Қарағанды төрінде облыс әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлының 75 жыл мерейтойына арналған «РУҺТЫҢ ШАЛҚУЫ» атты поэтикалық кеш өтті.
Бүгінгі белесіне үлкен шығармашылық табыспен жеткен арда ақынның отты жыры оқырманның сырласына айналғанын рухани кешке жиналған зиялы қауым тебірене жеткізді.
Әдеби кеш басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. Онда: «Сіз жеткен бұл белеске берісі Арқа, әрісі күллі Алаш жұрты сүйсіне қарап тұр. Өйкені Сіз қасиетті Алаш арыстарын дүниеге әкелген Ақтоғай топырағында туып, жастайыңыздан өлең-жырмен қанаттанып, Абай, Мағжан, Қасым, Ілияс, Мұқағалиларды үлгі тұтып, тұтас қазақ халқының тұғырлы азаматына айналдыңыз. Өзіңіз үнемі айтып жүретіндей, азаматтықты бәрінен биік қойып, қазақ өлеңіне ешкімге ұқсамайтын өзгеше өрнек салдыңыз. Жырларыңыздағы буырқанып жатқан алапат ұлттық рух сол асқақ қалпыңызда поэзияның шыңына алып шықты. Ел «Өнер ордасы» деп Алматыға қоныс аударып жатқанда, Сіз Қарағандыдан табан аудармай, осы жерде үлкен әдеби орта қалыптастырдыңыз. Адамзат баласына Ұлттың атынан сөз айту үшін Алматыда тұрудың шарт еместігін дәлелдеген қайсар рухты айбынды ақын» делінген.
Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атынан құттықтау хаттары да оқылды. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың атынан сый-сыяпат жасады.
Одан бөлек Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау жеделхаттары табысталды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өз кезегінде мерейтой иесінің ел мәдениетінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді.
«Сіз – көрнекті ақынсыз, құрметті азаматсыз. Дарыныңызбен қазақ әдебиетіне зор үлес қосып келесіз. Сіздің шығармаларыңыз жастайыңыздан жоғары бағаланып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Сарыарқаның дарынды ақындарын бір арнаға біріктіру жас жазушыларға үлгі болды», деді облыс әкімі.
Рухани кешке Ұлықбек Есдәулет, Жүрсін Ерман, Ханбибі Есенқарақызы, Ақұштап Бақтыгереева, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Жабал Ерғалиұлы сынды зиялы қауым қатысты. Сахнада ақынның лирикалық сөзіне жазылған «Сарыарқам менің», «Қарқаралы», «Балқантау аққулар мекені», «Шайтанкөл», «Қарағанды вальсі», «Үш тауым-ай», «Өмір деген – Күнді айналу», «Есіл мен Нұра» әндері шырқалды. Сондай-ақ Қарағанды гуманитарлық колледжінің хоры «Мәңгілік ел» әнін нақышына келтіре орындады. С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов Серік Ақсұңқарұлының «Руһтың шалқуы» өлеңін оқыса, қаламдас інісі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Мирас Асан кеш иесіне арнауын жеткізді. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Жақып Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің атынан жылы лебіздерін жеткізіп, Қазақстанның құрметті жазушысы төсбелгісімен марапаттады.