СЕРІК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ. АҚЫННЫҢ АВТОПОРТРЕТІ

 

(Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған ақын Ханбибі Есенқарақызның «Эсселер» атты кітабын оқығанда туған ойлар)

Ақынның прозасы басқа елден гөрі бөлек болады. Анна Ахматова мен Марина Цветаеваның прозасына қараңыз, одан ақынның отқа оранған жүрегі, бар болмыс- бітімі айқұлақтана көрініп тұрады. Ханбибі Есенғарақызның биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған «Эсселер» кітабы соның бір айғағы.

Мынау Ханбибінің Бауыржаны; «Сырдың суы сирағынан келмейтін» лапылдақ ақындардың Бауыржан аға бөлмесінің алдына келгенде пәпігі басылып қалды. Есікті жайлап қақтық. – Войдите! – деген өктем үн естілді. Ұстаз алдында емтихан тапсыратын баладай асқан бір жауапкершілікпен ішке ендік. Кереуетте отырған Буденныйдың мұртындай мұрты бар, тік қабақ, отты көз иесі біздерге барлай бір қарап алды да: – Кімсіңдер? – деп сұрады. Бәріміз үшін Нәсіреддин аға жауап берді: – Сәлемшілер, Бауке, өзіңізді осында деген соң... – Сәлемші болсаңдар төрлетіңдер, ал мені көруге келген болсаңдар, зытыңдар, мен сендерге зоопарк емеспін! Бас-аяғымыз бес-алты адам қатар қойылған орындықтарға жайғастық. – Халіңіз қалай, Бауке? – деп, Нәсіреддин аға сыпайы тіл қатты. – Қартайған адамда не хал болады дейсіңдер, – деп ағынан жарылып келе жатқан Баукең, кенет өзінің дәрменсіз жандай сөз сабақтауын байқап қалды ма, лезде өзгерді. Онысын өзімізге қарсы сұрау қоюмен тасаға ысырды. – Мына батырлар кімдер? Осыны күткендей жолбасшымыз бізді шетімізден тізіп таныстыра бастады. Ешқайсымыздың пәлендей тындырып тастаған ештеңеміз болмаса да, көпшілікке таныстырса әжептеуір өсіп қалатынымыз бар. Жылт етер жақсы қасиетің болса, соны шегелей көрсеткісі келетін аға жігіттерді жылы таныстырып өтті. Сосын маған қарап: – Мына бала Ханбибі деген қарындасыңыз, – дей беруі мұң екен, Баукең оқты көзімен мені бір шолып өтті де: – Сен пұшық, не деп отырсың, қайдағы қарындас, бұл менің балам, тіптен немерем қатарлы ғой, – деп ағаға айқайлап жіберді. Нәсіреддин аға намыстанып қалды ма, жоқ әлде ақталғысы келді ме: – Қайдам, Асқар Тоқмағамбетовке қызыңыз дегенімде, ол кісі «қызым емес, қарындасым ғой» деген соң сізге де солай таныстырғаным еді, – деді. – Ол – Асқар, мен – Бауыржанмын! Екеуміздің арамызда айырмашылық бар ма, жоқ па? – деп тағы да арқаланып келе жатқан Баукеңнен жылдам құтылайын деді ме, Нәсір аға «өзіңіз біліңіз» деп тез көне кетті. Қатты қысылып жерге қарадым. Мен үшін жақсы көретін ағам біраз сыбаға алды-ау! Өзімді сол сәтте басы артық жандай санап, кетіп қалудың тағы ретін таппадым. Осындайдағы әдетім – қаным бетіме теуіп лауламайды, тек шекемнің жан-жағынан сансыз ине қадалғандай әсерде боламын. Әңгіменің маған келіп тіреліп қалғанын көрмейсің бе, тезірек біреу сөйлеп, мына дәрменсіздік қалыптан құтқарып алса екен деп тіледім. Бірақ бәрі керісінше болды. «Құдай ұрғанды пайғамбар асасымен түртеді» демекші, онсыз да кірерге тесік таппай отырған мені бір замандасымның орынсыз қойған сұрауы біржола тұралатып тастады. Қыз балаға тағылар сын көп. Оның ішінде өнерлі балаға. Әншейін көздер қатардағы адамға бір қарап қойса, өнер адамына 8- 9 он рет қарайды. Жәй қарамайды, барлай, сынай қарайды. Қай жерінен кемшілік табамын деп тімсіне қарайды. Өзіңді сәл еркіндеу ұстағаныңды көрсе «тәлпіш», ұяң қалып танытсаң, «бір ширауы кем – жүні шығып тұр», дұрыстау киінсең, «жанындағылардың қайсысына жағайын деп жүр», жұпыны болсаң, «сөлбірейіп, соның қай жерінен өлең шығады» деп ішінен сөйлейтін мың-сан ауызға қалай қақпақ қоярсың? Осыншалықты көзқарасты жаныңа дарытпай қабылдау тағы да мүмкін емес. Сол себептен де ақын қыздар сезімталдау келер. Көлденең көзді былай қойшы, өз әріптестеріңнің ішінен де ондайлар табылар. Әсершіл ақындар қызыл көрсе, менікі болса екен деп армандайды. Ол ақындықтың ғана емес, жастықтың да өркеуделігі болар. Армандамаса ақын бола ма? Мені арылдаған ажалдың аузына турамай тастағалы отырған да сондай замандастарымның бірі. Бұйра шашты, жалпақ бет сары жігіт, аңқылдақтау болса да, арынды ақындығымен танылып келе жатқандардан еді. Қайран балалық-ай, мен оны дәл сол жолғыдай жек көрген жоқ шығармын. – Бауке, – деді, маған бір қарап алып, – қазақ қыздарының шашын қиып, тырнағын бояғанына қалай қарайсыз? ...Мені айтып отыр. Үстімде ақ сұрыптан етек-жеңі мол пішілген көйлегім, оның сыртында қара барқыттан тігілген желеткем бар болатын. Киім жағынан көңілім тоқ болғанмен, жігіт таққан мін, бәрі бойымнан көрініп тұр. «Өлген жерім осы шығар... Қазір мені қуып шығады...» деген ойлар сапырылысып, санама мың кіріп-шықты. – Әй! – деді, атам, біраз уақыттан соң. – Сен не тантып отырсың? Бұл сенің ойнап айтқаның ба, жоқ әлде ойлап айтқаның ба? Қашып бара жатып жұдырық көрсеткендей, жанарында дүдәмәл, әлсіз жалын пайда болған әріптесім: – Сізді ондай қасиеттерді жек көреді деп естіп едік, – деп сөзінің соңын жұтып қойды. – Қазақтың қызы... дейді, – деді, атам, әлгі жігітке оқты көзін қадап, – қазақтың жігіті сендей болса, жетістік! Қарының қабақтай, бетің табақтай болып, жасыңа жетпей жал байлаған, ақымақ! Сен қашан көрдің, қазақ қызының паранжы жамылғанын? Білгің келсе айтайын, қазақ өз қыздарын о бастан еркін ұстаған! Ал, тырнақ жағына келсек, шығыс қыздары бұрыннан-ақ тырнақтарын қынамен бояған. Және ең әдемі опа-далап шығыс халқынан тараған. Оны былай қойғанда, күні кешегі ел басына күн туған қиын шақта, сол шығыс халықтарының ішінде Әлия мен Мәншүктей қазақ қыздары шашын ғана емес, басын да құрбандыққа шалды. Сен соғыста болған жоқсың. Болғаныңда өз көзіңмен көрер едің. Ақ қар, қызыл қанда теңізге бауырын төсей шарқ ұрған шағалалардай, жаралы солдаттарға қарай қанатсыз ұшқан қыздарымызды көрдім. Бұлдырықтай болып, жаралы апай төс жігіттерді оқ астынан алып шыққанына да куәміз. «Ер басына күн туғанда – етігімен су кешетін» қайраттарына қарап таң қалғанмын! Сондықтан, біздің қыз балалар үшін айтылған беталды сынға мен төзе алмаймын! – деп ентігіп барып, бір-ақ тыныстады. Біз сөз осымен бітті ғой деп ойлай бергенімізде, ата сөзін қайта жалғастырып әкетті. – Сөйткен қыздар бүгінгідей шат заманда түрленсе де өздеріне жарасады. Ал сен болсаң, жасың жетпей басың жерге тиіп, өткен заманды аңсайсың. Сол заман болғанда көрер едім, мына бұйра жабағыңның бөстекке айналып, әлдекімнің малын бағып жүргеніңді, – деп қолындағы таяғымен ақын жігіттің шашын нұсқап қойды. Сәлемшілердің ішінен бірлі-жарымы мырсылдап күлгендері байқалды. «Орынсыз айтылған сөз – орға жығады» деген осы шығар. Басқа пәле – тілден. Осы сөздердің шындық екендігіне өмірімде бірінші рет көзім жеткендей болды. Әріптесімнің үні шықпай қалды. Жастығымыз ба, қуанышты да, ренішті де қазіргідей бет пердемен тұмшалай алмайтынбыз, не де болса жүзімізге шыға келетін, әріптесімнің бозарған реңін көрген сайын, менде оған деген аяныш сезімі ояна бастады. Атам мені біржола арашалап алғысы келгендей, әріптесіме қарап: – Ұқтың ба? – деп айқайлап жіберді. – Ұқтым! – деген әріптесімнің үні талып естілді. Атам енді жанарын тіктеп: – Сені ақын деді ғой, ақын болсаң, Мағжанның бір өлеңін жатқа айтып жіберші, – деді. Мен үнсізбін. – Немене, қазақта Мағжан деген ақынның барын білмейсің бе? – Сұсты жанарымен жеп жіберердей қадалды. – Атын естігенімен, шығармаларынан онша хабарым жоқ. Себебі, оны мектеп бағдарламасында да, институт қабырғасында да өтпедік...».

Біз Мағжанды оқымай өскен буынбыз. Онымен қырықтың қырқасынан асқанда әзер жүздесіп едік... Біздің шығармашылдымыздан соның ойсыраған орыны әлі күнге дейін көрініп тұрады. Оны басқалар сезбеуі мүмкін , Баукеңнің замандастары кәнігі тамыршыдай біле қояды. Ол совет өкіметінің тас құрсауында өскен жас қызды аяп кеткен болуы керек, үн-түнсіз темекісіне қол созады. Оның өзі де осы қоғамның төл баласы еді ғой, бірақ, Мағжанды жүрегінің түбіне сақтап өскен. Тоталитарлық тепкі қазақтың ұлы ақынын ұмыттыра алмаған! Қайта оның елім, жерім деген асқақ Музасы оны не бір тар жол, тайғақ кешулерден құрыштай сомдап, аман алып шыққан! Мұның атын Ұлттық Руһ дейді! Ол жаппай тәркілеу мен 32-нің аштығын, 37-нің репанессиясын, екінші дүниежүзілік қырғынды көзімен көріп, басынан кешкен! Оны осы күнге аман-есен жеткізген ата-бабалар аруағы еді,-- Ұлттық Руһ, Абай-Мағжандардың Руһы еді!

Баукеңдер қазақтың Абай иттің етінен жек көрген оңбағандығынан қажыған, осы ортада шар болаттай шыңдалып, кемеллікке жеткен адам; қайда барса—аяқтан шалу, жүрген жері-- өсек аян, әділетсіздік, айқас, күрес.

Кітап оқырманға ой салып, тереңнен тебірентуімен құнды. Егемен ел болғанымызға отыз шақты жылдан асып барады, бізге әлі сол Баукеңдердің руһы жетпей тұр әлі?! Неге?! Міне, осы сауалдың жауабын іздеу керек бізге! Ұлттық руһқа жан-дүниесі кенеліп, өркениет өріне құлаш ұрып бара жатқан халық қаншама, бір кезде алтын құрсағынан Махамбет пен Бауыржандары туған қазаққа не көрінді?! Бүгінгі күннің көкейкесті сауалы, міне, осы болып тұр! Діліміз бір түрлі... Дініміз де-- быт-шыт! Ханбибінің жаңа кітабының алтын арқауы осында жатыр.

Алашорданың көсемдері Абайдың алтын тұғырына аяғын нық қойып, Алашын аспанға көтерді. Сол аласапыран заманның өзінде Алаштың бірінші ақыны Абай екенін алғаш айтқан Әлихан Бөкейхан еді. Ұлы абайтанушы Мұхтар Әуезовтың алдын орап айтты. Бұл-Алаш-Әлихандар да Абайдан шықты деген сөз! Не деген кемел ой, керемет тарихи құбылыс! ХХ-шы ғасырдың басында Әлихан таныған Абайды ХХI-шы ғасырда өмір сүріп отырған қазақ әлі түсіне алмай жатыр. Тұшына алмай жатыр Абайға! Қазақ үшін күллі ұлыстық қасірет, ұлттық трагедияның қара басы, міне, осы болып тұр!

Алаш жолы — Алла жолы, Абай жолы, Ақиқат жолы еді. Ханбибінің кейіпкерлері Баукеңдер мен Қасым Қайсеновтерден бастап, Сафуан Шаймерден, Әбіш Кекілбай, Еркеғали Рахмадиев, Фариза Оңғарсыноваларға дейінгі қазақтың айтулы тұлғалары соны бәрімізден бұрын әлдеқешан сезген, ұлтымыздың сорпа бетіне шығар ұл-қыздары еді. Ханбибі шаң басқан архивтерді ақтарып-төңкеріп не іздеп жүр екен десем, оның төркіні осында жатыр екен ғой? «Адасқан баланың ата жұртқа оралуы» -дейді мұны білетіндар. Біздің көбіміз әлі оған ат басын бұрғамыз жоқ,-- тегінен теріс айналған Ивандар секілді?

Қараңыз, Абайда тап пен тайпа жөнінде бір ауыз сөз жоқ. «Қайран, елім, қазағым» - ел-жұрт, ұлт қаһындағы терең ой бар. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» - дейді. «Басыңды ій , Кавказ, генарал Ермолов келе жатыр!» демеген!

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас,

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас!» - деп — ғаламзаттық, Тәңірлік деңгейге көтеріледі. Алашорданың күллі саяси бағдарламасы, міне, Абайдың осы сөзінен бастау алады.

Бауыржан Момышұлы ( немеесе «Менде басқа Отан жоқ!»-деп кеткен Қасым Қайсенов) фенамонының түп қазығы қайда жатыр? Олар екі аяғы салбырап көктен түсе қалған ба қазаққа? Жоқ! Абайдан шыққан! Мағжаннан шыққан! Алаш идеясы--Әлихандар шықты! Қазақтың ақ маңдайы жарқыраған кемел ұлдарының бәрі де Абай мен Мағжаннан шықты!

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз,-дейлі ол. Осы Абайдың сын жебесіне ілінген келеңсіз мінез, кесапат қылықтың бірде біреуі жоқ олардың бойында! Бізде ғана бар! Олардың аңызға айналуы содан. Олар Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз» деп Абай нұсқаған бес бағытта өсіп-өнген. Бізге ұсап Абайдың атын айта салмай, тұла бойына оның рухын сіңіріп алған! Неге? Біз «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес» екенін сезінбеген елміз! Оны терең түсінуге «Ынталы жүрек, шын көңіл керек екен, өзгесі хаққа жол емес екенін» білмей қалдық(Абай). Исі қазаққа Абайға тұышынбай, Алланы түсіну мүмкін емес екен!

Шыңғыстаумен мен туған Ақсораңның арасы салт атпен жүрсең, үш күншілік жол еді. Мен туғанда елге өркениет келіп, жол арасы қысқарып, пойыз, сомолет жүре бастаса да мен Жидебайға қырықтан асқанда әзер жеттім. Хакім отырған орындыққа отырып, үй ішін шолып, өзімше Абайға да жеттім-ау деп ойлағам,--бос сөз екен; елдің көпшілігінің Абай жөніндегі түсінігі әлі осындай ғой?! 70-ке жете беріп, Абайды түсіне бастадым ба, тұшына бастадым ба оған? Абайдың тереңіне бойлауға ғұмыр жасым жете ме, оны бір Құдай біледі?

Біздің сорымыз Абайды оқымай жатып, өлең жаздық. Оны түсініп, тұшынып оқығанда Поэзиямен құрдасындай ойнамайтын едік? Поэзия Гомермен жасты екен ғой?! Ол пендеуи кәсіп емес, — Құдайдың құбылысы екен ғой?! Кеше гөр бізді, Тәңірі! Абай аспанға кетіп қалды.. Біз жерде қалып қойдық, —феодалдық- патриархалдық, коммунистік,- жабайы капиталистік болмыс, бітімімізбен! Поэзия-- бекзада жанр. Абайды зерделей алмай жүріп, адам боламыз дейміз, трагедиямыз, міне, --осы! Ресей-совет өкіметі Пушкинді миллион тиражбен таратып,--оңбай қателесті... Ресей түгілі, бүкіл дүние жүзінде Пушкиннің жырынан рухани ләззат алатын миллион тұрғын жоқ қой?! Абайды 16 миллион қазақтың қаншасы түсінеді?

Бізде етік тігудің әдіс амалын әбден меңгерген етікшідей, өлең жазудың техникасын меңгеріп алғандармыз! Абайда ондай жоқ,--Рухты қана бар, Абай айтатын Толық Адамның Рухы! Осы "өлең техникасы" деген пәлекет поэзияның түбіне жетейін деп тұр, жылмиған ұйқас, қыздырманың қызыл сөзі,--Руһ жоқ!

Гетенің қасында Эккерман жүрген. Абайдың қасында ондай тұлға болған жоқ. Қаншама құпиясын өзімен қоса алып кетті екен жарықтық?

Біз екі бірдей кітабы бар елміз. Қазақта Құран бар. Абайдың кітабы бар. Басқа елде оның біреуі болғанмен, екіншісі жоқ қой?! Мұны сезінген біреу бар ма арамызда? Әй, қайдам... Соған Ханбибігің эсселерін оқығанда тағы да анық көзім жетті!

Абай мен Мағжан—Айсберг. Мұхиттың бетіндегі кескіні көрініп тұрғанымен түбі—тұңғиық. Біз таяз сумыз, көшелегі көрінген пенде жалдап жүр. Поэзия—Құдайдың құбылысы! Өлімге бола жаратылған өлерменге түсінікті болмауы керек ол. Тақпақ қана түсінікті елдің бәріне. Ханбибі бір сұхбатында жеті ағайынды екенін айта келіп, «Бір інім бар, түсінеді мені. Бір інім бар, менің ақын екенімді білмейді. Өмірінде бір кітап оқымаған…» деп еді. Өзінің туған бауырың осы болса, өзге кімге өкпелейсің? Көресің де,--көнесің. «Ақын елдің бәріне ұнауға тиіс емес,-деген Андрей Вознесенский,--елдің бәріне ұнайтын кір жуғыш сабын мен тері куртка...». «Шындыққ қарай жүздім мен», «Өнердегі өнегем, өлеңдегі пірім ең» атты эсселерін оқығанда Мұқағалидың ел аузында жүрген «Маймылдың адамға айналуынан адамның ақынға айналуы қиямет қой»-деген бір ауыз сөзі еске түседі. Ханбибі де сол қияметтің қыл көпірінен өткен ақын, меніңше. Өлеңге сыя қоймайтын көп дүние осы кітапта өзінің гормниялық үйлесімін тауыпты.

Поэзияда Құдайға ғана тән құпия болуы керек: «Божественная тайна»!-дейді мұны орыстар. Мағжан-Бауыржандар да қазаққа құдайдың құпиясы болып қала береді... Ханбибінің әнге айналып, осы күні ел аузында жүрген әйгілі өлеңінде әлемнің әйел ақындарының біреуінде кездеспейтін қаншама махаббат машақаты, драмалық оқиға, трагедиялық-мағжандық сарын жатыр! Баукең соны бір кезде бізден бұрың аңғарып, оған елден ерекше іш тартқан болуы керек, меніңше?

Абай-Мағжандар аспанға кетіп қалды.. Біз жерде қалып қойдық, —феодалдық- патриархалдық, -коммунистік, -жабайы капиталистік болмыс, бітімімізбен!

Олар барлық өлеңін біздей жұмыр басты пендеге емес, Аллаға арынап жазған. Өзін түсінетін қазақ жоғын да білген. Қазақтың оны әлі күнге дейін түсіне алмай жүргені —содан!

Құранның да көктен түскені рас. Жерде жүрген өзіміздей өлімге бола туған біреу жазғанда біз оны баяғыда-ақ «түсініп» алатын едікІ Құран—Алланікі! Поэзия да—солай! Өнердің барлық озық классикалық туындысы да—солай! Олардың жарық дүниеге шығуына Алланың өзі араласқан!

Ақынның прозасы туралы не айтқым келсе, соның бәрін осы шағын дүниеде айттым деп ойлаймын.

Ханбибі Есенғарақызының бұл кітабы өзінің ақындық болмысынан егіле сыр шерткен ақынның автопортреті сынды, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына әбден лайық туынды!

2024 ж. 03. 07. Қарағанды.