, дауысы дірілдеп:
— Балаңыз кісі қолынан мерт болған екен, -деп, аз-кем үнсіз қалды. Сәлден соң:
— Кешіру де, түрмеге қамату да өз қолдарыңызда. Жақсы көру мен жек көрудің арасы бір-ақ қадам!-деді сенімді үнмен. Естіген сөздерін бойларына сіңіре алмай, қос қария меңірейе отырып қалды.
— Келесі адам, кіріңіз!-деп дауыстады сәуегей әйел…
***
Ертеңіне Мараттың тергеуші жолдасы ойда-жоқта үйге қоңырау шалып, амандық-саулық сұрасты. «Аманжол Ахметұлы, орталық саябаққа жалғыз өзіңіз келе аласыз ба? Бір әңгіме бар еді»,-деді. Жазған құлда шаршау бар ма, бұл құнжыңдап, дереу сырт киіміне жармасты.
— Телефон соққан кім екен?-деді кемпірі.
— Ой, кім болушы еді, бір банктен хабарласты. «Кредит аласыз ба?» дейді. Кредиті құрсын, оны қайтемін?-деді бұл түбіт шалғысын мойнына орап жатып.
— Ау, отағасы, қызбен кездесуге баратын жас жігіт құсап, тәуір киініп, қайда кетіп барасыз? – деді Ақмарал бәйбіше кекесінмен.
— Үйде отыра-отыра ішім пысып кетті. Көшеге шығып, қан таратып, саябақта біраз серуендеп келсем бе дегем,-деп күмілжіді бұл.
— Ертерек айтпадың ба, мен де бірге шығатын едім ғой,- деп күңкілдеді Ақмарал ханым.
— Ой, бәйбіше, сені білемін ғой, ырғалып-жырғалып үйден шығамын дегенше, күн батып кетер. Одан да Әлпеш сабақтан келген соң, екеуің Майя келіннің хал-жағдайын біліп келерсіңдер,-деді де, зып етіп үйден шығып кетті. Енді сәл бөгелсе, жұбайы етегінен ұстап, жібермей қалардай, жанталасып такси ұстады.
—Шақырған уақытынан бұрын барған екен. Жапырақтары түсіп, сидиып, құр қаңқасы ғана қалған зәулім ағаштарды ұзақ аралады. Көптен өз ойымен өзі оңаша қалғаны осы еді. «Ойпырмай, жалғыз өзімді неге шақырды екен? Кемпірімнен жасырып, маған не айтпақ болды екен?»-дей берді ішінен. Біреуді күткен кезде уақыт өтіп бола ма?!. Тұла бойын, қойны-қонышын күзгі қара суық тіміскілей тінткені сонша, қол-аяғы тоңып, тісі-тісіне тимей, күллі денесі қалтырай бастады.
Жерге тапталып, алды шіри бастаған, қара ала, сары ала қалың жапырақты кешіп, терең ой үстінде келе жатқан таныс жігітті алыстан көзі шалған оның жүрегі солқ ете түскендей болды. «Өлер балам өлді. Енді неден қорқамын?.. Алланың басқа салған сынағын қасқайып тұрып қарсы алайын»,-деп ойлаған ол, бойындағы бар күш-қуатын жинауға тырысты.
— Аманжол Ахметұлы, аман-сау жүрсіз бе? Апамыз қалай?-деді қол алып, амандық сұрасқан тергеуші жігіт байыпты үнмен.
— Шүкіршілік етіп отырмыз ғой,-деді бұл барынша жайбарақат көрінуге тырысып.
— Келгеніңізге көп болды ма? Суық тиіп ауырып қалмаңыз әйтеуір. Жүріңіз, жақын маңдағы бір кафеге барайық. Ыстық шәй ме, кофе ме, бірдеңе ішейік,-деп тергеуші жігіт бәйек болсын.
— Жарайды, қарағым, барсақ барайық,-деп, бұл оның сөзін құптай кетті.
Бір аққұман сүтті шәй мен ыстық самсаларға тапсырыс беріп, жайлы орынға жайғасқан соң, Аманжол Ахметұлы:
— Не жаңалық айтасың, қарағым?-деп, қасындағы жігіттің көзіне қадала қарады.
Бірі – жақсы, екіншісі – жаман хабар. Қайсысынан бастайын?-деді ол, ыстық шәйін қолындағы қасығымен асықпай былғап отырып. Ақсақал аз-кем ойланып қалды. Сосын:
— Жақсы хабарыңнан бастай бер. Жаманат қайда қашар дейсің?-деді жүрегі дүрс-дүрс етіп.
— Сүйінші! Мараттың Мұрат деген үш жасар ұлы бар екен,-деді тергеуші жігіт ақырын, бірақ анық үнмен. Басқаны күтсе де, бұндай жаңалықты күтпеген Аманжол ақсақал не күлерін, не жыларын білмей, сасқалақтап қалды.
— Баланың анасы – Құралай деген қазақ қызы. Мараттан он жастай кіші.
— Ол да дәрігер ме екен?-деді ол аузына басқа сөз түспей.
— Жоқ. Журналист. Сірә, Мараттан сұхбат алуға келіп, бір-бірін ұнатып қалған-ау!-деді тергеуші жігіт ыстық шәйін үрлей ішіп отырып. Ал ақсақал болса, тас мүсін құсап қақшиған қалпы, отырған орнынан қимылдауға қаймықты. Тіпті өз құлағына өзі сенбеді. «Бұл бір тәтті түсім болмаса жарар еді!»- деп ойлады.
— Артында шаңыраққа ие болар ұлы қалыпты, соған да шүкір етіңіз! –деді жанындағы жігіт. Аманжол Ахметұлы көзінен ыршыған мөлдір тамшыларға ие бола алмай қалды. Өлгені тіріліп, өшкені жанғандай болған ол:
— Шүкір, Аллаға, мың сан шүкір, – деді күбірлеп. Екі көзінен тарамдала аққан ып-ыстық жасын сүртпестен үн-түнсіз ұзақ отырды.
— Енді жағымсыз жаңалығыңды айта бер, қарағым!- Ұзаққа созылған үнсіздікті оның сәл қарлығыңқы үні бұзды. Тергеуші жігіт көз әйнекті арық шалдың бетіне зер сала, байыппен қарады. Сосын:
— Мараттың үйіне жақын маңдағы автотұрақтың және азық-түлік дүкенінің сыртқы бейне бақылау камераларын тексердік. Марат әйелінің чемоданын үйге кіргізе салып, өз көлігіне асығыс мініпті. Іле-шала Майя Борисовна да сыртқа атып шығып, үйдің тап қасынан жанұшыра такси ұстап, күйеуінің ізіне түскен екен…-деді күмілжи отырып.
— Жо-жоқ, олай болуы мүмкін емес! Бұл – жала! Ол екеуі бір-бірін өлердей жақсы көріп қосылған! – деді Аманжол Ахметұлы ышқына дауыстап.
— Мен Сізден бұрын, алдымен Майя Борисовнамен жолықтым. Күйеуінің басқа жанға көңілі ауғанын ол көптен бері сезіп жүр екен. Сол қанды оқиға болатын түні Мараттың ізінен қалмай, таксимен ілесе отырып, әлгі журналист қыз тұратын үйдің жанына барыпты. Мараттың машинасы тоқтай бергенде, бірден көлігіне баса-көктей кіріпті. Қызғаныштан қаны қарайып, көзі түк көрмеген ызалы әйел ашу үстінде өз-өзін ұстай алмапты. Үйден шығарда қолына іліккен асүй пышағын бірден күйеуінің қақ жүрегіне сұғыпты. Қанша дегенмен, адамның жанды жерлерін жақсы білетін дәрігер емес пе… Қан әбден атқылап, соңғы тамшысы сарқылғанша тапжылмай отырып, есіктің тұтқасын, өз қолының ізі қалады-ау деген жерлердің бәрін мұқият сүртіпті. Сосын қан шашыраған өзінің ақ плащын шешіп, ішкі астарын сыртқа айналдырып, білегіне іле сала, жанұшырып, үлкен көшеге шығыпты. Өзінің айтуынша, бірден такси ұстап, келген ізімен кері қайтыпты.
Машинаның алдыңғы есігін әдейі ашып кеткен екен. Көшеде қыдырып жүрген біреулер көл-көсір қанға малшынып жатқан адамды көріп, «жедел жәрдем» шақырыпты. Дереу полиция да жетіпті. Ол үйге келе сала, қанға былғанған сырт киімін, сабы мен жүзіне қан қатқан өткір пышағын бір целлофан қалтаға салып, сырттағы қоқыс жәшікке апарып тастапты. Бұлтартпайтын дәлелдер келтіре отырып, бар кінәсін мойнына қойдым,-деді талайды көрген тергеуші жігіт бір сарынды қатқыл үнмен.
Жарын жанындай жақсы көретін жалғыз келінінен тап осындай қатыгездік күтпеген Аманжол ақсақал есінен танып қала жаздасын. Кеудесін тепкілеген байғұс жүрегін қос қолымен ұстаған қалпы, тастай қатып қалды. Көзінен бір тамшы да жас шыққан жоқ. Сірә, бағана сүйінішті хабар естіп, егіл-тегіл еңірегеннен сарқылып қалды ма екен.
— Қарағым,-деді біраздан соң тілге келіп, – Дүнияда намысы тапталып, бойын сұмдық қызғаныш билеген әйелзатынан қауіпті ешкім болмайды екен ғой!.. Соны осы жасқа келгенде енді ұқтым,-деді көзін бір нүктеге қадаған қалпы.
— Әлпешімнің жүрегін одан әрмен жаралағым келмейді. Өзі де ауыр қайғыдан еңсесін көтере алмай жүр. Енді оның шешесін түрмеге қаматсақ, әкесі тіріліп келе ме?!.
— Ой, аға, осындай адам айтқысыз ауыр қылмысқа барған күнәһар әйелді жазаға тартпай, жайдан-жай жібере саламыз ба сонда?
— «Ар жазасы – бар жазадан ауыр» дегенді ертеректе бір кітаптан оқып едім. Бейшара әйелдің онсыз да ар жазасынан азап шегіп, күндіз – күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғаны түрінен көрініп тұр ғой. Тірі аруақ сияқты. Өзің ойлап қарашы, дені сау адам, жайдан-жай, психдиспансерге бара ма?!.
— Бәлкім, жүйкесі ауыратындардың ауруханасына жатсам, түрмеден құтылармын деп ойлаған қулығы шығар?
— Жабулы қазан жабулы күйінде қалсын, қарағым! Ерте ме, кеш пе, бәріміз де Ұлы Жаратушының алдына барамыз. Сонда ол өз күнәсі үшін өзі жауап берер, – деді Аманжол Ахметұлы кесімді үнмен. Тергеуші жігіт не айтарын білмей, қос қолымен шекесін уқалай берді.
— Айтпақшы, маған әлгі журналист қыздың мекен-жайы мен телефонын жазып берші, қарағым. Алла ғұмыр берсе, енді бойдағы бар күш-қайрат, жиған-тергенімізді кішкентай Мұратжанға жұмсайық. Баламыздың артында қалған тұяғы ғой. Тездетіп үйге барып, әжесін қуантайын,-деді де орнынан серпіле сергек тұрды.