- Мен оның айтқанына көнбеймін, - деді бетінен ызғар шапшыған кендір жіптей сидам келіншек есіктен екпіндеп кірген бетте шаптыға сөйлеп. – Араласса өздері араласа берсін. Мен сендермен араласам.
Ішім қылп ете қалды. Күйеуінің қарағайдан жаңқа жонып жүргенін сезуші едім, бәрін де дүрбімен көргендей көріп тұрмын. Ұрғашының арыны басылар емес, айналасын жұлып жеп барады. Айналасы дегенде, бақырайып қарап тұрған жұбайым екеуміз ғана. Куәге тартар бөтен көз жоқ. Кәмила біраз сөйледі, бірақ әлі де қадасын қаға алмай айналсоқтап жүр.
- Мен оның дегеніне көнбеймін. Өзі араласа берсін ағайын-туысымен. Маған екеуіңнен басқа досты майлап берсе де керек қылмаймын.
- Сөзіңнің тоқетері... Сонда ол не дейді?
- «Ол біздің жүзден емес, ағайын емес, алыстан силасайық», дейді.
- Жүзім мейірімді емес пе? – деп күлімсіредім. – Силасу әркімнің өз еркі. Зорлыққа көнбейді...
- Мен де көнбеймін.
- Сен келіп-кетіп жүре бер. Өз үйің ғой. Ол штаттан тыс дос болып жүре берсін.
Ол ыстық шәйдан бір ұрттады да, көзінен моншақ жас ытқып кетті.
- Осыдан он бес жыл бұрын, біздің Сарықамысқа күйеу жолдас боп барғаныңды білесің бе?
- Онан бері он бес жыл өтті. Қайта құру болды. Адамдар қайта құрылды...
- Осы... бірдеңе айтса, қайта құру деп шыға келесіңдер, - Атыраудың атырылып тұрған қызы шәңк ете қалды. Қайта құру... – деп сөз аяғын жұтып қойды.
- Мейлі, солай-ақ болсын, бірақ босама. «Достықта жоқ – шекара» деген ұрансөзіміз бар емес пе? Мысалы, мынау розетка, - деп екі тесігі сықсиып, қабырғаға жабысқан дөп-дөңгелек тертікті иегіммен нұсқадым. – Осының бір тесігіне сым тықсам, мынау жарқырап тұрған жарық шырт етіп күйіп кетеді. Сосын жаңа лампішке ауыстырамыз. Достық та сол сияқты, абайламасаң күйіп кетеді. Ал егер оның екі тесігіне бірдей екі сым тықсаң, - дәл жанында тұрған төртбұрыш электр жылытқыштың шұбатылған бауын қолыма алып, сорайған қос темірін екі тесікке кигізіп едім, төртбұрыш дыңылдап ала жөнелді. – Біреуін тықсам, мына темір парт етіп жанып кетер еді. Бұл – физика заңы, яғни тепе-теңдік. Достық заңы да тепе-теңдікке бағынады, физиканың заңымен бірдей.
- Сен де бір, физикпін деп...
- Сонда сен достықтан кетісуге қарсысың ба?
- Күні бойы не айтып отырмын... – ызалы келіншек ызбарынан қайтып, бәсеңсіп қалды.
- Айттым ғой, күйіп кеткен лампішкенің орнына жаңасын салады деп.
Оның танадай көзінен тағы да моншақ жас ытқып кетті.
- Менің Алматыға келгенде көргенім сендер емессіңдер ме? Есіңде ме? – деп өксіп-өксіп алды.
Бәрі де еске түсіп отыр. Сарықамыстан ұзатылған бойжеткен шыр-пыры шығып сыңсыды да, күтіп тұрған мәшиненің артқы орындығына отырып, оң жақтағы күйеу жолдас – менің иығыма басын салып, үн-түнсіз қалды. Сол жағындағы өмірлік серігі Бекәшір сәл әрі жылжып, «Бері отыр!» деп жанжарын құшағына алды. Қыз алыс жолға – мәңгілік әйелдік жолға аттанып бара жатып, бір демеу іздеді. Әлі некесі қиылып, төсек жамылмаған жігіттің ішін қызғаныш кернеп, қалыңдығын аққан су мен ұшқан құстан да арашалай бастады.
- Есімде, бәрі де есімде. Соңғы кезде ағайын іздеп, тамыр тазалығын сақтау деген бір әдіс шықты ғой. Сенің Бекәшірің де сонан сау емес.
Келіншек екіленіп кетті.
- Ойбай, ол өз руының ұшқан құсы мен жылжыған жыланына дейін санап отырады. Ештеңені қалт жібермейді.
- Ал мен, Кәмила ханым, төре баласымын. Бәріне ортақпын.
Келіншек аңырып, бетіме аңтарыла қарады.
- Соны осы күнге дейін білмеппін.
- Біздің үйден жаңалық ашып аттанатын болдың, - деп қылдай құйтырқылыққа салдым.
- Сенің шаңырағыңда талайды көрдік. Үлкенмен де, кішімен де табақтас болдық. Жүдә, бөліну дегенді білмейсің ғой. Біздің де Алматыға келіп қой, бөлініп жүргеніміз.
- Сонда сенің күйеуің қай жағында? – дедім құйтырқылық сауалды құрдастықтың иығына қайта салып.
- Қашан көрсең «Біз жергілікті емеспіз, мені ешқашан завотдел қоймайды» деп қан сиеді де отырады.
- Жұрт Астанаға көшуді бастады. Сендер де көшіңдер.
- Мен оны да айтқам. «Суықтан қорқамын» дейді. Бұл өзі шыжыған ыстықта өскен, шілдеде тон киіп жүретіннің нағыз өзі ғой. «Аязға шыдай алмаймын» дейді.
- Қорқаққа тиген өзіңнен гөр.
- Қорқақ дейін десең, қорқақ емес, сөзі мірдің оғындай. Күш-қуаты да ешкімнен кем емес, өгіздей өкіреңдеп тұрады. Әнебір іріткі сап жүретін ағайындарына еріп ап...
- «Ет сасыса, тұз себеді, тұз сасыса?..»
- Иә, не себерімізді білмей қалдық ғой, - деп Кәмила жинала бастады.
- Басқа не шаруа?
- Бар шаруам осы. Ішіме симаған соң аттандап шауып кеп айтып отырмын. Мен бәрібір сендерді тастап кете алмаймын.
- Кәмила, мен сенің күйеуіңмен Алматыға келген отыз жылдан бері дос емеспін, тек тату жолдаспын. Достыққа әлі жете алған жоқпыз, енді тату жолдас боп қалайық. Күйеу жолдастық та соның ішіне кіреді. Дос болу үшін электр қуатындай қуатқа төзу керек, екі сым тоққа бірдей тығылу керек. Міне, бір лампішке күйіп кетті, - дей беріп едім, келіншек сөзімді бөліп жіберді.
- Сен-ақ физиктігіңді көрсете бересің осы...
- Мен сенің күйеуіңді сенен артық білемін, он жеті жасымнан, абитуриент кезімнен білемін.
- Мен бәрібір көнбеймін. – Зәрі бетіне шыққан кендір жіптей тартылған келіншек шығар есікті тарс жапты. Өктем сөйлеп, төртінші қабаттан қара жерге табаны тигенше желдей есіп, цемент баспалдақты белінен аямай жаншып барады.
«Мұндай да болады екен-ау» деп таңқалып тұрмын. «Ерлі-зайыптының екі жүрегі бір жүрек боп дүрсілдейді» дегенді естуші едік. Қалада өсіп, орысша оқыған жұбайыма бәрібір, көзі бақырайып қарап тұр. Ол үшін бүгінгі оқиға – біреу келіп, біреу кеткен көрініс ғана. Бірақ, менің жаным тыншыр емес.
***
Тату жолдас күтпеген жерден телефон шалды.
- Неғып жатсың-ей, физик, - деді салған жерден. – Жердің тартылыс күшін зерттеп жатырсың ба?
Даусы нық шыққанмен аздап діріл бар. Екі жылдан бері жүз көріспеген уақыттың сыйы ма, әшейінде сөзді қақ тілгендей ғып тіліп айтатын Бекәшір абдырап, алабұртып тұрғандай.
- Маска тағып ап сөйлесіп тұрсың ба? – деп таразының бір басына зіл қара тасты тастап жібердім.
- Не дейсің?! – деді тіксініп қап.
- Менімен сөйлескеніңді біреулер көріп қоймай ма?
- Сотка деген жақсы болды ғой. Оңашада езесің кеп, езесің.
- Әйеліңнен де тығылып сөйлесіп тұрсың ғой.
- Әйел – дұшпан. Әйелге артық сөз естіртуге болмайды.
- Айта бер, құлағым сенде.
- Әй, сен алғашқы астана – Ақмешіттің тумасысың ғой. Менің анау стоматолог інімді білесің, сол бір поликлиниканың главныйлығына біреумен таласып жатыр еді...
- Не, ханталапай ойнап жатыр ма?
- Қыртпай, сөзге қонақ берсейші, жарым. Екінші кандидат жергілікті екен. Біз кірмеміз ғой. Бәрін шешетін әкімнің орынбасары, ақмешіттік, сенің інің екен. Сенің анау доктор наук ағаңды жақсы біледі. Мен үшін бір ауыз сөзіңді ағаңа шығын қылсайшы, сенің үйіңде талай бірге болып ек қой.
Мен ағамды көз алдыма әкелдім. Бірге тусақ та болмысы бөлек – қатулы қабақ, семсер сөз ағам жөнсіз жерде әкесін де тыңдамайды. Буынсыз жерге пышақ ұрсам мені де бір ауыз сөзбен қайырып тастайды.
Бәрін бағамдап, өзіме-өзім келгесін қалта телефонымды аузыма тақадым.
- Сен жергілікті болу үшін Астанаға көшсейші. Астана бәріне ортақ, көлеңкесі сая жас қайың секілді.
- Онда да сарыарқалықтардың арқасы қозып жүр дейді ғой. Бізге нан жоқ.
- Онда, інің адамның әйтпесе иттің тісін жұлып жүре берсін.
Біраз уақыт бұрын, осы інісі көшеде кездесіп қалып, кандидаттық қорғағалы жатқанын, тәжірибе ретінде иттің тісін жұлатындығын айтып, жол бойы әбден мақтанғаны көз алдыма көлең ете қалды.
- Інім, кезі келгенде біздің тісімізді де қағып тастайсың ғой, - дедім асығып-аптығып тұрып.
- Айтсаңыз болды, беймарал, - деп қала берді...
Осы сурет көз алдыма келіп, ойымды тұйықтап, қалта телефонды аузыма тақап, дауысымды қаттырақ шығардым.
- Сен, дегенмен, өзің де, інің де Астанаға көшулерің керек. Әділдік дегенің сол жерде жауған ақ қардай, - дей беріп едім, тарғыл дауыс сөзімді бөліп кетті.
- Сен Ақмешіттен Алматыны жарытам деп келдің бе? – сәл көтерілген тәмпіш танау мен сығырайған жоңғар көз елес беріп, мұрыннан шыққан тұмау дауыс қайта естіле бергенде техника тоқтап қалды.
Бұл тату жолдастың үнін алыстан соңғы рет естуім.
Жұбайы келіп, жан сырын жайып сап кетіп жүрді. Бірақ, көз көргеннің аты – көз көрген. Адам не де болса көз көргенін іздейді, өзін көргендей болмайды екенсің.
***
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алып», енді ғана тәуелсіздікке қол жеткізіп, ілдалдалап ілгері басқанымызда, мына бір індет деген шығып, киімге жабысқан қылдай боп ілініп тұрып алғанын қарашы. Күнде біреу жалғанды тастап кетіп жатыр, кеше жарқылдап жүрген ер-азамат бүгін жоқ. Таң атпай қалта телефоным үзіліп түскен тамшыдай «тук» ете қалды. Тым ерте, адамзат әлі тіршілікке бас бұрмаған алакеуім шақ. Жүрексініп барып, қызыл нүктені басқанда оқығаным «Тату жолдасыңнан айрылып қалдық» дейді Кәмиланың телефонынан түскен жыбырлаған әріптер.
- Бекәшірге де кезек келіпті, кеттік! – дедім жұбайыма.
Салып ұрып қала шетіндегі жер үйге жеттік. Жым-жырт, түңлігі түрілген қаралы үйге ұқсамайды. Сол аумақты түгел қызыл жіппен қоршап тастапты. Жылтыр желеңге оранған дәрігер жігіт «Кірмейсіз!» - деді ә дегеннен. «Көңіл айтам да шығам. Тату жолдас еді. Өзіме-өзім жауап берем» - деп кесіп айттым. Жігіт сақалымды силады-ау деймін, ысырылып жол берді.
Кәмиланың тілі ащы, жоқтауы зарлы.
- Өзегім өртеніп барады, өмірден түк көрмей өтті ғой, доспен дос боп араласа алмай кетті ғой, - деп мұңын шақты. – Тату жолдасымен де шүйіркелесіп отырып, бір кесе шәй іше алмай кетті ғой, - деп қайырды.
Мен басу айттым, әйелім дәрігерлігін көрсетіп, сидам саусақтарын жүгіртіп, арқасын сипалады.
- Сүйегін үйге бермейді, мәйітханадан шығарады, топырақ салуға барасың ба? – деді Кәмила өзіне-өзі келген соң.
- Барам, - дедім басымды иіп.
- Онда тізімге кіргізейін. Баратындар да санаулы, -деп қарсы тұрған бір әйелден қалам-қағаз сұрады. Қара жамылғымен тұмшалап оралған ер-азаматты жер қойнына тапсырдық. Дәрігерлер өз заңымен суға төндіріп, жаназасын аурухана алдында шығарды. Атбайлары жоқ азаматқа бәріміздің атымыздан бір уыс топырақ салдым. Бірге туған стоматолог інісі де осы кеселмен ауырып, барып-келіп жатыр дейді. Қабір басында тізе бүгіп, Құран оқып, бет сипадық. Бейіттен қырық қадам шыққасын тату жолдасқа арнап дұға бағыштадым. Басқа қолдан не келеді? Бұл індет қашан тежелер екен? Ел болып енді-енді еңсемізді тіктей бастағанда...