«ӨРІМТАЛ» ӨРЕНДЕРДІ ШАҚЫРАДЫ

Сөз өнеріне бейімі бар балдырғандардың талабын ұштап, қабілетін шыңдайтын үйірмелер аз емес. Өкінішке қарай, олардың көбі елдегі күрделі жағдайға байланысты жұмыстарын тоқтата тұруға мәжбүр. Алайда балалармен онлайн режимі арқылы даярлық жүргізуге болады емес пе? Ендеше, сіздерге "Өрімтал" атты онлайн әдеби үйірме ашылғанын хабарлаймыз!

Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген керемет нақыл бар. Болашақтың бала шақтан басталатынын ескерсек, балдырғанға қабілетіне сай ерте жастан демеу жасаған жөн. Балаң арманның ұлы мақсаттарға айналуы да, бәлкім, дұрыс бағыт-бағдар беруге тікелей байланысты болар... Әсілі, тұлғаның қалыптасуына анық ойлауға, тұнық сөйлеуге дағдыланудың зор ықпалы бар екенін айтар едік.

Сондықтан көркемсөз оқу техникасын, сахна тілін үйреніп, шығарма, эссе жазуға машықтану үшін тәжірибелі маманның тәлімі қажет-ақ. Осы орайда өз ісінің білгірі Анаргүл Шалғынбайқызы ашқан "Өрімтал" онлайн-үйірмесі шығармашылыққа ынталы балалардың қабілетін шыңдайтын шеберханаға айналады деп кәміл сеніммен айтар едік.

Үйірме жетекшісі – қосымша білім беру педагогы. Ол осы уақытқа дейін дәріс берген көптеген шәкірт талай байқауда топ жарып, түрлі сындарда жарқырай көрініп жүр. Араларында қаламы қалыптасып келе жатқан жас ақындар да, телеарнада жүргізушілік қырын шыңдап жүрген болашақ журналистер де, ұлт өнеріне жаны жақын балғын өнерпаздар да бар.

«Жалпы, мәнерлеп оқу, шығарма мазмұнына бойлау, көркем, образды ойлау, сөйлемді сауатты құруды меңгеру кезеңінен өтпей тұрып, шығармашылыққа құлаш ұру жетістікке бастамас еді. Тіпті, тұлғалық қасиеттің негізі, адам меңгеру өнері, өз жан-дүниеңе үңіле білу қабілеті де сөз өнеріне бой алдырудан қалыптасады дер едім», - дейді Анаргүлдің өзі.

Алғашқы қадамын енді бастаған "Өрімтал" онлайн-үйірмесіне әлден-ақ елдің әр түкпірінен бір шоғыр талапкер тіркеліпті. Жетекші үйірмеге қатысушылар қатары әлі толыға түсетініне шүбә келтірмейді. Біз де игі жобаға сәттілік тілегіміз келеді.

Егер «Өрімтал» мүшесіне айналғыңыз келсе, Анаргүл Шалғынбайқызының 8 775 252 85 55 нөміріне қоңырау шалуларыңызға немесе "Инстаграм" желісіндегі orimtal_2020_anargul атты жеке парақшасына тіркелулерініңізге болады.