ТҮРКИЯДА ҚАРА ӨЛЕҢ ҚАЛЫҚТАП, ҚАРА ҚОБЫЗБЕН ҚАЗАҚ ӘНІ ШЫРҚАЛДЫ

Ыстанбұлдағы қазақтар көп шоғырланған Зейтінбұрны ауданында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ербол Алшынбай мен дәстүрлі әнші, айтыскер, қобызшы, сыбызғышы Бөкен Жігер жергілікті қазақтарға концерттік бағдарлама ұсынды.

Ыстанбұлдағы «Ақ теңіз» мәдениет сарайында, Қазақ-түрік қоғамының ұйымдастыруымен өткен айтулы кешке Зейтінбұрны ауданының әкімі Әдем Услу, Ақ Партияның алқа мүшесі қазақ қызы Рашида Зейнешқызы Юксел, Қазақ-Түрік қоғамының басшысы Жәлел Қаһарман қатысып, өнер иелеріне алғысын айтып, гүл шоқтарын ұсынды.

Өз кезегінде Зейтінбұрны әкімі Қазақ пен түркі халықтарының арасында осындай мәдени, саяси байланыстар орнап, екі халықты жақындастырып жатқанына оң бағасын беріп, екі жас өнер адамына табыс тіледі.

Шығармашылық кеште Ербол Алшынбай алуан тақырыптағы жырларын оқыды. Ал, Бөкен Жігер домбырамен күмбірлетіп қазақтың бірнеше халық әндерін орындады. Сондай-ақ, қобызбен халық әндерін, және сыбызғының сазды үнімен бірнеше күй тартты. 

Аталған концерттік бағдарламаға 200 ден астам өнер сүйер қауыммен қатар, Дүние жүзі Қазақтар қауымдастығының Түркиядағы өкілі, Халықаралақ «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысының кеңесшісі Ержан Уәйіс, Қазақ диаспорасының көренкті өкілі Фазлы Топлы, Маниса облысы Салихлыдағы Қазақ қауымдастығының төрағасы Алтай Қарақол, Париждегі Қазақ қауымдастығының басшысы Әбдісәмет Алтай (Халифа Алтайдың ұлы), тарихшы Нұржан Қоңырбай, Қазақ кәсіпкері Жұмай Қыдыр, Шаңырақ орталығының басшысы Данияр Иманбақ, Абдулла Гүлер, Мұрат Теміз, Нұр Абдулла, Зейтінбұры ауданы әкімшілік басшысының орынбасары Куршет Бекероғлы, аудандық маслихат мүшелері және тағы басқалар қатысты. Кеш соңында көрермен екі өнерпазды тағы да қолқалап, жыр оқытып, ән шырқатты.

Қазақстандық өнер шеберлерінен кейін сахнаға Ыстанбұлдағы қазақ әншісі, өнертанушы Бешір Көсе Бекежан, домбырашы Седат Солақұлы, Еуропада тұратын қазақ бауырымыз Мұстафа, күйші Еламан ары қарай сахнада халық әндерін орындап, қара жорға биіне халықты билетті. Жергілікті халық Бешір Көсенің әндерін жақсы қарсы алып, ду қол шапалақтап отырды. Бешір Көседе халықтың құрмет қошеметіне арқаланып, бірнеше әндерді бірінен кейін, бірін орындап келген халыққа жақсы көңіл күй сыйлады. Осылайша қазақтың халық әндері Анадолы жерінде бір шарықтап халықтың ыстық ықыласына бөленді.

 

Ержан Уәйіс

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері