ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ. ЕТБАУЫР

Адамға адам етбауырындай боп бауыр басып өмір сүруі мүмкін дегенге кексе тартқан түйсік пен суық тартқан бауыр сендіре қоймас. Бірақ көзі тірі кезіндегі менің оған деген ессіз ықыласым сондай риясыз, алғаулы сезімге толы еді. Соның сартабы мен татынан, сол бір беймезгіл зауал таңда Несіпбек жарықшақ дауысымен: «Ағаңнан айрылып қалыппыз», - деген шақтағы өтім жарылып кеткендей боп тұла бойымды жайлаған ащы уыттан жиырма жыл өткен соң да арыла алмай, қаламды енді ғана қолыма алып отырмын. Мұндай суыт та суық естіртуді естігенде тыныс ала алмай, булығып қалдым. Жұтқан ауа түйнектей түйіліп, өңешіме тығындалып, жұтынған сайын кеудеме батып, денемді буды. Бір кезде құрғақ ауа өксікпен қоса парлаған жас араласа сыртқа төгілді. Сол өксік болмаса ... шарасыздықтың қыстыққан уыты жайылған денемді құрғақ ауа жарып жіберетін бе еді, кім білсін. Зады, тосыннан айтылған суыт хабарды естіген сәтте талып қалатын адам осындай күйді басынан кешетін болуы керек. Іле Қалихан (Ысқақов) ағаның: «Естідің ғой, тез одаққа кел. Мәйітті жөнелтудің қамына кірісуіміз керек», - деген абдыраған дауысын естігенде барып есімді жидым.

Сонда ғана барып оның бұл сапарға тосын әрі сүлесоқтау күйде ықылассыз аттанғаны көз алдыма келді. Соңғы уақытта оның мінезінен оған жат шарасыз салғырттық аңғарылып қалатын. Өзін бұрынғыдан да оңаша, тұйық ұстады. Ұшыраса қалғанда кеудесін сәл шалқақ ұстап, көзін аспанға қадап, бейне бір суретке түсетін адамдай сұлық тұрып қалатын. Ешқандай жауапсыз үнсіздікпен сөзіңді тыңдап, бір сөзбен жауап беріп, басын бір шайқап қойып жүріп кететін. Кейде одақта, театрда, не қонақта болсын, терезеден сыртқа ұзақ қарап, кілт бұрылып жүріп кететінін жиі байқап жүрдім. Біріне бірі ұласқан, айналасы екі-үш жылдың ішінде әкеден, шешеден, апайдан, қарындастан, жарынан айырылып, жалғыз басы сопиып қалған, кеудесіне толған шерді төгіп алатындай өзін-өзі ауырлап, адымын ауырлап басқан зауалды шақта да мұндай мінезі байқалмаған. Ол мұндай зауалды өзінің жалғыздығын көңіл аңсарына айналдырып алғанынан көріп: «Сен балаңнан да айрылып көрдің. Менде ол да жоқ. Мұңға әуейі болмау керек екен. Ол бұлт сияқты, мұңға мұң шақырады екен. Мен, міне, енді шын шерменде болдым», - деп жұмыстағы жазу столының үстіндегі әйнегінің астындағы Айманның суретіне мұңая қараған. Әйнектің қалтарыстау бір бұрышынан мінезі де, түрі де өзінен аумайтын, еркекшора қарындасы марқұм Мәншүктің ауылда түсірілген шағын суретін байқап қалдым. Кеудені сазытқан ондай аянды сары мұңды дүниеге келген шикіөкпелер - Айхан мен Айжан сейілтетін шығар деп ойлағамын: «Зарығып көргендіктен шығар, күндіз-түні көз алдымнан кетпейді. Құмарым қанбай жылап тұрып иіскей беремін. Көз алдымда тұрмаса көз жазып қалатындай үрейленемін. Бұл сезімнен арылу керек шығар. Әзірше, ұзақ күттім ғой, құмарымды баса тұрайын деп жүрмін», - дейтін ақталғандай боп. Оның санасына ұялаған мұндай табиғи қарама-қайшы ойлардың еш ерсілігі жоқ сияқты еді. Мен оны басқаға, яғни, өзгерген ошақтың райына жорығамын.

Соңғы жылдары тек жұмыста ғана тіл қатысып жүрдік. Бұрынғы елжіреп, өзімсініп тұратын жан жылуы салқын тартқандай еді. Бірақ осыдан жиырма күндей бұрын Қалихан ағамыздың үйіндегі қонақта өзінің бауырлары Әлібек пен Дидахметті емес, мені туған бауыры деп есептейтінін айтып, бұрынғыдай жақын тартып, жанына отырғызған кезде, елжіреген есіл күндер қайтып келгендей болды. Өзінің сыныптасы Нұрсара апайға ара-тұра әзілдеп қойып, көңілін көтергендей боп отырды да, күтпеген жерден менің ата-тегімді қаузай жөнелгені. Оқыс та таң қалатын сұрақты қоюының себебін: «Осы отырғандардың барлығының тұқым-тұянын, заузатын білемін. Мен көргенде Дидахмет пен Әлібек шөметейін жаппай, жалаңбұт жүгіріп жүрген... Қал-ағаң менің нағашым. Осылар сені үйіріне қосып алсын, бұл кім еді - деп жүрмесін деп сұрадым. Тұрсын - менің бауырым. Енді сендер қатарыңнан мұны тастамаңдар. Қатонқарағайды өзіммен ертіп барып аралатамын деп уәде беріп ем бала кезінде. Ұзақ уақыт визасы құрғыр пәле боп, реті келмеді. Оны мына Әлібек орындап қойыпты. Шыңғыстайдағы біздің үйге барған. Менің шешемнің батасын алған. Мәншүк жақсы көріп қалжыңдасатын. Айман марқұм мақтайтын. Ал, Тұрсын, біліп қой, менің шешем болмаса, мына Нұрсара күйеусіз қалатын еді», - деп біраз еркін ой айтты. Оны Қал-ағаң жалғастырып, шұбатылған хикаяға айналып кетті.

Сол жолы мені таң қалдырған Гүлия шешеміздің тағы бір ерлігін естідім (Кейін Ғалия қарындасым жаңғыртып айтып берді). Сөйтсем, Нұрсараның жолдасы Алтыбай ағамыздың әкесін халық жауы деп ұстап әкетіпті. Енді әйелі мен шиттей жалғыз ұлды тұтқынға алмақ болғанда, олар кержақтардың «алапестерге» («для прокаженных») арналған моншасының ішіндегі жертөлеге тығылыпты. Гүлия шешеміз түн ішінде оларға тамақ апарып беріп тұрыпты. Содан жасырын жолға салыпты... Екі мұңлық жаяу-жалпылап Алматыға келіп, аман қалыпты. Алтыбай мен Нұрсараның тағдыры осында қосылыпты. Алтыбай ағаның бұл әңгімесіне Ор-ағаң масаттанып, жауырынын қойқаңдатып, Ардақ жеңгейге қарап-қарап қойып отырды. Алтыбай аға да ел жайынан тым хабарсыз өспепті: «Ол рас, Гүлия шешей батыр, тәуекелшіл жан еді. Қатонқарағайда әйгілі жүйрік ат болды (атын ұмыттым, қатирамдағы жазуды таба алмадым). Соғыс жылдарында той қайда. Өзі қыста шанаға, жазда арбаға жегіліп, ығыры шыққан бәйгені көктемде соқаға салады. Содан жеңіс күні жетіп, ел мейрамдайды. Бір уақытта ел шуласа жөнеледі. Сөйтсе, жұрттың абыр-дабырын естіген бәйгенің баяғы думанды күні есіне түсіп, мына даурығысуға елеңдеп, Бәйгетөбені шыр айналып, өзімен өзі жарысып жүр екен. Гүлия шешей де сондай, арқалы адам еді. Кезі келсе күресіп те кетеді. Ол кісінің жақсылығын ұмытпаймыз», - деді. «Менің жауырыным шешеме тартқан. Қарашы...», - деп Ор-ағаң кеудесін кере қойды.

Өзгесі өзге, Ор-ағаң, шындығында да, қай жағынан алғанда кеуделі еді. Жеңешеміз кіріге қоймаған ортаның сөзіне килікпеді. Ор-ағаңа сыбыр ете қалып, орнынан көтерілді... Олар балаларға - Айхан мен Айжанға алаңдап, ертерек қайтты. Мен дәлізге ере шығып ем, баспалдақтан түсе бере кілт тоқтап, Ардақ жеңешемізге: «Есіңде болсын, мына ұл шынында да менің туған бауырымдай. Сен біліп қой. Кейінгі жылдары алыстап кетті. Үйге арнайы шақырамын», - деді, маған көзі жасаурап тұрғандай көрінді. Екі-үш жылдай қарасын көрмеген шаңырақтың жылуы бетімді шалғандай сезіндім. Жеңгеміздің қас-қабағынан еш жауап әсер байқалмады. Соған қысылғандай, Түркияға баратын сапарынан бас тартқанын айтып: «Түркия өзіміз ғой. Реті сан рет келер. Тәжімахалды бір көрсем деуші ем... және қазір ол жақтың ауа райы салқын болса керек... Жеңгең қазақшаға шорқақ. Түсіндіремін ғой», - деп баспалдақпен төмендей берді. Алдыңғы сөз бен соңғы сөздің дауыс ырғағы, жотасын беріп тұрып айтқандықтан ба, тым басыңқы естілді. Дегенмен де ықыласы, бауыры суымаған екен деп, жеңілдеп қалдым...
Жол жүретін күні кеңсесіне бардым. Кірімді-шығымды кісі боп, тереңдеп кете алмадық. Тек, тәуелсіздіктің берген тәуекеліне орай алғаш президенттік сайлау қарсаңында жазылған «Несіне жетісеміз?..» атты мақаламды ұсынғанымда: «Мен мұны баспаймын. Газетке керек. Бірақ сен жазғандықтан да баспаймын. Арандап қаласың. Әлі адымың ашылған жоқ. Қайтып мұндай нәрсеге уақытыңды шығындама. Қолжазбаны қайтармаймын», - деген мақаланы Ұлықбек жариялап жіберген. Соны есіне ала отырып: «Сен оған өкпелеме. Сенің қамың үшін істегем. Ел ақын бола алмай жүргенде, ақыннан жазушы болдың. Ел журналистен жазушы бола алмай жүргенде, енді саясатшы журналист болғың келеді. Уақытыңды алады. Қадірің кетеді андағыларға... Ақылға көн. Көнбесең маған бәрібір», - деген жанашырлық пікір айтты. Қалай ұмытпаған, студент кезімде әңгіме апарып бергенімде: «Сен бізде ақын ретінде танылдың. Мына әңгімеңді оқымаймын. Қайтып маған көрсетпе», - деп қайырып берген. Ор-ағаңның сол сақтандырғаны дұрыс екен. Өмірдің екшеуімен бүгіндері соның бәрі ұмытылып, ғалым деген сөз ғана сопиып қалды. Екінтіге орай Делиге ұшуы керек. Барға барып кофе іштік. Түстікке үйіне бармай қолжүгін жүргізушісі Махмұдқа алдырды да, иығына асып, жалғыз өзі әдеттегідей басын көтере ұстап көлікке беттеді. Ешкім шығарып салмады, оған өзінің де ықыласы болмаған сияқты. Аэровокзалдан Талғат (Кеңесбаев) күтіп алмақ көрінеді ... Жазушылар одағының есігінің алдына тұрып көзіммен шығарып салдым. Әдетте бір-екі ауыз емеуріні болушы еді. Ол да жоқ. Ұзын шашы иығын жапқан жотасын беріп теріс қарап жүріп кетті. Қайтып оның беті бері қарағанын көру маған бұйырмапты.
Одақтың іші тым-тырыс, үрпиіскен жазушылар, көзін бұлаған қызметтес әйелдер. Қал-ағаңмен көрістім. Сүйекті әкелумен Қазақстан мен Индияның елшілігі айналысып жатыр екен. Ертең келмек екен. Бізге үй-ішін дайындау жүктеліпті. Сол баяғы Айман жеңешем дүниеден қайтқанда иен үйдің есігін ашқан Қал-ағаң, Әлібек, Дидахмет, газеттен Әмірхан, Талаптан, Жаңабек бар, бәріміз үйіне беттедік. Есік алды сапырылыс. Үй-іші тым-тырыс. Жұрт үнсіз кіріп, көңіл айтып, үнсіз шығып жатыр. Тек қаршығадай ғана Ғалияның жалғыз дауысы тұншығып шығады... Қуанышбай (Құрманғалиев) ағамыз жаутаң-жаутаң қарап, көзінен тоқтамай аққан жасын қолорамалымен сүрте береді. Сайымжан аға (Еркебаев) мен сол үйдегі апайымыз, Мараттың жары Сәуле жүр. Шынын айтайын, сонда ғана Ор-ағаңның жалғыздығы есіме оралды. Өлу үшін де етбауыр ағайын керек екен. Ал өзі айтқан етбауыры мен емес пе едім деген оймен Әлібек пен Талаптанға жөн айта бастадым. Олар да абдыраған. Осындай бір торығуда тұрғанымда Алтыбай ағамыз бен Нұрсара апай бастаған, Рамазан қостаған қатонқарағайлықтар сау ете қалды. Нұрсара апай дауыс салды. Сонда ғана қаралы үйдің жамылғысын жамылды...

Мен сол Ор-ағаңды жөнелту рәсімі тұсындағы Нұрсара апайдың еңбегін еш ұмыта алмаймын. Әлі де көз алдымда. Ол кісі асүйді қолына алғанда бәрі де үйлесіп жүре берді. Барлық ресмиятты жазушылар одағы мойнына алғанымен де үй-ішілік күйбең тіршіліктің қам-қаракеті, оның үстіне Ор-ағаң сияқты ағайынның арты жинақталмай қалған адамның жөнелту рәсімі өте шетін еді. Ашығын айтайын, Айман жеңгемнің бауыры Кенжехан кіммен көріседі, кімге көңіл айтады? Екі көзі қызарып, көз жасын тия алмай жүрген Ғалияның тізгінді қолына алып кететіндей өмір тәжірибесі жоқ еді. Кісі аяғы басылмады. Аулаға киіз үй тігіліп, қазан көтерілді... Есімде қатты сақталып қалғаны: сонау Делиден жөнелтілген табытты үйге кіргізіп, оңаша бөлмеге қойған соң шақырылған дәрігер екеуміз бетін аштық. Сол қалпы. Қонақүйдің бөлмесінде жалғыз жатқан. Түнде жүрегі қысқан шақта ... қасында ешкімнің болмағанын сәл жымырылып, тістеніңкіреген еріні білдіріп тұр. «Айман жеңешем болса ғой!..», - деген әзәзіл ой сумаң ете түсті. Ол ойым күпірлік еді. Бұл - Ор-ағаңның өзі көңіл ауаны етіп алған, барлық туындыларының аңсарына айналған Жалғыздық деген сұмның жазмышы еді. Мен: ажалдың емес, жалбыздың иісі шығып тұрсын. Дәстүр солай, - деп жедел жәрдемнің дәрігеріне түсіндіре отырып, Әлібек пен Талаптан алып келген екі уыс жалбызды табыттың екі бүйіріне қойдым. Өйткені жалбыз жылуды бойына тартатын. Бір түйір тасты кеудесіне қойдым. Ол тынысты тарылтатын... Ал жанымды түршіктірген нәрсе: сыртқа шыға бергенде қаға-соға ентелеген біреудің: «Табыты қызыл сандал ағашынан жасалыпты дейді. Рас па? Ауыр шығар, ә?» - деген құзғын дауысы. Иә, Ор-ағаңның сүйегі де, табыты да қызыл сандал ағашындай асыл еді. Турасын айтайын, естіген кезде қатты булығып алғандықтан ба, білмеймін, мені сол күндердегі жөнелту рәсімінде сондай бір өзім сенгісіз сабырлылық билеп алды...
... Қас қарая ел аяғы басылды. Айман жеңешеміздің бауыры - Кенжехан, Талаптан (Ахметжан), Әмірхан (Меңдібек), Жаңабек (Шағатай) бесеуміз есік алдындағы киіз үйді күзетуге қалдық. Ошақтың отын демдеп отырып, сол таңды ұйқысыз атырдық. Кенжехан ашылып тіс жармады. Ал қалғандарымыз әрқайсымыздың өзімізге тиесілі Ор-ағаң туралы айттық...
Жоқтау айтып тұрып еске алатындай Ор-ағаңның жан жылуы әлі жүрегімізде қоздап тұр еді.

І.

Ол - өмірден гөрі әдебиет кеңістігіндегі қиял әлемі көбірек баурап, көркем сөздің буына елітіп жүрген бұла шағым еді. Сезім шоғы қозданып, үп еткен леп тисе болды, лау ете түсетінін өзім де күтіп жүргендей едім. Ұнамайтын, әсерлендірмейтін шығарма жоқ еді. «Абай жолынан» ашылған тынысым бәрін сіңіре беретін. Тіпті жаныма жат сықақ жанры да өзіне тартты. Құбылысты көркем қабылдау мен көркем талдау түйсігі қалыптаспағандықтан да, сезімнің өткір қызуынан кеуде балқып тұр, бірақ құятын арна жоқ. «Менің жазатын өмірімнің бәрін жазып қойыпты», - деп Бердібек ағамызға өкпелеп жүрген кезім. Алақандай қатирамдағы шимайға көзі түсіп жүретін парталас Алтын деген қыз бір күні: «Мынау сен оқитын кітап», - деп «Жәмиланы» ұсынды. Оған жүрек қылын шертетін Қалиханның «Қоңыр күз едісі», Насреддиннің «Аққайыңы», Қабдештің «Құрбылары», Қалдарбектің «Қоштасқым келмейдісі», Тұрдыбектің «№14 кілті», ең соңында оған Экзюперидің «Кішкентай шаһзадасы» қосылды. Жанымды баурайтын, сезім мен қиял әлемін байланыстырған бір нәзік саңлау ашылғандай болды. Тұманың тұнығына түскен бейнеңе ұзақ қарап отырып, соңында судың бетін шайқап-шайқап жіберетін балалық тентектік сияқты, мен де алабұртқан көңіл әсерін шайқап-шайқап жібергім келеді.
Сондай бір алабұртқан шағымда «Ленин­шіл жастың» төртінші бетінің соңына беріл­ген, екі адамның ошақ басында отырған су­ре­ті сызылған «От басындағы екеу» деген сурет­теме көзіме түсе қалды. Тез оқыдым. Жүрегім дір еткендей болды. Кәдімгі суреттеме. Бірақ сезім талшығын инемен іліп алғандай шым еткізіп, өзіне баурап алды. Есіме Бесқарағайдағы «Башкөл» мектебіндегі сыныптасым «Бөкеев» түсті. Бірақ ол емес. «Қазақ әдебиетіне» шыққан «Ғайни» атты әңгімесін оқығаннан кейін бұл есім менің санамды жиі мазалайтын болды. «Жұлдыздағы» «Сарыарқаның жаңбырындағы»:
Қонғаны ауылымның Құрымбай саз,
Жайлаған алты ай жаздай сарыала қаз.
Шолпандай таң алдында туып батқан,
Қайтейін, о, дариға-ай, ғұмырым аз, -
деген сарынды «Бір мысқалдың» әуеніне салып ыңылдай беретінді шығардым. Қазір де күрсіне сыбырлаймын. Өйткені Сұлтанмахұттың келте тағдырын жазушыға да, маған да қатысты сияқты сезіндім. Іле... «Бура», «Ардақ», «Қамшыгер», «Мария» атты әңгімелері «Лениншіл жасқа» лекіте жарияланғаннан кейін «Оралхан Бөкеев» деген есім менің жандүниемді баурап алды. «Мариядағы» ерсілі-қарсылы ойлар, аспанға ұшып бара жатып кілт жерге құлап түсетін кейіпкер ойы, «Терісаққан» Есілге құяды. Есіл неге құяды... Әттең, Терісаққанға Есіл құйса ғой!..» - деген сілтей салды сөйлемдер, асқақ емеурін көңілімнің құлақкүйіне айналды. Әсіресе, «Мария» (кейін аты өзгерді) жарияланған беттегі суреті көзіме оттай басылды. Сол сурет пен Бұқтырманың сарыны, көккөз қыздың сең бұзылған жағадағы жан шымыры, бозбаланың беймаза булығуының арасында нәзік байланыс бардай сезілді.

Бұл - әдебиет кеңістігіндегі Оралханның дәурені басталған кез еді. Сол сәттен бас­тап мен ең аяғы мектептегі шығармаға дейін Оралханның мәнерімен жазатын болдым. Қиял жібін оңды-солды лақтыра берсем керек, оқиғаның желісі шырма-шатуланып кететін. Екі көзімді қысып алып, басымды сәл кекжитіп, аспанға қарап жүретін әдет те сол кезде қылаң берді. Шындығын айтқанда, мен бұл жазушыға көзсіз аңсарым ауды... Газеттегі очеркінің өзін де көркем шығарма сияқты қабылдадым. Бұл - еліктеу емес, кәдімгі, «жазылмайтын дерт» болып жабысты. Оралханның көңіл ауаны мен сарыны қияли өмірімді билеп алды.

Алматыға оқуға түсуге келдім. Құжат­та­рымды өткізе салысымен ауылдан көшіріп әкелген өлеңдерімді «Лениншіл жас» газетіне ұсыну үшін редакцияға беттедім. Көңіл күпті, дәме зор. Қазіргі Абылайхан мен Жібек жолының қиылысындағы екінші қабатқа көтерілдім. Абдырап тұрғанымды сезген қиық мұртты жас жігіт жөнімді сұрап: «Мен Кәдірбек Сегізбаев деген ағаңмын... Әдебиет бөлімі мұнда. Ораш, саған бір жас ақын келіп тұр. Түріне қарағанда болатын бала сияқты», - деп кең, бірақ столдары сығылысып қойылған бөлмеге кіргізіп жіберді. Кіре бере оң қапталдағы төрдегі орындықта шалқая отырған, елестеткеннен де ұзын қаба шашы иығын жапқан, иықты, беті атжақты, көзін тіксіне қадайтын Оралхан Бөкеевті бірден таныдым. Сол отырысымен де мысымды басып жіберді. Бірден:«Бізде не көп, өлең көп. Оқып үлгере алмай жатамыз. Міне, үйіліп жатыр. Мұның ішіне түсіп кетсе, бітті, шөмелеге түскен ине сияқты қайтып көзге түспейді. Сондықтан көңіліңе келмесін, көзіңше оқимын да қайтарамын. Қане, әкел...»,- деп қолын созды. Шалқайыңқырап отырып үнсіз оқи бастады. Мен түрегеп тұрмын. Кенет: «Ей, Теңізбай, мына бала сенен гөрі ақын екен. Әйтеуір кітап шығарғандардан тәуір. Сен суретіңді әкел. «Тұсаукесерге» береміз... Ал, енді кімсің өзің? Е, Айпараның бауыры екенсің ғой. Менің әңгімемді оқыдың ба? Айдосты шатастырдың деп хат жазыпты бір шал. Сол дұрыс па. Неге тұрсың, суретіңді алып кел. Тез», - деді. Сөз айтуға демім жетпей дәлізге шықсам Кәдірбек ағамыз есігін жауып жатыр екен: «Тез шықтың ғой, бала. Жазып жүрген баласың-ау, сірә. Атың кім. Ораш не деді. Қалай? Өй, сен өзің мықты болдың ғой онда. Глянцевый қағазға шығаратын фотоға түс. Пәлен жерде. Тездет. Ұмытылып кетесің», - деп жөн-жобасын айтты. Күнаралатып суретті апарып бергенімде саусағының ұшымен столды көрсеткен Оралхан ағамыз сәлемді алмас­тан бұрылып шыға берді. Үмітсізденіп, салым суға кетіп, мен де соңына ала шықтым. Сонда ғана артына жалт қарап бұрылмастан: «Алғысөз жазып, теруге жіберттім. Бас редактор (Ш.Мұртаза) ұнатты», - деп басын шалқақ ұстап жүріп кетті. Қиялымда соншама бауыр басып, аялаған адамымның іштартқаны қайсы, сыртқа тепкені қайсы, мінезі ішіме қонбады.
Күндер өтті... Бірінші тамыз күні таңертең емтихан тапсыруға барсам... абитуриенттер мені көрсетіп гу-гу етеді. Шашы тікірейген Несіпбек: «Өлеңің шығыпты», - деді. Расында да, Оралханның өзі шағын түсінік жазған бір топ өлеңім суретіммен «Тұсаукесерге» жарияланыпты! Бұл, шын мәніндегі қуаныш еді. Ол кезде «Тұсаукесер» айдарымен бір жинағы шыққан жас ақындардың өзі таңдалып басылатын. Рахмет айтуға барғанымда: «Жол жүріп барам. Рымғали деген ағаң телефон шалып, сені іздеді. Тауып ал. Оқуға түссең де, түспесең де бір соғып кет...», - деді.
Міне, менің әдебиет әлеміндегі «Тұсаукесерім» осылай өтті. Бұл басылымның абыройы менің жаныма біраз азық болды. Септігін де тигізді. Енді бұрынғы бұрынғы ма, өзін көргеннен кейін еліктеу жайына қалып, енді Оралханша елітіп өмір сүруге ұмтылдым... Қалай дегенмен де, менің сол бір бозбалалық ықыласымды аңғармауы мүмкін емес еді. Бауырына баса, іштарта бастады. Көбінесе сабақтан кейін, бесін ауа жұмыс саябырлағанда барамын. Тұңғыш жинағы баспаға дайындалып жатқанда: «Терісаққан неге теріс ағады? Кеңес заманына емеуірін танытып отырған жоқсың ба? Орыс кейіпкер: бұл сендердің жерлерің. Біз жатпыз, - деп неге Волга бойына көшіп кетеді. Ол ұлымен төбелескенде неге: арашалама. Бұл біздің ұлттық мінезіміз - дейді. Бура неге поезға соғылады? Аспан неге үнемі бұлыңғыр? Нені меңзеп отырсың? - деп өзінен астарлы саяси қате іздейтінін айтып, содан кейін: «Біздің Алтайда...», - деп әңгіменің бетін бұрып әкететін. Әдебиет бөліміне Сағат Әшімбаев келген соң пікір аясы көбіне әдебиетке қарай ойысып кетіп жүрді. Редакцияға өзімсіп кіремін, бөлмелерінде ұзақ отырып, әңгіме тыңдаймын. Кейде Сағат келген хаттарға жауап жаздырады. Бұл мен үшін үлкен құрмет, кеудемді сондай бір мақтаныш кернейтін...

Қарашаның бір кешінде театрға бардым. Спектакльден соң Ор-ағаңды көріп қап, сәлем беріп ем, жанына сымбатты, аялы жанарлы, шашын түйген ажары ашық келіншек келіп, қолтығынан ала берді: «Мына сұлу келіншек менің әйелім. Аты - Айман. Көзін қарашы, көрдің бе, қандай аялы, жуылған мойыл сияқты. Мұндай аялы көз Алматының келіншектерінде жоқ. Ал мынау менің бауырым...», - деді сондай бір масаттанып. Бірінші Алматыда, Сейфуллиннің бойында пәтерде тұратын кездері. Аялдамаға шығарып салдым. Сөйтіп, аяулы Айман жеңешеммен де таныс­тым. Мұның өзі арамыздағы жылылықты бұрынғыдан да мейірлендіріп жібергендей болды.

Желтоқсанның екінші жартысында университетте М.Әуезов үйірмесінің дәстүрлі әдеби кеші өтті. Бес жүз адамдық мәжіліс залында ине шаншар орын жоқ. Мұқағали мен Тұманбайдан соң жастарға кезек берілді. Кеңшілік өзінің әйгілі «Көк өгізін» оқыды. Бір уақытта Бекділда шығып: «Арамызда шашы ұзын шала Шекспир, толмаған Толстой пайда болыпты. Алтай қазақтарының тілі деп, Сәбит Мұқанов айтқандай, қытай қазақтарының тілімен қайдағы бір қияли кейіпкерлерді суреттейді. Бурамен поезды соғып, рельстен шығарғысы келеді. Көнені аңсап, қамшыгерді жазады. Мына дүниеауи құбылыстан хабарсыз көл жағасында жалғыз мекендеген, өзінің абыройын төгіп алғанын сезінбейтін қызды суреттейді. Дафнис пен Хлояны, «Қорғансыздың күнін» жаңғыртқысы келеді...», - деп өрекпи сөйледі. Ол кезде Бекділданың да бас асауы басылмаған шағы еді. Зал дуылдап кетті. Шешен мінбеден түсер түспестен Ор-ағаң орынынан көтерілді. Сұлтанғали Садырбаев ағамыз: «Оралхан! Ораш! Сабыр! Сабыр!», - дегеніне қарамастан сұқ саусағын шошайтқан күйі мінбеге шықты да: «Ұлы Мұхаң - Мұхтар Әуезов: ит қапты деп мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады - деген екен. Мен де аузымды былғағым келмейді», - деп мінбеден түсті де, басын шалқайта ұстап қайқая адымдап сыртқа шығып кетті. Зал үнсіз тынып, Ор-ағаңның соңынан көзімен ұзатып салды. Ол сол мінезімен шешеннің де, кешті жүргізушінің де, тыңдаушылардың да мысын басты. Бұл - әдеби ортадағы айтысты тұңғыш көруім еді, дымым шықпай қалды. Сөйтсем, ол өзі кәдімгі пікір алысудың қалыптасқан желісі сияқты үйреншікті жай екен.
Қыс айларында «Ұйқым келмейді» атты ұзақ әңгімесі жарияланды. Кәнігі оқырмандар: Оралхан өзінің басындағы уайымын жазған - десті. Қандай уайым? Үй алды. Құттықтап барып ем: «Балам болғанда ғой мен де үш бөлмелі пәтер алар едім», - дегені. Жүрегім шым ете қалды. Айман жеңешемнің аялы жанары мұңға толып тұратыны елестеді. Терезеге көзі жасаурай қарайды. Менің көзімнен де бір тамшы жас мөлт ете қалды. Орнымнан күбірлей қоштасып, сыртқа шыға бердім... Жазғы демалысқа шығарда бөлмесіне кірсем, көңілді екен: «О, мен де Алтайға барамын. Маралдардың дауысын сағындым. Шалғымен шөп шабамын. Аңғарды қуалап қана шөп бітеді. Күзгі жасаңды алшын дейді. Алатау сұлу болғанымен жасандылық бар. Арқыраған өзен, сарқыраған дариясы жоқ тау - тау ма. Алтайдың қиясынан тағалы аттың өзі жүре алмайды. Саған міндетті түрде көру керек. Ауылға барған соң шақыру жіберемін. Смағұл (Елубаев) өмір көремін деп Зайсанға жолдама алыпты. Ол құмның адамы. Тау оны менсіне ме? Көресің, сыймай қайтып келеді», - деді. Жаз бойы шақыру күттім. Шақыру келмеді. Сөйтсем, шекаралық аймаққа рұқсат алу қиынның қиыны екен.

Қазан айында дидарластық. Өте көңілді, жинақы, жүзі тау ауасына тотығып, қоңыр тартқан. Сол сәтін пайдаланып тұңғыш жинағы «Қамшыгерді» алдына қойдым. Қасын керіп, басын бір бұлғап қойып: «Тұрсын! Тәй-тәй бастың... Лайым бұғанаң бекіп, қанатың қатаюына тілектес - автор» - деп жазып берді де (күнін қоймапты), тартпасынан «Қамшыгердің» тағы бір данасын алып: «Мынаны саған сақтап отыр едім... Шақыра алмағаным үшін... Әй, әлгі апайыңның аты кім еді... Ай... Ай... Айымхан! Адам болғанымыз сол қыздардың арқасы. Соған жазып берейін», - деді. Кітапқа: «Айымхан! Өз бақытыңды тап!», - деп жазып берді де: «Сендерді жетімдіктен шығарды, енді өз бақытын ойлауы керек», - деді. Сол кітапты апайым Айымхан сандықтың түбінде сақтаушы еді, марқұм (Міне, сырты тысталған сол кітаптың мұқабасын сипап қойып осы естелікті жазып отырмын. Іші толы сызық, леп белгісі, сұрақ белгісі екен). Қарашада өзіміздің журналистика факультетінде «Қамшыгер» бойынша студенттердің конференциясын өткізіп, мен баяндама жасадым... Өзі де шабыттана сөйледі. Бейімбеттің «Шұғасын» жатқа оқыды. Сол жолы «Толқын» атты әдеби журнал шығаруға уағдаластық. Алғысөзін Ор-ағаң жазды. Кейін ол «Тасқын» деген атпен газетте жарияланды. Біз, студенттер, оны өзіміздің көкеміз (кумир) ретінде қабылдадық. Оның дене тұрқы да, тұлғасы да, киімі де, мінезі де, жазуы да соған лайықты, еліктеуге тұрарлық тұлға еді. Сондай шағымды күндерде өзіне еліктеп жазған әңгімемді ұсына беріп ем, оқымастан: «Ақын боп танылдың. Ақын боп өмір сүр. Оқымаймын. Ендігіәрі көрсетпе маған», - деп қайтарып берді.
Сонымен, шәкірттік кез де аяқталды, өмірдің ағысы еркіне бағындырып, тіршілік күйбеңіне алаңдатты. Өлеңге мүлдем бетбұрғандай едім, бірақ ішкі ділім қақпайлап әкеп, қара сөзді қаламның ұшына иіре бергенін өзім де аңғармай қалдым. Екі өлеңдер жинағын шығарсам да, өрісім тарылып жүргендей сезіндім. Қара сөз бауырымды жаздырмай баурай берді. Оны Ор-ағаңа қалай айтамын... Ол «Жұлдызға» ауысып, проза бөлімін басқарды. Қалайда алдынан өтуім керек. «Бесқарагер», «Аэродром» хикаяттарым республикалық конкурстарда бәйге алды. Бірақ баспасөзге ұсынбадым. Ақыры «Шилі өзен қамыс-ай...» деген хикаятымды өзі жоқта тапсырып кеттім. Сөйтіп жүргенде қарындасым Төлеу, ұлым Алмастың қазасы килікті де, өз күйімді өзім жоқтаумен әуре боп кеттім. Қаладан сырт Әлмеректе тұрғандықтан кешкі әдеби жиналыстардан қағыс қала бердім. Хикаятымды бас редакторға ұсынған екен, жақсы, бірақ табиғаттың апатын қасіретті мұңмен жоқтапты - деп қайырып беріпті. Мұның түпкі себебін әдебиет ауылынан алыс­та жүргенімнен көріп, қоңылтақси бастадым. Анда-санда барып Сағат екеуінің әңгімесін тыңдаймын. Әдеби ортаның қызығы өзіне баурайды. Бірақ...

Өмір кіл мұңнан тұрмайды ғой. Көңілді, күншуақ сәттер де көп болды. Алайда сондай шақтарда Ор-ағаңның дауысын шығарып қарқылдап күлгенін естімеппін. Ақырын ғана мырс етіп, ішінен күледі екен. Соның бір-екеуіне тоқталайын. Бірде, Әлмеректегі көршім - жазушы Тұрдыбек Алшынбаев таң атпай оятты. Қолында жеделхат: «Не істерімді білмеймін. Аякөздегі қайнағам, досым Ерғазы Рахимов: «Бірінші май күні таңертең поезбен барамын. Қалиханды, Оралханды, Қажытайды сағат он бірге қонаққа шақырып, күтіп отыр», - депті. Не істеймін. Сенімен ақылдасайын деп келдім», - деді. Несіне менімен ақылдасады? Жағдай жоқ па, әлде біреу қарсы ма? Бәрі орнында. Сонда не бөгет? Ештеңе. Енді не? Түсінбедім. Алшынбай ата: «Не істесеңдер де өздерің біліңдер. Құдама қойым дайын. Өз шаруаларыңды өздерің біліңдер», - деп бұрылып жүре берді. Қарындасы Кабира да екіойлы. Қойшы, сонымен қонақтарды шақыратын болды. Бірінші мамыр. Сағат он бірде Қал-ағаң, Ор-ағаң, Қаж-ағаң таксимен келіп түсті. Батасын күтіп қой тұр. Дастарқан қайысып ол тұр. Бәрі дайын. Тек жеделхатпен қонақ шақырған адамның өзі жоқ.

Басында поезд кешіктіге санап, анда-санда Ерағаңды қағытып қойып жеңіл шәй ішілді. Сағат екі, үш болды. Алшынбай ата сыртта тұрып: «Ал, қонақтар бата беріңдер. Құдасыз да әр қайсың бір-бір қойға татисыңдар. Малға обал болды», - деді. «Бұл шынымен атасына тартқан болды. Аякөздегі сыбағамызды Алматыдағы Тұрдыбектің есебінен беріп, бізді бір жырғап тастамақ болған ғой. Мына Оралханның досының бәрі өзіне тартқан шайқылау болып келеді», - деп Қала-ағаң нағашылана өзімсіп бата берді. Таңертеңнен қаңтарулы тұрған күтуші қыз-келіншектер әп-сәтте қуырдақты дайындап үлгерді. Әзіл аралас әңгіме барған сайын қызды. Бір уақытта нағашылы-жиенді екеуінің жекпе-жегі бас­талды да кетті. Қалихан ағаның сұқ саусағы шошая бастаса бітті, тоқтамайтыны белгілі. «Алтайда ...», - деп бастап «кержақтарды» қосып, қайыңның тозынан күміс тостаған жасатып тынады. Оралхан ағаның тақырыбын «тартып» алғанымен қоймай: «Оралхан сен білмейсің, әлгі қайыңның тозынан жасалған күміс тостағанмен кержақтар балшарап ішкен соң оны міндетті түрде бұтаққа іліп қояды. Өйткені...», - деп басып тастайды. Бір кезде шыдамы таусылған Оралхан: «Нағашы осы сіз Алтайға соңғы рет қашан бардыңыз?», - деді. «Мен елуінші жылдың аяғында ма, жоқ, алпысыншы жылдың басында ма екен. Ағайын қалмады. Сенің әкең шақырғанды білмейді...», - деп тосылып қалды. Сол-сол-ақ екен, Оралхан күдірейіп шыға келді, бәйгеден қалып, қыстығып тұрған аттай ытырыла: «Қалекең Алтайдан кеткен соң ол былай өзгерген», - деп әлгі айтылған әңгімелердің тонын аудара айта жөнелгені бар емес пе... Қалекең ауы­­зын аша берсе, не сұқ саусағын шошайта берсе болды: «Қалеке, сіз Алтайдан кеткен соң... Қалеке, сіз жоқта... Соғыстан кейінгі жылдары емес, Қалекең білмейді, осы күні кеше... Қалекең кеткен соң туған балалар», - деп сөзін қағып алып, актерлік мінезіне басып неше түрлі хикаяларды бірінен соң бірін ағыта берді. Екінті ауып кеткен кезде маған: «Әлгіден хабар бар ма? Аякөзден шығып па өзі», - деді. Сөйтсем, досының кешіккенін білдіргісі келмей, әлі де үмітін үзбей қонақтарды алдарқатып отыр екен ғой. Енді жасыра алмасын біліп: «Солай, Қалеке!..», - деп жан-жағына қарады. Дымы құрыған Қалекең: «Әй, мына жаман Бөкейдің жақсы ұлы апайыма тартқан екен. Ер жігіттің жақсы болмағы нағашыдан. Қой, әлгі әлі жоқ па. Келмесе қойсын. Бел жазып алайық», - деді. Ауылдың сыртына шығып, қара жолмен біраз жүріп, алыстан анық көрінетін аспанмен тілдескен Алатаудың қарлы басына қарап тұрып: «Біздің Мұзтау... анау шыңның басындағы ақша бұлт бар ғой, тура сол сияқты биік», - деді. Бой жазылды. Қонақтан күдер үзілді. Қойдың басы да мүжілді. Тағы бір үзілістен соң қас қарая шайға отырғанда сырттан дабыр естілді. Іле ерініне тістеген «Беламордың» тұқылын тілімен талғап Ерғазы ағамыз кіріп келді. Еш нәрсе қаперінде жоқ, түк болмағандай Қал-ағаңмен, Қаж-ағаңмен қаумаласып, қауқылдасып қойып, Ор-ағаңның қасына отырып жайбарақат қана санын қағып: «Қалың қалай?», - деді де қалжыңға араласа берді. Ор-ағаң үнсіз. Екеуі анда-санда бір тіл қатысып қалады. Сөйтсе, таңертеңгі жетіде Алматыға келетін поезға билет аламын деп, кешкі жетіге келетін поезға билет алған екен. Аякөздің вокзалының директоры досы, тіпті, орыс кассир де жоқ. «Е, атаңа тартқан екенсің ғой», - десті күлісіп...