ТУҒАН ЖЕРГЕ ОРАЛҒАН ІЗ

Бейсенбі күні Ізтай Мәмбетовтің туғанына 90 жыл толуына орай Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдығына арналған «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты республикалық әдебиет форумы аясында Алға ауданында ақынға ескерткіш және оқу кабинеті ашылып, «Табанталда қалған із» кітабының тұсаукесері өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған белгілі ақын-жазушылар, сондай-ақ ақынның туған-туыстары қатысты.

 

Оқу кабинетінің ашылуы

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов бастаған топ алдымен Бестамақ ауылындағы Есет батыр кесенесіне барып, батыр рухына тағзым етті. Сондай-ақ Ізтай Мәмбетовке арнап Құран бағыштады.

Бұдан кейін еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қаламгерлер Бесқоспа ауылындағы орта мектепте Ізтай Мәмбетовке арналған оқу кабинетінің ашылу салтанатына қатысты.

Салтанатты жиында ізтайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент  Тілектес Тоқсанбаева Ізтай Мәмбетовтің қазақ поэзиясында алар орны ерекше екенін айтып, ақынның туған жерінде оның есімін ұлықтап жатқан азаматтар мен туған-туыстарына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Бесқоспа орта мектебінің оқушылары Ізтай Мәмбетовтің өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды.

Шарада қазақтың лирик, эпик ақыны, аудармашы Ізтай Мәмбетовке арнап ашылған оқу кабинетінің лентасын көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен ақынның қызы Жібек Мәмбетова қиып, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева алғалықтарға ақжарма тілегін айтты.

— Ізтай ағамыз көп сөйлемейтін, өте ұстамды кісі еді. Оның өлеңдерін жаттап өстік. Мен өзім Ізтай ағамен аз уақыт болса да бірге жұмыс жасадым. Ол кісі маған редакцияға келген хаттарды: «Мыналарға жауап жаза бер», — деп тастап кететін. Ол кездің ақындары көңілді, өз-өздері өлең оқып, жиі бас қосушы еді.

Ізтай аға асау, терең ойлы, лирик ақын болатын. Сондықтан ол кісімен бірге жұмыстас болғаным — мен үшін үлкен мәртебе. Ол кісіден поэзияға адал болуды, өлеңді ойлауды, қызметке аса жауапкершілікпен қарауды үйрендік. Мен сияқты көп ақындар Ізтай ағадан шын ақынның қандай болу керектігін үйренді деп ойлаймын, — деген Ақұштап Бақтыгереева мектеп ұжымына өзінің өлең жинақтарын сыйға тартты.

Бұдан кейін қазақ поэзиясына өзіндік жаңа ырғақ, тегеурінді екпін әкелген белгілі ақын Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова әкесінің бірқатар еңбектерін Ізтай Мәмбетовке арналған оқу кабинетіне тарту етті.

Айта кету керек, оқу кабинетін мектептің мұғалімдері жасақтаған. Кабинетке ақынның еңбектері мен портреттері қойылып, ол туралы жазған қаламгерлердің ұлағатты сөздері ілінген.

2015 жылы ашылған Бесқоспа орта мектебінде бүгінде 100-ге жуық бала білім алуда.

Өткен жылы мектеп ұжымы аталған білім ордасына Ізтай Мәмбетовтің есімін беру туралы ұсыныс білдірген.

Ақын атындағы көшеге ескерткіш қойылды

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған ақын-жазушылар Алға қаласындағы Ізтай Мәмбетов атындағы көшеде ақынға арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты.

Салтанатты шарада Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов құттықтау сөз сөйлеп, Ізтай Мәмбетовтің 45 жасында өмірден өткенін, ақын қысқа ғұмырында қазақ поэзиясына өз қолтаңбасын қалдырып кеткенін жеткізіп, Ізтай Мәмбетовтің есімі мәңгі ел есінде сақталатынын атап өтті.

Бұдан кейін сөз сөйлеген көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет:

— Жанын салып жазған жырлары бүкіл Қазақстанға, әлемге құстай самғап ұшқан, көкіректерге барып қонған Ізтай ақын бүгін, міне, біздің алдымызда ескерткіш болып еңсесін көрсетіп тұр. Бұл ескерткішке бұдан былай жас жұбайлар келіп гүл шоғын қояды, үлкен де, кіші де тағзым етіп өтеді. Бұл — әдебиетке, поэзияға қойылған ескерткіш, осы қасиетті топырақтан түлеп ұшқан перзентке деген адал ықылас. Бұл ескерткіш өз ұлын ұлағаттап жатқан мекенге жан-жақтан, шартараптан көзін тігіп отырғандарға медет болады деп ойлаймыз. Айта кету керек, көп жылдар есімі елеусіз қалып келген Ізтай ағамыз өзінің қатарластарынан поэзияда да, әдебиетте де қалмағанымен, омыраулап озып шыққан ақын болғанымен, шынын айтқанда, қоғамның бір шетінде көштен қалғандай болып көрініп еді. Міне, бүгін ел-жұрты өзінің ерін, ақынын ардақтап жатыр. Сондықтан бүгінгі шарада осындай ақын берген топыраққа, елге үлкен рақметімізді айтамыз, — деді.

Шарада ескерткішті ашу құрметі облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановқа, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке және ақынның қызы Жібек Мәмбетоваға берілді.

Салтанатты шарада республикалық, облыстық «Ізтай оқулары» байқауының жеңімпазы Ислам Тәжіғали ақынның «Мен ақынмын» өлеңін мәнерлеп оқып, алғалықтар ақынның рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Айта кету керек, ақынға арналған ескерткішті орнатуға «Бабек Құрылыс» ЖШС мен «Жаса» жобасының Алға ауданы бойынша жетекшісі Темірлан Сисен қаржылай демеушілік көрсеткен. Жоба құны — 7 млн теңге.

Қойылым ұсынылып, кітап тұсауы кесілді

Ізтай Мәмбетовтің туғанына 90 жыл толуына орай аудандық Мәдениет үйінде «Заман-ай» халықтық театры «Күлімдеген қара көздер» атты театрландырылған қойылым ұсынды.

Ізтай Мәмбетовтің өмірінен алынған, бірнеше эпизодтан тұратын қойылымды жергілікті ақын, драматург Нұрлыбек Қалауов жазған. Қойылымның бас режиссері — Жайна Төлебаева.

Қойылымда ақын Ізтай Мәмбетов пен қазақтың белгілі композиторы Шәмші Қалдаяқовтың достығы мен екеуі бірге жазған «Күлімдеген қара көздер қалалық» әнінің тарихы да баяндалады.

Аудандық «Заман-ай» халықтық театры ұсынған қойылымды жұртшылық ерекше ықыласпен көріп, театр әртістеріне зор қошемет көрсетті.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов театр ұжымына ризашылығын білдіріп, тілегін жеткізді.

— Бүгін Ізтай ағамыздың туғанына 90 жыл толуына орай туған жерінде үлкен іс-шара өтіп жатыр. Ақынның қалдырған ізі, мол мұрасы болашақ ұрпаққа баға жетпес қазына болып қалары сөзсіз. Ал бүгін аудан өнерпаздарының ұсынған қойылымы баршамыздың көңілімізден шығып, бір серпілтіп тастады. Бұл ақынға деген зор құрмет деп білеміз.

Айта кету керек, осыдан бір-екі ай бұрын облыс басшысы өңірде Әдебиетшілер үйін, ақын-жазушылар аллеясын, сондай-ақ Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрына, Әлия Молдағұлова атындағы облыстық музейге, облыстық кітапханаға жаңа ғимараттар салу керектігін айтып, жаңа бастамалар көтерген болатын. Сондай-ақ Ақтөбе өңірінен шыққан жеті қаламгердің атына арнайы үздік номинациялар берілетінін де атап өткен болатын. Олардың қатарында Ізтай Мәмбетов те бар, — деді ол.

Шарада халықтық театр ұжымына облыс әкімі атынан ықылас гүлі табысталып, ақынның қызы Жібек Мәмбетова мен ақынның туған апасы Айман Елмағанбетоваға сый-кәде тарту етілді.

Бұдан кейін шарада ақынға арналған «Табанталда қалған із» кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптың лентасын облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов пен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақынның қызы Жібек Мәмбетова мен кітаптың құрастырушысы, «Жұлдыз-Звезда» аудандық газетінің редакторы Шара Тұрмағанбетова қиды.

                                              Данагүл ҚАЗИХАН

Алға ауданы