АСЫЛЗАТ АРЫСТАНБЕК. ОЛАР ДА ЖЫЛАЙДЫ ЖАЗЫҚСЫЗ...

***

 

Құлазыған көңілімді емдер кім?!
Құла-дүзде келед кейде сенделгім.
Тағдырымның тырнағын-ай тым ащы,
Тікенегі секілденген шеңгелдің.

 

Жалғыздықтан жапа шеккен мен бе екен?
Адаспаған адамдарың кем де кем.
Тағдыр өзі дуалаған басымды,
Қай бақсыға,
Қай тәуіпке емдетем?

 

Сыздай-сыздай жүрегімде сырнай-мұң,
Шытынаймын, бірақ әлі сынбаймын.
Өне-бойым алаулаған кезінде,
Мың-миллион тоқ жүгірген сымдаймын.

 

Тәуір жолдас бола алмадым жақсыға,
Бұдан өткен ауыр азап жоқ сірә.
...Өлең деген үшкірінем тәуіпке,
Өмір деген бағынамын бақсыға

 

***

 

Əлемді сызықтар билейді,
Билейді сызықпен нəзік құс.
Құс-қанат ғұмыр да күйрейді,
Олар да жылайды жазықсыз.

Дақ түскен жүректер дəмелі,
Дүние - дөңгелек, о, ғажап!
Табылмай құстың да жан емі,
Қанаты қайрылар ой қажап.

Ырғақтан тұрады бұл өмір,
Тоқтасаң, жүрек те тоқтайды.
Құстар да бермейді түр-өңін,
Олар да сыңарын жоқтайды.

Ұзақтау жасайды ұлар құс,
Ғұмыры биіктен басталып.
Бір құс бар ұшатын сыңарсыз,
Қауырсындарынан жас тамып.

 

***

 

Мен оны қызғанбаймын, неге екенін?
Білемін... оған ғашық қыздардың көп екенін.
Сезімнің қоя алмаймын нүктесін де,
Сөзімнің айта алмаймын тоқетерін.

 

Мен оны қызғанбадым... жыламадым,
Сыртынан сырын тергеп сұрамадым.
Менен өзге біреулер сүйіп қалса,
Мəртебесі өскендей қуанамын.

 

Мен үшін дүр махаббат мүмкін емес,
Сол үшін бола берсін мың күн егес.
Ондай ғажап адамды жер бетінде,
Менің ғана сүюім мүмкін емес!

 

***

Сізді ойламай ұйықтау мүмкін бе осы?
Сізді ойламай ояну мүмкін бе осы?
Ертегіге айналып кетейікші ə,
Бір бақытты түніме мың түн қосып.

Сізді ойламау... мен үшін күнə сынды,
Көз ілместен үйрендім түн асуды.
Мың маржанның ішінен мөлтілдеген,
Тани алмай жүрсіз-ау шын асылды.

Сізді ойлаудың тартамын тəтті азабын,
Менен басқа өмірдің жоқ мазағы.
Ай нұрына шомылам түніменен,
Таңертең - тап-тазамын!

***

Кеш батса естігім кеп жұлдыз үнін,
Түрлі түске бояймын мұң қызылын.
Сізді сүйетініме сенді бəрі,
Сіз ғана сенбедіңіз бір қызығы.

Жұлдыз деген шам ба екен жарық төккен,
Сағындырсаң осылай зарық деп пе ем.
Төбеңізден бір жұлдыз ағып түссе,
Жүрегімнің жасы ол тамып кеткен.

Айықпасым белгілі бар кеселден,
Бардан гөрі жан едім арға сенген.
Сезімімнен өзімнің үркіп қашқан,
Үркер жұлдыз сияқты ем таңда сөнген.

Тоқтап қалса амал жоқ бір күн уақыт,
Адамзатқа бұйырған бұлдыр бақыт.
Күн шыққанша көз ілмей Сізді күтті,
Шолпан жұлдыз шолпысын сыңғырлатып.

Алаулаған сезімнің оты күшті,
Сордың қою сорпасын батып іштім.
Сізді сүйетініме бəрі сенді,
Сіз ғана сенбедіңіз...
Өкінішті...

 

***

Жолымда кездескеннің барлығына,
Сәлем берем, қарамай паңдығына.
"Кісі" демей және де кіші демей,
Құлақ салам құлдықпен жарлығына.

 

Жолымда кездескеннің барлығынан,
Бір нәрсе үйренемін,
Сан құбылам.
"Кісі" демей және де кіші демей,
Қазынасын іздеймін сандығынан.

 

Жолымда кездескеннің барлығын да,
Дос етем, дүн-дүния аз ғұмырда.
"Кісінің" де кешірем қателігін
Кішінің де кешірем қателігін,
Қақым да жоқ оларды жазғыруға!

 

Жолымда кездескеннің баршасына,
Сүйіп тұрып, қағамын арқасынан.
Кісінің де табылып дәл қасынан,
Кішінің де табылып ортасынан,
Ара сынды жүрейін бал тасыған!

 

***

 Уақыт деген ұғым бар да,
Өзі жоқ.
Бақыт деген ұғым бар да,
Өзі жоқ.
Бір бақытты сезінуге уақыт бер,
Сөнбейінше,
Өлмейінше көзімде от!

Сезім деген ұғым бар да,
Өзі жоқ.
Төзім деген ұғым бар да,
Өзі жоқ.
Төзгім келді сезінуім үшін де,
Ол да кетті өзіменен өзі боп.

Шындық деген ұғым бар да,
Өзі жоқ.
Сұмдық деген ұғым бар да,
Көзі жоқ.
Шындық тапсам сұмдыққа да шыдар ем,
Кетеді екен адам тіпті мезі боп.

Азат деген ұғым бар да,
Өзі жоқ.
Қазақ деген ұлт бар да,
Өзі жоқ.
Қазақ деген азат елмін дегеннің,
Есі жоқ.

 

***

 

Мен Сізді жақсы көрем, жасырмаймын,
Жарқ еткен бұлтты күні жасындаймын!
Өзіммен өзім жүріп өртенемін,
Иә, мен осындаймын!

 

Жақсы көру үшін де керек сенім,
Сенімге мен де сөзбен көмекші едім.
Сіз де мені сүйесіз, сеземін ғой,
Иә, мен ерекшемін!

 

Жалыныма жылынам жасқаса мұң,
Қайғымен де қабарған достасамын.
Сүйе берем сүйегім қурағанша,
Иә, мен басқашамын!

 

***

Сізге өлең жазбағалы көп болды,
Хат келмеді Сізден де.
Бəлкім, сезім жалт етті де жоқ болды,
Əддіміз жоқ іздеуге.

Қайырлы таң тілемедім біраздан,
Қайырлы түн! -демедіңіз Сіз дағы.
Сіздің жақтан ескен сырбаз салқындық,
Басып озды мына күздің ызғарын.

Сізге өлең арнамайын деп едім,
Өлең дағы көнбейді екен ырқыма.
Баяғыдай Сізді жақсы көремін,
Жүрегіңіздің қарамастан құлпына.

 

***

Халықтар несие алады-
Тоқал тамының қамы үшін,
Банктер несие береді-
Тоқалдарының қамы үшін.

 

Парламент заңға қол қояр-
Заңсыздықтары үшін өзінің.
Молда кеп құрбанға мал сояр-
Арсыздықтары үшін өзінің.

 

Бөріктер боқ жияр, бәс тініп,
Қабақтай қарын қамы үшін.
Желіккен жезөкше мастығып,
Жырта ма қазақтың намысын?