8

ЖАНАТ ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ САКРАЛДЫ КЕҢІСТІК

Аңдатпа. Мақалада Жанат Әскербекқызының поэзиясындағы сакралды кеңістік ұғымы ұлттық таныммен байланыстыра талданды. Ақын шығармаларындағы туған жер, атамекен, тау, өзен, ауыл бейнелерінің киелі мәні талданып, олардың рухани-мәдени код ретіндегі қызметі айқындалады. Сакралды кеңістіктің ұлттық таныммен, архетиптік бейнелер жүйесімен және «түпкі бастауға оралу» идеяcымен байланысы анықталады. Киелі кеңістік ұғымының көркем мәтіндегі қызметі мен ұлттық құндылықтарды танытудағы маңызы тұжырымдалады.

Abstract. The article analyzes the concept of sacred space in the poetry of Zhanat Askerbekkyzy  in connection with the national worldview. The sacred meanings of images such as homeland, native land, mountains, rivers, and village in the poet’s works are examined, and their function as spiritual and cultural codes is revealed. The relationship of sacred space with national cognition, the system of archetypal images, and the idea of “return to the origins” is identified. The study concludes by determining the role of the concept of sacred space in the literary text and its significance in representing national values.\Түйін сөздер: сакралды кеңістік, ұлттық дүниетаным, киелі мекен, атамекен, тау, Жер-Ана.

 Қазіргі әдеби үдерісте ұлттық дүниетаным мен рухани құндылықтар жаңаша түрленіп, өзіндік бояуымен жалғасып жатыр. Көркем сана жаһандану кеңінде  мәдени трансформациялармен, ұлттық санадағы танымды қайта зерделеп, көркемдік танымның жаңаруымен сипат алуда. Әдеби кеңістікте дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, жаңа поэтикалық формада игеру сынды тенденциялар айқын байқалады. Бұл үдерісті ұлттық дүниетаныммен сабақтастыра жеткізіп, өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін ақындардың бірі – Жанат Әскербекқызы. Ақынның шығармаларында терең философиялық мазмұн мен көпқабатты семантикалық құрылымы ерекше орын алған. Әсіресе мифопоэтикалық сана, архетиптік бейнелер жүйесі және сакралды ұғымдарды өзгеше интерпретацияланған. Оның шығармаларында ұлттық санамен қатар мифологиялық таным, табиғат пен адам арасындағы өзара байланыс үйлесіммен жалғасып жатыр. Тақырыптық-идеялық бағыттары да әртүрлі. Туған ауылға сағыныш, табиғат ананың тылсымы, «кие», «тылсым» ұғымы,  адам болмысындағы нәзік сезімдер қатар қамтылған.

Ж. Әскербекқызы шығармаларында табиғаттың әр бөлшегі, әр құбылысы ерекше кейіппен сипатталған. Мұнда әр мезгілдің, құбылыстың сыры, айтары бар. Сондықтан поэтикалық мәтінде табиғат ананың тылсымы  ұлттық мәдени кодтың құрамдас бөлігіне айналып, сакралды ұғым мен кеңістік моделін қалыптастырған.

Ақын поэзиясында «кие» ұғымы жер, су, аспан, тау сынды элементтермен бейнеленіп, рухани мәнге ие киелі нысандар ретінде көрінеді. Ал, туған ауылға деген сағыныш, мифтік санадағы «мәңгілік сағыныш», аңсау мотивімен сәйкес келеді.

Ақынның «Ауылдан аттанғанда» өлеңінде:

«Көмкеріліп сұлбасы сағымменен,

Алыстап бара жатыр ауыл менен.

Қайта-қайта бұрылып қарай бердім,

Қарай бердім, тербетіп жанымды өлең» [1, 11],–

бұл жолдардан ауыл – тек географиялық белдеудегі мекен емес, рухани тамыр, сакралды кеңістік, балалықтың символы екенін көреміз. «Алыстап бара жатыр ауыл менен» деген тіркесте физикалық қашықтық қана емес, балалық шақ пен бүгінгі күннің алшақтығы да меңзеліп тұр.

Жалпы атамекен, туған жер – адам баласы үшін ең қымбат құндылықтардың бірі. Бұл жеке адамның, әлеуметтік топтың, жалпы адамзаттың ғана емес, сонымен қатар табиғи, адам жасаған және рухани құбылыстардың да өмірге келген, қалыптасқан мекені. Сондықтан шығармадағы сакралды кеңістік ретінде санаға сіңген жерұйық мекен, туған ауылға деген ақынның сағынышы М. Элиаде ұсынған «түпкі бастауға оралу» (возвращение к истокам) [2, 17] немесе Т. Жұртбай талдаған «Мәңгілік аңсар» [3, 5] тұжырымдамасына сай келеді. Аталған тұжырымдарды ақынның «Әр кеште апам айтқан әңгіменің» өлеңінен де мысал келтіре аламыз:

Әр кеште апам айтқан әңгіменің

Әр сөзі қазынам боп қалды менің.

Арманы әр пенденің аңыз болар,

Ал, аңыз ажалсыз ғой – бар білерім.

 

Әріден жау қашырған жырды айтатын,

Қалмақты қыр асырып, бір қайтатын.

Жаныма ұя салған сағынышты

Жерұйық – Марқаны айтып ұлғайтатын [1, 107].

Мұнда кие кеңістік арқылы көрінеді. «Аңыз ажалсыз» деген тіркес те танымдағы уақыттан тыс, өмірдің ұрпақпен жалғастығып, мәңгілік сипатын танытады. Демек аңыз өткеннің елесі ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани код. 

         Ал Жерұйық туралы ҚР ҰҒА академигі фольклортанушы ғалым С.А. Қасқабасов: «Мұсылман мифологиясындағы жұмақтың сипаты фольклордағы Жерұйық, немесе бақытты арал сияқты. Онда, яғни жұмақта адам рахат ғұмыр кешеді. Бірақ қоғам мен сана дамып, болмыстың қайшылығы, өмірдің қиындығы өскен сайын, адам баласы енді сол жұмақты енді жер бетінен іздей бастайды, ол рахат өмірді өлгеннен кейін емес, тірі кезінде көргісі келеді...», – дейді [5, 378-379].

Аталмыш өлеңдегі «Жерұйық – Марқа» көркем танымдағы киелі кеңістіктің бір жерге тоғысуын білдіреді. Жерұйық – халық санасындағы жұмақ, киелі мекен болса, Марқа (Марқакөл) – нақты географиялық аймақ. Ақын өлеңде осы екі ұғымды біріктіре отырып, туған жерді киелі кеңістік деңгейіне суреттейді.

         Ақынның поэзиясында жалпы киелі кеңістік туған жер, атамекен ұғымынан бөлек рухтың тұрағы ретінде де суреттеледі. Мысалы, Үстіртте шерін толғап шежіре жүр» өлеңінде ұлттық қанымдағы сакралды сипатқа ие Маңғыстау жері рух тұрақтаған мекен ретінде бейнеденген. Өлеңдегі:

Оғланды – киелі орын, сыры бөлек,

Түнейді қаншама үміт күніге кеп.

Тосамын құлағымды әр дыбысқа

Әулие – әзіз руx үні ме деп...

 

Қияннан... көп ойланып, сараң күлген

Іздеймін сыр-көмбесін бабамның мен.

Ғажайып әпсананың әлеміндей,

Маңғыстау, Светқали ағам жүрген... [1, 250].

         Мұндағы Оғланды, Маңғыстан тылсым күш пен рухани байланыс тоғысқан нүкте. Бұл сакралды санадағы «жер кіндігі» ретінде орнаған, жоғарғы күштердің мекені, «жердегі жұмақтың бір бөлшегі» деп те алады. Мұндай жерде жасалған ғибадат тез қабыл болады деген сенім бар.

         Жанат Әскербекқызының шығармаларындаға құт қонған жер атамекен, туған ауыл ұғымынан бөлек киелі мекеннің тұрақты атрибутының бірі тау арқылы да ерекше суреттеледі. Ақынның «Алыпты аңсау» өлеңінде:

Алып тауда ізі бар ма көненің?!

Барып көрсем деп едім.

Бұл заманға дейінгі

Осы таудың иесі –

Ғұн еді ғой – мен едім!!!

Уа, Алып тау, неге кеттің демедің,

Ал мен болсам неге қалдың демедім...

 

Алып таудың бөктері

Неге ойымнан кетпеді...

Мен де оған өкпелі,

Ол да маған өкпелі.

Бауырында жөңкілетін ақ сағым

Мұнарланар Жерұйығым боп тегі.

...Неге кеттім Алып таудан сол шақта

Тауым сонша көп пе еді... [1, 210].

Бұл шумақтағы Алып тау (Альпі) географиялық орны белгіленген нысан ғана емес, Алғашқы бастаудан хабар беретін көне өркениеттің ізі сақталған тылсым орын. Жалпы мифтік танымда тау – рух иелік күштердің мекені, жердің кіндігі, ғаламның бейнесі. Ал ақын бұл тауды ата-баба рухы тұрақтаған сакралды кеңістік ретінде суреттейді. Мұндағы түп бастауға деген сағыныш «Алтай жақта» өлеңінде жалғасқан:

Күн-Тәңірқұт аспанда шалқаяды,

Бөктеріне абыз-бұлт жантаяды,

Бүгінгі мен бұрынғы тіршілікті

Айыра алмай тұрғандай Алтай әлі.

 

Ғұнның тауы – арда емген күннің нұрын,

Қойнауынан табардай жырдың жырын

Ақша бұлтқа ілесіп Арқадан кеп

Әңгіме айтып Алтайға тұрмын бүгін...» [5]

Түркілік танымда Алтай – адамзаттың анасы, алтын бесігі ретінде орнаған. Ақын бұл шығармасында Алтайды өткен мен бүгінді жалғап тұрған, онда уақыт шекарасы жойылған, тарихи жады сақталған киелі мекен ретінде сипаттаған. «Ғұнның тауы» деп атап, туған жер, аяулы ана кейпінде суреттейді. Ұлттық танымға ана кейпінде орнаған Алтайға қимастығын, сағынышын жеткізеді.

Ақын ғұндардың анасы атаған Алтай тауы түркілердің эпосында да атамекен ұғымынмен байланыстырылып, «Жер-Ана» атауына ие болған. Таудың етегін мекендеген халық Жер-Ана өзіндегі барлық таулар мен өзен, көлдердің қожасы ретінде суреттелген.  Тіршіліктегі барлық күш мен құс, жерастындағы және үстіндегі байлықтың қайнар көзі Жер-Ананың қамқорлығында болған [108, с. 40].

Қорытындылай келе, Жанат Әскербекқызының поэзиясындағы сакралды кеңістік ұғымы ұлттық дүниетаныммен тығыз сабақтасып, мифологиялық және тарихи таным ұштасқан көркем жүйеге айналған. Ақын шығармаларында туған жер, атамекен, тау, өзен, ауыл бейнелері тек табиғи нысан ретінде емес, рухани мәнге ие киелі кеңістік ретінде сипатталады. Ақын поэзиясында сакралды кеңістік адам болмысымен, ішкі рухани ізденіспен ұштасып, табиғат пен адам арасындағы байланысты көрсетеді.

Ақын поэзиясындағы киелі мекен уақыт пен кеңістік тұтастығын да айқындайды. Мұндағы сакралды кеңістік тек географиялық ұғым ғана емес, ұлттың тарихи жадын, ата-баба рухын, мәдени кодын сақтаушы рухани өріс ретінде көрінеді. Осы арқылы ақын оқырманды өзінің түп-тамырына үңілуге, ұлттық болмысты тануға, өткен мен бүгіннің арасындағы сабақтастықты сезінуге жетелейді. Бұдан бөлек ақын шығармаларындағы сакралды кеңістік символдық сипатқа ие болып, адам жанының тазалығы, рухани кемелденуі сияқты ұғымдармен астасады. Осы тұрғыдан алғанда, Жанат Әскербекқызының поэзиясы ұлттық руханиятты жаңғыртатын, сакралды дүниетанымды көркем тілмен жеткізетін маңызды әдеби құбылыс ретінде бағаланады.

 

Маржан Нышанбекқызы