«Федра» қандай кейіпкер?

Жан Расиннің «Федрасын» Д.Жұмабай 2016 жылы «А.И» театрында сахналады. «Федра» – театр тіліндегі композициялық тұтастығымен, контрастты гармониясымен көзге түскен қойылым. Ол туралы пікір білдірудің екіұштылығы да бар. Дәтің барып, дат айту – бөлек. «Федра» – классика. Демек, саф дүниеге қылшық жұқтырмай жарқыратып алып шығу – міндет.

«Федра» – назирашылдық дәстүрмен жазылған туынды. Қазақ ауыз әдебиетіндегі сан нұсқалы құбылғыш сюжеттердің негізі жырлаушының кейіпкерге байланысты субьективті көзқарасынан туып отырғанын ескерсек, «Федраны» мифтік аңыздардан әдеби туындыға айналдырған алғаш Эврипид («Ипполит») болса, одан кейін Сенека («Федра»), Жан Расин («Федра») қолға алған. Ал орыс әдебиетінде бертін келе Марина Цветаева («Федра») да ауыз салған. Эврипидтің «Ипполитіндегі» Федра – өктемшіл һәм тасбауыр, Сенеканың «Федрасы» – көнбістеу жуас әйел. Ал, Жан Расиннің «Федрасы» – төрт құбыласы тең болса да дүниеден әбден тойынған әйел. Марина Цветаеваның «Федрасы» – өң түсін ажыра білмейтін түңілістегі алжасқан әйел. Махаббат азабын кешкен жанға бұл күйлердің бәрі де ортақ сияқты. Алайда, әр автор өзінің Федрасын жасақтарда, құбылтып, өзінің жан дүниесіне икемдеп қырландыра түскен.

«Федра» классикалық туынды ретінде әлем сахнасында қай қасиеті үшін ілтипатқа ілікті? «Федра – өте қызықты, тартымды кейіпкер», – деп атап өтіпті Арестотель. «Оның бойында драматургиялық шарттылыққа сай өкініш пен үрей туғызатын табиғаты жақсы ашылған» дейді. «Федраға» көз тікпеген режиссер жоқ шығар. Федра образына бойы тең актриса да кемде-кем. Оның бойында сан құбылысты сезімдердің шарпысып жатуы неден?

Федра – Тесей патшаның екінші әйелі. Әуелгі әйелі  амазонкалық Антиопаның да тағдыры ауыр. Пьессаның арғы тегін ақтарсақ, ежелгі грек аңыз-мифтерін адақтап шығу керек. Адақтап шыққан түсінер, Тесей өз елімен жауласқан амазонкалық жауынгер әйелдердің патшайымы Антиопаны ұрлап кетіп, өзіне жар етіп алады. Антиопа Тесейге сүйіп қосылып, Ипполит есімді ұл сүйеді. Алайда, амазонкалықтар (кей тарихи беттерде бұл Каспий жағалауы елдері делінген) Антиопаны қайтарамыз деп шабуыл жасағанда, Тесейдің әскерімен өз еліне патшайым да қарсы шығады. Сол соғыста Антиопа патшайым  ауыр жарақат алып, қаза тапқанда амазонкалықтар кері шегінген екен. Көпке дейін үйленбей, сүйіктісін ұмыта алмаған Тесей Ипполит ержеткенде, Федраны ұнатып, әйелдіккке алады. «амазонкалықтың» ұлы деп жақтырмаған Ипполитті өгей анасы – Федра бір көргеннен-ақ ұнатып қалады. Сол азаптан өртеніп, Ипполитті үнемі сарайдан қашықта ұстап, қасына жақындатпайды. Мұны «өгей шешем күндестікпен істеп отыр, әкем де соған жақ», – деп түсінген Ипполит «Амазонкаға кетем» деп талай бекінеді. Кезекті бір соғыста Тесей қаза тапты деген хабар келеді. Бұл хабарды Федра әрі қуанып, әрі қайғырып қарсы алады. Махаббаттан өртеніп, ажал құшам деген әйел Ипполитке сырын айтып, ғашықтығын жария етеді. Ал Ипполит болса, Арикияға ғашық. Мұндай сөзді күтпеген Ипполит ауыр күнә жасап қойғандай, елден қашып кетеді. Ар-ұяты тапталғандай қорланған Федра көп ұзамай Тесей тірі деген хабар естиді. «Әкесінің алдынан шығып, мені масқаралап, сырымды айтса, өлген жерім – сол», – деп ойлаған Федра «Ипполит ар-ұятыма нұқсан келтірді» деп жала жабады. Тесей әйелінің сөзіне иланып, ұлына Посейдон құдайдың қарғысын жібереді. Осы қарғыс әр авторда әртүрлі берілген. Кей шығармада судан үлкен алып құдай шығып, ұлын жұтып жіберсе, кей шығармада аласұрған толқын алып кетеді. Сөйтіп, ұлы Ипполит жазықсыз қаза табады, артынан жаласын мойнына алып Федра да у ішіп өледі. Бары – осы. Бірақ, режиссер мен актриса, драматург біткенді осы кейіпкердің образы неге сонша ынтықтырады?!

«Абай жолында» Қодар мен келінінің арасындағы күнәға сот жүреді. Ауыр қылмыс деп таңба қояды. Біздің менталитетімізде жақын туыстар арасындағы махаббат тілге алына бермейтін жабық тақырып. Өзбек, ұйғыр, үнді сияқты ұлттар тумалас ағайындарына үйлене беретіні болмаса, мұндай жақындастық тақырыбы көп көзге іліне бермейді. Бұл шариғатта да адал емес. Сондықтан да, тақырыптық өзегі қазақ қоғамының бойына өлшеуге келмейтіні рас. Онда қай жағынан ортақ?

«Федраның» бойындағы кері қайшылықтарға толы қалаулардың майданы ортақ. Әйел ретінде Федра өте терең, сан қырлы. Әйел адамына тән – тоғыз қалаудың, яғни тоғыз нәпсінің қасиеті түгел көрінген. Көрермен «Федраға  өзі не керек?» деп ойлануы да мүмкін. Ипполит пе? Байлық па? Тақ па? Әлде, ұлдарының таққа отыруы ма? Федрада байлық та бар, тақ та бар. Таққа отырар ұлдары да бар. Абырой мен сәулетті сарайы бар. Оның аузына режиссер  дүние мен махаббатты керек те қылмаған сөздерді салады. Бірақ, оған Ипполит керек! Алайда, сын сағатта ол да дұшпан. «Федраның» образы Ж.Расиннің шығармасында толыққанды ашылған деп айтуға болады. Осы шығарманың желісі бойынша сахналаған Д.Жұмабайдың қойылымы да өтімді. Ж.Расин пьессаға Сенекадағы топырлаған сарай адамдарын қоспауды жөн көреді. Оның Федрасында бүкіл дүние уысында жатса да дүниеге тойынбаған, барлық қалауы орындалса да өзіне не керегін түсінбейтін сандырақ әйелдің образы жақсы ашылған.  Шындап келгенде, әйелдің тоқсан түрлі нәпсісінің барлығы орындалса да, ол өз қалауларының шегіне жетпек емес.

Қош, Дина Жұмабайдың сахнасындағы «Федра» қандай?

 Д.Жұмабай да Федраның махаббатынан гөрі, әйелдің ішкі әлемін айқара ашуға бекінген сияқты. «Тотынамада» мынадай хикая бар. Піл үстінде кетіп бара жатқан бір әйел сан тараулы қиқаланған матаның әр ұшын түйіндеп, түйіп отырады. Бір жолаушы кезігіп «не істеп отырсың» деп сұрайды. «Мен әр айла, қулығымды асырған сайын бір түйіншек түйіп отырамын, менің айламның, қулығымның шегіне ешкім жеткен емес» деген екен. Федра – адамзатқа осы түсініксіздігімен қызық образ. Оның айласында, табан астындағы құбылуында шек жоқ. Оған біресе, ұлдарының таққа отырып, ел басқаруы маңызды. Біресе, Тесейдің ажалы да – шыбын өлгендей. Біресе, ол үшін өмірде түк қызық жоқ. Біресе, ол Ипполитті өлімге қиюға да әзір. Осы ауанды Д.Жұмабай сахнада ұстап тұра алады һәм төрт бірдей кейіпкерді кезек-кезек ойната алады. Қызметкері Энона мен Федра бірігіп, шайтан мен періште алысып жатқандай, Тесей мен Ипполит бірігіп кетіп, әлсіздік пен күштілік алысып жатқандай. Сахна қан майданға айналып, сел көшкендей суға бөкті. Қарала көлеңкеде екі түс бар – ақ пен қара. Екі кейіпкер де қара киімде шығып, артынан шешініп тастағаны – ішкі әлемнің айқара ашылуына зор метафора. Ортада тұрған үстелдің де қызметі зор, ол біресе көпір, біресе патшаның тағы, біресе патша отырар дастархан, кейде Ипполит пен Федраның ортасындағы қашықтық сияқты. Пластикалық харизмаға ие Олжас Жақыпбектің сөзінен гөрі іс қимылдары көбірек аңғалдықты, асаулықты сезіндірді. Режиссер Федраның жан құбылысына акцент түсіргені болар, Олжас Жақыпбек қанша жұлқынып, ышқынып (зырылдауық теуіп, самбо атып, теннис добын шашып, сыбызғыда ойнап, тауықпен көз атысса да) жатқанымен қайғысына сендіре алмады,  образы солғындау, сөйлеуінде сезіну кемшін. Алайда, осыған қарамастан біртұтас командалық ойынның тандемін байқадық.


Психологиялық ауанды музыка мен пластикаға сіңіру, ауыр аураны ұстай білу – көрерменнің бір жарым сағат тапжылмай отыруына зор ықпал. Оқиғалардың десек өтірік, сезімдердің жылдам ауысуы – драматургиялық ширығысты күшейтеді. Федраның жан дертін ашу үшін таңдалған әуен де үйлескен. Сондықтан да, А.Бермұхамедованың табиғи суық жанары, өктемшілдеу тегеурінді дауысы – «Федраның» трагедиялық табиғатына сай.  

Ендігәрі, «бұл тақырып қазақ қоғамында қаншалықты актуальді тақырып?» деуден гөрі, «Федраны» әйелтану дәрісі, болмаса нәпсітану сабағы десек артық етпес. Үлкен кітаптарда әйелде тоғыз нәпсі бар делінген. Олардың бәрі бірден атылып шыққанда, ешбір жан баласы ұстай алмайды екен. Олардың бәрі, тегінде, әйелдің ішкі көңіл түкпірінде жасырынып жатады. Ол қай уақытта бетке шығады? Нәпсісі қатты қысылғанда, не болмаса барлық қалауы орындалғанда.  «Әйел азса – елдің азғаны». Түсінген әйел нәпсісіне тоқтау салады, тоқтау сала алмаса ше? Шариғатта былай айтылады: «Әйел егер өзінің нәпсісіне тоқтау салса, аспан мен жердің құбылыстарына араласа алады». Яғни, жаңбыр қоя қой, күн шақырайма, қар жаума десе – әйелді түгел жаратылыс тыңдай бастайды екен. Өйткені, тажалды – тоғыз нәпсіні ауыздықтау қай әйелдің қолынан келіпті?! Рас, әйелге бас болу – біздің қоғамдағы актуальді тақырып. Бірақ, әйелдің қулығын танып білу тағы мүмкін емес. Федра «маған құдайлардың қарғысы жауды» деп қайталай береді. Ол қарғыс, тегінде, Тесейге жауып отыр. Өйткені, бір әйелге бас болсаңыз – бір елге бас болуға болады.

 

Д.Жұмабайдың «Федрасы» екіұшты күйде қабылданғаны рас. Өнер ретінде эстетикалық әсері күшті болғанымен, идеясымен жат көрінді. Қалай тұжырым жасауға театральдарға дейін мүдіріп қалған секілді. «Федрада» нәпсінің таласы, қалаулардың майданы, құдайдан басқаға көңіл тоқтатпайтын адамның табиғаты баяндалған дер едік. Ішіңізде дәл осылай алжасқан екі күштің айқасып жатқаны шындық қой. Адалдық қашанда өзін құрбандыққа тігеді. Жан Расин өз «Федрасында» әке мен баланы беттестіреді. Қаһарлы Тесей патша «әйеліме қол салғаның рас па?», – деп сұрайды ұлынан. Бірақ, Ипполит өзін ақтауға тырыспайды, ол – жаланың құрбаны. «Ақталғанда не дермін, ақталуым арқылы шешеме күйе жағам ғой, әкем менің алдымда төменшіктеп, ұяттан басын көтере алмас», – деп өгей анасының күнәсін  көтере салады. Ал, ар талабы Федраның өзін бәрібір жұтып тынды.

Құдай алмаған жанды өзі тапсырды. Өнердің тақырыбы – адамның тағдырына өлшем емес, үлгі емес. Өнер – насихаттауға, үгіттеуге тырыспайды, керісінше, халдің күйін анықтауға күш салады. «Хал» мен «қал» екі бөлек – іш пен сырт. Қазақ «біртүрлі болып қалдым» деп сан түрлі халдің күйін бір сөзге жыға салады,  сол «біртүрлінің» расшифрофкасын «Федра» ашып берер еді.  Өйткені, халдің күйін ашу – әдепке салғанда, қазақ үшін тіпті ұят. Ал, сыни (цинизм) мәдениетке үйренбеген бойымыз – Федрадай құбылған іштің күйін бейнелесе, бажырайтып көрсетсе, әшкерелесе, бізге бұл жақпайтыны рас. Бізге неге тақырыптарды талқылау жағады, бізге неге өзгені соттау, өзгенің өмірін талқылау жағады? Д.Жұмабай, әсілінде, «Федраны» ойнатқан жоқ, адам рухының айқасын ашықтады. М.Цветаеваның «Федрасын» сахналаған орыс режиссері Роман Виктюк сахнада 20-ға жуық актерлерді аңыратып, сабылтып қойды. Ал, Д.Жұмабай екі актермен бүкіл шығарманың концепциясын, құрылымын бұзбай шеберлікпен алып шықты. Динада классикаға деген алабөтен эстетикалық сезініс бар. Музыкамен гармонияға түскен актерлердің ойынын ым-ишара, пластикалық әрекеттермен де сөйлетеді. Көрерменге тақырып қажет емес, қаралы күнәнің өзінен әдемілікті көріп қояды, тәтті мезеттердің картинасын қимай қалады, ақыл мен сезімі ымыра таппас екіұдай сезімге түседі. «Қойылымның өзі жақсы, бірақ тақырыбы дұрыс емес»  дегізеді. Дина қайсыбір кейіпкерді болсын өз әлеміндегі көркемдікпен үндестіріп алып шыға алатынын дәлелдеді. Оның «Войцек», «Томирис» секілді қойылымдары тақырыптық рамкаларға сыймайды. Д.Жұмабай – таптаурын тар композицияларға қызмет етпейтін, санамыз үйренген кеңестік комплекстерден ада режиссер. «Федраның» көп жыл сахналық «хит» болатын өтімді қойылым екеніне сенеміз.

 

Сағадат Ордашева