ШӘРБАНУ ҚҰМАРОВА.ҚЫЗ ТАҒДЫРЫ – ТОТЫҚҰС

Құмырсқа қыз бен Үкітай жолда кетіп бара жатып әңгіме соқты:

– Ей, сенің атыңды неге Құмырсқа қойған ә? Басқа есім табылмағаны ма? – деді Үкітай саңқ-саңқ күле.

– Шын атым – Шынаргүл, не себепті Құмырсқаға айналғанымды өзім де, туған анам Нұрғаным да білмейді. Ауылда балалар мазақтап ылғи жылататын ғой.

– Е-е, білдім, білдім! Белің құмырсқаның беліндей бұралып тұрғасын да бір жеңгең қоя салған да!

– Жоға. Менде жеңге жоқ. Нағашы екі ағам – Кәсен, Үсен дейтін, бірі – 17-де, бірі – 19-да, көкөрімдей жас шағында соғысқа алыныпты.

Үйленіп те үлгермеген. Содан екеуінен де хабар жоқ, елге қайтпады. Нағашы атам аңырап жылай-жылай екі көзі ағып түскен. Шешеден үш ағайындымыз: екі қыз және мен. Ал тағы не сұрайсың? – Балмұздақты ағызып-тамызып жеп келеді, балпылдап сөйлеп те келеді.

– Мен ендеше сені Шынаргүл деп өз атыңмен атайын, мақұл ма? Мен де өз атыма риза емеспін. «Үкітай» деген не?

– Әдемі ғой Үкітай деген. Маған ұнайды, мысалы.

– Маған ұнамайды. Өзімнен екі жас үлкен әпкемнің аты – Нұрлытай, міне, есім! Қызығамын, «келші, атымызды ауыстыралық!» деймін оған. Ол күледі де қояды. Шешем марқұм менің атымды Нұрлытай қойса ғой...

– Апаң жоқ па?

Жаңа әзірде ғана жарқылдап тұрған Үкітайдың жүзін көлеңке кіреукеледі:

– Ол кісі ертерек о дүниелік боп кеткен... Бізді жездеміз Әлімхан бағып, тәрбиелеп, оқытып жатыр. Ол колхоздың парторгі, әпкем де құдай бере салған жан, қысқасы осылардың арқасы ғой...

Көзіне жас алды.

– Таулы жердің қызы болған соң, мінезің де тау секілді, қазір күліп тұрып, қазір жылайсың. Қызықсың, Үкітай.

– Е, сен де тау қызысың! Екеуміздің ауданымыз қатар. Тек мінезіміз үйлеспейді. Сен маған қарағанда салмақтысың, – деп Үкітай саңқылдай күліп алды. Ол кезде ру сұраспайтын, ондайды білмейтін де, екеуі де бір рудан – Албанның ішінде бірі – Қызылбөрік, бірі – Бозым. Бұл жағынан бейхабар екі әдемі қыз әңгімелесе Көкбазарға келді. Көкбазардың төменгі жағында «Дом колхозника» деген бар, Үкітайға ауылынан қатынаған адамға әпке-жездесі сәлем-сауқат жібереді.

– Әй, анаң қара, сені ана бір кемпір шақырып тұр, – деді Үкітай. Бұл төңіректе ешқандай кемпірді танымайтын да жырағытпайтын Құмырсқа қыз жан-жағына алақтады. Жыға танитын жан көзіне көріне қоймады. «Жындымысың, кім мені шақырып тұр?» «Өй, әне, бұрышта отыр ғой, үсті-басы алба-жұлба...» «Қой, қашайық, қайыршы шығар»...

– Әй, қызым, қашпа! Бермен кел! – Бұлар жалт қарасты. Шынымен, бұрышта бір тамға арқасын сүйей қартаңдау кейуана отыр. Басында – күннің аптабында түбіт шәлі. Көздері шүңіреңкі, өңі қап-қара.

– Сыған ғой, құрысын. Қашалық!

– Неге қорқасың? – деген Құмырсқа сұрағына Үкітай:

– Бала күнімде бір сыған әйелі «Әппақ екенсің, қызым болуға лайықтысың!» деп басымды айналдырып, сәл-ақ жетелеп әкетуге қалғанда ауыл адамдары арашалап алған. Содан бері сығанды көрсем, жаным мұрнымның ұшына барып тіреледі.

– Онда сен осы арадан тапжылма! Сені шақырып тұрған жоқ, мені...

Құмырсқа қыз әлгіге жақындады. «Отыр», – деді ол қарсы алдындағы кішкене орындықты нұсқай. Отырды. Енді аңғарды: сыған әйелі емес, мұсылман халқының бірінен. «Карта суыр», – деді. Қолына уыстай ұстаған карта тобын қызға ұсынып. Ол жүрексіне бірін суырып алды. Қара таңбалы екен, бұл шошып қалды. Балгер жымия күліп:

– Қызым, бес сом тастағын, – деді. Күмәжнігінен қыз бес сомдық болмағасын, он сомдық алып тастады.

– Ата-анаңнан бақытты жаратылған қыз екенсің. Бірақ жолыңда алдыңды кесіп, кедергі жасаушылар көп екен. – Балгер сол қолына уыстай ұстаған картадан бір талдап шығара береді, сөйлей береді:

– Қолың ашық, мейірімді жансың. Биік талапқа ұмтыласың, жетерсің... аса қиындықпен. Алдыңда тосқауыл көп, бір әйел адам сені өкіндірейін деп тұр, сақтанғын. Жалпы, сені құдай айдап келді. «Ты  кормишь людей», – деді орысша. – Екі күйеуге тиесің. Бірінен де бақыт таппайсың. Сенің бақытың басқада. Сенің бақытың – қаламыңда... және сүйген адамыңда!

«О, тоба! Менің журналистік жолға түспекші мүддемді қайдан біле қойды. Бәле ғой. Жәй болжаммен соғып отыр ма десем...»

Құмырсқа қып-қызыл болып орнынан тұрып кетті. Балгер айқайлап: «Тоқта! Әлі айтып болғамын жоқ», – деді. Қараған жоқ. «Балалы боласың...» – дегенді құлағы шалды...

– Әй, анау сандырақтап не деді? Бетің өртенейін деп тұр ғой.

– Құрысын! Екі байға тиесің деді.

– Екі байға?! Тамаша ғой! – Үкітай шарқ-шарқ күлем деп шашалып қалды.

* * *

«Құмырсқалар – жәндіктердің ішіндегі ең еңбекқор, таза, қауымдастыққа үйір тіршілік иелері. Бұларда иерархиялық қарымқатынас берік орнаған: Ата құмырсқа мен Ана құмырсқалар ұрпақ өрбітуге; жұмысшы құмырсқалар құрылыс салуға, тамақ, азық қорын жинауға; кокон – ұрықтар бөлек күтіледі; сіркедей кішкене-кішкене жұмыртқалар пайда болысымен, Ата құмырсқалар тұқым шашып, Ана құмырсқаны ұрықтандырғасын қанаты қырқылып, өліп қалады...» – Бұл құмырсқа дейтін жәндіктердің миллион жылдық жылнамасына жазылған қағида… Шынаргүл құмырсқалар туралы оқуға құмар-тын. Қолындағы пышақтың қырындай кітапшаға қадала беретін.

... Ата Құмырсқаны табудың қиындығын енді сезінген Бас Құмырсқа ел-ел аралап, жер шарлаумен болды. Жас Құмырсқаға: «Осы илеуге ие болғын», – деп Елшібек қажының баулы-сулы, нулы жерінің ең биіктеу тұсына топырақ үйіп, үйіндіге жалбыз, изен, құлқайыр шөптерінің қураған тамырын тастап, өзі жолға шыққан. Бабаларының бабасынан естіген бір әфсана есте қалыпты:

* * *

... «Қатыгез бұлан бір батыр өмір сүрген екен. Тұла бойды кернеген күшін қайда жұмсарын білмей, бейқам жұртқа шабуыл жасай беріпті. Нәсілі құба қалмақ, бірақ қазақтың арасында өскен, баяғы соғыс қырғыны кезінде қазақтың сарбаздары өзін тұтқынға түсірген. Бала екен, ойын баласы дейді ғой. Есейіп, соқталдай жігіт болғанмен, Бала батыр лақпыты сақтала беріпті. Саймасай батырдың жылқысын бағып, ер жетеді; ол кезде жер кең болғанмен, сонау иен дария жерге сыймай, қазақ пен қалмақ көп шайқасқан дейді. Саймасай батырдың жайлауы – Құзбасы болады екен.

Сол Құзбасының ең ұшарына жылқыны қамап, әлгі қалмақ бозбала таудың теріскей бетіне түсіп, етекте қойын бағып, құртын жаймасына жайып, сөресіне етті кептіріп, шыбынсыз жаймашуақ жазда еркінше көсіле тірлік кешкен бір рулы ауылға шабуыл жасайды. Біресе қойын айдап әкетеді, біресе шеткі үйлердің туырлығын тіліп, ергенегін жұлып әкетеді. Сөйтеді де көзден ғайып... «Тапа тал түсте қайдан келген жау?» – десіп бұл жақтағылар айран-асыр. Қол жасақтап, көрінбейтін жауды ұстауға сайда бас бұғып бір топ жігіттер жатады. Ондайды жоғарыдан көзі қырағы Бала батыр біліп қап сәтте шабуылын сап тияды. Күндізді қойып, түнде, ел қатты қорылға бас қойғанда бұл «кәсібіне» кіріседі: енді қыз зорлауға...

... Шеттеу тігілген алты қанат ақбоз үйден бір сұлу қыздың бұрала басып шығып жүретінін қыран көз бозбала баяғыда-ақ байқаған. Байқаған да буыны құрып, мас болған-ды ғашықтықтан. Айттыра қоятын күш қайда құлақ кесті қалмақ құлға. Алып қашқанда тығылар, бас сауғалар елі, жері тұр ма. Арашалайтын қай ата жұрты, ағайын тумасы бар дейсің. Және қай қазақ оң жақта тотыдай мәпелеп, үкідей үлбіреткен Айы мен Күнін басқа бөтен нәсілге берсін-ау. Тек бір ғана жол – тартып алып қашу немесе қанжардың ұшымен, айбалтаның жүзімен ғана бұл мәселені... Бала батыр әрі ойлап, бері толғап, ақыры біріншісіне де емес, екіншісіне де емес сұлуды зорлап кетуге ой тоқтатады. Өзіме бұйырмағанды ит жесін дей ме. Сонымен, қыз әкесі Елшіекең алты айшылық жолы бар Меккеге қажылық сапарға, ауылдың сайдың тасындай мықты төзімді жігіттерін жолсерікке алып, ұзақ жолға шыққан ғой. Жылап-сықтап, екі тоқал, бір бәйбішесі қалады. Жыртылып айрылысар туыс-жақын, ел, ағайын-жұрты қаншама. Бала батырға керегі де осы тұс: бұған зекіп, кіжініп жатқан кім бар-ау. Бас жылқышы болса, байдың ақ қасқа күрең сәйгүліктерін иіріп бағып, торуылдаушы барымташылардан қорғап, құз шатқалда жүр. Теріскей ауылдың сұлуы атанған Айнұр қыз расында бет біткеннің ажарлысы. Толықсып он жетіге шыққан байдың қызы, үш ағаларының ортасындағы бұлаң қаққан бұраң бел де. Қос тірсекті алты өрім қамшыдай қос бұрым соққылай, бұлықси жүргенде, жұрт сырттай аңтарылады екен. Бір ғашық жігіт сыртынан былай деп ән шығарыпты:

Көрінер жирен сұлу жарағанда,

Шаштарың гүл-гүл жайнар тарағанда,

Таң қалып жығылуға таянамын,

Мойныңды бұра тастап қарағанда.

Айнұр үш жеңгесімен кезек-кезек серуенге шығады екен. Бүгін – Салихамен шыққан-ды...

Сары әңгелек тілігіндей айдың жаңа туған кезі-тін. Мизам айының сабан арасында тебен ине көрінетіндей жап-жарық түнінде серуенге шыққан Айнұрды қапыда Бала батыр бас салады. Тоқтыдай өңгеріп, аузын айқайлауға келтіртпей бөркімен басып, бөрідей сүйрелей жөнеледі.

Қыз жеңгесін арашалауға келтіртпей талмау тұстан переді. Ол байқұс домалап өрде қалады. Сайға апарып, Айнұрдың ақ шәйі көйлегі мен дүрия бешпетін быт-шыт жыртып, ішкиімін лақтырып тастайды да... сасық аузын сары алмадай жұп-жұмыр төсіне сала бергенде, Айнұр есі ауытқып, былқ-сылқ күйде қалады. Ессіз қызға білгенін істеген Бала батыр марқайып, тояттаған құзғындай, айғыздалған аузын шөппен сүрткілей талтаңдап кете барады. Ет пісірім шақта ауыл жақтан аттандаған, жүгіре басқан дабыр естіледі. Мойны бұралып, кеудесінің астына түссе-дағы ғайыптың күшімен тірі қалған Салиха орнынан тұра бетін жыртып үйіне ентіге басып барады. Байын оятып, құлағына сыбырлайды. Ірге жақтағы енесі ести қоймасын дегені. «Не дедің?!» деп Омарғазы орнынан гүжілдей тұрады.

– Ана жақта... Бикеш... тірі ме, өлі ме? – өксіп-өксіп қалады. Қайынсіңлісін «Бикеш» дейтін кіші жеңгесі қыздың сырласындай еді. Не бетіммен айтамын дегендей, сұлуша жүзіне он тырнақты батыра қанын судай ағызды. «Қарындасыңның қаны да, абыройы да осылай төгілді» деген тұспал. Омарғазы бәрін ұқты. Ұқты да: «О кім?» деп үйді басына көтерді. Сүттей ай жарығы шаңырақтан төгіле, үй ішінде сұлқ түсіп, қаннен қаперсіз ұйықтап жатқандарды оятып жіберді... «Не болды? Не болды? Жау шапты ма? Жылқыны әкетті ме...»

– Жауда бастарың қалсын. Қызды әкетті, қызды!

– Кімді? Айнұрды ма?

– Оны әкеткен жоқ, ол жатыр ана жақта... – деп еңкілдеген Салиханы күйеуі кеспектей жұдырықпен періп жібергенде, ол анадай ұшты. Шидің ішіндегі ыдыс-аяқ, кесе-шәйнектер күл-парша. Ойбайды салған Ақкемпір – қыз анасы – шыр қаға сыртқа беттеді. Шалы Елшібек алыс сапарлап кеткесін, жалғыз қалуға қорқып, Омарғазының отауына келіп жататын ғой. Күн-құтанды абысыны – Сұлуша қатын қасына шақырып алып, арқасын сипатып, белін күрт-күрт үзгізетін. Еркек құшағын көрмесе күйіп-жанатын қызулы жас әйел қайтсын-ай, тым құрыса, төмен етекті күң-құлдарға арқа-жонын сипалатқанына мәз. Ынсап уытын сонымен басқандай тым құрыса. Ақкемпірдің оңдаймен шаруасы жоқ. Үлкен екі ұлмен бөлек шыққан бәйбішеге еліктеп, бұл да қызы мен ұлын жағалаған шағы ғой. Қырықтың ішіне жаңа енген мұны «Ақкемпір» деп ауыл-аймақ атап кеткен-ді, ақ борықтай болғасын. Жаратылысы айрықша, көздері жақұттай жарқ-жұрқ, пісте мұрын, қолаң шаш сұлуды Елшіекең Балқаш бойын жайлаған Сары үйсін деген қыр қазақтарынан алып қашып үйленген. Соңынан қуғын сала келген қыз ағайындарын дауға апармай, тоғыз-тоғыздан киіт кигізіп, бір үйір ақ бас күрең сәйгүліктерді алдарына айдап салып, риза қып аттандырған ғой. Сұлу анадан дәйім сұлу қыз туады. Омарғазы ғана бөлек: шекесі торсықтай, көзі өткір, құс мұрын, апайтөс, құдды Елшібек-ті.

Сөйткен қыз анадай, абыройы айрандай төгілді. «Әкесі жоқта бұл бір адам естімес сұмдық болды-ау!» десіп, Сұлуқас (Ақкемпір) далаңдай солай қарай жүгірді. Қыз жылжып, қамыс арасына бас сауғалаған екен. Шешесін көріп, шырқырай жылап, даланы басына көтерсін. «Қой, балам. Ел естімесін, дұшпандар басына көтере күлер... Күлгеннің басына берсін, мейлі ғой... кінәңді көтереді қайта». Сандырақтағаны ғой, әйтпесе, он екіде бір гүлі ашылмаған періште жас қызда қандай күнә? Атастырған жеріне айдың, күннің аманында барса болды деп тілейтін. Ұрындап келгіштеген күйеу баланы қыз қасына жолатқан жоқ: шешесінің он екі қанат ақ үйіне еніп алып, көрінбей қойған. Сұлуқас қана оны ырғап-жырғап, сыйлап аттандырып салған. Айнұр күйеуін менсінбеді, әкесіне де наразы. Пайғамбар жолынан аман-есен келсе, арызын айтып, басын арашалап алмақ-ты ойы. Қайтсін, шешесі айтпақшы «күлгеннің басына берсін...» Бірақ, кім ол? Ауыл ішінде ондай күшті, дойыр, күлімсі сасыған, тістері әппақ, өзі қап-қара кім бар? Қырындайтын жігіттер өйтіп ит тартқан көн тулақтай, сайға сүйрелей жібермек түгілі, бетіне тіктеп қарай да алмайтын еді. Ал өзі ұнатып, іштей күрсінтетін бір адам... бір адамы әкесімен сапарлап кетпеп пе еді?... Ол – Жанысбек, әнші, сері, жауырыны қақпақтай палуан денелі. Елшібек қажылыққа ерткен нөкердің бірі.

Бұлар осылайша айран-асыр болсын. Омарғазы қарындасының қасына бара алмады, өшін келіншегінен алған сыңайда. Іштей кіжіне, кімге айтарын, тіпті отау шыққан, бәйбішеден туған үлкен ағаларына не деп айтарын біле алмай, басы дал. Бәйбіше Бижігіт жылмаңдап таң атпай жеткен:

– Ойбай, көтек, түнімен улыған-шулыған еткен сендер ме? Не болды?

Айнұрды алып қашқаннан сау ма? Жүрегім суылдап, шал кеткелі, көзіме әлде не елестеп, дөңбекшіп ұйықтай алмайтын болғамын. Балымшаға арқамды уқалатып, түн ауа көзім ілініп кеткен екен...

Бижігіт сумақай қаншама сумаңдай сұрағанмен, бұл жақта ештеңе болмағандай: Омарғазы құланиектен шолақ мылтығын асынып, «елік атып алуға» кеткен. Абысыны – Ақкемпір ақ кимешектің сыртынан күндігін бес қабат орай сырмақ үстінде қақшиып ұршық иіруде. Келін Салиха көзі кіртиіп, самаурын қойып, ертеңгі астың қамымен. Басына жүн орамалды тұмшалай, мұрнына самал түскендей, беті-аузын түк көрсетпей бүркеп алғанына қарағанда, қосағынан таң атпай қатты таяқ жегені емей не? Енесіне бас изей амандаса сала сар самаурынға қарағайдың шоғын тастап, оттығына керней кигізді. Балта ала салып, ұсақ жаңқа шапты.

– Еркетай әлі ұйықтап жатыр ма? «Келгенше жиырма беске қыз еріншек» деп, бұ қыз да жастықтан бас алмайды. Әлде түнімен ақ сүйек ойнап па еді құрбыларымен? – Бижігіт тақымдап қояр емес. Ұрттарына құрт толтырып алғандай, ешкім бұған ләм-мим демеді. Тұрып, тұрып тұлан түте, бәйбіше ауылдың сырт жағындағы едәуір алшақтағы үйіне тартты.

* * *

Бала батыр деген мұратына жеткендей, жайын аузы жалпайып, қонжық денесімен қорбаңдай құзға өрмеледі. Жылқыны ойға босатып жіберді. Ұра қазып, қиыршық таспен бастырып қойған торсықтан түнгі таза тәтті саумалды сіміре жұтты. Сылқ етіп жата қалды. Жартастың ойылып түскен ойындысына от қыздырып, аршаны аямай жақты да, тамақ қамдауға кірісті. Құрсағы қоян қуған тазыдай шұрқырап ес таптырмай барады. Қарын ашты. Тайдың жас етінен қуырдақ жасап жейтін өне бойы. Қызған тастың үстіне ұсақтай туралған жас етті салады, тау сарымсақ, қымыздық собығын қоса турайды. Жау жапырақты әлденеше қабаттап бетіне жабады. Буы сыртқа кетпесін, буға бұқтырылсын дегені. Арша шоғы бір шай қайнатым шақта-ақ қуырдақты былқытып пісіріп шығарады. Ағаштан ойған табағына салып, ағаш қасығымен ал кеп аса. Ыстығына, ұртын күйдіріп жатқанына қарауға шамасы жоқ, жұтқыншақтан қылғыта береді. Орта торсық қалған саумалды тағы сіміреді. Қисайған жерінде қатып ұйықтап, күн тас төбеге келгенде оянады. Ойдағы жылқы малы шүйгін шөпке қампая, бұлаққа бас қойған мезет. Жау да, барымташы да ала алмайды. Ондайды сезсе-ақ ала бас кәрі айғыр кісіней, үйірден шетқақпай кеткендерін жер тарпып, шақырып, дүбірлей айнала шабады. Тауды жаңғыртқан өзінің ескі сыр мінез «досының» кісінегенін естісімен Бала батырда ес қалмайды. Сойылымен домалай, тасты тасқа соға о да ойға түседі. Көзімен шолып, санап шығады, түп-түгел. Түгі жылтыраған күйлі малға көңілі марқая, «қас қарайғанша жайыла берсін» дегендей, жуынып, шайынбаққа бұлақтың аяқ жағына тартады. Жылқы малы кіді, судың тұнығын, шөптің шүйгінін ғана таңдайды. Бұлақтың басына шомылуға, жуынуға болмайды, бөтен иісті сезсе, ішпей шыбындап тұрып алады.

Бала батыр бүгінгі жасаған күнәсін сумен жуды. Көңіліне еш кірбің алмаған: бәрібір жатжұрттыққа жаратылған ұрғашы тұқымы. Қызығын бұл көрсін, ол көрсін... бәрібір емес пе. Тебіншек асау бестідей тәкаппар бұлаң қаққан бай қызы! «Саған осы керек!» дегендей, өз «батырлығына» барынша мәз. Бұл екенін, басқа екенін байқай қойды ғой деймісің. Ай батқан, көз сүріндірер мезет. Сонда бұлар – жеңгесі екеуі ел жатқанда неғып далада жүр десейші?

Ахау, сарқыз,

Піскен дарбыз,

Дарбызыңның қызығын –

Бізге жарғыз... – деп әндете, сабыншөппен үсті-басын армансыз ысқылай, рақаттана жуынды-ай дейсің. Жеңілдеп қалды. «Кір жуғанның да қоңы бар» деп отыратын асырап алған Ауқат апасы.

...Бір шапқыншылықта жау түсіріп қайтқан Албанның аусар жігіттері бес-алты жасар қалмақтың баласын ат артына мінгізе ала келген ғой. Жеткенше боздап, әке-шешесін жоқтап келген баланы басына бір пере аусар жігіт талдырып тастайды да, кәрі апасына: «Қойыңды бағатын қолбала әкелдім, апа! Еті – менікі, сүйегі – сенікі», – дейді. Балаға атың кім десе: өңкей «г» мен «ө» ден тұратын ұзынсонар бір есімді міңгірлейді. Кір-қожалақ аш бала басқа не десін. Ондай атқа қазақтың тілі келмейді.

Ауқат апасы көже ішкізеді, шомылдырады. Жамалған ескі киімдерін ауыстырып жаңалайды. «Е, байқұс бала, іліп-аларыңа қарағанда, біз құсаған жалаңаш-жалпысың. Күңнің, құлдың баласы білем... Біз де қай бір шекеміз шылқып отырғанбыз? Саймасай байдың отымен кіріп, күлімен шыққан күл-қоқырымыз. Ана Орынтай аңға шығып, елік, тауешкі атып әкеледі немесе, қол бастаған батырларға еріп, шапқыншылыққа кеткенде, бірер малды алдына салып әкелетін. Содан жиналған он шақты тұяқ; қоңыр ешкінің сүтін қақтап ішіп, қой ірімшігімен аш өзекке талғажау жасап, сойып алар оншақты ұсақ малға «көз тікпейік» деп отырмыз ғой. Әлі үйленген жоқ, жиырма алтыда биыл. Қалыңын төлер халі қайсы Орынтайымның...» деп қара кемпір ойға беріледі. Ойға беріледі де: «Атыңды кім дедің?» деп көзі бағжиған үркек баладан сан сұрайды. Оның сол міңгірлеген қалпы: «г-ө-ө» дей ме? Жарайды, сенің көлдің шүрегейіндей гө-гөлегеніңе кім түсініпті, атың сенің бұдан былай – Ергенбай! – дейді. Құлағына аузын тақай:

– Ер-ген-бай-й... – деп үш қабат айқайлады. Ауқат апасы «Ергенбай» қойғасын, Орынтай да, басқалары да оны осы есіммен атаған. Бірақ бір шапқыншылықта байдың малын тау қолатына тығып аман алып қалғаны үшін және де бір батырының басын алып, жау жағына апарып лақтырғаны үшін оны Бала батыр атандырған.

Осы есім бұған талақтай жабысты, Ергенбай есімі ұмытылып, ал емісеміс құлағына анасы: «Айсолтан, құлыным, қайдасың? Сен, білсең, кедейленген батырдың ұрпағы едің...? – дегендей үн қататын. Қайда, қайран ана зары... Қазақ келіншегі Зарауқа! Тастай бұлақ суына жуынып, жас қуырдақты жеп, саумалға қанған Ергенбайдың тұла бойы қызды. Сауық-сайран іздейді бұла көңілі. Күнгей етектегі ауылда күнде той. Түн баласына қыз-қырқын бастаңғы ойнайды, жігіттер ақ сүйек лақтырып, соны іздеген болып, бір-бір сүйген қыздарын қолтықтай сай-салаға аңыстайды... Бұл сырттай бақылаушы. Қолатқа қамап кеткен жылқысына алаңдамайды. Үстіндегі бары – тайжарғақ шалбар, бай балаларының бірінің кір-қоқысқа лақтырған далаң мата жейде, оның үстінен жеңсіз былғары кеудеше, жүн шекпен, қозы терісінен тігілген тебетей. Өзі құралпы бозбалалар құндыз бөрік киіп, мақпал шапан жамылып, кәріс белбеу тағынып, күміс ер-тоқымды күреңді мініп; бұлықсып, майлы сорпа ішіп, жілік мүжіп, қағынып қызқырқынға жанай жүргенде, бұл – құл бала – біреудің ескі-құсқысына қолы әрең жеткен. Ақсүйек іздеген болып, бір-бір қызды сүйрелей қалың қорысқа еніп кеткен бозбалалардың тірлігіне қатты қызыққан: кіжініп, денесі қызғаны сондай, құзшоқыдан құлай етекке қарай лықситын кейде. Тасты тасқа соға, тау жаңғырта домалағанда сең көшкіні болғандай тура.

Ауылдағылар тауға күн сала қарайды: немене болып қалды дегендей.  «Жылқы үдере ауатындай не болып қалды түге?» «Өй, не болушы еді, әлгі жынды жүгермек Ергенбай да... қағынып...» Күші тұла бойын кернеген сәтінде өстіп етекке домалайтын оның жынды мінезіне қанық елдер онша-мұнша мән де бере қоймайтын. Ал алдыңғы түндегі оқиғадан бейхабар бұлар тым-тырыс абысындар ауылына көз тігеді: бәрі қаз-қалпында. Қақшиып тас мүсіндей Сұлуқас өрмек тоқуда, келін көзі-басын тұмшалап алып, түскі тамақ қамымен. Омарғазы мал қайыруға кетті ме, әлде аңға... Бір ғана Айнұр сұлу көрінбес елестей ғайып. Қиғаш қас, мөлдір көзді арудың көрінбеуіне

таң. Бала батыр да осы жаққа көп көз тіккен. «Тағы да бір жолығар ма еді, әттең!» деп сілекейі шұбырады. «Е,е, қай қазақ қалың беріп маған қатын әпереді... алса ғой шіркінді...» Қиял ғой, расы, қай бір қабырғасы қайысар ағайыны тұр. Мұңайып, жас іркілген жанарын қайда жасырарын білмегендей. Айнұр да жетісіп жатқан жоқ-ты. Жеңгесі сойылға жығылды. Ары айрандай төгілді. Жауырды жаба тоқып апасы мен ағасы төңірекке түк болмағандай тымпияды. Естімей қалушы ма еді? Бір Бижігіттің жеті қат жердің астындағыны біліп отыратын сұмақайлығы-ақ жетіп жатыр.

Жанторсықтарын жан-жаққа тіміскілетіп жіберіп жатқан болар. Күңі Балымша бағана-ақ келіп, кіші шешесінен күбі сұрамақ болып, бұлардың күңі – Бәкібалаға сыбырлап жатқанын жабықтан көрген. Бәкібаланың аузын бағып апасы отыр. Қаздиып, төбесінен күн өтіп, сырмақтың үстінде жүн түтіп, ұршығын иіріп отырғаны отырған. Шамасы келсе, ыбырсық қатын-қалашты жолатпау. Олар жүрген жерде сыбыркүбір өсек те жүреді ғой ілесіп.

«Ой, тоба-ай! Кім болды екен? Ай жап-жарық, тебен ине көзге көрінетіндей тура. Жеңгесі екеуі ғана. Сырттан шабуыл болса, әгарым, бір Сырттан төбет-ақ әупілдей үріп, айналаға хабар жүгіртпей ме. Іштен келген жау дейін десе, бұл ауылдың бозбала-жігіттері қызға аш бөрідей қапылыста бас салмақ түгілі, бетіне тіктеп қарай алатын ба еді... Елшіекеңнің екпіні-ақ оларды бір қуысқа тықпай ма. Ал бұның, бір әулеттің бетіне жел тигізбес, етегіне шаң ілеспес аймаңдай сұлуына кімнің тісі бата қояр екен. Тектілік кім-кімде де баршылық: біреудің асылы мен жасылына сұқтану, көз аларту деген бұл Елшібек әулетінде жоқтын. Қыз бала – құдырет! Жолы үлкен деп есептейді. Айнұрдың өзін-өзі баптағаны сондайлық, күн сәскеге шейін ұйықтап, бесінге шейін шайын ішіп, кешкі саумал салқында ғана сыртқа шығып серуендеп қайтатын ғой. Екі қадам жүрсе, қытайлық шатырын басына ұстап көлеңкедей ілесе жүретін күңі – Нәзира бар. Сақау байқұс. Сонысымен жағады бикешке. Көп сөйлегенді ұната қоймайтын Айнұр дағы.

Етің де әппақ, ей, қалқа, бетің де әппақ,

Туды екен қандай жан сені баптап?!

Мамық жастық басыңда, торғын көрпе,

Жатыр ма екен сол қалқа, бір шынтақтап?... – деп әндететін ғашық жігіті қашан келер... Жүрегі лүпілдей сарғая тосуда еді Жанысбегін. Тосыннан тап болған мына сұмдық болмағанда. Салиха күйеуінің қатты соққысынан жатып қалса да, қайынсіңлісінің ауыр халін ойлай қан құсты. Айнұр қыз өзіне бөлек тігілген алты қанат боз үйде бөлек отырды. Есігіне күзет қойып, жан адамды енгізбеді. Беті алаулап, түндегі сұмдық оқиғаны біртіндеп тізбектей басынан өткізді: «Бұл кім? Менде не кегі бар?... Қарақшыша баспалап келіп, бас салмай, шын батыр болса, жүзін неге көрсетпеген, ә?» Есіне, айттырылған жеріне хабар жеткізгені түсті: (Қыз әдетте ондай батылдыққа, бетбақтыққа бара қоймайтын, кенет: бір сұмдықты бастағаны); «ұрын келмесін, бәрібір бетін қайтарам! Көңілім жоқ оған деген...» – депті. Бір ойы – осылардан келген кәдік пе? Ерегісіп, «маған болмаса, басқаға да жоқ!» дегізгені ме... Мұратына жетті, итке тастаған сасық еттеймін қазір. Кімге керекпін... Көзімді жоғалтудан басқа амал қалмағандай. Қайда? Кіммен? Кім нөкер болмақ?...Қысқасы, әкесі Елшіекең қажылықтан қайтқанша көзін жоғалту!...

* * *

Екі қыз жырқ-жырқ күліп, балмұздақты ағыза-мағыза көшені бастарына көтерді. «Екі байға тиесің деді ме әлгі сыған? Ғажап қой, Қап, мен де бал аштыруым керек еді. Мен де білейін, талайыма жазылғанын. Әй, қанша күйеуге тиетінімді білсем-ау! Құрысын, оқуымды бітіріп, жақсы әртіс болып, Баянның, Еңліктің, Қаракөздің рөлдерін ойнап, сахна жұлдызы болсам-ау, әттең. Тек бойым кіші, маған ондай рөлдерді кім берсін-ау?...

Сенің бойыңдай болса, бойым – 158 см деген не, ергежейлінің бойы ғой, құдай-ау» – деп көзінің жасы тарам-тарам болып, жылап қоя берді Үкітай. Жап-жаңа ыржаң қаға күліп келе жатқан құрбысының кенет жын қаққандай өзгеріп, жылап қоя бергеніне таң қалмасқа Құмырсқада амал қалмаған.

– Қой, бойдың кішілігінде тұрған не бар? Сорайғаннан не таптың, ішкі мазмұнды айтсай! Сен әншісің, сұлусың, пластикаң күшті деп Асекең мақтады деп өткен жолы күмпиіп келмеп пе ең? – Құмырсқа Үкітайды жұбатты. Ол болса, қазір күліп, қазір жылай салатын дағдысына баса:

– Әй-әй, жұбатпай-ақ қой, маған тек характерный образды сомдау лайық, қол жетпеске арам тер боп неғылам, Фаина Раневская дейтін орыстың атақты актрисасы ғұмыр бойына тек характерный рөлдерді ойнаумен ұлы актриса атанған. Білесің бе? Ана шибұт шәңкілдек мардымсығанға-ақ лайықтасын – лирикалық рөлдерді, ойнатсын. Қазірдің өзінде-ақ дипломдық жұмысына Баянның рөлін беріпті ғой. Ал маған – Айтаңсық, мейлі, маңдайға жазғанын көрерміз. Ал сен осылайша не оқу жоқ, не жұмыс жоқ жүресің бе сенделіп? Қайтпаймысың үйіңе, – деп Үкітай аяқ астынан қойып қалды.

– Жарайды, төсегіңді қызғансаң, қазір-ақ кетемін үйіме! – деп Құмырсқа да кенет бүлінді. Екеуі екі жолмен жүріп, жатақханаға келді, Құмырсқа киім-кешегін, заттарын жиыстыра дереу сыртқа беттеді. Қоштаспады да. Үкітай безергеннен безере үндемеді. Салаң ете өз үйіне жетіп барғанда, шешесі не дер? Қызымыз Алматыда оқуға түсіп жатыр деп әкесі мен анасы мақтанбаушы ма еді. Енді қайтпек? Түсе алмағанына бұл кінәлі ме. Құмырсқа-Шынаргүл парк ішінде жылап отыр. Барар жер, басар тауы жоқ, қаңғығандардың қатарын көбейтіп, жүре бермек пе. Бір амалын ойластыру керек шығар. Жүк дейтін жүк те жоқ, жаздық киім-кешек қана, конспект, кітаптары. Қысқы киімдерін алу үшін үйіне баруы керек. Не бетімен? Бала кезінде ширақ еді, енді өсе келе болбыр, жасқаншақ, келе-келе нағыз иісалмастың өзі болып шықпаса де. Құдай сақтасын, оқуға түсе алмады деп тауы шағылып не көрініпті. Қой, етек-жеңін жиыстырып, ширау керек шығар...

* * *

Ана құмырсқаның жота белдеуіне салған илеуіне қашып-пысқан өзге үйірлестері жинала бастаған. Бұған қуанбаса, еш ренжіген жоқ: қалыптасқан құмырсқалар тәртібі бойынша олар жұмысшы, қарауылшы, аталық, аналыққа деп бөліне бастаған. Анау жас құмырсқа – аналық, тұқым шашуға; ал аталық құмырсқаларды міндеттерін атқарғасын өлтіріп тастау бұларда заңды. Жұмыскерлер тамақ тасиды, тазалықты сақтайды, қарауылшылар Ана құмырсқаны қорғайды; қалыпты жылылық туғызып, тамақтандырып, күлдей-күлдей ақ жұмыртқалар бастырып шығаруына жағдай жасайды. Өзі үйір басшысы, патриарх – қатаң тәртіпті қалыптастырып, ырың-жырыңға барғызбау. Қырық руға бөлініп, қырықпышақ боп жататын адамдардай емес, бұлар – құмырсқа тобыры жазылмаған заңнан аттап шет шықпайды. Тек табиғат апаты мен қызыл құмырсқалардан сақ болса болды. Қызыл құмырсқалар – бұлардың ата жауы, олар ірі, ұрыншақ. Орманды жерді мекендейді, Аналық құмырсқалардан басқасын қырып тастап, илеулерін тас-талқан етеді, өйткені, уыз жұмыртқаға әуес, ұрықтана бастаған мыңдаған ақ жұмыртқалар олардың әуес асы. Ондай зұлматтан сақтану үшін де Құмырсқа қарауылды күшейте түсті. Қарауылшыларға тамақ керек, су да алыс, олай болса, Елшіекең ауылындағы күнде сойылып жатқан мал қалдығын, жем-суды со жақтан тасып әкелуге бір бөлек қызметкерлер жасақталған.

Ал Елшіекең ауылында үлкен сабылыс: Айнұр қыз жеңгесі Салихамен ақылдаса келе, бір түнде зым-зия, ізім-қайым жоғалуға бекінген. Әкесі жолға қайтуға шығыпты деген хабар жеткен. Омарғазы болса, тау-тасты тіміскілеп, қыз зорлаушының ізіне түскен. Көрсе қанжармен жарып тастауға түйінген ол зәндақыны! Кім? Бұқпантайлаған жауыздың көзін жоймай тынбаймын деген ойға бекінгені соншалық, қоңсы ауылдарға барып, жөн сұрастырған. Туралап сұрамайды, әрине, жақауратып, алыстан орағытып дегендей. «Жабулы қазан жабулы» қалғанын намысқой қыз ағасы қаламайды дейсің бе. Шектен шыққан шексіздікке көне қоюы да екіталай. Ал Айнұрдың ойы бөлек: «Біз бір түнде қашамыз, әкем келмей тұрып. Әкемнің ызғары жаман, саған да, маған да оңай тимесі аян. Байыңнан тиген соққы бер жағы ғана...» деп Салиханы жаман шошытты.

– Әке қыз-ау, ел-жұрттан безіп, қайда барып тиянақ таппақшымыз. Қорқам. Қайынатам өте қатал адам, өлімге де қиюы...

– Міне, сондықтан... Қосағыңды қимайсың, бәле. Басыңнан таяқ кетірмейтін ол сотқармен ғұмыр сүргенше, басқаша өмір сүр! Еркіндікте, тыныштықта. Табылар басыңды сыйлайтын біреу. Ал әзірше...

– Әке қыз-ау, алдымызда айдаған малымыз болмаса, басымызда баспанамыз болмаса, қалай өмір сүреміз? Соны айтшы?

– Дала асырайды, аң-құс жеткілікті, ағаның ши мылтығын, өзіңнің киім-кешек, алтын-күмістеріңді, ыдыс-аяқ, төсек-орын дегендерді біртіндей тасып, Тасбөгеттің қойнауына апара бергін. Біреу-міреудің көзі шалып қалмасын. Мысықтабан бол! – Айнұр екі айтқызбаймын дегендей имек қастарын маңдайына түйістірді. Оңғалағынан от шашқандай көздері жарқ-жұрқ. Салиха шошып қалды, тұра бермекке ұмтылғанда:

– Қазір толайыңмен Ұмсындыққа барғын, маған жолықсын, – деді қайынсіңлісі өктем. «Оны қайтпексің, ұзатылайын деп жатыр дегенді құлағым шалған».

– Барар жері оның да оңып тұрған жоқ. Бай жер, бірақ күйеуі есерсоқ, бір көзі аққан сол төбелесқорлығынан, өткенде: «бармаймын, қор болам ғой», – деп, маған арызын айтқан. Келсін де! Ақылдасар шаруа.

Салиха артымен шегіншектей есік ергенегіне соғыла-моғыла жоғалған. Жол бойы еңірей, «тыныштығыңа тас түссін, жетпегір!» деп әлгіні қарғай-сілей, Ұмсындық қыздың қоныс тепкен тепсеңіне ұшты. Омарғазының соққысы мен ана сойқанның жер қаптырған лақтырысынан қаншама ауырсынса да, безектей ұшты. Тез-тез жетуге асықты. Жолай көл бойында шыбындап тұрған аққасқа кілең қылқұйрық жылқыларды көрді де:

– Қайным, бұл кіші баланың малы ма? – деп жылқышыдан майыса, қасы-көзін кере жөн сұрады. Онысы: «Бір үйірін айдап кетер ме еді...» – деген ойы да. Даланың қай аң-құсын қуып жүрмекші, талайына жазса, қашып-пысып күн көрер де, қалай да алдыңда айдаған малың болған жақсы ғой, «Аспандағы көкқұтаннан да, қолыңдағы құзғын артық» демекші» – деген бір ойы да тағы.

– Ә, ақжеңеше, амансыз ба? Әрине, өзіміздің жылқымыз, оны неге сұрадың? – деп түбіт иек бұлықсыған бозбала да күлмең қаға, Салиханы белінен құшты. Қайық қалағындай алақан қызуы өрімдей әйел тұла бойын қалтыратып жібергені сондай, ырқынан айрылғандай со сәт; ол да жай таппай, әлдебір сезімдер бойын кернеп, аш белден қыса, қалың қорысқа уыз өңді келіншекті тартқылай берген. «Қайным! Қой әрі» – десе де қылықты дауыспен мекірене, көнген...

...Бұрынғы дүркіреу дүркіреу ме, таң азаннан Елшіекең ауылы қатты сабылысқа түскен: Қыз отауы орнында жоқ, оңырайып орны ғана жатыр. Аспанға ұшты ма, Айнұр да жоқ. Бір жақтан байбайлай Ақкемпір келді: «Салиха келін ұшты-күйлі жоғалды!» деп. Омарғазы жылқыны түгендей: «Бір үйірі жоқ, қолды болды, апырмау, бұ не сойқан? Кімнің аузы бата қояды, біздің малды барымталауға?» – деді жер соққылай, сойылын оңды-солды сілтей. Қатынының жоғалғаны санасына да кірмей, «көрші-қолаңға қыдырыстап кеткен болар» деген оймен малданулы еді. Ал қарындасы Айнұрдың бір түнде ақ отауымен жоқ болуына айранасыр қалғаны сондай, аңқайып, аңырып жан-жағына қарай берген. Сол шақта тепсеңдегі елден де хабар жетті: «Ұмсындық қызды күйеу жұрты алып-қашып кетіпті!» – деген. Бұл хабарға онша да таң қалмаған-ды, өзі де шымылдығы желбіреп тұрған бойжеткеннің ерте жарықта кеткені де дұрыс шығар деп түйген.

* * *

...Бақ ішінде қатты мұңайып, барар жері, басатын тауы жоғына барынша күйіне, бір жылап, бір күліп отырған. Күн еңкейді, қайтып Үкітайдың бөлмесіне барғысы жоқ. Бір қалған көңіл осымен қалат та. Кенет қасына біреудің сыбдырсыз таянғанын сезді. Сезді де басын жұлып алды. Бойшаң, сыптығырдай сұлуша жігіт қасында тұр бұған қарап. Ғайыптан пайда болғандай құдды. Бұл сескене орнынан тұра заттарына жармасты, парк ішінде жамбақылар болады деп естуші еді, екі ортада барынан айрылып қалармын деген үркінішпен.

– Қарындас, қорықпаңыз, мен жөлік емеспін, жәй, сіздің жападанжалғыз, кешқұрым, еңсеңіз езіле отырғаныңызға таң қалып, қарайлап едім. Жолдастарым кетіп қалды, мына рестораннан дәм татып едік, – деп қасына кеп отырды. Үнсіз қалып, Құмырсқа қыз көпке шейін сөйлей алмады. «Жөн сұрасайық, есіміңіз?» – деді. Қыз тілін жұтқандай көздері боталай қарай берді. «Есімім – Құмырсқа» деуге ұялды. Жігіт:

– Мен – Мінуармын, Досымбеков, әртіспін, – Жігіт қолын ұсынды. «Әртіспін» дегесін көңілі жайланды. Сахнадан бірер рет көргені де бар, жанып тұрған талант, қыздар көбіне Мінуар Досымбековтың қатысқан спектакліне баратын. Үкітай болса аузынан тастамай: «Әттең Мінуармен бір қойылымда ойнасам, оның сүйгені болып!» – деп отыратын ылғи да.

– Мен – Шынаргүлмін, – деді ұяң, ұяла қолын ұсынып. «Елінде әйелі, балалары бар ғой...» дейтін құрбысы әлдебір қиялға беріле. Үкітайдың сол сөзі, неге екені, кенет санасына сарт еткен. Өз-өзінен тартыншақтаған...

– Түу, неткен жақсы есім? Ал енді жалғыз, бейуақта отырысыңызға жол болсын, жүріңіз, мына жер дымқылдау екен, бақ сыртында көлігім тұр, ана антұрғандар да тосуда, сөз жоқ. Менің досым ойнайтын жаңа спектакль – «Ұмытпа мені, күнімді» жуғанбыз, көріп пе едіңіз? – «Жоқ» дегендей, басын шайқады қыз. Бұрынғы көргендерін айтайын деді де аузы шынымен буылып, көзінен борт-борт жасын ағыза берген. Жігіт жаны аши:

– Апырмау, неге жылайсыз, жүріңізші, былай шығайық, – деп қызды шынтағынан еппен ұстай жетелей берді. Шамаданын көтерді. Бақ сыртында «Жигули» көлігі тұр да, қасында топырлап ұзынбойлысы, қысқасы бар, өңкей бозбалалар. Бұл жалт бере шамаданына жармаса, кете бермекке ұмтылды. Аналар да айқайласа: «Өй, Мінеке, қарап жүрмей, тағы бір бойжеткенді қармағыңа түсіріпсің ғой, бәсе, неғып ізім-ғайым жоқ болды десек», – деп жамырасты. Құмырсқа ұялғаннан кілт тоқтай қалып, бетін басты, ал Мінуар еш саспады: «Қарындасым ғой, әзілді қойыңдар, кешкі спектакльге баратындарың болса, жүре беріңдер, театр үйі алыс емес қой, ал мен бүгін боспын», – дей қызға: «Машинаға отырыңыз!» – деді бұйыра.

«Қарындасым ғой» дегеніне әжептеуір жібіген раймен, Құмырсқа қыз көлікке мінді.

* * *

 Ата Құмырсқаның қарамағындағы жұмыскерлерін тамақ тасуға жіберетін өзінше амалы бар: ол тапқан азығына иіс қалдырады, жұмыскер құмырсқалар сол иіс бойынша азықты тауып алып, таси бастайды. Илеудің қойнау-қойнауына толтыра бастайды. Бір қысқа жетерлік азықты жиып алғасын, жұмыскерлер тұқым шашып жатқан Ана құмырсқаға азық апарады. Су ішкізеді. Біразы қорғанысқа тұрады. Бұларда азық барына малданған өзге ашкөз ұсақ шымалдар шабуылға көшеді. Олар быжынаған, сансыз көп, шабуылдарына төтеп беру оңайға түспейді. Өздері арамтамақ, көбіне үй ішінде, тамақ көп жерде күнелтеді де, өз беттерінше азық тасып, еңбек ету, қамдану дегенге атымен жоқ. Даярға «тік қасық» болуға дағдыланған әбден. Сондықтан ірі құмырсқалар тобыры олармен айқасқа әрдайым даяр.

* * *

– Аға, – деді Құмырсқа қыз Мінуардың үйіне келгесін, – мені аяп қайырымдылық көрсеттіңіз. Бірақ не оймен? Мен мектепті жаңа ғана бітірдім. Обалыма қалып жүрмейсіз бе?

– О не дегенің, қарындасым. Осы ақарлы-шақарлы басыммен он екіде бір гүлі ашылмаған қыз балаға қиянат жасасам, Аллам кешіре қоймас-ты. Қой, қарның ашқан шығар, шай қайнатып, дүкеннен жейтін азық әкелейін, – деп Мінуар тысқа шыға бергенде:

– Аға, қам жемеңіз, қарным аша қойған жоқ, менде піскен ет, алма бар, сонымен жүрек жалғайық, ертең ерте кетемін ғой.

– Неге? Қонағым бол, қумаймын, оқуға түсе алмасаң, тағы біріне талаптанып көр, тіпті болмаса, біздің театрға қара жұмысқа болса да орналастырармын. – «Кіре берісте белет тексеретін қыздар жүр ғой, сондайдың біріне тұрғызсам да, директордың орынбасарына айтып... әйтпесе, қайда барады, бір кетсе, енді қайтып Алматыға келе қояр ма? Ауылда әке-шешем бар деді ме?» «Сонда мен қайда тұрамын?» Осы ой көмекейінде кептеліп, қыз көздері боталай ағасына қарады. Ол ешнәрсе дей алмады, мына тұрған үйі – жалға алынған, бір қарияның жертөлесі, театрға жақын болғасын, Мұратбаев көшесі мен Жамбыл көшесінің қиылысындағы жекеменшік үйде тұрып жатыр. Үй иесі қария, орыс адамы, от жағады, кірін жуады, анда-санда тамағын да істеп қояды. Бұл, көбіне-көп түнде қайтады, үйдің жартысында ол, жартысында – бұл дегендей ептесіп, септесіп күн кешіп жатқан жайда. Қаражатын да кемпірден аямайды, жалғыз басты қария мұнысына дән риза. Елінде әйелі, үш баласы бар, әке-шешесінің қолында, көшіріп әкелуге тұрмыс жағдайы таршылық етуде. Қайда тұрады? Келіншегі жылап-еңіреп хат жазуда...

– Жатақханаға орналастырып көрсем, қалай қарайсың, – деді Мінуар шай үстінде. – Қай жақтансың? Ауылың алыс емес пе?

– Мен өзім сол жатақханадан шықтым, бір құрбыммен бір төсекте жатушы ек... – Ар жағын айтпады. Есінеп, көзіне ұйқы тығылды. «Қайда жатам?» болды ойы. Жалғыз бөлме, алдында сенек, қорасы кең, жаңа  әлетте шығып келген. Мінуар да ойланды: «Төсекке салсам, ...етегіме намаз оқып жүргемін жоқ қой, обал болар...» Бір ой сап етті:

– Бүйірдегі қариямен сөйлесейін, сонда тұра тұрарсың, қайта сен оған қолқабыс етерсің...

– Аға, еш әуре болмаңыз, мына бұрышқа-ақ төсек сап беріңіз, жерге жатам... Ертең ерте тұрып кетемін ғой. – Мінуардың жүрек тұсы бүлк етті: «Осы қарындасымды қимай тұрмын, ә?...»

– Сүбе қабырға, тұздалған, дәмді екен, сірә да, қолдан сойылған мал ғой, – деді майлы қабырғаны бұтарлай асап. Әрі әңгімені бөтен арнаға аудара тұрмақ ойы. «Ертең ерте кетемін ғой...» Енді қайтып көрмейтіндей, жо-жоқ, ала бөтен бәлдуар ниеттен аулақ!

– Иә. Анам бір тоқтыны сойғызып, тұздатып, кептіріп соңымнан жеткіздіріп берген ғой. Қалай ет бітті, солай Үкітай мені жатақханадан қуды... – «Үкітай? Кім еді ол?» Есіне сондай есімді ешкімді түсіре алмады.

– Дегенің болсын, қарындасым. Ал жата ғой, – деп бар көрпежастығын қызға беріп, бұрышқа жұмсақтап төсек салды. Ортаға дастарқаны жиылып тазартылған столды қойды. Шам өшіріліп, одеялын жамылып, төсегіне жата салысымен қор етті. «Шынымен ұйықтап қалған ба?» – деп сескенсе дағы, аздан соң Құмырсқа қыз да ұйқы құшағына енген.

* * *

Әртіс қауымы еңбекқор адамдар, күні-түні сахнада, одан қалса, дубляж дегенге сабылады. Аударма «Қазақфильм» киностудиясында. Өзге тілдегі кинолардың әртістерінің сөзін қазақшаға келтіреді. Тәсілі көп, аса хикметті жұмыс. Егерде, артикуляция деген, яғни, аударушы ерні мен экрандағы кейіпкер ерін қимылы сәйкес келмесе, режиссер айқайды салады. Дубляж режиссері Тұмарина Дәнкең аса қатал адам. Кезінде ГИТИС-тің екі бірдей режиссерлік, әрі актерлік бөлімінде оқыған, сауатты да қиқар кісі. Бірер комедиялық фильм түсірген, енді дубляжбен айналысады: «Падонки! Іш, іш қайда? Жаныңды неге салып сөйлемейсің?» – деп, міңгірлеп сөзін жұтқан әртісті дубляж бөлімінен қуып шығады да, екіншілей келтірмейді. Ал аударма – қып-қызыл ақша, табыстарына қосымша, күнбағысқа «емшекке емшек сеп» дегендей, таптырмайтын табыс көзі. Әйтпесе, актерлік жұқалтаң жалақы неге жетсін-ау. Мінуар да анда-санда барып, дубляжға қатысады, онда дағы шақырған кездерде. Даусы зор, мәнерлі, қою үнді сирек амплуа иесі. Өйткені, оған тек сом тұлғалы геройларды сахналау құдыреті бұйырған. Ұсақ, жылауық рөлдерге келісе бермейтіні сондықтан. Әлі жас, отыздан асқан, түбіт иек бозбала десе де. Осы таяу арада «Заслуженный артист» деген атаққа да тырнақ іліндірген-ді.

 

Көре алмайды көбі. Атақпен қоса қызғаныш, іштарлық атты кеселкесепаттардың қатарласа беретіні аян ғой. Үйі жоқ әлі күнге, театрда үй алуға кезекке тұрғандардың талайы шаңырақты болған, ал бұған кесе-көлденең тұрушылар жол бергізбейді. Соған күйінеді, кей-кейде ішімдікке салынады. «Тәк-тәк!» деп, алдындағы ағаларының атаққа, тұрмыстылыққа жету жолындағы қиямет-қайымдарын ойлап бір кеткенде, дереу сабасына түседі...Қанша қор ете ұйқыға берілгенмен, бір жақ миы ұйықтамағандай, санасы сайрап, анау бұрышта бүрісіп, көрпесін қымтай түсіп ботадай ғана бұйығы жатқан жас қызға аңсары ауа берген...

Еркек емес пе. Қыз болғанда қандай! Қаншама театр актрисаларымен араласа-құраласа жүріп, бір спектакльде ойнай жүріп, жүрек сыздатарлықтай нәзік бір сезімге түсіп көрмеп еді бұл. Онда да небір сұлулар, сен тұр да мен атарлар баршылық. Бұған иектегіштер тіптен көп-ақ! Түр десе түрі, бой десе бойы бар, сәнқой киінетін, үстіне қылпық жуытпай, қашанда мұнтаздай таза жүретін бұған – Мінуарға – қай-қай әйел заты қызықпас?! Атқаратын рөлдері де сүбелі – Қобыланды, Есен, Қодар батыр дегендер. Жас, талантты бір драматургтің жаңа дүниесі әзірленуде. Онда да басты рөл мұның сыбағасына тиген. Трагедиялық бейне, соғысқа қатысқан, Берлинде, Рейхстагқа Кантериялармен бірге қан кеше ту тіккен, бірақ еленбей, сырт қалған сормаңдай қазақтың ірі тұлғасы. Көзіне жас алмай ойнай алмайды. Режиссері де жас, талантты, өзімен курстас жігіт. «Мінеке, оу, Мінуар! Премьерасы ойналған кезге көз жасыңды сақта, әйтпесе, тауысып аласың ғой...» деп Сейітмамыт қатты риза бола тұра, әзілге де басатын еді. Дос қой қанша дегенмен. Оған да сүбелі дүниенің қолына тигені осы ғана. Ұсақ-түйек, қан-сөлсіз драмасымақты Бас режиссер өзі қоймайды әрине, бұған және өзге режиссерлерге аудара салатын. Бас режиссер ит қорыған шөптей, сабан, қиқым-сиқымға онша-мұнша жуи қоймайды. Тәуірін, сорпаға шығары кездесе қалса, бас салып өзі режиссерлік етеді. Өзіне ұнаған актер-актрисаларын да жарылқап тастайды. Әділетсіздік қай-қайда да...

* * *

Таң атысымен жуынып, бұрымын өріп, желкесіне түйіп алған Шынаргүл ағасын оятуға бата алмаған. Сықырлатпай есікті ашты, заттарын сенекке шығарып қойды. Одеялды басына бүркеп ап, қатты ұйқы ұйығына түскен ағатайын оятуға бата алмай, қоштаспай кете баруға және қимай тұрды. Кенет Мінуар басын жастықтан жұлып ала: «А-а, сен кімсің?» дегені.

– Мен, мен – Құмырсқамын! Қоштасайын деп...

– Қ-қай-дағы құрт-құмырсқа? – Қыз өзін әу баста-ақ «Құмырсқамын» деп таныспағанына өкінді әрі күлді. «Мен ғой, аға, Шынаргүлмін, жолға шығуым керек».

– Ә-ә, сен бе? Құмырсқаң не? Ал онда мен тұрайын, сен сыртта күте тұрғын, киініп алайын. – Ол жартылай жалаңаш денесін қызға көрсетуге ұялған. Көп кешікпеді, шала-пала жуынып, сегізден жылтыңдай асып бара жатқан сағат тіліне кіжініп, сыртқа шыққан. Машинасының кілтін бұрап, ходқа келтірді де: «Ал, Шынаргүл, отырғын», – деп көшеге шыға, төмен зырлай жөнелді. «Жолай бір жерден шай-пай ішіп, оразамызды ашайық, жарай ма?»

Қыз басын изеді, арт жақта отырған, ағатайының қыр желкесіне, сусылдай төгілген қоңыр талжібек шашына сүйсіне қараған. Ғұмырында еркекке еркек деп қарағаны осы шығар. Өз қылығынан ұялды, қызарды. Екі көзін алға қадап, рульге сіресе жармасқан ағатайы мұнысын байқамады. Алайда екеуінің ойын жалғастыратын тін пайда болды: «Көрермін бе енді қайтып, кетіп бара жатсың-ау, сүйікті қарындасым...» «Иә, ағатай, кетпеске амалым жоқ, ұшарымды жел, қонарымды сай білетін бір бейбақпын». «Менің де сені алып қалатын құдыретім жоқ, қайтейін, бұрын неге көрмегенмін сені?...»

– Мынау «Аққу» кафесі, осында кейде әртістер рөл ойнап шыққасын, рәсімін қып жуатын, егер татымды бірдеңе ойнай қалса. Түсейік. – Екеуі оңашадан оңаша шеткері столда отырып, тамақтанып алды. Ағасының көз алдының көгістенгеніне, жағы қусырыла жүдең тартқанына Құмырсқа таң қалды. «Әртіс болу, сірә, қиын шығар, әлгі Үкітай әртіс болуға неге құштар?» деп ойланып қойды. «Саяхат» автотұрағына Құмырсқаны шығарып сап, жол белетін әперіп, кенет қызды аш белінен құшақтай, бетін кеудесіне баса, шашынан сүйді. Қыз бойынан ыстық бұлақтай бір сезімнің жүгіріп өткенін, дір ете қалған қос анарынан сезгір жігіт байқамады емес... Өзі де өң мен түстің ортасында қалғандай. Мектеп баласы емес пе, бетіне жел тимесе, кім тимес деп өскен. Нұрбай дейтін бір ұл ғана бұған өзгеше қарайтын. Ән салатын, даусы қоңыр сазды, мұңды келетін, қай әнін де бұған – Құмырсқа қызға арнап айтатындай көрінетін. Бұл да әжептеуір толқитын, екеуін «Қозы Көрпеш – Баян» деп балалар «қосып» қойған.

Болған-біткені сол ғана, ал құшақтап, құшырлана қысып, бетін кеудесіне баса құмарланған дардай еркектің алапат сезімін тұңғыш рет сезінген қыз өз-өзіне орын таппай: «Ағай, кетейінші, автобус жүріп кетеді ғой», – дей құшағынан сытылды. Мінуар:

– Енді сені қашан көрем? Қарындасым-ау! Қарлығашым-ау... – Көзін көлегейлеген қос тамшыны сілкіп тастап, теріс қарап: – «Әй, қайдам, енді көріспеспіз. Маған не болған? Баланың көңлін бұзып. Тәк-тәк!»

* * *

Елшібек ауылының тентек балалары тайға мініп жарыс ойнайды. Бірде өрге ентелеген асау тайдың тұяғы құмырсқалар илеуіне тие күлпаршасын, быт-шытын шығара жаздаған. Жаздағаны – илеудің бетін ғана тай тұяғы сыдырып өткен. Шөп-шалам, сабандар шашылды. Індете салынған илеудің дүмі мықты. Жеке-жеке ін-қуыс тармақтарындағы Ана құмырсқа мен шаруа құмырсқалар, олардың ұп-ұсақ жұмыртқалары аман, әзірге. Тек ат тұяғы дүбірінен үрке шыққандар тұяқ астында тапталды. Ата Құмырсқаға да ажал таянып, солардың кебін киер ме еді, егер илеуге тақай тігілген таяқ басына тырбана шықпаса. Өзге аман қалған жәндіктер де осы амалды ілдалдап, тірі қалды. Бас Құмырсқа ұяластарының өлгендерін көріп жылап жіберді. «Ал, илеуді қайта тұрғызамыз!» – деп жұмыскерлеріне бұйрық берген. Іле жаппай жұмысқа кіріскен мың-сан құмырсқалар күн бата өз тұрақтарын бұрынғысынан биіктеу қып орнатты. Кимешегінің етегі жер сызған, маңдайшасы кестелі, жақ тұсына зермен өрнек салынған, мақпал шапанын жамыла бойшаң аққұба, көздері боталаған орта жастағы кейуана келді, келді дағы таяққа сүйене «уһ» деп тұра қалды. Жан-жағына қарады да, селкеу жүрген тірі жан жоғын баярлай, зар еңіреп қоя берген: «Құлыным! Айнұрым – айдан жаратылған, қайда кетіп қалдың. Бір түнде ізім-қайым... қоштаспастан. Жастығымның астына сақинаңды тастап кетіпсің. Бұ ненің белгісі, күнім, күнтайым-ау? Салиханы да қоса ертіп, бір үйір аққасқа жылқыларды айдап кетіп, үй-орманыңмен, – бәрін қалайша, қайтып әкеткенсің?! Кім жәрдемдескен? Жын ба, періште ме. Орныңды сипап, зар еңіреп, біз қалдық... Омарғазы көкең жер-көкті тіміскілеп, шарлаумен. Қасына сойылдарын шошайта, жер тепсінген мықты еркеккіндіктіні ерте. Сенің қай жаққа, қай бағытқа кеткеніңді барлаумен Салиха мен көрші ауылдың бойжеткенін қоса әкеткенің... не ойларың бар, қарағым. Бір сойқан-содыр айдың, күннің аманында абыройыңды төкті екен деп, жым-жылас жоғалғандарың қалай, қарақтарым. Айтсаң болмас па? Тым құрыса, бағыт-бағдарларыңды білдіре. Елшіекең ызғарынан, айбарынан қорықтыңдар, білем. Әйтсе де, емшек сүтін емізген, жөргегіңнен аялаған ақ анаңа айтып кетсең болмас па, күнтайым-ау! Көкірегім қайғықасыреттен қарс айрылды ғой, қарағым, қарғашым, Айнұрым...»

Талықсып, таяққа сүйенген бойда жүрелей отырып қалды. Құмырсқа жәндік «Бұ кісіге не болған? Неге сонша зарланады. Өзі қадап кеткен тобылғы таяғына сүйене отырып қалғаны несі? Жаны бар ма...» деумен, күзетші құмырсқаларға әмір берді: «Су әкеліңдер!» Суды жабыла іздеген сан-мың жәндіктер ақыр тапты, ол – Елшібек бұлағы болатын. Әншейінде жапырылысқан жәндік атаулы жаңбыр тамшыларынан, шөп бетіне моншақтай тізіле қалған таңғы шықтан ішетін. Қазір күн бесінге таянған мезет, шөптер құрғаған; Матриархат – Құмырсқаның бұйрығымен «солдаттары» тұмсықтарына «ұрттап» әкелген тамшыларын кейуананың бетіне, тамағына төге бастады. «Көп түкірсе – көл» дей ме, ылғал Ақкемпірдің есін жиғызды. Және бет-аузын, алқымын жыбырлатып, қаптаған құмырсқалар қытығын да келтіргендей. «Тәуба! Жәндік болса дағы адамға қайрымды екен, есімді жиғыздырды. Илеу адам аяғы мен мал тұяғы астында қалмауы үшін жан-жағын қоршаттырып тастатқызайын, құлдардың біріне айтып. Және балаларға «алысқа ойнаңдар!» деп әмір етейін...» – Ол осыны істеткізді де, бір дорба арпа мен бидайды илеу айналасына төктірді.

Омарғазыға қарындасынан гөрі келіншегінің ұшты-күйлі жоғалғаны жанына батты, «сорлыны бекер-ақ таяқтадым, дәу жұдырығыммен де соққылап аямадым. Өшімді содан алғандай. Қанша дегенмен қыздай қосылған қосағым, басқа кімім бар. Апыр-ау, Айнұрмен бірге кетті ме, әлде...» деумен, күмән күдігін аша алмай миы шатылды. Бұрынғы шарлау ма, айнала тау-тасты, ауыл-аймақты аралады. Сұрау салды: «Қатыным қолды болды» деуден арланып, бір үйір жылқының жоғалғанын тілге тиек еткен. Салиха екеуі жеке тұратын отау үйіне сыймады. Айнұр отауының орнынан шине ізі табылды, «шине» қос сілегенді аттың қос сауырына бекітіп, шана мен арба орнына жұмсалатын тасымал құралы. Көбіне-көп кедейлер пайдаланады ондайды: отын тасиды, көшкен кезде де екі сілегеннің ортасына қатар-қатар тақтай бекітіп жүк артады. Айнұр отау үйі де осындай амалмен көшірілген. Бірақ, қайда? Бір түнде қалайша абыр-дабырсыз көшкен. Кім көмектескен? Ер адам болмаса, нәзік әйел қолынан келе қоятын шаруа емес. Ит үрмей ме.

Әншейінде бөтен ауылдың мысығына жотасын күдірейтіп, ырылға басатын көп сабалақтар қай-да... Басы қатты. Ауылды бастарына көтере сүйекке, қан-жынға таласатын көп шәуілдектің неғып бұ жолы үндері өшкен. Улап тастаған десең, әне, шауып жүр ауылды айнала қорғаштап. Аттылы көрінсе, шаужайына жармасып, жаяудың шалғайына оратылып, бай ауылдың күніге сойылатын ұсақ жандығының қан-жынына әбден тойынып, түктері тікірейген иттері бөтен-бастақты сірә да жолатар ма. Енді не болған? Не қара басты оларды. Жын ба, албасты ма, пері ме ғайыптан пайда болған. Өзінің төрт көз, құйрығы шолақ Алабайына қаратып сөйлеп жүр. Ең азулы ит осы, көршілес қырғыз ағайыннан қалап алған, әрине, қарымтасыз емес.

Қырғыз демекші, о жаққа да шабуылшы жіберген. Мүлдем хабарсыз екен о жақ, жаңағы ойына қайта оралды: «Біреу қол ұшын беріп, көмектеспесе, жалғыз Айнұр (жақсы, Салиха екеуі делік): қалайынша бір түнде үйді жығып, жүктерін артып кеткен...» Ол жылқы жоғалғанын дұшпандардың қолы деп есептеген. Ортаншы – Бижігіттен туған інісі со күні жылқы күзетінде еді, одан сұрап:

– Әй, антұрған неме, неғып қара басты бір үйір жылқыдан айрылып, ә? Осы жоныңа қамшы билетіп, жон-теріңнен таспа өргізейін бе, ә! – деп, дойырлана тап-тап бергенде Тоқсейіт:

– Ағатай! Көкетай! Ұйықтап қалыппын, олар жай кетпей, қолаяғымды байлап кетіпті, мен қатты ұйықтап жатқанда... – деп безек қаққан. Өзі әдейі байлап қойған құйтырқылығын білгізбей. Жеңешесі – Салиханың аш белінен қыса, құшырлана қорыс ішінде тоят тапқанын қалайынша, қалайынша есінен шығарсын-ау!...

Ала арқан анадайда жатыр, өзі кеп шешіп алған таң азанда, бауырының қол-аяғынан. Сенбеске амалы қалмаған. Енді жылқыны іздей ме, қарындасы мен келіншегін іздей ме. Әбден басы қатқан. Бұжыр беті одан сайын жауар бұлттай түнеріп кете бермек ойы, кенет әлденесін ұмытқандай соңына қайрылғанда, құйрығын бұлғаңдата ере берген көкқасқа қаншықты теуіп кеп қалған. Ол байқұстың шаңқылдаған даусы таудың тасына барып шағылғандай.

* * *

Беріктаста бекітіліп Айнұрлар үш күн жатты. Барар бағыттарын білмегендігі. Әлде өкініш пе, істеген істерінен үшеуі де жылай берген. Діні қатты, еркек тұрпатты Ұмсындық қана екеуін жұбатып: «Болар іс болды. Енді қайтып барсақ, үшеумізді де қара есекке теріс мінгізіп, ел алдында масқара етеді. Әсіресе, сені, Салиха!» – деген. «Неге? Не үшін?» дей қоймады келіншек, есіл-дерті өткендегі оқиғаның әсері буынын буып, таңдайынан тәтті дәмін әлі кетірер емес. «Айым, жеңеше-ай!...» – дегені әсіресе! Омарғазының соққысы мен қаһарынан қорықса дағы, сүйікті қайнысымен бірер сәттік ләззатқа бөленген ол бұлаң қаға, тана көздері жайнай, сұрлау, сүйектен қашағандай мінсіз жүзіне қан жүгірте:

– Е, батыл болсаң, баста неге болмағансың, қыз-ау! Байыңа бара бермей, мейлі бір көзі соқыр, сойқан болса дағы, қалың малы төленген қайын жұртың емес пе еді? – деп шымшып алған бойжеткенді.

– Әрине, бара берер едім, егер сендер мені айнытпасаңдар, – деп құрбысы Айнұрға қарап көзін қысты. – Бірге кетейік дедіңдер, кеттім, қайта басым бос, жолым ашық, күңсіген еркектің тепкісін көріп, көзім ашылмай, өкініштен у ішіп, ғұмырымды қор еткенше... Ол саңқылдай күліп алды, күлкісінде әлденеге мәз болғандық, «еркінмін! еркінмін» дегендей, көк бұлтпен таласқан тау қиялары үн қатқандай, айнала жаңғырықты.

– Не болған сендерге! Ақырын! Із салушылар естіп қойса, сорладық қой! – деді Айнұр шытыңқы қабағын жазып. – Жеңеше, жейтін ас-су даярла, нәр татпадық, қоржындағы құрт-май, піскен қазы мен жамбасты шығар, – деп жеңгесіне бұйрық берді.

Салиха күлмең қаға шаруаға кірісті. Түнде өзі мініп келген құлынды биені сауып, саумалын ашытып қойған. Оған керекті заттар, соның ішінде тобылғыға ыстаған күбі мен піспегін, ожау, шыны, шәйнек, бірер салым аққұйрық шай, бауырсақ-шелпекті де ала шыққан, өзінің киімкешек, керек-жабдығымен қоса. Жеңгесінің ұқыптылығына, өзіне деген риясыз пейіліне Айнұр қыз дән риза. Құрбысына:

– Сен, Ұмсындық, жеңешеме тиісе бермегін. Онсыз күніміз қараң, білдің бе? Қазір астан соң екеуміз жан-жаққа барлау жасайық. Бағытымыз қалай болмақ? Енді көмектесер бізге Тоқсейіт жоқ, оның күні не боп жатыр? Көкем оны қамшының астына алған шығар, қорқып, айтып қоймаса жарар-ды. Жан-жағымызда қандай ел-жұрт? Тезірек кетпесек болмас, Омарғазы бәрі-бір тауып алады бізді, тезірек табан жалтыратпасақ, – (Бірдеңені біліп айтып тұр, Омарғазы шолғыны осы тұсқа да таяп қалған-ды)...

* * *

Бала батыр Елшібек байдың қызы қолды болғанына бір қуанды, бір қуарды. Қуанғаны – «өзіме бұйырмағанды ит жесін...» Қуарғаны – қимағаны. Бір сәттік болса дағы сұлуды аймалап, сүтке шомылғандай ақ денесіне кір-сір, ғұмыры ыстық су тимеген, анда-санда бұлақ суына шайынып, кір-қоңын жуып алғаны болмаса, – батпандай ауыр денесімен опырыла құлағанына мәз еді. Қыз байғұстың қалайынша есеңгіреп қалмағанына бір жағы таң. Жеңгесі сүйрелеп әкетпегенде, кім білсін, ажалы да таянып қалған болар қамығу мен торығудан, қорланудан. Айтпақшы, сол жас жеңгесі де қолды болыпты. Кім әкеткен оларды? Және бір бойжеткен, ол да... Айттырған жерінен кісі салып, шақыртып алмаса. Бірақ, шала кемірілген сүйектей тәтті кемік кімге керек енді. Әттең, құл деген аты, әйтпесе, байға қалыңмалын төлеп, өзі-ақ алып алар ма ед! Малы жетеді, бірде барымталап, бірде мал иесінің – о да шіріген бай, қылқұйрығының есебін де білмейді, жаңа құлындаған биелерін тау жықпылына жасырып, ит-құстан сақтап дегендей, біраз қылшықтыны жинап алғаны рас. Ол бұлаң қаққан байдың бары мен нары мұны қайдан менсіне қойсын-ау? Әрине, маңайлатпайды. Ал әгарда абыройын төккен өзі екенін білсе, Елшібек мұны, қалмақтың батырының баласын беломыртқасын үзіп өлтірері айғақ. Бет-аузын бүркеп, білгізбегені қандай абырой десеңші! Әй түбінде білер, ендеше сақ болған жөн-ау...

Осы ойымен ол Беріктасқа таяп қалғанын кеш аңғарды. Ойы – тағы олжалаған жирен түктілерінің біразын осы араға жасыру. Онда өзінен бұрын әлдебіреулер уақытша қоныс тепкенінен мүлдем хабарсыз-ды. Кенет қылтиып екі атты қияға көтеріле берді. Атқа отырыстары мығым, атан жілік жігіттер дейтіндей емес: сыпайы, салт міністі әйел заты, екеуі де үкісі желбіреген сәукелелі. Бет-жүзін көруге алысырақ. «Бұ кімдер болды екен...»

Кенет сойылдарын шошайтқан жеті-сегіз аттылы өрге қарай ентелей шауып келеді екен. Сірә, қуғыншылар. «Ә, мына екі жаулықтыны қуып келе жатқандар, онда бұлар Айнұрды және жеңгесін ұстауға келе жатыр. Естіген, Омарғазы – қыз ағасы шабуылдап, айналаны тіміскілеумен жүр дегенді. «Мен бұларға көрсетейін! Ол екі бейқам, бейкүнә әйелді текке қор етпейін ондай қандыауыздарға!» Со бойда құлын жарғақ тебетейінің астынан тер сіңсін деп байлап жүрген орамалымен бет-аузын таңсын, кішірек сығырайған көзі ғана көрінетіндей қып. Жеңіл жорғамен бейқам келе жатқан Омарғазы бастаған қуғыншыларға қарсы шауып, ал сілтесін шоқпарын! Шетінен домалатсын. Тұтқиылдан тап болған еңгезердей, бетін таңып алған дүлейге Омарғазы қосыны сойылдарын сілтеп те үлгере алмастан, аттарынан домаласын, құдды сабағынан үзілген күзгі алмалардай: «Ой, әкең! Кімсің? Ойбай, құрыдым, шонданайым...» десе, бірі: «Жын ба? Сайтан ба? Қайдан тап болған пәле, қап, үзеңгіден аяғымды ажырата алмай мертікпесем жарар ат сүйреп...» деп бебеулеуде. Есін жия бастағандары атқа қайта қонбақшы болғанда Бала батыр оларды ат сауырына ала дойыр қамшысымен төпелетсін кеп! Омарғазы соңында келе жатқан, мына сойқанды көрісімен, алға ұмтылды. Ұмтыла келе сойылын оған сілтеп кеп қалды. Самырсын сойылдың үшкір ұшы жауды кеудесінен соқты. Анау теңселіп барып, сар жорғасының жамбасына қарай аударыла берген. Бірақ құламады. Жадағай тері жеңсіздің ішінен өнебойы киіп жүретін түйе жүн долман-жейде ұшы үшкір сойылды дарытпады. «Әйтеуір жан қалды, о, жасаған, осылай сақта!» – дей, Бала батыр атының басын бұра еңіске ойысты. Со бойда көзден ғайып, жөнеді...

– Қап-ай! Ананы ұстап алып, дүрелеу керек еді! – деп жанұшыра айқайлады Омарғазы. «Қой, кері қайтайық, жолымыз болмады. Ана айырда тағы біреулер шошаяды, әлде серіктестері болмасын. Қол жинап, тағы бірде келейік...» – дегесін қосын кері оралды. Жаралыларын ат сауырына өңгеріп, саулары сау қалғанына шүкір айтып ауылға жеткенше асыққан.

Тау айрығында қылтиып тұрғандардың бірі – Айнұр, бірі – Ұмсындық. Айналаны шолуға шыққанда төмендегі қып-қызыл айқасқа тап бола жаздаған. Күрт бұрыла, тау жүлгесін қиялай, тасалау жерден бәрін бақылады: анау шағын қолдың Омарғазы ағасының тобыры екенін, оларға бүйірден бүйідей тиіп, шетінен жайратқанды танымай: «Бұ кім екен? Кім де болса бізге жанашыр, ендеше, таю керек!» – деп құйындай шапқылап:

– Ал жеңеше, жиналайық, қуғыншылар келіп қапты, бір еңгезердей шоқпарлы біреу олардың жолын бөгеп, шетінен қағып түсірмегенде... Бол! – деді жанұшыра.

– Астапыралла! Ойбай, кетейік бұ жерден, – деп безек қаға Салиха шешілмеген теңдерді көтере, ыдыс-аяқты аяққапқа сала-мала, шинесі  ағыталмай, мал тұяғы тимеген тағы шүйгінге шүйіле жайылған аттарды жетелеп әкеле, жүктерді – шандылған уықтар мен жабығы, керегесі, шаңырағы дегендей алты қанат қазақ үйдің мүліктерін Ұмсындық екеуі шинеге таңа бастаған. Артылғанын сары інгенге таңды. Айнұр болса, шапқылай, жайылып жүрген жиреннің үйірін ұйыстыра айрық жотаның арғы бетіне шығара берген. «Не де болса, осы бағыттан айрылмау, қайда бастайды? Оңға, солға, батысқа, шығысқа, Аллам жөн сілтер. Түнде Жеті қарақшы – шөміш жұлдыздың сабы осылай бағыт берген, тәуекел! Жазығымыз жоқ, бізді жәбірледі, қыз басымызды қорлады, енді қайтпекпіз? Қыз намысы осындайда ширықпаса, қозбаса...» Көздерінен жасы парлай Айнұр сырт жағына көз салды, аналар да қозғалып, мұның соңынан ерген екен. «Әйтеуір тез жиналыпты, әй, Ұмсындық, еркек пішіндес бет-жүзіңе күш-қайратың сапа-сай; жаман қар болып бекер-ақ туған екенсің, ә?! – деп құрбысына сүйсінді де. Ал Салиха жеңгесі өзінен екі жас үлкен, он тоғыздың оңтайында, аралары бірер жас қана, өзі десе, өзегін жұлып берерлік шын жанашыры ғой. Әйтпесе, қыздай қосылған қосағын қиып, мұның «жүр» дегеніне ерер ме еді? Бірер таяқ жер, таяқ жер де тар төсекте табысар...

* * *

Шынаргүл – Құмырсқа қыз автобусқа енді-енді отырайын деп, тепкішегіне табан ілдірген кезде!

– Қарындасым, қайда баратын едің? Есікке ме, ендеше, даяр «Газигім» тұр, неғыласың көппен сығылысып, мен де Есікке барамын, со жерде тұрамын, – деп бір жігіт ағасы жабыса кеткені. Бұл состиып, танымайтын жерлесіне көзін аудара қарады. «Жоқ, ағай, белетім қолымда, жүре берейін» деді дағы, ел еніп бара жатқан есікке ұмтылды.

– Тоқта! Кімге айтып тұрмын, әкел белетіңді, – деді де қыз қолынан кері тартып, былай алып шықты. Бұл қорыққанынан оған бағжия қарады: алабажалақ жейделі, джинси шалбарлы, дудыраған шашын маңдайын бастыра қызыл орамалмен таңып тастаған, көзі сығырайған, шықшытты дардай еркек мұны дедектете әкете берді. Үні де қарлыға: «Ағай, ағай, қайда апарасыз? Мен мектеп баласымын, осында оқуға түсем деп келіп, түсе алмай қайтып барамын», – деп шырылдасын. Жұрт бұрылды, бір қызыл жағалы ысқырып қап, соңдарынан ұмтылды. Епті жігіт лезде «Газигіне» отыра, қызды артқы орындығына итере, көлігін тез оталдырды. «Қап, Мінуар ағаның тілін бекер-ақ алмадым. Ит-құсқа жем болған басым-ай. Алып қашып барады, қайда?»

– Есікте кімің бар, әке-шешең, әлде жолаушылап? – Екі қолы рульде, артына бұрыла жөн сұрады. Қыз еңкілдеп жылап отырды.

– Қорықпа. Хайуан емеспін. Атым – Мәтиеш, Еңбекшіқазаққа танымал бандитпін. Жә, жә, әзілім. Ел солай дейді, беталбаты жөнсіз ешкімге ұрынбаймын, әрине. Ал маған ұрынғанды аямаймын. Ұрлық-қарлық және жасамаймын. Қорықпа. Бұлар Талғар жолымен зымырап барады. «Бандитпін» дегесін Шынаргүлдің алдыңғы қорыққаны қорыққан ба, қалай көліктен түсіп қалудың амалын ойластыра бастаған. «Газик» Мичурин совхозының тұсына жете бере кілт төмен бұрылды. Қалың алмабақты жара бір жерге барып тоқтады. «Бітті! Құрыдым!». «Сәл аялдайық, азықтанайық, қарындасым, түс!»

Мәтиеш жүкқойнаушадан көрпеше, оны-мұны буынтық-буылтық заттарды шығара бастаған. Көкмайсаға көрпешені жайды, шағын дастархан жасап, азықтарды – шұжық, бөлке нан, бес-алты қызанақ, бір бөтелке ақ арақ шығарды. Арақты көргесін қыздың зәре-құты одан сайын қашты.

– Ішесің бе? Ә, жас баласың, татып алмайсың, сөзсіз? Басқасынан алып жей бергін. – Ол өткір бәкімен шұжықты лып-лып турап, қызанақтарды бөліп, нанды тілімдей бастаған. Қоса асай, бөтелкенің тығынын тісімен жұлып ала, аузынан лықылдата сіміріп салды.

– Ой, ағай, сіз көлік айдайсыз, болмайды ғой, – деді Шынаргүл тамақтан ептеп қана алып. Жан-жағына қарады, қасқа жолға бір шығып алса, зытса, шабаданын қоса алып түскеніне риза, біреу-міреу арашаламас дейсің бе...

– Ешқайда қашпайсың. Ал жөніңді айт, кімге бара жатырсың? Сені мен Есіктен көрген емеспін, сендей сұлу қыз көзге түспей және жүрмейді. Қай туысың, жақын-жұрағатың бар біздің жақта?

– Қали нағашыларыма бара жатырмын. Ол кісі қазір жоқ қой. Күлімхан апама, туыстарыма жолығайын деп. Мамам айтқан, қолың тисе, барып амандасып қайт деп.

– Е, Қали дейсің бе? Олар көл жақта тұрады емес пе. Марқұмның үйорманы орнында. Ал мен кішкене мызғып алайын, содан соң жүреміз, өзім апарып саламын. – Мәтиеш қыз тізесіне басын қойып, қор етті. Мұны күтпеген Құмырсқа қыз не істерін білмеген. Басын аудара сап, тайып тұрса ше. Айдала. Біреу-міреу өзі қызу, ұйқылы-ояуды өлтіріп кетсе ше. Қой, маған жамандық істемегенге мен қалайынша жамандық істейін...

* * *

Мінуар көп ойланды: «Есік жақта тұра ма? Дұрыстап адресін де сұрап алмаппын. «Не, іздеп барайын деп пе едің?» – деді ішкі дауыс.

– Тұрағын да дұрыстап айтпады қу қыз. Салып-ұрып жетіп барады деді ме мені. Бірақ бір сөзінде: «Біз Кеген жақтанбыз» деген-ді. Сірә, жерлес болып шықпайық. Ақ борықтай, «Құмырсқа бел, қиғаш қастың нақ өзі!» Қанша-мұнша сұлу қыздарды көріп жүріп, әсіресе жүрісін айтсаңшы, біздің театральный тілімізбен айтқанда – «нағыз пластично!» Айдын көлде жүзген ақ қаздай құдды! Ауылым Кегеннен ондай көріктіні көрмеп едім де, Қалимашқа үйлене салып ем ғой, ол мұғалима қыз жүкті болып қалғасын. Шіркіннің аяқты тұсауға әдістенгені сондай, бала соңынан бала ытқытып, екі-үш домалақты туып берді маған. Соларға қарайлаймын деп жүріп, уақытты оздырып, театр институтына кештеу келіп түсіп ем... – Мінуар «Жигулиін» жүйіткітіп, Сегізінші март көшесіне қалай келіп қалғанын да аңғармаған. Осының Комсомол көшесімен қиылысында «Қазақфильм» киностудиясы бар. Ескі ғимарат, кезінде (соғыс кезін айтады): Мәскеудің, Ленинградтың киностудиялары көшіп келіп, уақытша тұрақтанған-ды. Небір озық туындылары осынау қазақ жерінде жасалған. Солардың бірі – «Иван Грозный» көркем фильмі».

«Небір ғажап әртістер десеңші... әттең, мен неге солардың ойынын «тірідей» сахнадан тамашаламадым...е, ол кезде мен дегенің дүниеге келмеп едім ғой. «Қожаның көңілі құрт сүйеді, көжесінің қатығы жоқ» деп Жүніс әкесінің айта беретін мақалын қайталап, мырс ете күліп алды. Осылайша ішкі «монологімен» толғанып келе жатқанда, студия кіреберісіне де таяп қалғанын білді. Көлігін кілт тоқтатып, кілтін бұрап түсті де, вахтер шалға: «Мені Алдамжарова шақыртып еді», – деді.

– Олай болса, бара бергін, бірақ көлігіңді қарамаймын. Бірдеңесін ұрлап кетсе, мен жауап бермеймін, – деп шал қасарысты. Расы, көше бойына тастағаны несі, Алдамжарова Ақтолқын неге мені шұғыл шақыртты? «Әй, шал, бір жартылығыңа жетерлік тиын-тебеніңді берейін, ішкі қораға кіргіз көлігімді», – деп шиша «Таласқа» жетерлік алпыс тиынды қолына ұстатқан. Қызыл кілемше жайылған кең кабинеттің төрінде домалақ жүз, бетінің оймышы бар, күлім көз, жасамыс әйелге сәлем берді қолын ұсынып.

– Ә, келіңіз, отырыңыз, – деп сабырлы баяу даусымен мұны қарсы алдындағы креслоға орнықтырды. – Шақырған себеп, менің сценариім бойынша кино түсірілмекші еді, сондағы бас рөлді ойнауға театр Сізді – Мінуар – ұсынып отыр. Осыған қалай келісесіз бе? – деп Ақтолқын әңгімені тікесінен қойды.

– Шылым шегесіз бе? – Бір қорап шетелдік сигареттің ішінен өзі қыз саусағындай жіңішке біреуін от тұтатқышпен тамызықтап, қорабын күлсалғышпен Мінуардың алдына ысырды. Түтінін шиыршықтай керіле шегіп отырған, толқын шашы иығын жапқан келісті әйелге таңқала қарады жігіт.

– Сенім артқан театрыма да, Сізге де рақмет, Ақтолқын апай, бірақ мені жаңа әзірленіп жатқан спектакльдің басты рөлін ойнауға тағайындап еді. Ол постановка қазір өндірісте, сондықтан қолым тие қоя ма деген дүдамалдамын, кешіріңіз, мен шылым шекпеуші ем... – Ол сигаретті кері ысырып, орнынан тұра берді. Бір сөзге келмей, бірден нақты жауабын берген тік мінез жігітке не дерін білмей әйелдің тілі байлансын. Оның үстіне «апай» дегені қатты батты. Жігіт келісті-ақ. Сұлуша ақсұр өңді, екі иығы қақпақтай, тұла бойында бір сылым бунақ жоқ, нағыз атлеттерше шыныққан тұлғалы жігітке ол кіргеннен қызығуын өзінен де жасыра алмаған...

– Тұра тұрыңыз! Әңгімеміз аяқталған жоқ, от алуға келгендей, неге сонша тызалақтадыңыз, ә? Мен жеп қоймаймын ғой. Жазығым фильміме ойнауға шақырғаным ба? Киноға түсуге қолы жете алмай жүрген, бойы, сойы келісті, бар фактурасы келіп тұрған ер актерлерді мен көрмей, білмей жүр дейсің бе?! Ақтолқынның бірден шаптыға, әйелдік күйгелек мінезге баса, лайықсыз шабаланғанына, театр институтын жаңадан түгескен шәкіртке ақыл айтқандай ділмәрсуына Мінуардың шабына шоқ басқандай болғаны сондай, тұрған бетінен қайрылмастан, «сөз осымен тәмам» деген нойыс мінезін көрсете есікке беттеген. Жолда келе жатып: «Қап, анау алқаш шалдан әкесінің атын, яғни отчествосын сұрап алмағаным-ай. «Апай» дегенім шамына тиді білем, сондықтан бірден бет-аузы түтеп ашуға басқаны... Қап, бірден бетін неге тойтардым, сценариймен танысып, оқып көрейін деуім керек-ті әуелі. Өзі не қызметте? Кабинеті атшаптырым, алдында шұнаңдаған секретарь қыз. Е, осы студия Бас редакторы демеп пе еді. «Қайтсең де келіскін, доң мінезіңді қоя тұр» – деді ғой Баяділ, театр директоры. Ақылын алсам нет-ті. Және ол фильмі қашан қойылмақ. Әзір емес қой, әлі әзірлік жұмысында. Оған шейін «Жалғыз батыр» постановкасының бас-аяғы жинақталып, сахнаға шығып та қалар...»

* * *

«Ағай, тұрыңыз, күн ауды, мен Күлімхан апамның үйіне жетіп алуым керек» деп құлағында зарлаған қыз даусынан Мәтиеш оянып, бұған таңдана қараған: «Түу, тізең неткен жұмсақ, жата тұрайыншы, айттым ғой, көл жаққа өзім жеткізіп саламын, апайды жақсы білем, мен тау жаққа соққан сайын бұрылып, қымыз ішем ол үйден. Асықпа...» – Мәтиеш қыз тізесіне шоқпардай дударбасын қайта сүйеді. Құмырсқа қыз не дерін біле алмай, сықсыңдап жылай бастаған.

– Дүниеде әйелдің жылағанынан, мысықтың мияулағанынан жек көрерім жоқ, ал кеттік, ендеше!

– Ой, рақмет, ағай. Бірақ сіз ұрттап... дегендей, жолда милиция ұстамай ма?

– Милиция? Мені көрген жерден-ақ олардың тізелері қалтырай бастайды, ұстамақ түгілі... Артына қарасын. Ал, кеттік!

Расы, Талғарға ене бастағаннан бір қызыл жағалы қойқаң-қойқаң қаға ызғытып келе жатқан көлікті тоқтатам деп ысқырып қалып еді, Мәтиеш оған жұдырығын көрсетті. Анау сасқалақтай, таяқшасын алға сілтей «жүре бергін» деген белгі берді. «Қой, қала ішінде біреу-міреуді қағып кетіп мертіктірермін...» деп Мәтиеш жылдамдық тетігін баяулатты. Есік қаласына ене бергенде, тағы бір қызыл жағалы мұны көрісімен ыржалаң қаға бас изеп жүре берген. Құмырсқа қыз шынымен таң, бөгде біреу болса, штраф салып, талонын тесіп әлекке салар еді ғой, қойқаң қаға, жолдың ана бетіне бір шығып, мына бетіне бір шығып, итсигек ойнағандай көлігін жүргізіп келе жатқан масаң жүргізушіні...

– Артта не бар, кел, қасыма отыр, – деген ағасының көңілін жықпай алдыға жайғасқан қызға қолын асыра құшақтап, иығынан тартты. Қолаңса иісі танауын жарды, сонда дағы сыр бермей тымпиып отыра берген-ді Шынар қыз. «Апама, ағаларыма аман жеткізсе болды...» – деу еді ойы. Жеткізді. Есік қаласының қақ ортасындағы көшеден кілт өрге бұрылған бұлар біраздан соң екі-үш үй ғана отырған, сарылдаған Есік өзенінің бойына жайғасқан жатағандау, шифер шатырлы жайға жақындай:

– Күлімхан апа, қызыңды әкелдім, шүйіншіңді бергін, – деп айқайды гудогімен қоса басты. Үйінен жүгіріп шыққан, етегі шұбалған кәртаңдау әйел маңдайына күн сала қарап, жыға танымай:

– Өйбү, Мәтиешпісің? Қызың кім? – дей бергенде Шынаргүл «Апа!» деп құшақтай алды. Сырықтай, шашы тірсегін соққан, аққұба уыздай қызды жырағытпай, даусынан барып танығасын: – Апырмай, Шынаргүлмісің? Қайдан жүрсің, қарағым? Нұрғаным аман ба? Әпкелерің... – деп хал-жай сұрай, айналасы айғыздалған қартаңдау жүзінен көз жасын тарам-тарам ағыза дауыс салғаны. Қыз абдырап, жігіт таңырқап: «Әлде біреуі қайтыс болып па еді бұлардың» дегенде, Күлімханның шалы, Шынаргүлдің нағашысы – Қалидың осыдан екі жыл бұрын көз жұмғанын есіне алғаны екен.

Шынаргүл де боздай: «Аманбыз, апа, мен оқуға келіп ем, түсе алмағасын, және мамам сіздерге барып сәлем бергін дегесін, мына Мәтиеш ағаға еріп келгенім ғой, ертең жол жүрем Кегенге, мамам не болды деп алаңдап отырған шығар». – Келген себебін де түсіндіре: «Апа, Мәтиеш ағаға қымыз ішкізіңізші, жолдан шөлдеп келеді, мен де...» – деп бұл үйге бөтен еместігін аңғарта, зат-матын ішке енгізе берген. Қымызға қанған Мәтиеш:

– Сен қыз ертең кетем дегенді айтпа, мен сені бір жерге жұмысқа тұрғызайын, келесі оқуға барғанша тиын-тебен тауып аларсың, – деді кенет. Күлімхан жымың ете:

– Е, сөйтші, әкем, бұ қыз Кегенге барып не табады, мұнда қарап отырмас, тігіншілікке тұрса дағы, – деген.

– Апа-ау, менің қолымнан тігіншілік келе ме? Одан да аудандық газетке орналассам, ақыр журналистка болуды армандағасын, мақала жазып, шыныға бергенім жақсы емес пе. Менің түсе алмаған себебім – менде басылымдарға шыққан даяр дүниелердің болмағандығы. Әуелі соны қарайды екен комиссия. – Ойым дөп шықты ма дегендей Шынаргүл Мәтиешке жаутаң-жаутаң қараған.

– Дәп солай ойың болса, мен газет редакторымен сөйлесіп көрейін, танысым ғой, – деді мұны үміттендіріп. Дереу аттанды да. Нағашылары орналасқан жер – тау қолаты. Айнала тұнған қарағайшырша, самырсын. Етегі жабайы алма, өрік, жаңғақ талдары. Сарқыраған Есік өзені көбік шаша, тып-тынық тау ауасын жаңғырықтыра, тіпті небір сайраған сақ-сақ, сандуғаш, шымшық торғай әуездерін құмықтыра жаздағандай. Бір жота асса, ернеуі шүпілдеген «Жасыл көл». Ал Есік көлі 1963-жылы тасып, бекітілген дамбасын бұзып, етегіндегі елді су алып кете жаздаған. Сұмдық тасқын еді, қаншама үйлер қирады, ақ жал су қара топан-лайға айналды. Қарағай-ағаш біткен тамырымен қопарыла, теңкие-теңкие ағып жатты. Адам шығыны да аз емес болған...

«Оның бетін әрі қылсын!» деп, Құмырсқа қыз жабайы алма төгілген етекте біраз отырды. «Не де болса, бағым бар екен», – деп мейманасы таси, «корректорлық жұмыс болса да мейлі ғой!» дегендей, беймәлім қуаныш тұла бойын кернеген. Есіне Мінуар ағасы түсті. Оның: «Енді сені көре алармын ба, көре алмаспын ба? Есік деген жерден мен сені қайтып табайын?» – деп шығарып салып тұрған сәтінде қынжылғаны мұның да жүрегін шым дегізген.

«Неге жөнін айтпаған ағасына: осылай да осылай», – деп, ә.

* * *

Уәдесінде тұрып, Мәтиеш төрт күннен соң «Газигін» есік алдына көлденеңдеткен-ді. Қыз қуана қасына жетіп барып:

– Өй, ағатай, жақсы жаңалығыңыз бар ма? – деді.

– Бар! Ал киін, редакторы сенімен сөйлеспекші... Құжаттарың өзіңде ме еді, әлде, тастай қаштың ба өткізген жеріңнен...

– Е, жоға, алып келдім, бір жұмысқа тұрармын деп.

– Ендеше, жүр! Апа, қымызыңыздан құйып беріңізші, үйдегі келініңіз сіздің қымызыңыз турасында айтып ем, сілекейі шұбырды. Жерікау, сірә. – Мәтиеш осыны айтуын айтқанмен, өрттей қызарған. Бұл алып отырғаны – үшінші әйелі. Алдыңғыларын сынықтан сылтау тауып шығарып жіберген, осындай да «өнері» бар Мәтекеңнің...

Редактор Мұстақым тапал, мойны қыржық кісі. Күлгенде тістері ақсия қызыл жиегіне шейін аршылады екен.

– Ә, келіңіз, қарындас. Мәке, осындай сұлуларға қармақты тәуір-ақ салады екенсіз...

– Қой, баланы ұялтпа. Мектеп шәкіртіне көз салып өле алмай жүргенім жоқ. Ал, жұмысқа алатын ойың болса, сөйлес. Бос орын бар ма?

– Корректор келіншек декрет демалысына кеткен-ді. Соның орнына, уақытша. – Мұстақым осыны айтып, Құмырсқаға қарап еді, оның салы суға кеткендей, жадыраңқы өңіне мұң қонақтай қалған-ды.

– Қалай, келісесіз бе? – Қыз жәутеңдей ағасына қарады: «Келісе бер, келесісін кейін көрерміз», – дегендей Мәтиеш көзін қысты.

– Олай болса, қарындасым, бізге жұмысқа тұрдым дей бергін, мынау шұбалған ұзынша қағаздар гранка деген. Ертеңгі шығатын номердің материалдары. Ал ендеше, ана бұрышқа отырыңыз да, қатесін түзеп, оқи беріңіз, – деді редактор.

– Әй, әуелі бұйрық шықпаушы ма еді, ә? – «Әрине, әрине» деп, қалбалақтай редактор секретаршасын шақырды.

– Мына кісіге үш айға «бізге корректорлық қызметке тұрды» деп, бұйрық шығарғын, мен соңыра қол қоярмын...

– Соңыраң қалай, дәп қазір қол қойғын, – деп Мәтиеш ақырды.