Qalamger.kz::-Қаламгер порталы
ЖОЛЫ ҚИЫН ЖҰМБАҚ ТАҒДЫРДЫҢ, АҒА…

Несіпбек Айтұлына хат!

 

Шіркін, сөз… Ханбазардан сатып алар бөз емессің ғой сен…Жеті түнде жұлмалап жастықтан тұрғызар, жалт -жұлт еткен дүниенің, уақыттың бедерін айнытпай жадылап қалар жалғыз қуат өзің екенсің ау… Мен  сені аялай алдым ба? Қыр баласының асқарға қол созатынындай менің ауылымда тау жоқ еді. Қарауылдап алысқа көз тастар бір биіктеу төбені «Абайдың дөңі» дейтін. Балалық қой ұғып жүргенім қазір ғана. Тәуелсіздіктен кейін  ес жинаған ел-жұрт бар биігін Абаймен өлшепті. Мүрсейіт қолжазбасы біздің өлкеге жетпесе де Абайдың биік танымын рухсыздану туннелінен осылайша алып өтіпті менің өскен жерім…

Сізді арнайы іздеп келген тілшілерге сұхбат беріп отырып: Абай елі – қазақ тілінің айнасы дедіңіз. Иә, аға, Әуезовтің өзі айтады ғой менің тілімде Абай тілінің мәйегі бар деп. Сіздің тіліңізде де сол Шығыстың інжу-маржаны бар. Әйтпеген күнде «Дариға дәурендегі»

Аққу-қаз әуелейді қалықтаған,

Қайтейін қанатым жоқ қалып барам.

Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге,

Жылатып жалғыз қалай алып қалам?- деген жолдар осылай төгіле қалар ма еді. Өзіңіз жақсы көретін Қасым «Дариға сол қыз» десе араға уақыт салып ән қанатына «Дариға дәуренді» ілестірдіңіз.

 «Жұртыңда әр ғасырдың олжаң қалған. Жәмиғат, біздің тарих - алтын шынжыр, Әр жерден жиі үзіліп, көп жалғанған.» Осы жерде сіздің поэмаларыңыз көмекке келеді. Көркемдік шындықтың ғұмыры әлдеқайда ұзақ болатыны сияқты сіз жазған «Ту», «Бәйтерек», «Көкала үйрек» бәрі-бәрі сол миссияның үдесінен шығады. Әр поэманың өзіндік жүгі бар. Жекелей зерттеу жұмыстарына сұранып тұрғаны шындық.

Биыл 70 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын. Елдегі жағдайға байланысты келер жылы тойланатын маңызды дата  індеттен есен-сау шыққан қалың қазағыңыздың басын  қосып, қырдағы мен ойдағыны жарастыратын, ымырашылдықтың, бірлік пен татулықтың, ынтымақ пен бәтуашылықтың тойы болатынына сенемін. Біз сол күнді асыға күтеміз.

Кейінгі өлеңдеріңіздің бірінде:

Бір-біріңді хан-төредей күтіңдер,

Туысыңа тапсаң құстың сүтін бер!

Мейірім ғана жеткізеді мұратқа,

Қайырым ғана қабырғаңды бүтіндер!-деп жазасыз. Ал мен адамгершілік дегеніміз – ернеуіне дейін сүт толы шараны Есілдің арғы бетінен бергі бетіне күніне бірнеше мәрте бір тамшысын да төкпей алып өту екенін білдім бе? Ақты төкпе демеуші ме еді бұл халық?  Білмеймін, аға, жұмбақ тағдырдың жолы кейде тым қиын...

 

   Аяулым Шаймарданова