
Көзі қарақты оқырман Төлен Тілеубайды қаламы жүйрік журналист ретінде жақсы біледі. Республикалық бірқатар басылымдарда еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтады. Оның публицистикалық еңбектері өте мол. Айталық, АҚШ-қа жасаған сапарында өз көзімен көріп, көңіліне түйгені «Аласапыран Америка» атты зерттеуіне арқау болды. 2006 жылы жеке кітап болып «Өлке» баспасынан жарық көрді. Біздің қоғамды батыспен салыстыра отырып жазған публицистикалық зерттеу еңбегі жоғары бағаланды.
Одан кейін 2016 жылы «Бақорда» баспасынан «Тәуелсіздік – тұмарым» атты публицистикалық жинағы шықты. Ол, әсіресе, республикалық «Жас қазақ» газетінің Астанадағы меншікті тілшісі болған кезде жақсы танылды. Еркін жазды, күрделі тақырыптарды зерттеп, оқырманға бас-аяғы бүтін зерделі мақалаларды ұсына білді. Елорданың, елдің көкейкесті мәселелерін көтерді. Одан бергі кезеңде «Астана ақшамы» газеті редакциясының құрамында еңбек етуде. Бүгінде әріптестерімен бірге елорданың саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуы және аталған басылымның беделін арттыру жолында қызмет атқарып келеді.
Төлен Зәрубайұлы журналистік қызметтің барлық ауыртпашылығын, тұрмыстық қиындығын жеңе білді. Осы жолда арман-мақсатына қол жеткізді. Еңбегі бағаланып, баспасөзде бағы жанды. Жас кезінде-ақ «Шабыт» фестивалінің «Журналистика» аталымы бойынша Гран-приді жеңіп алды. Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының иегері атанды.
Ғылымға ден қойып, әлеуметтік ғылымдар магистрі, медиа зерттеушісі атанды. Біраз жыл өзі қалаған мамандықтың қыр-сырын терең зерттеді. Соның негізінде «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты оқу құралын жазып шықты (2022 ж). Автордың бұл еңбегі ғылыми тілмен жазылғанын айта кеткеніміз жөн.

Төленнің үш қыры бар. Бірінші қыры – кәсіби журналист, екінші қыры – журналистика саласын зерттеуші ғалым және үшінші қыры – әдебиет әлеміне қадам басуы. Журналистің бәрі жазушы бола бермейді. Поэзия, проза не публицистика саласында болсын, ел оқитын тұшымды дүние жаза білу – Жаратқанның берген сыйы. Қай кезде де «Қолымнан жазу келеді» деп әдебиетке сауатсыз шабуыл жасауға болмайды! Бүгінгі қоғамда пісіп-жетілмеген, не айтқысы келіп тұрғаны жайына қалған, ол повесть пе, әңгіме ме, қай жанрға жататыны анықталмаған шикі дүниелер қаншама? Роман деп ішіне бәрін қосып, кітап шығарып жүрген «көзсіз батырлар» да аз емес.
Әр жанрдың өзіндік ерекшелігі бар, өз тілі бар. Әдеби туынды бір бөлек, мақала не очерктің стилі мүлдем бөлек екенін төселген қаламгерлер ғана айқын ажырата біледі. Ол түгілі, ақпарат пен мақаланың айырмашылығы бар. Ал Төлен Тілеубай әдебиетке бір күнде, бір түнде келе қалған жоқ. Әлемдік және отандық әдебиет әлемін зерттеді, тереңіне үңілді. Ұзақ жылғы дайындықтың нәтижесінде өзі жетік білетін өскен өңірі, балалық шағы туралы жазуды қолға алғаны анық байқалып тұр. Бұл – арлы адамның ісі.

Ал 2024 жылы 28 желтоқсанда Төленнің «Түлкілітаудың аспаны» деген шағын ғана әдеби шығармалар жинағы жарық көрді. «Түлкілітаудың аспаны» – мектеп жасындағы балаларға арнаған туынды. Повестің тілі шұрайлы, күрделі құрмалас сөйлемдер көп кездеспейді. Өмірге, қоғамға бас кейіпкер Әмірдің көзімен қарап, соның таным-түсінігімен ой өрбітеді. Бұл шығарма – ауыл баласының қиялға толы ғажайып әлемі! Артық айтқаным болмас, бұл туынды кино түсіруге дайын тұрған сценарий.
Сондай-ақ бұл кітабына «Ақбөкен жылаған түн» деректі туындысы және «Ақ көгершін», «Гүлсараның махаббаты» әңгімелері енген. Соның ішінде «Ақ көгершіні» әсерлі екенін айта кеткен жөн. Газеттің жұмысымен тығыз айналысып жүрген журналист үшін публицистика мен әдеби тілді шатастырып алмау оңай емес. Төлен сол сынақтан өте білген.
Адам қандай да бір мақсатына дарынымен қоса көп еңбектенгеннің нәтижесінде жететіні белгілі. Төлен Тілеубай келешекте әдебиеттің көрнекті өкілі атануы үшін де көп оқып, көп тер төгуі қажет. Алдағы уақытта алар асулары биік болады, ұлттық әдебиеттің беделін арттыруға үлес қосады деп сенеміз.
Айбатыр СЕЙТАҚ,
ақын, журналист,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.