ЖАРАСҚАН ӘБДІРАШТЫҢ ЭПИГРАММАЛАРЫ

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКОВКЕ:

 

Өзін кейде ұстайды

елестетіп Мұстайды.

Басын қайдам,əйтеуір,

шашы сондай ұқсайды...

 

 Серік оның аты екен,

демейді бұл қате екен.

Кей уақытта - аумаған

өзіміздің Ғафекең...

 

 Кеңес берген кіл оған,

кей уақытта Сырағаң...

Мінез - мінез бола ма,

одан - бұдан құраған?! 

ИБРАГИМ ИСАЕВҚА:

 

Ағаларға еркелеп,
алынбадың көп сынға...
«Шың» басына ертерек
шығып кеткен жоқсың ба?

 

Алақанға салғанға,
артық туған дүрсің бе...
Ибрагим болғанға - 
Абаймын деп жүрсің бе?!

ЖҰМАТАЙ ЖАҚЫПБАЕВҚА:

 

 

"Жарық көрсе "Саратан"*
жұртты аузыма қаратам.
"Лəйлə" жайлы содан соң
лириканы боратам...

 

"Меніменен дауласпа!" - 
деген еді əу баста...
Құптағанбыз біз дағы,
"Саулық" тілеп сау басқа.

 

Көп кездесіп "танысы"
мандымай жүр əлі ісі...
Кəрілердің - жасы да,
жастардың - ең "кəрісі".

 

Үш жинағы қолында,
талапкерлер соңында.
Сирек қалам сілтесе,
себебі бар оның да...

 

Өзін ұзақ баптайды,
салдарша сөз саптайды.
Бір ай жазған өлеңін

Бір жыл насихаттайды... 

 

ШӨМІШБАЙ САРИЕВҚА:

 

 

"Əдеби көштің
əулетін сынап жүрсің сен!
Формасы - Пушкин,
мазмұны - сұрақ...кімсің сен?"

Он жыл бұрынғы уақыттың осы сұрағы,

оның бүгінгі күн тәртібінде тұр əлі!

 

 

ХАМИТ ЕРҒАЛИЕВҚА:

 

 

Мақтау үшін Хамаңды,
білу керек шамаңды.
Бір көргеннен таниды ол
жақсы менен жаманды.

 

"Қамал бұзып қырықта"
көнбей келген ырыққа...
Ақжал асау жəне сол 
алдырмаған құрыққа!

 

Жалған айтып ендеше,
жалпылдама делбеше...
Естімеген ешкімнен

"сөз" естігің келмесе! 

ОСПАНƏЛІ ИМАНƏЛИЕВКЕ:

 

Лирика ма?
Оспанəлі
оған дағы бас салады. 
Сатира ма?
Оспанəлі 
оған дағы бас салады.
Əңгіме ме?
Оспанəлі 
оған дағы бас салады. 
Роман ба?
Оспанəлі 
оған дағы бас салады.
"Мен болмасам,əдебиет -
дейді ме екен, - бос қалады..."

 

ƏБІШ КЕКІЛБАЕВҚА:

 

 

 

 

Жоқ ырғасар айтыстасы,
сөйлеп кетсе кезек келіп.
Қор болады кей тұстасы,
қыр астынан тезек теріп...

 

Шекспир мен Данте ағасы
қақпас шетке қары сынбай.
Пушкиндердің парталасы,
Толстойдың танысындай.

 

 

Жержүзілік жыр көгіне
Аполлонша алады ұшып.
"Шүкір!" дейсің жүргеніне
жұртпен бірге тамақ ішіп...


.

ӨТЕЖАН НҰРҒАЛИЕВҚА:

 

Дей алмаймыз: ойларың бұрыс – ағат,
болды соғыс біздерге - ірі сабақ!
Сау адам жоқ,əйтсе де,кітабында:
бірі – соқыр,
бірі – ақсақ,
бірі – шолақ...

 

Шалбарының көрмеген қыры түсіп,
бірі - надан...
бірі –қу,
бірі – пысық...

 

Барғанның да соғысқа,
бармағанның:
бірі - сақау,
бірі – "қырт",
бірі – пұшық...

 

Ауыр алма осынау сөзімді,аға,
көңіліңді серпілтсін сезім жаға.
Ауылыңда болыпты бір сау адам,

оның өзі,əрине - өзің ғана... 

 

КЕҢШІЛІК МЫРЗАБЕКОВКЕ:

 

 

 

Мінездес мың құбылған теңізбенен,
кезі жоқ
"Мұның қалай?" - дегізбеген...
Тақырып таңдамайды тақуасып:
ат та - өлең,
атан да - өлең,
өгіз де - өлең...

 

Шайқалып шыққандайын қырға құлжа
найқалып жүргеніне мүлде ырза.
Аты мен заты бірақ сай келмейді:
бірде - кең,
бірде - сараң,

бірде - мырза... 

 

САҒАТ ƏШІМБАЕВҚА:

 

Белинскийден бастайды,
Жирмунскиймен жасқайды.
Алдыңды орап Абаймен,
апарып біраз тастайды.

 

Жуковскиймен састырып,
жүзіңді əбден пəс қылып,
Пушкинмен періп өтеді,
Толстойменен басқа ұрып.

 

Көрсетпес шағын төбені,
шыңдар да неткен көп еді...
Тартады сосын көлденең
Кафка мен Кобо Абэні...

 

Танымал талай дананы
тізімге солай алады...
Қаламдастарға келгенде,
Қаламы жүрмей қалады...

 

ҰЛЫҚБЕК ЕСДƏУЛЕТОВКЕ:

 

 

 Алматыдан Мəскеу кетіп

қатынапты,
қажыпты...
Ал,Мəскеуде Есдəулетов
оқымапты,
жазыпты...

Кішігірім томдай екен көлемі,
көрейікші қандай екен өлеңі?

 

 

 

 

ЕСЕНҒАЛИ РАУШАНОВҚА:

 

 

Жоғалтып алып Раушановты, - 
Жизақтағылар сұрау салыпты...
Біреулер: "Қазір "Жалында", - депті, - 
Мұхтар Шахановтың жанында, - депті.
Біреулер: "Қазір "Арайда", - депті, - 
"əкім" болады қалайда, - депті...
Ал олар: "Ақын болатын - ақ еді,
ахуалы қазір солай ма?" - депті.