ДӘУРЕН ҚУАТ. МЫСЫҚ ПЕН МАРУСЯ

“Жоқ болды жоқтауың асқыр. Мүләйiмсiп, тәлiмсiп қасымнан шықпаушы едi, қайда ғана құрыды екен, а? О, Құдай Ана, құрсағыма бiт­кеннiң мойнын терiс бұрғызып қо­йып едiң, ендi мынауың не? Не қылғаның тағы да? Апыр-ай, осынша қатыгез, осынша мейiрiмсiз, осынша аяр деп кiм ойлаған оны? Оңбаған, нағыз найсаптың өзi екен барып тұрған!”

Маруся Агафьевна қабырғаға iлiнген Полковниктiң суретiне қарап отырып бұлқан-талқан болған. Полковник, бiрақ, мiз бақпады. Жақсақалы ұртына құлаған тұстан будырай көтерiлiп, мұртының қылышы сынбай, қашанғы әдетiнше сәнденiп, ымырт үйiрiлген кештiң қоңыр бояу­лары тараған бөлме iшiнен бұған тесiрейе қарайды. Байқұс Маруся дерт меңдеп, ажал алқымынан қыса бастаған күндерде де осы бiр тесi­рейген суық жанардан жанын ала қашып, қайда тығарын бiлмеген едi. Сол мезетте суреттегi Полковниктiң кеудесiн жапқан сөлкебайлардан жап-жасыл ағындар төгiле түсiп, әл үстiндегi бұны жағалай қамап алғанын да сезiп жатты.

 

***

 

Маруся Агафьевна үйiнен қолшатыр ұстап шығатын. Содан кейiн күн қаппаған аппақ, әжiмсiз омырауын паңдана көтерiп, жырық етек юбкасын жыртып жiберердей сыртқа тепкен қос бөксесiн кезек толқытып, шымқай қара “Волганың” iшiне сүң­гiп кетушi едi. Ауладағы сандал сүйреткен әйелдер сол кезде әдет­те­гiдей сүйреңдесiп қалатын.

– Осы қатын-ақ ашық аспанның астында қолшатыр жамылып жүрге­нiн қоймады ғой.

– Байың былқылдатып ауланың қақ ортасында машинасын көлденең тосып, басыңнан құс ұшырмай тұрса, сен де сөйтер едiң.

– Бұл қатын бiз сияқты қара жұмыс iстеп қақталып көрмеген жан ғой, күйеуi – әскери адам. Полковник. Өзi статуправлениенiң шынылы кең­се­­сiн­де керiлiп отыр. Бұл кердеңдемегенде ендi кiм кердеңдесiн?

– Кердеңдесе, кердеңдесiн.     Сонда да пенде баласына көз салып амандасуды бiлмейдi.    Амандас­пай-ақ қойсын, тiптi сәлемiңдi алмайды. Сонысы батады жаныма.

– Қойшы, Клавдия, жалпаңдауыңды қойшы, осы!

– Жалпаңдағаным емес, iзет қой менiкi. Бiр аулада, көршi тұрамыз. Пәтерiмiздiң қабырғасы жапсарлас. Қақымыз тең қатындармыз. Әуелдесең кереуетiмiздiң сықыры естiлiп жатады. Соның бiрiн ескермейдi кейкиiп. Мегежiн!

Қатындардың сөзшеңi де, тiлдiсi де, алқынған ашушаңы да, содан соң жылдам қайтып, жылай салатыны да Клавдия болатын. Өзi жақтырмайтын мекерлеу әйелдi “мегежiн” деп салған да сол.

Бiрiнен бiрi аумайтын сұрқап үйлердiң ауласынан күндер көшiп, жылдар жылжи бердi. Маруся Агафьевна қолшатырының астынан со күйi көрiнбей, қатындар оны күндеуден жалықпай, жамырай сөйлеп, жақтарын жаман сөздермен ауыртып жүре түсер ме едi, кiм бiлсiн... Иә, кiм бiлсiн, Полковник қазаға ұшы­рады да, олар аз уақыттың iшiн­де Марусяның мұңдастары болып шыға келдi. Бұл кезде iлкiдегi қымбат көйлек-көншегi олпы-солпы тартқан Маруся да шүйкедей кемпiр бейнесiне енiп үлгерген-дi. Әйтсе де, әредiк барын киiп, барына малынып аулада отыратын. Қатындар ендi соны сөз ете бастады. Ақырында Маруся байғұс көндi. Көнтерлi тағдырына да мойынсұнды. Мойынсұнбай қайтедi: жасы ұлғайды. Шалы шалқалап о дүниеге аттанды. Қазақстанды, Алматыны қойып Мәс­­кеуде, Ленинградта оқытқан ұлы мен қызы қазалы рәсiм үстiнде әкелерiнен қалған дәулетке таласып, жүз шайысты да қараларын батырды.

– Әкем ақымақ жан едi. Ақымақтығынан танбай өлген екен ғой, – дедi ұлы. – Анау тау бөктерiндегi кот­тедждi бiреуiмiздiң атымызға жазып кетпей ме екен, сонда дау да, дамай да болмас едi.

– Ал папамның жұмыстан қолы босамады делiк. Уақытпен жүрiп-тұрды. Сен қайда қарадың, мама? – дедi қызы долданып. – Банктегi миллиондарды кiм қол қойып алады? Екеумiздiң бiрiмiздi соған мұрагер еткендерiңде бұлайша ырылдаспас едiк.

Қыз бен ұлды қайырсыз қылып өсiрiптi. Қазiр бiрi Канадада, бiрi Австралияда. Бұның бұ жалғанда бар-жоғын бiлу үшiн ғана әредiк қоңырау шалып қояды. Сонда құса мен қападан көкiрегi қарс айырыла жаздайтын Маруся: “Қап, – дейтiн,– қап, әттеген-ай!..”

Бiр күнi қалтылдап аулаға шыққан ол Клавдия кемпiрдi көрдi. Жылады. Мұңын шақты. Жанашыры жоқ жалғыздығын айтып шағынды.

– Жылама, – деп жұбатты оны Клавдия. – Жылама. Жылағаннан не пайда? Бәрiмiз өлемiз. Бәрiмiз де сүлдерiн сүйреткен тiрi аруақтармыз. Мен де жалғызбын. Жалғыздық – бiздей мұңлықтар үшiн жапа емес. Бай өлген, бала... болып па едi сол менде? Бiлмеймiн.

Маруся егiлiп кеттi.

– Сен ғой, Клавдия, қайғы-зар кешу үшiн жаралған жан сияқтысың. Сондықтан бәрiн көтересiң. Сорлағанда мына мен сорладым ғой. Өмiрде қиындық бар, өлiм бар, жоқшылық бар, ауру, дерт бар деп еш ойламаппын.

– Ендi қайтесiң, сорлы-ау,– дедi Клавдия да кемсеңдеп. – “Көресiнi көрмей көрге түспейсiң” деген осы.

Кемсеңдескен кемпiрлер сол күн­нiң ертеңiнде керiсiп, оның ерте­ңiнде өткен-кеткендерiнен сыр бөлiсiп, тамырласып алды. Клавдия Марусяны ауладағы кемпiрлермен тегiс таныстырып шыққан. “Бұрын, сайтан алғыр, қалай байқамағанмын, бәрi де жандары жайсаң қа­тындар екен ғой” дейтiн Маруся құрбылары туралы мысығына қарап әңгiме айтқанда.

Мысық – Клавдияның сыйы. “Жал­ғызбын”, “жалғызбын” деп көз жасыңды көлдеткенше, мә, мынаны бауырыңа бас, жалықтырмайды” деген едi ол жонынан жолақ құлаған бала мысықты бұның қолына ұстатып. Содан берi мысық пен Маруся бiрге. Бiрге iшiп-жейдi. Төсекке бiрге құлайды. Кемпiр шоқпытын жамылып қисая қалса, мысық бырылдап келiп бүйiрiн, суық сорып тұратын аяғын жылытып, маужырап жатады. Өзi бет-аузын сулап жуынғандай ырым жасаған соң кемпiр мысығын шомылдырады. Басында тарғыл неме жылы судан қашып, кемпiрдiң терiсi үлдiреген тарамыс саусақтарын, кең көйлегiнiң астарында кө­шiп жүрген омырауын тырнап, айғыздап тастаған. Кемпiр қатты ашуланды. “Жуынуды, тазалықты бiл­мейсiң, – деп ұрысты. – Тамаққа қарының тойса бiттi, ұйқыны соғасың. Кәрi шешеңдi алдандырып, асыр салып ойнауды да бiлмейсiң”.

Мысық, бiрақ, жылы суға шомылудың, шомылған соң жұмсақ сүлгi­ге оранып мүлгудiң рахатын әбден ұғып алды. Сабалақ жүндерi сорғып, құрғаған соң кемпiрдiң алдына көлденеңiнен сұлай кетiп, денесiне тиген тарақ тiсiнiң дiттеген жерiн қасып, бойынан күйi тарқайтын сәт­тiң тәттiлiгiн жиi тiлейтiн халге де жеттi. Жалғызiлiктi кемпiрдiң күбiрi мен күңкiлi де оған қатты ұнайтын.

“Әкең, – деушi едi кемпiр, – оның жаны көктен жай тапсын, менi ер­келетiп бақты ғой. Қандай еркелi­гiме де шыдайтын. Бiрде, әй, жындымын-ау, жындымын, қақаған қыста бетiн мұз құрсаған көлдiң суына оттай жанған тәнiмдi малып, құмардан шыққым келдi. Әкең басын шайқап отырды да, “Жүр” дедi. Сөйттi де, казармадан төрт-бес солдатты бұйырып шығарып, сүйменмен мұз­ды ойғызды! Қаршылдатып олар мұзды ойып жатыр. Мына жақта мен тұрмын қысыр қыңсылап. “Болыңдар!”, “Болыңдар!” дейдi әкең. Солдаттар жанталаса кiрi­суде. Кенет... түймедей ойық қарс-қарс айырылды да, әлгi немелердiң бiрi суға күмп еттi. Өзгелерi оған жанұшыра ұмтылған, құтқару қолдарынан келмедi. Солдат суға кеттi. Сонда сiлейiп көп тұрып қалсам керек, ертеңiнде ұшып түстiм. Ыстығым көтерiлiп жаман ауырдым. Дәрi iшiп, укол салдырып, система қойдырып әрең айықтым. Әкең бар ма, әкең менi еркелетiп бағушы едi”.

“Аға-әпкең мектеп бiтiрiсiмен Москва мен Ленинградта оқыды. Әкеңнiң таныстары көп едi. Мына жақтан қоңырау соқты да, балаларды оқуға түсiрдi. Әкеңнiң сол ең­бегiн екеуi де ескермедi, қайтейiн. Бiрi ел көзiнен тасада ұстап отыр­ған, қамалы биiк коттеджiмiздi қыр­уар ақшаға сатып, бiрi банктегi миллиондарды жымқырып тайып тұрды. Мен еркелiкпен ескермеппiн, әкең­нiң тыққан дүниесiнде қисап жоқ екен. Марқұм, жаны көктен жай тапсын, ұра қазып, қару-жараққа дейiн сықапты. Соның бәрiн тұз-түгелiмен екi жетпегiр үптеп кеттi ғой, үптеп кеттi”.

Мысық Марусяға жалғыздығын ұмыттырды. Әредiк азық-түлiкке аяқ шаршатып қайтатыны болмаса, кемпiрдiң қазiр сыртқа есiк ашқысы жоқ. Көршiлерi де мазаламайды. Рахат. Анда-санда әлгi екеуiнiң келiп, бөлмелердi жиыстырып, перделердi ысырып, едендi жалап-жұқтап, кiр-қоңын жуып кететiнi бар. Сол оңбағандар ғой мысығын жаман үйреткен. Әйтпесе, сүтке езген нан мен жұмсақ шұжықтан өзгенi тамақ деп бiлмейтiн мысығы бұлайша бұзыла қоймас едi.

Бiрде екеуi арсалаңдап кiрiп келдi. Еркегi мәз. “Бабуля, – дейдi жампаңдап, – бабуля, сәбiременний мысықтар қазiр сүтке езген нанның қиқымын ауызға алмайды. Мiне, мысықтың асы!” Мына кеңкелестiң мырзалығына кемпiр тыжырынғанымен мысығы мияулап жiберiп, жеңсiк асын көргендей жетiп барды да, бас салды. Содан берi шұжық пен сүтке бұқтырылған нанның кесегiне қарау­дан ада-күде бас тартты Ол. “Мияу-мияу”. Кемпiр “кис-кистеп” шақырса, мысығы “вискистеп”* мияулайды.

– Әй, оңбағандар-ай, оңбағандар!

Кемпiр өзi талғажау ететiн тамағына қоса ендi теледидардан жарнамасы жиi қайталанатын мысықтың қымбат азығын тасып, аяғынан таусылды.

– Әй, оңбағандар-ай, оңбағандар! Ниеттерiң қарау сендердiң!

– Ниеттерiнiң қараулығы несi? – дедi бiр күнi мысық кемпiрге тiл қатып.

Кемпiр абдырап аз тұрды да, бұрқырап сөйлей жөнелдi:

– Мышым, сен бiлмейсiң оларды. Олар менi өлсе екен деп тiлейдi. Мен өлсем мына пәтердi, мүкәмәл мүлiктi басып қалмақ, бiлдiң бе?

– Олай бола қоймас, мамасы.

– Саған сол екеуi ұнай ма?

– Ұнамайды! Әсiресе, әйелi.

– Неге?

– Сен байқамағансың ба, мамасы, оның әйелi жүктi!

– Е-е, бәсе, неге көзiнiң алды көлкiлдеп, кiндiк тұсы шеңбiрек ата айналып жүр десем. Жүктi де.

– Иә, жүктi. Ол әйел менi жек кө­редi. Өткенде босағадан аттай бере дәлiздегi қаракөлеңкеде жатқан менi аяғымен ысырып жiбердi.

– Байқұс балапаным-ай, сенi аяғымен тептi ме ол салдақы?!.

–Тепкенде қандай, қабырғаларым қақырап кеттi!

– Ендi аттап бастырмаймын табалдырықтан.

– Мама, сен бұларды қайдан тапқансың?

– Мышым, әкеңнiң қала сыртында құжырасы, он сотық жерi болған. Әбден қараусыз, иен қалған едi. Өткен жылдары өртенiп кеткiр құ­жыра есiме түсiп барсам, әлгi екеуi телмеңдеп баспана iздеп жүр екен. Содан, Клавдия кемпiрдiң ақылымен, пәтершi қылып алғанмын. Жамбаспұлын ай сайын төлеп тұрады. Кәрi шешеңнiң қартайғанда тапқан амалы, әйтеуiр өлместiң қамы. Ақ­ша сен екеумiзге ауадай қажет қой, күнiм.

Кемпiр көп күбiрлеп, күңiрене күңкiлдеп көзiн әрең iлiндiрген, мысығының ащы мияуынан оянып кеттi. Мысық бөлмелердi аралап безiп жүр екен. Қайта-қайта шығар есiктi тырналап безек қағады.

– Мышым, саған не болды?

Мысық мүләйiм кейiппен басын шайқап бырылдады:

– Бiлмеймiн, мама, өне бойым өртенiп барады.

– Ауырып қалғаннан саусың ба өзi?

– Бiлмеймiн, – дедiм ғой, – мама, бiлмеймiн!

Мысық құмыға мияулады да, тiл қатпады. Сөйтiп, үш-төрт күн бөл­мелердi аралап әптер-тәптерiн шығарған. Жанарлары жасылданып, кемпiрге жат көзбен қарайды. Кем­пiр қорқайын дедi.

– Дәрiгер шақырсам қайтедi, а, мышым?

– Керек емес, мама, есiктi ашыңызшы, сырттағы дүниенi бiр көрiп келейiн.

Кемпiр есiктi ашып үлгергенше, мысық зып берген. Мiне, бiр аптадан асты – жоқ!

Маруся тағы да ауладағы кем­пiрлердi тапты. Тағы да зар-мұңын төктi. “Сендер бұрыннан жоқшылыққа, жалғыздыққа, кемдiкке бой алдырған жансыңдар ғой. Сендерге жылап-сықтау сөз емес. Мына менi айтсаңдаршы, қартайған шағымда сорладым сорлағанда” деп сорғалады кеп, сорғалады. Кемпiрлер Марусяның қайғысына төзе алмай қай­қаң-қайқаң етiстi.

– Милиция шақырайық, – дедi бiр кемпiр.

– Жөн сөз, шақырсақ шақыра­йық. Iздесiн, тапсын мысығымызды. Зарлатып қоямыз ба мына байқұс­ты?

– “Байы өлген орыс маржасының миы жартылай iстен шығады, мысығы жоғалса, мүлдем кәдеге жарамайды” деушi едi бiздiң мұжықтар. Милиция мысығыңды қайтедi? Менде басқасы бар, соны ал. Әйтпесе, анау пәтершi балаларың тым жақсы-ақ қой, соларды қолыңа кiргiзiп алсаң болмай ма?

– Клавдия, сен алжыған қақпассың! Пәтершiлер бейшара Марусямызды бiр күнде мылжалап өлтiрiп, пәтерiн иеленiп кетсе қайтемiз?.. Былай да осының үйiне жиi кел­гiштеп жүр. Кiрiн жуады, тазалайды, дүкеннен азығын сатып әпередi. Тамағын iстейдi жәдiгөйленiп. Маруся, байқа, тамағыңа у қосып, тастай қатырмасын сен байғұсты. Ал, сен, Клавдия, айтпа әлгiндей сөздi, тi­сiңнен шығарма!

Кемпiрлер шуласып-шұрқырасып аудандық полиция басқармасына қоңырау шалды.

–Мысық жоғалды дейсiздер ме? – Телефон тұтқасын жарқын дауысты жас жiгiт көтердi.

– Иә-иә, мысық жоғалды. Бiр апта өттi, көз жазып қалдық.

– Мысығыңыз ұры болды ғой, шамасы? Қашып кеттi ме?

– Былайынша, иә... қашып кеттi десе де болады. Бiрақ ұры емес, кә­дiмгi мысық, үй мысығы. Қаңғы­бастардың сортына жатпайды. Ақылды, бекзат мысық.

– Ақылды, бекзат мысық ұрлық жа­самайды деп кiм айтты сiзге? Бiздiң елде ақылды бекзаттар жетiп артылады. Сосын да ұрлық жасайды. Ұрлық жасайды да, елден тайып тұрады. Қашады. Халықаралық дең­гейдегi қашқын атанып, алыс қиянда жаймашуақ тыныш өмiр сүрiп, мырғамға батады. Сiздiң мысығыңыз да, сөйтiп, бiр жерде бөгiп жатыр, бәс тiгемiн.

Полиция қызметкерiнiң жауабын естiген кемпiрлер жiнiгiп кеттi. “Мынау мазақтау ғой, қорлау ғой бiздi, – дестi олар. – Қақымызды аяққа таптап, ашық келеке қылды. “Осылай да осылай” деп газетке жазу керек”. Кемпiрлер мысықтың жоғалу хикаясы мен Марусяның аянышты халiн тiрнектей тiзiп, кезекшi милицияның жауабымен атышулы “Ка-451 градус” газетiне жолдап кеп жi­бердi. Кемпiрлердiң арызы газеттiң әбжiл қимылдайтын қызметкерiнiң қолына тисе керек, бiрiншi бетке “Орыс әйелiнiң жан төзгiсiз тағдыры” деген тақырыппен жарқ ете қалды. Расында, Марусяның, Марусяның ғана емес, сұрқапталды сұрқай үйлердегi кемпiрлердiң күйi мүшкiл едi. Клавдияның байы жазатайым пойыздың астына түсiп өлген, баласы Сiбiрде. Антонинаның шалы елiрме дертке ұшырап көз жұмған. Александра Ивановна әуелден жалғызбасты. “Баб Зинаны” құрт ауруы кемiрiп бiттi. Бәрi де үйлерiнде мысық, ал қосымша бө­лек пәтерлерiнде жалдап тұратын жас отбасыларды, саудагерлердi ұстайды. Осы кейуана қарттар мекендейтiн зәулiм үйлердiң ауласы мен өзге де аулаларда қазiр ешкiмнен именбейтiн, iзет-құрметi кем жастар, бұзақылар, нашақорлар қаптап, өрiп жүр. Қауiптi. Өте қауiптi. Газет тiлшiсi өз тарапынан жазған түсiнiктемеге аталған жайттардың бәрiн қосыпты. Мақала оқырман қауым мен қоғамдық ұйымдарды дүр сiлкiндiрдi. “Үмiт аралы” дейтiн қор жоғалған мысыққа iздеу жариялап, “Соңғы толқын” қозғалысы кезекшi милицияның соңына шам алып түстi де, қызметiнен қуып тынды. “Соңғы толқынның” күрескер­лерi мұнымен де шектелмей, “Нашақорлардан, бұзақылардан қаламызды азат етейiк!” деген ұран тастап, әлеуметтiк, ұлттық маңызы зор ұран өзге де iрi қалаларда жалғасын та­уып, қуаңға тиген өрттей шалқыды. Белсендiлiгiмен, сөзуарлығымен әрiптестерiнiң алдын орап кете беретiн бiр депутат әйел Парламент мiнберiнде тұрып, мемлекетiмiздiң ұзақ жылдарға арналған стратегиялық бағдарламаларында үйiнде ит пен мысық асырайтын жандардың жайы қамтылмай қалып жатқанын айтып ашынды. “Ит пен мысық – кәрi әке-шешелерiмiздiң серiгi. Қарттарымызға қашан да қуаныш сыйлайық” дедi депутат ханым сөз соңында.

 

***

 

“Орыс әйелiнiң жан төзгiсiз тағдыры” Қазақстанның шекарасынан асып, Ашық хат түрiнде көршi мемлекет басшысының құзырына жол тартқан күндердiң бiрiнде Маруся Агафьевна қашып жоғалған мысығын қарғап-сiлеп, Құдай Анаға жалбарынып, Полковниктiң қабырғадағы суретiне қарап отырған. “Ми­яу”. Ауызғы бөлменiң есiгiн бiреу тырналап, жалынғандай дыбыс шығарды. “Мияу”. Кемпiр емпеңдей жөнелген. Ашса, мысығы! Жалым-жұлым, жалбыр-жұлбыр. Жолақтары құлайтын жон терiсi сыпырылып бауырына түскен. Кемпiр бажылдап қоя бердi. Байғұс Марусяның бажылын естiп Клавдия бастаған көршi­лер мысықтың айналасына үйiрiле қалыпты. Мысықтың көзi тарс жұмулы. Түймедақ танауынан дем тарт­қан тынысы да бiлiнбейдi. Кемпiрлер әл үстiндегi бейшараны көрiп ерiн ұшымен жыбырласты.

– Өледi.

– Өлмегенде қайтедi?

– Әбден сорлаған екен, сорлы-ай!

– Ит талаған ба өзiн?

– Ит пе, әлде мына аулаларды кезiп жүрген қаңғыбас бұзақылар ма, кiм бiледi?

– Болса болар, солар осы ит жейдi, мысық жейдi дейдi ғой бiлетiндер.

– Амал кем, – дедi кемпiрлер Марусяны аяп, – таң атқанша күт, таң ата жантәсiлiм қылар. Сосын мынау балабақшаның бағына апарып жерлеймiз.

Кемпiрлер кетiсiмен құлыптанбаған есiк қайта ашылды. Пәтершiлер екен. “Бабуля, – дейдi еркегi баяғысынша жампаңдап, – не, мысығыңыз ауырып қалған ба? Ойбууу, сау тамтығын қалдырмапты-ау, ит талаған ғой?”. Әйелi қабағының қыртысын жазбай, жиiркене бас шайқап, ас бөлмеге өткен. Еркегi дабырлап, дал ұрып жүр. “Маруся апа, мен бiлемiн, ит пен мысықтың қаламызда емханасы бар. Мен қазiр ұшып отырып мысығыңызды соған апарып келейiн. Көресiз, жазылады мысығыңыз. Құлан-таза айығады, апа!”. Марусяның мәу дегенiне қарамастан, ерлi-зайыпты пәтершiлер мысықты орап алып сыртқа атылған. Түн жарымында жарасы таңылған, үстiнен құмсабынның иiсi аңқыған мысықты қайың қабығынан тоқыған себетке салып бiр-ақ оралды.

Қайғылы, жүдеубас Марусяның үйiндегi электр шамдары өлеусiре­ген жарығын айналасына себезгiлеп қана тұратын. Пәтершiлер дабырласып кiрiп келгенде ол да жарқ ете қалғандай болды. “Мысығыңыз мiне, апа!”. Марусяның қолына тиген мысық жiпсiтiп көзiн ашты. “О, Құ­дайым, О, Жарылқаушым! О, Құ­дайдың ұлы, менi ұмытпаған екенсiң ғой! Мышым, мышым менiң! Сүт iшесiң бе? Нанды сүтке быламықтап берейiн бе? Шұжық жешi, мә!”. Маруся ұзақ толғанды, мысығына үз­дiксiз мейiрiмiн төктi. Бәйек қағып жанын қоярға жер таппады. Түннiң бiр шамасында иесiнiң аялы алақанында жатып аяулы мысық бiр шыны сүтке тұмсығын батырды. Осы кезде-ау, шамасы, Маруся дәлiзден әлдекiм­дердiң сұлбасын аңдаған. Қараңғыда бой тасалап, ұрымтал сәттi баққандай сыбырласқандарын да анық естiдi. “Ұрылар, – деп ойлады ол жү­­регi атқақтап, – ұрылар, қазiр ме­нi тұншықтырып өлтiредi де, үйiмдi тонайды. Сорлы мысығымның да жанын жәһаннамға аттандырудан тайынбас”. Сосын сыбдырсыз сақ қимылмен телефон тұтқасын көтерген. Сүт пiсiрiм уақыт аралығында сақшы машинасының қиқуы аулаға келiп жеттi. Сарт-сұрт, тарс-тұрс. Мұздай қаруланып, бастарына темiр телпек киген полиция қыз­меткерлерi Маруся Агафьевнаның пәтерiне жылдам көтерiлдi де, қараңғы дәлiзде отырғандарды бүктеп басты.

– Бiз – Маруся апайдың дачасында тұратын пәтершiлермiз. Баратын жерiмiз тым алыста болған соң осында түнеп қалып едiк.

“Е-е, әлгi екеуi екен ғой”. Маруся ойын жиғанша, алдына серейген ұзын бойлы, ат жақты подполковник шенiндегi офицер тiктелiп тұра қалды:

– Рақмет, сiзге, Маруся Ага­фьевна. Көптен берi iзiн жасырып, дәт дегiзiп жүрген аса қанқұйлы қарақшыларды ұстауға көмектес­тiңiз. Сол үшiн сiзге бөлiмше атынан алғыс айтамын. Сергектiгiңiздi, батылдығыңызды ертең газетке де жазып, өзге қарттарға үлгi етемiз.

Сiбiрлеп атқан таңның ақ тозаңы алакеуiмдеген ауладан пәтершi еркектiң шырылдаған даусы ес­тiлдi:

– Iшке теппеңiзшi ағай, iшке теппеңiз, әйелiм ғой, жүктi едi. Iшке теппеңiз!

 

***

Тарғыл мысықтың бауыры жер сызады. Маруся мәз. Күледi. “Өй, сайқал, мен сенi iздеп жер-көктi шарқ ұрып жүрсем, сайранды сал­ған екенсiң-ау сен әбден. Бәсе, өне-бойы неге өртене қалды десем. Мауығың басылды ма? Кәрi шешең сенiң балаларыңды бағатын болды ғой ендi!”

 

***

... Ерте көктемнiң көкөзек шағында “Ка-451 градус” газетi А. қаласындағы М. аудандық полиция басқармасының мәлiметiне сүйенiп, адам баласының жанын түршiктi­ретiн хабар таратты. “Ауырып өлген жалғызiлiктi кемпiрдi аш мысықтар талап, жеп қойыпты” деп жазыпты газет.