Ол шаршады. Шынымен-ақ шаршады. Әзелден айналысқан шаруамнан айнымаспын деген сертінен де қажыды. Күннен- күнге қадірі қашып, сыйлы болудан қалып барады. Айтқан уағызы, үйреткен ілімі кедергісіз өніп-көктеп, кенеусіз-ақ жайылып еді. Сарқылмас суат тапқандай жеті ықылым шөлдеп келіп, тегіс бұның сөзіне бас қойған. Еңбегі жанғанға, бірақ тынысы кеңімеді. Бейнеттің зейнетіне қуана алмаған – сірә, дүниедегі анық сормаңдай. Неге бұлай болды – себебін іші біледі. Жақсыдан да, жаманнан да ләззат ала алмасын болжайды. Ештеңеге қуанбайды, қабырғасы қайысып, ештеңеге қайғырмайды да. Ақылдың, айланың, түпсіз терең білімнің түбі – бір мұң. Ал бұл, кемеңгер білік, талмас жігер иесі еді. Шешендігінде, өтімділігінде, адамға жұғымдылығында өлшем болмайтын. Көз байлайтын сиқыры, айтқанына ұйытып, ойлағанын қылдырар құдыреті бар деп, абыз атандырып, аңыз қылды ел. Рас та шығар… Бойындағы сол мақтаулы қасиеттердің ешқайсысы, бірақ, жанына қанағат, тыным сыйлай алмады. Ішіндегі бір үңірейген қорқынышты қара қуыс толмай-ақ қойды. Осы уақытқа дейін бір сәт тыным таппағаны, әрекеттен қол үзсе-ақ, су түбіне кетердей мазасы қашып, дегбірі тозғаны да содан екенін сезеді… Оған қылар қайраны тағы жоқ…
Адам табиғатын, дүние сырын терең түсінгендік оны ешкімге, ештеңеге сенбейтін күмәншыл етті. Адам – әлсіз. Одан үміт жоқ. Аяқтап келгенде, бәрі – нәпсінің досы, құлқынның құлы… Бұның адам жанын сынауға негізделген тылсым ілімі таяқ шаншысаң, жайқалып дарақ шығатын осындай тамаша пәлсапалық құнарға түсті. Сондықтан ырқына оңай құлап, жетегіне құлшына еретін пенде атаулы бұның құнсыз ойыншығына айналды. Сондықтан басына шалма орап, қанша абыз пішінденіп уағыз айтқанда да, адам баласының ең тереңдегі, ең аяулы деген сезімдері ұялап жатқан жан түкпіріне індете түкіріп қойып, мысқылмен күлген бір сайқымазақ отыратын ішінде. Соған қарамастан, бұған деген жұрт ықыласы таңдандырған. Өз ілімінің қарапайым қойшы-малшы, аңғал сәбиге дейін ұғынықты болғанына және оны үлкен демей, кіші демей – тегіс жұмыла, қуана игергеніне көңілі толған. Сірә, адам баласы үшін мұның ілімінен оңай, мұның уағызынан тартымды дүние жоқ.
Адам баласы әлсіз болуға қандай қабілетті, қандай ыждаһатты! Ойлап қараса, армансыз ұстаз болыпты, артына қара-құрым шәкірт ертіпті. Бір қызығы, алдынан өтіп, дәріске жетіккендер келе-келе дәреже салғастырып, мұның өзін елемей кетті. Ұстазға деген алғыс сезімі, шәкірттік ілтипат, ізет, құрмет дегенді олар ұқпай-ақ қойды. Бір өкініші – осының сырын біле алмады. Бәлкім, өзі ұстаз алдын көрмегендіктен бе екен?! Әлде ондай өнеге бұл таратқан ілім-ғылымға жат дүние ме… Ең ауыры, не заманнан бергі үздіксіз бейнет, тынымсыз еңбектің нәтижесінде екінің бірі бұның шәкіртіне айналған шақта, ол енді қисапсыз көп білгіштің ішінде өзінің бірте-бірте керексізге айнала бастағанын сезді. Кімге насихат айтып, жөн сілтесе де, «өзім де білем» деп, жүре тыңдайтынды шығарды. Бұның ақыл-кеңесіне зәру, шынында да, ешкім қалмаған сияқты. Енді қайда барады? Кімге уағыз айтып, кімнің жігерін жаниды, кімнің жүрегін жаулайды? Ішіндегі азынаған қара қуыстан қашқан тынымсыз әрекетінен тыйылса, талқанының біржола таусылғаны. Ақылына, білігіне, қажырына сеніп, айтқан сертіне жеткенде – дүниені өз іліміне ұйытып, өз қалауына жеккен кезде – тірлігі мағынасызға, өзі керексізге айналды. Бұдан ауыр жаза, тағдырдың бұдан артық соққысы бола ма?! Бұның өлместігінен енді не қайыр?!
Бірақ қанша қапа болса да, ол мойымады. Шексіз, үмітсіз мұңға батып отырып, осы күнге дейін кезген жерлерін, аралаған елдерін ойға алған… Ақыры, түнек түбінен бір сәуле көрінгендей болды. Дүниенің қиыр шетінде, қалың таудың тар аңғарында ұйлыққан бір шағын ауыл есіне түсіп еді. Жері шүйгін, елі момын, береке, құт қонған қоныс. Бірақ бұның іліміне тым ықылассыз, ақылға да, қимылға да шабан, керенау қауымның қалай шайқаса да, шырқын бұза алмай-ақ қойған. Ұйыған мимырт, бейбіт тіршілігін күйттеп, мұның дегеніне көнбеді, айтқанына жүрмеді. Мұндағы жұрт ақылының кемдігінен, сезім-түйсігінің доғалдығынан, тіпті, өсек-ғайбат айту, алдау, күндеу дегенді білмейтін. Жігерінің аздығынан ішіп-жемінен артық дүние де жимайтын, Қиянат дегеннен хабарсыз, тату-тәтті, маужыраған мамыражай мекен еді. Қарап тұрып ішің пысар-ды. Осынау ұйқылы-ояу өлі тіршілікке жан беріп, қозғау сала алмай, адам аяғы басқан жердің бәрінде ілім жайып, өнеге шашқан абыздың маңдайы таудың тар аңғарында алғаш тасқа тиген… Ендігі ісі солармен болсын! Бұл – әлі керек… адамдарға!
Осы ойдан бойы дүр сілкініп, дүниенің қиырында, қалың таудың қатпарында жатқан елге асығыс аттанды. Құс болып ұшты, балық боп жүзді, бөрі боп жортты – баяғы ауылдың қыр желкесінен оқшиған биік шоқының басына қас қарая кеп ілікті. Сонда көрді: аяғының астында жарығы самаладай самсаған, көшелері өрмекшінің торындай шатысып, қызылды-жасыл оттары шулап аққан ұлан шаһар жатты. Өз көзіне өзі сенбеді. Бір кездері сай түбінде ұйлыққан аядай елді мекен ұзынынан құлдап етекке, тырмыса өрлеп тау басына созылып, ені – қос қапталдағы жота басына қарай жайылып, аумақтанып, сәулетті ғимараттары сыңсыған базарлы, дулы кентке айналыпты. Кешегі момын ауыл, можантомпай ел қайда?! Өткір көзі қала қойнауын тінткілеп, көше-көшені аралап, үйлердің арасын сүзіп шықты. Жарнамалар! Әлем-жәлем, түрлі-түсті, жайнаған алуан отты жарнамалар!.. Қызыққа, ләззатқа, құмар ойынға шақырады… Үріп іш, шайқап төк! Уақыт – ақша, өмір – базар: жаныңды кепілге қой да, қайтарылмайтын несие ал! Барлық жарнаманың, шамамен, айтары – осы… Жүрегіндегі олқысы толмас қара қуыс енді азынай ашылып, қара түндей ұлғайып, арылмас мұң болып басты. Қала сыртында қарауытқан биік шоқының басында отырып, қайғымен түнді өткерді. Таң ата, таудан қиялап түсіп келе жатып, ешкі бағып жүрген біреуге кезікті. Көңілі әлденеден дәметіп:
– Сен кімсің? – деп сұрады.
– Масғұт…
– Масғұт болсаң, – бұл, қолымен шаһар жақты нұсқады, – аналардың ішінде неге жоқсың?
– Маған керексіз дүниенің бәрі сол жақта, – деді Масғұт.
– Сендейлер көп пе?
– Бар…
– Олар не істейді?
Масғұт құлашын жайып, таудың сала-саласын, қаланың ар жағындағы қиырсыз жазықты айналдыра нұсқады:
– Мал бағады, егін егеді, су жағалап кәсіп қылады. Тойшы – той тойлайды, қойшы – қой күзетеді дегендей…
Киімі жүдеу. Өзі арық. Момақан жүзін төмен салып, мұның келесі сұрағын күтіп тұр…
– Осы жердің тұрғылықтысысың ба?
Масғұт басын изеді.
– Мынау не қала?
– Біздің елдегі сауық-думан, құмар ойын орталығы. Біраз жыл болды ғой…
– Осы арада бір шағын ауыл болушы еді… Тұрғындары қайда?
– Жартысы қалаға кіріп кетті. Қалғаны – мен сияқтылар, – деді Масғұт.
– Мен ауылдағылардың бәрін танушы едім… Сені білмедім ғой?
– Мен онда бес-алтылардағы бала болатынмын… Ал сіз… өзгермепсіз…
Бұл таңырқап, әрі әжептәуір көтеріліп қалды. Қарайгөр… ел-жұртының есінде екен әлі…
– Басқалар да мені ұмыта қоймаған шығар?.. Қалай ойлайсың?
Масғұт иығын көтерді.
– Кім біледі… Кейіннен сіздің шәкіртіңізбін дегендер қаптап кетті ғой… Мына біз сияқты кемақыл, көрзейіндерге олардың да шамасы келмеді. Дегенмен, шәкірттеріңіз шебер екен, жарты ауылды қалаға ертіп әкетті…
Ым-м… Опасыз шәкірттері, ақыры, мұнда да алдын ораған екен. Бұған барар жер, басар тау қалдырмайын деген екен… Іштегі қап-қара құса қайта көтерілді. Суға кетерін білсе де, тал қармағандай, қажып:
– Сен маған шәкірт боласың ба? – деді еш қайрансыз, үмітсіз үнмен. – Ілім үйренсең, мына ешкіңнен де құтылар едің, үстіңдегі киімің де бүтінделер еді.
Масғұт төмен қарап, ыржиып күлді. Қолындағы таяғымен жер шұқылап тұрып:
– Жо-о… Әуре болмаңыз, – деді. – Бізге – ілім қонбайды. Алла-Тағала осылай жаратты… Қалыбымыздан асып қайда барамыз? Онсыз да… мына қаланың әкімінен бастап, аула сыпырушысына дейін – сіздің шәкірттеріңіз емес пе… Мені қайтесіз…
Дұрыс… Есіне түсті. Бұрын да дәл мынау сияқты топас еді бұл ауылдың тұрғындары. Бір кездері өзіне көмекші, шәкірт болғандар мықты шықты – Масғұттарға шамасы келмесе де, жарты ауылдың бетін бері қаратып, келеге қосыпты. Дүниеге көзін ашып, талғамын ұштап, жігерін қайрапты – өмірге құштарлығын оятыпты… Оятқаны сонша, қызылды-жасылды, у-да шу, базарлы, думанды алып шаһар күндіз-түні бір тынбай, құмырысқаның илеуіндей қайнап аласұрады. Міне, өмірдің мәні! Аңсар мен мұрат, арман мен тілек, әлмисақтан бері ақиқат іздеп адасқан ақыл-ой… Баршасының тиянағы – осы шаһар! Құдыретті ілім күшімен адамның күллі әлсіздігі, құмары мен ләззаты тас қабырға, тас көшеде ұйлығып, екі иығын жұлып-жеп, мына жын атқан алып қазанда буы бұрқырап, қайнап жатыр, әне!
Осыны ойлап, бір сәт бойын масат буған абыздың көзі қарсы алдында тұрған Масғұттың қалың қабағына, тайқы маңдайына түскенде, көңілі су сепкендей басылды. Сезімсіз қабақ, саңылаусыз маңдай! Бұл бейбақтың мықтылығы да сонда – ештеңе сезбейді, ештеңе ұқпайды… Сезетіндер, ұғатындар, әне, қалада жүр жінігіп… бірін-бірі жеп… Бұл – қой-ешкінің соңында тау кезіп, тас басқан саяқ. Мұның мықтылығы – аптап пен аязға, жел мен жаңбырға мыңқ етпес таудағы жартастың бетпақтығы. Айғайласаң, жаңғырық шықпайтын томырық, топас, түйтесіз жартас!.. Мына тау сияқты, топырақ, тас, су сияқты – өзімен өзі, ештеңеге елігіп, ешкімге еліктемейтін, ешбір ілімге зәрулігі жоқ һәм ішінде ешбір қуысы жоқ толық жаратылыстар болады – міне, мына Масғұт сияқты бітеулер… Бұларды өзгертуге мұның өнері жетпейді… Ал ана қаладағыларға… бұл – керексіз…
Осыған қайғырып, Масғұттың қаперсіз, момын жүзіне енді жек көре, жеркене қарап тұрып, кенет көзіне көзі түсіп кеткен. Тұла бойы дір ете қалды. Оның бейкүнә, жуас жанарындағы шексіз мейірімді, адам айтқысыз жап-жарық, жып-жылы нұрды көріп, аза бойы қаза болды. Қапияда Масғұттың аялы көзіндегі ешбір себепсіз елжіреген нұрлы шуаққа тұтылып, ішіндегі сұп-суық, азынаған мәңгі қара қуыс ең терең түкпіріне дейін тітіреп, қалш-қалш етті. Мұндайды кім көрген?! Сол сәт: мына нұр – түптің түбі, бұның барша ілім-ғылымын түп-тұқиянымен өртеп, күл қылатын, түптің түбі, бұның өзін де таудағы жартастай, табанның астындағы топырақтай сезімсіз, жігерсіз, түйсіксіз, момын, топасқа айналдыратынын түсінді… Қораш бақташының мықтылығы неде екенін де енді ұқты. Біржола түңіліп, шошып, қайтерін білмей тұрғанда:
– Жолыңыз болсын, – деді Масғұт, ештеңе сезбеген бейқам дауыспен. Мұның ішінде алай-түлей соғып өткен аласапыран, бұрқасын-дауылды естіген де жоқ. – Қалаға кірмей-ақ қойыңыз. Олар сізді тас… тас табылмаса, шіріген картоп, қызанақ атып қууы мүмкін. Баяғы… аталарыңызды қуған сияқты…
Бұл, ештеңеге түсінбей, қатты таңырқап:
– Не үшін?! – деді жұлып алғандай. – Керексіз болсам да, еңбегім бар емес пе еді?! Бәрінің ұстазы емес пе едім мен?!
Арыған, жүдеу, нұрлы Масғұт енді бұған біртүрлі аяй қарады.
– Ол рас… – деді, бұл жолы, тіпті бір жұмсақ, биязы үнмен. – Күндіз-түні бәрі сіздің үйреткеніңізді істейді. Сіз үйреткен әуенді салады… Сіз баулыған амалға жүгінеді. Анау аста-төк байлық, тынымсыз қызық, таусылмас былық-шылық – бәрі сіздің ілім-ғылымыңызбен келді… Бірақ… Ең аяғы әлгі… өзіңіз білетін, қазір есірткі сатып байыған молда Нәсіпке дейін, бұл – Құдайдың бізге берген өзгеше нығметі деп біледі… Осынша мырза Құдайға жағамыз, тәулігіне 24 сағат бойы біліп істеген күнәмізді кешеді деп, уақты-уақтысымен құлшылық қылады. Арнайы дұға оқып… сізді аластайды. Кешіріңіз… Сізді соншалық жек көргеннен емес… Алланың ризашылығы үшін деп те баяғы…
Осынша жайсыз әңгіме айтқанына ыңғайсызданғандай, таяғымен жер шұқылап, тұрып-тұрып:
– Қайыр-хош тұрыңыз! – деді, ақыры, Масғұт. – Бір Алла кеңшілік қылсын бәрімізге…
Масғұт, момын жанарынан төгілген себепсіз мейіріммен бұның іші-бауырын өртей, әлде қалтырата мұздатып, тағы бір қарады да, беткейді қиялап, өрлеп кете барды. Бұл, сол тұрған орнында қалшиып, ұзақ тұрып қалып еді…
* * *
Ол есін жиып, төмендей жылжып, етекке түскенде, күн де еңкейген. Қаланы сыртынан айналып өтіп, ар жақ шеті мұнартып, көкжиекке ұласқан, көгі жайқалып, теңіздей толқыған кең жазықты бетке алды. Белуардан келетін бітік егін ішінде қала жаққа көз тастап тұрып, өзінің дәрменсіздігін мойындады. Алғаш рет. Өңін өзі өзгертіп, мінезін өзі қалыптаған мына әлемге енді біржола керексіз болғанын анық ұқты. Рас, ғұмыры босқа өткен жоқ – ойлағанының бәрі іске асты… Бірақ күткені бұл емес еді. Жаратушысы мен құлының арасына жаққан оты, ұлғая-ұлғая, жер-дүниені қаусырып, енді айнала қаптаған алапат өрттен қайда қашарға білмей, өзінің де жолы кесіліп тұр… Ол белуардан келетін көк балауса, биік егіннің ортасында тұрып, шарасыз жүзі көкке бағып, шыр-көбелек айналды. Мұзға тастап, бишікпен шықпыртқан зырылдауықтай аппақ шапанының делдиген етегі үйіріле дөңгеленіп, айнала берді, айнала берді… Ақ құйындай оратылып, жердің шаңын бұрқырата көтеріп, тік шаншылған күйі, күңірене сырғып, көкжиекке қарай алыстады… Шеңберін бірте-бірте ұлғайтып, шексізге ұзаған сақина өрнекті ғажайып із қалды артында. Оны басқа әлемнен, ғарыштың өзге бір қиырынан келген ұшатын тәрелке сияқты әуе кемесінен қалған белгі десті кейіннен көрген жұрт.
Ол – жалғыз еді. Мұңды еді. Үмітсіз еді.
Осынша білермен, осынша кемеңгер басымен, Алласыз дос таппасын түсінбей-ақ қойған, амалына сеніп, өлшеусізбен алысқан, соның жазасына мәңгіліктің ақырсыз, түпсіз қапасында мағынасыз лағып, бос қалған бейбақ еді ол.
Есімі – Сайтан болатын.