Мен Адинамен қаладағы жекелік емханада таныстым. Алғаш барғанда сырқатым салмақтылау еді. Асханада қатарласа тізіліп тамақтанып отырған ер-әйелі аралас науқастардың ешбіріне мән бергемін жоқ. Алдымдағы тамағымды жартылай жеп, төр жаққа бір көз салғанымда, маған аяй қарап отырған мөп-мөлдір қоңыр жанар ғана есімде қалыпты.
Бір аптаға жуық созылған емнен кейін есімді тез жинадым. Аяғымнан тұрған соң емхананың спорт залынан шықпайтын болдым, қашан да қолым босай қалса қара терге түсіп, жаттығу жасаймын. Бокс қолғабын киіп, ауыр аспа дорбаны соққылаймын. Зілдей темірлерді көтеріп, шағын алаңды айнала жүгіремін. Солығымды басқан соң, салқын бассейнге бір сүңгіп шығып, жеңіл киініп алып палатама көтерілемін.
Алғашқы апта осылай өте шықты.
Өзге емханалар сияқты емес, мұнда тәртіп басқа. Укол-дәрі беріліп, ем аяқтаған соң түрлі психологиялық-терапиялық сабақтар өтеді. Әр науқастың жағдайына қарай, түрлі міндеттер беріледі. Күніне жарты сағат екі қабаттық емхананың тазалық жұмыстарына да қатысуың керек. Аптасына екі рет қарағың келмесе де адамды мезі қылатын психологиялық фильмдер көрсетеді. Аяқталғанша соңына дейін отыруың міндет. Сондай өзгешеліктеріне қарамай мұнда қалталы адамдар көп емделеді екен.
Мен болсам, басқамен жұмысым жоқ, дәрігерден өзгелердің кісімсіп бұйырғанын, қоқиланғанын елеген де емеспін. Кесек, тәкаппар жүрісіме қарап сыртымнан тісін қайрағанымен, ешкім де тура келіп айтқанын орындата алмайды. Әсіресе, қазағы болсын, басқасы болсын, өзге тілде сөйлегендерді көрсем кірпідей жиырыламын.
Сөйтіп жүргенде, емхана асханасында маған аяй қараған мөп-мөлдір жанардың, аяулы жанның есімі Адина екенін білдім. Шешесі украин. Ерте қайтыс болған әкесінің кім екенін өзі білмейді немесе айтқысы келмейді. Сол үшін оны барлығы «Украинка» атап кеткен.
Онымен алғаш тілдесуім бір жайсыз сәтке тура келді.
Емделушілердің ішінде ұлты қазақ болса да арғы тарихы жұмбақ, күйектей сақалы бар, тақырбас біреу болды. Ірі денелі, бір өзі үш адамның тамағын жейді. Әсіресе, түскі ас кезінде асханада кім көрінгеннің дәмді асына ортақтасып жүретін. Кішілік мінез көрсетіп, сұрап алу, әдеп-иба сақтау деген атымен жоқ, баса-көктеп келеді де, асап жеп кете береді. Алғаш кездескеннен-ақ екеуіміздің жұлдымыз мүлде қарсы екенін байқадым. Ол да сезді.
Түскі астан кейін көбісі ұйқыға кететін. Мен күндегі әдетімше спорт залда қаратерге түсіп, жаттығу жасап жүріп, абайсызда әлгі сақалдының «құйрығын басып» алдым. Ауыр аспа дорбаны шыр айнала, оңды-солды соққылап жүргенмін. Арт жағымнан өтіп бара жатқан оған шынтағым тиіп кетіп, әжептәуір сөзге келіп қалдық.
Сол ашумен жоғары көтеріліп келе жатқанымда қарсы алдымнан Адина кездесіп қалды. Қолында әлденелер жазылған бір парақ қағаз.
– Сізді іздеп таппай жүр едім, – деді орысшалап.
– Маған ештеңенің керегі жоқ! – деп қолымды бір сілтеп өте бердім.
Палатама келіп, жуынып алып, сәл демалдым да астыңғы қабатқа түссем, қаз-қатар кітаптар тізілген сөренің қасындағы орындықта Адина отыр екен. Қолында англиялық әйел жазушы Шарлотта Бронтенің «Джен Эйр» романы. Маған ренішті жүзбен жаратпай бір қарады да кітабын оқи берді.
Күнделікті тәртіп бойынша емнен кейін психологиялық-емдік сабақтар басталды. Одан кейін түрлі мәдени отырыстарға жалғасады. Бұрынғы әдетім бойынша, көңілім қаласа барамын, қаламаса өз алдыма жүремін. Көбінесе палатада жатып алып, Мұхтар Мағауинның, Редьярд Киплингтің кітаптарын парақтаймын. Емханадағы тәртіпке жауаптылар түрлі амал қолданса да мені дегеніне көндіре алмай-ақ қойды. Кеудемді өр, басымды шалқақ ұстап тәкаппар қалпымда жүре бердім.
Бір күні кешқұрым өзіммен өзім, жападан-жалғыз ауыр ой үстінде отыр едім, жас жігіт келіп, емхана әкімшілігі шақыратынын айтты. «Тағыне айтар екен» деген оймен астыға түссем, оңаша бөлмеде емхананың тәртіптік жауаптысы мен Адина екеуі отыр екен. Адымдай басып, алшаңдаған жүрісімнен ыққан адина жанары жәудірей ығысып, қасынан орын берді.
– Отырыңыз, – деді әкімшілік басшысы, – бұл Адина деген украин қыз. Жасы он тоғызда. Бізде емделгелі ұзақ болды. Бұл қыздың қазақ тілін үйренгісі келеді. Ыңғайлы адамның реті келмей жүр еді, сіз келіп сәті түскендей. Енді екеуіңізді әр сабақта қатар отырғызамыз. Сіз оған қазақ тілін үйретіңіз, өзі де құр жаяу емес. Ол сізге орыс тілін үйретеді. Бір-біріңізді толықтап, көмектесіп жүріңіздер. Мұнда ер адамдар көп, еріккен жігіттер оған соқтығып жатса, қорған бола жүріңіз. Ол да сіз сияқты кітапқұмар. Тіл табысып кетеді деп үміттенемін...
Адина маған ұнатпай, қырын көзбен қарады. Мойылдай көздерінде маған деген өкпенің ізі анық көрінеді. Оның мен жайында «алкеуде, өзіне ұнамаған пенде баласын көзіне де ілмейтін, өзіне ғана сенетін тәкаппар біреу» деп қарайтынын анық білемін.
Орындығымыз жақын болғанымен, алғашқы сабақтарда бір-бірімізден алыс отырып, суық сөйлесіп жүрдік. Спорт залдан қаратер болып келген сайын оның кітап сөресі маңында жалғыз отырғанын көремін. Өзім гүл өсіруге құмар едім. Бүкіл екі қабатқа, кітапхана мен терезелер алдына егілген елу шақты гүлдердің біраздан бері қараусыз қалғанын көріп, шағын темір шелекке су толтырып алып, жағалай суарып жүргемін. Үстіңгі қабаттағы баспалдақ шетіндегі жұмсақ орындықта кітап оқып отырған Адина қасыма келді. Менен мұндай нәзіктік күтпесе керек.
– О-о-о. Сіз де гүл өсіруді жақсы көресіз бе? Қандай керемет! Гүлдерді жаны сүйетін ер адамды тұңғыш көруім, – деді жүзі бал-бұл жанып.
– Иә, гүлдерді жақсы көремін. Сен де әдемі бір шоқ гүлсің, – дедім әзілдеген болып. Әзілім онша керемет болмағанын өзім де сезіп тұрмын. Бірақ, оған жаққан сияқты.
Сол кезде байқадым, жылы сөз естісе жүзі өзгеше нұрланып, құлпырып кетеді екен. Қаз-қатар тізілген гүлдердің атын сұрай бастады. Голландтық үлгімен будандастырылған жыланқияқ гүлінің түсін ұнатпады. Таудың шұбар жыланына ұқсап қалатын осынау тұқым маған да ұнамайтын.
Қарғалдақ пен еменгүлдің түбін босатып, су құйдым. Оған қатар тұрған, атын өзім де білмейтін, бойшаң, әдемі жапырақты гүлді кішкентай алақандарымен сипалай ұстап:
– Мына гүл маған сондай ұнады. Аты қалай?
– Мен де нақты атауын білмеймін. Бұл гүлдің аты қазірден бастап Адина болсын. Саған арнадым. Күнде баптап, бірге суарып тұрайық, – деп едім, жас балаша қуанып, оң иығымнан құшақтай алды да, іле-шала ұялып қалды.
Сол сәттен бастап екеуіміз татуласып кеттік. Тамаққа, сейілге бірге шығып жүрдік. Дегенмен, менің ұйыған отбасым, балаларым бар. Ол басы болғанымен менен жиырма жас кіші. Бойыма жастайымнан сіңген тәрбиеден, адамдық һәм неке тұрғысынан алғанда, маған шекара аттауға болмайды.
Бір қалыппен сырғыған күндер өтіп жатты. Бұрын да аздап сөйлейтін ол менен гөрі ол қазақ тілін тез үйрене бастады. Әрнені сұраудан бір жалықпайды. Бос уақытының бәрін кітап оқып, сурет салумен, қоңыр тысты қалың дәптеріне әлденелерді жазумен өткізеді.
Түстен кейінгі демалыс уақытында астыңғы қабатқа түссем, шағын кітап сөресінің жанындағы үстел басында отыр екен. Алды қобыраған қалың қағаз. Қасына барып отырдым. Қалың қағаздар арасында Мария Барыкованың «Тайна семейного архива» (Отбасының құпия архиві) деген кітабынан үзінділер жазып отыр. Дүниежүзілік екінші соғыс, Гитлердің қуатты армиясы, аласапыран дүние, қан мен өрттің ортасында көктеп шыққан ұлы махаббат жайлы біраз әңгімелер айтып берді.
Күнделік дәптеріне қарасам, жазулары тізілген жаһұт маржандай көркем екен. Әр бір әрпі мені өзіне тартып барады. Қобыраған шаштарын жинап, маған мейірлене қарап қояды. Мұнда емделушілер көп болғанымен, кітапханаға келетіндер сирек.
– Сіз де мен сияқты кітапты көп оқиды екенсіз, – деді Адина, қалам ұстаған оң қолымен жағын таянып. – Кітапты көп оқитындардан жаман адам шықпайды. Осы кейбір адамдар мүлде оқымай, кітап бетін ашпай, қалай өмір сүретініне таң қаламын.
– Иә. Маған кітапқұмарлық бастауыш мектепте оқып жүргеннен бастап жабысқан. Шешем анда-мұнда жұмсай берген соң, төсек астына тығылып оқитынмын. Ол жер білініп қалған соң үйдің төбесіне шығып алып, жинаулы тұрған киіздердің арасына оранып алып оқитынды таптым. Ол жер жылы, қауіпсіз әрі оған шешем шыға алмайды.
Адина сықылықтап күліп жіберді.
– Кішкентай кезіңізден ақылды болыпсыз ғой. «Шатырға шешем шыға алмайды» дейсіз бе?
Балаша мәз болып тағы күлді. Көптен бері оның жадырап күлгенін бірінші рет көруім. Жаңбырдан соң жайқалған алқаптағы гүлдей, қап-қараңғы түнде қыр басынан жарқ етіп шыға келген айдай ғажап сұлулыққа бөленген. Осынау қайталанбас ғаламат сәттің сәулесіне шомылып отыра бергің келеді.
– Сіз кітапты, гүлдерді, спортты сондай сүйесіз. Бірақ, жаныңыз жалғыздыққа үйір екенін байқап жүрмін. Мен де бала күнімнен бері оңашалықты, өз-өзіммен жалғыз жүруды ұнатамын. Шіркін, сізбен бір уақытта туып, бірге өскенімде ғой. Өр мінезіңізге қарап, бала күніңізде қандай сотқар болғаныңызды елестетіп отырмын...
Алдындағы дәптерлерінің бірі өзі салған, толған суреттер екен. Қарындашпен табиғатты, даланы, ағаштар мен құстарды, шығып келе жатқан күн мен батып бара жатқан айды дәл бейнелеген. Алып дарияны жағалай өскен орман, орман арасындағы қыстақ, қыстақ шетіндегі оңаша үйлер, жол жиегіндегі ескі құдық бейнеленген суретті Украинаға барғанда салыпты. «Ата-бабамыз мекендеген, балық аулап, егін егіп, шөп шауып тірлік еткен Днепр бойы» деп таныстырды. Адинаның салған қарапайым ғана суреттерін украин даласына аңсарым ауып кетті.
– Сен жақсылап емделіп, сауығып ал. Сосын мені Украинаға, ата-бабаңның ауылына, Днепр бойына ертіп бар. Штандартн фельдмаршал Вальтер Модельдің аса жойқын танкілі армиясына күш бермеген намысты да қарапайым халықты көргім келеді. Біздің Қасым Қайсенов деген атақты батырымыз құпия тапсырма алып, немістер басып қалған украин өлкесіне диверсант болып барғанда, ірі әскери тапсырмаларды сәтті орындаған. Сенің қандастарыңмен бірге қаншама рет партизандық ұрыстар жүргізген.
– Иә, білемін! – Адина сөзімді бөліп жіберді. Менің мыңдаған қандастарымның аман қалуына сеп болған Қайсеновті қай украин құрметтемейді дейсіз? Батыр атаның орыс тіліндегі «Илько Витряк», «На Днепре» кітаптарын оқығамын. Ғажап батыр адам... Сауығып шықсам анам екеуіміз сізді ертіп барамыз. Украиндар да қазақтар сияқты, бауырмал, жомарт, ер көңілді келеді.
Адина екеуіміз тәтті әңгіменің қызығында отырып, кешкі тамақ уақыты өтіп кеткенін сезбей де қалыппыз. Қатарласып, иықтаса отырып тамақтандық та өз палатамызға кеттік.
Өткенде спорт залда менімен сөзге келіп қалатын әлгі сақалды Адинаға жиі соқтығып жүретін. Әйел затының алдында әдеп сақтау дегенді білмейді, тым дөрекі. Адинаның қасынан өтіп бара жатып, қуатты қолдарымен оның нәзік қабырғаларын мытып қалады немесе жамбасынан қағып өтіп, тым ерсі қылықтар жасайды. Қалжыңының түрі сол. Адина болса мойылдай көздері боталап, білдірмей жылап қалады. Жұрт көзінше оған қарсы келуге ыңғайсызданғаныммен, тісімді қайрап жүрдім.
Ол сақалдымен ашық күш сынасудың сәті ақыры түсті. Спортқа жаным құмар екені баршаға аян еді. Бос уақытым бола қалса жаттығу залынан шықпайтынымды білетін емхана басшылығы мені жүре аларлық халі бар барша науқастардың таңғы жаттықтырушысы етіп белгіледі. Бір сағатқа жуық жаттығуда бар өнерімді ортаға саламын. Ер адамдар үшін жекпе-жек өнерінің барлық ауыр түрлерін көрсетіп, қаланың ши борбай балаларын қаратерге түсіремін. Әйелдер тарапына жеңіл гимнастикалық қимылдар жасатып, көбіне еркін қоямын.
Сирия құмында ұзақ жүріп, әскери дайындықта әбден піскен әлгі сақалды мұндайда маған бірден-бір қарсылас еді. Бір күні ертесі таңғы жаттығуда қарадай пәле іздеп жүретін ол әдейі барып, Адинаға тағы соқтықты. Білегінен қатты қысып жіберсе керек, Адинаның ащы дауысы бәріміздің назарымызды бөлді. Ашуымды тежей алмай оны шетке, бокс алаңына шақырдым. Оның да іздегені сол еді. Секіріп шығып, арқаннан аттады да, бұрышта ілулі тұрған қолғаптардың бір жұбын маған қарай лақтырып жіберіп, өзі екіншісін кие бастады.
Шу-шұрқанға құлқы жоқ бір топ науқас жай-жайына тарады да, бір тобы бізді қоршай шуылдасып кетті. Ортада қазылық етер адам болмағандықтан «Бокстағы жекпе-жек ережесін сақтаймыз» деп өзара келісіп, айқасты бастап кеттік. Қос жанары жасқа толған нәп-нәзік Адина бір шетте бізге үдірейе қарап тұр. Қоңырқай шашы екі иығын жауып кеткен. Жеңіл кеудешесін желбегей жамыла салыпты. Алдындағы арыстандай екі еркектің айқасы – өзінің ар-намысы мен нәзіктігі үшін басталағанын сезіп-ақ тұр.
Денесінде артық еті жоқ, тұла бойын күш кернеген сақалды а дегенде-ақ соққының астына алды. Мұндай адуын да шалт қимылды күтпеген мен ес-ақылым шыға қорғануға көштім. Алаңды үш айнала ұрғыласқан екеуіміздің бір-бірімізді аяйтын түріміз жоқ. Дегенмен, нақты уақыт шегі жоқ жекпе-жегіміз тым ұзаққа созылмады. Еркінсіп кеткен қарсыласым алдыма ентелей жетіп келгенде оң қапталдан соғатын жалған бейне көрсетіп, бар назары соған ауғанда оң қолыммен сол жақ бауырды қоса құлақ түбінен, қатар екі ауыр соққы жасадым. Әлгінде ғана аш қасқырдай аласұрып, ес-ақылымды алған қарсыласым тура алдыма бүк түсіп отырды да қалды. Сол отырған жерінен арашаға түскен бірнеше жігіт оны қаумалап алып кетті.
Қолғабымды шешіп, арқаннан асып секіріп түссем, шеткері бір бұрышта ебіл-дебілі шығып Адина жылап отыр екен. Қасына келгенімді сезіп одан бетер еңіреді. Ештеңе айта алмадым. Шылқа тер болған спорт жейдемнің етегімен көз жасын сүрте бердім. Үнсіздік билеген сол сәттегі әлем Қаратаудан да ауыр еді.
Содан қайтып Адинаны біраз күн бойы көрмедім. Ет қызуымен сезбеген екенмін, бет-жүзіме соққыдан біраз таңба түсіпті. Екі күн бойы мен де қорғалақтап, ел көзінен алыс жүруге тырыстым.
Тамлыжыған көктем күндері біртіндеп өтіп, мамыр айының соңғы күні де жетті. Кезекті емімді алып, палатамда жатсам, Адина іздеп келіпті. Сол баяғы мұңды, ойлы қоңыр жанарымен бас-аяғыма аялап қарап шықты да, қасыма келіп отырды. Амандық сұрастық.
– Жүріңіз, гүлдерімізді суарайық, – деді, – бірнеше күн қатты ауырып қалдым да, ешқайда шықпадым. Сіз де көрінбей кеттіңіз. Өзім іздеп келдім...
Асханадан кішкентай темір шелекке су толтырып алып, жағалай тізілген гүлдерді суара бастадық. Мен «Адина» деп ат қойған жалпақ үш жапырақты гүл недәуір өсіп, өңі ашылып, жайқала бастапты.
Оны көрген Адина қатты қуанды.
Екеуіміз емхана асханасынан бірге тамақтандық та, оны кешкі сейілге ертіп шықтым. Қала кеші мұнартып, батыс көкжиекке қоюлана шөккен бұлт мазасыздыққа, белгісіз сағынышқа жетелейді. Жаңбыр алдындағы тымық сәтте жер бауырлай ұшқан қарлығаштар қасымыздан жанап өтеді. Көктем кеші біртіндеп қараңғылыққа ұласа бастады.
– Мен ауырамын, – деді Адина. – Жазылмайтын ауруға шалыққанмын. Оны өзім жақсы білемін. Бірақ, анам еш күдерін үзген емес. Емханаға бір жылдық емдеу ақысын төлеп қойған. Қазірше бұл жерден шыға алмаймын. Ал, сіз жақында кетесіз ғой...
Сөзін толық аяқтай алмай, булығып жылап жіберді. Қолтығынан демеп, балапан шыршалар арасына қойылған орындыққа отырғыздым. Кешкі салқыннан жаурап, екі иығы дірілдей бастаған соң, үстімнен тастамайтын жеңіл спорт шапанымды шешіп, иығына жауып қойдым. Адинаның сол сәттегі бейнесі құндақтағы сәби баладай, немесе самырсын түбіндегі жұмсақ мүкте бұйығып жатқан қозықадай әлсіз де қорғансыз еді. Аспан жүзіне ілінген бұлт қабағы қатулы.
– Бүгін мамырдың соңғы күні екен, – дедім мен. – Бұл күн біз үшін қымбат күн. Бірер сағат болса да сырласып, бірге жүрміз. Мен үйіме, отбасыма қайтуға асығамын. Қайтамын да. Ал сенің осында жалғыз қалатыныңды ойласам...
– Сіздің маған арнаған «Адина гүліңіз» бар ғой, – деп жымиды ол. – Соны күнде баптап, суарамын. Тура сізбен сөйлескендей сөйлесемін. Жаныма медеу тұтамын. Он тоғыз жыл кешкен ғұмырым үшін де ризамын. Сіз білесіз бе, мен көп кешікпей өлемін... Ол шындық. Мендей бір жас қыздың осынау өмірде болғанын ұмытып та кетерсіз. Ертең жаздың алғашқы күні, ой, жазған-ай! Жазға да жетіп қалыппыз-ау...
Сарыарқа бұлты одан бетер ауырлап, тұтас төңіректі қараңғылық тұмшалады. Жақын маңнан найзағай жарқылдады. Кешікпей нөсер жауатын түрі бар.
– Адам жүрегі шексіз кеңістік сияқты. Оған бәрі сияды. Жамандық та, жақсылық та, махаббат та, кек те. Сені ешқашан ұмытпаймын, Адина. Емханаға іздеп келіп тұрамын.
– Сіз алдағы уақытта кітап жазатын сияқты боласыз да тұрасыз. Сөз жоқ, сіз мықты жазушысыз. Ауырмасам... денім сау болса мен де сіз туралы махаббат хикаясын жазар едім. Сізбен жақын өткен айға жетпейтін уақытты бір кітапқа жүк етер едім. Сіздің, өзімнің балалық шағымды жазар едім.
Адина ауыр бір күрсініп алды. Бала күнінде нағашы атасына еріп, Тула жазығына барғанын, Дон өзені бойын жағалай Липецк, Воронеж, Волгоград және Ростов аймақтарын аралағанын майын тамыза баяндады. Хутор маңындағы шабындықта шалғы тартқан кедей мұжықтардың бейнесі салынған суреттері бар екенін, кейін үйіне шақырып көрсететінін айтты.
Тәтті әңгіме қызығы уақыттың қалай өтіп жатқанын сездірер емес.
Кенет тура арқа тұсымыздан аспан қылышы жарқ етті де, жер жарылғандай күн күркіреді. Баж етіп шошынған адина құшағыма келіп бір-ақ тығылды. Иманымды үйіріп, оны бауырыма қыса бердім. Кіп-кішкентай, мұңды Адина бүрісіп, құшағыма тығыла түсті. Өмір дегенеіңіз де сол ғой, оған уақытша қорған болып, мейірім төккеніммен, ғұмыр бойы панама алып, аялап өте алмайтыным өзіме аян еді.
– Қазір-ақ нөсер жауын төгеді де кетеді, қайтайық. Ертең жаздың алғашқы күні, – деп Адинаның сөзін қайталадым. – Биылғы көктемді бүгін аяқтадық. Анығы – менің көктемім аяқтады.
Бурыл тартқан шашымды, қырықтан асқан жасымды меңзегенім еді бұл. Жас та болса оқығаны мен түйгені көп ақылды қыз бәрін түсіне қойды. Сезім жолы ары қарай жабық екенін, бірер күннен соң қош айтатынымызды, жүрек қылын тербеген, құрмет пен ыстық махаббат сыйлаған жігіт ағасының ендігі өмір жолына жарық түсіріп тұрар тым алыс та, тым жақын сапар шырағы екенін ұқты. Күн күркірі жиілеп, аспан жүзінен кесек тамшылар төгіле бастады. Тар жол бойындағы аласа шыршаларды да, бізді де бармақтай болып төгілген аспан жасы шомылдыра бастады.
Емхана қақпасының шырағы жауын астында жарқырап тұр. Су өткен балғын қыздың жүзі қуқыл тартып, тістері сақ-сақ етеді. Адина жылап келеді. Бәлкім, аспан бірге жылап келеді.
Емхана ауласына кірген соң екіге айырылдық. Жаңбыр жуған Адинаның сұлбасы ұзап көткенше қарап тұрдым. Көз алдым буалдыр тартып, айналамды бағдарлаудың өзі қиынға соқты. Жұрт тегіс ұйқыда, сенделіп палатам кіріп, есімді жидым. Айнаға қарасам, манадан бері жылап тұрған аспан емес, мен екенмін...
Келісімді уақыты толмаса да, емхана басшылығымен, дәрігермен сөйлесіп, ертесі-ақ үйге шығып кеттім. Кетерімде гүлдерімді суарып, «Адина гүлдің» топырағын босатып, аялай сипадым. Гүл алақандары бұрынғыдан да үлкейіп, діңі де ұзара түскендей.
Неге екені өзіме де белгісіз, Адинаға қоштаспадым. Енді кешіксем, оның мұңды қоңыр жанарына тұтқынға түсіп, осында мәңгілікке қалардай сезіндім7
* * *
Мен емхана ауласынан шыққан күн – Адина айтқандай жаз айының басталған күні еді. Кешегі нөсерлі жаңбырдан қуат алып, құлпырған айнала да, бүршік атқан қайыңдар да, кеше түнде ғана ғалам нұрына, көктемнің соңғы жаңбырына бізбен бірге жуынған шыршалар да көзіме басқаша көрінді. Әлем нұрланып кеткендей, не мүлде сүреңсіз түске оранып, құлазыған дүниеде өзім ғана қалғандай қайғылы күй кештім.
Бұл оқиға сол беті жүрек түкпірімде ғана сақталып, қағаз бетіне түспей, жазылмай қалар ма еді, мына бір тосын хабар болмаса.
Аптасына бір қайталайтын дағдым бойынша, Есіл өзенінің бойында жападан-жалғыз балық аулап отыр едім. Су жиегінде, сөмкемде жатқан телефоным қайта-қайта шырылдай берді. Трупканы алсам, арғы жағынан әйелдің әлсіз дауысы шықты. Қысқа сәлемнен соң аты-жөнімді нақтылап сұрады.
– Иә, сол жігіт менмін, – дедім.
Бейтаныс әйел жылап жіберді. Өксігін басып, сәл кідірді де, өзінің Адинаның анасы екенін, оның бір апта бұрын емханада қайтыс болғанын жеткізді.
Төбеме аспан құлап кеткендей, ауыр салмақтан қос тізем бүгіліп кетті. Адинаның өлер алдында маған хат жазып қалдырғанын, бір жерден кездесіп сол аманатын бермек екенін, мен қаласам зиратына да ертіп бармақ ойы барын айтты.
Қазір-ақ жететінімді айтып, мекен-жайын сұрап алдым да, көлігіме отырып айтқан адреске тіке тарттым. Қала іргесіндегі шағын ауылда тұрады екен. Жасы егделей бастаған, шамасы елуден асқан арық әйел қақпа алдында қарсы алды. Ермен мен алабота басқан аулада ұсақ тастар төселген жіңішке жолмен үйіне, Адинаның жатын бөлмесіне бастады.
О, құдірет! Емханада екеуіміз баптап, суарып жүретін «Адина гүл» терезе алдындағы үстел үстінде, аяулы Адинаның суретінің жанында жайқалып өсіп тұр. Діңі бұрынғыдан да ұзарып, жайқала өсіп кетсе де жазбай таныдым. Тіпті, түбегіне дейін өзгермеген. Ернеуіне кішкентай қайшымен ойып, өз қолыммен жазып кеткен «Адина» деген жазуға дейін орынында.
Қанша тырыссам да көз жасыма ие бола алмадым. Иегім кемсеңдеп: –Әпке, Адинаның басына барайықшы...– дедім.
Көлік тізгінін зорға меңгеріп келемін. Ауыл шетіндегі қыратқа орын тепкен көне қорымға әп-сәтте жетіп келдік. Шеткері қойылған жас қабірлердің арасынан Адинаның қоян жонындай томпайып жатқан кішкентай ғана қабірінің басына тоқтадық. Жас қабір әлі қоршалмаған, белгітас та қойылмаған. Тек баланың бойындай ғана ағаш тақтайға қара сиямен жазған Адина деген жазу оттай басылды. Діні өзге болса да жүгініп, дұға бағыштадым. Анасы арт жағымда үнсіз қол жайып отырды. Ұзақ дұғам аяқтап, солығымды басқан соң анасын сөзге тарттым.
Менің телефон нөмірімді емхана әкімшілігінен алыпты. Өлер алдындағы өсиеті бойынша екеуіміз баптаған «Адина гүлді» өзінің шағын бөлмесіне қоюды тапсырыпты. Өз қолымен жасаған конвертке маған жазға шағын хатын салып, сыртын мұқият желімдепті.
Анасы берген хатты ашып едім, бір парақ қағазбен қоса өзі салған суреттер шықты.
«Құрметтім, сізге қазір не жазарым белгісіз. Бұл хаттың соңына жеткенімше бірнеше күн уақыт кетер. Сіз емханадан кеткенде терезеден қарап тұрдым. Қақпа алдында айналсоқтап ұзақ жүрдіңіз. Кімді, неі қимай өкініш пен үміт арасында сенделгеніңізді, ақырында махаббат пен сезім ортасынан ақылды көпір етіп, жол тапқаныңызды да көрдім. Сіз кеткен соң халім күрт нашарлап кетті. Дәрігеріме айтып, сіздің маған арнаған «Адина гүлді» палатама алдырып алдым. Сіздің жаз бен бірге менің көктемім де басталып еді. Әттең, оған ілесе қаңтар келді. Мына дүниеде анам және сіз қалып барасыз. Бір күндері анам сізді табады. Мен кеткен соң оның күйі қалай боларын ойласам, мүлде өлгім келмейді. Сенесіз бе, ешқашан өлгім келмейді. Бірақ, түгелдей өзгеріске ұшыраған қанымдағы рак дерті мені алысқа апармайды. Оған көзім анық жетеді. Менің қысқа ғана ғұмырымда жолыққан ең мәрт, ең адал азаматсыз. Анама үнемі қарайласып тұрарсыз. Оны да қарттық жеңе бастады. Әр мезгіл сайын барып, көңілін жұбатып тұрыңыз. «Адина гүлді» баптап қарау міндетін енді анам алды.
Сіз дінге, Құдайға қатты сенетін адамсыз. Құдайдан сізді «ол дүниеде тағы да кездестіре көр!» деп өтінемін. Айтпақшы, сіз сондай жақсы көретін, үстіңізден тастамай киетін жеңіл спорт шапаныңызды көктемнің соңғы күніндегі кешкі сейілде, жаңбырда маған жапқан едіңіз. Сол түні палатама әдейі киіп кеткем. Мен өлген соң табытымда бірге көмуді, басыма жастап қоюларын өсиет еттім. Оған ренжімессіз. Тым құрыса, жер астында сіздің тер мен мейірім иісі сіңген киіміңізді жастап жатайын. Өйткені, түбі бір тағы кездесеміз ғой. Әйтпесе, оған дейін мені ол жақта кім қорғайды?
Көп жазып кеттім. Бірақ, сізбен қоштаспаймын. Сіз жақта әлі жаз шығар.
Бұл жақ тастай қараңғы...
Құрметпен: сіздің Адинаңыз».
Хатты оқып біттім. Бұл жолы көзімнен тамшы жас шықпай қойды. Күн де кешкіріп қалған екен. Адинаның анасын сүйеп, көлікке отырғыздым.
Астана күзі қашанда жаңбырлы. Биыл тіпті басқаша. Батыс жиекті тағы да қалың бұлт торлай бастапты. Түнделете нөсер жауары сөзсіз. Зиратқа жақын маңдағы көлшіктен су құстарының шуылы естіледі. Артымызда мамырдың соңғы түні жаңбырда бауырыма тығылған кіп-кішкентай, момақан Адинаның кіп-кішкентай қабыры қалып барады. Оның астындағы ағаш табытта менің жақсы көретін киімімді жастанып, мәңгілік ұйқыға батқан Адина жатыр.
Неге екенін, қалаға, қаладағы шулы пенделер арасына барғым келмей қалды. Баруым керек, өйткені, мен жүрек қалауына бірінші болып өзі қарсы шығатын адам баласымын. Жаны сүйген дүниесін өз қолымен талқандайтын, көңілі елжіреген ғажайыпқа көпе-көрнеу күл шашатын «Пенде» атты жаратылыспын. Жан-тәнімен ұнататын арман-мұратының алып мұхитына жалғыздықтан арал соғатын ақымақпын...
Ойымды терістік жиектен жарқ еткен аспан қанжарының жарқылы бөлді. Көлік терезесіне бірен-сарандап тиген жаңбыр тамшылары үдей түсті.
Жыл ұстарының түстікке қайтар шағы жақын. Далада лүп етіп соққан желден жаңбыр аралас топырақтың, жусанның иісі аңқиды. Қарттыққа иек арта бастаған, жүзін ауыр мұң мен қайғы торлаған Адинаның анасына қарап, «Жаз өтіп күз келді. Топтаса ұшқан тырналар Адинаның зиратының үстінен ұшып өтер. Жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар өтер. Оның кішкентай қабірі де біртіндеп жерге айналар. Бұл пәниден біз де кетерміз. Тек, артымызда қалары мұңға суарылған махаббат қана» деп ойладым.
Ееееһ, Адина! Сен әкелген жаз да өтіп барады екен-ау...
04 маусым, 2021