АЯГҮЛ МАНТАЙ.ЖАЛҒЫЗДЫҚ БИІ

– Үйден жалғыздықтың исі шыға ма екен?

– Гүлдің және француз әтірінің исі шығады.  

– Жігіттен соңғы рет қашан гүл алғанымды ұмытып қалыппын, 

деп көзіне түскен кекілін қайтарып, суық жымиды. 

– Бәлкім, сұлулық – жігіт сезімін құрбан еткен болар?

Оның өз сұлулығын мақтан ететінін сезем.

– Жігіттердің жабайы сезімін салқынқандылығым үркітсе керек.

– Жаңбыр астында жалаңаяқ жүгіреміз бе?

–Жылы жаңбыр емес. Суықтап қаласыз, – деп  жымиды.

– Түсінесіз бе, көктемнің  келгенін сезінбей жазды өткердім.

– Шаршасаңыз, билейік, – деді ол.

– Музыкасыз қалай билейміз?

– Естисіз бе, сіздің де, менің де жүрегімде  жалғыздық ән салады, – деп

екі қолымнан ұстаған актриса шыр көбелек айналдыра бастады.

  Егер қараңғылық құшағында мүлгіген әр түнде «Жалғыздық биін» билеп жүрген адам сұлбасын байқасаңыз, ол – менмін. Түнді жаңғыртып, біреуді жоқтаған адамдай  жылаған қыз даусын естісеңіз –  ол да мен.    

Оның сөзін ары қарай естімедім. Көз алдым қарауытып, басым айналды.

«Жалғыздық биін» билеуден шаршады білем, қасыма келіп, терезеден жаңбырлы далаға көз салды.  

– Өткеннен есімде ештеңе жоқ. Өзіме қол жұмсамақ болғаным, ажалмен бетпе-бет келгенде, адамның бір тамшы да көз жасына тұрмайтын жалған өмірді қия алмай, жанталасқаным еміс-еміс есімде. Сонда не себепті өлгім келгенін де білмеймін.   

– Өзіңізді не үшін өлтіргіңіз келгенін білесіз, тек оны іштей болса да мойындау өте ауыр.       

– Пәтерден пәтерге көшіп жүрген кезімде жалғызбасты кемпірдің құжырасын паналадым. Қазымыр кемпірдің өлімін мысықтілеумен күттім. Ұйықтап жатқан кемпірді жастықпен тұншықтырып өлтіргім келетін. Кемпірмен бірге дастарқан басында шай ішіп отырғанда да оны өлтіру туралы ой басымнан шыққан емес. Байғұс кемпір өз ажалымен өлді. Сол күні кемпірді емес, өзімді өзім жоқтап жыладым. Америкадан немере қызы мен қара нәсілді күйеу баласы келіп, пәтерді сатты. Немересі әжесінің зиратының басына да барған жоқ. Сіз болсаңыз, қоқыстан утопия іздеп, қиялмен өмір сүресіз. Шынайы өмірде ойлағаныңыз іске аспай, жаныңыз қиналады, –  деп мұңлы жымиды. – Қарапайым өмірді сіз секілділер тым күрделендіріп жібереді. Мұңнан арылғыңыз келсе, өлім жайлы ойлаңыз. Өз ажалыңызбен өлесіз бе, әлде, қастандықпен ажал құшасыз ба, қысқасы, қалай өлетініңіз туралы ойлаңыз.

– Далада аппақ қар жауып тұрған кезде ұйықтап жатып оянбай қалам. Тәнім ұйықтап, жаным аппақ қардың ұлпасына шомылып, рухым мәңгілікпен сұхбаттасып жатады.

Ол сол сәт: – Сіз адамның қолынан ажал табасыз, – деп суық жанарымен маған мүсіркей қарап тұрды.

Арамызда үнсіздік орнады. Ол да, мен де үнсіздікті бұзғымыз келмеді.  Оны алғаш көргенде сығанға ұқсатқаным есіме түсті. Көздері ойнап тұратын, көзінің жасын сүртіп отырып, сиқырланып күле салатын, бетіңе жымиып қарап, сені жек көріп тұратын, қатар отырған екі адамды бес минөттің ішінде бір-біріне өшіктіріп, жауға айналдыратын, көңілі соқса – достастыратын, ішінде шайтан отырған бұл қызды мен ешқашан жақсы да, жек те көре алмаймын. Қорқыныштысы, менің бүкіл жан-дүнием оған тәуелді, ол – менің көлеңкем секілді, жо-жоқ, мен оның көлеңкесі секілдімін. Ол бұрын қанша рет кездесуге шақырса да, түрлі-сылтау айтып қашып жүретінім: мойныма қарғыбаудың тағылуынан қорқады екенмін. 

– Мен сіздің кезекті құрбандығыңызбын ба? – дедім. Даусымның қорыққан адамдай сыбырлап шыққанына ызам келді.

– Сіз бе? Жоқ, сіз менің тіпті құрбандығым болуға да жарамайсыз. Сіз миллионердің ақымақ қызы болсаңыз, сізге ғана емес, әкеңізге  де бұл дүниенің «жұмағы»  мен «тозағын» қатар көрсетер едім. Пәтерге ешқашан ақша төлеген емеспін. Ал сіз пәтер ақысын төлей алмай, өзіңіздің бейшаралыңызға  налып, талай рет еңіреп жылаған шығарсыз?    деп мысқылдай күліп, темекісін тұтатты. – Сіздің жүйкеңізбен «психологиялық соғыс ойынын» ойнаған қандай  қызық!  Сіздің әлсіз жүйкелеріңізді «өріп, қайта тарқатқанның»  рахатын тілмен айтып жеткізе алмаймын.

Темекісін құшырланып сорып, түтінін маған қарай үрледі. Ызам келді.

  Сайқал екенсіз, – дедім тістеніп аузыма басқа сөз түспей.

Ол:  – Бұл сөзді талай адам айтқан, – деп иығын қиқаң еткізді.–  Темекі шекпейсіз бе?

Темекісі құрғырға әуестігім болмаса да, ол ұсынған бір талын тұтатып, түтінін жай үрлеп тұрдым. Түтінін аузыма толтырып, екі-үш рет жұтып жібергенде қақалып-шашалып, басым айналды. 

– Сіз тіпті темекіні қалай ұстауды да білмейсіз ғой. Күрделілікке ұмтылып, қарапайымдылықты ұмыт қалдырыпсыз, – деп мүсіркей қарап, сайқалдана жымиды.

– Өмірде кімнің рөлін ойнауды білмей жүрген адам сахнада ешқашан шынайы образ жасай алмайды. Себебі...

  Себебі, мен рухани мүгедекпін. Сүйгенімді қиялыммен өлтіріп, бетіне мүсіркей қарадым. Бірде бір аяғын тізеден кесіп, мүгедек, мүсәпір етіп,  оны аяп, көзіме жас алдым. Түсінесіз бе, ол маған сол мүгедек қалпымен де қымбат еді. Сіздің мөлдір әлеміңізді кірлетіп жібермедім бе? –  деді мысқыл араласқан мұңлы үнмен. 

  ?..

  Үндемейсіз. Жанарыңызда бір үрей бар, – деп маған жек көре қарады.  

– Сіз маған шынайылығыңызбен ұнай бастадыңыз, – дедім. 

– Шынайылық? Қайдағы шынайылық? Менің бүкіл болмысым тек қана жасандылықтан тұрады.

Көзінен мөлт-мөлт жас аққан ол ерекше сұлуланып кетті.

– Алғаш рет он алты жасымда әкеме өлім тіледім. Әкем өлсе, біздің отбасы бақытты өмір сүретіндей көрінді. Жиырма жасымда болашаққа деген үмітімді сөндірген анамды жек көрдім. Себебін сұрамайсыз ба? – деп көз жасын сүртті.

– Маған адамдар құпиялығымен ұнайды. Құпиясын ашып қойған адамдардан тез жалығып кетем, – дедім.

– Күнделік жазбаймын. Көзімнен аққан жас күнделігімді сарғайтып жібергеннен кейін жазуды доғарғам. «Бүгін әкем өлердей мас болып, шешемді тепкіледі» деп басталатын менің күнделігімнің әр беті. Күнделігімнің  «Бүгін әкем анама гүл сыйлады. Біз бүгін кешкі асымызды өте көңілді іштік» деген беті де бар. Бірақ бұл – менің бар болғаны қиялым еді. Сол күні де біздің үйде «дәстүрлі спектакль» жүріп жатқан.  Жүрегіме сурет салған қасірет пен үміттің  айқасы күнделігімде бейнеленді. Бала кездегі армандарым тізілген тырналарға айналып, биікке қарай қанат қаққанымен, әлі күнге дейін жылы мекендерін таба алмай адасып жүр, –  деп күрсінді.

  Балаға ең алғашқы әділетсіздік ата-анасы тарапынан жасалады, – дедім.

  Уақытты айтпайсыз ба?

Сағат тақпайтын болған соң сөмкемнен ұялы телефонымды іздедім.

– Сіз де мен секілді уақытты сағынасыз, білем ғой. Уақытпен бет-бет келсеңіз, оны үркітіп алмаңызшы, – деді сыбырлай сөйлеп.  

Онсызда күңгірт бөлме ішін қараңғылық құшағына орады. Пальтомды киіп, қолшатырымды алып, онымен қоштастым.

– Қайда асығасыз? 

– Автобус тоқтап қалады.

–Уақытпен жүріп, уақыттан бәрібір қалып қойдық. Кафеге барайықшы, еңсемізді басқан мұңнан сергіп қайтамыз.

Ол менің келісімімді алмастан, киіне бастады.  Оның ұсынысынан бас тарта алмадым. Бүгін жалақымды алғанмын. Мардымсыз ақша. Қарыздарымды қайтардым. Ертең пәтерақысын төлейтін күн.

Актриса секілді мен де күнделік жазбаймын. Егер күнделік жазып, құпиямды ішіне бүккен дәптер  әлдекімнің қолына түсе қалса, «ақшадан қиналдым» деген жазуды көзі жиі шалар еді.

– Біздің әрқайсымыздың тағдырымызды «аспандағы режиссер»  жазып қойғаны рас болса, онда біздің әрқайсымыз «өз нотамызды» еркімізден тыс жаттап алғанбыз. Байдың еркетотайларының өмірі рэпке ұқсайды. Ал сіз классикалық музыкаға ұқсайсыз. Өзіңіз жақсы көретін Шопеннің әуендеріне ұқсайсыз,  – деп күлді ол.

 Екеуміз кафеге кіріп, терезеге таяу орынға жайғастық. Жарық жанып тұрса  да, кафе іші күңгірттеу еді.

Актриса:

– Шарап ішесіз бе? –  деп бетіме сұраулы жүзбен қарады. 

– Қызыл шараптан ұрттап отыруға қарсы емеспін.

Ол қызыл шарапты қанағат тұтпай, коньякқа тапсырыс  берді.  

–Табиғатымнан жезөкшемен ұқсастық байқаған ба, кинорежиссер «түнгі көбелектің» рөлін ұсынды. Мен жезөкшеге ұқсаймын ба? – деп қол айнасына өзін жаңа көргендей үңілді. 

  Голливудтық әйгілі актриса Джулия Робертс те «Сұлу бикеш» фильмінде жезөкшенің образын сомдайды.

  Біз – күнә мен қателіктің жемісіміз. Біздің әрқайсысымыздың болмысымыз    жалаңаш. Тек жалаңаш болмысымызды «киіндіргіміз» келетіні күлкілі.  

Күлгенде көзінің астындағы ұсақ әжімдер тіпті қалыңдап кетеді екен.

– Сізге болмысыңызды ақ түспен киіндірген ұнайды екен, – деді сайқал күлкі иесі.

Бойымды мұң басып, әңгімеге зауқым соқпады. 

– Билейік, – деді ол.

– Билегім келмейді. 

– Өзімді тобырдың ортасында ғана бақытты сезінем, – деді ол шаттанып.  

Ол жеңіл ырғақты ағылшын әніне иықтарын жұлқылап билеп жүрген топқа барып қосылды. Қас-қағым сәтте қысқа қызыл көйлекті актрисадан көз жазып қалдым.

Терезені жаңбыр сүйіп жатты. Өзімнің сезімсіз жүрегімді аяп, жылағым келді. Жалғыздық мұңына қамалып, торыққан жанымды тек қана жаңбыр түсінетіндей. 

– Көп күттің бе?

Қылымсыған актриса тақырбас жігітіне төрден орын ұсынып, өзі қатар отырды. Қысық көз жігіт сөзге тым сараң екен. Есесіне қомағайлау. Кәуапты таусып, балықтан жасалған салатты сүйсініп жеп отырған тақырбас айналасында адам барын ұмытқан секілді.

– Сіз бизнеспен айналысамын дедіңіз бе?

– Иә.

– Құпия болмаса, қандай бизнес?

– Көтерме бағамен жеміс-жейдек сатамын.

Актриса сызданып, үнсіз қалды.

Бизнесмен балық салаты салынған ыдысты босатып, туралған қызанақ пен қиярға  қол созды.

Актриса тақырбасқа қарап:

– Тағам мен салатқа тапсырыс берейік пе? – деді.

– Қалауларыңыз білсін, – деген ол актрисаның алдындағы қарыннан жасалған салатқа қол созды.    

– Сіздің кететін уақытыңыз болмады ма? – деді актриса тақырбастың жанарына жанарын қадап.

– Сізді үйіңізге шығарып саламын, – деді тақырбас еш абыржымастан.

– Рақмет! Үйімді сізсіз де таба аламын.

Тақырбас орнынан тұнжырай тұрып, көңілсіз езу тартып, қоштасты.

Тақырбасты көзімен шығарып салған актриса: – Ұятсыз! – деді тістеніп. – «Бизнесменмін» дейді ғой. Өтірікші. Қалтасында көк тиыны жоқ. Жеміс-жейдек сатушы.

– Болмысыңызды қара түспен киіндіргенде өзіңіз ғана жапа шегесіз.

– Театрға оралып, Қаралы сұлудың бейнесін сомдауды армандаймын, – деді ол. – Қаралы сұлу күйеуі өліп жесір қалса, мен сүйгенімді қиялымда көміп тастап, өзімнің ар-ұятыммен арпалысып келемін.

–?..

– Сізді жалықтырып жібердім бе? Кешіріңіз, менің өмірім –  сіздің өміріңіз емес екенін ұмытып кетіппін. Біздер бір-біріміздің өмірімізге соншалықты немқұрайлы қарайтындықтан бақытсызбыз, –  деді ол зілді үнмен.

– Керісінше, біздер бір-біріміздің өмірімізге жиі араласатын себепті көп-көп қателікке жол беріп жатамыз.

– Әр адамның болашағын өткені қалыптастырады. Өмірде құрақ көрпе секілді, өзіңнің қайғың мен қуанышыңды үйлесімді етіп, құрастыруың керек.

  Бұл кафеде бал қосылған көк шай бар ма екен? – дедім.

– Мен даяшы емеспін, – деп жасанды жымиды. –Кинорежиссермен кездесетінімді ұмытып кетіппін. Кешір,  кетуім керек.

Ол асығыс жиналып, кафеден шығып кетті. Даяшымен есеп айырысып, қалтамдағы тиын-тебенімді санасам, сексен бес теңге ғана қалыпты. Такси ұстауға ақшам жоқ. Үйге қарай жаяу аяңдадым.

Көңілім құлазулы. Бірақ мені ренжіткен күз емес еді...