ШОҚАН ӘЛІМБАЕВТЫҢ ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРІ

 

* * *

Кейде даңқтың жалғыз сәті тұтас өмірге татиды.

* * *
Көп заттың бізге беймәлім болатын себебі, біздің өзіміз оларға беймәлімбіз.

* * *
Бәріміз де өз тағдырларымыздың қолбасшыларымыз: әскеріміз – күш-қуатымыз, айқасымыз – өмірдің өзі.

* * *
Ғажайыпқа сенетін адамдар ғана ғажайыпты көре алады.

* * *
Арыстанның өлігін мысық келіп иіскейді.

* * *
Жақсылықтың шегі бар, зұлымдықта шек жоқ.

* * *
Зұлымдық басына күн туғанда әділдіктен пана іздейді.

* * *
Ұлылық адам жанына қанша әсер етсе, мүсәпірлік те адам жанына сонша әсер етеді.

* * *
Ұсақ себептер де ұлы оқиғалар тудыра алады.

* * *
Кейде бақыттың өзі бақытсыздық секілді аяқ астынан.

* * *
Айрықша қиыншылықтар айрықша өмірде ғана болады.

* * *
Жазаны қылмыстың өзі кеседі.

* * *
Ойдың әскери империядан айырмашылығы – оның жаулап алғандары қоластында мәңгі қалады.

* * *
Ұлы адам өзін иә жақсы көргізбей, иә жек көргізбей қоймайды.

* * *
Ұлтты ұлы өкілдеріне қарап бағалайды.

* * *
Данышпандық пен ақиқат бір-ақ зат, біреуі рухани, екіншісі заттық құбылыс, екеуінің де мәні – мәңгілік.

* * *
Данышпандық пен есуастықтың арасы жалғыз қадам.

* * *
Надандықтан асқан жамандық жоқ.

* * *
Жақсының қателігі, жаманның жақсы ісінен де мәндірек.

* * *
Ұлы адамдар – дүниежүзілік тарих сахнасында ойнаушы актерлер.

* * *
Өмір жолын енді бастаған данышпаннан құдіретті құбылыс жоқ.

* * *
Ұлы оқиғалар ұлы жағдайда ғана туады.

* * *
Күнә ойдан басталады.

* * *
Атыңды шығарғың келсе, ұлы адамды ғайбатта.

* * *
Заңына қарап заң шығарушыны тануға болады.

* * *
Бағзы уақыттың қай-қайсысынан да біздің ғасырымыз биік тұр деу – аз; осы ғасырда өмір сүріп отырғаныңды еңбегіңмен ақтай білу ләзім.

* * *
Жаратқан ие жаббар хаққа жалбарынуға да, жер-жебіріне жетіп, жекен су асыруға да болады. Пенде атаулының бір-бірінен ділі айрылар тұс – тек осы.

* * *
Ең маңызды нәрсе – ескермей өте шыққан ең елеусіз нәрсең болуы мүмкін.

* * *
Атақ-абыройың – атан өгіз тарта алмас азабың болуы да кәдік.

* * *
Мақсат үлкен болса, құрбандығың да одан кем соқпайды.
* * *
Тайыз адамнан түңіліп тапқан тағлымың – ұлы адамнан үйренген өнегеңнен титтей де кем болмайды.

* * *
Аппақ қардай тазалықтың аяусыз қатыгездігі де болады.

* * *
Жамандыққа арашашы болам деп жанын пида еткен Ізгіліктен асқан есуас – бұл жалғанда жоқ шығар.

* * *
Адамгершілік атты әлемде ұсақ-түйек деген болмайды.

* * *
Аса үлкен армандар да орындалуы мүмкін, бірақ олар темір таяғыңнан – тебендей, темір етігіңнен – теңгедейін ғана қалдыруы кәміл.

* * *
Ғарыш тірлігі – шешуші қиын шым-шытырық математикалық формула.

* * *
Адам баласына аса үлкен пайдасын тигізетін, сөйтіп адамзат ақыл-ойының даңқын арттыра түсетін кез-келген ұлы жаңалыққа жанымды пида етер едім.

* * *
Қимас достың әйеліне тек әтектің көзімен қарау керек.

* * *
Бала атаулы анасын аяғанда шыбыны шырқырап кетеді; ал, әжесіне келгенде – кібіртіктеп қалады.

* * *
Қасірет шегіп, қайғы ішкен адам бақытсыз ба; әлде қайғысыз-қамсыз күн кешкен адам бақытсыз ба – тап басып, табанда айтып беру оңай шаруа болмаса керек.

* * *
Ең жаман деген әйелдің өзі – ең жақсы деген ойнастан он есе артық.

* * *
Күні жеткен кәрі адам біреудің жаназасына барып отырып өзін жұрт қалай жөнелтетінін ойлайды.

* * *
Өмірдің мән-мағынасын неғұрлым үстірт ұқсаң, тіршілік етуің соғұрлым жеңіл болмақ.

* * *
Қолымызбен істеген күнәмізді мойнымызбен көтеруге келгенде қандай дәлел тапқышпыз, құдауанда.

* * *
Мінездің тентектігінен – ойдың келтелігі жаман.

* * *
Қайырымдылық пен қатыгездікте шек болмайды.

* * *
Хас ұлылардың тағдыры қашанда қасіретке толы.

* * *
Кейде алдамшыдан да ақылы дария ұл туады (Шарль Талейраннан – Эжен Делакруа туған).

* * *
Бір де бір қылмыс – қылмыскердің өзі үшін де із-түзсіз өте шықпайды.

* * *
Өзгелердің көз алдында адал болып қалу үшін өз арыңның алдында адал болуың керек.

* * *
Бұл дүниеде адамның білімінен өткен салыстырмалы нәрсе жоқ.

* * *
Ойлау дегеніміз – қасірет шегу деген сөз. Абай: «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда…» – дейді.

* * *
Бойымызда тілге тиек етер титтей жақсылық немесе тамшыдай тазалық бар болса, соның бәрі үшін біз ұлы адамдарға қарыздармыз.

* * *
Асқар биік адамды толқытпай қоймайды.

* * *
Мынау әлем – жұртты ісімен таң-тамаша қалдырып, халық қошеметпен қарсы алатын адамдар үшін ғана жаратылған.

* * *
Ізгілік атаулы әрқашан ізіне Ібілісті ерте келетіні де бар.

* * *
Шын әулиенің өзін де әйелі мойындамаған.

* * *
Қарапайымдылықтың ең биік түрі – ұлылықтың қарапайымдылығы.

* * *
Әрбір дана адам – өз даналығының құлы,
Әрбір ұлы адам – өз ұлылығының құлы.
* * *
Жойқын талант жойқын құрбандық та тілейді.

* * *
Жалған ұлылық – шын ұлылықтың төбесінде талай-талай тайраңдаған.

* * *
Аты-жөні белгісіздеу біреудің дұрыс пікірінен гөрі, ұлы адамның бұрыс пікірін көбіне құп көретініміз жаман.

* * *
Ұлылық атаулы, – ол мейлі кесірлі де содырлы болсын, – адамды еріксіз еліктіреді.

* * *
Ғұламалық – он сегіз мың ғаламның бір-бірімен байланысты екенін ұғу ғана емес, сонымен бірге әр нәрсенің себебі мен салдарын қабат білуде жатыр.

* * *
Ұлы қолбасшылардан гөрі ұлы ғалымдар әлдеқайда көп.

* * *
Саф тазалық – хақтың жолына бас тіккеннің салдарынан ғана болуы мүмкін.

* * *
Ұлы актерлер сахнада ғана ойнап жүр деуге болмайды, олар өмірінің әр минутында да тірлікті бейнелеп жүреді.

* * *
Ақылға кеніш адамдардың күнделігі – кітаптарынан да қызық.

* * *
Даналық – тәңірінің өзіндей тазалық.

* * *
Данышпандық – адам баласы өзін-өзі шықпыртып айдап отыру үшін Алла тағала сыйға тартқан шыбыртқы іспетті; яки құдайдың құлдарына жіберген қатерлі ауруы бұл.

* * *
Бүкіләлемдік тартылыс заңы секілді, данышпандықтың пайда болу заңдылығы да бір күні ашылады.

* * *
Данышпандық – тек бір өзіне ғана лайық аты мен заты бар, аса үлкен рухани құбылыс.

* * *
Ұлы өнер – ұлағаты мол өмірдің ұшынған сәттерінен ғана нәр алады.

* * *
Даналық – ілім-білім жолына басыңды бәйгеге тігу арқылы ғана келер қасиет. Одан өзге құрбандық бұл жерде жүрмейді.

* * *
Данышпандықты сұрап та, сатып та ала алмайсың; оны табиғат-анаң ғана тарту етеді.

* * *
Жұрттың бәрі: «ақиқатты білеміз» немесе «оның құпиясына көзіміз енді-енді жетіп келеді» деп ойлайды; ал, шын мәнінде, ұлы ақиқаттардың ішкі мәнін ұғатын да, оның кілтін қолына ұстап отырған да – тек данышпан адамдар.

* * *
Жұрттың бәрі «біз де ауырсақ» деп ойлайтын жалғыз дерт – данышпандық.

* * *
Дананың данышпандығы – сол дананы тудырған халықтың күллі ақыл-ойының жемісі.

* * *
Өз еркіңмен, жаның қалмай зыр жүгіріп жүріп қызмет қылатын жалғыз жалмауызың – өзіңнің алапат ақыл-ойың.

* * *
Кей кісінің данышпандығы – өзінің желкесін қияр жендеті.

* * *
Алапат ақыл-ой шатыса бастағанда, дүниеге данышпандық келеді.

* * *
Шаршы топтың алқасына ақылы дария адам түссе, ауыл арасының жүйрігі артын қысады.

* * *
Жаныңды ауыртар өзге сырқаттар секілді, құштарлық та – дерт.
* * *
Кейбіреудің барша таланты – басқаның жазғанын түсінбеу ғана…

* * *
Ойдың сыртқы көрінісінен – ішкі мағынасы мәндірек.

* * *
Пенденің бойында перілік те, періштелік те қатар өмір сүріп жататын кезі болады.

* * *
Қашқан да қуған да – «Құдай!» дейді.

* * *
Адамды білмей тұрып, адамзатта нең бар?!

* * *
Мүләйімсіп тұрып, шынайы болуға тырысамысың?!

* * *
Досым көп болсын десең, көп алдында мақтанба.

* * *
Ата-анасының күнәсі көбейген сайын, баланың бақыты кемиді.

* * *
Өзімізге өзіміз кешіре салатын кінәні өзгеге өмірі кешпейміз-ау.

* * *
Үміт – адамның өзін-өзі жұбатуы.

* * *
Өзі есінен танбаса, ерек жаратылған жанды ешкім тоқтата алмайды.

* * *
Ұлы істер – үлкен сілкіністер кезінде ғана дүниеге келеді.

* * *
Талант секілді, талғамды да сатып ала алмайсың.

* * *
Бауырмалдығымыз азайған сайын, бауыр басуымыз күшейіп бара жатқан секілді.

* * *
Жортқан сайын жолымыз бола бергеннен – ара-тұра сәтсіздіктің дәмін татып қойған әлдеқайда пайдалы.

* * *
Бір ұлы кітап бірнеше ұлы кітапты дүниеге әкелуі мүмкін.

* * *
Адам баласы күлуден бұрын жылауды үйренген.

* * *
Идея үшін өліп кетуге бар фанатиктердің өздері махаббатты – бақыттылықтың шыңы деп есептейді.

* * *
Шын ғашық сүйгеніне шаң жуытпас.

* * *
Махаббат та – ғажайып секілді; сенсең – ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір келері анық. Иә-иә, махаббаттың өзі ғажайып. Адамзат өмірінің әрбір жасампаз ғажайып сәтінің негізінде махаббат жатыр…

* * *
Үлкен махаббат туралы армандау үшін, алдымен өзің соған лайық болуың керек. Махаббат әрқашан жүрегіңде жүрсін.

* * *
Заманалар желдей зулап өтіп жатыр… Неше ықылым заманнан бері неше ықылым ұрпақ келді дүниеге… солардың әрқайсысы осынау сезімді өздерінше жаңадан ашқан болады. Өйткені шынайы махаббат, шын ғашық болу – табиғаттың бір құпия құбылысы ретінде, ешқашан оңай қолға қонған емес.

* * *
Бұл жалғанда ең басты нәрсе – өзіңді емес, өзгелерді, Адамды сүйе білу. Қажет болса, солар үшін тіпті өзіңді құрбан ету…

* * *
Өзгелер үшін өзіңді құрбан ету – Адамдарға деген махаббат пен рақымның ең жақын көрінісі.

* * *
Өзін Адаммын деген әрбір Адамның ең ізгі мақсаты – Ницше айтқандай: «Адамзаттан ия күшіңмен, ия рухыңның биіктігімен асып түсіп, оларға кемсіте-кекірейе қарау» емес, қайта қолыңнан келгенінше адамға, адамзатқа қызмет қылу болуы керек.

* * *
Кітап атаулы адамдарды араздастыруға емес, бір-біріне бауырластыруға үйретуі керек.

* * *
Ұлы істің ілгері басуына кейде ергежейлі де көмек ете алады.

* * *
Тек ұлы сезімдерді жырлаған поэзия ғана – шынайы поэзия болмақ. Ал, кейбіреулер: «ұяң дауыс», «ізетті де инабатты лирикалық үні бар» деп жүргендердің бәрі – шынайы да нағыз ұлы поэзияның қасында қиқым-сиқым ғана… яки Ұлы жүректің күмбірлеген қуатты үніне қосылып кеткісі келетін жалған дыбыстар.

* * *
Талант тапшылығы мен ой таяздығын ақтау үшін адамдар қандай қитұрқыларды ойлап табады десеңші.

* * *
Жазушының кітаптары – өзіне арнап соққан мұнарасы. Ұлы кітабың – ұлы мұнараң. Бәлкім, мұнарадан да мәңгілік шығар. Өйткені мұнара Уақыттан қорқады ғой. Ал, кітап мәңгі өмір сүрмек. Сонымен бірге, ұлы кітап – сенің адамзатқа ұсынған ұлы сыйың.

* * *
Даңқ дегеніміз – үлкен іс тындыру қолынан келмейтін, өзі де, сөзі де ұсақ адамдардың ғана көкірегіне жел бітіріп, талтаңдатып қояр; ал, шын ұлылар онымен балдызындай ойнап, құдашасындай құмға аунатып кете барады.

* * *
Тоғышарлық – әлеуметтік құбылыс емес, қайта адам жанының бітім-болмысы.

* * *
Данышпандық – ақыл-ойдың көріпкелдігі, көріпкелдік – адам жанының данышпандығы.

* * *
Ұлы істі керемет тындыра алатын адам ұсақ-түйекті де тастай қылады деуге болмайды.

* * *
Сөз – семсерден бетер.

* * *
Кемеңгерлік – алыптықпен ауырған рухтың көрінісі.

* * *
Кез-келген ұлы адам – ақын.

* * *
Көкірегің таза болмай, кемеңгерлік жоқ.

* * *
Ұлы адамдардың үлкен бір серігі – шамырқану.

* * *
Ең ұлы деген жаңалықты ашудың өзі – ешқашан тірі адамның тырнағына тұрмайды.

* * *
Махаббаттың да өз Хан Тәңірісі болады.

* * *
Махаббаттың құлы болғандар – Адам атты табиғатта аса сирек ұшырасатын киелі жандар.

* * *
Фанатиктер де жолы болғанын жек көрмейді.

* * *
Қасірет шегіп, қан жұтсаң, қашанда құдайшыл болуға бейім тұрасың.

* * *
Қызғаныш – дерт секілді; кеудеңе бір кіріп алса, оңайлықпен шықпайды; шыққанынша сені де, құрбандығын да күйретіп тынады.

* * *
Қызғаныш – махаббаттың жендеті.

* * *
Адам данышпан боп туады; талант болса – қалыптасады.

* * *
Жезөкше де жақсы үй құруды армандайды.

* * *
Кемеңгерлік – шыңына жеткен шындықты бұлтартпастан әділ айту.

* * *
Ұлы шығармаларда әрқашан мәңгі өлмейтін шындықтар болады.

* * *
Ойды – ой қозғайтыны секілді, бір ұлы жаңалық – екінші бір ұлы жаңалықтың ашылуына түрткі болады.

* * *
Құдайды ойлап табу – адамзат ақыл-ойы мұнарасының ең ұшар басы.

Тағдырды шексіз талқыға салуға болмайды.

* * *
Білуге іңкәрлік – адамзатты аранның аузына әкелген кезі аз болмаған.

* * *
Жақсылық деп жүргеніміз – кейде жаманшылық боп шығуы әбден мүмкін.

* * *
Өр көңілділік кез-келгеннің пешенесіне жазылмаған.

* * *
Бір ошақтың басына саф тазалық пен салдақылықты әкеп қосақтағаннан асқан қиямет-қайым жоқ.

* * *
Кімнің жендет екенін де жағдай анықтайды.

* * *
Анық бір себеп болмаса, көңілге күдік кірмес-ті.
* * *
Күдікшіл адам – қызғаншақ,
Қызғаншақ адам – күдікшіл.

* * *
Баласын еркелеткен боп отырып, анасына көз сүземіз… Адам баласының азғындығы мен екіжүзділігіне шек бар ма.

* * *
Бір адамның өмірінің қызығы мен қиындығы бір мемлекет өмірінің қиындығы мен қызығынан кем түспеуі мүмкін.

* * *
Қатыгез адам қашанда қадір білмейді.

* * *
Гомердің болған-болмағанына күмәнданып жүргенімізде, Айса мен Мұхаммедтің болған-болмағанына күмәнданатындарға таңданатындай түк жоқ.

* * *
Адам өзінің хал-жайын анығырақ білген сайын, ажалға самарқау қарайтын болады.

* * *
Алдымызда не күтіп тұрғанын білмеуімізде табиғаттың тылсым құпиясы жатыр; егер оны білсек, біздің – төбе шашымыз тік тұрар еді, ал ұлы адамдардың бәрі асылып өлер еді.

* * *
Ой – шексіздік іспетті.

* * *
Мәні терең мағына – адам айтса сенгісіз сандырақпен астасып кететін кез көп.

* * *
Өзің – ұлы адам болып, оныңды ешкім ұқпағаннан асқан қасірет жоқ.

* * *
Ең бақытсыз адам – пайғамбар.

* * *
Білмегеніңе шүкіршілік қылатын талай жайт бар.

* * *
Әрбір іс-әрекетті аумағына қарап емес, қандай мақсат үшін жүзеге асырғанына қарап бағалау жөн.

* * *
Қоғам атаулы тек ұлы адамдардан ғана құралмайтыны секілді, біздің өміріміз де тек рухани самғау сәттерінен ғана тұрмайды.

* * *
Дүниеде кемеңгер адамның қулыққа артқанынан жаман нәрсе жоқ: ақылы дария адамның даналығынан нәр алған сұрқиялық – сұмпайылыққа айналады.

* * *
Кемеңгерлік шыңы – көріпкелдік. Көріпкелдер – кемеңгерлерден де сирек.

* * *
Қай-қайсымыз да бөгде біреудің күпірші­лігі­нің күнәсін қоса арқалап жүрген жайымыз бар.

* * *
Адамның адамгершілігі – құдайдан қорыққандықтан ғана тізгін үзбей келе жатыр.

* * *
Инабат – иманның қабы.

* * *
Өзгелердің қолынан келмегенді сен жүзеге асырсаң – адам жанының рақаты сол.

* * *
Ар алдында қаншалық күнәһар болсақ, құдай алдында да соншалық күнәһар болғанымыз.

* * *
Адам баласының түйсігі тап діні мен ділінің алдындағыдай еш жерде, ешқашан ағынан жарылып ақтарылмақ емес.

* * *
Нәубет төнсе – құдай еске түседі.

* * *
Өзін көп өбектейтін жан – өзгені сүйіп жарытпайды.

* * *
Ақылдан адасу – аса үлкен қайғыдан.

* * *
Біреуге айдан анық нәрсені енді біреу мың жылда да ұқпайды.

* * *
Тағдыр – әрдайым өгей шеше.

* * *
Өмір бойы топастықтан тепкі көріп өткенше, көрегендігіңнің қасіретіне тұншығып өлген он есе артық.

* * *
Ұлы адамдар ғана ешкімді пір тұтпайды.

* * *
Әдеттен тыс әрбір құбылыс әрқашан зерттелуге тиіс.

* * *
Пайдакүнемділік пен бақай есептен ада адам­дар ғана аса үлкен табыстарға жете алады.

* * *
Менің тіршілік-тынысым да, әлгінде ғана өзім аңдамай аяғыммен езіп кеткен құмырсқаның тіршілік-тынысы да – бір ғана құдіреттің күшіне бағынышты