«ПАРАҚTIMES» ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ

23-24 қазан күндері Түркістан қаласының қала күні қарсаңында халықтың кітапқа деген құштарлығын оятуға арналған «Парақtimes» кітап жәрмеңкесі өтті. Ауқымды жобаны қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімі мен «Серпіліс» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының баспа үйлері, кітап дүкендері, кітапханалары оқырманмен ашық диалог құрып, оқырмандар өзі қалаған кітаптарына қол жеткізді.

 

Кітап жәрмеңкесінің тағы бір мақсаты – танымал қаламгерлер мен оқырмандар арасындағы алтын көпірге айналу. Осы мақсатта жәрмеңке аясында Есболат Айдабосын, Ерлан Жүніс, Серікбол Хасан секілді республикамызға белгілі қаламгерлер жәрмеңкенің  қадірлі қонағы болды. Пікірлесу алаңшасында ақын-жазушылармен және жас қаламгерлермен кездесулер де өткізіліп, Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарына жақсы әсер сыйлады.

 

Сондай-ақ, Түркістан ғажайыптарына арналған бірнеше жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті. «Қазақ энциклопедиясы», «Қызмет», «Отбасы хрестоматиясы», «Шашу», «KHAN COMICS», «Қазбілім», «Шың» «Shugylakitap» баспа үйлері, «KITAPAL», «Qazyna» кітап дүкендері мен Ы.Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасы және Фараб кітапханасы кітап әлеміне оқырмандарымен бірге саяхат жасады.

Кітап жәрмеңкесіне зиялы қауым өкілдері, жастар, кітапхана оқырмандары, жоғары оқу орындарының және колледж студенттері, мектеп оқушылары, қала тұрғындары, жалпы кітапсүйер қауым түгел қатысты.