ЗАРДАП НЕМЕСЕ БІР ӘУЛЕТТІҢ ТӨРТ КҮЗІ

 

(тарихи деректі негізі бар)

(әңгіме-төрттаған)

 

1938. Зауал.

Ашхабадтың ауа райы осы мезгілде айнымалы келеді. Бұл жолы да жұртты жаураған торғайдай бүрістіріп-қалтыратып, қатқақ қара суығымен азырақ ықтырып алып, өзінің кәрі әжедей мейірлі мінезін қайта тапқан. Байқампаз кісіге көктем нышаны білініп-ақ тұр. Ымырт үйіріле қылаулап түскен қауырсын қар жерге қонақтамастан жидіп кетті. Жылымық лебі жібек орамалдай желпіген наурыздың алғашқы, аптаның бірінші күні, дәлірек айтқанда, түні еді.

Шаһар шамы сөнген. Ала шабыр бұлт айдың жүзін шілтерше торлап алыпты. Құс ұйқылы үргедек жұрт жастыққа басы тигенмен  тықыр аңдып, тың-тыңдап көпке дейін көз ілмейтін. Қанша тырысқанмен Сәдірдің де кірпігі айқаспай қойды. Ұйқысы қашқан адамның қаралай мазасы кететін әдеті ғой, екі жамбасқа кезек аунап дөңбекшумен түннің жарымын өткізсе де, қалың ойдың қамауынан шыға алмай жатыр.

...Ел басына зобалаң күн туды. Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінде қараулығын  қараңғыны жамыла іске асырып, жемтігін жеті түнде ілетін құзғындар қаптап кетті. Адам қолымен жасалған зұлымдықтың неше атасынан аспандағы ай түнеріп, жұлдыздар қалтырайтын болды. Әркім өз көлеңкесінен қорқып, кісі қарасынан үркетін, егіз туған емшектесінің есігін ашуға сескенетін сұрқия заман орнады. Ақпейіл дос алакөз дұшпанға айналды.

Қала шетіндегі биік шатырлы, кең шарбақты үлкен үйдің сыртында екі адам қараңдағандай болып еді, ізінше ит үріп, іргеден тықыр шықты. Едел-жедел есік те қағылды. Түнімен бесік таянып, көз шырымын енді ала берген жас келіншек ұшып тұрып, шам жақты. Үрпиіп, ояу жатқан отағасына қарады. Иесі иек қағысымен кідірмей есіктің ілмегін ағытқаны сол екен, қанын ішіне тартқан қара киімді екеу сопаң етіп, үн-түнсіз кіріп келді. Біреуі төсегінің бас жағында отырған аққұба, қыр мұрын, толқынды қара шашын кейін қайырған, қасы қиылған Сәдірге состия қарап:

-Оразбаев жолдас, бізбен жүресіз,-деп қысқа қайырды.

-Зверев жолдасқа жолығуға болмас па екен?

Екіншісі үн қатпастан қолындағы ордерді көз алдына көлденең тосты. Тұтқындау туралы бұйрыққа НКВД бастығының өзі қол қойыпты. Сәдірдің тілі байланып, көк желкеден соққы тигендей сілейіп отырып қалды. Мезгілсіз қонақтарды жыға танымаса да,  шырамытты: жұрт «үндемес» атап кеткен үкімет адамдары. Көптен бері көңілін дауыл күнгі теңіздей сапырған беймәлім мазасыздық өзінен-өзі саябырси берді. Жүрегі құрғыр бірдеңені сезген екен.

Күнде біреу ұсталып, күнде біреу атылып жатқанын естіп, біліп жүрген. Ел ішін үрей буып тұр. Ауызға ілігіп, ат арқасында жүрген азаматтың көбі «Халық жауы» атанып, із-түзсіз кетті. «Бәсе, бұл нәубеттен менің тыс қалатын орным жоқ еді-ау. Кезек келген екен ғой» деген бір үзік ой санасын жай отындай тіліп өтті.

Ұзын бойлы, сымбатты жігіт киіне жүріп, қай жерден жаза бастым дегендей өткен күндерге іштей шолу жасай бастады. Түрікпен арасында өскен Сәдір кеңестік өкімет ісіне ерте араласа жүріп, талай сыннан өтіп төселген коммунист. Отыздың бесеуіндегі қылшылдаған қызыл большевик он бес жылдан бері партия жұмсаған жерден бас тартып көрген емес. Шағадамда, Жебелде комсомол жастар ұйымын құрысты, үгіт-насихат жұмыстарына жегілді. Бір мезгіл Совнарком қызметін атқарды. Халықты ұлт-ұлысқа бөліп-жармай, бір тұтас кеңестік еңбекшілер қоғамына адал қызмет етуге бар күш-жігерін жұмсап, қазақ пен түрікпенге тең қарады. Үш тілге бірдей шешен, ісі түсіп алдына барған кісінің шаруасын жедел бітіріп жіберетін сауатты, көсем жігітті жергілікті жұрт жатсынбады. Әділдігін, білгірлігін бағалады. Бұл да шамасы келгенше бұқараның сөзін сөйлеп, жыртысын жыртты. Қарапайым халықтың мұң-мұқтажына қарасты, қайбір істі бастамас бұрын елдің пікір-пайымымен санасты. Беделді қызмет тұғырына қонғанмен «Әй, кәпір» атанбады. Жаңылыс басқан жері, ағаттық жіберген тұсы бар ма, әлде?! Қашан да үлкен-кішінің алғысын алумен жүрді емес пе? Біреуге қылған қиянаты да жоқ сияқты еді. Көптің шаруасын бітірмей көңілі көншіген емес. Сонда бұның мәнісі қалай? Бірақ биліктің тізгінін ұстаған кісінің ұдайы көптің назарында болатыны белгілі ғой. Сол көпшіліктің ішінен бір күншіл, бір күңкіл шықпасы неғайбыл-ау, өзі. Көптен бері көкейінен ұры күшіктей жылтыңдаған күдік көлеңкесі кетпей қойған. Басына бұлт үйірілгелі үшінші жыл. Бұдан сол үш жыл бұрын большевиктер қатарын саяси сенімсіз мүшелерден тазарту науқаны басталып, бұның да мәселесі бірнеше қайтара талқыға түскен болатын. «Бастауыш ұйым мәжілісі» деді, «Жалпы жинақ» деді, «Бюро» деді – жауаптың астына алған. Сондағы сұрайтындары: «Байдың қызын комсомолға өткіздің бе?», «Нағашыларың Кеңес өкіметіне қарсы шыққан Адай бандаларын басқарыпты,  олармен байланысың болды ма?» ... Кінәратсыз партия-кеңестік өмірбаян бәле-жаланың бәрінен аман алып шыққан. Жалақорлар таққан кінә - «Ұлтшылдығы да», «Саяси қателігі де» айғақсыз болып, құрулы тұзақтан құтылған. Дұрысы құтылдым деп жүрген. Бірақ бұл жолы қармаққа мықтап іліккен тәрізді. Бұйрыққа өзін ертеден білетін Зверевтің қол қоюына қарағанда, тұтылудың тегін еместігін сезеді. «Не де болса, жоғарыдан келген кесім» деп түйді Сәдір.

...Бұл кезде  тұтқындауға келген екеуі екі жерден доңыз құсап тұмсықтарын бұрыш-бұрышқа сұғып, тіміскілей тінтіп  үйдің ішін қорс қылып жатқан. Қарамаған қомшасы, ақтармаған боқшасы қалмады. Ақыры дым таппағасын, барлық құжаттарын тізімдей бастады.

Ұясын өрт шалған құстай Шекердің шыр-пыры шықты. Тұңғыш рет азаматының алдын орап, жолын кес-кестей берді. Тағдырдың жазуына үнсіз мойынсұнған Сәдір келіншегіне көз салмастан: «Балдарға бас-көз бол!» деді бесікте алаңсыз ұйықтап жатқан бейкүнә нәрестеге қарап тұрып. 

Бірбеткей күйеуінің бір ауыз сөзінен соң, шарасыз келіншек ту сыртымен шегіншектеп барып босағада қалшиып тұрып қалған. Жаман ырым бастамайын деп, көзіне жас алмады, үнін де шығармады. Етегіне жармасқан балаға да қарамады. Әкесі есікке бет алғанда кішкентай қыз бір жамандықты сезгендей, аяғына оратылып шыңғырып жіберген. Сәдір сәбиді жоғары көтеріп маңдайынан сүйді де шешесінің қолына ұстатып, артына қайырылмастан қара киімділердің алдына түсті. Өзінің кінәсыздығына, үкіметтің әділдігіне имандай сенгендіктен бүгежектемей, тысқа еңсесін тік ұстап шықты.

Сәдір үйден ұзай бергенде күшігінен асыраған қара ала иті есіктің қыр көзінде шоқиып отырып, айға қарап ұзақ ұлыды. Қақсап қоймағасын Шекер: «Қара басыңа көрінгір, қайта бастадың ба?» деп, таяқтап, ауладан қуып жіберді. Он шақты күннен бері түн баласы ұлып, көршілердің ұйқысын бұзғасын: «Мына, итке не көрінген? Шынжырдан босатып жіберші, жөніне кетсін!» деп еді күйеуіне. Бірақ ит байлаудан босаса да, шарбақтан шықпай, басын алдыңғы екі аяғының үстіне салып, босағада табандап жатып алды. Көкейіндегісін адам секілді айта алмағанмен, қасына барған иесіне әлденені ұқтырмақ болғандай мұңға толы көздерімен тесіле ұзақ қарайтын. Ұлуын азайтқанмен біржолата қоймаған иті кешелі бері тыныш еді, осы зауалға көрінген екен. Тар қапаста жатқан адамның өткен-кеткенді ойлаудан өзге қолынан келер не қайраны бар? «Ойдан ұшқыр нәрсе жоқ» деген рас сөз екен. Қиялдың көк қаршығасын қай қиырға салсаң да көктей ұшып, қияға парлай жөнеледі. Сәдірдің де жеке камерадағы жалғыз серігі – ой. Түпсіз тұңғиық ой-теңізіне шым батып, шырмауық-естеліктер желісін үзе алмай әлек.

...Отызыншы жылдардың басында Ташауыз, Көне Үргеніш маңына көшіп келіп, жағалай жаба салмаларын паналап жатқан босқын қазақтар көп еді. Ата-аналары аштан, аурудан өлген жетім балалар топ-топ болып базар жағалап, алатақиялылардың көзін ала бере бірдеңесін қағып кетіп, ұрлық қылумен өзек жалғап, үйсіз-күйсіз шұбырып, қаңғып жүретін. Сол кір-қожалақ, өрім-өрім аш-жалаңаш балалардың аянышты түрлері әлі көз алдында. Көрінгеннен көмек дәметкендей олай-былай өткендердің қолына қарап, жаутаңдап жол тосып тұратын. Кейін солардың көбіне қамқор болып, интернатқа алғызып, киіндіріп, тамақтап, сабақ оқуға мүмкіндік жасады.

Жергілікті басшылар арасында шала сауатты – шолақ белсенділер жетіп артылатын. Солардың бірқатарын өкілдік қызметін өтеп жүріп жұмыстан алған кезі де болған. Соқаға жегетін жалғыз өгізі барды – «құлақ», әкесінің жаназасын шығарғанды – «молда» деп, жер аударып, бұқараны өкіметке өшіктіріп, өзімбілдікке жол берген басқармалар еді олар.Ойлап отырса, нағыз жалынды жастық шағы ат үстінде өтіпті. Алдына көмек сұрап келген кісінің қолын бос қайтарған емес. Талай жарлы-жақыбайды өз қалтасынан тамақтаған, бірақ бұнымен іс бітпесін білген Сәдір олардың басын біріктіріп, колхоз құрмаса болмайтынын жақсы түсінді. Барар жер, басар тауы қалмай бет-бетімен босып жүрген қазақтар тоз-тоз болып құрып кетудің аз-ақ алдында еді. Босқан жұртта тазалық қайдан болсын? Жас нәрестелер іш ауру, тырысқақ секілді індеттен шетінеп жатты. Ересектер мен балалардың да үсті-басы биттен ағып, бастары таз, қышыма қотыр болып жүргендері көп.

Қайран, жиырма бес-ай! Ол кезде қорқу, сақтану дегенді білді ме? Өзі де тәуекелшіл еді-ау.  Тәуекелге бармауға болмайтын да уақыт еді ол жылдар. Елдің алды аштан қырыла бастаған. Ел болғанда, жер емшегін емген жергілікті жұрт емес, Маңғыстау, Ақтөбе беттен жер ауып келген өз ағайындары. Кейбіреуі Кетіктегі көтеріліске қатысып, қудалау басталғасын қашып келгендер. Қолындағы  бала-шағаның таңдайына тартып отырған бірлі жарым түйесін барымталап, ортақтың малына қосса, өзін  «құлақсың» деп, колхозға кіргізбесе, ол адам көтеріліске шықпағанда қайтеді? «Арқаның қысы жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, адайлар жайдан-жай атажұртын тастап, ала шапанды сартқа алақан жайып, атажау санайтын түрікпеннің қолтығына тығылар ма еді? Бәрі «Бала-шағаны аштықтан аман алып қаламыз ба?» деген есек дәме-дағы.

 Үкімет жазасынан қорқып, Бесқала ауған қашқындарды соңдарынан қуа шыққан қызыл әскер тобының бір сайға қойша иіріп, қырып салғанын естіген. «Орысқа сенбе, суға сүйенбе» деп мақалдайтын үлкендер жағы жазалаушы отрядтың жан түршігерлік озбырлығынан соң, «Қара орыс, сары орыс – бәрі бір орыс та!» десіп, жағаларын ұстаған. Енді сол оқтан аман қалған қандастарын аштық аранынан сақтап қалу – Сәдірге сын.  Соры қалың елді көре тұра аштан қырып алмаудың амалы - бұрын бірінің молда, бірінің бай болғанына қарамай колхозға біріктіру еді. Бәрінің бала-шағасы бар. Аштан өлмей жазға жету үшін Үкіметтің жан басына беретін бір батпан жәрдем-астығын алуы керек. Оны алу үшін шұғыл колхозға кіру керек. Кірмегендерге батпан түгіл бір уыс та бидай жоқ. Ал жаз шыққасын бәрі күш біріктіріп, егін салуы керек. Маңдай терді жерге төгу керек. Сонда аман қалады, қазақ бұл жұттан!

Жергілікті Үкімет қаулысымен Сәдір осы іске білек сыбана кірісті. Қоныстанушылар ауыл-ауылға бірігіп, ондаған колхоз құрылды. Орталықтан медпункт, бастауыш мектептер ашылды. Мамандар қазақтардың өз ішінен, Қазақстаннан шақырылды...

Сол кезде түрікпен арасын сағалаған елдің басын қосып, Үкіметтен жәрдем бөлгізгені -  күндердің күнінде өзіне «ұлтшыл» деген айып, айғақ болып жабысарын ол кезде қайдан білсін?!

Қарашаның он үші күні әдетінше таң бозынан оянған. Терезе саңылауынан сыздықтай соққан жел ызғарынан тұла бойы қалтырап, тоңып жатыр екен. Қырық құрау әйнекті қырау тұтып қалыпты. Сегіз айға созылған сергелдең мен адам төзгісіз азап ақыры Сәдірдің де сабырын түгесіп, сағын сындырған. Жуан жұдырық жендеттер тұтқынды неше қайтара соққыға жыққанмен жігерін жасыта алмай діңкелеп еді, соңғы екі тәулік бойы тікесінен тік тұрғызып қинады. Тізесі сәл бүгілсе болды қара таяқ қақ тобықтан сақ ете қалады. Жанды жерді дөп көздегішін қайтерсің. Сәдірдің көзінің жасы бұрқ ете түседі,  сонда да дыбысын шығармайды. Тістене-тістене жағы қарысып қалады. Жаны шырқырап, еркіне бағынудан кете бастаған денесін жинауға бар күшін салады. Ақыры ес-түссіз құлаған. Камераға сүйреп әкеп тастапты. Күп болып іскен балтыры көк талақ. Толарсақ қанталап қалған. Өне бойы от болып өртеніп жатыр, бірақ, тәні ауырсынғанмен, санасы сау. Әрбір жауаптың аяғы әлгідей азаппен аяқталатын болып жүр. Қол қоймай  қасарысудың жазасы. Тағатын айыптары: «Нәзір досыңмен бірігіп, «Түрікмен азаттығы»  ұйымын құрыпсыңдар, қазақ-түрікмен жастарын жинап, үкіметті басып алмақ ойларың болған», «Алашордашылармен астыртын байланыс жасап тұрғансыңдар» дейтін басы-көзі  жоқ жала. Жанын  жегідей жейтін де сол.

Кешегі бір-бірінің жолында жандарын қиюға бейіл сыралғы достары сыртынан сатып, жауап қағаздарына өзін «Халық жауы» деп мойындайтындарын растап қол қойыпты. Әсіресе, қашаннан қанды көйлек жолдасы Айташовтың: «Оразбаевты «Астыртын ұйымға тартқан мен едім» деп, жалған куәлік беруі жанына қатты батты. Жаратылысында өтірікпен жаны қас Нәзір сүйткесін, басқасына не жорық? «Мен деген жігіт Нәзірдей-ақ болар» деп, дүйім түрікпен мен қазағың сүйінбейтін бе еді, оның мәрттігіне? Сылайы, сенісер достың қалмағаны ғой! Бұл не зауал? Ендігі әрекеттің бәрі бекершілік болып жүрмесін? Әділет іздеп, құр қарсыласа бергеннен не пайда? Әлде, ендігі қалғаны хақ бұйрығына көне беру ме!?

Санасы сансыраған Сәдір осы ойға бекіп, ертесіне қағазға қол қоймақ болып отырған кеште камера есігінің кілті шылдырлады. Ішке көрші ауданның бірінші хатшысын кіргізді. Көптен танитын. Жылмаңдаған, еті тірі Қадыр деген түрікпен жігіт еді. Қараңғы үйдің  адамның антын алатын бір бәлесі бар ғой, көзінің оты сөніп, жасып қалыпты. Қадыр малдас құрып қасына жайғасқасын, өзінен-өзі шешіліп сөйлеп кетті.

-Сәдір аға, мені бүгін түнде, не таңда атады,-деп бастады ол сөзін.

Аңырып қалған Сәдірге:

-Рас айтам. Атылатын адамдарды осы мен құсатып, тобынан бөліп, оңаша, немесе жеке кісі жатқан камераға қамайды екен бұлар.  НКВД Зверев те атылатын күні менің қасыма түнеп шыққан.

-Зверев деймісің?

-Иә, НКВД бастығы. Сізден кейін, айға жетпей өзі де ұсталған.

-Мү-үммкін емес.

-Әй, Сәдір аға-ай...неге мүмкін болмасын? Ол бір Сталиннің қызын алған күйеу деймісің?

-Сонда кім қалды өзі?! Қадыр үндемеді.

-Апыр-ай, оны не себеппен ұстады екен?-деп, Сәдір НКВД бастығының атылып кеткеніне әлі де сене алмай әуре.

-Ешқандай себеп жоқ!

-Себеп жоғы қалай?

-Себеп сол – жоғарыдан план бар екен.

-План!?

-Иә. Салық. Кәдімгі ет, сүт, жүн салығы секілді. Әр республиканың жан басына қарай осынша адам атылсын деп план салатын көрінеді.

-Қой, бекер болар?!

-Сәдір аға-ай, сенбейтін не бар? Мұны маған сол Зверевтің өзі айтқан. Сірә, өлетін болғасын несін жасырсын?

-Бұнысы сұмдық қой!?

-Зұлымдық деңіз! Арғы-бергіде бірде-бір үкімет өз халқын бүйтіп қырмаған шығар?

-Сонда бұның оларға не үшін керегі болды?

-Ішіндегі серкелерді қырып тастасаң, бір қора қой қапелімде өздігінен жол бастап кете алмай, бастарын бір-бірінің қолтығына тығып, ошарылып, бұға бермейтін бе еді? Серкесіз қалған бұқараң  да қойдай қоңыр емес пе? Әбден жуасытып алмақ болған да!

-Сөзіңнің жаны бар, Қадыр! Ақкөздігіміз ғой, біз соны ойламаппыз, Елге үкімет қас қылады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кіріп пе?

Абақтының тор терезесінен толған айдың сәулесі түсіп, қараңғы бөлме іші бозамық тартты. Тұтқынның жүдеу жүзін жас жуып, өсіп кеткен қалың қаба сақалынан сырғи домалап  өңіріне тамып жатты. Кенет үлкен ала көздері жарқ-жұрқ ете қалды да, даусы жарықшақтанып шықты.

-Прокурор Аннамұрадовты білесіз ғой?

-Білем.

-Ол да өлді, жақында.

-Атып па?

-Атылыпты. Түбі бір қамалатынын білген да.

-Ім-м-м-м...

Сол Аннамұрадов үштіктің құрамында болып, өзінің туған ағасын айдатып жіберген көрінеді... Мен де үштіктің бірі болып талай адамға үкім шығарыстым. Бала күннен бірге өскен жолдастарды жау дегенге сенбей, қол қоюдан бас тартпақ болғанымда, НКВД адамы айтты: «Жауды жақтағаның - өзіңнің жау болғаның» деп. Сосын амалсыздан... Әй, қорқақ басым... Бейкүнә жандардың қанын мойныма жүктей бергенше, Аннамұрадов құсап бірден атылып өлсемші...

Тұтқын еңіреп қоя берді. Біраз отырып, солығы басылғасын сөзін қайта жалғады.

-Сәдір аға, мен қолымды қанға былғадым. Енді ана жаққа не бетіммен  барам?!

Бұл сұрақты екі дүниенің арасында тұрған тұтқынның өзіне қойып отырғанын сезген Сәдір үндемеді. Бөлмеде біраз уақыт өлі тыныштық орнады. Ажалын ақтық сырынан құлантаза арылып қарсы алмақ ойы болды ма, Қадыр сөзін қайта сабақтады.

-Сіз де үштікте болдыңыз ба?

-Жоқ.

-Онда абыройыңыз бар екен, аға! Өлсеңіз де жүзіңіз жарық қой! Зверев те: «Жүздеген жанның күнәсын арқалап барамын. Бірден-ақ жалғыз оқпен жайрап қалуым керек еді» деп, бармағын шайнаумен кетті.

-Есіл боздақтар-ай... Бостан-босқа... Қаншасы жер жастанды екен?

-Бір жылдың ішінде сегіз жүздей адам атылды деген.

-Ойпырмай, қырып салыпты-ау. Мынасы рас болса?

-НКВД біледі ғой. Өлер алдында өтірік айтып не қылсын?!

-Сонда бұл үкіметке жау кім, дос кім?

-Аға, жау ана Кремльде отырған мұрттының өзі! Қасындағылар да жау! Елді бір-біріне айдап салып, біріне-бірін қырғызып отырған солар емес пе? Аннамұрадов айтыпты атылар алдында: «Өз ағамды айдаттым, обалым жоқ. Ашхабадтың елу градус ыстығына үйренген адам, Сібірдің елу градус суығына төзе ме? Үсіп қалды ғой бір жерде. Бүйтіп тірі жүргенше өлгенім артық» деп. Ішіндегісін Зверевке айтып арылып кеткен ғой, байғұс. Міне, мен де бар сырымды сізге айтып отырмын. Қол қойсаңыз да, қоймасаңыз да үкіміңіз кесулі. Сіздің жазаңыз да – ату!

Сәдірдің жон арқасы мұздап кетті.

-Оны қайдан білдің?

-Білетін адам айтты.

-Зверев пе?

-Иә.

Айтқанындай, таң қараңғысында Қадырды айдауылдар алып кетті.  Қадырдың сөзінен соң, қол қоймаймын деп қасарысқанмен ештеңе шықпасына Сәдірдің көзі жеткендей болды. Бұрын да мақұлдап отырған шешіміне тастай бекінді. Сірә, өлетін болған соң жантүршігерлік азаптан тезірек құтылғысы келіп, сол күні алдына тосқан қағаздың бәріне қол қойып берді.

Білдей бес адамның айғағы жазықсыз жау атанып, бір түнде атылып кетуіне жеткілікті себеп. Жауаптаған тергеушілердің бәрі  бейтаныс – мәскеуліктер. Ақтаушысы да, қаралаушысы да, куәлері де жоқ жабық сот бар-жоғы жарты сағатқа созылды. Сөйтіп, орда бұзар шағында Сәдір өзі құрысқан қызыл үкіметтің құрбаны болды. Оның: «Мен өз халқыма жау болған емеспін!» деген сөзіне сот мүшелері құлақ аспады. Үкімді арнайы Мәскеуден алдырған жендет сол күні орындады.  Қарашаның жиырма сегізі, дүйсенбі күні  «Үштіктің» бұйрығымен қарауылға ілігіп, кебінсіз көмілген көптің бірі болды да кетті. Өкініштісі, ішіндегісін айта алмай кетті. Сегіз айдың ішінде сыр ашып, сөйлескен жалғыз пендесі Қадыр еді.

 

1948. Зілзала

Батыстан шығысқа қарай жолбарыс жонданып шұбарта созылып жатқан кәрі Копедтагтың күжірейген жотасына жан енгендей жыбыр-жыбыр етіп, бүлкілдеп қоя берді. Әуелі жер түбі зыбаннан қара жерді қалтырата қаһарлы гуіл шықты. Соңы жаралы арыстан ыңыранғандай зор гүрілге ұласты. Аспан асты біреу шақпақ шаққандай сары жалқынданып барып қайта сөнді. Сағат түнгі бірден өте берген мезгілде  жер беті тербеле жүйткіген теңіз айдынына ұқсап кетті. Әшейінде орнынан қозғалмастай көрінетін зілмауыр жер қаңбақша дөңгелеп, бүктетіле жазылып, толқындай тулады. Дәл бір мұхит бетінде қалтылдаған қайықтай шайқатылды. Жер астында мың сан тұяқ дүбірлетіп шауып ала жөнелгендей алапат дүсір күшейе келе қара жердің қабырғасын қақыратып жіберді. Апат ошағы - Қара Қаудан төбесі тырсылдап піскен қарбыздай жарылды. Ит пен мысықтың ұлыған, қыңсылаған ызы-қиқы шуылынан құлақ тұнып, көзді ашып-жұмғанша басы ауған жаққа безіп, жоғалды. Жер дүние жын буған бақсыдай селкілдеп қоя берді. Айнала сатыр-сұтыр, тарс-тұрс құлап, қирап жатыр. Мұрсатта мыңдаған адам кесек астында қалды. Тысқа қашып үлгергендер тастай түнекте омақасып, сүрініп-қабынды. Астан-кестеңі шыққан аймақтың топырағы қобырай қопарылып аспанға ұшты. Қалың тозаңнан көк пен жердің арасы боз тұманға айналды. Айғай-шу, жылаған, шошынған дауыстар. Шала жансар жандардың ыңырсыған, ышқынған күңіренісі. Аяқ астында бүйі тигендей тулап жатқан жер. Қатты жел шайқағандай теңселе тербелген тал. Әр жерден шаңы бұрқ-бұрқ етіп, жалп-жалп жапырыла құлаған үй. Тарс-тұрс соғылған, гүрс-гүрс құлаған, сатыр-сұтыр сынған заттардың қақтығысы...

Жүз мыңдаған жанның басына түн ортасында тұтқиылдан тажал болып төнген зілзала санаулы сәттердің ішінде-ақ Ашхабадтың апай-топайын шығарды. Жасыл баққа малынған баспаналар балшық төбеге айналды. Бейқам ұйқы құшағындағы жандарды тас қабырғалар, белдік шалмандар бұйқыт басып қалды. Дер кезінде оянғандар аяқ астынан не болғанын түсінбей дал. Қою шаң-тозаңнан тыныс алу қиындап, қарбаласқан адамдар көзге түртсе көргісіз су қараңғы түнде дабырласа даурығысып, бір-бірін шақырысып, іздеп әлек. Айнала азан-қазан. Ес жиғандары кесек астында қалған жақындарына жәрдемге ұмтылысуда. Жарық жоқ. Қараңғыда қарманып, жер сипалап қалған жұрт...

Осындай жанталас үстіндегі елдің таң ата тағы бір кезекті соққыға төтеп беруіне тура келді. Бұл жолғы сілкініс ілкідегідей жойқын болмаса да, жартылай құлап, қисая жапырылып, жарылып тұрған қирандылар біржолата жермен-жексен болды. Күл-талқаны шыққан баспаналар астында қалған талай шалажансар, жарадар адамдар кесек астында көміліп қалды.

Таң бозара әр жерге шоқ-шоқ болып жиыла бастаған жұрт бірін-бірі түгендеп, үйінді астынан жақын-жуық, көрші-көлемін аршып ала бастады. Белсендірек қимылдап жүргендер – ер-азамат, көзі ашық әйелдер. Бала-шаға, есеңгіреп қалған кәрілер жоғалтқандарының түсін-түстеп, солардан көмек сұрасты. Ашхабадтың аптап ыстығына қақталып, кеуіп тұрған көне саман үйлердің қолдан басқан құрғақ кірпіштері тоғыз баллдық тербеліс соққысына шыдамай саудырап шашылып қалған. Құдай қарасқан жандар, пештің, бұрыш-бұрыштың қуыс-қуысында қалып, төбенің, мойындықтың ойылған саңылауынан дыбыс беріп, өмір үшін күресіп  жатыр. Бәрі аяқ астынан болды...

Мезгіл қоңыр күздің ортасы болса да, қала халқы жанға жайлы, жылымық кешті қызықтап, жұлдыз шыққанша қыдыратын. Оқтай түзу көше бойы екеу-екеуден, үшеу-төртеуден  серуенге шыққан қыз-жігіт, көңілді жастар. Тыныс алдында бой жазып, бала ойнатқан егделер. Қалың ағаш жапырағын жамылған көрікті қала тұрғындарының күндізгі қапырықтан бір сәт сергіп, рақаттанып қалатын кезі осы күн батар шақ. Құрғақ, аптап ыстықтан соң, күздің лебімен дымқыл тартқан кешқұрымғы ауа барқыттай. Ара-арасында тау беттен майда қоңыр жел соғады. Ыстығы қайта қоймаған қазан түндерінде астаналықтар таң атқанша терезелерін ашып тастап, жасаңдау жағы жатаған үйлердің төбесінде жататын. Шекер сол кеште өзгеше бір көңіл күйді бастан кешті. Екі баланы ертерек жатқызып, өзі жолға жиналғандай жуынып-шайынды. Ұзын шашын ұзақ тарап, асықпай өрді. Бір кездері судырап тұратын көмірдей жылтыраған жібек шаш селеудей селдіреп қалыпты. Бүгінгі кеш батпайтындай, ертеңгі таң атпайтындай бойын бір делсал бейқамдық басты. Ел жатқасын, шамын сөндіріп қисайған. Бәрібір ұйқы келер емес, біреу көзіне тіреу қойғандай бақшиюмен жатып, ойы сонау бір шадыман шақтардың елесіне орала берді.

Ол кезде жас. Дәурені баста тұрған бақытты уағы. Жылқы баласы десе ішкен асын жерге қоятын Сәдірдің ақбоз арғымағы бар еді. Оны бейсәубет көзден жасырып, жабық қорада бақтыратын. Күнде кешкілік қызметтен оралысымен үйге кірмес бұрын атқораның ішін бір айналып шығатын әдеті. Сенімді атбегі Дұрды аға оның атты көрмей ас ішпейтінін білетін де, ақбоздың жалын құлпырта тарап, ойнақтата билетіп алдынан алып шығатын. Иесін таныған жануар оқыранып, омырауға тұмсықты тығады. Сәдір де аттың маңдайын сипап, мекіреніп өліп кете жаздайтын. Жайнаған жүзінен бақыттың бал шәрбатын сімірген сәт шырайы сезіліп тұратын. Күйеуінің ақбозға деген мұншалықты ықыласын көрген Шекер адам мен айуан арасындағы тілсіз түсіністіктің тылсым тереңдігіне қайран қалатын еді. Атты аймалап, айналып-толғанып әбден құмары басылмай ері үйге қарай аяқ баспайтын.

Қайран, дүние-ай! Сәдірдің сол балапандай баптап баққан ақбозын кейін көшеде қайыр сұрап жүріп,  ұшыратты-ау. Күйеуіне еріп үйге келіп-кетіп жүретін серейген бұжыр бет қара ауыздықпен алысып, қайқая тартып бара жатыр екен. Күмістеген ер-тұрман көзіне оттай басылды. Кекілін желбіретіп жанынан желіп өте бергенде даусының қалай шығып кеткенін өзі де аңдамай қалыпты. Тек көзге қамшы тигендей ышқына айғайлап, аты-жөні жоқ ақбоз аттының артынан апалақтап жүгіре бергені есінде. Бұрын жеңге қылып ойнап, ыржалаңдап жүретін бұжыр қара мойын бұрмастан кетті. Одан бері де аттай он жыл өтіпті-ау...

Сәдірді ұстап кеткен түннің ертесіне-ақ «Халық жауының үйі» атанып шыға келген үш жан нәпақасыз қалған. «Жығылғанға жұдырық» демекші, көп ұзамай үкімет кісілері келіп: «Үйді босатың!» деп далаға айдап шықты. Бұрынғы дос-жар таныстарын сағаламақ болып көріп еді, екі баламен панасыз қалған Шекерді ешкім есігінен сығалатпады. Жан бағу үшін жұмыс қарағанмен «Халық жауының» әйеліне жылы шырай танытар кісі табылмады. Сау басына сақина тілеп не қылсын? Қос жетімін асырай алмай, тарыққан келіншек бірін жетектеп, бірін арқасына таңып алып, күн ұзын базар жағалайды. Бір шаршы шүберекке түйіп алған көйлек-көншегі қолында. Аштықтан талмаусыраған балаларға талшық қылу үшін амалсыздан әркімге алақан жайды. Дүние қараң қалмаған екен. Ес кетті, жан шықты дегенде, бір мұсылман әйел табылып, аяушылық көрсетті. Тігін үйінің меңгерушісі екен. Иманжүзді, қара көздері мейірім шуағын шашып тұрған түрікпен әйел еден сыпырушылық жұмысқа алды. Сол жерге жақын маңнан пәтер жалдап тұруға да қол ұшын созған сол мыңболғыр. Шекер байғұс үй тазалап, балаларына бір сындырық нан тапқанына риза.

Күндер өтіп жатты. Азаматының хабарсыз кеткені көкіректе шемен болып түюлі. Сұрау салып көргенмен, дерегін ала алмады. Балалар қарақанат болып өсіп қалды. Тақ-тұқ тірлік. Қос құлынға жетімдік көрсетпеу үшін күндіз үй сыпырып, кешке кір жуды,  түнде тандырға нан жапты. Бітпейтін құмырсқа тірлікке мігірсіз жегіліп жүріп, сонша уақыттың қалай өте шыққанын да байқамай қалыпты...

Бұрнағы күні сол кездер қайтып оралғандай қаз-қалпында түсіне енген. Ақ киімді Сәдір ақбоздың жалынан сипап аулада жүр. Шалқайта қайырған толқынды қара шашы шақырайған күнге жарқырай шағылысып, есік алдында тұрған Шекерді қасына шақырады. Тартыншақтағанына қарамастан балаша көтеріп алып атқа отырғызып, артына өзі мінгесті. Сол кезде биік қақпа қақ жарыла ашыла берді де, екеуі ақбозбен ағызып өте шықты...

Әлі күнге бір хабары болмаса да өлдіге қимай жүрген күйеуінің бұлай көрінуі Шекердің ойын сан-саққа шашыратты. Әуелі «Сәдірден бір хабар болады-ау» деп дәмеленді, соңынан «Бұл не түс?» деп, секем алды. Әйтеуір, тап өңіндегідей бояуы қанық осы түспен бірге бойында бір қобалжу пайда болғандай, күн ұзын балаларына да тіс жармай томаға тұйық күй кешті. Желкілдеп өсіп қалған жас шыбықтай қызы мен ұлының ойында дәнеңе жоқ. Көптің баласымен бірге ойнайды, бірге оқиды. Көз алдарында шешесі жүргесін түр-түсін дұрыс тани алмай қалған әкелерін көп іздей бермейтін секілді. Тек кейде Сәдірдің аузынан түскендей Ақтанның:

-Апа, көкемнің келетіні рас па? Көө-өп күттік қой!-деп күрсінетіні бар. Сондайда не дерін білмей, дағдарған Шекер көзіне шып-шып шыға келген жасын көрсетпей, жеңімен сүртіп тастап:

-Иә, иә...дей беретін.

Шешесінің сенімсіздеу жауабына көңілі толмаса да, бала әкесін күтуден торықпайтын, Шекер де күйеуінен күдер үзбеген. Үзбеген күйі: «Ке - бе - нек ки - ген ке - ле - ді» деген оймен кірпігі айқасып бара жатып, мәңгіге көз жұмғанын сезген жоқ.

 Дәл сол қазанның бесінен алтысына қараған түні де апалы-інілі Алтын мен Ақтан үй төбесінде ұйықтап жатқан. Баспаналары ұзын барақтың жанындағы балшық там. Алғашқы толқын ұрғанда-ақ төңкеріліп түскен үйдің төбесімен бірге іргеге топ ете түскен балалар ұйқылы-ояу бақырысып жіберген. Жүрегі көтеріліп, лоқсып, басы айналып, лақытып құсумен болған апалы-інілі екеуі естерін жиғанда, апалап айғай салып, үйіндіге үңілгенмен шешесі дыбыс бермеді. Естиярлау қыз бала бір сұмдықты сезіп, үйілген кесектің уатылған топырағын тырналап арши бастады. Бір уақыттарда қолы шешесінің жансыз денесіне тиді.

Жарық түскесін жайрап қалған қаланы, дәлірек айтқанда, жағалай жыпырлаған  төмпешік моланы көрген әйелдер тұс-тұстан дауыс салып, оларға балалар қосыла жамырасты. Әр жерден аршып алынған өліктер жол жиектеріне шығарылды. Сарнап жатқан жаралыларды орталықтан құрылған алғашқы дәрігерлік көмек көрсету пункітіне жеткізу керек болды. Күн түске тармаса әскери адамдар көше-көшені аралап, мүрделерді жүк мәшинеге тиеп әкете бастады. Белсенді топ мүшелері апатқа ұшырағандарға нан, тамақ таратты. Жер үш-төрт рет он шақты мезеттен тулап, толқып тыныш тапты. Жер қозғалған күннің ертесіне күн күрт суып кетті.

Сау тамтығы қалмаған қала қасапханадай  қан сасып жатыр. Екі күннен соң қайта ысыған күннің қызуы қырық градусқа жақындады. Бұзыла бастаған мәйіттердің исі қолқаны қабады. Қатты дүмпудің салдарынан жан-жаққа тарыдай шашылып қалған адамдардың өлі-тірісі машинамен жиналды. Бораған топырақ көз аштырмайды. Үйінді астынан анасының жансыз денесін тапқан қос жетім бір-бірінің қолынан тас қылып ұстап алып, таң атқанша бақырып жылаумен болған. Жылап-сықтап жүрген тек бұлар емес, бастарына қаралы күн туған ел-жұрт тегіс қайғылы. Біреу анасынан, біреу әкесінен, біреу баласынан айырылып аңырасты. Бауыры бүтіні аз. Түгелдей қырылып  қалған үйлер де бар. Тірілердің көбі жарымжан.

Қанша жылағанмен анасының қайта тұрмасына көзі жеткен жетімдер жасын тыйды. Көп шейітке қосып, шешелерін жерлеуге әкетті. Жау шапқандай жайрап қалған қалада бір шаңырақтан екеуден-екеу қалғасын қол ұстасып барып, көпшілікке қосылды. Тегін  наннан үлестерін алды, қостанып қазан көтергендермен бірге қазынадан таратылған қой етінен ауыз тиді. Тірі жан тіршілігін жасамай қоя ма? Ашық-тесік қалған қойма, қамба, дүкендердің шашылып жатқан заттарын қымқырып қалғысы келген сұғанақ қолдар сумаң қақты, бірақ қазына мүлкін олжалағандар жазасыз қалмады. Екі-үш түйір кір сабын, бір шаршы бүлішкі жымқырғандар табанда оққа ұшты. Жоғарыдан: «Қоғам мүлкіне қол сұққандар жас-кәрісіне қарамай атылсын!» деген қатаң жарлық шығыпты. Көпшілік арасынан атылып жатқандарды көргендер шашылып жатқан қызыл дүниеге көз салуға қорқатын болды. Оның үстіне, «қалаға жақын жердегі түрменің қабырғасы құлап, жүздеген жазалылар бостандыққа шығып кетіпті» деген суыт хабар шығып, жұрттың зәре иманы қалмады. Енді зілзаладан аман қалған бұқараға бұзақылар қаупі төнді. «Қаруланып алған қылмыскерлер пәлен адамды қойша бауыздап кетіпті, қыз зорлап, кісі өлтіріп, білгеніне сүріп жүр-міс» деген дақпырт ел ішінде гу-гу. Бірақ үкіметтің қолы ұзын, жан-жақтан жеткізілген қарулы жасақ олардың тайраңдауына жол бермей, топ-тобымен қайта ұстап, қамауға алды. Үш-төрт күнде сауда-саттық, қоғамдық қызмет орындары жұмыстарына кірісіп, тіршілік өз ырғағын қайта тапқандай  болды.

Көп ұзамай панасыз қалған жетім балалар тізімделіп, жақын маңдағы балалар үйіне әкетіле бастады. Алтын мен Ақтан Қазақстанға, Қызылорда қаласына түсті. Күтуші әйелдер екеуіне қарап:

-Сендер қазаққа ұқсайсыңдар ғой,-деп еді.

-Қазақпыз,-деді Алтын.

-Руларыңды білесіңдер ме?

-Адаймыз!-деп Ақтан жауап берді.

Сөйтіп, интернаттың қатықсыз көже, қара нанымен жүректерін жалғап, көп жетіммен бірдей күнелтіп жатты. Екі жылдай тумаластардың жұптары жазылмады, бірақ тағдыр  алдарынан тағы бір «сыйын» тосып тұр екен. Айырылысар күн де келді. Естиярлау балаларды бөліп, Гурьевке жібереді деген хабар тарады. Ішінде Алтын да бар болып шықты. Інісінің жылағанына, апасының жалынғанына қараған ешкім жоқ. Бір күні топ баланы тізімдеп тиеген пойыз батысқа қарай жөнеп кетті. Қоштасарда бойжетіп қалған қыз інісінің ып-ыссы жасын саусағымен сүртіп тұрып:

-Қалай да бір-бірімізді іздеп табамыз! Осыны ұмытпа!-деді.

Кететіні белгілі болғалы құлағына құя берген бір ауыз өсиеті осы еді. Тағдырдың мұндай тұтқиыл шешіміне мойынсұнғысы келмеген Ақтан пойыздың соңынан қалмай өкпесі өшіп, сүрініп құлағанша жүгіре берген. Жыланша ирелеңдеген ұзын состав құйрығын бір бұлғап, көз ұшында бұлдырап көрінбей кеткенше жүгірді. Бір шеті көкжиекке сіңіп кеткен қос рельс көпке дейін пойыз доңғалағының ырғағымен  дыңыл қағып тұрды. Жаңа ғана үстімен жүйткіп өткен темір дөңгелектердің қызуымен ып-ыссы болып жатқан тілдей темірге бетін басып Ақтан көп жылады. Жетім баладан қапелімде көз жазып қалған күтуші әйелдер іздеп-іздеп әбден сарсылып, ақыры жол бойынан тауып, іңір қараңғысында интернат жатақханасына жетелеп әкелді.

Арада төрт-бес ай өткенде Ақтанды Ашхабад зілзаласының зардабынан жер ауып кеткен бір топ жеткіншектермен бірге Түрікменстанның Красноводск қалалық жетімханасына жіберді.

Бір күні топ баланың ішінде доп ойнап жүрген Ақтанды бейтаныс қарт өзіне шақырды. Аң-таң болған бала абайлап шарбақтың сыртынан қол бұлғаған қарияның қасына жақындаған. Ұзын бойлы, қара торы, аппақ сақал-мұртты үлкен кісі басынан сипап, қолынан ұстап көзінің жасын тыя алмай көп жылады. Жылап болғасын, жан-жағына қарағыштай тұрып, қалтасынан орамалға түйген төрт-бес құрт алып ұсынды. Көп айналмай шарбақтың іргесіндегі талға байлаулы көк есегін жетегіне алып, ештеңе айтпастан кетіп қалды. Ай жарым шамасында қарт тағы соқты. Бұл жолы жылаған жоқ.

-Мені танимысың?-деді жетім балаға бар мейірін төге қарап.

 Ақтан үн-түнсіз бас шайқады.

-Қайдан білейін деп едің? Қарағым-ай, қайтейін?! Мен нағашыңмын, қарағым,  Шекердің әкесімін.

Баланың жүрек тұсы шым етті. Анасының атын біледі, түр-түсі де есінде. Аңдап қараса, алдында тұрған ақсақалдың әлпінде анасына  ұқсастық мол екен.

-Ал енді мен кетейін, саған кесірім тиер,-деген нағашысы мойны салбырап ауладан ұзай берді. Не болғанын білмейді, содан қайтып көрінбестен кетті.

1958. Ақталу

Уақыт әпкесін әкеткен пойыз дөңгелектерінше зымыраумен болса да, қара көздері айсыз түндей жәудіреген жігітшік бала оны ұмытқан жоқ. Апасының: «Қалай да бір-бірімізді іздеп табамыз! Осыны ұмытпа!» деген сөзі  құлағынан кетпеді. Жалғыз бауырынан тірідей айырылған жетімек кейде ұйқысынан осы сөздерді естіп оянатын болды. Апасына деген ұлан сағыныш оны ерте есейтті. Есейген сайын Ақтанның жолынан кедергі көбейе берген. Комсомолға өтпек болып еді, қалалық жастар ұйымының хатшысы қарсы болды. Барлық сынды тәп-тәуір тапсырған. Жауаптан да мүдірмеген, бірақ жеме-жемге келгенде қасындағы балалардың бәрі өтті де, бұл өте алмады.

«Халық жауының баласы қалай комсомол қатарында жүрмек? Оған мен жол бермеймін» деген хатшы сөзін есік сыртында тұрған Ақтан өз құлағымен естіді. Біруақ үнсіздіктен соң әлгі бір ызғарлы дауыс:

-Нағыз комсомолға өткісі келсе, әкесінен бас тартатынын айтып арызын жазсын, менің атыма!- баланың жүрегі аузына тығылды. Есік сықыр етіп ашыла бергенде, ытырылып тысқа қашты. Аулаққа шығып, оңаша отырып: «Өлтірсе де әкемнен безбеймін!» деп өзіне-өзі серт берді. Содан соң комсомолды ойына да алмады. Бұл елу үшінші жылдың көктемі еді.

Сабаққа алғыр оқушысын мұғалімдер жақсы көретін. Ақтан да оқытушы болуды армандады. Есепке жүйрік, зердесі мықты бала әсіресе, математикаға құштар болды. Халық жауының баласы деген қоңырауы қайда барса да алдынан шығып, шылдырап қоя беретін болды. «Осы бір жаманат менен өмір бойы желімдей жабысып қалмас па екен?» деп толғанатын болды тұйыққа тірелген бала. Анасының айтуынан білетіні – арғы аталары дәулетті, елге белгілі адамдар болыпты. Заман ыңғайымен орысша оқып, билікке араласыпты. Адайдың ішінен алғаш Ашхабадқа келіп оқыған да Ақтанның атасы екен. Өз әкесі сірә, ел азаматы. Үлкен басшылық қызметте тұрып, нақақтан жалаға ұшыраған. «Түбінде кімнің-кім екені анықталар, істің оң-терісі шешілер. Әкең жау емес!» дейтін анасы. Түр-түсін тани алмай қалса  да, Ақтан әкесін жамандыққа қимайтын. Анасының сөзіне имандай сенетін.

Мектеп бітіргесін оқуға түсуге талпынып көріп еді, құжаттарын көргендер, қабылдамай, өзіне қайтарып берді. Сол баяғы «Халық жауының баласы» деген атақ маңдайына қарғыс таңбасындай басулы. Тұмсығы тасқа тигендей болып, «Ең болмаса, әскерге барып, азаматтық борышымды өтеуге қақым бар шығар?» деп, ширығып, военкоматқа барып, әскерге сұранып өтініш жазды. Абырой болғанда, әйтеуір әскерге алды, бірақ ол жақта да «Халық жауының» баласы екенін жиі-жиі есіне салғандар аз болған жоқ. Сынға толы санаулы күн сырғып өте шықты.

Әскерден оралғанмен баратын жері, қағатын есігі жоқ Ақтан өзі өскен интернат жатақханасына қайтып келген. Қолындағы шетен шабаданнан басқа мүлкі жоқ жалқы жігіт бірден жатақхана комендантының бөлмесіне бас сұқты. Өзі бала кезден білетін, кішіқолдау, қутыңдаған қағылез шал өзгермепті. Әскерге де ақ батасын беріп, шығарып салып еді, келген күні қасына түнетті. Ертесіне таңертеңгі шай үстінде жанашыры жоқ жігітке ақыл айтты.

«Мен қазынаның кірауатын қызғанбаймын, бірақ сен бұл жерде ұзақ жата алмассың. Бізді де тексерушілер жетеді. Жасы кәмелетке толған адамды жетімханаға тіркеуге алмайды ғой. Азамат болдың, енді біреумен бас құраудың жолын қарастырғаның дұрыс. Маған бір ой келіп отыр, өзің де теріс көрмессің. Осы жерде бір жас келіншек бар. Күйеуі жоқ, бір баламен ажырасыпты. Өзі артық сөйлемейтін, аузына күтім адам. Айтуынша, күйеуі көрмеге тәп-тәуір болғанмен, зыр-зыбылдау, қолының сұғанақтығы бар жігіт болған білем. Басыңды ауыртып не керек, қанша айтса да, сол әдетін қойдыра алмапты.  Содан «Сенің ұрлықпен тапқаның тамағымнан өтер емес, жөн-жөнімізді табалық» деулі. Жатақхананың ішін жуады, тұянадай тас үйі бар. Соған жолықшы, әуелі пәтершілікке  сұран. Көңілдерің жарасып жатса, несі бар, қолына кіріп аларсың. Екеуің де бойдақсыңдар, не айыбы бар? Жасы сенен аздап үлкендеу болуы мүмкін. Нешауа, әңгіме жаста емес, баста! Сірә, екібастан оған күйеу керек, саған әйел керек дегендей. Екі қоянды бір оқпен аты-ып, әрі үйлі, әрі әйелді боласың,- деп кеңкілдеп күліп қойды арасында. Әй, бала, бұл қалжың  емес, тақа шыным. Тек жаным ашығаннан айтып отырмын. Өзі бір жөні түзу, биязы бала. Түсі қара болғанмен, түсінігі мол!»Комендант шалдың айтқаны айнымай келді. Жесір келіншек жуас, жетім жігіттің кеудесінен итермеді. Пәтеріне тұрғызғанмен, тықақтап пәтерақы сұрамады. Отынын жарып, отын жағып, оң қолдай орала кеткен жігіттің жұмсақтығын ұнатты. Бір үйге бір еркектің керектігі белгілі ғой. Бұрын отын түсіруге де, пештің тұрбасын тазалауға да адам іздеп, әркімге бір жалынып жүретін жалғызілікті келіншек азаматқа жарыды да қалды. Кірін жууды да бастан өз мойнына алған. Жылы шырай танытқан әйелді Ақтан жек көре қойған жоқ, тағдыр табыстырған екі жарты - бір бүтінге айналып, бірігіп түтін түтете бастады.

Адам-пенде, өзін Құдайдың қайдан жарылқайтынын біле ме? Интернатқа күзетші болып жүрген Ақтан ойда жоқта тура Мәскеудің өзінен алақандай айбынды мөр басылған бағалы хат алды. Басында «КСРО Жоғарғы Соты» деген жазуды көргенде үркіп те қалған, бірақ қорқытатын емес, қайта қуантатын хабар болып шықты. Сүттей ақ, май жаққандай жылтыр қағазда: «Ісі қайта қаралып, жазықсыз деп табылған Сәдір Оразбаев ақталды» деген қысқа ғана хабарлама бар екен. Әскери коллегияның үкімі жазылған мөрлі қағаз Ақтанның қолына жіберген уағынан екі аптадай кеш, елу сегіздің күзге салымында тиіп еді. Пәрмені күшті коллегияның мәшіңкемен басылған қысқаша анықтамасын оқығанда қамкөңіл жігіт қуаныштан жылап жіберген. Жылдап күткені сол бір жапырақ қағаз болса жыламай қайтсін? Алдағы өмір жолына жарық түсіретін киелі шам секілді анықтама қағазды жүрек тұсына, төс қалтасына салып, қайда барса да тастамай өзімен бірге алып жүретін болды. Іле-шала әкесінің екі айлық жалақысы қолына тиген. Бұдан гөрі «Бешпетінің бір түймесі табылғаны артық еді, өле-өлгенше тәберік деп  мойныма тағып жүрер едім» деп налыды Ақтан. Мұрагерлік қаржының шетін бұзбастан балалар үйінің шотына өткізді.

Әкесі заң жүзінде ақталып, жұрттың көзіне бұрынғыдай жалтақтамай, тура қарауға куәлік алғасын, арқасынан таудай жүк түскендей болды. Болашақ көкжиегі ашылып, жарқын өмірдің сұлбасы айқындала бастады. Сенім бар жерде – сергек өмір бар. Көзіне күн нұры шағылысқандай жарқыл пайда болып, жүрегінде ыстық толқын ойнай бастады. Кешеңдеу де болса, қол жетпес арманы – мұғалімдік мамандықты игеруге бел байлады.

Ақтанға демеу болып, бар тауқыметті өз мойнына көтеріп алған әйелі: «Балдарға алаңдама, оқуыңды оқы! Аштан өліп, көштен қалмаспыз. Қатарға қосылғаның, бізге де абырой»,-деп ағынан жарылды. Өзінен әлдеқайда жас, көрікті күйеуін қызғанып, берекесін де алған емес. «Түсі қара болғанмен, түсінігі молдығын» танытты. Соның арқасында, Ақтан қолына диплом алып, ұстаздарының ортасына математика пәнінің мұғалімі болып оралды.

 

1968. Табысу

Әрбір шыққан күн тағы бір кешке ұласып, әр түннің жаңа таңға жол ашуы - бағзыдан бері кезегін бұзбай келе жатқан тіршілік заңы. Ал адам баласының бәрі жаңа күннің шапағынан бір жақсылық күтіп оянатыны анық. Бір сарынды тіршілік ырғағы титықтатып, әбден қажытқан кезде де адам-пенде келер күннен бір жаңалық дәметуін қоймас. Өмірдің өзі де сонысымен қызық, сонысымен қымбат емес пе?

Ал егер ұзақ жылдар бойы қуанышты хабар күтумен жүрсеңіз ше? Онда кезекті күнді батырған сайын: «Апыр-ау, шынымен бәрі осылай өзгеріссіз қала бермек пе? Мен күткен жаңалықты ертеңгі шығар күн де әкелмес пе екен?» деп, бойлай күдік пен үміттің үздіксіз арпалысында жүрер едіңіз. Біздің кейіпкеріміз Ақтан Оразбаев та дәл солай, әр таңды өз өміріне жаңалық әкелердей елеңдеумен күтетін.

Сабақ бере бастағанына да бірнеше жылдың жүзі ауған. Ел қатарлы өмір көшіне ілесіп, жұртпен бірге еңбек етіп, ұрпақ өсіріп жүргенмен бір бүйірі олқы соғып тұратын. Ана жылдары адасып қалған апасының асыл бейнесі сиқырлы суреттей сәулеленіп, есінен кетпейтін. Адамда бұндай да сағыныш болады екен. Аттас, атақтастарға құлағы түрік, бірақ ізіне түсіп, дерегін сұрастырып көрсе, бөтен болып шығады.

Жылдар өз дегенін жасап, толқынды қара шашына ақ кіре бастады. Тұнжыраған түндей көздерінің нұры тайып, көзәйнек киетін болды. Аққұба жүзіне әжім өрнек сала бастаған жігіт ағасының тек жұмсақ мінезі мен әдемі қоңыр даусы ғана өзгермеді. Сосынғы өзгермеген қарекеті - Одақтағы балалар үйлеріне әпкесін сұрастырып хат жазу. Біраз жерге аяқтай барып, мұрағат ақтарып, түлектер тізімін де қарап жүрді. Табылмады. Жасы егдерген сайын үнемі итжығыс түсіп жүретін күдігі күшейіп, үміті әлсірей бастағандай көрінетін, бірақ Құдайдың көктен тілегеніңді жерден беретін кезі де болады екен.

Жылдағыдай бір мың тоғыз жүз алпыс сегіздің күзі де жаңа оқу маусымымен басталған. Шәкірт үшін де, мұғалім үшін де әрбір жаңа оқу жылының қарбаласпен басталары белгілі ғой. Интернатқа панасыз қалған жетімдермен бірге малшы, теміржолшы балалары да қабылданатын, сондықтан оқушылар қатары әрдайым толығып тұратын. Бұл жолы да жаңадан келгендер бар екен. Өзі сабақ беретін бесінші сыныптың біріне жаңадан қосылған қыз бала Ақтанның көзіне жылы ұшырай берді. Аққұба өңді, қарақат көз, екі бұрымының ұшына алақандай ақ бантик байлаған, сидиған сүйкімді қыз балаға көзі түскен сәтте-ақ беймәлім бір сезім желді күнгі қамыстай шулап, көңіл-көлін шайқап жіберген.

Әбден запыс болып қалған секемшіл жүрегі лүпілдеп, осы бір қыз баланы көрген сайын қадалып қарап қалатын болды. Қараған сайын мұғалімді белгісіз бір күш оқушысына магниттей тарта берді. Балаң қыздың жүріс-тұрысы, ұяң жымиысы көз алдына бұдан жиырма жылдай бұрынғы Алтынды қайтарып әкелгендей. Ол да тап осы қыз бала секілді - салмақты, қатты дауыс шығарып күлмейтін, жымиғанда қос ұртына құлықтың ініндей шұқыршақ пайда бола қалатын әдеміше қыз еді. Әрдайым інісіне қамқор болып, өзінің тиесілі сыбағасынан үзіп-жұлып, аузындағысын жырып беруге әзір тұратын бауырмал жан болатын. Қарын тоғаймаған, тамақтың тақ-тұқ мезгілі  ғой. Інісінің әркімнің аузына жалтақ-жұлтақ қарап отырғанын байқаса, екі тілім нанының бірін қолына ұстататын. Ақтан ол кезде ойын баласы,  апасының аш қалатынын аңғара бермейтін. Қашан екі бөлініп кеткенше, бұл сол екі тілім нанның біріне ортақтасып жүрді-ау. Айырылысар күн белгілі болғанда: «Бір-бірімізді қалай да іздеп табайық! Ұмытпа осыны!» деп көзінен жасы сорғалап тұрып, қайта-қайта қадағалап тапсырғанын қалай ұмытар? Сол сөзі енді құлағында жаңғырығып тұрып алды: «Ұмытпа осыны! Ұмытпа осыны! Ұмытпа осыны!..» Ақыры, қоңырау кезінде әлгі қыз баладан:

-Қалқам, қайдан келдің?-деп сұрауға мәжбүр болды.

-Мал ауылдан.

-Анаңның аты кім?

-Алтын.

Ақтанның жүрегі оқыс дір етті.

-Руыңды білесің бе?

-Байбақты.

-Нағашың не ел?

-Адай.

Жүрегі атанақтай жөнелді.

-Айналайын, шешең нешінші жылғы?-деді әзер жұтынып.

-Отыз бес.

-Памиләсі?  Памиләсі кім?-деді жүрегі аузына тығыла асығып-үсігіп.

-Ағай, ол да Оразбаева!

-Әкесінің... атын айтшы.

-Сә - ді-рр.

Жүрегі біржолата тоқтап қала жаздаған Ақтанның көзі қарауытып, қапталындағы бос партаға сылқ етіп отыра кетті. Бұрқыраған жастан  бұлдыраған көзі ештеңе көрер емес. Алдында жатқан оқушы дәптерінің бір бетін асығыс жыртып алды да, айдақтатып бір ауыз сөзді әзер жазды. Аң-таң болған қыздың қолына қағазды ұстатып тұрып:

-Мынаны тезірек апаңа апарып берші!-деді бар айтқаны. Бір күн өтпей үйге қайтып келе жатқан қызын көрген Алтын есік алдынан күтіп алды.

-Не болды? Сабақ қайда?-деген сұрағына  жауап қатпастан қызы қолына төрт бүктелген қағазды ұстата берген.

Тор көз дәптердің бетіндегі тайға таңба басқандай «Мен Ақтан Оразбаевпын» деген үш сөзді оқығанда Алтын:

-Жаңғызым тірі екен ғой!-деп бақырып жіберген. Қуанған мен қорыққан бірдей деген рас екен. Тұла бойы қалтырап, дірілдеп, көзінің жасы тыйылар емес.

Қызына бір аяқ шай ішкізбестен, екеуі қайта жолға шықты.

Үміт ЖӘЛЕКЕ