Тарамысына ілініп әрең тұрған, жалбырбас жігіт тергеушінің алдына әкелінді. Тергеушінің дағардай қарнын көрген кезде «Мыналар не жеп семіреді-ей! «Дағар» деген өлең жазсам қалай болады екен ә!» – деген ойға келді.
– Ей, әртіс деді,- тергеуші, әртіссің бе, кімсің өзі?
– Мен ақынмын. Ұлы ақынмын. Тергеуші оқыс жауапқа не күлерін, не ашуланарын білмеді. Есуас боп жүрмесін деп ойлады.
– Ақынсың ба? Батырсың ба? Бәрібір. Заң сенің қиқарлығыңды көтермейді. Сұрағаныма жауап бер.
– Қой енді сұрағыңды, менде уақыт жоқ. Ақын көкірегін керді.
– Жазықсыз көршіңді неге сабадың?
– Жазықсыз дейсің бе? Сен де айтады екенсің. Сөзімді бөлмей, тыңдап ал. Ту-у-у, адамды күйдіріп. Өлең жазып жатыр едім. Паһ, ғажап бір шабыт келіп еді. Сұмырай-ай, есігімді біреу аямай төпелемеді ме? Ашсам көршімнің жардай қатыны төбемнен төніп тұр.
– Жаңа қолыңда метрің бар, не істедің дейді.
– Қаламша отырғыздым,- дедім. Шыным сол еді.
– Жерді қайта өлшейік. Менің жерім он сәнти кем шығып тұр. Қазықты жылжыттың дейді. Әкеңді, ашуға міне беріп едім, қалқасында инеліктей боп имиіп күйеуі тұр екен. «Әйел адаммен ұрсысқанша өлсеңші», – дейді. Қолтығының астынан басы жылтың ете түсіп. Әй, тергеуші мырзам-ай, Құдай берген бір-бір метрміз бар ғой! Жерді өлшеп кеп жіберген-ек, менің жерім он сәнти кем шықты да, ананікі он сәнти артық шықпасы бар ма? Әкеңді! Хи, хи, ана екі сүмелек қызарақтап қалды. Қазықты жылжытпақшы болған-ем, қайта өлшейікші деп қиыла жабысты. Қайта өлшедік. Бұл жолы менің жерім он сәнти артық шығып, аналардікі он сәнти кем шықты. Олар қазықты жылжытайық дейді. Мен жылжытпайық деймін. Қазыққа жармаса қалдық. Қазықты көкпар қып тартып, жердің шаңын шығара тыпыр-тыпыр етіп айналып жүрміз. Күйеуі жүгіріп барып, қазықтың суырылған орнын қолымен баса қалып, жан-жағына жалтақтап қарап алды да, байпағын сыпырып қазықтың орнына тыға сала, қайта кеп жармасты. Самайымыздан тер сорғалап, ырсылдап кеттік. Екі шекем солқылдап, көзіме жұлдыз елестеді. Қарымның талғаны сонша, тісімді-тісіме басып әрең тұрмын. Ауызма қанның дәмі келді. Қазықтың басында жалаудай желбіредім. Қолым түлкіні шеңгелдеген бүркіттің тұяғындай сіресіп қапты. Анадайда әйелім тұр, қаннен қаперсіз. «Қойныңдағы қатыныңа сенбе» деген рас екен. «Әй, қатын көмектес, десем», ұят болады. Төрт елі жерге таласқалы төрт жыл болды ғой», – деді де үйге кіріп кетті. Жардай қатын «қазықты неге жылжыттың», – дейді. Мен жылжытқам жоқ десем, «Қазық анау ағаштың оң жағында еді, сол жағына өтіп кеткені қалай», – дейді. «Қазық оң жағына өткен жоқ, ағаш оң жағына өтті. Мен ол қаламшаны көшірдім, – дедім ғой, көшірдім. Ол қаламшаны арасын метрлеп отырып дұрыстап ектім, әне топырағы қобырап орны жатыр» десем де ананың миы жетер емес. Осы сәт өлең жазып отырған өз бейнем көз алдыма келе қалды. Керемет өлең туғалы тұр еді. Есіме алсам дым жоқ. Тіпті елес те жоқ. Ақынға бұдан ауыр қайғы, бұдан ауыр қасірет бар ма?! Сыңар аққудай құлазыдым. «Әкеңді, мені құрттыңдар! Сендер менің шабытымды шайқалттыңдар, – деп бар дауысыммен айғай салдым». Дауысым ащы шықты ма, жоқ түрім аянышты көрінді ме? білмеймін. Топырлап тұрған көрермендер сандарын шапалақтап тұрып қарқылдады. Қаным басыма шапшыды. Бойымды бір ғаламат күш биледі. Қазықтың арматурадан қағылғанын мүлде ұмыттым, бар күшімді жиып сілкіп жұлып алдым да, инеліктей неменің қақ маңдайын көздеп ұрып ем маңдайына емес, әйтеуір бір жеріне келісіп тиді. Анау омақасып түсті. Әйелі шашын жайып жіберіп жылады. Бар болғаны сол. Жарты сағат болған жоқ. Осыған бола шақыртып отырсыңдар ғой! Ал мен бейбақ үзілген өлеңді жалғай алмай шырылдап қалдым ғой, бірақ мен бәрібір ақынмын. Сендер ақынға не істей аласыңдар. Ақынын еркелете алмаған қоғам күнәһар, – деді басын секең еткізіп.
Жұтаңқы кабинеттің ішіне сүреңсіз тыныштық орнады. Тергеуші қасындағыға қарап иегін көтерді. Анау ерінін жымырып, иығын қиқаң еткізді. Онысы ақынға таңданғандағысы еді. Ақын темекі сұрады. Тергеуші қапшығымен ұсынды. Ақын үш тал темекі суырды. Бір талы жерге түсті. Ақын екі талды құлағына қысты да, жерге түскен бір талды аузына салды. Тергеуші көмекшісінің ақынның ауызынан жазған қағаздарымен, алдындағы арыздарды салыстыруға кірісті.
– Бір өлең оқиыншы, – деді ақын.
– Жайыңа отыр.
– Құлақтарың бос қой, тыңдай отырсаңдар нелерің кетеді.
– ....
– Тұлпарды бәйгеге қоспаса, құсадан ауру болады дейді. Ал ақынға өлең оқытпау қиянат.
– Оқышы ал, тыңдайық.
Ақын ұзын шашын сілкіді. Бойын тік ұстай қалды. Көз шанағы тыртысып, құлашын керіп сарнай жөнелді.
Жеті қат көктің үстінде жел еміп жүр ем,
Кек егіп жүр ем, ауаға кек егіп жүрем,
Ең биік шыңның басындағы әуенді қудым.
Шайтан менен шайырды тел еміп жүрем.
Көз жасымды кесеге толтырып алып,
Ол кесеге кірпікті матырып алып,
Көз жасым сия, кірпігім құсни қалам.
Қабіріме жазам, жырымды өкіріп алып, –
Шайтан мен шайыр шағылып, мен туылғанмын.
Сосын ғой менің шайыр боп жыр тұндырғаным.
Шайтан боп кетем кей кезде өзіме симай.
Шабытым буып, әйелімді де қылқындырғамын.
Жатырда жатып, жыр жазып бұлқынғамын мың, -деген жерге келгенде тергеуші қолын
сермей салды. Болмаса нұрланып, сұрланып, басы кекжең-кекжең етіп, беті бырысып, қолдары ауаны осқылап келе жатқан тұғын.
– Сенің тақпағың қорқынышты екен. Түсініксіз екен. Қабіріне адам жыр жаза ма екен. Абай атаң секілді түсінікті жазбаймысың. Былжырақ мынауың. Тақпақ деген мұндай болушы ма еді.
– Сендер түсінбейсіңдер. Қазір поэзия күрделеніп кеткен. Ағым өзгерді. Ақынды өлтіргілерің келеді. Адамзат солай...
– Ей, ақын, бұл жерде көршіңді сабағаның үшін емес, көршіңнің әйелін боқтағаның үшін отырғаныңды білемісің? Қалай боқтадың соны айт.
– Ә, бәлемді сол үшін екен ғой. Ә, әдірам қалғыр, қақпас арызданған екен ғой. Ол былай болған. Таң атпай арт жақтағы көрші кемпір ентіге жетіп:
– Әй, менің шалымның дамбалы қайда?,- дейді әй-шәй жоқ.
– Мен қайдан білейін, – десем.
– Әй, мойында. Шалымның дамбалын сен алдың. Түнде ғана жуып жайып қойғам. Тура түнгі екіде үйге ұры түсті. Құдайға шүкір, ештеңе ілдіртпедік. Сенің үйіңе қарай қашып құтылып кетті. Тыныш кетпей далада жаюлы тұрған шалымның дамбалын ала қашты. Сол кезде үйіңнің шырағы самаладай жарқырап тұрған болатын. Соның алдында ғана үйіңе арсы-күрсі кіріп-шығып жүргеніңді көргендер бар, если что, – дейді тебініп.
– Адамдар зұлым ғой қазір. Жақсылық жараспайды. Дәл осы немелерге көп жақсылығым өтіп еді-ау! Үйлерін салып болғанша, менің үйімде жатып еді. Талай асымды ішіп, аяғымды босатқан. Үйін бітіріп бола сала, шалы тісін шұқи, аспанға қарап:
– Әй балам, менің әдетім ешкімнен ештеңе алмаймын, ешкімге ештеңе бермеймін, менің бұйымдарымды, әсіресе электр жабдықтарымды сұраушы болма! Алдын-ала айтып қояйын деген.
– Менің қаншама заттарымды істеткенін ұмыта қалыпты. Сөйтсем бұл қақпастың склады толған қару-жарақ екен ғой! Ешкімге күні түспейтін қақпас екен. Міне, шалы бір ренжітіп еді. Қисайып жатсаң қарамайтын арамзаның өзі екен. Енді келіп кемпірінің сөзі мынау. Мен екіге дейін өлең жаздым, түнде шабытым жақсы келеді, оның үстіне сіздің шалдың дамбалының бір балағының өзі маған көрпе болмай ма? Тыртиған түрім мынау десем;
– Шабыт-пабытыңды айтпа, дамбалды әкел, өзі бір турецкий жақсы дамбал еді, – деп қоймайды.
– Сосын, боқтап-боқтап қуып жібердім. Тойдым мұндай көршілерден, – деді ақын ашуланып. Тергеуші басын шайқады:
– Шешеңдей адамды боқтауға қалай дәтің барды. Жан-жағыңа қарасаң болмай ма?
– Шешеңдей дейді. Әуелі десең үш жасар баланы да боқтағам, – деп ақынның қолы ербеңдеп, шашы желпілдеп кетті. Тергеушілердің көздері бақырайып:
– Үш жасар баланы дейсің бе?, – деді.
– Иә, үш жасар баланы. Дәл сол күні мен өмір бойы армандаған өлеңді жаздым. Ғаламат өлең, оқып берейін бе?
– Керек емес!
– Әне сүйтесіңдер. Сосын бір айналып қайтып келсем столымның үстіндегі әлгі парақшам жоқ. Әй, тауым шағылғандай болды ғой! Көре алмай жүрген біреулер ұрлап кетті ау! – деп арам ойға кеттім. Бұл өлең менің өмірім еді ғой! Далаға жүгіріп шықтым. Дамбалын іздеген әлгі кемпір құсап. Үйдің алдында көршімнің үш жасар баласы мен өзімнің үш жасар балам, әлгі қолжазбамды батпаққа малып, езгілеп отыр. Соның алдында ғана жаңбыр жауып басылған. Арыстандай атылдым. Дауысымнан өзім қорықтым. Жарқышақтанып әлі күнге құлағымда тұр. «Ана жынды, өлтірді-ау, жүгір» деген әйелімнің дауысы құмығып жетті. Оны естіп тіпті желігіп кеттім. Екеуін желкелерінен қыстым да, бастарын соғып-соғып жіберіп, батпаққа лақтырдым. Екі қатын ұшып жетті. Балапанын кезқұйрықтан қорғаған тауықтай жалбырап келді де, өз-өз балаларын құшақтай сап, зытты. Мен бір ерлік істеп, өлеңді құтқардым.
– Ұятсыз. Күнәсіз періштені өйтіп қорлай ма екен?!
– Мен ақынмын! Ақын ұялмау керек. Ақынға ұят қонған күні, өлеңнің гүлі солады. Не ақын бол, не ақымақ бол, екінің бірі.
– Тыңда, ақын.
– Бір өлең оқысам бола ма?
– Жап аузыңды.
– Елбасына арналған өлең.
– Қысқарт.
– Поэзияны қорлап... бұл жақсылық емес. Сендер ақындық мінездің не екенін бәрібір түсіне алмайсыңдар.
– Ақын, сен біраз мәселенің шиын шығарып алдың. Онсыз да саған келген арыз аз емес. Тыңда! Арақ ішіп, елдің мазасын алады екенсің. Көршілерің басында сыйлап асабалыққа шақырыпты. Сен ешкімге сөз бермей, бастан-аяқ өзің гаукілдепсің. Тойды өзіңнің жыр кешіңе айналдырыпсың. Кейін шақырмаса да барып алады екенсің. Араларына қыстырылып, өлең оқып есін шығарыпсың.
– Адамзат поэзияны түсінуден қалды. Бұл - апат. Жойқын апат әкеледі әлі.
– Дамбал дегенде есімізге түсті. Көрші кемпірдің жуып, жайып қойған кірін мас боп келіп батпаққа лақтырып жіберіпсің. Ол аз болғандай келінінің іш киімін киіп алып түнімен үй аралап билеп, ән салыпсың. Масқара! Бұдан да масқарасы бар ауызым бармай отыр. Сен ақын емессің. Ақын болсаң, ел қамын ойлайтын ең.
– Елбасына арналған өлеңімді оқытпағандарың үшін сендерді сотқа беруіме болады.
Аналар сасқалақтап қалды. Бір-біріне қарап көздері бақырайып кетті. Өзара кеңескендей болды. Сосын жайдарлана түсті.
– Ақын, бауырым! Арыздарды ақырындап шешеміз. Сен әзірше боссың. Барып көршілеріңнің кешірімін ал. Пәледен сонда ғана құтыласың. Бізде басқалай амал жоқ, – деді.
Ақын «Ине жұтқан иттей» сүйретіліп шықты. «Мен ақынмын. Космостық деңгейдегі, ғарыш мінезді ақынмын. Ақындық табиғатымнан айырылмаймын. Өлеңді қоя алмаймын. Онсыз дүние қараң», – деп ойлады іштей.
Алматы, 2012 ж.