ЗАРЯ ЖҰМАНОВА. ТОБЫНАН АДАСҚАН ЖАЛҒЫЗ ТЫРНА

Кісі аяғы басылғасын, Айсәуле аумағы ат шаптырым кітапхананың еденін жуып жүрген. Маңдайынан сорғалаған ащы терін сүртуге мұршасы келмей. Кенет телефоны шырылдап қоя бергені. Жұдырықтай жүрегі абайсызда аузынан шығып кете жаздасын. Шіркіннің өрекпуін қайтерсің. Торға түскен торғай секілді. Беймезгіл шақта қоңыраулатқан Болат екен. Терең күрсініп алды да, аз-кем үнсіздіктен соң:

– Үйді сағынып жүрмін, – десін.

Үні біртүрлі қамығып шықты:

– Мені алып кетші!

Одан бұндай сөзді мүлде күтпеген. Айсәуле телефон тұтқасын тастай салып, дереу су толы шелегіне жармасты. Қолы – істе, ал іші – аласапыран ақ боран…

Бір ойы: «Бір рет опасыздық істеген адамға сенуге бола ма?», – деп кірпінің түгіндей тікірейсе, екінші ойы: «Адаспаймын дегенді тұман адастырады, шатаспаймын дегенді шайтан шатастырады. Адам шайтанына кезіккен шығар» деп екі араға алтын көпір салып әлек…

«Қайдағы шайтан? Өзі сұлу, өзі жас, бизнес-леди оның басына қонған бақыт құсы емес пе!» деп бір ойы жүрегіне қанжардай қадалса, «Барған жерінен бақыт тапса, бүгін саған хабарласар ма еді?» деп тағы бір ой жаралы жүрегінің сорғалаған қанын сүртеді.

Бақыт демекші… Бұрын қасында ол барда, Айсәуле өзін әлемдегі ең бақытты жан санайтын. «Жетімбұрыш» жағалап, қаланың әр жерінде сығандар құсап көшіп-қонып жүрсе де… Қызық! Ең алғаш бала кезінде өзінен бұрын суретін көрген. Көзін ты-ы-м алысқа қадап, қаламын тістелеп, ойға шомған кейпін… Әке-шешеден жастай айырылған қайсар қараның қалай ақын-жазушылар қатарына қосылғанын «жыр мен жұмбақ қып» айтушылар ауылда аз емес. (Өзіндей балалар жазғы демалыста ауылда ас ішіп, аяқ босатып, ертелі-кеш құр босқа көше кезіп жүргенде, ол жалаң аяғымен балшық езіп, ағаш қалыппен кірпіш бастырыпты. Жол пұлын өзі тауып, университетке түсіпті. Ешкімге алақан жаймастан…).

Сол кеткеннен мол кетіп, алып шаһарға судай сіңіп, тастай батқан, даңқы мен дақпыртына сырттай қанық «аңыз-ағамен» Айсәуле астанада жүздесті. Оқуға тырнағы ілінбей, ауылға қайтуға намыстанып, даяшы боп жүрген. У-шудан аулақ, оқшау көшелердің біріндегі шағын кафеге бір күні Болат бас сұқты. Бала кезден таныс бейне көзіне оттай басылсын. Жүрегі лүпілдеп, ен қаладан ең жақын адамын көргендей қатты қуанды.

– Болат аға, – деді, жатырқамай, жанына жетіп барып. Қолындағы ас мәзірі жазылған түрлі-түсті қатырма қағазға үңіліп отыр екен. «Құдай-ау, мынау қаршадай қыз мені қайдан біледі?» дегендей, ол да аң-таң. Ойлы жанары тым мұңды ма қалай?! Өмірінде тірі жазушыны жақыннан бір көрмеген ауыл қызына бәрі қызық, бәрі таңсық.

– Мені қайдан танисың? Кітабымды оқыдың ба?

Ол тіпті жалған сыпайылық үшін «сіз» деп сызылмастан, бірден «сенге» басты. Айсәуленің ойынша, туған қарындасындай өзімсіне, батыл сөйлеуі, өзінен жасы үлкен жігітке бек жарасымды еді. Қыз да қысылып-қымтырылмай шынын айтты:

– Суретіңізді бала кезден көріп жүрміз ғой. «Мектеп түлектері» деген бұрышта ілулі тұратын.

– Е…Атшоңқайдан келген екенсің ғой. Былтыр оқуға түсе алмадың. Биыл тағы бағыңды сынап көресің, – деді Айсәуленің бетіне зер сала қарап. Тап бір көріпкел, балгер сияқты. Тура ойын оқып қойғандай:

– Экономфак, юрфакты қайтесің? Одан да кітапханашының оқуына түс. Жаңа шыққан жақсы кітаптарды жұрттан бұрын оқисың, – деді. Оның ақыл-кеңесін бұлжымас заң деп ұқты ма, қыз үнсіз бас изеді.

Аузы дуалы ауылдас аға анда-санда ғана төбе көрсететін. Біраз уақыт көрінбей кетсе, сағына күтіп жүретін. Балауса қыздың таңғы шық­тай таза пейіліне тәнті болды ма, жоқ әлде, жанын түсінетін жаһандағы ең жақын адамы кезіккеніне анық көзі жетті ме:

– Айсәулеш, жақсылап, оқуға дайындал. Мен кітабымды аяқтайын. Баспадан қомақты қаламақы алғасын, әке-шешеңнің алдынан өтейік күзде, – деді Болат кесіп-пішкен үнмен. «Сүйем-күйем» демеді. Айсәуле институтқа түскен бойда, екеуі ауылға барған. Үлкендердің ақ батасын алмақ боп. «Бесіктен белің шыққан жоқ. Өмір көрген ересек жігіттің етегінен ұстауға неге асықтың?», – деп анасы көз жасын көлдетті. «Құда деп төс қағыстырып, құрметтеп төрге шығарар ешкімі жоқ тұлдыр жетімге желімдей жабысқаның не?!» – деп әкесі томсырайды…

Сауық-сайран, той-думансыз неке қидырды. Сүйріктей сәулелері дір-дір ете, желдің өтінде тұрған балауыз қос шырақ құсап, екеуі бір-біріне сүйене күн кешті. Айсәуле кітапханаға қызметке тұрды. Бірінің артынан бірі сәбилер өмір есігін ашты. Болат Жазушылар одағынан жайлы пәтер алды. Алдарынан қандай тағдыр тартуы күтіп тұрғанын қайдан білсін?!

Айсәуле жан мұздатар суық хабарды алғаш естігенде, біреу алмас қылышпен қабырғасын қақырата сөгіп, денесін қақ бөлгендей болды. Көпке дейін есеңгіреп, ес жия алмады. Талай түн кірпік ілмеді. Сан сауалға жауап таппай аласұрды. Тірліктің ащысын да, тұщысын да талай жыл бірге татқан жан жарын жамандыққа қия алмады. Бар кінәні өзінен іздеді. Өмірі оның бетіне бір жел боп тимесе де…

Болат – үй маңында қоқыс шұқитын қораз емес, сон-а-ау заңғар биікте самғау үшін жаралған ақиық қыран еді ғой. Бірақ… Күллі дүниені бір тарының қауызына сыйғызған өтпелі кезеңде қолжазбасын сандыққа салып, қызыл қарын жас бала мен қара қазан қамы үшін не істемеді ол. Ой, Алла-ай, басқа тартқан көрпесі аяққа жетпей, жігері құм боп жүрген кісіге де біреу өлердей ғашық болады екен-ау!? Оның талантына табынып, алтын басын жоғары бағалайтын, ең бастысы, алаңсыз кітап жазуына жағдай туғызатын қалтасы қалың «қалыңдықтың» кезігуі – тағдырдың «тосынсыйы» екенін әлі оң-солын тани қоймаған ұл-қыздарына қалай түсіндірсе екен. Сезімтал жүректерін ауыртпай, нәп-нәзік жандарын жараламай.

Өз қолымен көтерген шаңырағын ортаға түсіріп, жылы ұясынан кеткелі жатқан Болат емес, өзі құ­сап Айсәуленің басы қатты. «Қанаттары қатып, бұғаналары бекігесін балалар ақиқатты біле жатар. Ал қазір, Алла, өзің кеше гөр алдағанымды», – деп іштей сыйынды да, төрт көздері түгел кешкі асқа жиналғанда:

– Әкелеріңнің үй-күйсіз қаңғып жүрген бомждар туралы әңгімесі бар. Соны жазарда біраз уақыт үй бетін көрмеді. Сыз жертөлелерге солармен бірге түнеп, тұрмыс-тіршіліктерін егжей-тегжейлі зерттеген. Сендер онда кішкентай едіңдер… Естеріңде жоқ шығар. Содан соң маскүнемдер мен нашақорлар жайлы жазды, – деп бір әңгіменің шетін қылтитып еді, тұңғыш қызы іліп әкетті:

– Иә, оны жазғаны есімде. Тіпті алкаштар мен наркомандарды емдейтін жерге жатып шығып еді ғой. Бас дәрігермен келісіп…

– Иә, не жазса да, өз көзімен көріп, өзі әбден зерттеп барып жазатыны рас. Енді осы заманның «жаңа байлары» туралы үлкен бір дүние жазғалы жүр, – деді Айсәуле байыпты үнмен.

– Мәссаған! Енді олигархтармен бірге жүріп, бірге тұра ма?

– Сонда қалай? Олардың үйін күзете ме? Әлде көлігін жүргізе ме?

– Ұзақ бола ма? Үйге қашан келеді? – деп үшеуі сұрақты қарша бо­ратсын.

– Алдағыны Алла біледі… Ертеңнен бастап, өз күнімізді өзіміз көреміз. Ешқайсың оны мазалап, телефон шалмайсыңдар, – деді түсін суыта, қадап тұрып. Сол күннен бастап тас маңдайына жазылған тағдырына өзі де мойынсұна бастаған…

Енді бүгін аяқ астынан телефон шалып, жас бала құсап: «Мені алып кеті» несі-ей Оның?! Айсәуле әрі ойлап, бері ойлап, ақыры өкпе-ренішін ақылға жеңдіріп,  бармаққа бел буды. «Арқа жайлы болмаса, арқар ауып несі бар»… Мекен-жайын өзінен сұрап білді де, жұмыстан шыға сап, такси ұстады. Қарағай, шыршасы аралас, хош иісі танау қытықтайтын тау етегіндегі ертегідей қалашыққа енген бойда, басқа галактикаға тап болғандай күй кешті. Студент кезінде курстастарымен бірге осы маңнан алма теріп еді. Бұл жаққа аяқ баспағалы қай заман!.. Кинолардан ғана көретін зәулім сарайлар көздің жауын алады. Құдай-ау, өңі ме, түсі ме? Не деген керемет! Бұндай үйлерде тұратын адамдардың еш арманы жоқ шығар!.. Тамсана таңдай қағып, қызығып қарай берді.

– Апай, келдік, түсіңіз! – деп, таксист айтқанда барып, «шырт ұйқыдан» оянды. «Ұят-ай! Бекер келдім бе? Қазір анау әйелге не деймін? Мен де қызықпын, өзімді тастап кеткен еркектің сөзін жерге тастамай жетіп келгенім қалай?!» деп өзіне-өзі ренжіп тұрып, қақпаны қатты-қатты ұрып жіберген екен. Темір шынжырлар салдырлап, жан-жақтан иттер абалап, темір қақпаның ар жағынан ашулы күзетші атып шықты. Сау болғыр, Болаттың да дер кезінде шыға келгені мұндай жақсы болар ма. Оған ілесе алтын сары шашын тас төбесіне түйген аппақ келіншек те сыртқы есіктен басын қылтитты. Бұны көре сала:

– Ой, это вы?! Проходите, проходите! – деп құрақ ұшсын. Сірә, бұрын сыртынан көрсе керек. Ішке аяқ басқаннан-ақ, асылған сүр еттің тәбет оятар дәмді иісі танау қытықтап қоя берсін. Күні бойы нәр татпағаны Айсәуленің есіне енді түсті. Болат есік жақты көзбен нұсқап «кетейік!» деп ымдап әлек.

– Давайте, сядем за стол, а то еда остынет! – деп, ақсары келіншек, бұның ойлануына мұрша берместен, белін бұраңдатып, ас үйге бастады. Тап бір бұның келуін күтіп, екеуі ас ішпей отырған сияқты. Жарқыраған шамдар, былқылдаған кілем, қымбат жиһаздар. Дәмге толы ақ дастархан. Сыңсып тұрған әдемі ыдыс-аяқ. Айсәуле көз тоқтатып қайда қарарын білмеді. Тіпті бет-әлпеті сұстылау болғанымен, сырт сымбаты келісті, сұңғақ бойлы Болат та осынау салтанатты сарайдың бір бөлшегі іспетті. Олқы жерін толықтырып, сәніне сән қосып тұрғандай. Қасы-көзіне қап-қара татуаж жасатқан қуыршақтай әйел:

– Ну, как дети? У вас все нормально? – деді Айсәуленің алдындағы жұп-жұқа фарфордан жасалған, алтын жиекті, жайпақ ыдысқа қиялай тілінген майлы қазы-қартадан салып жатып. Сірә, бұның беймезгіл келісін – балаларға керек боп, ақша сұрай келдіге жорыса керек.

– Шүкір, жаман емес, – деді Айсәуле құрт қатқан майлы сорпаны салмағы зілдей, сабы ұзын күміс қасықпен асықпай былғап отырып. Болат: «Бол, тездетіп, кетейік!» дегендей үстел астынан қайта-қайта аяғын бассын. Бетіне зер сала қарады: көптен күн көрмеген өсімдік құсап, өңі бозғылт тартқан ба, Құдай-ау!.. Ішіне аздап ел қонғасын, Айсәуле «Аллаһу акбарын» айтып, бетін сипады.

– Жай келдіңіз бе? – деді жасанды кірпігі жалп-жалп еткен жас әйел, бұның ештеңе сұрамастан кеткелі жатқанына таңғала.

– Жай, Болатқа келгем, – деді бұл немқұрайлы үнмен. Қашан киініп үлгергенін кім білсін, Болат есік алдында тықырши күтіп тұр екен.

– Була, ты ее проводишь, да? – деді имек қас, қарақат көз жас әйел қаннен-қаперсіз салалы саусақтарын, түрлі-түсті тырнақтарын сипалап тұрып.

– Жоқ, мен де  бірге кетемін! – деді де, Болат есіктен атып шықты. Енді сәл кідірсе, қымбат дүниеге лық толы кең сарайдың мысы басып, шыға алмай қалатындай. Оның не дегенін ұқпай қалды ма, әлде айтарға сөз таппады ма, жарты метрдей жапсырма кірпігін бір ашып, бір жұмып есік көзінде қала берді. Қақпадан шығар-шықпастан Болат:

– Ой, сен де бір, түк көрмегендей ет жеп, сорпа ішіп, созылып отырып алдың ғой! – деді Айсәулеге зілсіз күңкілдеп.

– Жылқының сүр етін күнде жеп жүр ме екем?! Оның несіне қысыласың? Қанша уақыт күйеуімді тегіннен-тегін пайдаланған жоқ па ол да? – деп Айсәуле сыңғырлай күліп, Болаттың қолтығынан ұстай берді.

 Сол сәтте Болат тыраулаған жалғыз тырнаның аянышты үнін естігендей болды да, шалқая аспанға қарады.

– Беймезгіл ұшқан бұл не тырна? – деп таңғалды.

– Тобынан адасқан тырна шығар, – деді Айсәуле жайбарақат, тіпті аспанға көз қиығын да салмастан...