57

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ. «Соңғы гүлі бітпеген, шілтеріні құшақтап»

Құрсағыма бала бітіп, ана атанған сәттен жаңа туған нәркес бөбек бойындағы ең нәзік сезімдерді тербетіп, отанға махаббат, ұлтқа құрмет, рухқа деген берік сенімді сіңдіру үшін іздене бастадым. Құлын мінез құлагеріме сөз қадірін ұқтырып, ұғындыру үшін әдебиеттің есігін қақтым. Ақ таңдарда оянып, ақ бесікке таянған сайын поэзияға жүгіндім. Поэзия маған Күләш Ахметованың нәзік лирасымен үн қатты.

Сендіріп, сезіндіріп, жандырып, жалындырып барып өртенген сезімдерге мөлдір тамшыларын төкті. Өлеңінің өзі жылатып тұрып, жұбатып ала қоятын құдіретті тәнті етті. Ақ қанат періштенің қанатынан сорғалаған нұр сияқты айналаға шуағын шашып, жыр болып құйыла берді. Бірде ақын жыры патриоттық сарындағы жалынымен жанымды қарып түсіп:

Сен – қазақсың!

Қазақ деген ел бөлек,

Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек.

Киіз үйі Жер сияқты жұп-жұмыр,

Шаңырағы күн сияқты дөңгелек.

 

Сен – қазақсың!

Қазақ едің туғанда!

Онда, дүние тағылымынан үлгі ал да,

Ата жұрттан, Ана тілден айрылма,

Төбеңде Күн, төменде Жер тұрғанда, – деді маған.

Мейлі жасөспірім бала, мейлі ақыл тұнған дана болса да осы өлеңді естіген соң, өз ұлтына деген құрметі арта түсетіні сөзсіз. Бұл өлеңді бойына сіңірген адамның өз ұлтының құндылығына бас иіп, тамырының тарихы тереңде жататынын түсіндім. Сол сәттен бастап, біз отбасымызбен Күләш ақынның жырымен сусындап, ақын өлеңімен таң атырып, күн батыра бастадық.

Тәулік бойы күн шапағына бөленіп, ымырт үйіріліп, терезеден ай сәулесі түскенде де біздің алақандай бөлмені Күләш апаның жыры жылытып тұрды. Бірде тілі шығып, ең алғашқы сөздерін енді-енді айта бастаған екі жасар ұл «Сен қазақсың, қазақ деген ел бөлек» деп жұдырығын түйіп, қолдарын сермеп тұрып осы өлеңді оқып таң қалдырды. Әр сөзге, әр іске Күләш ақынның өлеңдерімен жауап беруді әдетке айналдырды. Сөйтіп 6 және 4 жасар бүлдіршіндерім Диляра мен Дархан Күләш апаның өлеңдерін жатқа оқып, әлеуметтік желінің көрігін қыздыра бастады.

Бірде шынашақтай ұлым мен қызым есімі қазақ қоғамына етене таныс журналист Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай» хабарына шақырту алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Одан кейін де әр уақыттарда көптеген республикалық телеарналарға шақырту алып, таныла бастады. Сөйтіп небәрі балдырған шағынан мәнерлеп оқу өнерінің шеберлері атағын алған әпкелі-інілі екеу байқаулардан тек бас жүлделермен оралып жүрді.

Бұл жетістіктің ар жағында қазақтың аяулы ақыны Күләш Ахметованың жырының қуаты тұр еді. Осы уақытта ақынның Тараз қаласында тұратынын білсем де, хабарласуға жүрексініп, бір тілдесуді армандап қана жүргенбіз. Бір күні кешқұрым соғылған телефон қоңырауына құлақ түргенімде нәзік дауыс иесі ақын апам екенін біліп, кісілігіне, кішіпейлдігіне тәнті болған едім.

– Мен Күләш Ахметова – ақын апаларың боламын. Диляра мен Дархан есімді екі бала менің поэзиямды жатқа оқитынын алдымен ватсап желісі арқылы байқап жүрдім. Кейін телеарналардан көрдім. Бұл екі баланы құшағыма басып, алғысымды білдіргім келеді. Үйге келіңдер, – деп мекен-жайын айтып, қонаққа шақырды.

Екі бөпемді құшақтап, ертесіне апаның төрінен бір-ақ шықтық. Аналық ақ жүрегімен ақ дастархан басында күтіп отырған поэзияның ақ гүлін көргенде төбеміз көкке жеткендей күй кештік. Сол күні кішкентай ғана ұл мен қыз Күләш апаның өлеңдерін жатқа оқып, ақ әжелерінің ақ батасын алды, қошаметіне бөленді. Өздерінің кімнің өлеңін оқып жүргенін біліп, танысып, нәзік жан иесінің құшағына кіріп, мейірімін сезініп, мәз болды.

– Әр сөзде кие бар! Сөздеріңе кие қондырып сөйлеңдер, кие қондырып жазыңдар. Сендер менің өлеңімді әр жүрекке жеткізе жолдап жүрген туған баламсыңдар, – деп айтқаны әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұр.

Содан кейін кішкентай Диляра мен Дархан ақын апайды туған әжесіндей көріп, әр мереке, мейрамда апаның шаңырағынан табылды. Мезгіл, ай, күн, уақыт талғамай көргісі келген сәтте шақырып ала қоятын. Сыйластығы бір төбе, сияпаты бір бөлек, мейірімді ақынды ауылдағы анамды сағынған сәт өзім де іздеп барып тұрдым.

Үнемі ақ жаулығы желбіреп, әсем моншақтары ақ тамағына жарасып тұратын. Дерті жанына батып тұрса да әйелдің нәзік болмысын жоғалтпаған абзал ақынға қызыға да қызғана қарайтынмын. Сұлу болып қалудан танбаған ақын жүректі әйелді әсем әшекейсіз елестету де мүмкін емес еді. Ол ақынның ғана емес нәзік әйелдік болмысынан танбаған, нағыз сұлулықтың, кіршіксіз әлемнің символындай болып қай кезде де салтанатты сәнімен, күлімдеп қана қарсы алатын.

Әңгіме түрлі тақырыпта өрбиді. Әз ақын бірде сыңғырлай күліп, жан жары Қайырбек атамен қалай танысқанын сөз етіп, ұл мен қызының балалық шағындағы ең қызықты кезеңдерімен бөліссе, енді бірде мұңға батып отырып қалатын. Әр кездескен сайын әңгіме барысында анасын ауруханаға алып кеткен күнді жиі есіне алып отыратын. Сол сәттің басына қайғы әкелгенін ұмыта алмаған ақын бірде «Анама арнап жазылған «Шілтері» деген жырымды оқып берейінші, сенің жүрегің нәзік қой. Ал тыңда, бірақ жылап қалма» деп ескертіп, әсерлі өлеңін оқи жөнелді.

– Сен кеткен соң басталған-ды басқаша ән,

Жүгіреді жылдар шашып шаңға шаң.

Жырларымды көп адамдар тыңдаған,

Ана, сен ғой естімедің ешқашан.

Сен тоқыған шілтер мынау тозбаған,

Ал мен болсам, тозбайтұғын сөз бағам.

Here адамды сақтау қиын зат құрлы?!

Дейді менің бота көңілім боздаған.

Ой тоқып ем, шілтер емес, шықты өлең,

Тоқи берем, ұқпасам да түк те мен.

Уақыттан сызат түскен сандықта,

Шілтер жатыр соңғы гүлі бітпеген, – деді де «Соңғы гүлін тоқып үлгере де алмады ғой» деп өзегін өртеген өкінішін баса алмай аласұрды.

Құшақтаса кеттік. Дәлірек айтқанда, ақын апа менің құшағыма тығылып, мұңға жұтылып, бір уыс болып бара жатқан еді.

Сол сәт жасы сексенге таяп, қарттықтың қамытын киіп, әжеге айналған ақын әйелдің әп-сәтте анасын ауруханаға жаңа ғана шығарып салған, кішкентай ғана қызға айналып, өксіп отырғанын жан-тәніммен сезінгенмін. Бірге жыладым. Бірге тебірендім. Жұбатқым келді, бірақ шерге толы жүректі жұбату мүмкін еместігін түсіндім. Ана махаббатына зәру болып өскен бүлдіршін тілегі қанша жыл алға жылжыса да, сағынышын бір елі баса алмағанын аңғардым. Қайта жылдан жылға анасына деген махаббаты ұлғая бергенін, ұқтым. Адам баласы нешеге келсе де ана жылуын аңсап тұратынын дәлелдеген сол кеш менің жүрегімді езіп жіберді.

Қазақ поэзиясының ақ гүліне айналған ақын апам, әз апам, «Сіз өмірден өтті» дегенде соңғы гүлі бітпей қалған шілтеріңізді алып, анаңыздың құшағына тығылғаныңызды ұқтым. «Мен өмірден өткенде, осы орамалдарға қарап, мені есіңе аласың» деп едіңіз. Амал бар ма?! Расымен сіз сыйға тартқан жаулықтарды құшақтап, егілдім ау.

Қош, аяулы ақын апам!...