Мақсатсыз өмір сүрген адам неткен бейшара.
И.С.Тургенев.
Айдалада аптығып, жападан-жалғыз жанұшыра жүгіріп келе жатқан жігіттің қарсы алдынан алабажақ киімді, түстері ызбарлы, мауыздай-мауыздай өжеңдеген бір топ адам шыға келді де, әй-шәйға қарамай шалып құлатып, бас-көзге қарамай тепкілей жөнелгені... Көмек сұрауға шамасын келтірмей, әп-сәтте қан-жосаға бояды...
Не жаздым бұларға? Өлдім-ау деп ойлауы сол екен, табан астында пайда болған, сұлу жүзіне шыбын тайып жығылғандай үлбіреген аққұба қыз тұра қалғаны кесе-көлденең. Ұмсына түсіп, құшағын жая берген. О, тоба?!. Қалың қара шашы иығынан аса төгілген кермиық құс төл әйелге айналды жаңағы қыз.
Қорыққаннан аузына құм құйылған Бұлан айран-асыр, таң-тосын.
- Тоқтаңдар! - деді сұлу бикеш ақырын ғана. - Көптен іздегенімді, көктен іздегенімді таптым-ау ақыры!.. Тимеңдер!.. Ауаша жүріңдер!.. Ол – енді мендік!..
Келіншек оң қолын жоғары көтеруі мұң екен; алабажақ киінген, түстері сұсты жаналғаш еркектер көзден ғайып болғаны.
- А-а-ай!.. Кім бар?!..
Басы тығырылып, айқайлап оянған жігіт ағасы меңзығыр күйде. Қасында жатқан әйелінде ес жоқ. Көздері шарасынан шыға бақырайып, үнсіз қалған. Бір кезде өзіне-өзі келіп, тіл қатты:
- Бісіміллә деші!.. Тәңірі сақтасын!.. Жәйсіз түс көрдің бе, отағасы?! Зәрем ұшты ғой!..
- Қатты шошыдым... Қайдағы-жайдағы, бытықы-шытықы бірдеңелер... «Түс – түлкінің боғы» демей ме?!. Ештеңе етпес!.. Су әкелші, қаталап барамын...
***
Ауылды жерде жаңалық жата ма?! Мұңлықтың келіншек әкелгені Ынта ауылына тегіс тарады.
- Оқуын тастап бұзық топқа қосылыпты деп еді, е-е, жөн болды мұнысы.
- Соның оқу оқығаны өтірік пе деймін. Барахолкадағы базардың рэкеті екен. Жұртты қан қақсатып, өздері белгілеген «стапкыларын» күнде кешке сыпырып-сиырып жинайды дейді.
- Осындай өсек-аяңды қайдан естисіңдер?! Көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң күнаға жатады біле білсеңдер!
- Қалай дегенмен аяғы тұсалып, шаңырақ көтергені жөн болды. Жасы келді емес пе?
- Біздің Қабыланмен түйдей құрдас, отыздан асты жаңылмасам.
- Сенің Қабыланың төрт баланың әкесі.
- Жә, ештен кеш жақсы, отыз жас орда бұзар шақ емес пе?!
Маңдайшасында «Ақсымбат» деген айшықты жазу ілінген азық-түлік дүкенінің алдында өсек сапырып тұрған үш-төрт әйел, анандай жерде келе жатқан Ықылас кәрияны көре қалып, әңгіме ауанын өзге арнаға бұрып жіберді.
Биыл бұл ауылда бидай бітік шығып, бес үлкен шаруа қожалығын біріктірген ынталылықтар аудан орталығынан келген астық сатып алушыларға жылдағыдан артықтау бағаға өткізіп, тепсе темір үзетін ер-азаматтарды былай қойғанда, зейнеткерлік жастағы шал-шауқандар мен мектеп оқушыларына дейін қырмандағы жұмысқа жабылып, бір апта бұрын ғана белдерін жазып дем алған еді. Ауыл адамдарының сонау жазға дейін енді қолдары бос...
Ықылас отағасының үйіне таңертеңгі шәйдан соң бес-алты кемпір құтты болсын айта келді. Түнде жайылған дастархан әлі жиналмапты. Балғаным шешей көршілеріне өзі шәй құйып, ара-арасында үйдің де ұсақ-түйек шаруаларын тындырып, қолы тиер емес. Анда-санда төргі бөлме жаққа қарап қояды, тым-тырыс, еш белгі жоқ. «Апырым-ай, әбден жолсоқты болған ғой, - дейді өз-өзінен күбірлеп. Жә, жата тұрсын, тынықсын...»
Түске тақағанда төргі бөлмеден есінеп-құсынап Мұңлық шықты. Үстінде қысқа жең қызыл футболка, бұтында тар шибарқыт шалбар.
- Балам-ау, ұйқың қанды ма? – деді ыдыс-аяқ жуып жатқан анасы қолын алжапқышының етегіне сүртіп.
- Қатып қалыппын. – Әдеміше қыр мұрынды жігіт есік алдына шығып, дене шынықтыру қимылдарын жасай бастады. Содан соң былтырғы жазғы демалысында өзі орнатқан белтемірге тартылды. Бірге ере шыққан анасы аң-таң. «Үйленетін ұлдың түрін қара?! Төркіндеп келгендей, келіннің жатысы анау?!. Қай бетімді айтайын?!.» Қапелімде қара кемпірдің есіне шалының тапсырмасы түсе кетті де:
- Беті-қолыңды жу да, шәйіңді іш! Келін оянды ма? – деді.
- Маржан жата тұрсын. - Баласы соңына бұрылды. – Мен шәйға қазір барамын.
«Жата тұрсыны қалай?! Осы күнгі жастар да қызық! Сабыр сақтайын! Оянар, тұрар!..» Балғаным шешей баласына шәй беру үшін шәугімге еселей су құйып, газ плита үстіне қойды.
Мұңлықтың қарны ашқан екен.
- Үйдің тамағын сағыныппын, - деді табақтағы етті қалайы қасықпен қарбыта асап жатып.
Өңі ақ шүберектей оңған ұлдың бетіне қан жүгіргенін аңдаған ана байғұс шыр-пыр:
- Ал, ала ғой, - дейді бәйек бола. – Тағы да жылытайын ба қуырдақтан?
- Тойдым апа, рахмет! – деді баласы тершіген маңдайын сүртіп. - Әкем қайда? Бір жаққа кеткен бе?
- Қазір келеді.
- Маржан оянды ма екен? - деп орнынан тұра берген баласын Балғаным шешей:
- Сәл аялдашы, - деді кідіртіп. – Отыр, кеңесейік.
- Ал, отырдым, - деді баласы құйрық басып.
- Балам-ау, хабар-ошарсыз келуіңе жол болсын! Өткенде үйленем деп айтпап едің. Қалай бұл?
- Реті солай болды, апа, - деді Мұңлық ойланыңқырап.
- Отпускі алдың ба?
- Жұмыстан шықтым, елде қалуды ұйғардым. Асхаттың үш баласымен өздерін, сіздерді қосқанда жеті жан екенсіздер. Үйдің кенжесі болған соң қарашаңырақта тұрғаны жөн олардың. Ауылда бос үй табылса сатып алармыз.
- Аудан орталығына көшетін екі-үш отбасы бар сияқты. Пұл болса, үй табылар.
- Қаражаттан қысылмаймыз, - деді Мұңлық. – Ақша бар.
- Өзің көріп отырсың, үйіміз тарлау. Екі келінімді жұмсап, немерелеріме қарап отыруға мен де қарсы емеспін.
- Апа-ау, сіздің көңіліңізді білемін ғой! Ағайын тату болғанмен, абысындардың алыстан сыйласқаны дұрыс шығар. Елді де сағындым, бір-екі жыл тұрсақ деймін.
- Бір есептен бұл шешімің ұнап отыр. Сонымен тойды қашан жасаймыз? Құдаларға қашан барамыз?
- Маржан екеуміз кеңестік, тойға асықпайық. Құдалардың алдынан өтуді содан соң шешерміз.
- Бұларың қызық екен, ел-жұртқа не айтамыз?
- Жұрттың не шаруасы бар? «Ел не демейді, есек не жемейді» дейтін бе еді?!.
- Қой балам, ұят болады, ойланыңдар.
- Ойланатын түгі жоқ... Той қайда қашар дейсіз, апа...
*** Мұңлықтың аяқ астынан үйленуіне не себеп болды? Маржан қандай қыз? Енді сол оқиғаны баяндайық.
Бес ұлдың ортасындағы жалғыз қыз болғандықтан Маржан ерке болып бойжетті. Ұлдар бір төбе де, бұл бір төбе. Қаршадайынан киімді де таңдап, талғап киді. Өзіне не кисе де жараса кететін. Зерек пысықтығының арқасында бастауыш сыныптан екпінділер қатарына қосылып, мақтауға ерте ілікті. Бетінен ешкім қақпаған үйдегі еркелік, мектеп қабырғасында айтылған көп марапат жас қызға бақ емес, болашағына сор боларын қайдан білсін байғұс ата-ана.
Жоғарғы оқу орнына түсемін деп Алматыға келген жылы-ақ ойнақтап жүріп от басты. Көрсеқызарлығы мен жеңілтектігінің кесірінен университеттің үшінші курсынан шығып қалды. Менмен қыз аса уайымдаған жоқ. Адамдармен тілтапқыш мінезінің, ширақтығының, ажарлы өңінің арқасында тіршілігі қым-қуыт қайнаған, үлкен мегаполистегі салтанатты мейрамханаға даяшы болып жұмысқа тұрды.
Сұлу бойжеткенге кімнің сұғы қадалмас. Көп ұзамай мейрамхана қожайынының көзіне түсіп, соңында ашынасына айналды. Сол-ақ екен Маржанның тасы өрге домалады. Өзінен он жеті жас үлкен Мәкең жас қызға әсем шаһардың дәл ортасынан ойып тұрып екі бөлмелі пәтер алып берді. Жоғары оқу орнына қайыра қабылданып, бір жылдан соң табақтай дипломға ие болды.
Ырду-дырдуға толы қызық күндер мезі қылатын кейде. Мәкеңмен танысқанына төртінші жылға аяқ басқанда есін жиғандай болды. Бастапқыда әсем қаланың қақ ортасындағы пәтеріне, әйелімді тастап саған үйленем деген Мәкеңнің сөзіне сеніп, уақыт өткізіп алғанына өкінген. Бір жаққа шығуы керек. Беттің қызылы да оңар, тәннің қызуы да қайтар! Сол ма жеткен жері! Болмас бұлай жүргені! Не нәрсенің шегі бар! Ата-анасын да «бәрі жақсы» деп алдауын қояр емес.
- Мәке, - деді қыз бір күні . – Отбасыңмен ажырас деп айтпаймын, ана екі балаңның көз жасына қалмайын.
- Неге олай дейсің, Мара?!
- Себебі бар.
- Айт жасырмай.
- Мен саған бала тауып бере алмаймын! - Әлгінде ғана көздері жайнап, көңілді отырған Маржанның кемсеңдеп жылағанын көрген Мәкең қызды аяды. Құшақтап бауырына тартты.
- Аяғың ауыр еді ғой? Қалайша-а?!
- Алты рет аборт жасаттым! Соның нәтижесі... құрсақ көтермеймін...
- Мүмкін емес, Ма-ра-а! Медицина дамыған мынадай заманда, мүмкін емес! Айтпа ертегіні!
- Бәрі мүмкін! Алты шарананы жатырда өлтірдім! Ешкімге кінә артпаймын! Саған сенгеннен, және өзімнің ақымақтығымнан айықпас дертке шалдықтым.
- Таусылма өйтіп.
- Кеше оқыдым, пенде жақсылықты да, жаманшылықты да Алладан өзі сұрап алады екен.
- Абсурд!.. Былшыл!.. Адамның қолынан келмейтіні кемде-кем! Біздің медиктер қауқарсыз болса, ана шетел, айталық Израиль, Германия тағы басқалары бар емес пе?!
- Шала бүлініп қайтесің! Сен айтқан шет елге де барармын, қаралармын, көтерермін бір шикі өкпені.
- Осылай жөніңе келсеңші! Зәремді ұшырдың ғой, жаным!
- Жарайды, Мәке, тақырыпты ауыстырайық. Қарап отырсам, уақыт өтіп барады. Даяшы болып жүре беремін бе?! Жалықтым... Ақшасы мол, жұмысы жеңіл қызмет істегім келеді.
- Жұмыс дейсің бе?! Та-ак! Ақшасы көп, жауапкершілігі аз... Та-ак-к... Көптен ойымда жүр еді, айтуға ұялып... былай, кішкене нелеу... лас дейміз бе, харам дейміз бе?!
- Ақша жүрген жерде адалдық бола ма?! Келісу, келіспеу менің шаруам. Айтсаңшы әуелім...
- Жезөкшелер үйін ашып берейін. Во, бизнес! Крышаң қызыл жағалылар! Сенің миссияң - жеңгетайлық! Түсіндің бе?!..
Бірер жылдың ішінде Мәкең ашқан жезөкшелер мекені қылмыс әлеміне кеңінен таныла бастады. Бастапқыда қала ортасынан төрт бөлмелі пәтер жалдаса, кейінірек шаһар шетінен, Алатау баурайынан үш қабатты коттедж сатып алды. Жеңгетай Маржан келе-келе тәжірибе жинақтап, алдап-арбаудың сан түрін меңгерді. Әуелде қыздар саудасымен өзі айналысып, уақытының көбін соған жұмсайтын. Бір жарым жыл бұрын диспетчерлік вакансия ашып, оған өзінің құрбысын отырғызды. Бұған дейін жолаушылар пойызында жолсерік болып істеген қу қыз барлық шаруаны тас-түйін қылады. Маржанның міндеті, екі жердегі жағдайды бақылау және күнде таңертең ақша жинау. Басқа кезде қолы бос, өзі би, өзі қожа.
Тікелей бастығы, қожайынмен үш рет қана жолықты. Онда да мейрамхананың алакөлеңке, оңаша бөлмесінде. Қырық жастардағы қасқа бас жігіт ағасын көрген сәтте іш жиып қалды. Көп сөзге жоқ шефінің іскер адам екендігін сезген. Қорықпа деген Маржанға. Клиенттеріңнен ши шықпаса, біздің бикештер сенімді. Еңбек ақыларын апта соңында бересіңдер. Ақшадан жымқыруға жол берсеңдер, ренжіме деді шегелеп. Қайда қызмет жасайтынын, аты-жөнін айтқан жоқ. Лақап есімі – Шеф!
- Саған бір адам келеді, сауалына ғана жауап бер, керек кісі, өтінішін орында, - деді қоштасарда.
- Түсіндім, - деді жеңгетай.
Ертеңінде шефі сырттай таныстырған жігітпен офисте жолықты.
- Клиенттерің риза ма? – деді өзін Макс атаған қысық көз жігіт бірден сенге көшіп.
- Разы болмай... Жақында ғана «контингентті» жаңарттық. Қазіргілері жас қыздар.
- Нақтырақ айтқанда?
- Он сегіз бен жиырма үш жас арасы.
- Ұзын саны?
- Он бес.
- Әсілі «қуыршақтарыңды» көп ұстама! Бес-алты айда ауыстырып отырғаның жөн. Жар-райды! Бір заказ. Он алты жастағы қыз керек.
- Пәк...
- Ойымды оқып отырсың.
- Ондай «қуыршақтың» табылуы қиын! Дефицит! Нарқы да удай!
- Жігіттерді құлаққағыс қылайын.
- Келістік.
- Мынау аванс, - Қысық көз жігіт ақ қағазға ораулы қомақты конвертті стол үстіне қойды.
- Сізге сенеміз. «Товар» табылған соң бермедіңіз бе? – Күлім көз жеңгетайдың жанары жарқ етті.
- Азырқансаң, тағы қосамын.
- Сіздің мәрттігіңізді естігенмін.
- Бес мың бакс!
- О-о-и-й! Көп қой... Уәде беріп орындамасақ, ұят болмай ма? Әрі, бүгінгі күні пәктігі сақталған қыз табу қиынның қиыны.
- Алдын-ала төлеп отырғаным сол үшін...
- Іздейміз! – Маржан конвертті темір көк сейфке салды.
***
Анаша сатушылармен байланысы бар қылмысты топқа іліккен Аида есімді жас қыз полиция тұзағына түсті. Сұрақ-жауап барысында қыздың кінәсі жоғы анықталды. Шындап келгенде босатып жіберуге де болар. Бірақ, үлкен бастығының тапсырмасы бар. Пәктігін сақтаған жас қызды табуы тиіс. Оны білу қиын емес. Верониканы қасына бір-екі сағатқа қосса болды. Аиданың қасында жарты күн «отырған» Вероника жас қыздың бар сырын анықтады.
Бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығыңнан айрыласың деген қоқан-лоққыдан қорыққан аңқау бойжеткен тергеушінің талабын орындауға келісті, өзге амалы қалмады.
Қысық көз жігіт ағасы нәпсі қалауын іске асырды. Жас қыздың көз жасына қараған жоқ. Өйткені ақшасын төледі! Сатып алды!
Еркек орнынан тұрып, бодамға шылым шегуге шыққанда Аида халатын киіп балконға келді. Сүйген жігітіне қай бетімен қарайды? Өмір неге күрделі?! Тағдырдың табан астында тас-талқан болуы өзіңе байланысты емес-ау?! Өксіп-өксіп жылағысы келген, көзінен жас шығар емес. Кеуде түкпірінен ар-ұят, жігер, намыс атты сезім бас көтерді. Аялап әлпештеп өсірген ата-анасы алдында жер болды ау?! Ана кісінің өліп-өшкен тұрпайы қимылы, үздіге айтқан жалған сөздері есіне түсіп жанары жасаурап, көздері қарауытты. «Қорлық!.. Өлім!.. Қорлық!.. Жер басып жүрудің керегі бар ма?!.»
- Аида! – деген дауыс естілді жатын бөлмеден.
Қыз балконнан бірақ секірді. Одан кейінгісі бұлдыр. Есін ауруханада жиды. «Не болған маған?!. Ап-ауыр не бұл?!. Гипске салып тастаған ба?!.»
Бұл төтенше жағдай аудандық ішкі істер бөліміне дабыл қақтырды! Жезөкшелер үйіне тықыр таяды. Жеңгетай Маржанға қауіп төнді. Шефі бұның екі тәулік ішінде Алматыдан көзін жоғалтуын кесіп айтты. «Бәрі реттелген соң келесің...» - деді шегелеп
***
Автобус аялдамасынан түскен Маржан басы ауған жаққа кете барды. Бағыты беймәлім, санасы емес, аяғы жүріп келеді. Құдай-ау, мынау қай көше? Қоғамдық көлікке отырмағалы қашан? Алматыға келген сонау жылдары ғана мінетін, кейін ғой бәрін ұмытты. Астында аппақ «Мерседес». Қысы-жазы қара көзілдірігін шешпейтін оққоғары, мәшине жүргізушісі Вадимнің арқасында Алматының қай бұрышына, қай даңғылына бармады. Вадим артық-ауыс сөйлеп көрген емес. Қойған сұраққа ғана жауап қайтаратын. Ол мұның жағдайын біле ме екен?! Шеф ешкімге тіс жармас. Вадимге телефон шалса қазір-ақ жетіп келер. Оның қажеті қанша? Жасынан еркешора, намысқой, бірбеткей өскен қыз ондай-ондай жасықтыққа бара қоймас. Әсте! Одан да өліп кеткені оңай...
«Екі тәулік ішінде Алматыдан қараңды батыр!.. Бәрі реттелген соң келесің...»
Түсі суық қасқа бас осылай деді. Оған да тықыр таяды! Ана қызды айтам! Бейшара! Ар-ұят не теңі екен?! Пәктігімнен айрылдым деп өзін-өзі балконнан тастағаны ақымақтық! Ну и что, подумаешь?!. Әзірше тірі. Жамбас сүйегі быт-шыт дейді. Көрген жігіттер айтып келді... Жә, қайдағы бір шөпжелке қызды уайымдап... Ол өлмей тұрғанда табанымды тайдырайын...
Миға жоқтан өзгенің келетіні қалай? Ойына жерлесі Мұңлықтың түсе кеткені. Екеуі бір мектепте оқыды, оның үш-төрт жас үлкендігі бар, басы істейтін жігіт, институтта сырттай оқып, осында жұмыс істейтінін естіген. Сонау мектептегі кезінен Маржанға өлердей ғашық, өзі де сымбатты, қыр мұрын, қара торы. Бұл артынан жүгірген ұлдардың біріне де қараған жоқ ол кезде. Жігіт атаулының мысын басып, ынтықтырып тұрарын жақсы білген қыз өз бағасын білетін.
Қайдағы-жайдағы сүреңсіз оймен келе жатқан қыздың көзі тас төбесіне шықты. Әлгінде есіне алған Мұңлық алдында тұр. Қуанған қыз жерлесін құшақтай алды. Мұңын шағып, көз жасын көлдеткен Маржанды аяған Мұңлық оны бірінші Алматыдағы жатақханасына алып барды. Сол түні екеуі шаңырақ көтеруге шешім қабылдады. Сөйтіп ертеңінде пойызға отырып жігіттің ауылына жүріп кетті.
***
Басы бос сыбай-салтаң қыз көңілі құлаған, өзіне ұнаған жігіттермен әсем шаһардың небір мейрамханаларында сауық-сайран салып, ойнап-күліп түн ортасына дейін болатын да, оның аяғы өз еркімен, өз қалауымен құмарын басуға жалғасатын. Жын ойнақ пен қызыққа үйренген күлімкөз келіншектің жалғыз күйеуге басыбайлы таңылуы, бір еркекпен ғана шектелуі мүлдем жалықтырды. Жүз түтінге де жетіңкіремейтін ауылда кіммен сөйлескенің, кіммен жүріп-тұрғаның алақандағы әжімдей ап-айқын.
Келін болып түскеніне небәрі жеті ай болса да, сол азғана уақыт сауыққұмар жанға сұмдық ұза-а-а-қ көрінді. Құдай-ау, барсакелмес арал сияқты ғой мына ауыл деп іші пысып, елегізіп, үйге сыймайтын болды. Бұлан кездеспегенде қайтер едім?!.
Күйеуінің досы Бұлан күндіз ойынан, түнде түсінен шығар емес. Көздері өткір, көркем жігітті ә дегеннен ұнатып қалды. Ерте үйленіп, ата-анасына қарайлап ауылда қалыпты. Қатардағы шофер болғанымен, көзі ашық; тарих, әдебиет, саясат, жаһандану деймісіз, білмейтіні жоқ. «Интелект! - деді Маржан таңқалып. – Мынандай талантпен, жоғары білім алмай елде қалғаны обал-ақ! Күйеуім мынау деп көрсетуден ұялмайтын жігіттің сұлтаны!..»
Еркек атаулының мысын баса сиқырсынып, жанарымен арбап өзіне ынтықтыратын әккі әйел бірден сезді, жігіт те кет әрі емес. Ол дағы күлімкөз келіншекті көрген сәттен көзсіз көбелекше қалбалақтап, жүрегі лүпілдеп, қайта-қайта қарағыштайды. «Ә-ә, қармаққа түстің бе, бәсе-е?!» Сезімі алдамапты. Соның нәтижесі, екеуден-екеу өзен жағасында жатыр.
- Сен жақсы жігітсің, - деді ақшағыл құмға бауырын төсеп қыздырынып жатқан, жалаңаш тәнінің екі жері ғана қымтаулы сұлу мүсінді ақ сазандай келіншек.
Кәмпит-келіншектің мысы басты ма, Бұланның басы айналып көзі қарауытты; өн бойы бір ысып, бір суынды. Жүрегі құрғыр дүрс-дүрс. «Шынында кәмпит! Мұңлықтың қызғанатындай жөні бар. Ия, сәт!..»
- Шын айтам, сен жақсы жігітсің, - деді кәмпит-келіншек аударылып түсіп. Қарақат көздері ойнақшып кетті; тұңғиығына тартып барады.
Жігіт: «Арбап жатыр қаншық!»
- Әт-те-ең, менің Мұңлығым сен сияқты болса ғой! Жаль! Оның адамгершілігін қайтейін, төсекте осал болған соң. Жаль-жаль!..
Жігіт: «Бәсе-бәсе, қалай дұрыс топшылағанмын. Темірді қызған кезде соғуым керек!»
- Кешір жаным! – Жігіттің жүрегі қатты-қатты соғып «кәмпитке» төне түсті. «Ия, сәт!» - Сен... былай бөтен ойлама!
Келіншек: «Малғұн, бұл қай сасқаны?!.»
- Мұңлық менің ескі досым. Аяймын оны, - деді жігіт. – Ия, аяймын, әрі шынын айтсам, сені одан қызғанам.
Келіншек: «Тфу, деревня! Мұңлықты айтқанша, құшып сүймей ме?!»
Жігіт: «Не істесем екен! Бас салсам, үркітіп аламын ба?!.»
Келіншек: «Болсаңшы енді!.. Өртемеші!.. Не болды маған?!»
Жігіт: «Ия, сәт!»
Еркектің емешесі үзіле еңкейе бергені сол еді, мойылдай жанары жалт еткен кәмпит-келіншек аунап кетті: «Жоқ, бірден берілмеуім керек! Оным әлсіздігім; ынтыға түссін әлі де!..»
- Мұның не, Бұлан-ау! Сені адал жігіт пе десем?!
Жігіт: «Сайқал, ұтып кетті. Абдырағанымды сезіп қалды. Батылдық қажет, батылдық! Мұндай сәт енді оралмас!..»
Келіншек: «Біраз бұлдана түсейін.»
Жігіт: «Дәнеңе шығара алмаймын ба?! Жо-жоқ!»
- Маржан, бері қарашы бір минөтке?!
Келіншек шалқасынан жатты. Көздері шоқтай жайнай түскен. Еркек аңдамай қалды; еңкейе беріп еді, «кәмпиттің» ерніне ерні тиіп еріп жүре берді...
* * *
Жүк машинасының рөліндегі қараторы көркем жігіт ауыл көшелерінің біріне бұрылып, қызыл қақпалы үйдің алдына кеп тоқтаған соң кабинадан шықпай, мең-зең қалыпта сүт пісірім уақыт отырды. Әлгінде ішкен арақ уыты миына шауып, ыңқы-тыңқысын шығарғанымен, мұң торлаған ойы сетінеп көңілі көтерілді. Әншейінде сөзге шорқақ жігіттің ыңылдап ән салғысы келді ме-ау?
Қасың қандай, қарақат көзің қандай,
Күлкің қандай, шарапат сезім қандай.
Қуанатын балаша кезің қандай,
Өзің қандай, жаныма жағатын, сөзің балдай-й!
А-а-а-а-а-а-аи-й!..
Маржан үйінде ме?! Мұңлық ше? Әй, Мұңлық! Мұңлық!.. Ескі дос!.. Бағы жанбаған сорлы!.. Обалыңа қалдым ба?!.. Кейінгі кезде қатты ішіп жүр дейді. Қазір де мас болып жатуы... Маржа-ан! Мар-жа-ан! Көргісі келді. Қазір. Адастым ба ақылдан. Әйтпесе, не болды елу шақырымнан еш жұмысы жоқ, қос өкпесін қолына ұстап желігіп жеткені. Бірақ-бірақ, Маржанның жалт еткен жанары, лапылдап-өртеген от құшағы, уа жалған, тоймайды-ау!..
Қажет затын ұмытқандай қалтасын қарманып, темекінің жалқы талын ерніне қыстырды.
- Ой, әкеңнің!..
Күйіп-пісіп қарамаған жері қалмады. Орындығының астынан, кілттердің арасынан тапты. Шылымды құшырлана сорды. Көк түтін ауыздан да, мұрыннан да шығып жатыр.
- У-у-у-һ!
Саусақтары тыз ете түскені. Бықсыған тұқылды лақтырып, келесі талын тұтатты. Ашуға бой алдырып шамшыл мінез танытып жүр біраздан. Оған не се-бе-еп?! Қашанда күлімдеп жүретін, базбір шайпау қатындар сияқты дауыс көтеруді білмейтін жан жары Несіпбаланың жазығы жоқ қой!
Бұланның көзіне, өзі «кәмпит» атайтын сұлу келіншектің аппақ тәні елес берген сәтте алпыс екі тамыры иігендей күй кешкені қалай?!
«Соңынан уайым-қайғы әкелетін ләззаттан қаш!..»
Қайдан оқып еді? Есінде жоқ; әйтсе де теріс пәлсапа! Дұрыс емес-с! Ал менікі жөн бе?!.
Қараңғылық қоюланып келеді. Оған керегі осы. Ешкімнің көзіне түспегені жөн. Жолы түсіп жолықса, қоштаспақ. Бұлай жалғаса берсе опынары хақ! Көрші ауданға қоныс аудару туралы Несіпбаладан өзге ешкім білмейді.
- Осыным дұрыс-с!
Жүрегі қармаққа түскен балықтай.
Ыдыс-аяқ жуайын деп ас үйге енген Маржанды болмашы қағылған дыбыс елең еткізді. Құлағын тосты, тым-тырыс. «Қорыққанға қос көрінеді деген?!» Аяқ-табақ жууға зауқы соқпады. Тағы да тырс-тырс терезе қағылғандай. Жүрегі аузына тығылды. «Кім де болса көрейін!». Есік ашса Бұлан.
- Барсың ба жаным-ау?!
Жігіт құшақтай алды. Келіншек өзіне қаратты.
- Қайда барасың ентелеп?
- Үйде ме?
- Ұйықтап жатыр. – Сыбырға көшті. – Бағана келген аяғын әзер басып.
- Қатты мас па?
- Удай.
- Ояна қоймас.
- Оянып кетсе ше?
- Оянбайды! Бес минөтке мұрсат бер.
- Зәрем ұшып тұрғаны.
- Өтінем, жаным!
- Болмадың-ау!..
Түсінен шошығандай басын оқыс көтерді Мұңлық. Әйеліне ілесіп біреудің үйге кіргенін де, төргі бөлмеге еніп құшақтаса кеткенін де, үздігіп ұз-а-а-қ сүйіскендерін де сезді, білді, естіді; қаны басына шапшып, ашу-дұшпан иектеп әрең жатқанымен шыдап бақты. Апырым-ай, мынау Бұланның даусы ғой! Қалайша?! Неге?!. Жұрттың өсегі рас болды ма?!. Бүгінге дейін елемей келіп еді. Ондағы ойы, бала жастан бірге өскен досына сенгендіктен. Бұлан-ай, қайтейін! Сенің де сатқын болғаның ба?! Сайтан азғырған қатын-н! Сезіп едім! Жо-жоқ-қ, мүмкін емес! Мүмкін емес?! Бұланға даусы ұқсайтын басқа, бөтен кісі болса өкінбес едім.
Төргі бөлмедегі екеу естерін жиды. Әйел жігітті тұрғызып, жалынып-жалпайып дәлізге ертіп шыққан. Жігіт қоштасып табалдырықтан ары аттады. Дала тастай қараңғы, түнгі ызғардан денесі тітіркенді. Жұрт жата бастаған. Дүкеннің қасына қалдырған мәшинесіне от алдырып жүріп кетті, лайсаң жолға қарамай ызғытып келеді. Екі-үш шақырым ауылдан ұзаған соң машина моторы сөнді. Кілтті қосып еді, от алмады. Бұған не болды деп жанар-жағар май шкаласына қараса нөлді көрсетіп тұр.
Ол кабинаны жауып ауылға тартты. Күні бойы қар суы еріген жолдың миы шығып жатыр. Өкпек жел тұрды. Қара тонының жағасын көтеріп, малақай құлағын түсірді.
- Қайтеді-ей, мына жынды жел?!.
Есік тұтқасын ұстап үйге ене берген Маржан күйеуінің жөтелгенін естіп тұра қалды. Есін жиып алған ба?! Біздің ісімізді сезген-ау! Қолына түссем аямас! Онсыз да қанына қарайып жүр. Аяқ дыбысын білдірмей тысқа шықты. Аяз қойны-қонышын кеуледі. Тас қараңғы түн үрей шақырады. Жүгіре басып ауыл шетіндегі құрбысы Бағиланың үйіне жетті.
- Кім бұл? – Жалғызбасты келіншек беймезгіл шақтағы тарсылдан зәре-құты қалмады.
- Маржанмын-н! Ашшы, жылдам-м!
- Тыныштық па?!
- Қазір бәрін де айтамын. – Күйеуінің күпәйкесін ғана киген, жалаң бас жас әйелдің тоңғаннан тісі-тісіне тимейді.
***
Ашу буған Мұңлық кереуеттен атып тұрды. Маржан әлі жоқ. Неге кешігіп жатыр? Әлде анаумен еріп кетті ме?!
- Афирист қатын-н! Осыдан үйге келсін! Өз қолыммен өлтірем!..
Тоңазытқыштан бір шөлмек арақ алды. Тығынын ашып шәй кесеге құйды да, өңешіне ақтара салды. Байыздап отыра алмай дәлізге шықса... Бұлан кіріп келе жатыр.
- Қайдан жүрсің?
- Машина бензині таусылып... Біреулер құйып алған ба, ит біледі...
- Неге келдің?!
- Рұқсат бер, қонып шығайын.
- Әй, Бұлан-ай?! Қайдағыларды еске түсіріп.
- Не айтып тұрсың?!
- Кірмеші үйге.
- Баратын жерім жоқ.
- Қайтшы! Өтін-ем-м!
- Кеудемнен итерсең де кетпеймін, қонам осында.
Досы дәнеңе болмағандай, қаннен-қаперсіз, су сіңіп ауыр тартқан батпақ-батпақ етігін шешуге ыңғайланды. Мұңлықтың көзі қарауытты, басы айналды. Жүрегі кеудесін тесіп шығардай, алапат ашуды ауыздықтай алар емес, не істеп, не қоярын білмейтін есірік халде. «Бұл басынғандық!.. Болды!.. Жетті!.. Осымен тәмам!» Әзәзіл ой осып-осып өтті миын. Дәлізбен жапсарлас кілеттен ет мүшелейтін өткір пышақты алды да, еңкейіп етігін шешіп жатқан жігіттің оң жақ бүйірін тұспалдап қатты сілтеп қалды.