ӘҢГІМЕ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ

Қызыл кірпіш

 

Мына жазық даланың қожайыны – Хабес шал. Қорасындағы малы қай жерге дейін жайылады, соның барлығы да Хабестікі. Басқалар ортақтаспайды ма дейсіз? Иен далада айналдырған екі үй, бірі – иесіз қалған Молдаштың қыстауы, бірі – Хабестікі. Ашу қысқанда «Иесіз қалғыр!» деп қарғайтын кемпірлердің барлық қарғысы осы Молдаштың қыстауына келіп тиген сияқты. Әсіресе, ымырт кезінде батқан күннің қызғылт оты аңғал-саңғал үңірейген терезелеріне түсіп, тұсынан өтер адамның бойын еріксіз үрей билейтіндей. Есіксіз аңырайған кіреберістен уілдеп соққан жел шынылары шағылып, ұшқан құстың бауырын сойып түсердей өткірлене аңырайған терезеден азынай шығып, бүкіл ғаламның азабын айтқандай бір қайғылы әуеннің желісін ұстап алатын осы иесіз там. Жүрген жерінен майысқан шеге, темір-терсектен бастап, отқа жағуға жарайды деп кеспелтек ағашқа дейін жинап,үйіне тасып жүретін Хабес шал осы иесіз тамды әлдеқашан буын-буынымен ұқыптап бұзып, жинап алатын кезі де болды. Бірақ жапандағы жалғыз үйінің жанына ес болсын деді ме, иесіз болса да іргелес тұрсын деді ме, айналасынан бір тас та алмады.

Орталықтан бес-алты шақырым ғана бөлектеніп қалғаны болмаса жан баспайтын мекен деп айтуға да келмес. Анда-санда мал жоғалтқандар келіп жөн сұрасып, ауданның шуынан қашып шығып жанына сая іздеген еріккендер шатыр тігіп демалып, Хабестің үйінен шыға бере айнадай тып-тымық болып жататын көлге бала-шаға келіп балық аулап, тіршілігі бүлк-бүлк етіп жататын. Әрине, келушілер де кетушілер де Хабестің бақылауында, алдымен Хабеске амандасып, қолын алып, келген шаруасын айтып, содан соң тіршіліктеріне кірісетін. Жөн сұрамай баса көктеп кіріп келетіндер де табылады кейде, ондай кезде сығыр көздерін ашу кернеп, ежірейіп, қолына ұстаған қамшысы тығыншықтай денесінен алға озып, соларға қарай домаланып шаба жөнелетін. «Әй... Не шаруа сенікі?» дейтін әй-шәй жоқ шолақ қайыс қамшысы шолтаң-шолтаң етіп. Көлден балық аулайтын кішкентай балаларға дейін Хабестің мінезіне, болмысына үйреніп алған, жағада сығыр көзіне көкжиекті сыйғызып алып күтіп отыратын Хабеске әрқайсысы бауыры сап-сарысынан, үлкенінен бір-бір балық тастап кететін. Кейде мөшектегі арық-тұрық, бозарған балықтарды көрсе «Семізінен неге ауламайсыңдар, әй? Мыналар өскенше жүре тұрса болатын еді, өййй, әкең, балықты осылай аулай ма, өтінің тұсынан шаншып алып! Өті жарылған балықты аш мысық та жемейді» дейді ашуға булығып. Лай судың астынан балықтың семіз-арығын айырып, қай жерінен шаншып ұстау керек екенін білу үшін қаншалықты шебер болу керек екенін түсінбеген балалар бастары салбыраған күйі «Ата, ата, кешіріңіз» дей береді.

Соңғы күндері ауданның көліктері үйді айналып өтетін құмдақ жолдың шаңын бұрқыратып, олай да бұлай жүйіткитін болды. Қамшысы шошаңдап жетіп баруға Хабес тіпті үлгермейді де, бұл жерде үй барын, Хабес дейтін қожайын барын елеп жатқан біреуі жоқ. Жап-жасыл біртұтас даланың қақ ортасын кесіп жатқан қасқа жолдың ана шетінен бұйраланған шаң көрінісімен Хабес солай қарай домалай жөнелді.

Кей кездері жолдан өтер көлік күтіп жүріп, орталықта өлгендердің садақасына қатысу, бет сипау, хәл үстінде жатқандардың көңілін сұрап баруға дайындалатын. Бұл жолғы Хабестің жүрісі бөлек. Көлік жеткенше жолдың қақ ортасына малдас құрып отырып та үлгерді. Не болса да ауданның ірі адамдарын алып жүретін жаңа көлік қой, тежегіші де мықты жасайды екен, дөңгелегінің өне бойында айналып келе жатқан аппақ шаңды Хабестің үстіне бұрқырата әкеліп тоқтай қалды.

Хабестің мінезін, жәйін білетін шөпір құлдыраңдап келіп қолын ұсынғанмен, галстугі иен даланың аңызақ желімен желбіреген өзге екеуі Хабеске асықпай амандасты.

– Ие, не шаруа?– дейді Хабес тікесінен қойып сұрағын.

     – Завод саламыз, кірпіш шығарамыз. Бұл жердің сазы да мол, суы да мол екен. Жерді өлшеп жүрміз, –деді біреуі.

– Ееее, паспорт бар ма? – дейді Хабес құжат атаулыдан тек паспортты ғана білетіндіктен.

Аудандыкілер де «Сіз кімсіз?» деп сұрап жатпай-ақ қырсық шалдың ниетін, жалпы мінезін екі-ақ ауыз сөзінен түсіне қалатын сұңғыла адамдар екен, әңгімеге бірден ойыса кетті.

– Әбден жерді өлшеп, біліп, сынап алған соң сізден келіп заводтың болашақ жұмысын ақылдасамыз ба деп ойлап келе жатқанбыз, алдымыздан шыға келгеніңіз жақсы болды, – дейді біреуі жел үрлеген сайын танауына соғылған галстугінің ұшын белбеуіне қыстырып жатып.

Шөпір де сөзді іліп әкетіп:

– Хабеке, осы жердің қожайыны өзіңіз ғой енді, қалай ойлайсыз, кірпіш шығарса ақтайтын шығар, иә? – дейді.

Аптаға жуық уақыттан бері жөн сұрамай жүйіткіп жүргендерге қайнаған зығырданы, ашуы мына аңызақ желмен әлдеқайда ұшып кетіп, маңдайында тырысқан әжімдері жазылып, ашуланған кезде шыныдай жылтырайтын сығыр көздері бұл жолы рахаттана жұмылып-ашылып:

– Жолдың бойында жөн сұрасқан жарамас, шайға жүріңдер,–дейді Хабес бойына біткен аса ширақтықпен көліктің алдыңғы орнына отырып жатып.

Өңешіндегі шоғы шала сөнген самаурынның бүйірі дыз-дыз қайнап, дастарханның шетінен орын теуіп, самаурын суыған сайын әңгіме қыза түсіп, Хабессіз де жасалып қойған жоспар қайтадан ортаға түсті.

Келгендер іңір тарта:

– Ал, жарайды, Хабеке, әзірге біз белгілеп қойған жерлер сізге аманат. Шаруа басталғанша да, басталған кейін де бас-көз болып жүресіз өзіңіз, – деп ауданға аттанды.

Көлден балық аулаған балалардың ермегі жайына қалды. Жағалай шоқиып малдас құрып күтіп отыратын қырсық шалдан құтылдық па деп қуанған балалар жоқ, әрқайсысы батып бара жатқан күннің шапағына бауыры алтындай шағылысып, құйрығы шоршыған бір-бір сазандарын сымға тізіп, Хабестің сарайына іліп кетіп жүреді.

Хабес завод салынады деп белгілеген жерді күнде барып қарайды, тіпті сарайдан күрегін шығарып, басын қайрап, сол аумақтың шөбін шауып, балық аулауға келген балаларды ұстап алып, малдың тезегінен,сүйек-саяқтан тазартып, шаруаға қызу кірісіп кеткені. Түс ауа ауыл шетіндегі қасқа жолдан хабар күтеді. Істелген жұмыстарды іштей саралап, қайталап, завод салатындарға есеп беруге дайындалады.

«Әй, осылар айнып қалған жоқ па екен? Бірақ суы келіп тұр, сазы мол, жолы міне, ұзыннан жүріп отырып, ауданға ызғытып өзі апарады. Түтін шықса таза ауаға еркін тарайды» дейді өзінен өзі күбірлеп құмдақ жолдың шетінде отырып алып, айқыш-ұйқыш сызуларды сызып, өлшеп.

Көп ұзамай Хабестің көңіліндегі алаңды басып, тіс табандары сары топырақты қопара ауыр жүк көліктері, крандар, тракторлар келе бастады.

Айналасы он күннің ішінде тып-тымық жатқан иен даланың бүкіл тамыры бүлкілдей соғып, құрылыс басталды да кетті. Қорадағы оншақты малдың жай-күйін кемпіріне мұқияттап тапсырып, құрылысшылармен бірге біте қайнасқан Хабес шал:«Өй, әкең суды босқа төкпе, ол жерді қазба, мына жерді қаз. Ана сазыңа қара топырақ араласып кетті» деп әмірін жүргізіп, бір бұйрығы елеусіз қалып, бір тапсырмасы орындалып күндері өтіп жатты. Үйі іргеде тиіп тұрса да, таңертең шығарда «Кемпір, мен әбедке келмеймін, жұмыс жақтан ішемін, кешке бір келемін» деп маңғаздана шығып кететін.

Құрылысшылар жататын, тамақтанатын арнайы вагонда солармен бірге жүріп, бірге тұрып жүргенде ашық аспан астында сегіз қатар алып пеш салынып үлгерді. Саз илейтін станоктар, сазға су сақтайтын алып цистерна, құбырлар орнатылды, иленген кірпішті пешке таситын ременьдер жасалды. Жаңылыссыз, мүдірмей істейтін станоктардың жұмысына қайран қалған Хабес шал сүйсініп қарап тұрып:«А, айналайын өкімет, жаңа заман өкіметі» деп басын шайқай беретін.

Күні бойы құрылыс алаңының ана шетімен мына шетінде жұмысшыларды боқтап, сыбап, бүлінген саз үшін тіпті қамшысымен осып жіберуге дейін оқталып, күйіп-пісіп жүретін Хабес шалдың мінезіне бәрі де үйреніп алған, ешқайсысы ренжімейді, «Ары барыңыз, кедергі келтірмеңіз» демейді де. Жұмыс соңында бүкіл ашу, ыза тарқап, тырысқан маңдайы жазылып, ыстық шайға терлеген кеудесін жалаңаштап жіберіп көл жақтан соғылған самал желге тоса:

– Жігіттер, бүгін жақсы жұмыс істедік, ертең сегіз жүз тас күйдірсек тіпті керемет. Әй, тиеп кететін көліктерің қашан келеді? Директірлерің өзі санап тией ме? – дейді күні бойы шаршап, ығыры шыққан жұмысшыларға еркін демалуға мұрша бермей.

«Осынша су кетті, осынша тонна саз алынды, осынша кірпіш күйдірілді, пайдасыздары осынша» деп тіпті төс қалтасында темекінің қорабына жазып та жүрді. «Директір келсе былай айтамын, былай есептесемін. Әлгі Қадырдың арақ ішетін баласын жұмыстан шығарттырамын, әкеңңң, шала мас күйінде жұмысқа кіріседі де, шылапыттап суды кұйып, сазды езіп жібере береді. Аузы былшыраған өңшең. Директір сендерге сеніп отыр емес пе, ой, әкеңді тап ұрайын» дейді жақын жерде қамшысына ілігер ешкімді таппаған соң өз санына өзі ұрып.

Айын бір-екі рет келіп, он-он бес минут қана жүре сөйлесіп, жұмыспен танысып кеткен директорға есебін толық айтып та үлгермеді Хабес. Әбден көлігіне мініп, есігін жауып жүріп кеткенше кірпіш есебін ғана айтып үлгереді тек: «Күніне сегіз жүз кірпіш...»

Түн болса да маза жоқ Хабесте. Қол шоқпардай фонаригінің жарығын шошаңдатып заводтың айналасын қарап жүргені. Таңмен көкжиектен шығар күнді, соғатын желді, көшкен бұлтқа қарап та болжам жасайды. «Жауын келе жатыр, бұлты қою, бүгін суды сыздықтатып жіберсеңдер де болады екен, жігіттер» дейді.

Тиеліп, жөнелтілген тастардың саны Хабестің төсқалтасында жазулы бәрі. Түн ішінде тас тиеуге келетін көліктер де назарынан тыс қалмады, шоқпардай фонаригінен түсетін жұдырықтай жарығы қараңғы даланы тілгілеп, қараңғыда тас тиеп жатқандарға шабады: «Паспорт бар ма?» Қараңғыдағы дауыстар да құмыға шығады: «Директордың сарайын салуға тас керек болып... Таңертең ертемен құрылыс басталады, тасты соған дейін жеткізуіміз керек...»

Жұмыс та баяулады, жұмысшылардың қатары да сиреді.  Станоктардың сартылдаған дауыстары да бәсеңсуге айналды.

Таңы даланы тоңазытып ататын тамыз келісімен Хабесті бір уайым билей бастады: күн суытса су қатады, су қатса саз езілмейді, сазсыз кірпіш жасалмайды. «Апырмай, бұлар қайтеді екен? Келер жылғы жазда жалғастырар ма екен? Мына директірі қайда жүр. Құралдар қыс бойы қардың астында қараусыз қала ма?»

Хабестің ойын оқығандай ақ жейдесі бір шөкім көлеңкесі жоқ маң даладағы күннің ақ шаңқай аңызағына шағылып директор да жетті. Директор соңынан жұмысшыларды тиеп әкетер үлкен көліктер де жетті. Жұмыс тоқталар сәтін күткендей жұмысшылар сарт-сұрт жиналып, сақадай сай солдаттардай көлікке секіріп-секіріп мініп жатты. Хабеске жөнін айтып, қоштасып жатар уақыт тығыз, бар айтқандары «Ал, Хабеке, амандықта болайық!».

Уәж айтуды жөн көрмесе де Хабестің жаутаңдаған сұраулы жүзінен аттап кетуді ұят санады ма, әйтеуір, көлікке мінер уақытта ғана директоры:

– Жоспар ақталмады, жұмыс тоқтады, кірпіштер аз шығарылды... Күніне үш жүз кірпіш тым аз...

– Директір балам-ау, қайдағы үш жүз, үш жүзі несі, ойбай-ау, күніне жеті жүзден кем емес, сегіз жүзге дейін жеткізген болды жігіттерің, кірпіштер үш күн сайын прицеп-прицеп болып ауданға заулап отырды емес пе, қазір, қазір... дейді Хабес төсқалтасында умаждалған қағаздарын шығарып жатып. Дұрыс есебін берсе көптен үнсіз қалған мына кірпіш күйдіретін пештердің көмейінен от заулап, станоктарға жан біте тарсылдап, мына даланың төсінде қайтадан жұмыс қызатынын ойлаған сайын жүзіне қан жүгіреді Хабестің. Жыбыр-жыбыр жазудың қайсысына қарап жатсын директор:

– Ал, Хабеке, амандықта болайық, сізге рахмет! – дейді қоштасарда шалдың қолын асығыс алып жатып.

«Әй, мына құрылыс кімге қалады? Ойбай-ау қып-қызыл шығын болды сізге, директір бала, апырмай, қайттік?!». Хабес шынымен жыламсырады. Дәл осылай соңғы рет іргесіндегі иесіз тамнан бір кезде Молдашты балалары көшіріп алып бара жатқанда қобалжыған: «Апырмай, Молдаш-ай, биыл қар көп түсті, шөп те бітік шығады, жалғыз өзім бәрін орып қайтемін?» дей беріп еді былайғы уақытта шөп орар кезде бір-бірінен орақ тастар жерді қызғанып жиі шекісіп қалатын шақтарын ұмытып.

– Құрылыс үкімет балансында ғой, бізге аса шығын жоқ, Хабеке, уайымдамаңыз, – дейді директор бір аяғы сыртта, бір қолы көліктің есігінде тұрып.

-Өкімет дегенің сен емес пе, балам ау? Кемпірі екеуінде бала болып көрмеген Хабестің біреуге балам-ау деп мейірленуі тым сирек, енді біраз қиналса директорға «Әкем-ау» деуі мүмкін еді... Дүр етіп от алған көлік оны айтқызбады.

«Өкіметің бөлек, директірің бөлек... Айналайын, өкімет-ау...» ашу-ызамен шолтаң-шолтаң ететін шолақ қамшысының басы бұл жолы сылбыр ғана өз санын өзі әлсіз сабалайды.

Аспанға қарай аңырайып тұрған сегіз қатарлы алып пеш те бұдан кейін Молдаштың қыстауындай иесіз қалып, жел соқса азынайтынын, күн батарда қабырғалары қызыл іңірге боялып оттай қызарғанда Хабес кімнен ұяларын білмей, үкіметке не айтарын білмей абдырайтыны белгілі еді.

Әне, анау тұрған сол Хабестің моласы. Үйлерінің жыртығын жамап, сылақтыққа бір дорба саз алуға келетіндерді "Өкіметтікі, тимеңдер" деп қамшысы шошаңдап тұра шабатын шал жоқ қазір. Бірақ әйтеуір басына бірдеме бұйырыпты. Жарықтықтың айқұлақ моласын бір кезде заводтың құрылысында жасаған жігіттер сол қызыл кірпіштен тұрғызыпты. Жыл өте заводтың орны үйіндіге айналғанда «Осы жерде бір кезде кірпіш өндірілді» дегендей батар күннің шапағына шағылып, қызыл кірпіші ерекше қызара түседі екен.

 2023 жыл

 

Бақытгүл СӘРМЕКОВА, жазушы: ХАБЕС ОБРАЗЫ АТАМНЫҢ МІНЕЗІНЕН АЛЫНДЫ 

 Бұл әңгімеңіздің идеясы қалай туды?

–  Кейде қоғамдағы көңілім толмайтын нәрселерді ойлағанда  немесе басталған нәрселердің орта жолда ақсап  тұрғанын көргенде өз наразылығымды ашық айта алмайтын кездер болады.  Сондай сәтте өз ісіне адал, тіпті қайтарымы жоқ болса да артқан сенімді соңына дейін арқалап жүретін жанкешті адамдар көп болса ғой деп тілеймін. Хабес – менің сондай арманымнан туған адамның бейнесі. Бағзы заманда, соғыстан  көз ашпаған уақытта суға салса – батпайтын, отқа салса – жанбайтын батырлардың бейнесін халық өз қиялдарынан шығарып, батырлар жырын, ертегілерді дүниеге әкелген ғой. Менің де қай салада да Хабестей адамдар көбірек болса деген арманымнан осы шығарма туды.

Демек, шығармаңыздың басты кейіпкері – Хабес шал образы қиялдың жемісі ғой.   Ал туындыға арқау болған мекен өмірден алынған ба? Шынтуайтында, Хабес образының бұлай қалыптасының сыры неде болуы мүмкін?

Жалпы, Хабестің протатипі де, кірпіш зауыты да өмірде болған. Оқиға дәл солай өрбімесе де, өткен жайды түрлендіріп жазу жазушының шеберлігіне  байланысты ғой. Хабес – менің атам. Кішкентай кезімде атамды қандай қатал, қырсық, шақар, сараң адам деп ойлайтынмын. Кейін, есейе келе атамның мінезі мен таныған болмыстан мүлде бөлектігін түсіндім.
Қырсық деп ойлағаным – қазір көп адамның бойында кездеспейтін принципшілдік екен.  Қоғамның ауытқуына байлысты ма білмеймін, көп адам өз пікірлеріне тұрақсыз, жылпос болып кетті.
Қаталдығы – жанашырлығы екен. Атымыз кішкентай кезімізде жұмысқа жегіп, әбден шаршағанша немерелеріне маза бермейтін. Тіпті істелуге тиіс жұмыс таусылса, қорадағы шөпті бір орыннан екінші орынға үйгізіп жинататын. Сол кезде әбден шаршағаннан, іштей атамды өте қатал деп санайтынмын. Керісінше, ол кісі сол кезден-ақ бізді қайсарлыққа, шыдамдылыққа, адал еңбекке тәрбиелепті. Қазір бойымнан шыдамдылық, еңбекқорлық қасиеттер табылып жатса, соның бәрі – атамыздың тәрбиесі.
Сараң, айдаладағы шөпті, ағып трған суды қызғанады деп ойлайтынмын. Әркіммен ырылдасып, шақарланып жүретін еді. Онысы сараңдық емес, қамқорлық, ысырапшылдыққа жол бергісі келмеген ниеті екен ғой.
Хабестің бойына міне, осы қасиеттерді жинақтай келе қарапайым ғана қазақ шалын жазып шықтым. Елімізде басы басталғанымен, аяқсыз қалып, тиісті мамандар көзбояушылыққа салынып, орта жолда жүзеге аспай жатқан көп жобалар бар. Үлкен үмітпен салынып, жұмыс жасап, орта жолда қалған кірпіш зауыты – біздегі күйіп кеткен сол жобалардың жинытығы.

– Кейіпкер болмысын кейіптеу, мысалы, осы туындыңыздағы образдар желісін нанымды суре сіз үшін қаншалықты күрделі немесе оңай болды?

Негізі, жазушы өз шығармасын талдамауы керек еді... Ішімдегі қоғамға қарсылықтар жинақталып, кейде қарап отырып күйініп кетемін. Әрине «маған қатысы жоқ қой, өз шаруам түгел» деп өзімді жұбатқандай боламын. Бірақ, қайткенде де, қоғам алға басу үшін әркім өзінің қолынан келетін бір нәрсе істеуі керек, менің қолымнан әзірге жазу ғана келіп тұр. Бүгінде бәрі тез-тез өзгеретін, аумалы-төкпелі кезеңге аяқ бастық. Жазушылар үшін кейіпкерлер толып тұр. Бүгін басқаша, ертең басқаша сөйлеп жүрген тұлғалардың өзі – бізге таптырмас кейіпкерлер. Бәрін саралап жатуға, баға беруге қазір шамамыз жетпес, тарихтың бағасы уақыт өте беріледі. Қазіргі біздің жазушылардың мойынына түсіп тұрған жүк – нені көріп тұрмыз, соны жазу. Қалай жазу керек? Ол жазушының өз стиліне байланысты. Шығармамды талдамаймын деп отырып, көп нәрсе айтып қойдым. Қалғанын оқырманға, әдеби сыншыларға қалдырайық.

Жалпы, шығармаларыңыздың дені реалистік оқиғалар желісіне құрылып жатады. Реалистік туындылар жазудың ерекшелігі неде?

Тап-таза реалистік деп айта алмаймын. Себебі шығармаларымның соңын ізгілікпен, өшпеген үмітпен, жоғалмаған ар-ұятпен аяқтап, оқырманға сәл болса да жылулық сыйлағым келіп тұрады.
Хабестің бейітінің қызыл кірпіштен салынып, күн батар шақта қызыл  түске боялатыны да – оқырман көкейінде әйтеуір бір үміт қалдыру ниетінен туды.  Басқалар ұрлауға ұялмаған, мемлекеттің ақшасын судай шашқанына қысылмаған  мердігерлер пейілін Хабестің ар-ұятымен жеткізгім келді.  Шал өлсе де, оның бейітінің қып-қызыл оттай көрініп тұруы  – көп адамның бәрібір ар алдында ыңғайсызданатын білдіреді.  

 Әңгімелескен Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА